Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Көктүріктер және көне ғұрыптар...

Осыдан бірнеше мыңдаған жылдар бұрын Ертістен Дунайға дейінгі территорияны біздің батыр бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғады. Бүгінде тарихшылардың сақтар, ғұндар, көктүріктер деп жүргені қазіргі қазақ халқының ата-бабасы екенінде дау жоқ. Табиғаттың тылсым сырын игеріп, тал бесігім деп тәу еткен сол бір ежелгі сақ тайпалары да қылышын сүйреткен қыс қаһарының сынып, Жер-ананың бусанып, табиғаттың түлеген шағы – көктемді асыға күтіп, үлкен мерекеге айналдырған. Сол бір алыс қалған кездерде олар адамның тұрмыс-тіршілігіне қатысты салт-дәстүрлерді салтанатты түрде өткізіп отырған. Бүгінгі  шілдехана-бесіктой, сыңсу мен беташар  сол кезеңнен қалған салт-дәстүр жалғастығын паш етеді. Есте жоқ ескі күндерде ата-бабаларымыз көне ғұрыптарды қалай сақтады екен? Болашақ ұрпаққа қалай жалғастырып отырды? Осыған тоқталып өтуді өзімізге парыз санадық.

Көк қақпасының ашылатын күні
        Түркі халықтары ежелден табиғатпен етене өмір сүріп, айнала қоршаған ортаның тылсым сырын ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етіп жеткізіп отырған. Қазақ халқының бізге жеткен ырым-тыйымдарынан біз есте жоқ ескі замандағы ата-бабаларымыздың тыныс-тіршілігін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын танитынымыз рас. Атадан балаға жалғасқан дәстүр кейінгі ұрпақтарға да мирас болып, қасиетті анттай, берілген серттей болып сақталды. 
        Бүгінгі таңда Ұлыстың ұлы күнін ұлықтап қарсы аламыз. Биыл наурыз мейрамы 14-наурыздан басталды. Әлі есімізде, ата-әжелеріміз бұл күні бізді ерте оятып, ауылдың үлкендеріне көрісіп келуге жұмсайтын. Ал, өздері қыстан қалған сүр етті қазанға салып, наурыз көжесін жасап, бауырсағын пісіріп көрісіп келген жастарды күтетін. Биылғы наурыз мейрамын тойлаудың тағы бір ерекшелігі - 18-наурыздың "Ұлттық киім күні" болып жариялануы. Осы күні ұлттық салт-сананың жаңғырып, жаңалықпен, жастардың киім кию стилімен үйлесім тапқанына қуандық. Шындығында, сонау көктүрік бабаларымыз да бұл күнді өздерінше тойлаған. Астрономия ғылымы тұрғысынан алғанда дәл 14 наурыз күні күн мен түн теңеледі. Күн орталығы өз қозғалысында жер экваторын кесіп өтетін астрономиялық құбылыс - күн мен түннің теңелуі. Күн мен түн көктемде және күзде теңеледі. Әлемдік уақыт бойынша, солтүстік жарты шарда көктемгі күн мен түннің теңелуі 14 наурыз күніне сәйкес келеді. Бұл уақытта Күн оңтүстік жарты шардан солтүстік жарты шарға ауысады. Аталған құбылыстың ғылыми сипаты осындай. Ал, халық арасындағы наным-сенімдер бойынша саралайтын болсақ, осы кезде жеті қат көктің қақпасы ашылып, жерге «Әз», кей жерде «Құт» түседі деп айтады үлкен кісілер. Қыдыр келеді дейтін түсінік те қалыптасқан. Наурыз күні «Әз» немесе «Құт» бүкіл жер бетін аралайды екен. Сондықтан, жер қойнынан алапат бір гуіл, сарын естілуі мүмкін. Сөйтіп, Жер-Ананың тоңы жібіп, толғатып, жаңағы гуіл Алтынкүрекке айналады, сіреу қардың көбесін сөгіп, сай-сала суға толады, көктемнің хабаршысындай наурызкөк қылтиып шығады, бәйшешек гүл жарады. 
 «Шыңырау» ғұрпы нені білдірген?
              Иә, бізге жеткен бүгінгі наурыз мейрамы – көне ғұрыптың ізі ғана. Ол кезде сақ тайпалары аталған мерекені өзгеше тойлаған. Бүкіл сақ тайпалары жиналып, киіз үйлерін тігіп, ортаға от жаққан. Алау лаулап жанған шақта сақ тайпаларының  қағаны шығып, қолын кеудесіне айқастырып, жерге тағзым ететін болған: «О, кеудесі түкті Жер-Ана!» деп, одан кейін «О, жарлығы қатты Көк Аспан!» деп шалқайып, аспанға тағзым жасаған. Сосын қайтадан қолын кеудесіне айқастырып: «Демінен таулар күйіп, тас жанған Алау-Ана! Тағдыр-талайымыз да, ризық-несібеміз де сендерден!» деп жанып жатқан отқа тәу еткен. Осы рәсімдер жасалған соң «Шыңырау» ғұрпын бастаған. Қағанның жанына қолдарында ұябасар мен мұзбалақ қырандар қондырған екі жауынгер екі жағынан келіп тұрады. Қаған: «Меркіт баба! Баршын ана! Шыңырау көк, жеті қаттан асып, Жаратқан иемізге біздің мұң-мұқтажымызды жеткізгейсіңдер! Жандасқанмен жандасып, достасқанмен достасқан өзінің қосыны, біздің жұртымызды қаһарынан тысқары етсін! Темір кісеннің демі мен дұшпанның табасынан сақтасын» деп ақсұңқарларды босатып жіберген. Егер Меркіт баба мен Баршын ана биік ұшса, көктүріктердің бағы биіктейді, жорықтары сәтті болады, халқы аман-есен өсіп-өнеді деп сенген.
         Ал, бүгінгі ұрпақ Меркіт баба деп мұзбалақты, Баршын ана деп ұябасар қыранды атайтынын да білмейді ғой. Көне ғұрыптардан бірте-бірте алыстап бара жатқандаймыз. Наурыз мейрамында осы салтты қайта жаңғыртса, шіркін!
 Оттан өткізіп, тазалаған
         Сақ тайпалары, көктүріктерден бастау алған наурыз мейрамын олар өзгеше тойлаған. Мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді тайпалар алты ай қыс бойы көктемді асыға күткен. Сондықтан, наурыздың алдындағы ақпан айын «Құт» деп атаған. «Құтына басса - құт, құтына баспаса - жұт» деп, жаңа айдың қалай туғанын қарап, соған байланысты көктемнің ерте, немесе кеш келетінін болжаған. «Құт» туғанда бүкіл дүниеге жан кіріп, өзен-көлдердің ағысы қайта жанданады, туады деп түсінген. Олар үшін күннің жылынғаны – жақсы хабар. Қылышын сүйреткен қаһарлы қыста малынан айырылып, жұтқа ұшырайтын, малмен бірге ығып кететін. Сондықтан, жердің тоңы жібіген, күннің нұры төгілген кезді олар қуанышпен қарсы алып, ол тойда әрбір ру өзінің сән-салтанатын асырған. Ортаға от жағылып, бүкіл түркі жұртының қағаны Жасаған иеден жарылқау тілеп, бүкіл рулар мен тайпаларды рет-ретімен оттан айналдырып шығарған. Сөйтіп, қаһарлы қыстан қалған бүкіл ауыртпалықты отпен аластаған. Бүкіл киіз үй, мүлік-жиһаз, ыдыс-аяқ та отпен тазаланған. Малды да жанып жатқан оттың ортасынан өткізген. Ал, ру көсемдері ортадағы он екі қанат ақ боз үйдің жанына жиналып, қағанды алқалай отырып, қымыз ішкен, наурызды қарсы алған. Әрбір ру көсемі қағанға сый-сияпат әкелген. Бұның бәрі - біздің ата салтымыз. Оны ұмытуға болмайды.  
Құсқанаты немесе наурыздың ақша қары
         Екі айдың арасындағы уақытты өліара деп атаған. Халқымыз: «Өліарада жауын-шашын болса, жаңа ай (келесі ай) жауын-шашынды болады», – деп, өліара арқылы ауа райына болжам жасаған. Наурыз айының соңына қарай жылы жақтан құстар ұшып келе бастағанда қар аралас жаңбыр, суық жел тұрып, ауа райы бұзылады. Бейнебір құс қанатымен суық келгендей халық оны құсқанаты дейді. Кей жерлерде наурыздың ақша қары деп те атайды. Наурыз күні қар жауса, оны жақсылыққа балаған. 
   Серт түйме дегеніміз не?
        Қазақта антты бұзбау керек, сертті бұзбау керек деген тағылым бар. Осыған байланысты серт түйме туралы естігенімді ортаға салғым келеді. Біздің ата-бабаларымыз киіміне үш түйме тағатын болған. Бірінші түйме дәл тамақтың астында тұрады. Ол: «Ішер асымды адалдан табамын, арам асты тамағымнан өткізбеймін» дегенді білдіреді. Екінші түйме жүрек тұсына орналасуы тиіс. Алда-жалда харам ас тамақтан өтіп кетсе де жүрекке жетпейді, серт түйме оны ұстап қалады. Үшінші түйме кіндік тұсқа қадалады. «Қылдай болса да харам нәрсе жүрекке жеткенімен, ұрпағыма кетпейді»  деген ұғым екен ол. Жаугершілікте батырлар киетін сауытқа да осындай үш серт түйме тағылатын болған. Нәрестенің шілдеханасында, қырқынан шығару рәсімінде, сүндеттойда осы серт түйме қадауды жаңғыртсақ, қандай жақсы болар еді. Адам баласының ұрпағымен мың жасайды дегенінің мәні де осы емес пе?
    Тобықты неге сыйлаған?
         Қазақ әдебиетінің көптеген туындыларында екі жастың серттесіп, бір-біріне тобық сыйлау дәстүрі туралы айтылады. Ол үшін ұсақ жандықтың, яғни, қой мен ешкінің немесе қоянның тобығын пайдаланған. Біздің халқымыз - өте философ халық. Ешнәрсені тура айтпаған. Мәселен, жігіттер өздеріне ұнаған қызға тобық сыйлайтын болған. Егер қызға жігіт ұнамаса, сыпайы түрде тобықты алудан бас тартқан. Тобықты берген жігіт кез-келген уақытта тобығын көрсетуді сұрайды, сол кезде алған қыз бала тобықты бере қоюы керек. Бұның өзі - жастардың әдептен озбауын, бір-біріне деген сыйластықтан ауытқымауын білдіретін ғұрып. Қаншама жылдар өтсе де серттескен тобықты сақтап, сүйген жарын күткен арулар қазақ тарихында бар.     

Гаухар АЖМЕДЕНОВА, 

Әл-Фараби атындағы Binom school мектеп - лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Sarayshyq