Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Жаз өмірі – жыр-дастан, жансерігі – домбыраны өзіне сырлас еткен дәстүрлі әнші Айгүл Қосанованың табиғат берген күміскөмей әншілігіне, қоңыраудай сыңғырлаған дауысына, мөлдір бұлақтай үніне сүйсінбейтін қазақ жоқ.  Дәстүрлі әндер мен термені нақышына келтіріп орындайтын, эстрадалық әндерді де шебер шырқайтын әнші Айгүл бала кезінен ән айтты. Оған әншілік қасиет анасынан берілген екен. Отбасында Айгүл жетінші перзент көрінеді. Анасының айтуынша, Айгүл ешкімге салмақ салмай, оқуын жақсы оқып, жоғары оқу орнына да өз күшімен түсіпті. Бүгін Айгүлдің өзі де үш баланың анасы. Айша, Тұрлан, Айнамкөз атты ұл-қыздары өсіп келеді.
Айгүл Қосанова – ең алғаш қалың жұртшылыққа дәстүрлі әнші болып танылды. Әншінің өзі айтқандай ол дәстүрлі әнші болып қала бермек. Өнерде Айгүлдің бағын ашқан Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші даусы» мен Мұхиттың «Айнамкөзі». Маңғыстауда туып, Алматыда жұлдызы жанған әншінің дәстүрлі әндерінен өзге, эстрадалық әндері де көрерменнен қолдау тапты. Әнші өзінің басқа қырын сынап көру үшін де эстрадалық әндерді орындағанын айтады.
   Айгүл Қосанова – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, мәдениет саласындағы ҚР Президенттік шәкіртақы иесі, Астана қалалық әкімшілігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының солисті. Ол әрқашан ізденісте жүреді. Бала кезінен әнші болуды армандаған Айгүл Мақпал Жүнісоваға еліктеген екен. Мектепте ашылған үйірмелерге, конкурстарға қатысып жүргенде Наурыз мейрамында қолына домбыра алып, Мақпал Жүнісованың «Тықылдаған таяқтан қорқам» әнін орындап шығыпты. Бұл оның алғашқы үлкен сахнаға шығуы еді.
         Дәстүрлі әншілердің ән айту мақамы әр түрлі. Бұл қасиет әркімнің туған өлкесінің ерекшелігіне, табиғи болмысына байланысты. Яғни, ата-баба қанымен, ана сүтімен даритын қасиет. Айгүл де оқуға түсерде таза Маңғыстау мақамымен өлеңдетіп ән айтып беріпті. «Кез-келген дәстүрлі әнші өз мектебінің шеңберінде қалып қоймай, әртүрлі мектеп мақамында ән орындай алуы керек. Басқа мақамдағы мектептің әндерін зерттеп, салыстырмалы түрде зерделеп отыруы тиіс. Соның нәтижесінде, өзіңнің орындау шеберлігіңді шыңдап отырасың» дейді Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова. Жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген, қара домбыраны жанына серік еткен, қазақ өнеріне өмірін арнаған әнші Республикалық «Сарайшық» журналына сұхбат берген болатын. 
-    Бүгінде есіміңіз Қазақстанға ғана емес, шетелге де әйгілі, қазақтың қара домбырасын жаныңызға серік еткен дәстүрлі әншілердің бірі ғана емес, бірегейі де атандыңыз. Өнерді сүйетін, қадір тұтатын жас буынның арасынан Сіздің ән-мұраңызды болашаққа алып баратын шәкірттер тәрбиеледіңіз бе? Кімдерді атар едіңіз?
-    Мен 1996 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны тәмамдағаннан кейін, сол жылдан бастап эстрада және цирк колледжінде Ғарифолла Құрманғалиевтің класынан сабақ беруге кірістім. Жас кезім, 21 жастамын, сол кезде мен ұстаз болғым келмеді. Сахнада жүріп, гастрольге барып, әртістік өмірді көрейін деп ойладым. Жаспын ғой әлі, мұғалім болу ерте шығар дедім. Бірақ, дәл сол уақытта дәстүрлі ән өнерінде біздің алтын қазығымыз, ұстазымыз Қайрат Байбосынов ағамыз  мені шақырып алып: «Сен Ғарекеңнің класынан сабақ берсең, ұстаз болсаң» деп ағалық ақылын айтты, жол сілтеді. Әрі Ғарекеңнің класынан мұғалім жоқ еді. Сол Қайрат ағамыздың айтқан ақыл-кеңесімен, сілтеген жолымен әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп келемін. Осы уақыттың ішінде оқытқан шәкірттерім әрбір облыс орталықтарында, музыка колледждерінде өздері шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаздар. Мен бүгінде «немере» шәкірттерімді оқытып жатырмын, яғни, өз шәкірттерімнің шәкіртін оқытудамын. Осы тұрғыдан алғанда, бәрін атап айтуға сан жете қоймас (күліп алды). Дегенмен, Батыс Қазақстанның әншілік мектебіне байланысты айтайын, әр облыс орталығында, яғни, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал қалаларында менен дәріс алған шәкірттер қазір өздері ұстаз атанып, шәкірт тәрбиелеуде. 
-    Біз қазір дәстүрлі әннің жоқтаушылары азайып тұрған заманда өмір сүрудеміз. Сіздің ойыңызша, соңғы уақытта жастар домбыраға, дәстүрлі әнге көп бұрылады ма, әлде эстрада жанрын артық көре ме?
-    Бұл сұрақ маған үнемі қойылады. Дәстүрлі әнге жастар келіп жатқан жоқ деп айтып, мүлдем қара бұлтты төндіре беруге болмас. Бұрын біздер оқыған кезде дәстүрлі әнге берілетін орындар аз еді. Оқуға түсуші балаларды аз қабылдайтын. Қазір аталған көрсеткіш көбейді. Дәстүрлі әнге жастардың қызығушылығы жаман емес деп айтуға болады. Сондықтан, дәстүрлі әнге келеді, келіп жатыр. Қазақ халқы жер бетінде бар кезде біздің дәстүрлі өнерге деген жастардың құлшынысы, жастардың сұранысы толастамайды деп ойлаймын. 
-    Өнерді алып жүру әйел затына оңай емес. Осы тұрғыдан алғанда, жұбайыңыз Сізді түсініп, қолдау көрсетеді ме? Өз балаларыңыздың ұлттық өнерге деген көзқарасы қандай?
-    Жұбайым егер мені түсініп, қолдамаса, осы уақыттар ішінде мен өстіп сахнаға шықпас едім. Мен жұбайыммен 24 жыл бойы бірге өмір сүріп жатырмын, Алла бұйыртса, әлі де талай асулардан бірге асамыз. Бұл дегеніңіз менің жолдасымның менің өнеріме деген үлкен құрметі, қолдауы деп түсінемін. Балаларым да дәстүрлі өнерді қолдайды. Үлкен қызым да өнерден қашық емес, Т. Жүргенов атындағы өнер Академиясының режиссура курсын тәмамдады. Ол да өнер саласында қызмет ететін біздің еліміздің жас маманы деуімізге болады.
-    Маңғыстау – киелі өлке. 362 әулиенің табанының ізі қалған қасиетті жердің қызысыз. Адам бойында болатын тылсым қасиет, кие, әруақ қонатынына сенесіз бе? Өзіңіз осындай жағдайларға куә болдыңыз ба? Сіз қадірлейтін киелі әруақ иелері кімдер? Қазіргі замандастарымыздың ішінде ондай адамдар табыла ма?
-    Адам бойында болатын тылсым қасиет, кие, әруақ қонатынына сенемін. Бұл тылсым дүние деген біздің өмір сүрген кезеңімізге дейін, одан кейін де бола беретін нәрсе сияқты. Қасиет, кие, әруақ деген нәрсені жоққа шығаруға мүлде болмайды. Жалпы қазақ халқы әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге көбірек мән беретін халықтың қатарындамыз. Оның үстіне, мен, өзіңіз айтпақшы, 362 киелі әулие қоныс тепкен Маңғыстау топырағының перзенті болғандықтан, мен ондай мәселелерге сенбей, көзімді жұмып, «жоқ» деп айтуым мүмкін емес. Қалай болғанда да, мен бала кезімнен соны көріп, бойыма сіңіріп өскендіктен, мен үшін әруақ, тылсым дүние, тылсым қасиет деген адамның көзіне көрінбейтін, қолына ұсталмайтын дүниелердің бар екені ақиқат. Алланың да бар екені, оған ешкімнің де серік бола алмайтыны ақиқат. Тылсым дүниенің біз білмейтін қыры мен сыры өмірде кездесіп жататынын айта аламын. Дәл өзімнің жеке басымда әруақпен тілдесу не болмаса, басқа да қасиеттерге мен куәгер болғаным жоқ. Қазіргі заманда ел, халық ішінде болатын шығар, болмайды деп айта алмаймыз. Сондықтан, аталған киелі қасиеттер қазірде де замандастар бойынан табылатын шығар, бар шығар деп ойлаймын.
-    Өнерге түбегейлі бет бұруыңыз неден басталды? «Менің пірім - Сүйінбай» дейді ғой Жамбыл бабамыз. Сіздің өнердегі піріңіз кім?
-    Жамбыл атамыз «Менің пірім- Сүйінбай» деп бас иіп өткен өзінің ұстазына. Менің өміріме, менің өнеріме жақсы із қалдырған, маған жол сілтеп, ақыл айтқан ұстаздарымның барлығын мен өзіме пір санаймын. Сол үлкендердің ақылынсыз, сол кісілердің кеңесінсіз біз қалай болғанда да жетістіктерге жете алмаймыз. Менің өмірімдегі әрбір ұстазға, әрбір ақылшыға мен шексіз алғысымды білдіремін. Олардың менің өмірімде алатын орындары ерекше.
-    Шетелге шыққан сапарларыңыздан есте қалған оқиғаны әңгімелеп берсеңіз?
-    Шетелге барған кездерде есте қаларлықтай керемет оқиғалар болмаған сияқты. Әрбір концерт, әрбір гастрольдік сапар, әрбір сахнаға шығу үлкен жауапкершілікпен жүзеге асатын болғаннан кейін қандайма бір ерсі қылықтар немесе басқа да оғаш оқиғалар орын алғаны есімде жоқ.  Тек Түркияда болған, есімде қатты қалған сәтті айтайын. «Сазген» саз ансамблінің сүйемелдеуімен халық әні «Ахау, керім» әнін орындағаным. Қазақстанның мәдениет күндері Түркияда өтіп жатқан. Бір күнге үш концерт қойыпты. Стамбул үлкен қала ғой. Бір жерден екінші жерге бару үшін біраз уақыт өтеді. Біз уақыттан ұтылып жаттық. Екінші концерттен кейін киімімізді шешпестен автобуспен бір жерден екінші жерге асығып жеттік. Соның әсері шығар, сахнаға шыға салып: «Қолымда бір қамшым бар» деген әннің сөзін «Қолымда бір қамшым жоқ» деп айтып қалыппын. Сахнаның сыртына шықсам, бәрі «Айгүлдің қамшысы қайда, қамшы қайда» деп дүрлігіп жүр. Мен түк түсінбеймін, өйткені, сахнадан әнімді орындап, «уф» деп сахнаның сыртына шығып, киініп жатырмын. «Не қамшы ол? Не, қандай қамшы?» десем, «Сен жаңа «Қолымда бір қамшым жоқ» деп айттың ғой, сенің қамшыңды іздеп жүрміз» деген әріптестерімнің әзіл-шыны аралас айтқан қалжыңы есімде қатты сақталып қалды. Есіме түссе әліге дейін рахаттанып күліп аламын. Күлкілі сәттің бірі осы. Шетелге барған кезде бүтін бір халықтың өнерін көрсететін болғандықтан, үлкен жауапкершілік, үлкен сенім артылады. Оған шетел көрермендерінің үлкен ықыласын қосыңыз. Өнерді тамашалап, бағалау, өнер иесіне рахмет айту – шексіз қуаныш. Оны өзге бір нәрсемен теңеуге болмайтыны түсінікті.
-    Болашаққа жоспарыңыз қандай?
-    «Құдайды күлдіргің келсе, болашаққа жоспар құр» дегенді естігенім бар. Болашаққа жоспар құрмаймын. Бұйыртқаны болады деген ұстаныммен өмір сүремін. Әрине, «бүгін-ертең бұйыртып жатса мынаны істеймін» деген ойлар болады ғой. Бірақ, «алдағы бесжылдықта былай жасаймын» деген ұстаным менде жоқ. Оның үстіне, мынау әлемді құрсаулаған пандемияның кезінде болашаққа жоспар құру деген күлкілі сияқты. Себебі,ертеңіміздің қалай болатынынан хабарымыз болмағандықтан, күнделікті ел ішіндегі хал-ахуалдың өзгеруінен ешқандай жоспар құра алмайтынымыз өкінішті. Дегенмен, Алла өмір берсе, алдағы уақытта барлығы жақсы болып, өмір бір арнаға түссе, әлемдегі пандемия қаупі жойылса, әрине, облыс орталықтарында өзіміздің шығармашылық концерттерімізді қойып, халықпен қауышсақ деген арман-тілегіміз бар. Бұл енді болашақтың еншісінде.

Әңгімелескен: Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, 
Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, рухани-танымдық журналы

Сәуле Стаханшылқызы Жанпейісова 1966 жылы  Жамбыл облысы, Сарысу ауданы,  Маятас ауылында дүниеге келген.  
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері. Филология ғылымдарының кандидаты. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, Халық әні кафедрасының доценті, қауымдастырылған профессор. Сарысу ауданының Құрметті азаматы.

Құрманғазы аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының  мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы және Журналистердің  Тауман Амандосов атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ Журналистикасының қайраткері, Қазақстан Республикасының «Үздік өлкетанушысы», «Ерен еңбегі үшін», М.Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Дауылпаз» медальдарының, «Құрмет» орденінің иегері  Таңатар Дәрелұлының шығармашылығына арналған «Желпиді жыр самалы жетпісінде» атты поэзия кеші өтті. Аталған тағылымды мәдени шара ұлағатты өміржолы ұлығыланған ақынның «Жеткен ойы жетпістің» ( «Атырау-Ақпарат» ЖШС), «Туған елді сүйіп өс» («Үш қиян» баспасы), «Көк Туым – еншің, көк буын», « Аспан керген Азаттық»  («Арыс» баспасы)  аталатын төрт жаңа кітаптарының тұсаукесеріне де арналды.

      Қасиетті де киелі fтамекеніміз – Құрманғазы өңірі ел  бастаған ерлері, қол бастаған батырлары, ғұлама діндарлары, ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен би-шешендерімен ғана емес, ұлтымыздың мәдениеті мен өнерінде жауһар шығармаларымен айшықталған  жерлес өнер майталмандары, ақын-жазушыларымен де мақтана алады.  Күй атасы Құрманғазы, Күй анасы Дина, дәулескер домбырашы, талантты күйші Әзидолла Есқалиев, күй өнерінде екінші Дина атанған Бақыт Қарабалина, қазақ поэзиясының ақша бұлты Әбу Сәрсенбаев, мемлекетіміздің Әнұранын жазған ұлы ақын, жұмбақ ақын Жұмекен Нәжімеденов, қазақтың эстет сыншысы Зейнолла Серікқалиев, көректі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев жоғарыда айтқанымызға дәлел бола алары сөзсіз.
      Ұлт мәдениетінің көшін жалғастырушылардың бірі, елінің ардақты азаматы,  дарабоз ақыны, рухтың шаңқанбоз жүйрігі - Таңатар Дәрелұлы !!!
      Мұса Пайғамбарға түсірілген «Тәурат» - кітабында:
«Қу дүниені күйттеген пенде - құл,
Рухқа шомылған адам  - патша...»  - деп жазылған екен.
     Рухы-құс, жаны –жыр жерлес ағамыз ата-бабадан аманат болған, сақтан сарқыт салтымызды, ғұннан қалған ғұрпымызды, түркіден қалған жұртымызды, осының бәрін қазақы қазыққа байлаған еліміздің жері, ұлтымыздың тілі, тарихы, салт-дәстүрін өз шығармаларының алтын арқауы еткен. Төрт ана – жер, ана тіл, тарих, салт-дәстүрдің бүгіні мен болашағы, қасиетті тәуелсіздік туралы жүрекжарды жырлары –ұрпаққа ұлағаты мол аманат.
     Таңатар Дәрелұлы - «еліңнің ауыр жүгін көтеріп, аз қуанып, көп қиналғың келсе – ақын бол» дегендей, түпсананың сезім көзімен ерекшеленген ақын. Қоғамның қуанышы мен мұңы, жетістігі мен кемшін тұсы, өткені мен қазіргісі, болашағы туралы, қоғам дертінің  ақиқаты мен шындығы қаламынан төгілген, астарлы шығармалары айшықты. Шынайылығы - көңіл дауасындай.
       Ақынның жерлестеріне де ықыласы ерекше. Том-том арнау өлеңдері - осының куәсі. Ауданымыздың жаңа өмірге келген сәбиінен бастап, еңкейген кәрісіне дейін арналған жүрекжарды жырлары әрқайсысының өмірінде мәңгілікке бойтүзер рухани бойтұмары болып қалары шүбәсіз.
       Ақынның адами болмысын ерекшелеп тұратын қасиет - кейіпкерлерін шен-шекпеніне, тақ-тұғырына не дәулетіне қарай бөліп-жармайтындығы. Әрбірінің бойынан «теңіз түбінен суырылған маржан тастардай» ақыл-парасатын,  адалдығы мен ізгілігін, қайырымдылығын, ниетін, жомарттығын, еңбекқорлығын, аңғалдығын, мәрттігін  тізбелеп, шынайы болмыс-бейнесін жырымен өрнектеуінде.   
«Сөздің өзінде кінә жоқ, мәселе - айтушыда.
  Біреу оны мұзға аунатып жеткізеді, біреу тұзға аунатып жеткізеді.
  Енді біреу жүрегінің жылуына бөлеп жолдайды»  деген екен ақын Қадыр Мырза Әлі
       Таңатар Дәрелұлы - жиырмаға жуық  кітаптың авторы. Ағамыз жырының әрқайсысын  өз жүрегінің жылуына бөлеп жеткізетіндігінен де, оның шығармалары өміршең. Еліміздің руханият жылнамасында тарих болып таңбаланатыны сөзсіз.
      Аудандық «Серпер» газетінде ширек ғасырдан астам уақыт Бас редактор болып қызмет атқарған Таңатар Дәрелұлы, газет редакциясын өзара ынтымағы жарасқан   ұжым ретінде қалыптастыра отырып, ауданның  экономикалық-әлеуметтік дамуына, ел бірлігін дәріптеу мен нығайту арқылы сүбелі үлес қосты.
      Ақын ағаға алдымен зор денсаулық тілейміз. Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін.Алланың қалауымен, елдің бата-тілегімен, құрметімен көтерілген белесіңізден, алар асуыңыз биік болсын. Көңіл айдынында шабыттың туы тіктеле берсін. «Көңіл – бір кеннің дариясы, сөз – содан шыққан жауhар» деп Мәшhүр Жүсіп айтқандай, жауһар шығармалары көбейсін!! 
       «Әрбір ардақталған азаматтың тылы – мықты әйел». Жұбайы Зоя Қоңқашқызы - ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасының, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Тектілердің ұрпағынан екендігін «Алыстап кеткен асылдар» кітабынан тереңірек ұғындық.
      «Байлық –қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді, бақ-басқа қонған құс, ұшады да кетеді, ал бала-артыңда қалған із...»деген дана халқымыз.
      «..Ата менен анаңды құрметтесең,
       Мекке болып табылар – үйдің іші» дегендей, ата-анасының мәртебесін арттырып отырған ақынның салихалы ұрпағы бар.
      Қарашаңырақ мұрагері Таңатарұлы Нұрдәулет - кәсіби маман, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры, келіні Шакупова Айнагүл - аудандық «Серпер» газетінің 
Бас редакторы.
      Қызы Нұргүл «Aishuak» балалар орталығында логопед-дефектолог, күйеу баласы Мұратжан екеуі Алматы қаласында тұрады.
     Кенже қызы Жанаргүл - биология пәнінің мұғалімі,күйеу баласы Дәурен екеуі Атырау қаласында тұрады.
     Ұлтанды ордадан  қалған тілекшілері, «биік ұста бауырды»  деп, ардақтаған бауырлары Лима апай мен інісі Айтуғанға Алла ұзақ ғұмыр, шатты өмір нәсіп етсін.
     «Өлі жебемей, тірі байымайды»-дегендей, бойдағы бар қасиеттің ата-анасы Дәрел әкеміз бен Қанағат анамыздан дарығаны сөзсіз. «Ерте семген үш гүлім, мәңгі қаяу салып кеткен көңілге» деп ақынның өзі күрсінгендей,  Бақыт, Рита, Райса қарындастарының, «Аға -тірек» деп арқа тұтқан ағасы Айболаттың өмірден ерте кеткені ақын жүрегіне салмақ салғаны анық. Содан да шығар, кейіпкеріміздің өлеңдерін оқығанда жанарға шық, көңілге мұң тұнатыны. Негізінен алғанда, жүрегінде мұңы, көңілінде күні жоқ адамның ақын болуы да неғайбыл-ау.

      "Желпиді жыр самалы жетпісінде" деген тақырыппен өткен поэзия мейрамына алыс-жақыннан қаламгерлер жиналды. Аудан әкімі Абат Жанғалиев кешті ашып, ақынға Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаты Әділ Жұбанов Астанадан арнайы ат басын бұрып келгенін айтып, ақынға ақжарылғап тілегін арнады. Атырау қаласынан келген "Атырау-Ақпарат" ЖШС-нің бір топ журналистері ақынды құттықтай отырып, үлкен-кішіге өнеге болатындай сөздер айтты. Қаламгер інісі, ақын Нұрым Ерғалиев, Айбек Қалмағамбетов, Республикалық "Сарайшық" журналының Бас редакторы Гүлзада Ниетқалиевалар өлең арнап, руханиятқа шөлдеген оқырмандардың шөлін қандырды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Исатай Балмағамбетов, Атырау облыстық "Бас редакторлар клубының " төрағасы, Индер аудандық "Дендер" газетінің Бас редакторы Жанай Амантурлин, облыстық "Атырау" қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Назарбек Қосшиев, Қызылқоға аудандық "Қызылқоға" газетінің Бас редакторы Бауыржан Сейсеновтер қазақ поэзиясындағы Таңатар Дәрелов поэзиясының биігі туралы жеріне жеткізе айтты.

Сағыпазова Зерек Көбесқызы, 
Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Құрманғазы ауданының «Өренді өлкетанушы» клубының мүшесі                                

     

   

     

1 ішінен 2 беті