Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: "ПАРАСАТ ПЕН ПАЙЫМ"

Қолымызда жаңа кітап. Ақұштап Бақтыгерееваның «Фолиант» баспасынан шыққан «Менің Фаризам» атты естелік кітабы. Әсем безендендірілген кітапта бұрын баспасөз бетінде жарық көрмеген  әдемі фотосуреттер бар. Кітап Фаризаның Ақұштапқа 1969 жылдан бастап жазған  хаттарымен басталады. Хаттар Гурьевтен  Алматыға жолданған. Хаттарда жас Фаризаның Ақұштапқа деген достық тілегі, сағынышы, назымен қатар өлең туралы да  ойлары бар. Ақындық жолға бет алған жас ақынның үміті мен күдігі мөлдір тілектермен өрілген хаттардың бір парасының кітапта жариялануы кітапты деректілік жағынан байытып тұр. «Фариза жаңа жазған өлеңдерін де кейде хатпен жолдайтын. Оның жігерлі, отты, ішкі тегеуріні мықты жыр жолдарын оқып, мен өзімді өмірмен күреске үйреттім. Егер сол үйсіз, жұмыссыз жылдарда сынып кетсем не болар еді? Сүйенер панам жоқ, сезімтал жүрек қана, сұқтанған көздерден киікше үркіп, өзіңді өзің қорғау үшін арпалысып жүрген жұмыссыз, ақшасыз, жастық шақтың сол келеңсіз кезеңінде Фариза екеуміздің хат жазып сырласуымыз маған үлкен көмек болғаны рас» -, дейді автор (16-бет).

        Одан әрі Фаризаның Алматыға келгені, Әбу Сәрсенбаев  бастаған Алматыдағы атақты  қаламгерлердің қолдағаны  туралы айтылады. «Астында 108 нөмірлі қара «Волга» , қазіргі Достық, бұрынғы Ленин даңғылы бойынан екі бөлмелі пәтер алып, Қазақстан комсомол комитетінің органы - «Қазақстан пионері» газетінің редакторы Фариза Алматыдағы жазушылар атаулы шулы ортаға Факең болып енді» (21-бет). Мұнан әрі Ақұштап пен Фаризаның достығы Алматыда жалғасады. Фаризаның мінезінің сан қыры ашыла түседі кітапты парақтаған сайын. Гурьевтегі мұңшыл да сыпайы жас Фариза заман көшінде өз қамалын тұрғызып келе жатыр бойындағы өзіне біткен алапат мінезімен. Осы суреттеулерді кітаптан мол ұшырастырамыз. «Бұл жылдары біз Алматыда да, іссапарда да жұп жазбай бірге жүрдік. Өлең жайлы, өмір жайлы көзқарасымыз кейде жымдасып, кейде келіспей, керісіп те қалатынбыз. Фариза қай кезде де алдымен өзінің дегені болғанын қалайтын» (45-бет).  « Жұп жазбай бірге жүргендіктен , мен оның барлық сырына қаныға бастадым. Шындығына келсек, Фаризаның бойында бір сиқыр күш бар еді. Оған жақын келіп,таныса қою да оңай емес. Өйткені оның жан дүниесі күрделі, оп-оңай тіл тапқызбайды. Бойындағы қайрат, көзіндегі сұс әлсіз, жігерсіз жандарды жасқап тастайды. Ал Фариза болса, өзінің сол мінезінен ләззат алып, өзгелерді арбап ұстауға машықтана бастаған еді» (73-бет).

           «Фаризаның туған інісіндей болған Мереке Құлкенов еді. Жап-жас жазушы жігіт «апалап» ізінен еріп жүрді десе де болады. Тұрмыс-тірлікте де кейбір шаруасына Мерекені жұмсар еді. Ол апасының тапсырмасын екі етпей орындап отырды» (75-бет). Кітапта сол дәуірдің адамдарының мінез-құлқы, адамгершілік сипаты да баяндалған. «Соғысты бастан кешкен аға ұрпақтың өмірге көзқарасы басқаша еді. Жан дүниелері де ерекше болатын. Олар дүниеге қызықпайды да. Барын дастарханға қояды, адамға мейірім төгеді, сыйластықты қастерлейтін. Әбу аға мен Ләзиза апай бір - біріне сыпайы сөйлейтін ерекше тәрбиелі, мәдениетті жандар болды. Қашан, қай кезде жиналсақ та, жазушылар ортасында  әңгіме әдебиет жайлы басталатын. Бір шай ішкенде бір роман оқып қайтқандай болатынбыз. Ол кезде алтындалған - күмістелген кесе-қасықтар бәсекесі жоқ еді. Бізде кітап бәсекесі ғана болатын. Әңгіме арасында Қадыр Мырзалиев ақынның кітапханасы үлкен деген қызығушылық әңгіме де айтылып қалатын» (99-бет).  Кітаптың шиленіскен тұсы бізге мына бір жайды баян етеді. Біраз жылдай сырлас, мұңдас болған талантты екі ақын құрбының ортасына сызат түсіп, екі жаққа айрылады. Кінәлі адам – Фаризаның ауылдас інісі боп келетін, атыраулық Ғабдырахим деген жігіт екен. Кітапта Ақұштап пен Ғабдырахимнің махаббаты туралы да айтылады. Кейде еркелеп, кейде еркінсіп ұрсып алатын, кейде мұңын ақтарып, сыр бөлісетін Ақұштап құрбысынан Фариза неге алыстады? Бұған өлеңдегі бәсеке де салқынын тигіген болар, бәлкім ?! «Көрер көзге қатынасымыз сиреді. Қазақ сөзге әуес қой, шу-шу өсек таратып жатты. Білмеймін біреулер «екі ақын қыз бір жігітке таласқан» деп соқты, біреулер «Ақұштап Фаризаның туған інісінің басын айналдырып алыпты» деп жорамалдады (139-бет). « Ертеде бірге жүретінімізді жақсы білетіндер» неге араласпай кеттіңдер?» деп сұрайтыны бар... Әйелзаты күрделі ғой... «Қыздардың ешқайсысын алдыма шығармаймын, Шыңғысханша өзім шығам» дейді екен Фариза досың» дегенді маған айтып, «Менің Фаризадан артықшылығым көп дейді екен досың» деп оған сөз арасы айтатын «жанашырлар болмай қалған жоқ. «Аноним» хаттардан да құр қалмадық. Сонымен, достықты алыстау қалып сақтауды жөн көрдім» (185 –бет)-, деп ағынан жарылады автор. Бірақ Фариза өмірінде бұл достықтары жайлы жақ ашқан жоқ. Осы тұрғыдан қарасақ, ол ішкі әлемін ашпайтын Шыңғысханға ұқсайтын сияқты шынымен де?! 
          Бұл естелік кітаптың бір парасы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған еді бұрын. Бұл бір тосын әрі таңғаларлықтай дүние еді. Әркім өзінше ойлап, кесіп-пішіп жатты. Қызығы сол, «Ойбай, Фаризаны  неге жамандайсың?»  деп  Ақұштап Бақтыгерееваға кейбір ақындар дүрсе қоя берді. Ақұштапқа жауап ретінде әлгі біздің атыраулық Әлия Дәулетбаева деген бір ақынымыз: 
«Оспадарлар ойнайды,
орыныңа таласқан.
Жын ұрғаннан жұқана,
Жұрттың бәрі данышпан.
Өресізді қайтейін,
Өлігіңмен алысқан...» деп өлең жазыпты. Бұл өлең «Қазақ әдебиеті» газетіне шықты. Не деген мағынасыз  өлең ? Шынымен өлең деп ойласақ. Өлеңге ең керегі ұйқас десек , ұйқасының өзі «құр алысқан» боп тұр екен. Осы өлеңсымаққа талдау жасап көрейін. Бұл өлең бір өресізге арналған -мыс. Ол - «өресіз» Ақұштап Бақтыгереева екен.  Шынында Әлия жырлағандай: Ақұштап өресіз бе? Фариза өлік пе? «Оспадарлар ойнайды, орыныңа таласқан» дейді . Кім кімнің орнына таласып жатыр? Жалпы поэзияда, әдебиетте әр ақынның өз орны бар. «Әдебиетке аттандап келетіндер көп, келеді, кетеді. Бізге қымбаттысы, келетіндер емес, әдебиетте қалатындар» деп Қадыр Мырза Әли айтпақшы, Ақұштап халық таныған және бірнеше ұрпаққа қабылданған, әдебиетте өз орнын алған ақын. Оған әдебиеттегі Ақұштап деген өз орны қымбаттырақ. «Фаризаның орнына таласқан» деген не сөз?! Фаризаның орны тақ не кресло емес. Әйелдер поэзиясында мысалы : Мариям Хакімжанованың өз орны,  Күләш Ахметованың өз орны бар болса, Фаризаның да өз орны бар. Алайын десең де, өз орнын бермейді. Кім бермейді? Әдебиет деген әулие... Міне, осы тұрғыдан қарағанда «Орыныңа таласқан» деген өлең жолы сауатсыздық боп шығады сонда. «Жын ұрғаннан жұқана, жұрттың бәрі данышпан» деп, жұрттың бәрін кемсітіп, кекетуге болмайды. Өзіңнен басқа елдің бәрі жұрт деп аталады. Және салмағы ауыр «данышпан» сөзін оңды-солды қолдану да ақынның таяздығынан хабар береді. «Данышпан» сөзі мен «жын» сөзінің қатар келіп бір жолда тұруы сөзбен ойлау емес, сөзбен ойнау.«Өресізді қайтейін, өлігіңмен алысқан» деген не сөз?! Қазақта тірі өлік деген сөз бар. Қолынан түк келмейтін адамды тірі өлік дейді. Сонда біздің Фариза апамыз «өлі өлік» болғаны ма?! Бұл Фаризаны қорлау. Фаризаны  рухымыз деп жүрміз ғой. Кім айтты Фаризаны өлді деп, алмас қылыш жыры сөйлеп тұрғанда Фариза мәңгі тірі! Фаризаның атын Әлия Дәулетбаеваша  биіктете алмаймыз. Сөз ұқпау, сөзбен ойнау ақындардың сүйікті машығына айналып барады пиаршыл мына ғасырда. «Сөзбен ойнама, сөзбен ойла» деп еді ғой қайран Қадыр ақын. Бұл сөзді  Әлия Дәулетбаева әзір түсіне қойған жоқ, болашақта түсінбесе.

            «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, «Фариза» атты спектакль шықты сахнаға. Спектакль тарс-тұрс. Сосын драманы оқыдым. Авторы - Роза Мұқанова екен. Драма сарт-сұрт. Мен бұдан «Юбка киген Махамбет» атанған от мінезді, қылыш тілді  ақын Фаризаны көрмедім. «Фариза» драмасында да жер бауырлап  жыланшақ, ызақор бір шөпжелке қыз жүр шырылдап. Сахнадағы бұл бейне Фаризаның бейнесі емес. Фариза поэзия деген ұғыммен тұтасып кеткен тұлға ғой. Фаризаны Мұқағалимен тақастыра бергенді түсінбеймін. Фариза Мұқағалисыз да Фариза ғой. Мүмкін біреулер поэзияда Фаризаға ақ жол салып берген Мұқағали деп ойлаулары да мүмкін. Әбіш аға мақаласында сол кездегі «Жұлдыз» журналының редакторы Тахауи Ахтановтың Фаризаның барлық өлеңдерін журналға  жариялап жібергенін айтады. Қорытындысында Фариза халыққа танымал боп шыға келсе, Тахауидың үстінен жоғарыға арыз кеткен, «жерлестікке жол берілді» деген.Үкімет пен партия және әдеби ортаның қолдауымен Фариза тұлға болып қалыптасты. Таланты мен еңбегі, қайраты оны биікке шығарды. Поэзия падишасына айналды. 
         Ақұштап ақын кітабында «Коммунистік қоғам қаламгерлерді қатты пайдаланды , жағдайын жасады, сөзін сөйлетті, өз саясатын насихаттата білді және қаламақысын да жақсы төледі. Өкінішке орай, егемендік алғалы бері қаламгерлер шетке шығып қалды. Егемендіктің идеологтарын тәрбиелеп үлгере алмай , рухани саламызды босаңсытып алдық. Бүгінгі талай келеңсіздік содан да кетіп отыр, өйткені адамзат санасына, ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін бірінші қару-Сөз!» (163-бет) -, деп әділін айтқан 
         Әбіш Кекілбаев «Фариза» атты мақаласында: «Фариза – аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары. Екіұдай дәурен кешіп жатқан бүгінгі қауымымызға ең керек ақын. Қайта қалғып кетпеуіміз үшін, асқақ арман үлесінен шыққанымызша алауымызды әлсіретпей, лапылдап маздай беруіміз үшін қажет өлең. Қырық жыл бойына бес қаруын белден шешпей, тепсініп келгенде тебірентпей қоймайтын тегеурінді сыр ақтарып келеді» деп жазған еді. Расында, поэзиядағы Фариза бейнесі дәл осындай екені де рас. «Рух жанартауының» өмірдің әр кезіндегі бейнесі туралы Ақұштап ақын мынандай көріністерді алдымызға тартады. «Дүркіреп 1986 жыл өтті. Өмір өзгерді.Сана өзгерді. 1991жылы Қазақстан егемендік алды, қайта құру басталды. Барлық қарапайым Қазақстан халқымен бірге қаламгерлер де күнкөріс қамымен кетті... Фаризаға ол кезде Нұрлан Балғымбаев жеке үй де салып берген. Заманбек Нұрқаділов қалаған пәтерін де берген. Иманғали түрлі мұқтажын толтырып отырды. Атыраудан депутаттыққа сайланды. Фаризаның енді Мәжіліс депутаты болып отырғанын теледидардан көретін болдық. ... Алпыс жылдығында, Атырауда «маған көне машина керек емес» деп, ұсталған «Волганың» кілтін Елена Әбдіхалықоваға беретіні де сол жылдар еді. Фариза кейін ақындық ортадан шығып, банкирлер ортасына да еніп кетті. «Валют-Транзит банкінің» бастығы Андрей Беляев (Айтбақы Біләлов)  пен оның әйелі  Әлияның атымен кітап шығарылды. Екеуінің «Махаббат жыры» -«Ләйла-Мәжнүн» дастанынан бір кем еместей жырлар жазылып, тұсаукесерін Астана, Қарағанды қалаларында шулатып тойлады. «Хабар» арнасынан көрсетті. Бұның бәрі де ұмытылды. Өйткені, ол жасанды, ақша үшін жасалған нәрсе еді. Міне, кітаптың да, шоудың да авторы , өкінішке орай менің Фаризам еді» (176-бет), -деп күрсінеді автор. «Бір күндері дүркіреген «Қазақалтынның» президенті Қанат Асаубаев  дегенді газеттен оқыдық. Маруся Асаубаева да шырқап кетті. Лауазымы биіктер халықтан алшақтай бастады. Сол кезде Фариза Елена Әбдіхалықовамен бірге «Марусяжан» деген ән шығарды. «Қазақалтын» жақсы қаламақы төледі.Осылайша қоғамда өнер мен әдебиетке де ақша мен алтын және билік араласа бастады, әділдік емес, ақша сөйледі» (186-бет).-деп уақыт қатпарларын аршығандай сыр шертеді.
            «Фаризаның бастапқыда өзі де түсінбейтін мінезі кейін өз мінезі болып қалыптасты. Есейген, ел таныған Фариза ұнамаған жерде турасын айтып салып, қарап отыратын. Фариза о бастан шындықты ұнататын. Шындықты бетке айта салатын кезі болатын. Жұрт сол мінезінен тайсалатын, сол үшін де жақсы көретін. Ақын жанарындағы бөлек сезімталдық өтірікшіні де , адалды да танитын.Фариза-табиғатынан психолог.  Бергей Рысқалиевке: «Бергей, сен маған кешегі өзің мініп жүрген машинаңды сыйлайсың ғой»,-деді. Бергей басын изеді» (196-бет)-, деп  Фаризаның Атырауда тойланған жетпіс жылдығын да еске салып өтеді. «Таныған адамға Фариза қатал, өр, өжет көрінгенмен, шынында, оның бойында екі түрлі, қарама-қайшы қасиет бар еді. Жайдары күліп, жылы сөйлеп отырып, бір нәрсе ұнамай қалса, сол бойда осқырынып шыға келетін. Өзіне сенімсіздеу адамдарды бетінен алып, қайтарып тастайтын. Ол мінез көзі үйренгендерге Фаризаға жарасып тұратындай көрінетін.Талантына табынып, кешіріммен қарап, көне салатын. Бірақ бүгінгі Фаризаға еліктейтін кей қалам ұстаған қыздарымыздың өз-өзінен бұлданып-тұлданып Фариза болғысы келуі-мүлдем жараспайтын қылық. Еліктеуден ештеңе шықпайды, жасанды нәрсе қашанда көрініп тұрады және ешкімді қызықтырмайды» (205-бет)- деп мінезді сарапқа салады. Бұл сөздерден ұғарымыз, шынында да Фариза ақынның мінезі осындай еді. Енді Фаризаға еліктейтін ақын қыздар қыздар кімдер деген сұрақ туады? Халық –сыншы емес пе,  өздері –ақ ажыратып алар.
           Фариза Оңғарсынова Әбіш Кекілбаев  айтқандай, «Қырық жыл бойы бес қаруын белден шешпей» жырлап өткен сардар  ақын. Поэзия десек, Фариза дейміз. Әрісі Сара Тастанбекқызы берісі Шолпан Иманбаева, Зияш Қалауова, Мариям Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова сияқты ақын апалар қазақ поэзиясында әйелдер поэзиясының іргетасын қаласа, Фариза Оңғарсынова «Әйелдер поэзиясы» деген биік қамал тұрғызды. Фаризаның жыр-құдыретінің әсерінен болар, қазақ поэзиясында Фариза дәстүрі, Фариза мектебі қалыптасты. Фаризадан кейін шыққан ақын қыздарға өте оңай және өте қиын екі жол тұрды. Оның соңынан ерген қыз ақындар «Фаризаша сүю», «Фаризаша мұңдану», «Фаризаша мұң шағу», «Фаризаша күрсіну». «Фаризаша жылау», «Фаризаша қаһарлану», «Фариза –мінезді» әбден бойларына сіңіріп алды. Өзіңше ой ойлап, басқа жол іздеп, ми шаршатып, бас қатырғаннан, Фаризаға еліктеу, Фаризаша ой толғау, Фариза салған соны сүрлеуге түсіп алып, жыр жазудың оңайырақ екенін бүгінде «Фаризаның көшірмесіндей» толып жатқан ақын қыздар танытты. «Қазақ әдебиеті»  газетінде жарық көрген бір пікірінде ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Қыздардың бәрі Фаризаның ең бір сәтсіз көшірмесі. Сонысына қарамай көкіректері даладай, өздерінен басқа ешкім жоқ. Асып-тасу, әліне қарамай сөйлеу деп осыны айтар едім» депті. Фаризаны асыра дәріптеу осындай жалаң ұғымдардан туындап жатыр. Серік Ақсұңқарұлы айтқандай, «Қыздардың бәрі Фаризаның ең бір сәтсіз көшірмесі» болса, онда поэзияда эволюция жоқ болғаны ғой. Поэзия көшірмелерден тоқырауға ұшырамай ма? Серік Ақсұңқар ағамыз осы пікірін жаңқалтасына салып қойғаны дұрыс  болар еді, сөз түсінсе егерде. Менің өлеңде өз бағытым бар, өз қолтаңбам бар. Мен Фаризаның көшірмесі емеспін.
          Фариза Оңғарсынова әдебиетте әйелдердің галереясын жасады десек те болады.  Ділдә Матайқызы туралы «Алақан» атты поэмамды жазып болғасын, Фариза апама хабарласып: «Оқып шығып, пікіріңізді айтыңызшы», - дедім. Екі күннен кейін телефон соғып: «Аш қарынмен екі рет оқып шықтым. Бұл не? Осылай да жаза ма екен? Сен одан да менің Кәмшат Дөненбаева туралы поэмамды оқысаңшы. Поэма деген сондай болмай ма?», - дегені. Содан Фариза апайдың «Кәмшатын» тағы бір рет оқып шықтым. Ойландым. Сосын апайға телефон соғып: «Фариза апай! «Кәмшатыңызды» оқып шықтым. Қазір мұндай поэма жазу мода емес. Бүгінгі әйел заты темір тұлпардың құлағында ойнайды. Өздері де темірдей қатты. Сіздің поэмаңызда басқа шауып, төске өрлеп бара жатқан шойын әйел бейнесі көзге ұрып тұр. Бұл Кәмшатта жан-жүрек, жүйке жоқтай. Ол неге егістік алқабында тракторы бұзылып, қолдары күс-күс болып, неге қиналып қалмайды? Әйел болып неге еңіреп жыламайды? Себебі, Кәмшат – коммунист. Коммунисті жылатуға болмайды. Егер сіз осындай халін суреттесеңіз, Кәмшаттың соңынан ерген сіңлілері трактордан қорқып, егіс алқабынан қашып кетер еді ғой?! Сіз кінәлі емесссіз! Бұған социалистік реализм кінәлі!» - дедім. Фариза апай менің сөзіме күлді де, трубканың тұтқасын қойып қойды. Фариза апайдың Майра туралы циклдік жырлары бар. Бір жерінде Майраны би-болыстар жиналысқа салады. Сонда Майра Уәлиқызы қамығып жылап: «Тым болмаса мына сендер мен құсап ,Өміріңде бір рет сүйіп көрдіңдер ме?» дейді. Мен осы сөзді Майраға артық көрдім. «Қызы едім Уәлидің Майра атым,Тартады бозбаланы магнитім» деп жырлады емес пе сұлу Майра, сұңғыла Майра?! Майра осы екі ауыз сөзімен –ақ өзінің портретін жасап тұр емес пе?! Осыдан кейін Майраға бірдеңе деу қалай болар екен ? Майраны соцреализм әдісімен қыздар жиналысына салғандай бетін қызартып, сезімін тергеудің қажеті артықтау деп ойлаймын. Бұл Фаризаны сынау емес, өз пікірім. Әр заманның өз пікірі бар. Фариза апайдың осы екі өлеңі туралы пікірім «Заман-Қазақстан» газетінің 2009 жылғы желтоқсан айының нөмірінде жарияланды. Себебі, басқа басылымдар баспай қойған еді: «Ойбай, сен тыныш жүр!» деп. Сосын өздері  батырсынып, «Әдебиетте сын жоқ. Жоқ, жоқ» деп сұхбат бергіш-ақ. 
             «Менің Фаризам» кітабына көз жүгіртсек: «...Екеуміз қосақтасып барып, баспадан «Мазасыз шақтың» қолжазбасын алып, Фаризаның үйіне келдік. Бірден пікір жазған хаттарға үңілдік. Біреу «Өлең жолдарында размері сақталмайды» депті, біреу «Поэзия емес, қарадүрсін сөздер көп» депті, біреу «Кей буынын оқуға дем жетпейді» депті, әйтеуір біраз сын айтылған екен. Фариза оқып болды да, түрі өзгеріп, түтеп ашуланды. Қоқыс салатын темір шелек тұрған, соны әкеліп, асүйдің  ортасына қойды да, жинақты жын қаққандай ызалана жыртып, соған лақтыра бастады. Суырмаларды жұлқылап, сіріңке тауып алды да, от қойды. «Қой!» деп едім, тыңдаған жоқ. Үй көк түтін, өлең жанып жатыр... Су құйып, отты сөндіріп, үнсіз отырмыз. Мұндай сәтте жалғыз тастап кетуге болмайды. ...Содан бір күні жұмыс аяғында Фариза қоңырау шалды. «Жазушы» баспасынан қоңырау шалып, жоспарда тұрған «Мазасыз шақты» қатесін түзеп, алып кел депті. Сөйтіп, «Мазасыз шақ» өрттен шықты. Кітап тез таралып кетті» (52-бет).  
            Менің есіме мына бір оқиға түсіп отыр. Фариза дегенде, әр ақынның да өз айтары болады деп ойлаймын. 2003 жылы Атырауда  ақын  һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай  Поэзия күндері өткен, маған да шақыру қағаз  келді. Содан Астанадан Атырауға  барсам, Қойшығұл Жылқышиев пен Бақыт Иманғалиев (мәдениет бастығы): «Ойбай, сені тізімнен Фариза апай сызып тастады. Сен кете бер!» тыз-тыз етеді. «Онда мені неге шақырасыңдар? Маған  хат жіберіп не телефон соғып неге ескертпейсіңдер?» деп мен де қоймаймын. Содан Фариза апайдың ұялы телефонына соқтым : «Астанадан келіп тұрмын. Қолымда шақыру қағазым бар. Сіз неге мені тізімнен сызып тастадыңыз?» дедім. Фариза апай: «Басымды қатырмаш» деді де телефонын  тастай салды. Махамбет поэзиясы күндері өтіп жатты. Жан жақтан небір ақындар келген. Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев бастаған. Сыртынан қарасаң, Махамбет поэзиясы күндері емес, Фариза Оңғарсынованың поэзия күндері сияқты. Содан «Атырау» ресторанында банкет болады екен. Оған мен шақырылмасам да, көпшілікпен кіріп кеттім.Себебі айтарым бар еді. Алғашқы сөзді Әбіш аға бастады. Фариза апайға арналды бар тілегі. Мен ерлі-зайыпты ақындар Танагөз -Дәуреннің қасында төменгі жақта отырғам. Қарсы алдымда микрофон тұр. Елдер «Фариза апай үшін»  бокал соғыстырып кеткенде, мен микрофон алдына бардым да, «Әбіш ағайдың әдемі тілегінен соң ,Фариза апайға арнаған өлеңім бар еді, соны оқып берейін» дедім. ( Бұл өлеңді 1999 жылы Фариза апайдың 60 жылдығында жазған ем. Өлеңім сол кезде «Атырау», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарық көрді.)  Елдер маған қарап қалған. Сонда оқыған өлеңім мынау еді:
   -Апа–ау, саған не дейін?!
Ауызыңды ашсаң – 
Көрінеді көмейің.
Апа–ау, саған не дейін?!
Сауыт киген сіз Махамбет болсаңыз
Атынды ерттеп,
Садағыңды берейін.
Қолтығыңнан демейін
Қиқу салып шаба бер.
Құйыныңа ерейін.
Түсіп қалған қоржыннан 
Сарқытыңды терейін.
  Қай кезде де жақсының,
 Жатып атар жауы көп. 
 Оған қайтіп көнейін?!
  Саған келер пәлені
 Періштең боп бөгейін.
Жанарымнан жасыл
Жалын жарқылдап,
Жүректен күй төгейін.
Сіз сияқты мұң жазып
  Мен де мұңды шегейін.
  Байы менен кедейін,
  Белгісіз бен бегейін
  Деп жүрсің ғой теңейін.
  Мен жырыңа сенейін,
  Және сізге сенейін.
  Абай шыққан биік пен
  Жамбыл шыққан ғұмырдың
  Тұғырынан көрейін
  Апа-ау , енді не дейін?!» деп бір тоқтадым да, Махамбет бабамыздың  «Өтемістен туған он едік, Онымыз атқа мінгенде, Жер қайысқан қол едік» деген әйгілі өлеңі бар. Өтемістің оныншы ұлының аты - Досмаил, Досмаилдан Есет , Есеттен Ақшабал, Ақшабалдан менің анам Алтын туған. Махамбет –менің бабам. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» дегендей, бұл менің бабамның тойы. Есте жоқ ескі заманда біреу біреуге айтқан екен: «Бір мінезіңді көрсем, рахаттанып өлгім келеді, енді бір мінезіңді көрсем, көріңді тезірек қазып көмгім келеді» деп. Фариза апай, бұл сөз сізге қатысты емес, рахмет!» дедім де орныма отырдым. Содан әлгі банкеттің сәні кетті. Бітіп қалды. Ақындар автобусқа отырды. Бір кезде Елена Әбдіхалықова жаныма жетіп келіп өңешін жұлып айқайға басты: «Фариза Оңғарсыноваға сөз айтатындай сен кімсің?! Кешірім сұрайсың!» деп. «Не үшін кешірім сұраймын ?! Ол кісінің ар-намысына тиетіндей сөз айтпадым» дедім. Біраз айқай-шу болды сол жерде. Қасымызда Оңайгүл Тұржан мен Гүлнар Салықбаева отыр. Олар адам емес, муляж сияқты қатып қалған.Тек олар ғана емес, Фариза апайдан бастап Мереке, Есенғали, Темірхан, Ұлықбек т.б ақын ағалар да муляж боп қалған.

             Сол оқиғадан соң дүрбелең басталды. Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен «Өлке» баспасында дайындалған «Атырау ақын-жазушыларының  кітапханасы 100 томдығының» 58-томына менің өлеңдерім «Нарын» деген атпен кітап болып шықты. Кітапта өлеңдерімді үзіп-жұлып , бар бояуынан айырып, су татыған дүние қылып жіберген екен редакция алқасы.  Ол кезде ызғарлы  желдің қай жақтан соққанын жақсы сездім. Фариза апам мен сол кездегі облыс әкімінің орынбасары  Рашила Мурсалиева бірігіп, «Маржан деген қуыршақты құлатып тынамыз» атқа мінген еді қаһарланып. Сол жылы «Арыс» баспасы «Жыр арқауы-Махамбет» деген антология шығарып, атыраулық бір ақынның Махамбет туралы өлеңін жариялап, астына менің аты-жөнімді жазып қойыпты. Мен бұл баспаға өлең берген жоқпын. Бұдан соң «Жалын», «Сарықарқа» журналдары менің «Махамбет» поэмамды жұлым-жұлымын шығарып, бүлдіріп басты. Өлеңім нашар болып, сынап жатса, өз обалым өзіме дерсің. Ал дұрыс дүниеңді шатпаққа айналдырып, мазақ қылса, ол адамшылық қасиет пе екен?! Бұл әдебиетке қарай қадам басқан жас ақынға ауыр соққы еді.Мен қасқаның Фаризаға ұқсайтын аса бір түтеп тұрған мінезім жоқ-ау шамасы?! «Нарын» деген бүлдіріп шығарған кітабымды, «Арыс» баспасының шығарған кітабын да, журналдарды  да шелекке салып өртемедім. Марқұм Сарыбөпе әжем айтатын еді: «Адам асыққанмен, Алла асықпайды» деп. Уақыт-сыншы дедім. «Нарын»  кітабында  менің  ақын ретінде  айтқым келген негізгі ойдың өрескел бұрмаланып, мағынасының ауысуы, стилімнің қасақана бұзылуы,  менің лексиконыма тән емес сөздердің қолданылу  факторы редакция  алқасы тарапынан жасалынған іс болғандықтан , бұл менің  авторлық  құқығымды бұзу, жаңадан шығып келе жатқан жас ақынның жолына кедергі қою,  жақсы атымды қаралап,  ар-намысым мен абыройыма тиетін,  творчестволық беделімді кемсітетін қылмыс деп қабылдадым. Кітапта жарияланған өлеңдердің 70 пайызы өрескел редакциялық өңдеуге ұшырап, мән-мағынасы өзгеріп, өлеңнің бояуы сұйылып кеткен.Атап айтқанда:
1.    Көптеген өлеңдердің басқы және соңғы шумақтары қысқартылуға ұшырап кеткен. 
2.    Сөздің орны басқа сөзбен ауыстырылған.
3.    Өлең мәтінінде тұтас бір сөз, сөз тіркестері түсіп қалған.
4.    Өлеңдер  автор айтпақ болған негізгі идеясынан және көркемдігінен, авторлық стилінен айрылған.
 «Нарын» кітабында орын алған өлең мәтіндерінің өрескел бұрмаланып жариялануы салдарынан , авторлық  құқығым бұзылды. «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» 100 томдық антологиясының 58-томындағы «Нарын» кітабын кітапханалардан кездестірген сайын маған оңай тимейтін. Ал бұл кітап облыс, республика кітапханаларында сеңдей сіресіп тұр ғой. Кітаптың редакция алқасын басқарған сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары, бүгінде зейнеткер  Рашила Мурсалиеваға: «Кітабымды бүлдіртіп шығартуға тапсырма берген сіз екенсіз ғой!» дедім. Сонда мені Рашила Мурсалиеваның жауабы таң қалдырды. «Менің не жазығым бар? Фаризаның тапсырмасын орындадым!» деді. Мен соңғы жылдары  «Атырау ақын-жазушыларының  кітапханасы 100 томдығының» 58- томына бүлдіріп шығарған  өлеңдерім туралы, авторлық құқығым туралы ойлана бастадым. Бұрын  шығармашылық деп жазудан қол тимеді дегендей. Кітапта «редакция алқасы» деген жазу  бар. Редакция алқасында  аты-жөндері жазылған  профессор Қадыр Жүсіп  бастаған ағайлар «Бұл кітапқа біздің қатысымыз жоқ. Фамилиямызды жазып қойғаны болмаса» деген еді.

                Бір жылы Ғ.Сланов атындағы кітапханада жаңадан шыққан бір кітабымның тұсаукесерін өткізгенде, «Ойпырмай, көп ұзамай байып кететін шығармын, авторлық құқығым бойынша іс бастаймыз» деген ем, сол жерде отырған әдебиетші Төлеген Жаңабаев ағай  трибунаға шығып, «Ол кітабыңды бүлдірген біз емес, Нұралы Әжіғалиев» деген еді. Осы кітап жөнінде Атыраудағы  танымал заңгерлермен де  сөйлестім. Біреулері « Кітабыңды бүлдірсе де, саған қарсы әрекеттер ұйымдастырса да, саған пайдалы болды емес пе?! Сен құлап қалған жоқсың, өлең жаза алмай депрессияға ұшырамадың. Бұл - сенің жеңісің!» десе, енді біреулері «70 жылдан кейін де Алаш арыстары шығармаларымен елмен қауышты ғой. Сенің кітабың бүлініп отыр. Ол кітап мемлекет қаржысына шыққан кезінде. Авторлық құқығың бұзылып отыр. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Қаншама жыл психологиялық қысым көрдің.  Сондықтан бұл қаралатын, қозғалатын іс болуы керек» дейді. Мен екі тарапты да қолдаймын. 
            2003 жылы баспа мен басылымдар өлеңдерімді бүлдіріп шығарған соң,  2004 жылы  «Шырақ» деген кітабымды «Айек» деген псевдониммен шығардым. «Уақыт диалогын» жаздым. Жаңа форма ойлап таптым. Фариза апайдың «Түс немесе Махамбетпен қалай кездестім» деген поэмасын пайдалана отырып жыр -айтыс жасадым. Бұл жаңалық туралы ол кісі жақ ашпады. Фариза апайды мен де түсінбей қалатынмын. Ол кісі мені көргенде, қамқорсып, жылы жүзбен , жанашыр үнмен сөйлесетін. Ал істеген істері  жолымды бөгеу, бүлдіру , әйтеуір менің рухымды сындыру болатын. Сөзі мен ісі қабыспайтын. Ол менен үнемі «Не жазып жүрсің?»деп сұрайтын.  Бір күні мен «Дина» деген поэма жаздым дедім.«Кім саған Дина туралы жаз деп идея берген?» деді. Өзім деймін. Маған  қарады да, «осы жұрттар сүйдім-күйдімнен» әрі аспай жатқанда тарихи тұлғаларға бет бұруың қызық екен. Баяғыда маған Хамаң-Хамит Ерғалиев «Дина туралы поэма жаз» деп еді. Мен поэма емес, өлең жаздым деді .
-  Мен жазайын деп жазып жүр дейсіз бе? Қорыққаннан жаздым ғой!-деп қойып қалдым.
- Кімнен қорқасың?
- Дина Нұрпейісовадан!
- А, Дина Нұрпейісовадан?!
Мен көрген түсімді баяндап бердім. Түсіме ақ жаулығы дағарадай Дина Нұрпейісова енгенін, «Маржан, сен неге мені іздемейсің, менің үйім 8 март көшесінде» деп ұрсып жатқанда, оянып кеткенімді айттым. Дина Нұрпейісова туралы поэма жазылмаған екен. Мен жазайын дедім. Сонда Фариза апай «Дина  шешеміз аруақты адам ғой, сені желеп-жебеп жүрген болар» деген еді. Бір күні мен Фариза апайға: Болат Атабаев: « Әй, сен драманың адамысың ғой, поэзияда не істеп жүрсің? Маған бір драма жазып берші. Шұбатылған поэма, ертегі-аңыздарыңды оқып шықтым. Композицияны жақсы құрасың, сюжеттерді ойната аласың. Бұл ақындардарда сирек кездесетін қасиет» деп айтты. Содан «Дина» деген драма жаздым дедім. Сонда Фариза апам:«Мен драма жаза алмаймын, сен қалай жазасың? Әкелші маған, оқиын» деді. Апарып беріп , былай дедім: «бұл төртінші данасы , екеуі режиссерде, бірі өзімде» дедім. Содан бір ай өтті. Газетке бір хабар шықты. Фариза Оңғарсынованың «Даланың дарабоз күйшісі Дина» деген тақырыпта драмасы  болады депті. Астанада, Пирамидада өтті. Бірақ өзі дұрыс драма болмады-ау деймін, соңы оркестрдің  концерті болып кеткен бе?! Осындай жағдайлар болды.  Тағы бір қызығы, 2012 жылы Махамбет театрының режиссеры Асылбек Ихсан «Исатай-Махамбет» атты тарихи драмамды қоятын болып дайындығын бастаған еді. «Маржанның драмасын қояйын деп жатыр» деп Қойшығұл ағамыз Фаризаға Оңғарсыноваға хабар айтып, телефон соғыпты. Апам қаһарына мініп, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға «Қолжазбасын маған самолетпен жіберіңдер! Қойылмасын! Асылбекті Атыраудан кетіріңдер!»деп бұйрық берген. Поэзия падишасының бұйрығын жүгіріп жүріп орындады ғой Шыңғыс әкім. Менің көрген Фаризам осындай адам. Ол кісінің табиғаты, жаратылысы әуелде осылай жаралған деп қабылдаймын. Мүмкін өмір мен ортасы өзгерткен шығар ол кісіні. Асыра мақтау мен қолпаштау, бағынышты топтар мен жағымпаздар қауымы ақын мінезін өзгерткен шығар. Бәрі де мүмкін. Не десек те, Фариза «Поэзия падишасы» деген атауға әбден лайық. Тарихтан білеріміз, талай падишалар да билігінің шарықтау шыңында рахат пен биліктен бастары айналып, талай қателіктер жасады емес пе?! Осы тұрғыдан қарағанда, қаламгер қауымы үшін «Әдебиет - ардың ісі» деген сөзден мән кетпесе екен дейсің.
               Ақұштап апай да  поэзиядағы бір үлкен тұлға. Қайраткер. Мынандай бір оқиға өткен, көзі тірілердің есінде болар. 2009  жылы Астанада Конгресс Холлда  Фариза апайдың 70 жылдығына орай  кеш өтті. Одан соң ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Ақұштап апайдың кеші өткен еді. Ақұштап апай кітапханадағы кешінде біраз ақын қыздарды мақтап, өлең  оқытты.Мен залда отырмын, апам маған қарап қояды. Соңынан фуршет болды. Столдар қойылған. Кілең ақын-жазушы қыздар тұр едік. Бір кезде бокалын көтеріп, тілек айтпақ болып столымызға Ақұштап апай келді. Мен ол кісіге қарадым да: «Ақұштап апа! Сізге өкпелеп қалдым.Маған неге сөз бермедіңіз?» дедім. Апам адырая қарады да : «Ал сөйле!»- деді шағаладай шаңқ етіп. Сөйлесем дедім. Біздің  Жайықтың бойында бір свежий мақал шығыпты.«Апасы көп болса, сіңлісі бойжетпейді. Бірден пенсияға кетеді деген» деп едім жиналған ел ду күлді. Ақұштап апам мұндай сөзді күтпесе керек, не дерін білмей тұрып қалды. Мен жанымдағы  жазушы Айгүл Кемелбаеваға « кетелік» дедім. Екеуміз  гардеробқа келе жатырмыз. Ол екі иығы селкілдеп күліп келеді. «Қалай айттың? Күшті айттың!» деп қояды. «Алдыңда қылыш тілді апаң көп болса, қайтесің енді. Суырып саласың, суырып аласың. Басқа амал жоқ» десем, одан сайын күледі. Мақал шығарып мен де мәз. Сатираға әуестігім осы мақал шығаруымнан басталды-ау деймін. Жайық бойында өскен екі апам – Фариза мен Ақұштап әдебиетке еңбегі сіңген, поэзияда өзіндік дара жолын салған ақындар. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда: «Екі ақын қыз бояуымен ғана емес, жазу стилімен де қарама-қарсы. Ақұштап сыпайы келіп, жүрекке жылы жеткізіп айтса, Фаризаның өлеңі дойыр қамшымен арқаңнан осып жібергендей әсер қалдырады. Бір-біріне қарама қарсы , бірін –бірі толықтыратын екі қызбен байыды қазақ поэзиясы». Рас сөз. Бұл мойындалған шындық. Жырларын оқып жұбанамыз. Бірінен нәзіктік табамыз, бірінен  өжет мінезін танимыз. Фаризаның да, Ақұштаптың да шыққан тауы биік. Бірін биік, бірін аласа десек, ол әділетсіздік болар еді. Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» естелік-эссе кітабы жақсы кітап. Парасат пайымымен жазылған. Өкініш не өкпе жоқ жоқ кітапта. Тек өткен жылдарға деген сағыныш, Фаризаға деген адал ниеті мен ащылау шындығы бар. Кітап тілі әдемі әрі жеңіл оқылады. Айтып-айтпай не керек, кітап оқырманға жол тартты. Ал бұл кітап қаламгерлерге жол ашты. Олай дейтінім, әркімнің өз Фаризасы бар. Фаризатану осылай басталады. Бұдан соң Фаризамен тонның ішкі бауындай боп  жақын араласқан қаламгер іні - сіңлілері  Мереке Құлкенов, Өтеген Оралбаев,  Ханбибі Есенқара, Мағира Қожахметова, Оңайгүл Тұржаннан бастап Динара Мәлікке дейін «өз Фаризасын» жазар. Осындай жинақтаулардан келешекте экран мен сахнада көрсетілер Фаризаның өмір жолын бейнелейтін ақын табиғаты ашылар. Сол кезде біз сынаған Роза Мұқанованың «Фариза» драмасына көрермен қауым мұрнын шүйіріп бір қарар да, «Ее, Роза Мұқанова! Ойыңның жұтаңын,ә!» дер...

 

Sarayshyq