Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Таңатар ДӘРЕЛОВ: "Желпиді жыл самалы жетпісімде..."

Құрманғазы аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының  мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы және Журналистердің  Тауман Амандосов атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ Журналистикасының қайраткері, Қазақстан Республикасының «Үздік өлкетанушысы», «Ерен еңбегі үшін», М.Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Дауылпаз» медальдарының, «Құрмет» орденінің иегері  Таңатар Дәрелұлының шығармашылығына арналған «Желпиді жыр самалы жетпісінде» атты поэзия кеші өтті. Аталған тағылымды мәдени шара ұлағатты өміржолы ұлығыланған ақынның «Жеткен ойы жетпістің» ( «Атырау-Ақпарат» ЖШС), «Туған елді сүйіп өс» («Үш қиян» баспасы), «Көк Туым – еншің, көк буын», « Аспан керген Азаттық»  («Арыс» баспасы)  аталатын төрт жаңа кітаптарының тұсаукесеріне де арналды.

      Қасиетті де киелі fтамекеніміз – Құрманғазы өңірі ел  бастаған ерлері, қол бастаған батырлары, ғұлама діндарлары, ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен би-шешендерімен ғана емес, ұлтымыздың мәдениеті мен өнерінде жауһар шығармаларымен айшықталған  жерлес өнер майталмандары, ақын-жазушыларымен де мақтана алады.  Күй атасы Құрманғазы, Күй анасы Дина, дәулескер домбырашы, талантты күйші Әзидолла Есқалиев, күй өнерінде екінші Дина атанған Бақыт Қарабалина, қазақ поэзиясының ақша бұлты Әбу Сәрсенбаев, мемлекетіміздің Әнұранын жазған ұлы ақын, жұмбақ ақын Жұмекен Нәжімеденов, қазақтың эстет сыншысы Зейнолла Серікқалиев, көректі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев жоғарыда айтқанымызға дәлел бола алары сөзсіз.
      Ұлт мәдениетінің көшін жалғастырушылардың бірі, елінің ардақты азаматы,  дарабоз ақыны, рухтың шаңқанбоз жүйрігі - Таңатар Дәрелұлы !!!
      Мұса Пайғамбарға түсірілген «Тәурат» - кітабында:
«Қу дүниені күйттеген пенде - құл,
Рухқа шомылған адам  - патша...»  - деп жазылған екен.
     Рухы-құс, жаны –жыр жерлес ағамыз ата-бабадан аманат болған, сақтан сарқыт салтымызды, ғұннан қалған ғұрпымызды, түркіден қалған жұртымызды, осының бәрін қазақы қазыққа байлаған еліміздің жері, ұлтымыздың тілі, тарихы, салт-дәстүрін өз шығармаларының алтын арқауы еткен. Төрт ана – жер, ана тіл, тарих, салт-дәстүрдің бүгіні мен болашағы, қасиетті тәуелсіздік туралы жүрекжарды жырлары –ұрпаққа ұлағаты мол аманат.
     Таңатар Дәрелұлы - «еліңнің ауыр жүгін көтеріп, аз қуанып, көп қиналғың келсе – ақын бол» дегендей, түпсананың сезім көзімен ерекшеленген ақын. Қоғамның қуанышы мен мұңы, жетістігі мен кемшін тұсы, өткені мен қазіргісі, болашағы туралы, қоғам дертінің  ақиқаты мен шындығы қаламынан төгілген, астарлы шығармалары айшықты. Шынайылығы - көңіл дауасындай.
       Ақынның жерлестеріне де ықыласы ерекше. Том-том арнау өлеңдері - осының куәсі. Ауданымыздың жаңа өмірге келген сәбиінен бастап, еңкейген кәрісіне дейін арналған жүрекжарды жырлары әрқайсысының өмірінде мәңгілікке бойтүзер рухани бойтұмары болып қалары шүбәсіз.
       Ақынның адами болмысын ерекшелеп тұратын қасиет - кейіпкерлерін шен-шекпеніне, тақ-тұғырына не дәулетіне қарай бөліп-жармайтындығы. Әрбірінің бойынан «теңіз түбінен суырылған маржан тастардай» ақыл-парасатын,  адалдығы мен ізгілігін, қайырымдылығын, ниетін, жомарттығын, еңбекқорлығын, аңғалдығын, мәрттігін  тізбелеп, шынайы болмыс-бейнесін жырымен өрнектеуінде.   
«Сөздің өзінде кінә жоқ, мәселе - айтушыда.
  Біреу оны мұзға аунатып жеткізеді, біреу тұзға аунатып жеткізеді.
  Енді біреу жүрегінің жылуына бөлеп жолдайды»  деген екен ақын Қадыр Мырза Әлі
       Таңатар Дәрелұлы - жиырмаға жуық  кітаптың авторы. Ағамыз жырының әрқайсысын  өз жүрегінің жылуына бөлеп жеткізетіндігінен де, оның шығармалары өміршең. Еліміздің руханият жылнамасында тарих болып таңбаланатыны сөзсіз.
      Аудандық «Серпер» газетінде ширек ғасырдан астам уақыт Бас редактор болып қызмет атқарған Таңатар Дәрелұлы, газет редакциясын өзара ынтымағы жарасқан   ұжым ретінде қалыптастыра отырып, ауданның  экономикалық-әлеуметтік дамуына, ел бірлігін дәріптеу мен нығайту арқылы сүбелі үлес қосты.
      Ақын ағаға алдымен зор денсаулық тілейміз. Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін.Алланың қалауымен, елдің бата-тілегімен, құрметімен көтерілген белесіңізден, алар асуыңыз биік болсын. Көңіл айдынында шабыттың туы тіктеле берсін. «Көңіл – бір кеннің дариясы, сөз – содан шыққан жауhар» деп Мәшhүр Жүсіп айтқандай, жауһар шығармалары көбейсін!! 
       «Әрбір ардақталған азаматтың тылы – мықты әйел». Жұбайы Зоя Қоңқашқызы - ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасының, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Тектілердің ұрпағынан екендігін «Алыстап кеткен асылдар» кітабынан тереңірек ұғындық.
      «Байлық –қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді, бақ-басқа қонған құс, ұшады да кетеді, ал бала-артыңда қалған із...»деген дана халқымыз.
      «..Ата менен анаңды құрметтесең,
       Мекке болып табылар – үйдің іші» дегендей, ата-анасының мәртебесін арттырып отырған ақынның салихалы ұрпағы бар.
      Қарашаңырақ мұрагері Таңатарұлы Нұрдәулет - кәсіби маман, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры, келіні Шакупова Айнагүл - аудандық «Серпер» газетінің 
Бас редакторы.
      Қызы Нұргүл «Aishuak» балалар орталығында логопед-дефектолог, күйеу баласы Мұратжан екеуі Алматы қаласында тұрады.
     Кенже қызы Жанаргүл - биология пәнінің мұғалімі,күйеу баласы Дәурен екеуі Атырау қаласында тұрады.
     Ұлтанды ордадан  қалған тілекшілері, «биік ұста бауырды»  деп, ардақтаған бауырлары Лима апай мен інісі Айтуғанға Алла ұзақ ғұмыр, шатты өмір нәсіп етсін.
     «Өлі жебемей, тірі байымайды»-дегендей, бойдағы бар қасиеттің ата-анасы Дәрел әкеміз бен Қанағат анамыздан дарығаны сөзсіз. «Ерте семген үш гүлім, мәңгі қаяу салып кеткен көңілге» деп ақынның өзі күрсінгендей,  Бақыт, Рита, Райса қарындастарының, «Аға -тірек» деп арқа тұтқан ағасы Айболаттың өмірден ерте кеткені ақын жүрегіне салмақ салғаны анық. Содан да шығар, кейіпкеріміздің өлеңдерін оқығанда жанарға шық, көңілге мұң тұнатыны. Негізінен алғанда, жүрегінде мұңы, көңілінде күні жоқ адамның ақын болуы да неғайбыл-ау.

      "Желпиді жыр самалы жетпісінде" деген тақырыппен өткен поэзия мейрамына алыс-жақыннан қаламгерлер жиналды. Аудан әкімі Абат Жанғалиев кешті ашып, ақынға Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаты Әділ Жұбанов Астанадан арнайы ат басын бұрып келгенін айтып, ақынға ақжарылғап тілегін арнады. Атырау қаласынан келген "Атырау-Ақпарат" ЖШС-нің бір топ журналистері ақынды құттықтай отырып, үлкен-кішіге өнеге болатындай сөздер айтты. Қаламгер інісі, ақын Нұрым Ерғалиев, Айбек Қалмағамбетов, Республикалық "Сарайшық" журналының Бас редакторы Гүлзада Ниетқалиевалар өлең арнап, руханиятқа шөлдеген оқырмандардың шөлін қандырды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Исатай Балмағамбетов, Атырау облыстық "Бас редакторлар клубының " төрағасы, Индер аудандық "Дендер" газетінің Бас редакторы Жанай Амантурлин, облыстық "Атырау" қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Назарбек Қосшиев, Қызылқоға аудандық "Қызылқоға" газетінің Бас редакторы Бауыржан Сейсеновтер қазақ поэзиясындағы Таңатар Дәрелов поэзиясының биігі туралы жеріне жеткізе айтты.

Сағыпазова Зерек Көбесқызы, 
Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Құрманғазы ауданының «Өренді өлкетанушы» клубының мүшесі                                

     

   

     

              

Sarayshyq