Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Жақында аяқталғанына 79 жыл толатын  Ұлы Отан соғысы- халқымыздың басынан өткерген соғыстардың ішіндегі ең ауыры. Ол жиырма миллионнан астам адамның өмірін қиды. Бұл соғыста миллиондаған адамдар қаза тапты, тұтқынға түсіп,  концлагерьлердің азабын көрді.  
     Кеңес Одағының халқы жұдырықтай жұмылып, қауіпті жауға қасқая қарсы тұрды. Соғыс жылдарында 54 мыңға жуық атыраулық Отан қорғауға шақырылса, олардың ішінен 24 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты.  Ерен ерлігі үшін он атыраулық азамат Кеңес Одағының Батыры, бесеуі «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Ұшқыш Хиуаз

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның ең жоғары наградасы - «Халық Қаһарманы» атағы жерлес апамыз Хиуаз Доспановаға беріліп, есімі жеңіс шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Жерлесіміз, есімі мәңгі ұмытылмас Хиуаз апа Доспанованың  ерлігі туралы қалың оқырман қауымға бұрыннан талай рет айшықты материалдардар жазылып, Атырау қаласының әуежайында   батыр ұшқыштың ескерткіші  ашылды. Бойындағы қорқынышын жеңіп, туған жерін сақтап қалу жолында жауды күйреткен санаулы адамдар ғана батыр атанады. Ерлік пен қайсарлықтың тағы бір жарқын мысалын  Хиуаз Доспанованың соғыс кезіндегі басынан өткен оқиғасынан білдік. 

       Жауынгерлік тапсырмалардың бірінде Х.Доспанованың ұшағына жаудың зениттік пулеметіyен атылған снаряд тигендіктен, ұшақ басқаруға көнбей, жерге құлайды.  Ұшақтағы екі ұшқыш қыздардың екеуі де ұшақ кабинасынан бейне бір жапырақтай ұшып барып, жерге соғылады. Өкінішке орай, ұшақтың ұшқышы жерге қатты соғылғандықтан қаза тауып, денесі жеңіл әрі нәзік, көптеген сүйектері сынып, әбден қираған  Хиуаз тірі қалады. Ол  аздай, госпитальда емделіп, азды-кем айыққан соң,(не деген жанқиярлық десеңізші!) ол ұшаққа қайта отырып, жауынгерлік ұшуларының санын 300-ге жеткізеді. Біз білетіндей, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Галина Курлина да екі рет жараланғанына қарамастан, соңғы жараланған сарбазды аман алып қалу үшін ұрыс даласынан кетпеген. Олар адами мүмкіндіктерінің шегіне дейін өздерінің әскери борышын өтеді. Біздің қасиетті борышымыз – олардың  есімдерін ұмытуға жол бермеу. Осы бір ғажайып әйелдер туралы кітап жазу немесе деректі фильм түсіру, соның ішінде соғыста көрсеткен ерлігімен ғана емес, жанқиярлық еңбегімен жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерімен де басқа да қаһармандар туралы материалдарды жинақтап, жүзеге асыру біздің ұрпақтарымызға зор үлгі болар еді.   

Дәрігер Галина
       Ұлы Отан соғысының оқиғалары жыл өткен сайын тарих қойнауына қаншалықты тереңдей түссе де, совет халқы мен оның Қарулы Күштерінің ұлы ерлігі халық арасында мәңгі сақталады. Бұған соғыстан кейінгі жылдарда жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге үнемі үлкен көңіл бөлінуі ықпал етті. Біз, аға буын өкілдері, сол кезеңдегі «Ел ерлерін білуге тиіс», «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген  ұрандарды жақсы білеміз. Сондықтан Жеңіс күні қарсаңында мен бүгінгі ұрпақ өкілдеріне ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған Ұлы Отан соғысына қатысушы, біртуар әйелдің тағдыры туралы айтқым келеді. Әңгіме 1924 жылы Гурьев қаласында туған Галина Никоновна Курлина туралы болып отыр. 
 

Мен өлкетану ісімен көптен бері айналысып жүрсем де, осы уақытқа дейін ол кісі туралы мүлдем білген жоқ едім. Қазір біздің анықтағанымыздай, Галина Курлинаның халық қаһарманы Хиуаз Доспановадан кейін облысымызда әскери орденмен марапатталған бірнеше әйелдің  бірі  екені белгілі болды.
      Алайда, ол кісі туралы соғыс жөнінде жазылған бірде-бір кітапта көрсетілмеген. Атырау облысының батырлары туралы «Жеңіс сарбаздары» жинағында ол туралы бірде-бір мәлімет жоқ (2015). Жақында облыстық мұрағат қызметкерлері Р.Тастемірова және Ж.Альпиярованың көмегімен даңқты жерлесіміз Галина Никоновна Курлинаға қатысты Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан бірегей құжаттарды алуға қол жеткіздік. Бірінші құжат - Галина Никоновна Курлинаның марапаттау парағы, екіншісі - 230-шы атқыштар дивизиясының марапаттау туралы бұйрығы, онда Г.Н. Курлина тізімде көрсетілген. Бұйрыққа гвардия дивизиясының командирі полковник Украинский мен сол дивизияның штаб бастығы подполковник Дубинин қол қойған. 
      Галина Курлинаның ерлігінің сипаттамасында былай жазылған: «Дәрежесі: Қызыл Армия жауынгері. 1942 жылдан Қызыл Армия қатарында. Шақырылған жері: Гурьев ГВК, Қазақ КСР, Гурьев облысы, Гурьев қаласы. Қазіргі орны: Оңтүстік-Батыс майданы, 990 атқыштар полкі 230 атқыштар дивизиясы. Ерлік күні: 17.07.1943 - 20.07.1943. Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттауға ұсынылды. Ерлігі: 1943 жылдың 17 шілдесі мен 20 шілдесі аралығында Банновское және Богородничное селолары үшін болған шайқаста жаудың пулеметтері мен минометтері астында 30 жауынгер мен командирді қаруларымен ұрыс даласынан алып шықты. Екі рет жараланған ол ұрыс даласынан кетпей, жаралыларды таңуды жалғастырды, осылайша олардың өмірін сақтап қалды». Енді мұндай ерлікке қандай баға беруге болады? Әрине, «Қызыл Жұлдыз» ордені - оған берілген өте лайықты марапат. Дегенмен, біздің ойымызша, ол ерлігі үшін әлдеқайда маңызды марапатқа немесе тіпті атаққа лайық болды. Барлық уақытта шайқастың сәттілігі тек жойылған жаулардың санымен ғана емес, сонымен бірге мүмкіндігінше құтқарылған жауынгерлердің санымен де анықталады. Өйткені, ол өз өмірін қатерге тігіп, екі рет жараланып, үш күннің ішінде 30 жауынгерді ажал аузынан аман алып қалды, сол арқылы тағы бірнеше ұрпақтың өмірін ұзартты. 
     Жерлесіміздің ерлігіне тәнті болған оның әріптесі ефрейтор Коровин майдандық газетте былай деп жазған: «Дәрігер Галя Курлина жараланған жауынгерлерге үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Біздің бөлімше өзеннен өтіп, жауға қарсы шайқасқа аттанғанда, ол үнемі ұрыс құрамаларында болып, жауынгерлерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Көрші бөлімшеде дәрігерлік нұсқаушы жұмыстан шығып қалды. Ұрыстың өрті мен қатты шаршағанына қарамастан Галя оны ауыстырып, барлық жаралыларға көмек көрсетті. Ерлігі мен қаһармандығы, жауынгерлерге деген сүйіспеншілікпен қарағаны үшін жолдас Курлина үкіметтік наградамен марапатталды». Оқиғаға қарап, бұл Галина Курлинаның тағы бір ерлігі болды деп қорытынды жасауға болады.  «Өкінішке орай, қаһарман қыз бар болғаны 22 жыл өмір сүрді. 1944 жылы оның денсаулығы сыр беріп, әскер қатарынан босатылды. Гурьевке оралғасын өзінің  сыныптасы Хамит Ахмировқа тұрмысқа шықты. 1945 жылы Татьяна есімді қызы өмірге келді, ол қазір Ресейде тұрады. Анасы туралы ол былай дейді: «Менің анам Курлина Галина Никоновна  – Орал казак әскері армиясының казактары арасынан шыққан  Курлин Никон Фомич пен  әлеуметтік тегі бойынша дворян Добровольская Мария Даниловнаның қызы. Менің әжем медбике болып орыс-жапон соғысы және бірінші дүниежүзілік соғыстарына қатысқан.  Менің анамның әже жолын қууы кездейсоқ емес деп ойлаймын. Олар Красноармейская  қазіргі Ж. Нәжімеденов көшесіндегі 66-шы үйде тұрды. Анам мектепте жақсы оқыған, белсенді болған, сталиндік грамотамен марапатталған. Ол керемет билей білген. Әкем екеуі бір сыныпта оқыды. Жеті жылдық мектептен кейін мұнай техникумына түсіп, оны бітірді. 1942 жылы жасы 18-ге толғанда медбикелік курсты бітіріп, ерікті ретінде майданға аттанды. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Фашисттік Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Ол 1944 жылы жарақат алып, елге оралды. Әкемді  кездестірдіп, олар үйленді. Мен соғыстың аяқталуына 2 ай 2 күн қалғанда дүниеге келдім. 1946 жылдың ортасында анам сүзекпен ауырып, қайтыс болды. Кезінде тарихи-өлкетану мұражайында анама арналған стенд болатын. Менің анам туралы іс жүзінде ештеңе есімде жоқ, өйткені ол қайтыс болғанда мен бір жарым жаста едім. Дегенмен, ол туралы жақсы  естеліктер  ол кісімен  сөйлескен, араласқан  адамдардың  арасында ұзақ уақыт  сақталған еді. Балалық шағымнан есімде  қалғаны:  көшедегі көршілер анамды адамдарға мейірімді, сыйластығы үшін, көмектескені үшін «кішкентай күн» деп  атайтын. Ол әсіресе қарт адамдарға үнемі қамқорлық  танытып, оларды көшенің арғы бетінен өткізіп, ауыр заттарын көтеріп,  көмектесіп жүретін. Міне, біздің тамаша жерлесіміз Галина Никоновна Курлина - осындай жарқын адам. 
     Мамандығы бойынша математика мұғалімі, Галина Никоновнаның қызы Татьяна анасының суретін сақтаған. Онда біз кеудесінде ордені бар әскери киім киген әдемі әйелді көреміз. Ал, ол біздің тағы бір тамаша кейіпкеріміз Хиуаз Доспановаға өте ұқсайды. Екі кейіпкеріміз  де өте сұлу, сырт көзге нәзік көрінетін қыздар болғандарына қарамастан, Отанға қауіп төнген кезде ешқандай ойланбастан майданға аттанып, жанқиярлықпен шайқасты, батыр атанды. Бұл бүгінгі жастарға үлгі емес пе? 
      Ал енді Галина Курлинаның майданға қалай барғаны туралы қызы Татьянаның естелігінде анасының 1942 жылы ерікті ретінде майданға аттанғаны, ол үшін шұғыл түрде медбикелік курстарды бітіргені айтылады. Расында да, соғыстың алғашқы жылдарында Гурьев қаласындағы қысқа мерзімді курстарда 2769 атқыштар, 1156 фельдшер, 127 танк жойғыш, 356 пулеметші, 156 медбике, 40 радиотелефонист даярланып, майданға жіберілді. Бәлкім, біздің кейіпкеріміз соғыстың ең сұрапыл мезгіліне жіберілген 156 медбикенің бірі болса керек. Бұны біз нағыз патриоттың таңдауы деп бағалаймыз.  Өйткені, ол кезде оның мұнайшы мамандығы бар еді. Соған байланысты  мұнайшылар майданға алынбады. Олар майданға қажетті мұнай өндірумен айналысты, соған қарамастан ол өз еркімен соғысқа аттанды. Ол өзінің  орыс-жапон және Бірінші дүниежүзілік соғыстардың қатысушысы, «мейірімділік әпкесі» ретінде Флоренс Найтингейл медалімен марапатталған анасының жолын қуып майданға аттанып, ерлік көрсетті. Флоренс Найтингейл медалі - осы кәсіп өкілдері үшін ең жоғары марапат. Жалпы, соғыста ерлікке жету, әсіресе, даңқты жерлесіміз Галина Курлина сияқты қыздар үшін өте қиын екені айтпаса да түсінікті. Бірақ ол жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін ерлік жасады. Мектептен кейін майданға аттанған кешегі қарапайым жастардың ерлігінің сыры неде, оларды осындай ұлан-ғайыр істерге итермелеген не? Біздіңше, мұның сыры - олардың Отанын, туған жерін жан-тәнімен сүйгендігінде, нағыз патриот болғандығында болса керек. Әрине, батыр болып ешкім  жаратылмайды, бұл талқыға түспейтін шындық. Кеңес жауынгерлерінің ерліктері туралы Бауыржан Момышұлы негізінен өлімнен қорықпайтын, қорқынышты білмейтін адам жоқ деп жазған еді.

Мұғалім Зейнеп
Осы ретте өзімнің өмір жолымда тағы бір тамаша апаймен таныс болғанымды мақтан етемін. Ол кісі - соғыстан кейін Индер ауданы мектептерінде мұғалім болып еңбек еткен  Ахметова Зейнеп апай. 
     

(профессор Ш.Нағимовтың Атырау қаласының тұрғыны Әбілдаева Гүлзадамен сұхбаты)

Мен - ұзақ жылдар бойы шамам келгенше  өлке тарихын зерттеп жүрген адаммын. Көп уақытым облыстық мемлекеттік архивтің түрлі қорларын ақтарумен өтіп келеді. Өткен жылдың күз айларының бірінде архив залынан қазақтың бір жас әйелінің өзінің аталарының тағдырын анықтауға құлшыныс білдіріп жүрген кезіне тап болып, ол кісінің өзінің алдына қойған мақсатын орындау үшін ешқандай да қиындықтардан бас тартпай, қалай болса да  аталарының бастарынан кешкендерін анықтауға қол жеткізгенінің куәсі болып, сол қарындасымның қажырлығына тәнті болған едім. Ол қарындасымның аты-жөні өзі архивтен іздеп тапқан атасы Нысанбаев Ершінің немересі – Әбілдаева Гүлзада, Атырау қаласының тұрғыны екен. Гүлзадамен пікірлесе келе түйгенім: Оның әулетінің көрген қиындықтарын, біздің бүкіл еліміздің көптеген өкілдерінің бастарынан өткен кеңестік кезеңдегі биліктің адам айтқысыз әділетсіздігі мен қорлығы деп қарастыруға болатындықтан осы бір ерекше  жандардың тағдырын оқырманмен бөліскенді жөн көріп, Гүлзаданың өзінен сұхбат алған едім.

   - Гүлзада,  өзіңнің аталарыңды іздеуіңе не себеп болды және ол үшін сен қандай әдістерді қолдандың?
-    Бәрі де бір кездейсоқ жағдайдан басталды. 2019 жылдың соңы болатын. Астанада тұратын келінім Ақкүміс телефон соқты: «Гүлзада апа, мектепте балаларға осы күні жеті атасын білуді үйретеді екен. «Жеті атасын білмеген - жетесіз» деген сөз бар көрінеді деп айтып келді балам. Балалар арғы аталарын сұрайды, олар кім болған, қашан қайтқан, қайда жерленгенін білгілері келеді. Мен өз аталарымды жақсы білемін, кім болғанын, қай жерде жерленгенін деген сияқты. Кішкентай кезімізден үйде аталарымыз туралы әңгіме көп айтылатын. Басына да барып тұрамыз. Сіздер жақта аталар туралы еш әңгіме айтылмайды. Қай жерде жерленгенін де білмейді. «Аталарымен ісі жоқ, бұл қалай екен?» деп ойлап қоям іштей» деді. Мен жарытып жауап бере алмадым. Атамның Ерші деген есімінен, соғысқа кетіп оралмады деген әңгімеден басқа ештеңе білмейді екенмін. «Аталарымен ісі жоқ» деген сөз намысыма қатты тиді. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген рас екен. Ойға қалдым. Шынында да, атам туралы неге айтылмаған отбасымызда? Әжеміз Балым 90–шы жылдарға дейін өмір сүрді. Атамыз туралы тіс жарған жоқ. Атамыз туралы неге бізге ештеңе айтпады екен?  Оның ар жағында қандай сыр бар? Бала кезден естіген бір әңгіме - атамыз Ершіден 43-тің жазғытұрым мезгілінде «соғыста жараландым» деген бір хаттың келгендігі. Содан басқа әңгіме білмейміз. Әулеттің үлкендерінен сұрастыра бастадым. Әкем ерте дүние салғанмен, әкемнің аға-апалары бар. Осы күні Ақтау қаласында тұратын Салима апа, Ракушада тұратын Қалима апа бар, бүгінде дүниеден озған Асау аға бар, басқа да ағайындардан сұрастыра бастадым. Солай іздеу басталды. Бұл іске жалғыз мен емес Ерші атамыздан тараған барлық балалары мен немерелері жұмылды. 
-    Соғыстан бері көп жыл өтті ғой. Аталарың туралы мәлімет таба алдыңыздар ма? Қандай мәліметтер шықты? 
-    Алғашында әулеттің үлкендері, ағайын-туғандардан сұрастыра бастадық. Олардың есте қалған оқиғаларынан көп мәлімет білдік. Ол мезгіл - 2020-шы жылдары короновирустың басталған уақыты. Архивке бару кейінге шегерілді. Кейін архивтерден де құжаттар табылды.     
Атам Ершінің әкесі - Нысанбай Арыстанов (Жастабан Таздың Байсарысы), анасы Разия Өтеғалиева (Кердері руынан). Ерші 1893-ші жылы Бесарал ауыл советі  Орал губерниясы Редут болысында дүниеге келген. Ершінің өзімен бірге туған Кенжеш деген ағасы, Сары, Боран, Әлтекен деген інілері, Шәйекен, Слупан деген қарындастары болған. Кенжештен басқасының тегі - Нысанбаевтар. Кенжеш тұңғыш немересі болғасын, атасы Арыстан бауырына басып, тегі Арыстанов болып жазылған. Ершінің атасы Арыстан құран ұстаған кісі болған дейді. Арғы аталарында сынықшы болған, адам емдеген екен. Аяғы сынған малды кетіп бара жатырған жерінде салатын қасиеті болған деген аңыз әңгімелер бар. Ершінің әкесі Нысанбай да құран ұстаған, қасиеттен құр болмаған. Анасы Разия сол кезде ауқатты байдың қызы болған. Шаруаға пысық, қолынан келмейтін өнері жоқ, еңбекқор, сөзге шешен, көзі ашық адам болған. Бұл жерде айта кететін жай, ғасырлар бойы 1920-шы жылдарға дейін елімізде араб алфавиті қолданылып,  біздің қазіргі айтып отырған ата- әжелеріміз арабша  сауатты болған.   Ерші атамыз  Өтес Таздың қызы Балыммен отау құрады. Атам еңбекқор, әділ, өте қайсар, тік мінезді кісі болған. Айналасындағылардың қамын ойлап жүретін, өз ортасына қадірлі, сыйлы  болған. Балым әжем керісінше, мінезі жұмсақ, көп сөзі жоқ, адамға қарсы келмейтін, шаруақор, шебер, өте сабырлы адам болды. 
Атырау облыстық мұрағатында 1923-ші жылғы қырқүйек айында өткізілген сайлау құжаттарында Орал губерниясы Гурьев уезі Редут болысына қарасты Бесарал ауыл советінің сайлаушыларының тізімі сақталған. Ол тізімде «Арыстанов Кенжеш, Нысанбаев Ериш, брат Сары, отец  Нысанбай, мать Разия, жена Балым» деп тіркелген (АОМ. Қ-2. Т-4. І-5. Б-118). 
Батыс Қазақстан Облыстық мұрағатында 1925-ші жылғы «Похозяйственный список населения Редутской волости Гурьевского уезда Уральской губернии» атты құжат сақталған (ГАЗКО. Ф-1. О-1. Д-186. С-55.)  Бұл құжатта Редут болысы Бесарал ауыл советінің отбасы тұрғындарының саны көрсетілген. Құжатта отбасындағы ер адам мен әйел адам саны бөлініп жазылған. Кенжеш Арыстанов пен Ерші Нысанбаев ол кезде отбасын құрғандықтан екі отбасы ретінде жазылған, бірақ бәрі бірге тұрған. Құжат бойынша 1925-ші жылы аталарымыздың отбасында алты ер адам, бес әйел адам, барлығы он бір адам болған. Атымен атасақ, олар әкесі Нысанбай, анасы Разия, балалары – Кенжеш, Ерші, Сары, Шайекен, Слупан, Боран, Әлтекен, келіні – Балым, немересі – Мұхлиса (Кенжештің қызы, Кенжештің әйелі ерте қайтқан). 
Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының әкімшілік-аймақтық бөліну тарихы туралы Анықтамалық (1920-2000ж.ж.) кітабына сүйенсек, 1928-ші жылы болыстар таратылып, орнына 6 аудан және Гурьев округы құрылады: Олар: Новобогат, Жаманқала, Есбол, Қызылқоға, Доссор, Жилокоса аудандары еді.
1932-ші жылға дейін Ерші атамыз Бақсай совхозында (Таңдай жерінде) бас шабан болып жұмыс жасайды. Бас шабан жауапкершілігі өте үлкен жұмыс болған. Совхоз малының көздің қарашығындай аман сақталуына  жауап беру, мал басын көбейту, шығынға ұшыртпау.Осы талаптардың орындалмауына байланысты талай малшы жауапқа тартылған оқиғалар көп болған. Таңдай жерінде Ерші атам мен Балым әжемізден Батан 1926-шы жылғы, Камон (шын аты Калима) 1930-шы жылғы, Салима 1933-ші жылғы ұл-қыздар дүниеге келеді. Байқасақ, балаларының есімін құран сөздерімен қойған. Бұл ата-әжеміздің құранға жақын адамдар болғанын көрсетеді. Бала кезімізде Балым әжеміздің жасырын ораза ұстап, намаз оқығанын көзімізбен көрдік. Ол кезде құранға жақын адамдар қудаланған заман болғанын білеміз. Молдалардың талайы атылып кеткені де белгілі.
       1933-ші жылы Бақсай совхозынан бөлініп шыққан Таңдай совхозының 3 фермасын Жайықтың арғы бетіне Сарыкөл жаққа көшіреді. Бұрынғы отырып қалған ата мекенін тастап көп малшылар Сарыкөлге барғысы келмейді. Совхоз жұмысшылары болғандықтан амалсыз көшкен болу керек. Кенжеш пен Әлтекен Таңдайда қалады. Ерші өз отбасымен, әкесі Нысанбай, анасы Разия, інілері Сары, Боранмен Сарыкөлге көшеді. Кейін Нысанбай қартқа Сарыкөлдің топырағы бұйырады. 1933-ші жылы Гурьев ауданынан бөлініп, Есбол ауданы құрылады, орталығы – Кулагино. Сарыкөлдің жері Есбол ауданына қарайды. 1938-ші жылы Гурьев ауданы таратылып, орнына Бақсай мен Мақат аудандары құрылады. 1944-шы жылы Қызылқоға ауданы құрылып, Сарыкөлдің жері Қызылқоға ауданына өтеді.  1933-ші жылдан 1944-ші жыл аралығында Сарыкөл жері Есбол ауданына қараған. 19-шы ғасырда өмір сүрген исі қазаққа аттары белгілі Асау би мен Тұрлан батырдың бейіті Сарыкөлде. 1937- ші жылы сол маңда дүниеге келген Ершінің баласын «Атын Асау қойыңдар артынан Тұрланы болар» - деп, Разия анасы баланы батырларға теліп, есімін Асау деп қойғызады. Айтқандай-ақ, 4 жылдан кейін 1941-ші жылы дүниеге тағы бір ұл келіп, оның есімін Тұрлан деп қояды. Сол жылдары отау құрып үлгерген Боран інісінде бала болмай, Асауды Боранға атап беріп, Асау Боранның баласы болып саналады.Салима (Ершінің қызы) апамыздың сөзінен білгеніміз, аталарымыз Сарыкөл жерін мекендеген. Сол жерде қыстақтары болған. Сарыкөл жерінің аумағы үлкен, аталарымыз Сарыкөлдің Доссорға жақын шетінде отырған.  Жазда Төбеқұдық, кей жылдары одан әрі Тайсойғанға жақын жайлауға шығатын болған. «Тайсойғанда тары көп өсетін. Жазда өте қашықта орналасқан Тайсойғаннан күйлі адамдар барып, қап-қап тары теріп, арбаға тиеп келіп, сосын соны әкеліп сатады. «Әкемнің Саркөлдікіміз, Байсарымыз  дейтін әңгімесі құлағымда қалып қойыпты» деп еске алады Салима апа.
 «Әкем Ерші, көкелерім Сары мен Боран совхоздың бір –бір отар қойын бақты. Біздікілер бірге жүретін, жайлауда 3 үй тігіп отыратынбыз. Мал басын көбейткендерге совхоз ол кезде «байрақ» беретін. Сыйлыққа 5-6 қой, сиыр беріп жатады, соны «байрақ» дейтін. Біздікілер «байрақ» алып жататын. Шопан отбасында әйел, бала бәрі тынымсыз еңбек ететін. Қозыларды қойдан бөлек жаяды. Қозы бағуға балалар жүретін. Әйелдер жүн иіреді, киіз басады. Бос жүретін адам болмайды. Соғысқа дейін жағдайымыз жақсы болды. Жеке меншік жылқы, түйе, сиыр, қой болатын. Бала кезімде есімде, ауылды аралап, жүн дорба арқалап жүріп, сабақ оқытатын адам болатын. Әкем содан оқу оқитын» деп еске алады Салима апа.
Бұл жылдары елімізде үшінші алфавит ауысып жатырған мезгіл. 1920-шы жылдарға дейін төте жазу одан кейін латиница болса, оншақты жылдан кейін ол кириллицаға ауысып, бұрынғы сауатты адамдардың бәрі аяқ астынан сауатсыз немесе шала сауатты болып шыға келеді. Елде «ликвидация безграмотности» жұмысы жолға қойылып, курстарда оқыту кең қарқынмен жүргізілді. Совхоз басшылары жұмысшыларын соғысқа аттандыра ма, әлде сауатсыздықпен күреске аттандыра ма деп дал болып, совхозға жұмысшылар жеткізе алмай,бастары әбден қатқан кез еді.  Салима апа өзінің әкесі және туысқандары туралы әңгімесін былай деп жалғастырды: «Ерші әкем қайың (арықша, сымбатты) қара кісі, Сары мен Боран көкемдер ақшыл, бәрі де бойшаң болатын. Тұқымда аласа кісі болған жоқ. Сары көкемнің мінезі жұмсақтау, Ерші пен Боранның мінезі қаттылау, бірақ ақылды, әділ. Ақылмен айтатын болғасын болар, ол кезде інісі ағасына қарсы келмейді. Біз Боран көкеммен бірге тұрдық. Боран көкем ағаларының сөзімен жүретін, үлкенге қарсы келіп көрген жоқ. Әңгімешіл, қуақы, ашық мінезді. Адамды бөтенсімейді. Тез араласып кететін. Жазда жайлауға шыққанда мал араласып кетпесін деп, бөлек-бөлек отырамыз, кейде қырдың үстінен көрші үйдің төбесі көрініп қалады. Кейбір үйлер көрінбейді. 1-2 құдықтың басында 1 шабан отарымен отырады. Жайлауға көшкен кезде кейде былтырғы құдық құлап, кейбірінде су болмайды. Содан сол құдықты тазалап, қайта қазады, кейде басқа құдық қазады. Көкелерім керім қайратты болды. Бой жеткенге дейін күрекпен жерді құдықтың сыртына лақтырып тұрады, тереңдеген кезде балшықты шелекке салып, жоғарыға жіберіп тұрады. Солай әбден тереңдеп су шыққанға дейін қазады».
 Менің көздері тірі апаларымнан білгенім, Ерші атамыз балаларын Таңдайда интернатта оқытқан. 1941-ші жылы қызы Камиланы да сонда 1-ші сыныпқа береді. Ол кезде ұлы Батан Таңдайда оқуда болған. 1942-ші жылдың басында Ерші атамыз Таңдайға барып, Калиманы қысқы каникулға Сарыкөлге алып келеді. «Жер шалғай, қыс мезгілі шанаға түйе жегіп, 1-2 күн жолда қонып, ауылға жеттік. Бір қонған жеріміз иә Доссор, иә Мақат дәл білмеймін. Әкем: «жазда кері көшеміз, сонда оқуыңды жалғастырасың» - деді. Бірақ одан кейін оқудың сәті түспеді» деп, Камон апа есіне алады. Таңдай мен Сарыкөл Жайықтың екі жағы,  тіке түссе қашық емес. Соғысқа дейінгі кезде Сарайшық тұсында паром болған. Жазда Таңдайдан Сарыкөлге, иә кері көшкен кезде, бүкіл ірі мал, түйе арбаға тиеген зат, совхоздың қойлары сол паромға тиеліп көшетін болған. Қыс күндері мұздың үстімен жүретін болған. Бірақ Сарыкөлге тіке баруға орта жолда, қысы жазы қатпайтын, үлкен сор кедергі болған. Сол себепті жол ұзарып, сорды айналып, Доссорға жақындап келіп, Сарыкөлге бұрылып барады екен. Қыс мезгілдері Доссорға соғып, қонып та қалатыны болған. Соғыстан кейін паром Махамбеттің тұсына ауысқан.«1942- ші жылдың басында Боран көкем соғысқа кеткенде, біздер қыстақта едік. Ол кезде Тұрлан аяғын жаңа тәй басып жүрген мезгіл. Ортасын пешпен бөлген үйдің бір жартысында біздер, екінші жартысында Боран көкемдер тұратын. Қыстың бір күні түйе шанамен соғысқа алып кетті» дейді Салима апа. 
          1942-ші жылдың мамыр айында Ерші өзінің және соғысқа кеткен інісі Боранның отбасымен Сарыкөлден кері Таңдайға қарай көшіп, Бақсай совхозына №2-ші фермаға бас шабан болып жұмысқа тұрады. Бұрынғы өзінің жасап кеткен совхозы. 
          Сол кезде қалыптасқан жағдай туралы Калима апа былай деп еске алған еді: «Әкем елге сыйлы кісі болды. Бір түнде әскери киінген кісілер келді, қызметте жүрген кісілер. Шай ішіп, ет жеді, біздер жатып қалдық. Таңертең тұрғанда әкем жоқ, түнде сол кісілер алып кетіпті. Бірінші Таңдайда болған, артынан қалаға (Гурьевке) алып кетіпті. Әкемнің артынан мамам мен Әлтекен (Еріштің інісі) екі рет барды. Бірінші барғанда кездесіп, тамағын беріп, сөйлесіп келді. Соның артынан сот болып, соғысқа барамын деген соң, соғысқа алып кеткен. Кетерде сондағы милиция кісіге: «Осы қалада Шайекен деген қарындасым тұрады. Соған хабарымды айт»,- деп тапсырып кеткен екен. Мамам мен Әлтекен  екінші барғанда, әкемді соғысқа алып кеткен, кездесе алмайды. Сосын Шайекеннің  үйіне барып, содан хабарын естиді. Ол кезде Тұрлан емшектегі кішкентай бала, түнде жылайды, ешкімге көнбейді. Мамам кеткен кезде, оны түнде Руқия жеңгеміз (Боранның әйелі) бағады. Әкеміз кеткеннен кейін көрмеген қиындығымыз жоқ, совхоздың малын тапсырып, қайда екенін білмеймін, көштік. Дүние-мүліктен, малдан ештеңе қалған жоқ. Қызыл киіз үйіміз бар еді, жазда тігіп отыратын, ол да кетті. Дымсыз қалдық. Білмеймін қалай екенін, айналада ел болмады ма? Жалғыз болдық. Бір аралда қыстап шықтық» деп Камила апа күрсіне еске алады. « Разия шешем айналадағы шабандардан сойған қойдың терісін жинап алып келеді. Оларға теріні тастамаңдар, жинап қойыңдар деп тапсырып қояды. Терінің жүнін жұлып, тазартып, төртке бөліп, темірдің үстіне қойып үйтеді. Сосын қызыл шоққа салып көміп, пісіреді. Сосын аппақ қылып жуып, бізге береді. Соны жеп тоямыз. Сосын тары, шөп жинаймыз. Соны мамам ұнтақтап, суға салып сорпа, иә кәші жасайды. Түсте де, кешке де соны жейміз» деп еске алады Салима апа. Одан әрі Салима апа: "Біздің қыстақ Үштұрба жақта болды. Совхоздың қыстағы. Бір жылы күзде жаңбыр аралас қар жауып, қатты жел тұрып боран басталып кетті. Күн бата бастады. Үскірік жел. Қой ығып кетті. Батан қойдың артынан кетті. Мен оның артынан шықтым. Ыққан қой тоқтамайды. Аяғымда жұп-жұқа етік, үстімде жұқа бешпет, басымда жібек орамал. Батанның аяғында кирзовый бәтеңке, балтырына кигені ескі етіктен кесіп алынған қоныш. Айнала түтеп тұр, дым көрінбейді. Қой қайыруға келмейді. Түс қайта шыққаннан түн болды. Дымымыз қалмай шаршадық, суық жел өтіп барады. Тек қойдың артынан еріп кетіп бара жатырмыз. Қойды жоғалтуға болмайды. Совхоздың малы, сотталасың! Қай жерде екенімізде де білмейміз. Бір кезде ыққан қой бір нән мая пішеннің маңдайына тірелді. Мен әрі қарай жүре алмай, ес- түссіз құладым. Қойдың тұяғының астында жаттым, қой тоңғаннан бірінің үстіне бірі шығып жанталасып жатыр, мен астында қалдым. Қойдың астында қалып аман қалғанмын, сірә. Қойдың асты жылы болады екен. Одан басқа үсіп өлетін едім. Үйдегілер біздер көре ме деп, артымыздан қамыс жағып, от қойған. Таңда завферма артымыздан шанамен іздеп шығып, тауыпты. Шанаға киіз төсеген екен, мені шанаға салып, үстіне қойды ерту үшін шөп салған. Үйге келгесін завферма қой сойып, ет асады. Үйдегілер қойдың сорпасын нән шылапшынға құйып, мені сорпаға шомылдырды. Сосын көрпенің тысын суырып алып, ол кезде жұқа жамылғы жоқ, соған орап тастады. Завферма ағай ертеңгі күні қаладан қаздың майын тауып әкеліп, соны жақты. Бет, қол, аяқ терілері, тырнақ түгел түсіп қалды. Содан үш ай жаттым. Батанның аяғы үскен, башпайлары түсіп қалды". 
Бұл балалық шақтан апаларымның естеліктері. Бұдан қазір түсінетініміз - Ерші атамды бір түнде әскери киінген кісілер келіп алып кеткені. Ол кеткеннен кейін артында қалған отбасы қуғынға ұшырайды. Дүние-мүлкі конфискацияланады. Нысанбаевтарға карточкамен де тамақ берілмейді. Фамилияларын Ерешев қылып алады. Елдің арасында отырып ашаршылыққа ұшырайды. Себебі, көмектесуге ел қорқады. Қастарына келем деп кеткен інісі Сары да аяқ астынан мерт болады. Елде сауатсыздықпен күрес қызу жүріп жатқанда, біздің Калима апада жарты класс, Салима апада ол да жоқ, білімсіз қалады. Ершініі «халық жауы» деп атамаса да, отбасы халық жауындай зардап шеккен. Бұл тек естіген әңгімеміз, естімегеніміз, айтылмағаны қанша! Балым әжеміздің Еріш атам туралы жұмған аузын неге ашпай кеткені енді түсінікті.
Ерші қандай кінәсі үшін сотталды? Сотталса да соғысқа өзі сұранып кетті. Елін қорғауға кетті! Елін қорғауға кеткен азаматтың анасын, әйелін, балаларын соншама азапқа салу адамдыққа  жата ма?!

      2022-шы жылдың аяғында Атырау облыстық мұрағатынан Нысанбаев Ерші атамыздың ісі туралы (қор №385, тізім № 1, іс № 169) құжаттарды таптым. Құжат бойынша Ерші атамыз 1893-ші жылы дүниеге келген, туып өскен жері – Есбол ауданына қарасты Бесарал ауыл советі.
1943-ші жылдың 3-ші қаңтарында Жаманқала поселкесінде орналасқан Бақсай аудандық ІІХК- ның кіші лейтенанты Айтовтың жауап алу хаттамасында былай деп жазылыпты:  1893-ші жылы туған Ериш Нысанбаев Бақсай совхозында №2-ші фермада бас шабан болып жұмыс жасайды. Шала сауатты. Отбасында 5 баласы, қарт шешесі, әйелі бар. Іс Ершімен бала кезінен бірге өскен, сол кезде бірге жұмыстас (аты-жөнін көрсетпей-ақ қояйын) адамның көрсетуімен басталған. Ол бойынша Нысанбаев Ершіге армия қатарына бармау үшін паспорттағы жасын өзгертіп жазған деген айып тағылған. Ерші паспорттағы жасын өзі түзеткенін мойнына алады. Себебіне соғыстан қашу үшін емес, семьясында кішкентай балалары, қарт шешесі болғанын, оларды тастайтын адамы болмағанын айтады. Айтов істің әскери трибуналға жолдануын мақұлдайтыны туралы шешімін шығарады. Қызығы, іс бойынша айғақты зат (паспорт!) жоқ деп жазылған. Яғни, істе түзетілді деп айыптап отырған паспорты жоқ, тіркелмеген. Сонда Ершіге ешбір негізсіз жала жабылуы мүмкін деп ойлаймыз.30-шы қаңтар күні Гурьев облыстық қылмысты істер қарайтын сотта Ерші өзіне берілген соңғы сөзде соғысқа жіберуін сұрайды. Нысанбаев Ершіні 7 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарылып, үкімнің орындалуы соғыстан қайтқанға дейін шегеріледі. 
Сөйтіп, Ерші Нысанбаев 13.02.1943-ші жылы 13-3СБ (арнайы батальон) құрамында соғысқа аттанады. Содан хабарсыз.
Осы мәліметтерге байланысты өзіңнің қандай пікірің бар, неге сол кезде жасы 50-ге келген сенің  атаңа байланысты осындай әділетсіздік орын алған деп ойлайсың?
Мен заңгер емеспін. Бірақ бұл іс бойынша бізді толғандыратын сұрақтар көп:
Біріншіден, Ерші 1893-ші жылғы, 1943-ші жылы жасы 50-де. Ол өз өмірінде 3 алфавит алмасуды басынан кешірді. Төте жазуды жақсы білген болар, бірақ малшы адамның жасы егде тартқан кезде енгізілген кириллицаны жақсы оқитын және қатесіз жазатын дәрежеде білді деу қиын. Ол хаттамада өзіне тағылған айыпты да, ауызша дұрыс түсіндірілмесе, өздігінен дұрыс түсініп оқыды деп айту қиын.  
Екіншіден, паспорт ол кезде орысша толтырылған. Өзі орысша білмейтін, қазақша шала сауатты малшы адам қалайша паспортты орысша түзетіп жаза алуы мүмкін?
Үшіншіден, тіпті осының бәрі мүмкін дегеннің өзінде іске түзетілген паспорты неге тіркелмеген? Паспорт түзетілген болса іске айғақ ретінде бадырайтып тіркейтіні анық. Істе заттай айғақ жоқ делінген. Паспорт жоқ болса, оның қайда екені, неге жоқ екені анықталуы керек емес пе? Ондай сұрақ туындамаған. Ерші бір адамның көрсетуі бойынша айғақсыз сотталған. Сот Ершінің кінәні өзінің мойнына алуымен шешім шығарған.   
Оның соғысқа сұранып аттануының өзі оның соғыстан қашпағанының дәлелі деп санаймын. Осы келтірілген тұжырымдарға сүйеніп, қандай себеппен екенін білмеймін, бірақ, атам Ерші Нысанбаевқа жала жабылған деп санаймын. Ондаған жылдардан кейінгі көзқараспен қарағанда менің де қателесуім мүмкін. Бірақ анық білетінім, ол Отанын қорғауға аттанды. Кінәсі болған күнде де ол кінәсін соғыста өтеді деп санаймын. Еліміздің ел болып сақталып қалғаны да аталарымыздың арқасы. Бәріміз қазіргі өміріміз үшін соларға қарыздармыз. Атына дақ түсіп, елін қорғауға кеткен адамның арқайсысы ақталуға тиіс деп есептеймін. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Елін қорғау үшін қан майданда қаза тапқан адамның бәрі де Батыр!» Сөйткен Батырларымыздың атында таңба болса өзімізге сын деп білемін.
Ресей Қорғаныс Министрлігінің Орталық Мұрағатының «Память Народа» сайтынан Нысанбаев Ерші атамыздың 17.09.1943-ші жылы 15ОБВ бөлімінен келіп, «годен к строевой» деген медкомиссияның шешімімен, Челябинск ВПП-сынан 18.09.1943-ші жылы «24986»-ға жіберілгені туралы құжат табылды. Соған қарағанда ол жараланып, госпитальда болып, госпитальдан кейін соғысқа қайта кеткен. Сол сайттағы тағы да бір құжат бойынша Нысанбаев Ершінің 30.09.1943-ші жылы УрВО штабының ТО-6803 командасының құрамында майданға кеткені белгілі. Әрі қарай дерек жоқ. 
Калима  апаның айтуына қарағанда,1943-ші жылдың жазғұтырым шағы ма, күзі ме әкемнен хат келді. Хатында «Оң жамбастан жараландым, елге қайтам ба деген үмітім бар» деген. Мә, Әкем келіп қалғандай болдық! Қуанышымызда шек жоқ, әбігер болдық та қалдық! Шешем қазы жасап: «Әкең келгесін асамыз!» деп алып қойды. Жалтақтап күтудеміз... Бірақ  содан тым-тырыс...жым-жырт болды да қалды.Содан ЖЫМ-ЖЫРТ..

      P.S. Гүлзаданың мына әңгімесінен кейін жер орта жасқа келген мен де қатты ойланып қалдым. Біз жеті атаға дейінгі өз шежіремізді білсек те, арғы аталарымыз кім болды, олар немен айналысты, арттарына қандай жағымды істер қалдырды деген мәселелерге  дұрыс мән бермеппіз. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,-деп Абай айтқандай, кезінде өзімнің қолымда болған анамнан көп нәрсені сұрап алып қалмағаным үшін қазір қатты қапаланамын. Менің анам 2006 жылы 100-ге келіп қайтыс болды. Мен бала кезімде оқып жүргенде, ол кісі маған: «сендердің мектепте тарихтан оқып жүрген мәліметтерің мүлде қате, оқулықтарыңда қазақтың байларын ешқандай себепсіз қаралап жазылған, олар сендерге мұғалімдерің айтқандай кедейлерді қанаған жоқ, қайта кедей руластарына алдарына мал беріп қамқорлап отырды» дейтін еді. Мен байғұс өзімнің анамның айтқанына сенбей: «қойшы, мама қайдағыны айтасың» деп  ол кісіге сенбестік білдірген едім. Ол кісі, шындығында, өзінің жас кезде көрген білгенінің негізінде осындай әңгімелерді айтқанын қазір біліп отырмын. Себебі, біздің жанұямызда 1927 жылы туған Қабдықалық деген ағамыз тәрбиеленді. Үйдегі балалар, біздер оны "кішкентай ақа" деп атайтын едік. Ол 1928-1929 жылдары Мәмбет өңірінің ірі бай болған әкесі Елештен айырылып, жетім қалғандықтан, менің мамам баланы бауырына басыпты. Себебі, Елеш бай болғандықтан 1929 жылы бүкіл малы тәркіленіп, өзін басқа өңірге жер аударып жіберіпті. Ол кісі менің атам Едрестің туған інісі болатын. Ал енді Гүлзаданың отбасына келетін болсақ, бұлардың да советтік жүйеден көрмеген құқайлары жоқ екен. Өзінің туған атасы Ершінің «шыбындай жанын шүберекке түйіп», бармаған жері баспаған тауы болмапты. Осы облыстың өзінде совхоздың малын баққан кезде қара қойдың қамын ойлап, үш бірдей ауданның аумағын шарласа да, бәрібір жаланың кесірінен 50 жасында өз еркімен соғысқа кетуге мәжбүр болып, сол жақтан оралмапты. Ол кісінің жазықсыздан жазықсыз шаталуына тағы да сол қасында жүргендердің опасыздығы мен сатқындығы себеп болған. Ол жылдары ішкі істер бөлімінің ел арасында тағайындаған жансыздары болған. Олар өздерімен бірге тұрып, бір қазаннан  ас ішіп жүрген адамдарын бас терісімен сатып жіберіп отырған. Мен өз басым осындай сатқындық пен жауыздықтың бәленбай мысалын білемін. Кеңестік белсенділер қазақтың қылмысқа бергісіз ашықауыздығын  жауыздықпен өте шебер пайдаланған. Гүлзаданың атасы Нысанбаев Ершінің басынан кешкен тарихын сол қатыгездіктің айна қатесіз көрінісі деп бағалаудан басқа шарамыз жоқ. Сайып келгенде, Гүлзаданың өзінің атасы Ершінің тағдыры туралы мәліметтерді архив қорлары арқылы іздеп табуы- мақтауға тұрарлық іс деп бағалаймыз.

      Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2021 жылы 25 қазанда жарияланған ««Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» № 456 Жарлығына байланысты құрылған өңірлік комиссияның құрамында зерттеу жұмыстарын жүргізген кезімізде бұрын-соңды естімеген, білмеген жайттарға тап болдық. Ол жайттардың бірқатары 1928 жылы қазақтың ірі байларын кәмпескелеуге байланысты облыс тұрғындарының ауызынан жазылып алынып,  «Халық Жады» жинағына енгізілді. Қазіргі жастар түгіл, аға ұрпақтың өзінің санасы бұрынғы кеңестік дәуірде таптық көзқарасқа негізделген коммунистік идеолологияның ықпалында болғандықтан, халықтың басым көпшілігі қазақтың байларын әлі  күнге дейін ата жауындай көретіні  ешкімге де жасырын емес. Бұл, әрине, үлкен әділетсіздік.  Ал, шындығында, қазақтың байларының  өздері өмір сүрген қоғамдағы ең сыйлы, ең қайырымды, ең біріктіргіш прогрессивті күш болғанын кезінде ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткен болатын. «Халық Жады» кітабына материалдар жинақтау кезінде бізге Исатай ауданының тұрғыны Ғилымғали Омардан сұхбат алудың сәті түскен еді. Ол кісі  әулетінің 20-40 жылдары басынан өткерген ауыр тағдыры, есімдері архив қорларында сақталмаған көптеген ірі байлардың өміріне ұқсас болғандықтан, осы сұхбатты  оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
   - Құрметті Ғилымғали Қаһарманұлы, Сіздің біздің Кеңсеге келуіңіздің себебі неде,  әулетіңізде саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандар бар ма, егер болса, қандай өтінішіңіз бар?
  - Мен Сізге өзімнің әулетімнің тарихын әңгімелеп берейін, ол сайып келгенде, жалғыз менің  әулетімнің ғана тарихы емес, оны 20-40 жылдары қазақ байлары отбасыларының барлығының басына түскен нәубет деп қарастыруға болады.
Мен, Омар Ғилымғали Қаhарманұлы, 30 желтоқсан 1961  жылы қазіргі Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық  ауылдық советінде туғанмын. Біздің әулетіміз Беріш руының Құлкеш атасынан, Құлкештің Байгөл атасы, Байгөлдің Айтуған атасынан  тарайды.
Айтуған атамыз – шамамен, 1770  жылдары туған, ескіше  арабша сауатты, ірі денелі, тұлғалы Бөкей ханның батыры, әскер  басы болған адам. 1801-1802 жылдары Бөкей хан Ресей  патшасының рұқсатымен Жайықтың арғы бетіндегі қазақ елін  құнарлы, шырайлы, малға жайлы екі өзен - Жайық пен Еділ өзені  арасына көшірген кезде, ол кісі бүкіл құлкеш руының  халқын, елін ұйымдастырып, оларды бастап Бөкей ханмен бірге  Жайықтың бергі бетіне өткізген. Атамыз 1840 жылдары, шамамен, жетпіс жасында өмірден өтеді.
Айтуған атамыздың баласы Жапақ  атамыз 1790  жылдары туған. Бұл Жапақ атамыз - ірі денелі, тұлғалы, арабша  оқыған, сауатты, бай-ауқатты, елге белгілі, танымал Бөкей  ханның  биі болған кісі. Сол уақыттағы хандар мен билер барынша әділ болған, қара қылды қақ жарған, елдің, халықтың мұң-мұқтажын, дау-дамайын, жер дауы, жесір дауын алаламай, дұрыс  шешіп  отырған.
Қазіргі Исатай ауданының аумағында, №14 разъезд  тұсында құмға қарай жиекте Жапақ деген жер  аймағы бар, осы  жер Жапақ би атамыздың атымен әлі күнге дейін аталады,  атамыздың бейіті осы жерде, ол кісі, шамамен, 1880 жылдары тоқсан жасында  өмірден  өткен.
Жапақ би атамыздың баласы Жапақов Аманжол 1815 жылы дүниеге келген. Жапақ би атамыз осы баласын, яғни,  Аманжол атамызды Омбы мен  Орынборда  орысша  оқытады. Жапақов Аманжол атамыз - орысша сауатты, білімді, ірі  денелі, тұлғалы, сол кездегі қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бірі. Атамыз 1830 жылдардың басында, шамамен, 20-22 жасында Жәңгір ханның тұсында, Ресей патшалығы үкіметінің жергілікті жердегі өкілі немесе қызметкері «старшина» шеніндегі ресми өкілі болған.
Оның Патша үкіметінің ресми  өкілі болған уақыты Исатай Тайманұлының Жәңгір ханға, Патша үкіметінің жарлықтарына қарсы 1836-38 жылдардағы көтерілісімен тұспа-тұс келеді. Осы  көтеріліс жылдары Исатай  Тайманұлы аз ғана шағын әскерімен Патша үкіметі әскерінен қашып келе жатып, орта жолда  орналасқан атамыздың билігіндегі аймағына келіп, Старшина  Жапақов Аманжол атамыздан Жайықтан өткізіп жіберуіне көмек  сұрайды. Атамыз елдің тұрғындарын  жинап, (ішінде Құлкеш руының елге белгілі азаматы Маябасов Құрақ бар) Исатай мен оның адамдарын  киім-кешекпен,  азық-түлікпен, қару-жарақпен, мініс ат-көлікпен қамтамасыз етіп, оларды Жайықтан  өткізіп жіберген. Исатай ірі денелі адам болғандықтан, оған шақ келетін өзінің киімдерін қоса беріпті.
Кейіннен Хан ордасы мен Патша үкіметінің билігі оның  Исатай Тайманұлы жағында болғанын біліп қалып, шамамен, 1846-47 жылдары Аманжол атамызды өлтірген екен. Сол уақытта  атамыз отыз бес жас шамасында болған, өмірден жастай  кеткен.
Жапақов Аманжол атамыздың баласы Аманжолов Омар  атамыз 1845 жылдары дүниеге келген. Аманжолов Омар атамыз - қажылыққа барған, ірі бай-ауқатты, танымал, беделді, ықпалды адамдар санатына жататын адам. Өзі туыстарымен бір ел, бір ауыл болып отырған. Орпа (Урпа) құмында тастан бірнеше бөлмелі қыстау тұрғызып,  мешіт салдырған, сол мешітте өзі бас имам болған. Құранмен адамдарды емдеген. Аманжолов Омар қажы 1926-27 жылдары соттың шешімімен сайлау құқынан айырылады. Ол уақытта жасы сексеннен асқан.  Омар қажы атамыз жасы ұлғайған шағында ең кенже ұлы, 1910 жылы туған Омаров Нағымның қолында болған. Ал, сексен бес жасында 1928 жылдың күз айында ауыр науқастан қайтыс болады. Сол кездегі елдегі билік өкілдері Омар қажы атамыздың көзінің тірісінде ол кісіні кәмпескілеуге, репрессия жасауға бата алмаған.
Омар қажы атамыз қайтыс болған соң, он алты күн өткен  соң, 1928 жылдың күз айында, Орпа (Урпа) ауылында, Гурьев  уезі, Урал губерниясы атамыздың қырқы өтпей жатып, үйге бір топ  елдегі билік өкілдері, мылтық асынған әскери киімдегі адамдар  келіп, Омар қажы атамыздың заңды мұрагері ретінде ірі бай-ауқатты адамдар санатына жатқызып, Омаров Нағым атамызды  ұстап, кісендеп, барлық малды, бірнеше бөлмелі тас қыстауды,  қос шаңырақты он екі қанат киіз үйді дүние-мүлкімен қоса тәркілеп, кәмпескілеп, Нағым атаның өзін  айдап  әкетеді.
Сол уақытта Омаров Нағым атамыз 18-19 жастарда болған. Атамыздың отбасында өзі, туған шешесі Омар қажы атамыздың кемпірі Аманжолова Камила әжеміз, Нағым атамыздың жолдасы,  әйелі Омарова Мәрия және баласы 1928 жылы туған менің әкем Омаров Қаhарман болған. Мен - 1910 жылы туған Омаров Нағым атамның, 1910 жылы туған Омарова Мәрия әжемнің тұңғыш немересімін.
Омарова Мәрия әжем сол 1928 жылдағы оқиғаларды көзімен көрген, басынан кешірген бірден-бір тірі куәгер болды. Мен үлкен немересі ретінде осы кісінің бауырында, оны мама деп өстім. Бала кезімде осы мамамнан, онымен әңгімелескен қариялардан көп нәрселерді естіген едім.  Омарова Мәрия мамамның айтуынша, Нағым атамызды айдап әкеткен соң, отбасы мүшелерін кәрі кемпір Камила әжемізді, он  тоғыз  жастағы  жас  келіншек Мәрия мамамды, бір жастағы бала Омаров Қаhарман әкемді ештеңе берместен, үйлерінен қуып  шығыпты. Бұлар үйсіз-күйсіз, киімсіз, азық-түліксіз айдалада  қалған. Содан Мәрия мамам ауыл шетіне, айдалаға барып жерден  шұңқыр  қазып, оны шөптермен көлегейлеп күрке жасап, соны  паналайды. Жаны ашыған ауыл адамдары, ағайындар, түнде, таңда  көрінбей ұрланып келіп тамақ, азық-түлік, киім-кешек, керек  жарақтарын әкеліп отырған.
Оны біліп, сезіп қойған жергілікті билік өкілдері,  көмектескен, қол-ұшын берген адамдарды да қудалауға алған.  Елге сиғызбайтынын білген Мәрия мамам бір жастағы жас баласын  кеудесіне байлап, кәрі кемпір енесін бірде жетектеп, бірде арқалап, жаяулап, алыс ауылдағы ағайын таныстарын  сағалайды.
Мамамның айтуынша, совет үкіметі кәмпескелегенге дейін Нағым атамыздың иелігінде, әр түліктің түрінен:  бірнеше мың бас жылқы, бірнеше мың  бас түйе,  бірнеше мың бас сиыр, бірнеше мың бас қой-ешкі малы болған. Нағым атамызды ірі бай-ауқатты адамдар санатына жатқызған. Сол  кездерде адамдардың әлеуметтік жағдайы, беделі, танымалдығы оның иелігіндегі мал басының санымен анықталған. Ең тақыр кедей деген қазақтың өзінде, кем дегенде жүзге тарта қой-ешкісі, отыз-қырық сиыры, он шақты түйесі, жиырма шақты жылқысы, ал кедей қазақтың өзінде әр түліктің  түрінен жүзге тарта мал басы болған. Орташа байларда әр түліктің түрінен бірнеше жүз бас малдан, ірі байларда әр түліктің түрінен мыңға тарта мал басы болған екен. Аса ірі бай-ауқатты адамдарда әр түліктің түрінен он мыңға тарта мал басы  болыпты деседі. Осы бай-ауқатты адамдардың барлық мал-мүлкін тәркілеп,  оларды колхоздарға бөлген, өздерін репрессияға ұшыратып, соттап  айдаған, отбасы мүшелерін қудалауға ұшыратып, елден қуған. Ал,  кедей, тақыр кедей деген адамдардың малдарын колхозға  өткізіп, өздерін, отбасы мүшелерін колхоздың жұмысына жеккен. Омаров Нағым атамыз тұрған аталық жеріміз Орпа ауылында екі колхоз, Ворошилов колхозы және Қызыл Қазақстан колхоздары құрылып, Нағым атамыздың малдары осы колхоздарға бөлінген. Әжемнің айтуынша, бұлардың қолдарына бір бет « акт изьятия» деген қағаз берген көрінеді. 1928-30 жылдардағы бұл репрессия Омаров Нағым  атамыздың бұл бірінші рет ірі бай-ауқатты адам ретінде  репрессияға ұшырауы болды. Орпа ауылындағы атамыздың  бірнеше бөлмелі тас қыстауын «Папанин» атындағы мектепке алған. Бұл мектеп алпысыншы жылдарға дейін балаларды  оқытты.  Осы мектепте оқыған адамдардан үлкен білімді  адамдар,  бірнеше академик, елге танымал мемлекет қайраткерлері шықты, атақты Закаш Камалиденов  осы мектепте оқыған. 
     1928 жылдың күз айында Омаров Нағымды айдап әкеткенде қазіргі Новобогат ауылының тұрғындары Айтбаев Жұмағали,  Исақұлов Маннан, Шакесов Қаббас деген үлкен қариялардың  айтуынша, Нағым атам 5-6 жылға сотталып, Индерборда борат кенішінде ауыр жұмыста  болған. Бұл қариялар сол уақытта он төрт, он бес жастағы баламыз  дейді.
       Омаров Нағым 1934-1935 жылдары келіп жанұясымен  қауышып, қазіргі Исатай ауданы, Аққыстау селосы Таскран жеріне  үйлерін тігіп отырады. Нағым атам Мәрия мамама Индерде  өзіндей сотталған, айдалған адамдардың өте көп болғанын, жұмыстың өте ауыр таңның атысынан күннің батысына дейін күніге 14-16 сағат, жартылай аш, жартылай жалаңаш ауыр жұмыста болғандарын, оған шыдай алмай көбінің өліп кеткенін, тек  қана өзіндей азғантай жастардың ғана аман қалғанын айтыпты. Атам тек  жастығының арқасында аман  қалған. 1937-38 жылы Омаров Нағым атамды тағы да соттап, айдап әкетеді. Меніңше, бұл жолы  қажы,  имам-молда баласы ретінде репрессия  жасаған тәрізді. Содан ол 1937-1938 жылдан 1940 жылдың  аяғына дейін Мақат, Доссор, Мұқырдағы теміржол құрылысында, қара жұмыста болыпты. Ал, енді елде қалған жанұясы, шешесі Камила әжеміз, әйелі  Омарова Мәрия мамам, баласы Қаhарман және кішкене қызы Мәзікура тағы қудалауға түскен. Содан Мәрия мамам кәрі енесі Аманжолова Камиланы үлкен абысыны, Нағым атамның үлкен ағасы Ихдан атамыздың кемпірі Шамшиденова Сағира әжемізге  апарып  беріп, аманаттап, өзі екі баласымен елден безіп, Гурьев қаласына кетеді.  «Халық жауының әйелі»  мамамды еш жерге жұмысқа алмағаннан кейін базарға шығып сауда жасап күндерін көріпті. 1940 жылдың аяғында Нағым атамыз аман-есен Мұқырдағы қара жұмысынан босап шығады да, отбасымен кездеседі. Осыдан кейін 1940 жылдан 1942 жылдың ортасына дейін Гурьев қаласындағы  балық заводында жұмысшы болып жұмыс жасайды. Маманың айтуы бойынша, 1928 жылы Аманжолов Омар қажы  атамыз ауырып жатып, қолындағы кенже баласы, менің атам Омаров Нағымға үйдегі барлық алтын, күміс заттарды, алтын, күміс ақша (рубль), үлкен бармақ басындай алтын құймаларды, тай тұяғындай күміс құймаларды, тағы да  басқа бұйымдарды жинап  барлығының көзін жою, жасырып тығу қажеттігін айтыпты. Сосын бұларды қай жерге жасыруға, тығуға болатынын  айтқан. Осыдан кейін, Омаров Нағым атам үйдегі барлық алтын, күмістерді жинап алып, қасына зайыбын ертіп, екеуі екі атпен түнделетіп, айдың  жарығымен, атпен бірде шауып, бірде желіп, біраз жер жүріп отырып бір ескі қыстауға келіпті. Осы қыстаудың іргесіне әкелген құнды бұйымдарын алтын, күмістерін  көміпті.
Бұл жердің қай жер екенін, не қыстау екенін тек қана менің  атам Омаров Нағым ғана білген, басқа ешкім білмеген. Ол бұл  туралы көзінің тірісінде өмірден өткенге дейін ешкімге тіс жарып  айтпаған. Мамам оның қай жер, не қыстау, кімнің қыстауы екенін, тіпті бұның қай бағытта екенін білмейтінін, тек қана күйеуінің қасында ес болып жүргенін айтқан болатын. Енді 1980 жылдардың бірінші жартысында, Новобогат ауданы қазіргі Исатай ауданы аймағында бір жерден біраз алтын табылыпты. Біреулер «бұл кімнің  алтындары екен?» деп сол кездегі көзі тірі, жасы үлкен қариялардан сұрастырғанда оның ірі бай Аманжолов Омар қажыныкі болуы мүмкін деген әңгімелер айтылған. Бұл  әңгімелерді мен естідім, ол кезде 20-21 жастамын, студенттік кезім болатын. Бұл кезде мамам (әжем) өмірден өтіп кеткен болатын. Сол естіген әңгімемді өз әкем Омаров Қаһарманға айтқанымда «Қолыңда дәлелдейтін дәлелің жоқ, жайыңа қарап, тыныш жүр» деді, осымен бұл әңгіме бітті.
 - Құрметті Ғилымғали Қаһарманұлы, Сіздің аталарыңыздың совет үкіметі тарапынан көрген азабы мен қорлықтары кез келген кеудесінде жаны мен жүрегі бар адамдарды бей- жай күйде қалдырмайтыны анық. Енді сол жазықсыз жазаланған бабаларыңызды есте қалдыру үшін қандай ұсыныс берер едіңіз?
- Қазақтың бай-ауқатты адамдары 1920 жылдарға дейін   өздерінің байлығын тек малды өсіріп, көбейтумен шектелмеген,  сонымен қатар, өзінің байлығын, капиталын құнды заттармен  алтын, күміс түрінде жинақтаған. Сол кездердегі экономикалық ахуалға байланысты алтын мен күміс ақшалар, құймалар, бұйымдар өзінің құнын жоймайтын, өтімді, ликвидті бірден-бір үлкен сұранысқа ие сауда-саттық айналымындағы қаржы  құралы  ретінде  жүрді.1920 жылдарға дейін қазақтың бай-ауқатты адамдарында,  ақсүйектерінде, дала  аристократтарында атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жинақталып   жеткен мал басымен қатар, құнды капитал алтын мен күміс көлемі де жеткілікті болған. 1920-30 жылдары жаңадан құрылған жас советтік кеңеске, жаңа экономикалық саясатты жүргізу үшін қомақты   қаржы көзі,  инвестиция көзі ауадай қажет болды. Бұндай қаржы, инвестиция көзінің, сол кезде жас советтік кеңесте өте тапшылығы сезілді. Бұндай қаржы, инвестиция көзін қайдан алуға болады?   Бұның тек қана бір-ақ жолы болды, ол - қарапайым халықтан алу. Қарапайым халықтың ішінен кімдерден алу қажет болды,   капиталистерден, орта, ұсақ буржуазиядан, кулактардан, қазақтың   бай-ауқатты адамдарынан, қазақ ақсүйектерінен, қазақтың дала  аристократтарынан алу қажет болды, оның тек қана бір-ақ жолы болды, күштеп, зорлық-зомбылықпен ғана алуға болатын еді. Осы мақсатта қазақ мемлекетінде, елінде, жерінде, даласында 1928-30 жылдардағы жаппай саяси қуғын-cүргін, нәубет басталып кетті.
Бала кезімде Омарова Мәрия мамаммен әңгімелескен көнекөз қариялардан естігенім, 1928-30 жылдары, репрессия, кәмпескілеу, тәркілеу үйлерді тінту кезінде бірінші кезекте құнды капитал ретінде алтын мен күміс іздеген, сосын құнды тарихи   жәдігерлерді  іздеген екен. Тәркілеу, тінту кезінде үйден алтын мен күміс, тарихи жәдігерлер табылса, олардың  барлық алтын мен күмісін, тарихи жәдігерлерін, барлық мал-мүлкін тәркілеп, өздерін   барлық түгел отбасы мүшелерін ату жазасына кескен көрінеді. Тәркілеу, тінту кезінде үйден алтын мен күміс, тарихи жәдігерлер  табылмаған жағдайда, бұл екінші кезекте, барлық мал, мүлкін тәркілеп, бай-ауқатты адамның өзін ұстап, кісендеп  бірнеше жылға соттап, ауыр қара жұмысқа, еңбек колониясына айдаған көрінеді. Ал, қалған отбасы мүшелерін үйлерінен қуып шығарып, қудалауға  ұшыратқан.
Осындай сұмдық жағдайларды естіген оңтүстік Қазақстан,   орталық Қазақстанның бай-ауқатты адамдары елінен, жерінен безіп, барлығын тастап, бастарының амандығын сақтап қалу мақсатында, шетелге Тәжікстан арқылы Ауғанстанға, Түркіменстан арқылы Иранға өтіп кеткен.
1928 жылдың күз айында біздің әулетіміздің үлкен отбасын,  Омаров Нағым атамның отбасын кәмпескілеу, тәркілеу кезінде үйімізден атамыздың қомақты капиталы, алтын мен күміс    ақшалары,  құймалары, бұйымдары, құндылықтары және құнды   тарихи жәдігерлері қолдарына түскен жағдайда,  Омаров Нағым атамыздың өзін және бүкіл түгел отбасы  мүшелерінің, Николай Романовтың отбасы тәрізді, түгел ату   жазасына кесілуі толық ықтимал еді. Құдай сақтап, біріншіден, ауырып жатса да Омар қажы атамыздың көрегендігінің арқасында үйдегі барлық алтын мен күмістерді ескертіп, айтып, тыққызып, көмгізген, екіншіден, Мәрия мамамның ақылдылығы мен тапқырлығының арқасында үйдегі барлық құнды тарихи  жәдігерлерді тәркілеуден бұрын жасырып тығып үлгерген, осы екі адамның арқасында барлық отбасы мүшелері ату жазасынан аман   қалған.
1942 жылдың ортасында Омаров Нағым атамыз Гурьев  қаласынан соғысқа кеткен. Соғыста Сталинград шайқасына түсіп, 1942 жылдың аяғында ерлікпен қаза тапқан. Жерленген жері -қазіргі Волгоград облысы Дубов ауданы Лозное селосындағы, Спартак хуторында бауырластар зираты. Омарова Мәрия 72 жасында 1982 жылы, әкем Омаров Қаhарман 65 жасында 1992  жылы өмірден  өтті.
1928-1930 және 1937-1938 нәубет жылдардағы, репрессия  құрбандары болған қазақ ақсүйектерін, олардың ұрпақтарын,  қазақ интеллигенциясын ақтап алу мақсатында, сол кезеңдердегі  болған оқиғаларға әділ  бағасын беру мақсатында ұсынамын:
-    Қазақстан Республикасында «Ақсүйек» республикалық   қоғамдық ұйымын құру. Қоғамдық ұйымның басты мақсаты,  репрессия  құрбандарын ақтап алу, олар туралы әлі де деректер  мен құжаттар іздестіру, сол нәубет жылдары қайтыс болған  құрбандардың жерленген, көмілген жерлерін іздестіріп, сол  жерлерге қорған салып, ескерткіш мемориал  орнату. Мемориалға қаза болғандар мен хабарсыз кеткен боздақтардың есімдерін алтын әріптермен қашап жазу.
-    Алдағы уақытта, болашақта қазақ жерінде, қазақ  мемлекетінде бұндай нәубет, репрессия болмас үшін, Қазақстан  Республикасында адами құндылықты, адами қасиетті насихаттау,  азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында « Ақсүйек» қоғамдық қорын құру.
-    «Ақсүйек» республикалық қоғамдық ұйымының облыстарда  бөлімшелерін ашу, қоғамдық ұйымның жұмысын жүргізу үшін, қаржы көздерін қарастыру. «Ақсүйек» республикалық  қоғамдық ұйымының, қазақ елі үшін, қазақ мемлекеті үшін атқарған маңызды жұмыстарын нақты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Парламентіне, Президентіне нақты ұсыныстар дайындау.

 - Ғилымғали Қаһармаұлы мәнді әңгімеңіз бен бағалы ұсыныстарыңыз үшін көп көп рахмет!

  P. S. Осы келтірілген мәліметтерден біз, өлкемізде бұдан жүз жылға жуық уақыт бұрын  бір  әулеттің қандай қасіретті жағдайды бастан кешкенін біліп отырмыз. Осындай ауыр қиыншылықты бастарынан кешкен қаншама отбасылар болды десеңізші!  Совет үкіметі орнағанға дейін Орпа өңірінің ірі байы Омаров Нағымның әулеті жеті атасынан бері қарай шалқып өмір сүріп, өздерінің ақ адал еңбегімен бүкіл үрім-бұтағына жететіндей байлық жинаған екен. Әулеттің арғы аталары Айтуған мен Жапақ билер Бөкей сұлтанның қарауында халыққа адал қызмет еткені үшін ақ патшадан шен мен шекпен алып, айналасындағы халқын жарылқаған жандар ретінде жұртшылықтың есінде мәңгі қалыпты. Ал, осындай, Мұрат ақын жырлағандай «шынжыры жеті атадан арылмаған, қашаннан Алла өздерін жарылқаған» әулетті  бір күнде сорлатып, жинаған ақ адал дүние мүлкі мен малын тартып алып, асыраушы азаматын бір емес бірнеше рет қуғын сүргінге ұшыратқан, ен байлықтан үстеріне ең құрығанда паналайтын күркешік те тастамай, айдалада апан қазып алып, сонда тұруға мәжбүр еткен совет үкіметінің қатыгездігіне не айтуға болады?! Бұндай жауыздықты Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан бері ешкім де, асылы, көрмеген шығар. Сөйткен совет үкіметінің тағдыры бізге белгілі, ақыры аяғы аспаннан келді. Ендігі міндет: төл тарихымыздың қайғылы беттерін ешқашан да ұмытпай, өткеннен сабақ алып, дұрыс қорытынды жасау болып табылады.
  Бұл жерде бір ескерілуге тиісті бір мәселеге тоқталғым келеді. Ол-қазақ әйелдерінің қайтпас қайсарлығы  мен қажырлығының арқасында өздерінің бастарына түскен қандай да болмасын адам айтқысыз  қиындықты жеңе отырып,  ұрпағын сақтап қалуы үшін күресі деп айтар едім. Біз қазақ әйелдерінің осындай теңдесі жоқ қажырлылығының жарқын үлгісін Ғилымғали Қаһарманұлының әжесі, репрессия құрбаны Омаров Нағымның әйелі Мария есімді Ананың өмір жолынан танып білдік.1928 жылы совет үкіметінің жандайшаптары Ғилымғалидың атасы Омаров Нағымды бір күнде тұтқындап, алдарына салып айдап алып кеткендері аздай, ол кісінің әйелі Мария апай бастаған жанұясын отырған үйлерінен қуып шығып, тыр жалаңаш, ассыз-сусыз қалдырғанда, өлместің қамын жасау үшін әуелі шағылдың ішінен апан қазып, қарт енесі мен бойы өсіп, буыны қатпаған жалғыз ұлы Қаһарманды сонда паналатып, аман-есен алып қалып, ел қатарына қосқан анаға ескеркіш орнатса да артық емес!  
      Біздің өңірде  малдарынан айырылып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жалғыз Орпа өңірінің ірі байы Омаров Нағым  емес, олардың саны 30-дан асып жығылады. Олардың бәрінің де есімдері архивтерде сақталмаған.  Бірақ құдайға шүкір, біздің қазақ халқының бір жақсы жері-әрбір отбасында балаларынан өздерінің шежіресін білуді талап етуінің нәтижесінде, кезінде жазықсыздан жазықсыз репрессияға ұшыраған жандардың  Ғилымғали сияқты ұрпақтары аталарын ақтау үшін өздерінің өтініштерін жоғары ұйымдарға беріп, қазір солардың нәтижелерін күту үстіндеміз.
          Әңгімелескен Шахман НАҒИМОВ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі                             Атырау   өңірлік комиссиясының мүшесі,   «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері    

Ғилымғали Омардың әжесі Мария ана  

 

 Бүгінде тарих қойнауына енген 2016 жылы Исатай ауданында халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толу мерейтойы жоғары дәрежеде аталып өтті. Осыған орай Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай сонау Сарыарқадан елге қарай ат басын бұрған болатын. Сол сапарында «Исатай-Махамбет тарихы» атты зерттеу кітабын жазған жазушыдан  сұхбат алудың сәті түскен еді. Бүгінде сол бір кездесуді сағына еске аламыз. Кең жүректі абзал ағадан алған соңғы сұхбатты «Сарайшықтың» оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік. 

- «Исатай-Махамбет тарихы» зерттеу кітабы - 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің арғы-бергі тарихы жөнінде тереңнен толғап, жүйелі әңгімеленген туынды. Кейінгі кездері көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы туралы  көп айтылмай кеткен сияқты. «Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алған», елі үшін еңіреген қос батырдың ерлігі болашаққа мирас боп жете ме? Ұрпақ тәрбиесінде қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?
- Еліміз егемендігін алғаннан бері көптеген ұлт-азаттық көтерілістің басшылары туралы айтуды қойдық. Көбінесе хандардың тарихымен шұғылдандық. Мұның да өзіндік мемлекеттік мәні бар.  Жаңа мемлекет құрып жатқандықтан, осынау тәуелсіз мемлекетіміздің орнында да кезінде күшпен жойылған хандық, яғни, мемлекет болғанын, мына егеменді еліміздің сол топырақта қайта құрылып отырған мемлекет екенін ел құлағына жеткізіп, ұрпақ санасына сіңіру үшін көбірек жаздық.
           Қазіргі таңда ұлт-азаттық көтеріліс тарихы, оның басшылары мен соңынан ерген батырлар туралы айтпаса болмайтынына тағы көзіміз жетті. Себебі, халқымыздың патриоттық сезімін ояту үшін батырлардың елді сүюі, отаншылдыққа тәрбиелеудегі әсерінің күшті болатынына көзіміз жетті. Көтеріліс басшыларының халқы үшін жасаған жан пидалық істері анық көрінеді. Бұлардың бәрі жалаң қылышпен қаптаған әскерге қарсы шығуы, жанын бәйгеге тігуі — нағыз патриоттық тәрбиенің көрнекті құралы. Сондықтан, олардың ерлігі ұмытылмайды, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып қала береді. 
- Аталған кітапта бұрын-соңды тарихта көп айтылмайтын Есенғұл Бабат, көн садақты Құдайберген,  Шығанақ батырлар, олардың Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына жасаған жақсылықтары, берген көмегі туралы кеңінен тоқталыпсыз. Олар туралы деректі қайдан алдыңыз? Бұл шынында да дәл тарихи дерек пе? Тарихшылардың оны зерттеу жұмыстарына пайдалануына болады ма?
- Кітапқа енгізілген деректердің бәрі де ауыз әдебиетінде бар. Кезінде тарихшылар қазақ фольклорында айтылған сөздерді тарихи дерек ретінде пайдалануға қарсы болды. Сол дерттен әлі арыла алмай келеміз. Ол ауызекі дерек болғандықтан, әрі деректің өзін жырлап отырған адам өз көзімен көрмегендіктен, сол оқиғаны көрген, оған қатысы бар, немесе естіген адамдардың айтқанын жырға қосып отыр. Сондықтан, фольклорлық деректердің даталық уақыт жағынан әлсіздігі рас. Бұл жерде шатысушылық болады. Ал, болған оқиғаны баяндау жағынан ол — шындық. Уақыт жөніндегі қателіктерді басқа деректермен салыстыра отырып түзетіп, ұлттың мұрасына айналдыруға болады, құндылығында сөз жоқ. Кітаптағы көн садақты Құдайберген, Есенғұл Бабат, Шығанақ батырлар фольклорда бар. Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанында бар адамдар. Соның негізінде датаны қою, нақтылау арқылы  жан кіргізіп, кітапқа енгіздік. Тарихи дерек ретінде оқиғаға әсер етіп тұр.
- Осы еңбегіңізде Исатай Тайманұлын тек ел қамын жеген батыр ғана емес, қара қылды қақ жарған әділ би, ақылман саясаткер ретінде суреттеген едіңіз. Адай-кете руларының арасындағы өшпенділікке нүкте қоюдағы батырдың еңбегін жеріне жеткізіп айттыңыз. Сол жөнінде түсінік бере кетсеңіз?
- Исатайдың адайлар мен кетелер арасындағы қантөгісті тоқтатқаны — айтылмай жүрген әңгіме еді. Тарих оны біледі. Бұл әңгіме адайдың жырауларының жырларында кездеседі. Шежіре арқылы ғана айтылып жүрді. «Былқылдақ» деген жердегі соғысы туралы да көп адам біле бермейді. Бұл тарихи оқиғаны Исатайдың рөлін жоғарылату үшін жаздым. Ертедегі шалдардан естіген әңгімем еді. «Қаратон» маңында болған оқиғалар. Ол жерлерде кісі өлімі болған, бәрі де жалаң қылышты батырлар ғой. Ол шындықты айтқаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Алты-жеті жылға созылған дау-дамайды Исатай шешіп берген. Исатайдың саяси санасының жоғарылығын да осыдан көруімізге болады.
-Соңғы «Ақбұлақ» соғысында Исатай Тайманұлы қаза тапты. Осыған дейін Исатай мен Махамбетке   қол жинап беруге уәде еткен Қайыпқали сұлтан серттен тайды. Осы сұлтан төңірегінде әңгіме көп. Сіз Қайыпқали сұлтан туралы не ойлайсыз? Егер ол аталмыш соғыста көтерілісшілермен бірге болса,  көтерілісшілер жеңер ме еді? Әлде зеңбірегі бар, мұздай қаруланған патша әскеріне шамалары жетпес пе еді? 
-Тарихта жамандалған адамның бірі — Қайыпқали сұлтан. Ол негізі тарихшылар айтып жүргендей өте жаман адам емес. Ресей отаршыларына қарсы күрескен, Ресей патшасының қара тізіміне енген адамның бірі. Патшаға қарсы 1829 жылы ұлт-азаттық күрес ұйымдастырған. Сөйтіп, 1831 жылы Калмыково, Орал түрмесінде отырып шыққан. Одан қашып шығып Хиуа хандығына кетті. Оның бірден-бір елге тигізген зияны- Жәңгірдің қол астындағы 2-3 мың отбасын Хиуа хандығына алып кетуі. Жәңгірді әлсіретем деген әрекеті бұл. Хиуа бойында қазіргі таңда сол отбасылардан қалған алаша, байбақты, адайлардың ұрпақтары әлі де бар. Халық батыры Сырым Датұлының үлкен ұлы Жүсіп, Науша батыр да Қайыпқалиға ілесіп, елден кеткен. Ұлт-азаттық қозғалысына қал-қадірінше үлес қосты.
          «Ақбұлақ» маңындағы шешуші шайқасқа кірмей, аңысын аңдып қалып қойды, 2500 адамдық әскерін соғысқа салмады. Қулығы, бас пайдасын ойлайтыны, саясатпен әрекет етем деп жанталасқаны салдарынан тарихта жақсы аты қалмады. Батырлығы жоқ еді. Әрине, ол соғысқа кірсе, көтерілісшілер жеңетін еді. 
-Әлі күнге дейін елден бағасын ала алмай жүрген көтеріліс батырлары бар ма? Оларды қалай насихаттаймыз?
- Нағыз батырдың бірі — Құрақ Маябасов. Сол бір аласапыран жылдары, желтоқсанның көз түрткісіз ала боран қараңғы түнінде ол өз басын, шаңырағының тағдырын Исатай үшін қатерге тігіп, жол бастаған. Олар Жаманқаладан 5-6 шақырым жердегі Сарытоғайдың жырасына түсіріп, жершілдігінің арқасында Жайық аңғарына аңдып тұрған әскерге көрсетпей жеткізеді. Суы қайтып, арнасы азайған өзеннің шаппа жарлы жағасынан киіз төсеп, алдымен Исатайдың отбасын өткізеді. Осыдан-ақ халықтың батырға деген махаббаты көрініп тұр. Тағы бір батыр — Есенгұл Үбі Үсеұлы. Оның батырлығы туралы ел аузында аңыз көп. Көтеріліске бастан-аяқ қатысқан. «Ақбұлақ» шайқасында батырдың атына оқ тиіп, жаяу қалатынын бәріміз білеміз. Сол кезде Махамбеттің інісі Қожахмет Өтемісұлы мен Үбі батыр кезек-кезек аттарын батырға көлденең тартады. «Исекелеп» боздап жылаған Үбіні батыр қуып жібереді. Міне, көзсіз батырлар. Оларды насихаттау қиын да емес. Мектеп мұғалімдері көтеріліс туралы өткен кезде жас ұрпақтың санасына құйып отырса, міне, насихаттау!
- Көтеріліс туралы айтқан кезде бұрынғы қариялар да, қазіргі батырға тілеулес ел-жұрт та «Исатай хан ордасын бекер шаппады» деп отыратыны жасырын емес. Әрине, бұл эмоцияға берілгендік, Сіз қалай ойлайсыз, батыр хан ордасын шабуы керек пе еді?
- Менің ойымша Исатайдың хан ордасын шаппағаны дұрыс болған. Одан келіп кетер пайда жоқ еді. Жәңгір өлсе, орнына тағы бір хан келеді. Исатай Жәңгірді өлтіруді әуелден мақсат етпеген. Оны өзінің қойған талабына көндіруге, хан билігін шектеуге ғана әрекет етті. Бұл орайда батырдың шешімі - гумандық, адамгершілік, имандылық, саяси жағынан алып қарағанда дұрыс шешім. Сырым Есім ханды өлтірді, Есімнің орнына інісі отырды. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Исатай хан билігін тежеуді ойлады. Соңынан ерген елдің қонысын алып бергісі келді. Оған Жәңгір құлақ аспады. Патша әскерін шақырып, қанды қырғын жасады.
- «Жұлдыз» журналынан «Туған ауыл  түтіні» деген  туындыңызды оқыдық. Өзіңіз өскен ортаға ойша оралған сыңайлысыз?
-Иә, «Туған ауыл түтіні» деген әңгімелер жинағын жазып бітірдім. Әдетте ақындар 20-40 жасында танымал болып қалыптасады да, прозаиктер сәл кенжелеу қалады. Кейін қалыптасады. Біздің жазушылардың көбі өздері көрмеген, білмейтін тарихи оқиғаларды зерттеп, солар туралы повесть, роман жазады. Негізінен жазушы өз шығармашылығын ақылмен басқарып, ақыл шешімімен жасайды. 
         Ал, кей туынды ұзақ уақыт бойы миыңда қатталып, жазылмай жатады. Ол жүрек сүзгісінен өтеді. Солай болған сайын жас кезде өз көргеніңді көркем шығармаға қалай аудару жолдарын жақсы сезінетінің бар. Соның бір сәті түсті. Бұл әңгімелер жинағы екі-үш том кітапқа жүк болады. Әдебиетке қосқан үлесімді айтқанда, менің осы әңгімелерім түптің түбінде дұрыс болып қалуы мүмкін. Өйткені ол - жүректен шыққан.
- Аталмыш туындыдағы «әже»  образы оқырманды ойландырмай қоймасы анық. Қазақ әдебиетіндегі Айғаным, Зере, Ұлжан, Ұлпан сияқты ана  бейнелеріне тағы бір ғажап кейіпкердің қосылғаны бізді қуантады...
- Әже бейнесі — қазақ баласына өте жақын. Өйткені қазақ баласының бәрі әже қойнында өседі. Шешеміз колхоз жұмысында жүрді. Сондықтан әжеміздің образы, берген тәрбиесі жүректе қалып қойды. Сол кездің шындығы, аштан өлген адамдар, бәрі көз алдымнан өтті. «Бірінші инсультты мен алты жасымда алған шығармын» деп ойлаймын.  Бізге қарсы тұрған ауылды «Жаңа ауыл» дейтінбіз. Сонда Сәрсенбай деген кісі болды. Оның әйелін елдің бәрі «Айғай» атайтын. Сол Сәрсенбайдың анасы болды. Шүйкедей ғана кемпір. Әжеммен сырлас, мұңдас еді. Бір боранды күні екі кештің ортасында келді. Келесі ауылда қызы бар еді, соған бара жатыр екен. «Кеш болып қалды. Барма, осында қон. Адасып кетерсің, байғұс»,-деген әжеме көнбей кетіп қалды.
         Таңертең мектепке бару үшін оянып, есікті ашып қалып едім, үстіме бірнәрсенің құлап кеткені. Сөйтсек, аяздан тоңып қалған жаңағы кемпір есік қағуға әлі келмей, сүйеніп тұрып қалыпты. Сол кезде жүрегіме ақау түскен шығар...
- Қазіргі прозаиктерден кімдердің шығармашылығы жаныңызға жақын? Кімдердің әдебиетте есімі қалады деп ойлайсыз?
-Қуаныш Жиенбай, Жамбылда бір прозаик жігіт бар, есімін ұмыттым. Солардың туындыларынан үміт күтемін. Ал, әдебиетте қалатын есім- Рахымжан Отарбаев. Ол қалыптасқан, алыс-жақын шетел мойындаған мықты жазушы. 
- Қазіргі сынның жағдайы қандай? Кезінде Зейнолла Серікқалиев сынды біртуар сыншылар өрге сүйреген қазақ әдеби сынының қазіргі  халіне көңіліңіз тола ма?
-Әдеби сынның қазіргі ахуалы мәз емес. Жылт еткен сыни мақалалар көрсек жібермей оқуға тырысамыз. Жақында Қажығали Мұхамбетқали «Қазақ әдебиеті» газетінде қазіргі әдебиеттің жағдайы, оны қайтсек көтереміз деп мәселе қойды. Сол сыни мақала ұнады. 
         Кезінде «қазақ әдебиетінің күміс шашты герцогы» атанған Зейнолла Серікқалиев туралы ой менің өзегімді өртейді. Өзінен бала болмады, елінде де жоқтаушысы жоқ. «Жоқтаушысы жоқ ер жетім» деген сөз қалай дәл айтылған? Жиырма бес жасында филология ғылымдарының кандидаты атанған, ғажап білімді эстет еді. Туған жері Құрманғазы ауданынан да ол туралы бір ауыз сөз естімейміз. Мерей жасын да атап өтпеді. Негізі сондай ұлы тұлғалар ұмытылмаса екен. Оның қазақ әдеби сынына қосқан еңбегі — өлшеусіз. Қоғамда резонанс туғызған адам. Енді ондай сыншы туары неғайбіл. 
-Болашақтағы жоспарларыңыз?
-Келешекте «балапан санайтын кез» де келе жатыр. Соған дейін бүкіл жазғанымды қайта қарап, 30 томның шамасында 600 баспа табақ болатын кітаптарымды дайындап қойдым. Екіншіден, мен соңғы кезде қазақ тайпаларының тарихын жазып жүрмін. Ұлы жүз, орта жүздің тарихы жазылды. Енді батыс тайпалары жазсам деген ойым бар. Ғұмыр жетсе...
-Жоспарларыңыз орындалғай! Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

1 ішінен 2 беті