Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана-бауыр дүние...

 Қазақ жері сан ғасырлардан бері небір аласапыран дауылдарды басынан өткерді. Осынау байтақ даланы қорғап қалу үшін бабаларымыз не көрмеді десеңізші?! Қаншама сұрқия саясаттың салқыны тиген халқымыз рух қайсарлығының арқасында ғана бүгінге, жиырма бірінші ғасырға аман-есен жетті. Бірнеше Франция, Швейцария сияқты ұсақ мемлекеттер сыйып кететін ұланғайыр жеріміз осы топырақта өмір сүрген тайпалардың жанкешті күресінің нәтижесінде ғана бай қазына, мол мұра болып жетіп отыр. Қандайма қиындықты бастан кешсе де жұртымыз о басындағы дәстүр мен салтты, рухани құндылықты жөргегінде құндақтап, ұрпағына табыстауды мақсат тұтқаны анық. 
       «Күні кешегі» деп айтылатын жиырмасыншы ғасыр басындағы төңкерістердің ықпалымен, қызыл империяның бұрқасыны мен боранынан ықтап шетелге кеткен бауырларымыздың тарихи отанына оралуы — Тәуелсіздіктің қазақтарға берген алғашқы мүмкіндіктерінің бірі. Олар ел іргесі ашыла салысымен атамекенге асықты. Әуежайдан түсіп, жерге тағзым етіп, топырақты сүйіп еңкілдеп жылаған қандастарымыз әлі де көз алдымызда. Сол алғашқы лекпен бірге келген қарлығаштар — ерлі-зайыпты Мағиза Құнапияқызы мен Жамали Диханұлы.
             Өз топырағыңның ыстығы...
       Жіберер төрт құбылаңды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп.
Дүние-ай, қандай жақсы еді табаныңа,
Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп,-  деп жырлады қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергенов. Өзі Қарақалпақстанда туып-өскен ақынның жырларындағы туған жер бейнесі өзгеше лебімен, соны теңеулерімен оқырманын қайран қалдырғаны шындық. Ақын жүрегіне ұя салған сағыныш пен мөлдір мұң да, бәлки, атамекенге деген аңсаудан бастау алған шығар-ау...
         Исі қазаққа бүгінде аты әйгілі ақын Мағиза Құнапияқызының  табаны 1999 жылы қазақ топырағына тиген. Сол кездегі әсері мен одан алған жүрегіндегі жылуын айтып жеткізе алмасымыз анық. Бүкіл ата-бабасының, өзі алақанында өскен ауыл-аймағының өксігі көмейіне кептеліп қалғандай болды да, жанарынан ыстық жас болып бұрқ етті. Бұл жылы тарихи отанында қалудың реті келмеді, алайда, ақын қыз табанды еді. Қалай болғанда да атамекенге  оралуды алдына мақсат еткен Мағизаға ата-анасы «Сонау Қазақстанға жолы жіңішке қыз баланы жалғыз жібере алмаймыз. Тұрмысқа шығып, жарыңмен бірге аттансаң — құба-құп» деген шарт қойды. 
           Қайсар қыз мойымады. Ата-баба жеріне оралуды арман етіп жүрген қазақтың өнерлі жігіті Жамалимен сөз байласып, тұрмысқа шықты. О баста тек атакүлдікке оралу үшін некеге отырған Мағиза мен Жамалиді өнер біріктірді. Алғаусыз арман, үкілі үміт пен селкеусіз сенім оларды алдамады. Иә, «Тауға керек Астана,
Тасқа да керек астана.
Басқаға сенен айта алман,
Әнім - ол менің,
 биік шыңдарда 
сан рет салып қайтарған», - деп келетін Төлеген ақынның жыр шумақтарын екеуі бір-біріне оқудан жалықпайтын. Атакүлдікке аруанадай аңсап жеткенімен, екі жастың алдында құшақ жайып тұрған ешкім жоқ еді. Сондықтан, бір-біріне сүйенуге тура келді. Мағизаның гүлдей нәзік ақын жүрегін жаралап алмауға барын салған Жамали қыз жүрегін  бірте-бірте жаулап алды. Мағиза да ата-ана, бауырлардан жырақта жүргенде Жамалидің қабағына кірбің түсірмеуге тырысты. «Жан жолдасыңның сүйеніші бол. Алыста жүргенде ердің сағын сындырып, бағын байлама. Әрдайым жарқын жүзіңмен, ашық қабағыңмен қолдауға тырыс» деп бата берген анасының сөзін әрдайым жадында тұтты. 
Өнердің мұзарт шыңына өрлеп...
       Бірі - ақын, бірі — тарихшы, өнертанушы, цирк өнерпазы, талантты екі жас қалай болғанда да атакүлдікке табандарын нықтап тіреуге тырысты. Сондықтан, қолдарынан келетін істің бәрін жасады, қара жұмыстан арланбады. Пәтер жалдады, баратын жерлеріне қоғамдық көлікке мінбей жаяу баратын. Өйткені, тапқандары қапқандарына жетпей, қысқа жіп күрмеуге келмеген уақыттар еді ол. Мағиза - Қытайдан медициналық жоғары оқу орнын бітірген дәрігер. Алтын инемен емдейтін ол өлеңімен жанға дауа беріп қана қоймай, қазақ жұртының денсаулығына шипасын да тигізді. Бір сүрініп, бір тұрып жүріп, Алматыдан жер алды. Үй құрылысын бастады. Соның бәрі - екеуі үшін жанқиярлық еңбекпен келген жетістік. 
        Сырқаттарды емдеп, күні бойы табанынан тік тұрып келетін Мағиза кеште үй шаруасын жасап, балалары мен жарының қабағын бағып, ал, түнде балауыз шамның жарығымен өлеңге тұтқын болып, жазу үстелінде отыратын. Жазғандарының бәрі республикалық басылым бетін бермегені тағы рас. Күні-түні көз ілмесе де Төлеген ақын жазғандай: 
«Аруана жаудың қолына түссе,
ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы басын қайтадан артқа бұрмайтын халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы, боздаумен,
Көкірегін шерге толтырып.

Осынау жолда таңдайын мейлі, тасбауыр шөлдер құрғатсын,
Қазығын таппай тоқтамайды екен, мәңгілік тіпті күн батсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен, аруана-бауыр дүние,
Сен маған осынау пәк жүрегіңмен қымбатсың», - деп алға ұмтылды, Тәуелсіздіктің іргетасына өз қолтаңбасын қалдыруға тырысты.
           «Аруана-бауыр дүниенің» сағынышы мен аңсауы жанына тым жақын Мағиза осы жылдары бірнеше жыр жинақтарын тарту етті. «Қызыл қайың»  өлеңдер кітабының лирикалық кейіпкері — қызыл қайыңның қоршауындағы ауылда туған қазақ қызы. Ақын өзі туып-өскен, өзін алтын бесік боп әлдилеген  Алтай жеріне деген сағынышын қызыл қайың арқылы білдірді. «Қызыл шолпысы» Алматыға арналды. «Ай жүзіне көп қарап» деген жинағын да оқырмандар жылы қабылдады.
      Сонау 2001 жылы тарихи отанға деген сағыныш пен аңсау ғана қосқан қазақ өнерінің қос қарлығашы бүгінде өздерін мойындатқан талантты ақын мен өзіндік ізі бар өнерпазға айналды. Бүгінде Мағиза Құнапияқызы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты.

     Жамали Диқанұлы «Қара жорға» биін 5000 адам Атырауда билеп шыққан кезде осы шараның ұйымдастырушысы ретінде алғаш рет Гиннестер кітабына тіркелді. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналған мерекеде Атырау жұртының атынан сайысқа түсіп, 16 желтоқсанның құрметіне 16 ұстараның жүзімен жүріп өтіп, екінші рет аталған кітапқа есімі енді. Ал, 2016 жылы  Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығында 300 ұстараның жүзімен жүріп, Гиннестер кітабындағы өз рекордын жаңартып, үшінші рет дүние жүзіне қазақтың атын Алатаудай асқақтатты.  Атакүлдіктен жандарына жақын дос, жолдас тапты. Ағайындай болып кеткен достарының ортасында алғаусыз көңілмен, адал жүрекпен сыйлы болған олардың қазақ өнерінде де айқырған ізі жатыр. Әрине, соның бәрі о баста туған топыраққа деген сағыныштан бастау алған еді... Ұрпақтары ата-баба топырағында еркін өсіп, өнер-білімге қол созуда. Осының бәрі — Тәуелсіздіктің берген жемісі.

         P. S. Бүгінде соңда қалған сол бір күндерге Мағиза кейде сағынышпен қарайды. «Туған топырақтың ыстығы табаннан өтіп тұрған қандай жақсы» дейді өзі пір тұтатын қыран ақын Төлегенше толғанып. Иә, атамекеннің қадірі деген де -осы! Кіндік кесіп, кір жуған атакүлдікті ата-бабалар айрықша қастерлеген. Шет елдерде жүрген қандастарымыз да «Қазақстан» дегенде жүректері елжіреп, жанарлары жасаурап қарайтынын көріп жүрміз. Елдің, жердің қадірін сезініп, жұртына қолдан келгенше қызмет еткенге не жетсін?! Бар қазақтың ұстанымы осындай болса ғой, шіркін!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

"Сарайшық" журналы

Sarayshyq