Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

 Ақын Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде -  Күлтегіннің жазуы» атты өлеңдер жинағы жақында ғана баспадан шыққан екен. Ыстық-суығы басылмаған жыр кітабын басымызды көтермей оқып шыққан едік. Алғашқы беттерінен-ақ ақынның қаламшәріп киесі қонған, қазақ ауыз әдебиетінің тұма бастауынан сусындаған қаламгер екені көрініп-ақ тұр. Жақсы жырды сағынып қалған басымыз құныға оқып, түйсіне сезінгеніміз де рас. Жыршысы мен өлеңшісі көп қазақта көкбөрі рухты Серік Ақсұңқарұлындай ақындар саусақпен санап аларлықтай. Ақынның шабыты тасынған шақтарда тау суындай тасқындап құйылған поэзия бірде аптап ыстығымен өртесе, бірде көктемнің самал желіндей желпиді, енді бірде сары жапырақ жауынының астында маужыр күзді тамашалап жүргендей сезімге бөленсек, тағы бірде бораны мен үскірігі бет қаратпайтын қаңтардың аязы қарып түскендей болғаны ақиқат. 
         Шындығында «ақын – Алланың елшісі» деген сөздің расына осы бір жыр жинағын оқып отырып, көзіміз одан әрі жеткен іспетті. Ақынмен бірге қуанып, балалық шақтың тәтті елестерін таңдайда тамсап, желкенін жел керген жастық шақтың жағадан алыстап бара жатқанына мұңая қарасақ, өткенге деген сағыныштың да жүрекке салмақ түсіргенін қайтерсіз?!  Өзінің «Мұнай заманы» деген өлеңінде ақын қалталылар билеген заманның ащы шындығын, сұрқай бейнесін тіке айтады. Ақыны ешкім болмай, дәулеттісі ақынға мысқылмен қараған зар замандағы ақын қасіретін, ақын жүрегінің шындығын жайып салады оқырманға. Лирикалық кейіпкердің өзегі өртеніп, өлеңге мұңын шағады: 
«Күнім түсіп қайдағы бір жаманға,--
Өзек жалғар талшығымды табам ба?
Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,
Мұнай деген құдай болған заманда» деп күрсінеді. Өзінен өресі төмендерге күні түсіп, өлеңін пенделікке байлап беруден асқан қасірет бар ма ақын үшін?! Замананың дертінен жаны сыздаған оның жандауысын ешкім естімейтін керең қоғамда өмір сүрген қандай қорқынышты?!.

«Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін,
Өз елімді келді-ау, нұрға бөлегім.
Иномаркалардың маторларында,
Бензин болып жанып кетті өлеңім...» иә, Көк Түріктің өр рухына суарылған ағинақтай өткір өлеңді оқи отырып, лирикалық кейіпкердің айтқанына еріксіз сенесің, онымен бірге таскерең қоғамның құлағын жарып, айғай салғың-ақ келеді. Амал не? Иномаркалардың моторында жанып кеткен өлеңнің шырқыраған дауысы құлақты тұндырғандай... Ақын сөзді ойнатады, сөздың қадірін біледі, құнын түсінеді. Арзан өлең жазбайды. Не жазса да импровизациямен, құйыла түскен жыр жолдары шебер кестешінің қолынан шыққан өрнектей таңқалдырады, сүйсінтеді, өкінтеді, жылатады. 

«Мұнай-Тақсыр өртке қарай тақымдап,
Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап;
Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым),--
Лаулап!
Заулап!
Өршіп өрде--
Лапылдап!!!» дейді ақын өзінің қалталылар қожа болған заманда өмір сүруге еш бейімделе алмағанын өлең жолдарында өріп. Өз өртіне өзі жанған ақын бар мұңын киелі қаламға айтады, өлеңіне өкінішін өзектестіреді. 

 Ақынның «Көк бөрі» өлеңінде сонау ғасырлар парағының астында қалған Көк Түріктің заманына ойша ораламыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деген даналықты ту етіп ұстаған ата-бабалардың шежіресін санасына түйіп,  жүрегінде түнеткен ақын:
«Немене жыбырлап тұр тамағымда,
Қорқыттың қобызының шанағында?
Болғанмен басым – мұнда,
Көңілім – анау –
Көк Тәңірі,
Көк Түркінің заманында», оқып отырғанымыздай, ақын көк түркінің жалаулы найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған, жауын бағындырған, дұшпанын табындырған шағын аңсайды. Дүние дүние болғалы, жұмыр жер өз бесігінде тербетілгелі бері сан миллиондаған жылдар өтті. Осы уақытта бақ құсы бірде басына қонып, бірде ұшып кетіп отырған көк түркілердің басынан кешпеген қасіреті жоқ. Замана запыранын жұтып, мәртебелі уақыттың тізесі батқанын елең қылмай, келешек көшіне ұмтылған көк бөрінің ұрпағы - Сарыжазықтан Үрімге дейінгі аралықты судай сапырып, асты-үстына төңкеріп, дауылдай борап, құйындай ұйтқыған дәуірлердің бетінде өз мөрін-қолтаңбасын айқырып тұрып қалдырған жұрт. Ақын өз өлеңінде осыны меңзейді.

«Жаһанды жанарыммен жасқап өстім,
Жайлауды тастап, неге тасқа көштім?
Дүниеде жоқ-ты бізден басқа –
Ешкім,
Біздерден бекзат, текті, асқақ –
Ешкім!

Дүние неге бөлек ойға қалды,
Ол онда көк ғасырын тойлаған-ды.
Ғаламзат -- КөкТәңірі, Көк Түркі бар,
Көк Бөрі ғана бар деп ойлаған-ды...»  деген жолдар арқылы өзінің өмірлік ұстанымын, ақындық позициясын айқын танытады. Жалаулы найзаны қолға ұстап, жалаңдаған жауға жалаңаш шапқан батыр бабаларымыздың өрлігі мен ерлігі ақын жырларынан атойлап тұрғаны даусыз. Заманында дұшпанын қаһарымен қалтыратып, табанының астында таптаған көк түркіден кие қашты бүгінде. Еуропаға атой салып, Рим қақпасын қақырата ашқан Еділ – Аттилалардың ұрпағы деп бізді кім айтар? Сол бір көк түркілердің жұлдызы жарқыраған шақтары бүгінде аңыз бен әфсанадан орын алды. Көк бөрінің ұрпағы неліктен санасыз тобырға, қалтасын қампитуды ғана көздейтін ашкөзге, қанағатты білмейтін, жеке басының мүддесін ел мүддесінен биік қоятын өзімшілге айналды? Ақын өлеңдерінен осындай ой түйеді оқырман.  

«Түркіге түбі тексіз жүйе қас-ты,
Бетіме қай сұм келіп күйе басты?!
Қалайша Көк Тәңірі Көк Түркіден
Көз жазып, --
Көк Бөріден кие қашты?!

Құлайтын күн болғанда Құдайға анық,
Атымның бауырына құлай барып, --
Күн Ие, жалт қарасам Саған,
Сонда –
Дүние бара жатты шыр айналып...

Ұлып кеп, көкжиегін түріп көктің,
Көз жасын құз қияда жүріп --
Төктім.
Оғыздың қабіріне құлап түсіп,
Қобыздың шанағына кіріп кеттім...», ақын бұл өлеңі арқылы тұтас бір халықтың көкейкесті мәселесін өлеңмен өрнектеп отыр. Ағинағы жарқылдап, азуын айға білеген, Алтайдан Дунайға дейінгі аралық табанының астында тулаған көк түркілердің жаулары да аз емес еді. Әлі күнге дейін де көне жылнаманы  көзге ілмей, тарих доңғалағын кері айналдырғысы келетіндер бар екені де сөзсіз. Бұл жерде көк бөрі – тотем, яғни, халық санасында киелі саналған жануардың өлеңде кейіпкер болып алынуы. «Мәңгілік ел» идеясын түпқазық етіп қағып, болашақтың үлесіне нысана қылған Күлтегін мен Тоныкөк жазбалары – халқымыздың дамуында бағыт-бағдар беретін темірқазық. Серік Ақсұңқарұлының идеясы да осыны көздейді. 
          Ақынның «Ұзан» деген өлеңінде Тәңірі сөзін халыққа жеткізетін, Жасаған иемен ортадағы байланысты орнататын алтын көпір – жыр екенін түйсінуге болады. Күлтегін, Бумын қаған рухын ту еткен Серік Ақсұңқарұлы жыр жанартауын атқылатып,  түркі халқының тағдырындағы сол бір жұлдыздай аққан сәулелі сәттерді аңсайды. Ел өміріндегі ең маңызды сәттер ақынның жырында, жыраудың термесінде, шежірешінің жылнамасында қалатыны анық. Ақын жырларындағы еркіндік пен азаттыққа іңкәрлік сарыны көшпенді ғұмыр кешкен жұрт екенімізді тағы бір еске түсіреді. Жасыл жайлауда, жұлдызды аспанмен сырласып, іргеден аққан бұлақ сылдырына елтіген қазақ баласы үшін ақын жырлары – еркіндіктің елшісіндей, азаттықтың бойтұмарындай сезіледі. 
«Мен—Отпын, өртпін ғой мен лапылдаған,
Лебіме жан шыдымас жақындаған.
Болғанда өзім—жерде,
Тәңірім—Көкте,
Шерімді Соған айтып, лақылдағам...» деген ақынның Абай, Мағжан бастаған ұлы көштің жалғастырушысы екенін анық танытады. Шындығында, күн, ай, жұлдыз, жел, су, от сияқты нысандарды киелі санап, тәу еткен қазақ баласы үшін от – жер бетінен жамандықты, зұлымдықты аластаушы. Олай болса, көшпенділердің рухы өн бойынан көрініп тұрған ақын өлеңі оқыған жанның жігерін қайрайды, намысын жаниды. 
«Ұстаған, соңсоң, мені Ол биіктетіп,
Пендеге—жат,
Өзіңе—сүйікті етіп.
Жаныма жақындасаң күл боларсың,
Жасыным бір жеріне тиіп кетіп.

Көкірек—шер де, кеудем—ыза менің,
Түркі-Оғыз заманында Ұзан едім.
Тәңірім алқап,
Жебеп Аруағым,
Ноқат боп көз ұшында ұзап едім», бұл жерде ақын өлеңді «ұзан» деп атаған көктүркілер заманынан хабар береді. Ұланғайыр кеңістікті адамшылық өлшемі етіп, кеудесіне сыйдырған даланың ұлы үшін жасындай жарқ етіп, найзағайдай тіліп түспеу - сын. Олай болса, мәрттік пен жомарттықты ұлы даладан үйренген, жүрегіне бүкіл қазақ даласын сыйдырған ақын ата-баба мұрасы болған «ұзанның» атынан сөз алуы ешкімге де күмән тудырмайды. Сөзді кие санап, ер тағдырын екі ауыз сөзбен шешкен кешегі билер мен жыраулардың заманындағы өлеңге деген құрметті аңсайды ақын. Егер ақын еңсесі түссе, ел еңсесі көтерілуі мүмкін емес. Сондықтан да:
«Алаштың жүріп тағдыр-таланында,
Енді кеп табанында қаламын ба?!
Доспанбет,
Асан Қайғы,
Шалкиіз ем,
Керей хан--Әз Жәнібек заманында» деп, рухын тасқа жаниды, серт семсерін өлең етіп сермейді. Доспамбет болып шамырқанса, Асан Қайғы болып ел келешегін уайымдайды. Шалкиіз болып шарқ ұрса, Керей хан-әз Жәнібек болып қаһарланады. 

«Бір тауар бір кісінің жарты құны,
Бүгінде базар—думан,
Сарт –үкілі.
Кімге айтам құл тұқымы түгіл, онда
Аузыма қараған деп хан тұқымы» , бір кезде бүкіл халық болып аузына қараған ақындардың бүгінгі мүшкіл халіне ақын ашынады. Кезінде аңызға арқау болған көшпелінің ұрпағы бүгінде сөзге түсінбейді, өз тілін менсінбейді дегенге кім сенер?! Алайда, ащы ақиқат осы екендігіне ақын өлеңін оқи отырып көз жеткізуге болады. 

«Өңезге болмай айтқан өкімі—екі,
Өлеңнің жүрген кезі-ай, өкілеті:
Сүйген-ді мені Тәңірі,
Соны сезіп,
Именді тексіз кеңес өкіметі!

Арсы мен гүрісіге бір шарқ ұрғасың,
Һас тұлпар қалай қажып, алқынбасын.
Болдғанда Алаш—азат,
Аяр—мазақ,
Абдырап қалды-ау, қайран, алтын басым»  заманалар дауылы әрлі-берлі ұйтқыған кезеңде кімнің алтын басының қай тентектің сойылының ұшында кетерін кім болжаған?! Ойхой, дүние! Тарих көшін бес ретаударып,  қайтадан тиеп, шежірелер қазанын бес рет құйып, қайта сапырған, қара дүлей атанған көшпенділер, көк түріктер де өтті! Олар туралы айтылатын, сан-саққа жүгіртіп айтылатын жылнамалар мен ауыз-екі ел аузындағы аңыздар мен әфсаналар арқылы ғана біз өткенге көз жүгіртіп қарай аламыз. Ұлы даланы қорғап, жанын қиған хас батырлар, қара сөзден қаймақ алған билер мен елдің тұтастығын сақтап қалған хандардың басын қосатын ақын-жыраулар еді сол кезде. Ақын Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» деген жыр жинағы - өткенімізді танып, өшкенімізді жағу үшін, бүгінімізді бағалап, келешегімізге байыппен қарауымыз үшін өте керек дүние. Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарай алматын қазақ баласына алмағайып заманадағы өз ұлтының, тілі мен дінінің көріп отырған қиянатын жыр тілінде жеткізіп, алдағы күнге аманат ететін де осынау жинақтағы жүректі жырлар. Олай болса, «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы»  атты жыр жинағы алты алаштың асыл қазынасы екені айдан анық!

         Ақын, көсемсөзші-журналист Гүлзира Серғазыны оқырмандарға тағы бір рет таныстырып жату артық. Оның есімі сонау 90-жылдардан бастап, қыз-келіншектерге арналған республикалық «Ақ босаға», Алматы шаһарының басты үнжариясы -«Алматы ақшамы», «Рух-дәрия» секілді газеттер мен «Жалын» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналында жарық көрген эссе-портреттері мен журналистік зерттеу мақалалары арқылы көзі қарақты қауымға жақсы таныс. Ойы орамды, сөзі кестелі, тілі шұрайлы көсемсөзші кімді, нені қаламына арқау етпесін, қашанда оның өзіне ғана тән қолтаңбасы менмұндалап тұрады. Ол төл кәсібіндегі ауыз толтырып айтарлық жетістіктері үшін 2001 жылы Қазақстан Журналистер Одағының Өзбекәлі Жәнібеков атындағы сыйлығының лауреаты атанса, одан кейінгі жылдары республикалық ақындар байқауында да үздіктер қатарынан танылды. Ғабит Мүсірепов атындағы еркін әдеби сыйлықтың лауреаты, Республикалық «Қазақтың ақын қыздары» мүшәйрасының жүлдегері. Десек те, соңғы жылдары оның шырайлы шумақтары мен әсерлі эсселерін сүйсіне оқитын оқырман оны жоғалтып алды. Анда-санда әлеуметтік желідегі жеке парақшасындағы жазбаларымен жылт етіп көрінгенімен, өзі көзден таса. Биыл қос бесті еңсеріп, мерейтойы иесі атанып отырған ақын қызбен мені де сұхбаттасуға жетелеген басты себеп осы еді...

 Қазақ журналистикасында белгілі бір салаға, тақырыпқа маманданған журналистер мектебі қалыптасқан. Соның бірі фельетон жанры болса, оның мектебін қалыптастыруда Нури Муфтахтың өзіндік қолтаңбасы, үлкен үлесі бар. Ол қырық жылдан астам уақыт осы бір қиын да күрделі жанрда әр түрлі тақырыпта қалам тербеген. 
«Нұреден өзі қалай жазса, шәкірттерінен де соны талап етеді. Біреуінің мақаласы ұнамай қалса, бірден телефонға жармасады. Ондайда ақталу деген мүмкін емес, себебі қоятын кінәсі ешкімді тырп еткізбейді, шәкірттері де оған әбден үйренген, мойындайды, кемшілігін түзетуге күш салады. Нури Муфтахтың облыстарда, аудандарда жүрген журналист шәкірттері аз емес. Оған жол сапарда бір жүргенде талай мәрте көз жеткіздім. «Нұрекең келіпті» дегенді естіген олар оны қалайда іздеп тауып алады.  Онымен бірге жүріп, күнде ақыл-кеңесін тыңдамаса да оның жазғандарына қарап бой түзейді екен. Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болғанымызда «Біздің өз Муфтахымыз бар» дегенді естігенбіз. Нурише жазу, Нурише батыл айтуға машықтанған әріптестеріміздің қатары көбейін келе жатқандығы қуантады» деп жазады Мамадияр Жақып өз естелігінде. Міне, бұған қарап еліміздің журналистикасында Нури Муфтахтың өзіндік мектебі қалыптасқанын байқау қиын емес. 
Фельетон жанрының негізгі парызы – біреуді кекетіп-мұқату емес, істегі кемшілікті түзетуге қолғабыс тигізу. Осы орайда Н.Муфтах фельетондары - ешкімнің бетіне қарамайтын батыл да табанды, қазақ баспасөзінде турасымен ғана таңбаланған тегеуріні мықты шығармалар. Автор шығармасының осындай құндылығы, күші, беделі қара қылды қақ жарған шыншылдығында, әділдігінде жатыр.

           Сондай-ақ, автор шығармасының бір ерекшелігі, оның фельетондарының кімге бағышталып отырғанын, кімді сынамақ болғандығын кез-келген оқырман біліп отырады. Кейбір баспасөз беттерінде көбіне көп сыни материал, фельетон жариялау керек деген дақпыртпен сылдыр-сөз, жеңіл-желпі фактілерге құрылған атүсті сын материалдар жарық көреді. Екінің бірінде «клубтың немесе дүкеннің есігінің алдына қара құлып кесе көлденең жатып алып, ешкімге бой бермейді» деген сияқты материалдар жиі бой көрсетеді. Ал, сол клуб пен дүкенді «қара құлыптың» билеп алуына кім кінәлі екендігі нақтылы ашылып жазылмайды да, мұндай сын материал оқырмандарға да, газетке де көмегі тиместен аяқсыз қала береді. Ал, мұндай шалағай сөз бен сұраусыз сөздің кімге керегі бар?! «Тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» деп сермелген сын семсерінің газет беделін түсірер зиянынан басқа пайда шарапаты болмайтыны хақ. Кейбір фельетонистер мысалы, егер өзімшілдік туралы жазатын болса нақтылықтан оқшау кетіп жатады, айталық сол сырқаттың да, қатыгез дәрігердің де аты-жөнін келтіре бермейді. Мұндайда редакция тым әсіре сыпайылық білдіреді де, соның салдарынан оқырмандарға да, дәрігердің жұмысына да қолғабыс тигізерлік мәселе аяқ асты сөз болып қала береді. Осыған жақын «Тізең сырқыраса, тісіңді емде» фельетонын алайық. 
          Өтірік-шынын кім білсін, бірде Алматыдағы студенттер емханасының дәрігері О. Гаевскаяға бір студент келіп: «Ольга Ивановна, түн болса болды тізем қақсап ауырып, таңды көзбен атқызатын болып жүрмін» деп ем-дом жасауын өтініпті. «Аузыңды ашшы, тісіңді көрейін» депті сонда дәрігер» деп бастаған Нұреден өз мамандығына сай жұмыс істемейтін, кәсіпті қолғапша ауыстыратын дәрігелерді сынайды. Автор осында әшкерелеуге тұрарлық нақты фактілерді келтіріп, негізгі ой-толғамдарын, сын-пікірлерін тартынбай, еркін айтады. Шығармадағы кейіпкерлердің аты-жөні де толық айтылады. «Біреу күлкі үшін шығарды ма, кім біледі, ал Ольга Ивановнаның 1970 жылы Омбы медицина институтын тіс дәрігері мамандығы бойынша бітіргені де, бірақ тістен гөрі мұрын мен құлаққа құлқы ауып, тамақ, құлақ, мұрын дәрігері болып істеу үшін қайта әзірліктен өткені де, 1983 жылдың бас кезінде емханадағы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалғаны да - айна қатесіз шындық. Әлбетте лауазымға ақша беріп ие болмайтыны белгілі» деп білімсіз дәрігерді шаншып өтеді. 
           Журналистің осы медицина саласына байланысты жазылған тағы бір фельетонынан дерек. «Айталық, Лариса Пожитнова 1975 жылы Алматы медицина институтының педиатрия факультетін бітіріп шыққан еді. Сол кезде шалғайдағы қанша сәби «Дәрігер апай келеді» деп қуанды екен десеңізші. Бірақ, Лариса Ивановна ауылға да, ауданға да, өзі туып-өскен Жамбылға да асыққан жоқ. Бәлкім, Астанадан кетпеудің амалы шығар, әйтеуір көп кешікпей психотерапия маманы болып шыға келді. Оны аз десеңіз осыдан үш жыл бұрын Ростовқа барып сексопатология маманы деген тағы бір қағаз алып келді». 
             Жалпы, Н.Муфтах фельетондарына тән қасиет - оның осындай әр қадалған нүктені аса дәлдікпен әшкерелеуінде. Мұның астары автордың қоғамдағы бассыздық, жадағай шалалықтардың дереу қолға алынып, іс аяқсыз қалмасын деген игі тілегінде жатыр. Сонымен қатар Нури Муфтахтың өзінен кейінгі ізбасар әріптес інілеріне күнде көз көріп, қасында жүрмесе де көрсеткен үлгісі, үйреткен тағылымы мол. Ол өзі Астанада жүрсе де Қазақстанның өзгеде облыстарындағы журналистерге әртүрлі басылымдарда жарық көрген фельетондары арқылы бағыт-бағдар беріп, жүйелі жазуға тәрбиелей білді. Тіпті өзін аға, ұстаз көретіндерге телефонмен де: «мақалаңның мына бір жері бос, мына бірі оқуға келмейді, жүйелі түрде жинақы, қысқа әрі анық жаз» деп кемшілігін түзетуге бағыт берсе ал, енді бірін: «тақырыбын жақсы қойыпсың, осы бағытыңнан тайма, сенен бірдеңе шығады» деп жігерлендіріп, алға ұмтылдырып отырды.

           Осы сөзіме, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, өнеркәсіп саласында біраз қалам тербеген белгілі журналист Құттыгерей Смадиярдың мына бір сөздері дәлел бола алады: «Нури Муфтах - менің журналистикадағы санаулы ұстаздарымның бірі еді. 1997 жылдан бері түрлі басылымдарда жұмыстас болдық. Ал, «Алтын ғасыр» шыққалы күн сайын тілдестік десе болады. Әрине, жұмыс болғасын оның күнделікті айқайы да болады ғой. Телефонмен талай рет жүндей түткен. Бірақ, бірер сағаттан кейін қайта соғып, факспен материалды үйіп тастайтын» деп еске алады Нури Муфтахтың дағдылы материал дайындау тәжірибесі қақында. Бұл да Нұри Муфтахтың фельетон  жанрында өзіндік мектебі қалыптасқандығын аңғартса керек. 


-Маржан, жақында сайтымыздың парақшасында тегі қыпшақ мажар ғалымы, аты мәшһүр түрколог Қоңыр Иштван Мандоки мен оның жұбайы қазақ қызы, атыраулық Оңайша- Айша Мақсымқызының өмірлік жолы туралы  жаңа туындыңнан үзінді жариялаған едік. Оқырмандарымыздан көптеген сұрақтар түсіп жатыр. Сұрақтар тақырыпқа қызығушылықтан туындайды ғой. Бір кезде қазақ жерінен Батысқа қарай үдере көшкен қыпшақтар тарихына аз-кем тоқталып өтсең.

2 ішінен 6 беті