Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА: "Қазақтың батыс аймағының ән мұрасы"

Сәуле Стаханшылқызы Жанпейісова 14 тамыз 1966 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Маятас ауылында дүниеге келген. Қазақстандық дәстүрлі ән өнерін насхаттаушы әнші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері. Филология ғылымдарының кандидаты. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының профессоры.

 А.Затаевичтің 150 жылдығы мен Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына орай

ҚазССР-нің халық әртісі, поляк ғалымы А.Затаевичтің қазақ ән өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның қазақ ән өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегінің маңыздылығы жыл өткен сайын артпаса, кеміген емес. 
Атақты ғалым 1920-1936 жылдар аралығында қазақтың кең даласын жаяу-жалпы аралап жүріп, көптеген адамдардан 2300 ән мен күй жинады. 1925 жылы «Қазақ халқының 1000 әні», 1931 жылы «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтары жарыққа шықты. Алайда, Затаевичтің одан да көп ән-күйлерді жинақтағаны белгілі. Қазақ ән-күйінің 3-томын шығаруға ғұмыры жетпеді. Ұлты басқа болса да, қазақтың осыншама әндерін жинап, аманаттап кеткен Затаевичтің сол бір баға жетпес құнды еңбегін әлі күнге толық зерттеудің мүмкіндігі болмай келе жатқандығы өкінішті. Зерттеушінің жинаған 1500 әні мен күйлерінің бүгінде қаншасы ел ішінде орындалып, қаншасы ұмыт болғанына қарап-ақ, бұл еңбектің бағасының қаншалықты биік екенін білуге болады. Қазақтың сол кездегі 10 өлкесінен жиналған мол мұраның көбісі өкінішке орай, бүгінде ұмытылған. Оны Затаевич жинақтарындағы нота үлгісіне қарап, қалпына келтіру бүгінгі орындаушылар мен зерттеуші-ғалымдардың міндеті.
Затаевичтің  жинаған әндерінің көпшілігі бізге орындаушылардан жетпеуі себепті қазақтың қаншама ән-термелері осы жинақта шаң басып жатыр. «Қазақтың 1000 әні» жинағындағы бір ғана батыс өлкенің әндеріне қатысты таратып айтар болсақ, Маңғыстау өлкесінен, яғни «Адай уезінен» 39 ән, Ақтөбе губерниясынан 53 ән, Бөкей ордасынан 103 ән, Орынбор губерниясынан 88 ән, Орал губерниясынан 88 ән, барлығы 371 ән жазылып алынған екен. Өкінішке орай, бүгінде бұл 371 әннің үштен бірі де орындалмайды, бүгінгі әншілердің репертуарында жоқ, халық арасында да ұмытылды. 
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бөлімінде  «Дала фольклорының антологиясын жасау керек» деп көрсетіп берді. Міне, нағыз фольклор осыв Затаевич еңбектерінде жатыр.  Олай болса, ғалым мұрасын егжей-тегжейлі қайта қарап, заман талабына сай неге зерттеп, жарияламасқа. Ең бастысы, бұл ән мұрамыз халықтың игілігіне айналуы керек. Әрине, ол халықтың игілігіне әнші-орындаушылар арқылы ғана жетеді. Оның дәлелі, қазақтың ұлы әншісі, ұлағатты ұстаз Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында жазылып немесе шәкірттеріне үйретуі арқылы жеткізген әндері бүгінде ел игілігіне айналып отыр. Алайда, бір тұтас аймақтың ән мұрасын бір адамның арқалап шығуы мүмкін емес жағдай.
Затаевич жинаған әндер қазақтың батыс аймағының мол мұрасын халыққа жеткізуші, ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарында да көп емес. Тікелей өзінен сабақ алған шәкірті ретінде мен ұстазымның репертуарында қандай әндер мен жырлар болғанын жақсы білемін. Алайда, Ғ.Құрманғалиевтің ән мұрасы ғылымда толық зерттелді деуге әлі ерте. Мәселен, Затаевичтің жинағынан Ғарифолла Құрманғалиев арқылы  Маңғыстау өлкесінен бір ғана «Ақбөбек», Ақтөбе мен Орынбордың кейбір аудандарынан Мұхиттың бірнеше әні, Бөкей губерниясынан, яғни  сол кездегі Орал облысының Жәнібек, Казталов, Фурманов аудандары мен Гурьев облысының Теңіз ауданы және Астрахан облысының Зеленгі ауданынан Мұхиттың, Бала Ораздың, Өтеғалидың, Аманғали мен Аязбайдың бірнеше әндері, сонымен қатар халық әндері «Я, Пірім-ай» (кейін бұл әннің аты «Япур-ай» болып өзгерген), «Қыздың әні», «Шымыр», бірнеше терменің әуендері ғана бізге жеткен. Мұхиттың Үлкен «Ай-дай» әні «Қыз Жібек» операсында Шегенің ариясы болып айтылса, «Көк жар» әні Ғ.Құрманғалиевтің қойын дәптерінен алынды. Неге екені белгісіз кең тынысты, құрылысы ерекше «Көкжар» әнін ұстазымыз бізге үйретпеді. Оның орындауында грампластинкаға да жазылмаған. 
Затаевич жинағында Мұхит шығармашылығына кең орын берілген. «1000 ән» жинағына Мұхиттың 20 әнін енгізіп, оның композиторлық қырына зор баға береді. Мұхиттың «Алпыс төрті», «Қыпшақ», «Жуас қоңыр», «Иіс» т.б., әндері де бізге орындаушы тарапынан емес, жинақтардан ноталары арқылы жетті.  Мұхиттың атақты «Айнамкөз» әнінің басқа әуені де осы жинақтан табылады. 
Затаевичтің жинағындағы Орынбордың орталық және оңтүстік бөлігі мен Орал губерниясы, оның ішінде Орал (қазіргі Батыс Қазақстан), Гурьев (қазіргі Атырау), Ақтөбе облыстарының кейбір аудандарынан жиналған әндер Ғ.Құрманғалиев репертуарынан көбірек кездеседі. Оның ішінде, Мұхиттың «Паңкөйлек», «Ақ иіс», «Бала Ораз»,  «Жаймақоңыр», «Дүние-ай», «Зәуреш, «Айнамкөз» «Қыйлым», «Соқыр қыздың әні», «Әмірхан», Жылқышы, Әкімгерей Қостанов берген «Екеуің ойланшы өзің», Іңкәржан, «Боз бала», «Жан сәулем», «Он алты қыз»,  «Гурьев», «Қара қаншық» т.б., әндер бар. 
Саңлақ әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуары өте бай, әрі кең өрісті. Оның репертуарында батыс аймақтың халық әндері мен халық композиторларының әндері мен терме-жырлары, өзінің авторлық әндерімен қатар қазақтың басқа да аймақтарының ән-термелері молынан қамтылған. Алайда, оның репертуарындағы көптеген халық әндері мен халық композиторларының әндері Затаевич жинағында кездеспейді. Керісінше, Затаевич жинаған 1000 әннің көпшілігі Ғ.Құрманғалиев репертуарынан бізге жетпеді. Демек, қазақтың ән мұрасы телегей-теңіз болғаны ғой. Оның бәрін нотаға түсіріп, жазбасын қалдыру бір ғана ғалымның еншісіне сиятын дүние емес. Сол сияқты, тұтастай бір өлкенің ән мұрасының Ғ.Құрманғалиевтай тарлан әншінің репертуарына сыймағаны  қазақ дейтін ұлы халықтың қаншалықты өнерлі, әнші болғандығының дәлелі емес пе?! 
Қазақтың ән мұрасын зерттейтін адам Затаевичтің еңбегіне соқпай өте алмайды. Ал, батыс өлкенің ән мұрасын Ғ.Құрманғалиевсіз елестету тіпті де мүмкін емес. Себебі, жезтаңдай әнші, ұлағатты ұстаз Ғ.Құрманғалиев болмаса қазақтың тұтастай бір өлкесінің ән қоржыны бос қалған болар еді. Сондықтан да, қазақ ән өнері саласында Затаевич пен Ғ.Құрманғалиевтай тұлғалардың орны ерекше. Таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты мұндай алыптардың есімдері тарихымызда алтын әріппен жазылып қалды. Олардың еңбектерін жан-жағынан толыққанды зерттеу болашақ еншісінде. 

Sarayshyq