Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Сейтектің рухты күйлері

Домбыра-дастан

         Осыдан біраз уақыт бұрын қолымызға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, өлке тарихын зерттеуші Ләтифолла Қапашевтің «Арыс» баспасынан шыққан «Дина мен Сейтек» деген  кітабы қолымызға тиген еді. Автор өз кітабында жазушы Тәкен Әлімқұловтың Сейтек туралы шығармасын ұтымды пайдаланыпты.

Қаратаудың теріскейінде «Қызыл сеңгір» ұжымшарының шопаны, атақты күйші Сәруар Үдербайұлының он алты жасында күйші Сейтекті көріп, одан күй үйренгені жайлы дерек оқырманды елең еткізері сөзсіз. «Бұл - Сейтектің Сахалин аралынан қашып шыққан жолы. Жолдасы Василийден айырылып қалып, Сейтектің ұзақ жалғыз қаңғырғаны, қауіп-қатермен дара арпалысқаны, аштықтан құла дүзде тәлтірек қаққаны ақыры, үмітсіздік жеңіп, жүректің сағаты тоқтап, көздің қарашығы сөнер шақта әлдеқалай балықшы орыстардың поселкесіне тап болғанын ойлаған-ды. Балықтың етін жеп, сорпасын ішіп, ішіне шыр байлаған қашқын сол бойда Хабаровскіде біраз уақыт аялдап, ақырында поезбен ұрланып елге қайтады. Бұл — тарихтан мәлім. Демек, сол сапарында жазғытұрым жаймашуақ күндердің бірінде, Сейтек осы бала Сәруармен, оның әкесі Үдербаймен ұшырасқан боп шықты» деп толғанады әңгімесінде Тәкен Әлімқұлов. 
         Дәулескер домбырашы
       Сейтек Оразалыұлы Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданында, Саралжын деген жерде 1861 жылы дүниеге келген екен. Ол академик Ахмет Жұбанов жинаған деректерден белгілі. Күйшінің ұлы Есқайыр Сейтеков: «Әкем моңғол тәрізді қияқ көзді, шашы тіп-тік, шиіріле қайырған қара мұрты бар, иықты, кең жауырынды, ірі саусақты, домбырасын солақай тартатын адам еді» десе, Сейтектің қасында жүріп, өзінен күйлерін үйренген шәкірті Смағұл Көшекбаев:
«Сейтекең шарт мінезді адам болатын. Күй тартқанда не отырған тыңдаушыларына, әйтпесе, домбыраның пернесіне қарамай, мойнын сәл ғана сол жағына бұрып, көздерін тас жұмып, тек әуенге беріліп, домбырасын күйлейтін еді. Егер осы тұста біреулер дауытап, не болмашы сөйлесіп отырғанын байқаса, қабағын түйіп, домбыра тартуын шарт тоқтататын. Ал, күй тартқанына өзі риза болса:
- Домбыраны тартқан орындаушы — күйші емес, күйге түсініп, тыңдай білген адам — күйші,- дейтін» депті өз естеліктерінде.
Құрманғазыдан бата алған...          
       Кітаптың авторы Ләтифолла Қапашев Сейтек туралы ел ауызынан естіген деректерді оны көзбе-көз көрген жандардың айтқанымен сәтті байланыстырады. Мәселен, Смағұл Көшекбаев -  күйшінің өз аузынан оның Құрманғазы ауылына қалай барып, жалды күйшімен қалай кездескенін, бата алғанын тыңдаған адам.  Осы тарихи сәтті ол былай суреттейді:
- Ұзақ жүрістен жолсоқты боп келе жатқан Сейтек бір ауылға келгенде, үлкен тойдың үстінен шығады. Сол жерде атақты Құрманғазымен кездеседі. Оның қасында екі-үш күн бірге жүреді. Сейтектің қол алысын байқаған Құрманғазы одан болашақта үлкен күйші шығарын сезеді. Өкінішке орай, Құрманғазы екеуі екі -ақ күн бірге болған. Себебі, Құрманғазы Астрахан жаққа бара жатыр екен. Осы кездесуде Құрманғазы Сейтекке күй тартудың не бір ғажап үлгілерін көрсетеді. Сейтек Құрманғазының бірнеше күйлерін өз қолынан үйреніп қалады. Бұл кездесу - екі күйшінің тұңғыш та, ең соңғы жүздесуі еді. Бұдан соң Сейтек өз нағашысы Дәулетиярдың ауылына бет алады.
«Арпалыс» күйінің тарихы
           Нағашысының ауылынан қоржыны күй мен шежіреге толған Сейтек ауылына тайлақ мініп қайтады. Бірақ құм ішінде баланы Арыстанбек байдың адамдары тоқтатып, әлімжеттік қылып ұрып-соғып, тайлағын тартып әкетеді. Бұл Сейтектің бойындағы  дарынға түрткі салады. Ішінде жатқан «арыстанның күшігі» тырналап, маза бермей, ақыры «Арпалыс» деген күй өмірге келеді. «Ол менің байлермен ең алғашқы арпалысым еді» депті Сейтек алғашқы күйінің тарихын сұрағандарға. Оған кектенген Арыстанбек пен Бақтыгерей бастаған болыс-билер оны «баукеспе ұры, бас кесер қарақшы, бүлікші» деп ізіне түсіп, 1880 жылы қапылыста ұстап, Орда түрмесіне жапқан.
Шәрипаның шарапаты
       Түрмеде отырған Сейтектің өнерін тыңдап, жоғары бағалаған Шәрипа есімді түрме қызметкері оған тамақ, киім апарып, сыртқы жағдайды хабарлап, түрмеден босануына көмектеседі. Кейін оған арнап күйші «Шәрипа» деген күй шығарған. 
-    Атандым он төрт жастан бала Сейтек,
Төреден ұл туған жоқ мендей тентек.
Жамандап, жала жапқан правитель,-
деп жүр ғой: «елді бұзған ұры, тентек»,-деп Орда түрмесінен қашып шыққан Сейтек үйіне соқпай, Нарын құмында ел аралап жүре береді. Кейін ауылға келгенде оны хабарын естіген бұрынғы дұшпандары он бес адам ертіп, Сейтектің үйін қоршайды. Күйші қолына қару алып топты жарып, ақтабан торы атымен қоршауды бұзып, қашып құтылады. Сол кеткеннен тіке Жанатауға, қазіргі Енотаевкаға барып, жолдасы Ботаның үйінде аялдайды. 
Жан серігі - торы аты
-    Қолыма домбыра алсам мен не дейін,
Шыбын жан қиналмайды-ау соған шейін.
Сыпыртып ақ торымен жөнелгенде,
Серпіліп дұшпан қалды-ау менен кейін,- деп баяу үнмен әндетіп, басынан өткен оқиғаны жұртқа айтыпты. 
-Егер бұлар мені кездейсоқ жерде қақпанға түсірсе, торы атым саған аманат,- деп Ботаға тапсырып, аулаға шығып торының қасына келеді. Сыптай жарап тұрған атына көзі түсіп: «Шіркін, жануарым, сен ат емессің, ұшқыр құссың ғой» деп сол жерде киіз қаптан домбырасын шығарып, торының шабысын қос ішектің сиқырлы үнімен суреттей жөнеледі. Сөйтіп, «Торы ат» күйі дүниеге келіпті. 
          Күйші Ботаның үйінен кеткен соң, қуғыншылар келеді. Бота оларға шынын айтпағаннан кейін: «Онда оның орнына өзің барасың» деп түрмеге қамайды. Сейтек бір айдан соң Ботаның үйіне келіп, болған жайды естиді. Торы атын қалдырып, өзі Ботаны босату үшін Ордаға қайтып барады. 
Үркітке айдалуы
       Бұл жәйді Сейтектің шәкірті Аққали күйші былай айтады екен:
     «Сейтектің Ордаға келгенін естіген правитель оны ұстауға полицей жібереді. Күйші бір танысының үйінде тамақтанып отырады. Екі полицей кіріп келгенде:
- Тоқтаңдар! Мен ауқаттанып алайын, оған шейін біреуің барып түрме есігін аша беріңдер. Бірақ, жатар жерім жылы болсын. Енді мені қашады екен деп ойламаңдар, қайта анау мен үшін жатқан адамдарды тезірек босатыңдар, мен солардың орнына барамын,- деп полицейді мазақ етеді. Енді Сейтекке жабылған жала көбейіп, оны 1882 жылы Үркітке үш жылға жер аударады. Түрмеде жатып елін, туған жерін, әсіресе, Шонай көлінің суын сағынып:
- Арқаның атып алдым ақша қуын,
Сағындым өз елімнің қара суын. 
Осындай қаземетте жатқан кезде,
Бір торсық ішер ме еді Шонай суын?!- деп толғанады. Сейтек бұл жерден бір жылдан соң қашып шығып, бурят-моңғол жеріне келеді. Церен атты бурят азаматымен танысып, біраз уақыт жылқы бағып, содан еліне ат мініп қайтады. Атқа көңілі толып «Ортпа» атты күйін тербейді. 
Жаны таза, адал дос
      Сейтек Үркіттен келгенде, өзі аманатқа қалдырған торы атын Ботаның мәпелеп баққанын көріп, қатты ырза болады. Бота мен әйеліне арнап «Жантаза» күйін шығарады. Аққали күйшіден бұл деректерді жазып алған - академик Ахмет Жұбанов.  
            Еліне 1883 жылы оралған Сейтек Шонай көлін жайлаған Жүніс деген адамның Зәбира атты қызымен танысып, күзге қарай үйленуге уәделеседі. Бірақ, бұл хабарды естіген правитель қыз әкесін Зәбираны өзіне беруге көндіреді. Бұл кезде Сейтек Астрахан губерниясында Қараөзек уезінде жер аралап жүр еді. Сол өңірде мекен еткен Каспийдің шығыс бетінен көшіп келген түркімен ауылына барып, олардың атақты дутаршысы Кәріммен танысады, біраз түркімен күйлерін үйренеді. Қалмақ қырын аралап, қайтар жолда өзі уәделескен Зәбира қыздың ұзатылу тойының үстінен түсіп, сүйгенін алып қашады. Алайда, правительдің құрығы ұзын болғандықтан, қайтадан итжеккенге айдалып кетеді. 
Талайлы тағдыр иесі
      Араға жеті жыл салып елге оралғанда, 1894 жылы қайтадан ұстап, тамыз айында Мәсеудің Бутырки түрмесіне айдайды. Сол кезде сүйгені Зәбираға арнап «Түңілдім» күйін шығарады. Ақыры, сол жылы қыркүйек айында Сахалин аралына жер аударылады. Қарағайдан ойып домбыра жасап, бар мұңын соған шаққан күйші орыс-жапон соғысына қатысып, тұтқынға түседі. Тек 1905 жылы соғыс аяқталғанда орыс тұтқындары ретінде Ресейге қайтарылады. Оған 1905 жылы тамыздың 9-күні Амур өлкелік генерал -губернаторының қолы қойылып, мөрі басылған куәлік тапсырылады. Оны Сейтек Хабаровскіде алған. Ол қазір Алматыдағы Мемлекеттік архивте сақтаулы тұр. 
          Он жылға созылған айдаудан келген Сейтекті елде аштық пен күйзеліс қарсы алады. Сахалинге айдаларда үш жаста қалған Ғазиз есімді баласы ол келерден бір жеті бұрын аттан құлап опат болған, анасы Бәтима да бақиға аттанған. Қолына домбырасын алған ол «Ғазиз» атты күйін тартқан.  Одан кейін «Арман» күйін шығарған. Онда халықты бостандық пен еркіндікке шақырады. Әсіресе, күйші қолдары домбыраның ортаңғы жеріне және сағасына қарай барғанда шығатын ащы дыбыстардан адамның ыза-кегі, ашынған ызғарлы үші естілетіндей. «Заман-ай» күйі де осы мазмұндас. 
Ұрпақ жалғастығы
         Күйші 1917 жылғы қазан төңкерісін қуана қарсы алды. Азат күн келгенін айтып «Марш» күйін шығарды. Мәскеуге барып, өз өнерін көрсетті, оның тартқан күйіне Мәскеу жұрты таң қалды. Ол туралы А. Затаевич: «Сейтек Оразалыұлы — Бөкей елінің қарт домбырашысы» деп жазды. Кеңес үкіметі құрылғанына арнап «Тойбастар» деген күй шығарды. Сейтектің үлкен ұлы Қайырлыдан көрген немересі Мұхаметқали да үлкен домбырашы болған. Сейтек 1933 жылы шілденің 20-күні Астрахан облысы Қарабайлы ауданы Ақтөбе ауылында безгектен қайтыс болған. Сонда жерленген екен. 
          P. S. Қаншама қиындық көрсе де қолынан домбырасын тастамай, ұстазы Құрманғазыға берген сертіне адал болған күйші Сейтекті ұрпақтар ұмытпайды. Күй халық қазынасы, ол халық барда жоғалуы мүмкін емес. 
 
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Республикалық "Сарайшық" журналы

Sarayshyq