Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Қазақстанның Еңбек Ері Илья ЖАҚАНОВ: "ҚҰЛСАРЫ"

Екі мың екінші жыл. Шілденің басталған сәті.


Мен тағы да  Алматыға  жол тарттым. Өзім үйренген «Атырау-Алматы» поезі. Бұл поезда  Атыраудың өзінен шығатын  екі жақсы вагон бар. Жиырма бірінші, жиырма екінші. Мен  жиырма бірінші вагонда келе жаттым. Астынғы орындағы менің көршім – қартайған, әлжуаз науқас қария. Жүзі сондай жылы, мейірімді, адамға деген ықыласын шүңірейген  көзінің  күлімсіреген әлсіз сәулесімен ғана білдіреді. Көп сөйлемейді. «Сарыағаш курортына барып емделемін» деді.  Одан әрі ештеме демеді. Өзі  сахарға салған сүйектей боп-боз. Кезінде  сымбатты, сыпа, сәулетті-ақ кісі болған. Әлпеті солай. Сөйлесе  екі иінінен зорға дем алып, ентігеді. Ауық-ауық көк шай ішкізем. Соған  әжептеуір рахаттанып, ұзын,  салалы саусақтарымен ішін сылап, шайдың жаққанына сүйініп, рахаттанып қалады. Бауыры, ішқұрылысында  дерт бар  екен.
Үстіңгі екі орында  екі жігіт. Екеуі  сондай әдепті. Сыпайы. Иманжүзді. Өзді-өзі  әр нәрсені әңгімелеп, күлісіп қояды.
Болат есімді толық қараторы жігіт: -Ал, Сәкен сері,  сонымен не болды өзі, Құлсарыға қайта келетін болдың ба?-деп мырс етті.
-Оған шүбәңіз болмасын, -деді Сәкен.
-Солай де. Кең байтақ Сарыарқаңнан бір сұлуды таба алмай Құлсарыдан таптым де.
-Не десең де солай енді…
-Кең Жылой елінің күйеуімін де.  Құлсарының  ескілікті  әңгімені көп айтатын қариялары  ертеде осы төңіректегі  құмдарда ойнақ салған Құралайлардың сұлулығына таңдай қағып, ертегінің  хикаясындай тамсандырып,  көп сөз айтушы еді. Оларды бүгінде  мұнайшы-буровиктердің  ардагері деп, құрметтейді. Сенің Гауһарыңды сол  алтын құмның ішінен табылған  нағыз құралайкөз арудың дәл өзі десе дегендей-ақ екен. Шын жүректен құттықтаймын. Бірақ, Құлсарыға қалам дегеніңді  қоштай қоймаймын. Құлсарының қызын алдың. Сонда тұрып қалдың дейік. Жұрт сонда  сені не дейді, а, Болат? Күшік күйеу дей ме? Гауһар секілді  сұлулар менің  Жетісуымда да жетіп артылады. Мен солардың біріне кезігермін. Дәмем солай. Ал, сен … 
Сәкен бірдеме деп уәж айтудың орнына  «Ха-ха-ха!» деп күліп жіберді.
Мені мына екі жігіттің әңгімесі  таң-тамаша етіп, Атырау жерінде  жиі шырқалатын бір кербез  әндерді  еске салды. Құштар сезіммен айтылатын  сол әндердің бірінде:
Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
Жылойдың таңғаларсың қызын көрсең.
Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың,
Сәуленің судан қайтқан ізін көрсең,- дейтін әйгілі әні поезд тербеген жанымды  жібек самалдай аймалады. Бала кезімнен  ұмсына қызығатын әнім еді. Оны  Батыстың әншілері керілте әуелеткенде  өзің бейнебір жер мен көктің арасында қалқып жүргендей боласың. Мен  ежелгі ескі әннің  тарихын ойладым. Бұл әнді  кейде «Бәстөктің» әні дейді. «Бәстөк» – орыстың  «Пастух» деген сөзі. Соноу бір ерте замандарда  орыс патшалығы Еділ мен Жайықты  иемденіп, бейкүнә жұрт өз жеріне, өз суына  зар боп қалған-ды. Жайықтың  нулы жағасына  орыс байлары мықтап тұрып орнықты. Олар байырғы жұртты ықылым замандық атамекенінен ығыстырып, Жайық жағасына жолатпай, қыруар мал өсірді. Ол малды  қазақ кедейлеріне  баққызды. Ел ол сорлыларды  «Бәстөк» деп атап кетті. Жеті атасы жарымаған келімсектер осы жерде көл-көсір байлыққа ие болды. Орыстың сондай бір байы – Федот Дудаков еді. Байлығы асып-тасқан сол Дудаков Гурьевтегі  шіркеуді салдырды. Шіркеудің тасын  Астраханьнан, ағашын салмен ағызып, Орал жағынан алдырды. Қазақтар бұл шіркеуді  «Ақшіркеу» деп атады. Ол қозы көш жерден жарқырап көрінеді. Федоттың  жер қайысқан малы Оралға дейін өріс  жайды. Маған ескі тарихтың осы  көмескі, күңгірт көріністері де   елестеді. «Жылойдың көркем қызына ғашық боп, оны  әнге қосқан қай жігіт дүрі екен?»  деп ойға кеттім.
Екі жігіт әлденеге тағы күлісіп алды.
Болат: - Әлбетте, Құлсары  тұрмыс құрып, тіршілік етуге оңтайлы жер, -деді.
Сәкен оның сөзін іліп алып: - Қарағанды да  өндірісті жер. Онда  көмір, темір, мыс… бар. Бірақ,  көмір шахтыларының көбі тоқтап тұр. Жұмысқа орналасу қиын. Ал, Құлсарыда жағдай мүлде басқаша. Мұнай! Қара алтын! Атырауды  үшінші Астана дегізіп отырған ұшы-қиыры жоқ байлық бір. Сен екеуіміз Құлсарыда  жақсы жұмыс істедік. Қалтамыз қалың. Елге де жиі-жиі барып  тұрдық. Міне, тағы да келе жатырмыз. Осы бір кезеңде Қазақстанның қай жерінде жұмыс бар, сол жер – Мысыр шаһары, Болат мырза! –деді. 
– Түсінікті. Сен енді  Құлсарыдан қозғалмайтын болдың.  Гауһар үшін… қос бұрымы жер сызған Гауһар үшін! Гауһар – ақылды қыз. Ол – саған иіп бере салған тәңір сыйы, Сәкен сері! 
Сәкен үндемеді. 
Екі жайсаң жігіттің мына сөзі жүрегіме  ып- ыстық қан толтырып, өзімнің жалындаған жастық шағым жалт-жұлт етіп, әлі де болса  суына қоймаған нұрлы сезім қуаты  тебіренте тербегенін сезе қойдым. Көз алдымда  қолаң шашы төгілген уыз ару тұрды, миығынан ғана күлімсіреп. Даланың Мона Лизасы! Джаконда! Ал, жүрек пернесі…  жүрек пернесі:
Жемнің бойы- Кең Жылой саласында, 
Бір сұлу бар Құлсары қаласында, -деген жолдарды дызылдата бастады.
Ә дегеннен ойнақы  көтерілетін  жарқын әуездің қызуы лап ете түсіп, жанымды  жалын боп желпіді. Бір шешен домбыраны Арқа әншілерінің ерке назды шертісімен былқылдатып, тәтті сезім жан-жүйемді  аялап,  шымырлата балқытып, шуақты қиялға  ене бердім. Осы кезде Болат: - Ал, Сәкен сері, осы сапар  еліңде қанша уақыт боласың?- деді. 
Сәкен: -Біздің қариялардың  шөп науқаны бар. Нұраның жағасын жайлап, малмен отыр. Дәл осы кезде  дала жұпар иісі аңқып, толықсып, иіп тұр. Шабындықтың дер шағы. Көкорай шалғын, көк майса. Жыландай сусылдаған шалғың болсын тек, иіре сілтейтін. Шөп шабам. Рахат жұмыс. Саф ауа. Сары қымыз. Бағлан қозының балбыраған жас еті. Ұйқыны айт, ұйқыны. Әлгіндей жұмыстан кейін Арқаның  салқын  самалын жұтып, аспанда қалқыған алтын Айға, жымың қаққан жұлдыздарға қарап арман құшағында жатудың өзі… о,  оған не жетеді. Үйдің отын – суы бар, соны  дайындап, қора-қопсыларын жөндеймін. Жалғызілікті боп жүрген Сәбит ініме көмектесемін. Тұрған үйлері де ескілеу еді, оны да дұрыстау керек, -деп, соңғы сөзінде күмілжи тоқтады.
Болат: - Е-еһе, Сәкен сері, солайы  солай ғой,  бірақ, сенің көкейің басқада, -деді, өтірік есінегендей боп, -иә, иә, бар күшіңді  үйіңе сал, досым.  Ертең  Құлсарыдан келген  құдалардың көзіне қораш көрінбесін. Гауһарыңның жүзі жарқын болсын. Көрмейсің бе, осыдан аз ғана жыл бұрын құйын кезген Құлсары  бүгінде  адам танымастай боп өзгерді. Біз екеуіміз келгенде  сор балшыққа белшесінен  батқан базардың  төңірегі, Қосшағыл, Тенгизге қарай шығатын көше көз алдымызда сәулеттеніп, сәні кірді. Көшелердің бәріне  асфальт төселді. Жарқыраған жарығын айт. Және Құлсарылықтардың  коттедж салған қарқынын қара! Ел байиын деді. Гауһарың сондай коттедждің біреуінде тұрады. Байдың қызы.Бүгінде «бай» деген сөзді айтуға да үйреніп қаппыз. Ертеде бір жақсылық хабарды айтқан бала  сүйінші сұрағанда үлкендер «саған байдың қызын әперем» дейді екен. Сенің кереметің – сондай байдың  көрнекті қызының жүрегін оп-оңай билепсің, әбден. Жағдайың жаман емес. Біз әлі  амандық болса, джиппен сылаңдап жүргеніңді де көрерміз.
Сәкен жайымен ғана: - Тағы не айтасың? –деп  оқыс күлді.
Шалқасынан жатқан Болат екі тізесін шапақтап: - Әлі талай сөз бар… Біздің Матай мен Бөрлітөбе жағы  тек малмен ғана күнелтеді. Шүкір, мал басы көбейіп келеді. Ел қалай тұрмыс құрып, қалай өмір сүрудің мәнін түсінді.  Мен қарттарымның қамымен елде қалатын шығармын.  Солай, Сәкен сері.  Бақыттысың,  досым. Гауһарың ұнайды,  маған,-деді.
- Е-ей, не деп барасың өзің? Соңғы сөзіңді қайталашы, а?
Болат жауап берудің орнына үн-түнсіз  еппен сырғып жерге түсе берді де: - Өзің  қызғаншақ та екенсің ғой. Гауһардай періштені  қызғыштай қоруға болады, -деді, кеңкілдеп.
Аққұба жүзінде дуылдаған қызыл нұр ойнаған сәулетті  Сәкен  әзіл-қалжыңға да  ілкімді  жігіт екен. Ол  Болатты кәдімгідей састырып: -Үндемей жүріп менің Гауһарыма  көз қиығын салғанын қара, мұның. Вот жымысқы Найман! Менің Бекежаным! Қане,  алдыма түс, баста ресторанға! Әйтпесе, компромис болмайды. Тамбурдан лақтырып жіберем!-деп, кәдімгідей дікілдеп, Болатты түртпектеп, коридорға алып шықты.
Сөйтті де екеуі  ресторанға кетті. 
Мен де еріксіз мырс еттім. Орнымнан тұрдым да коридорға  шығып, әрі-бері жүріп, бой жаздым. Терезеден сағым құбылтқан көкжасыл далаға қарап, мына екі жігіттің жарастықты  сөздеріне  іштей тамылжып, қызықтым да тұрдым. Бір кезде әлгі бір сәтте:
Жемнің бойы - Кең Жылой  саласында,
Бір сұлу бар Құлсары қаласында, құрбым-ай,- деп жалт ете түскен екі  жол еркелеген шуақты ырғақпен  сол әуезін бұзбай, қаз қалпында қайталанып:
Екі көзім төрт болып елегзимін,
Сарыарқаның жазира даласында, құрбым-ай, -деп емін-еркін  жалғады да жіберді.
Осы шумақты әп-сәтте бірнеше рет қайталап үлгердім. Ә, бұл өзіме үйреншікті  нағыз шабытты шақ. Музыкальный момент! Кейіпкерім – Сарыарқаның жігіті  Сәкен сері болса, оның ғашығы  Гауһар – Құлсарының  перизаты. Екеуінің жұлдызы Құлсарыда жарасыпты. Тағдырдың бұйрығы. Мен  екі жігітті мәз қылған Гауһарға сырттай ынтықтым. Оның  мөлдіреген  кейпі көз алдымда  қиялды қозғап, жайнады да тұрды.Елестеттім. Ақмаралдай керілген зипа бойында бір мін жоқ-ау, бір мін жоқ. Аққудың көгілдіріндей бір сирек жаратылған  періште бітім. Сұқтандырып, іштей тындырып, тіл байлап, көз жауын алады. Іштей үздіктіреді. Сол сұлу көрікке  ерекше сән берген қос  бұрымы құмарлық отын маздатты. Есіме мына бір оқиға түсті: бағы заманда  атақты Ақназар хан елдің басын құраймын, деп соноу Созақ даласынан  осы  өңірге  келгенде Жайық бойында ұлан-асыр той жасап,  көкпар тартып алдынан шыққан ел қоғадай жапырылып, Жағалбайлының  бір құралайкөз сұлуының шашынан ұстатыпты. Жас иіс, жас жар! Мына Гауһар сол  хас арулардың бүгінгі  сіңлісі ғой, сіңлісі!
Осылайша  жүрек бір  исіне толқыды дейсіз. Жүрек пернесі дамылсыз діріл қағып:
Бір перизат жібектей шашы ұзын,
Көрмеп едім дәл сондай қазақ қызын, құрбым-ай.
Қапияда үміттің отын жағып,
Құлсарының татқызды дәмі-тұзын, құрбым-ай, -деген екінші шумақты да  жөн-жөнімен үйлестіре қойды. Өз көңілімнің діттеген сөзі. Дөп бастым ба, тәңір-ау!
Мұндай сәтте  өзіңді  қоярға жер таппайсың. Көзің бөгде ешнәрсені көрмейді. Бар есіл-дертің, ықылас-пейілің  өзіне ерекше үйірген өз кейіпкеріңде. Өзіңді  тебіренткен бір  ғажайып суретте. Дәл осы сәтте әдеттегі дағдым – ұлы тыныштықты  тіледім. Ешкіммен тілдескім келмеді. Ешкім алаңдатпаса екен дедім. Бар ықыласым ғайыбынан кездескен мына  Сәкен мен  өзіме бейтаныс, сырттай қиялмен көрген Гауһарға  ауған.  Мен  Сәкен мен Гауһардың  Құлсары даласында  Жемнің бойын жағалап, алқызыл гүлі үлпілдеген қалың жыңғылдың арасында сырт көзден жасырынып, серуен құрып, бір-бірінің асықтық сөзіне сылқ-сылқ күлген  тәтті  үндерін   естігендей таң-тамаша  боп үнім шығар емес. Сол мүлгіген сәтте мен:
Күндей күлген ақ ерке  арабады көп,
Илан, досым, сөзімнің жалғаны жоқ, құрбым-ай.
Жалғыз ауыз «кел» деген лебізі үшін,
Құлсарылық болсам да арманым жоқ, құрбым-ай, - деп, Гауһарға  құлай берілген Сәкеннің сөзін айтып кеп қалдым. Бұған іштей қатты қуандым. Бұл -ән сөзінің айтар түйіні. Түйін! Мұны «концовка» дейміз.  Ол өзінің жетер жеріне жетпесе әнде ешқандай мақсат, мағына болмайды. Осының  алдындағы ән – «Доссор вальсінің» сөзі де дәл осылай  өз-өзінен  қисын тауып, қорғасындай құйылып еді.
Менің осындай сәттегі  толғанысымды байқаған жандар «осы әніңді нотаға түрте салмайсың ба?» дейтіні бар, қызыға асығып. Жоқ… менің бойымда ондай қапылған құбылыс атымен жоқ. Өзім білем оны. Сол себепті кейбір түртінектеп нотаға  шүйіліп жататын композиторлардың  жаратылысына таңғалып: «мұнысы несі? Өзінен -өзі кағылып келген музыканы адам ұмыта ма, екен?» деп бас шайқайтыным бар. Менің әндерім өз компьютерімнің ішінде. Яғни, басымда! Жүрегімде! Санамда! Көңілімнің төрінде! Ол ұмытылмайды. Ұмытылса оны  «ән» деп ойлай көрмеңіз. Солай. Ал, мені мына жолдың үстінде  тағы бір жаңа ән тербеп келеді.
Алабұрта толқыған күйі купеге кірдім. Қасымдағы қария  маған күлімсіреп қарады. Жайлап қолын созды. Мен қолынан демеп, орнынан тұрғыздым. Ұйықтап, сергіпті біраз. Сәбидей жаудыраған күйі: - Шай ішейікші, шырағым,-деді.
Мен лезде  шай әкелдім. Өрік-мейіз, қазы-қарта дегендей  бар мәзірді жайып салып, иә, ептеген қара икрамыз да бар, біз рахаттана шай іштік. Шай үстінде қария: - Жаңағы екі сері қайда? Әңгімелері қызық екен. Қандай әйбәт балалар! Бәрін естідім. Сәкен сері дегені Құлсары еліне күйеу болатын түрі бар ғой. Қызы құрғырдың бармайтын жері жоқ. Мұны біз «бұйырмыс» дейміз. Сендер «бұйрық» дейді екенсіңдер. Тура сөздің түбі бір. Бәрі – бір түсінік, бір ұғым. Біздің бұл Жылойдың қыздарына  жігіттер қызыққыш келеді. Біз де бір кезде көктегі Айға қол созған арманды  жігіт едік. Таңды таңға ұрып, қыз аулап жүргенде:
Торы айғыр тоқпақ жалды тоғайда бар,
Ақ маңдай, қиғаш қастар Ноғайда бар.
Жігіттер қызды іздеп әуре болма,
Қыздардың сұлулары Жылойда бар, - деп келетін Асанбек батырдың  әнін ат үстінде  шіреніп тұрып шырқаушы едік, - деп бір тоқтады да өз сөзіне өзі риза боп, басын изеп, сағым бұлдыраған далаға көз салып,  тұңғиық ойға берілді. Өткен күндері алыстап қалған. Соны  мына шіркіндер есіне салған сияқты.
Мен бұл әнге елең ете түсіп: -Асанбек батырдың жөнін айтыңызшы, - дедім, еріксіз ойын бөліп.
Қария ілкімді екен, кідірген жоқ: -Асанбек - Исатай батырдың немере ағасы. Ақын. Әнші. Исатай мен Махамбеттің заманында  еркін шалқып, серілік құрған жігіт сұлтаны. Текті тұқымның ерке бұланы. Хан әулетіне қарсы болған өр мінез ердің бірі. Ел сөзінен білетініміз осы. Бейіті Толыбай  қорымында деседі. Жаңағы әні  ел ішінде әлі де айтылады, -деп маған беймәлім сырдың бір ұшығын көрсеткендей болды.
Сосын тағы да  мөлдірей жымиып: -Бақтыбай әншіні естігенің бар ма? - деді.
Мен үнсіз ғана «жоқ» дегендей басымды шайқадым. Қария  сәл күбірлегендей боп: - Е,  енді есіме түсті:
Қай қату, мына қату, қара қату,
Белгісі татулықтың – бірге жату.
Айқасып сол айнашпен жатқан түні,
Болсайшы он екі айда бір таң ату. 
 Қай белес, мына белес, құба белес,
 Байлаған құмайт жерге құлын өлмес.
 Талайдың аршын төсін аймалатқан,
Өзіңнен айналайын ит жиырма бес!-дейтін  Кең Жылойдың осындай бір кербез әні бар. Ел мұны  Бақтыбайдың «Жылойы» дейді. Көрдің бе, шырағым, өмірдің әр кезеңінде өз кезінің сұлуларын ардақтаған әндері болады екен. Жылойдың сол кездегі қыздары тудырған әндер… - деп жеңіл ғана күрсініп қойды.
Қария осы әңгімелерді айтып отырып, ептеп шаршады да. Осыны сездім де: - Қисайып дем алыңыз,-дедім. 
Қария  жастығын биіктетіп, қырынан жатып: -Иә, алла, өзің жеткере гөр!-деп күбірледі. 
Сәлден соң  жайраң қағып, Сәкен мен  Болат келді. Болат менің қасыма отыра бере: -Аға,  ғафу етіңіз, біз сізді енді ғана таныдық. Қандай сәттілік, бұл. Өз қолыңыздан автограф аламыз. Оны  жақындарымызға, жора-жолдастарымызға мақтана көрсетеміз. Алматыға жеткенше өзіңізден көп хикая тыңдайтын да шығармыз. Шынымыз -өзіңіздей композиторды жүзбе-жүз бірінші рет көріп отырмыз. Бақыттымыз, аға. Ал, мына менің досым – Сәкен серінің әңгімесін, сөз жоқ, естідіңіз. Мұның жағдайы  солай боп тұр. Келін дегеніңіз жігіттің еліне түсуші еді, ал, бұл қыздың еліне…  - деп шегі қата қарқылдады-ай кеп, - Енді  біраз уақыт Нұра жағасында елегізіп, елеңдеп жүріп, бойына ас батпай Ай мен Күндей Гауһарын аңсайды деңіз. Құлсарыны сағынады. Өліп-өшіп Құлсарылық болам деп жүр.
Сәкен Болатты  көзімен атып,  амалсыз ғана  айласы құрып күлімсіреді. Менің жүрегім тағы да  өрепки лүпілдеп, әннің:
 Ей, ару қала-Құлсары,
 Сенсің көңіл аңсары!
 Ой-хой, шіркін, Құлсары!
 Арман қала – Құлсары! – деген шалқымалы қайырмасын ыстық леппен жалындата  жандырып жатты.
Мен Алматыға  осылайша «Ару қала – Құлсары» атты жаңа  әніммен келдім.
Арада екі-үш күн өткенде  біздің үйде  әнші Бағдат Сәмединова қонақта отырып, бір сөз ығыты келген сәтте осы әнді, және «Доссор вальсін», бұл екі әннің алдында шыққан «Оралдың ерке самалы» атты әнді  тыңдай қалды да, үш әннің үшеуіне де  қатты қызықты. Менен ноталарын алды.
Екі мың үшінші жылдың Наурыз мейрамында  осы әндерге  ерекше мән берген «Ембі-Мұнайгаз» бірлестігінің сол кездегі  директоры, кейін Мәжіліс депутаты болған Нұрпейіс Мақашев Бағдат Сәмединованы Атырауға арнайы шақырып, мұнайшылардың алдында  есте қаларлық тамаша концерттер бергізді. Бағдат осы әндердің бәрін жеріне жеткізе шырқады. Жастарға  ой салды.
Кейін «Ару қала – Құлсары» әніне құмартқан жас әншілер көбейді. Солардың ішінде белгілі әнші Майра Илиясованың «Қыздар-ай» тобы  бұл әнді менің Алматыда, Астанада өткен  «Еділ-Жайық» атты авторлық кешімде бабына келтіре шалқытты. 
«Ару қала – Құлсары» әні сағымдай бұлдыраған жастық шағымның  қайта бір соққан ыстық лебі секілді. Тыңдаған сайын жан-жүрегімді  тәтті сезімге бөлейді. Жас ұлғаяды. Тән тозады. Ал, жүрек… жүрек әлі де … әлі де  баяғыдай соғады.

info@rinka.com