Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Қолымызда жаңа кітап. Ақұштап Бақтыгерееваның «Фолиант» баспасынан шыққан «Менің Фаризам» атты естелік кітабы. Әсем безендендірілген кітапта бұрын баспасөз бетінде жарық көрмеген  әдемі фотосуреттер бар. Кітап Фаризаның Ақұштапқа 1969 жылдан бастап жазған  хаттарымен басталады. Хаттар Гурьевтен  Алматыға жолданған. Хаттарда жас Фаризаның Ақұштапқа деген достық тілегі, сағынышы, назымен қатар өлең туралы да  ойлары бар. Ақындық жолға бет алған жас ақынның үміті мен күдігі мөлдір тілектермен өрілген хаттардың бір парасының кітапта жариялануы кітапты деректілік жағынан байытып тұр. «Фариза жаңа жазған өлеңдерін де кейде хатпен жолдайтын. Оның жігерлі, отты, ішкі тегеуріні мықты жыр жолдарын оқып, мен өзімді өмірмен күреске үйреттім. Егер сол үйсіз, жұмыссыз жылдарда сынып кетсем не болар еді? Сүйенер панам жоқ, сезімтал жүрек қана, сұқтанған көздерден киікше үркіп, өзіңді өзің қорғау үшін арпалысып жүрген жұмыссыз, ақшасыз, жастық шақтың сол келеңсіз кезеңінде Фариза екеуміздің хат жазып сырласуымыз маған үлкен көмек болғаны рас» -, дейді автор (16-бет).

Қазақтың талантты ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Алқоңыр дүние» жыр жинағы оқырмандардың көз алдына қазақтың кең жазира даласын, ондағы жаны-дала, арманы – аспан,  үміті үркек мәрт  жандарды елестететіні ақиқат.  Ұлттық құндылықтарды сақтау, оған аса мән беріп, жас ұрпаққа насихаттау – ақын өлеңдерінің асыл мұраты. «Көбелектің қанатына хат жазып», «ақшам түсе» түнмен күбірлесетін ақын қаламынан ешнәрсе де тыс қалмайды.

Мейірімге толы кең жүрегімен аты аңызға айналған абыз ақсақал Әбу Сәрсенбаевтың туғанына - 110, өмірден өткеніне -  20 жыл толған 2015 жылдың қара күзі.... Осы айтулы оқиғалар қарсаңында  ақынның кіндік қаны тамған киелі жер – Атыраудағы Қиғаш өңіріне  жалғыз қызы Райхан апаймен бірге, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі,  жазушы Заря Жұманова  арнайы сапармен келген болатын. Біз қат-қабат кездесулер арасында уақыт тауып,  әріптесімізді әңгімеге тартқанбыз. Аталған сұхбатты «Сарайшық» журналы оқырмандарының назарына беруді жөн көріп отырмыз.

                                                                         "Мен  –  жындымын" романына
                                                                                         АННОТАЦИЯ
 
   Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұрысбек Сәукетайдың траги-комедиялық сарында жазылған бұл романы өзінің көркемдік тосын сипатымен ерекшеленеді. Шындық пен қиял, өң мен түс, әжуа мен мұң, мистика...  мидай араласып, окушыны сан қилы шарпысқан сезімге бөлейді. Күлесіз, күрсінесіз, өмір басқаша бір өң-бояумен құбылып көз алдыңыздан өтіп жатқандай күй кешесіз.
   Бас кейіпкер Тауфих  – болашағынан зор үміт күттірген білімді азамат, білікті маман. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңде жұмыссыз қалып, біраз сергелдеңге түседі. Бір күні кездейсоқ басынан ауыр жарақаттанып, өлім мен өмір арасында ұзақ арпалысады. Ауруханадан басқа адам боп шығады: бәрі бәз-баяғыша, бірақ бұған бәрі басқаша боп көрінеді, айналадағы тіршілік құбылысын өзгеше ұғынады, өзгеше сезінеді. Күндердің-күнінде Қара шал –  Абайдың аруағы елестеп, оған аян береді. "Қолыңа қалам ал, жаз!" дейді. Абай құлағына сыбырлап тұрған сөздің бәрі көкірегінде бұлқынып, тұншығып жатқан, айта алмай жүрген өз сөзі, өз ойы. Аз жылдың ішінде том-том роман жазып тастайды. Бірақ "жаңа Маркес мен болам, әлемдік даңққа бөленем" деп лепріген көңілі су сепкендей басылады... 

1 ішінен 6 беті