Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Тұрысбек СӘУКЕТАЙ: "Мен - жындымын" (траги-комедиялық романнан үзінді)

(Жалғасы) 

Базар

   «Өзі жылауық бозым еді, шыбық тиген соң не сорым» демекші, онсыз да кернау басым, ауырды-сырқадының сылтауымен әйелім байқұс ебелек қағып асты-үстіме түсіп өбектеген сайын мүлдем үпіл-мәлік боп алдым. Көзі жыпылықтаған «Горизонтты» анда-санда төбесінен бір қоям да, диванға сылқ етіп,  шалқамнан түсіп жата кетем. Бір күні әйелім алай бір, бұлай бір ойқастап өтті де, мықынын таянып қасыма тұра қалды. (Мықынын таянса-ақ бітті, зәрем ұша бастайды, бір тықырдың таянғанын сезе қойдым.)
   – Отағасы, бұл қай жатыс? Еркелеп болсаң, тұрмайсың ба?
   – Тұрғанда не істейміз?
   – Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Сауда жасайық!
   – Сауда-а?!! – Осқырғанда кеңсірігім жарылып кете жаздады. – Құрсын, атамның атасы жасап көрмеген кәсіп!
   – Омай, шіркін, ақсүйек! Жаныңды баға алмай жүріп кергіген не теңің.
   – Жасасаң, өзің жаса. Бабаң басына сәлде орап, есек мініп, базар жағалаған  саудагер емес пе?
   – Пішту! – деді әйел ерінін шығарып. – Өзің жетісіп тұрғандай. Қазанда  айна-тарақ сатқан кімнің бабайы екен? Сезнең бит, малай!..
Ары итеріп, бері жығып, сөзбен біраз қаржасып  алған соң, мұндай «шайқастарда» қашанда омақасатын әдеттіммен тағы да "нокаудқа" түсіп, әйелдің уәжіне жығылдым. Иіндері тозған, мойындары қылқиған үш баланы алдыма көлденең тартып, әр сөзін мірдің оғындай қадап, жаныма батырып-батырып айтқанда, кинодағы фашистей екі қолымды тас төбеме көтеріп, емпеңдей жөнелуден басқа амалым қалмады... Сөйтіп үміт жетелеп, жоқтық желкелеп  атам істемеген сауда  деген таңсық өмірдің хан-базарына қойдық та кеттік.
   Жолдың арғы жағындағы «Оптовкадан»  Қытайдың арзанқол кәкір-шүкірін  аламыз да, бергі  беттегі базарда сауда қыламыз. Базар дегенің – айналасы бетон дуалмен қоршалған ашық алаңқай. Сүргіленбеген қисық-қыңыр тақтайдан сәкі жасап, төбесіне берзент керілген ұзын-шұбақ қатарлардың өз иесі бар. Бірі – әлдебір байдікі, бірі – әкиматтағы қонжиған әлдебір шонжардікі. Қалқайманың астын метрлеп сатып, қалтаңды қақшып алады. 
   Құдайдың иен-тегін жеріне тұрғанға ақы алғандары қай Құдайдан  безгендері деп, баяғы көңілмен  бұрқылдап-бырқылдап  жүрсек, жер енді Құдайдікі емес, Құдайыңа пысқырып та қарамайтын байлардікі боп кеткен екен ғой.
   Біраз уақыт жаңа кәсіпке бой үйрете алмай жүрдім. Қазақтың  саудаға деген қанға сіңді жиіркеніші, ескі моралі кеудемнен қос қолдап итеріп тұрғандай. Қалпағымды түсіре киіп, көзіме жарты бетімді жайлаған қара көзілдірік тағып аламын. Таныс біреудің қарасы шалынса, дереу теріс айналып кетіп немесе жайманың қалқасына бұғып отыра қаламын... Кешке үйге келгеннен кейін тәпіштеп бар пәлені ұстаған қолымды жуамын; «әй, осы сен бар былықты көрдің ғой» деп көзімді жуамын; «тауар өткізем деп алдап не сөз айтқан жоқсың» деп аузымды шаямын; "әй, сен не ойлаған жоқсың, сұм жүрек?" деймін де, оны қалай тазартарымды білімей аңтарылып қалам... сонда да бүкіл денемді ысқылап жуамын. Бәрі бір ішімдегі бір былғаныш кетпегендей өз-өзімнен жиіркенумен боламын.
 Бұрын сауданы, қолынан келер басқа кәсібі жоқ жылпос, ысқыаяқ, дүниеқоңыздар жасайды деп  ойлайтынмын. Оным  кәттә бекер екен. Бүгінгі базарға жоқшылық деген пәлекет небір жақсы мен жайсаңды айдап шығыпты. Жөн сұрассам, оң жағымдағы көршім – профессор, химия ғылымының докторы, сол жағымдағы мұңдасым – ол да доктор, биолог, одан арғы – доцент, оның ар жағындағы – кафедра меңгерушісі... ¬өңкей доктор, кандидат... ығай мен сығай.  Ішіндегі атақ-лауазымы жоқ, ең елеусіз қаратөбелі мен ғана екенмін. Адамның тығырыққа тірелгенде өзінен де күні төмендерге қарап, өзін алдарқататын пендешілігі болады ғой, «мүйізі қарағайдай мықтылар ұялмағанда, маған не жорық!» деп  әжептәуір еңсе тіктеп, ажарланып қалдым.
   Оң жақтағы Сәдуақас деген ағай – ақбурыл шашын шалқайта тараған, иегінің ұшында бұршақтай меңі бар, аққұба өңді, елулердегі еңсегей, келісті кісі. Қазір ғана лекция оқып аудиториядан шыққандай қашан көрсең де үсті-басы мұнтаздай, жинақы. Термостан құйып алған ыстық шайын ұрттап қойып, кітап оқып отырады. Кейде менің қуыстанып әлдекімдерден тайсақтап, қалқаға қарай жылыстағанымды көріп қап ұрсып тастайды:
   – Әй, өзің қызық жігіт екенсің! Ұрлық қып тұрсың ба, қарлық қып тұрсың ба, неменеге ұяласың? Осы біздің қазақтың мінезін түсінбеймін. Еңбектеніп адал теріңмен нан тапқанның несі сын! Біздің әйел де: «Ойбай, профессер басыңмен базарда тұрасың ба, ұят-тағы, ұят!» деп екі бетін жыртты. Мен неменеге ұялам? Ұялса, Ленинградта диссертация қорғаған, галогендерден екі жаңалық ашқан, профессор басыммен осы күнге жеткізген аналар ұялсын!– деп сұқсаусағын жоғары шошайтады. –  Әй, ұяттан бір күн кейін туған ол немелер қайдан ұялсын. Оларға ғылым да, өнер де керек емес. Тек ақша ғана керек. Ақша болса, бәрін сатып алам дейді. Ғылым академиясы тарады, ақын-артист – байды мақтап зарлаған жарапазаншы. Оларға айдағанға жүретін, айтағына үретін ойсыз-өнерсіз тобыр керек!..
   Біздің қатарда тұрғандардың дені ғалымдар. Таныс-біліс болған соң бірін-бірі сағалап келген ғой. Сондықтан Сәдуақас ағай біздің қатарды «Базарстан Республикасының Ғылым академиясы» деп қағытады. Бізден кейінгі қатарда  ақын-жазушылар сауда жасайды. Дарылдаған күлкі-айғайы, думаны көп. Тұспа-тұста Ниязғұл, Бейсенбек, Темішбай деген  ақындармен қоңсымыз. Бұрыннан жүздері таныс, аттары қанық. Анда-санда телевизордан көрініп қоятын. Әрқайсысы самсаған тауарлармен бірге өздерінің «Самиздаттан» шығарған кітапшаларын жаймаға текшелеп қояды. Басқа ешқандай кітапты жолатпайды. Әрқайсысы тек өзі ғана мықты. Арлы-берлі өткендерге: «...өу, қарындас... әй, інішек... әу, жеңгей... міне, мына өлеңді тыңдаңызшы... Мұқағали да мұндай жазған жоқ, нағыз классика!..» деп  бір-екі шумағын  шұбырта оқып, жаймадағы заттарынан бұрын  әрқайсысы өз кітаптарын тықпалап, насихаттап кетеді.
   Менің бір құлағым  бойлай да солар жақта. Бәрін болмаса да  еміс-еміс естіп қаламын кей сөздерін. Көбінесе арқаланып  дүрілдеп сөйлейтін – Ниязғұл. Қылқиған мойынын иығынан бұрап шығарып, жұлқынып тұрғаны. Тыриған тарамыс болғанмен, бос бөшкені ұрғылағандай даңғырлаған дауысы зор. Айғайлап, өңештеп сөйлегенде, ішіп алған ба деп қаласың. Көбінесе Темішбайды қыжыртып жатқаны:
   – Иә, орденді сатушы, сауда күсет болсын! – дейді таңертең сәлем орнына салған жерден. Темішбай оған мүлдем кереғар, денесі де, мінезі де: екі беті бұлтиған қара-торы, дембелше. Самайы мен желке шашының ұшы шиыршықтанып тұрады. Жүріс-тұрысы маңғаз. Ылғи да үстінде ақ көйлек, галстук тағып қылғынып тұрғаны. Телевизор көретіндердің бәріне таныс, мәжіліс сайын суырылып сөйлеп тұратын сарнауық бір сенатормен бірге түскен суретін үлкейтіп жайманың бір шетіне сүйеп қояды. Онысы: «біз кіммен әмпәй екенімізді біліп қойыңдар!» деген мақтаны. Мына көзі едірейген тікен мұрттың көп жыл совхоз басқарған әкесі туралы поэма жазып «Құрмет» орденін алса керек. Ниязғұлдың «орденді сатушы» деуі содан. Ниязғұл оның тырсиған қарынын сұқ саусағымен түртіп қап, басын шайқайды:
   – Партократтар мен коорупционерлерге қор болған қайран өлең–ай! Одан да өз әкең туралы неге жазбайсың?
   – Ол ондай құрметті азамат емес қой.
   – А, әкең құрметсіз бе еді? Бәсе, бәсе!..
   – Кетші-ей сөзден пәле іздемей... Жалпы, сенің позицияң дұрыс емес. Бай, бастық десе, бассалып жамандайсың. Ана кісіге де тіл тигізесің! – деп иегін көкке бір изеп тастайды. – Баспен алысқан ел бассыз қалады деген қазақтың сөзін ұмытпа!..
   – Сен-ақ  мақта. Бар жерін жалағанда, шыққан ұшпағың осы ғой. Сөлкебайыңды сылдырлатып тұр енді бақсыдай бақылдап!
   – Тұрса несі бар екен? Бұл да еңбек...
   Біраздан кейін ішіп алып, тіптен дарылдап кетеді. Сауда – бір жақта, өздері – бір жақта. Көп үндей қоймайтын Бейсенбекті  ондайда тоқтату бір күш. Беті күреңітіп,  өлең оқимын деп өжектегенде, кісіге дес берсе кәне. Екі көзін тарс жұмып, күшене айғайлап, қолын үсі-үстіне сермейді:
   – ...О, менің қасіретім – Ауғанстан!
      Тағдыр сені жаратқан ар-намыстан.
       Көз жасыңды сүртемін өлеңіммен
       Жүректердің арасын жалғап ұшқан!..
Бір өлең бітер-бітпестен екішісіне көшеді буырқанып:
   –Уа, уа!
  Никара–гуа!
  Шер мен  сор маңдайынан арылмаған!
  Ал-дағы жырларымды жалындаған,
  Берші сен азабыңның бәрін  маған!
  Уа,уа!
  Никара–гуа!.. – дей бергенде:
   – Уа, уа, дауысыңнан айналдым дарылдаған... Болды, қоя ғой! – дейді  Сәдуақас ағай дауысына зіл сала кекетіп. – Айдаладағы Ауған мен қияндағы Никарагуада нең бар? Айналаңдағы жылағандар аз ба, солардың көз жасын неге жырыңмен сүртпейсің?
   – Ой, Сәке, сіз қызықсыз. Өлең деген еркін қалықтаған құс, биікте самғауы керек. Сіз жерге түс, қарабайыр тірлікті жырла дейсіз. «Шөп те – өлең, шөңге де – өлең» дейтін нағыз примитив сол емес пе?
   – Өлең өз топырағында өнуі керек. Қасірет пен қайыршылықты іздеп Африканы шарқұрудың қажеті не? Қолын жайып, қайыр сұрап қарсы алдыңда тұрған жоқ па соның бәрі? Өзің мұнда неғып тұрсың? Не көріп, не түйсінесің – поэзия деген сол.
   – Ғалым деген халықты түсіну қиын. Тым прагматиксіздер. Қатып-семіп қалған бірізді, ескі категориялармен ойлайсыздар!..
   «Өлеңнің отыменен өртеп жіберемін!» деп лапылдап, өрекпіген ақын ағайындар аудитория таба алмай  өкпелеп, қоңылтақсып қалады. Осы Бейсекеңнің мінезі тіптен қызық. Түріне қарасаң, өлең жазатын кісі сияқты емес. Еңкіштеу, тыриған арық. Арбадан зорыққан өгіздей екі көзі алайған, суалған екі ұртының ойығына екі жұмыртқа сиып кеткендей. Тұнжырап үн-түнсіз жүргенге момақан біреу-ау деп ойлағанмен, аузына сәл арақ тиіп не өлең оқығанда, тани алмай қаласың, дүр сілкініп, аруақтанып шыға келеді. Шыжыған ыстықта да жиегі жемтірленген  қоңыр береткесін милықтатып басынан тастамайды. Анда-санда соқтығарға қара таппай еріккен Ниязғұл:
   – Әй, таз, төбеңді бір рет көрсетші, көрімдігіне бес  теңге берейін!– дейді қасында тұрса да айғайлап.
   – Кетші! – дейді ондайда Бейсекең үні өшіп қызараңдай қолын сілтеп. Шамасы, бұл Бейсекеңнің шамына тиер жанды жері болуы керек.  Аузы жылдам Ниязғұл «таз» деген сайын жасып, қызараңдап қалады. Төбе шашынан айрылған жалғыз бейбақ солдай-ақ, сонша қорынатыны қызық. Осыдан бес-алты жыл бұрын  астындағы машинасын сатып, Жапонияға барып  төбесіне шаш ектіріп келіпті. Бұрынғы жас кезіндегідей қап-қалың, бұйра. Алғаш көргенде жүрегі жарылардай қуанып, айна алдынан шықпай  сағаттар бойы өзін тамашалап тұрып алыпты. Қуаныштан ес жоқ-түс жоқ, ұшақтың қанатына жабысқандай боп елге жетеді алып-ұшып. Көрген жұрт таң-тамаша, «апыр-ау, мынау шынымен Бейсекең бе-ей!» деп  көзін ашып-жұмып, таңдайын тақылдатады. «Ал, не тұрыс, әйда кеттік!» Содан ал кеп  жу, әйда кеп ресторан жабылғанша сілте... Көзін ашса, айықтырғышта жатыр екен. Басы резинка доптай жып-жылтыр – тақырлап қырып тастапты. Жата қап бақыр, ойбайла... Өкіре-өкіре жүрек талмасы ұстап, ес-түссіз қалады. Ауыруханада жарты ай жатып, әрең дегенде беті бері қарапты.  Міне, содан бері таз кепеші төбесінен түскен емес, содан бері үңірейген көзінен мұң айыққан емес. 
   Араларындағы бір бармағын ішіне бүккен тақыстауы – Темішбай. «Һің» деп мұрнынан бір күліп қояды да дарылдаған ана екеуін арандатуға құмар. Бір күні таңертең шалабурыл боп келді. Шашы дудырап, басы салбырап кеткен, көңілсіз. Қос қалтасын қайта-қайта ақтарып, сылдырлаған жарты уыс тиынды санағыштай береді. Басы сынып қыржиып отырғанда:
   – Орденді саудагер, қалайсың-ей? – деді Ниязғұл жаймасына қос шынтағын тіреген күйі саңқылдап. Іздегенге – сұраған, Темішбайдың өлеусіреген жанарына жылт кірді.
    – Ордендерің жоқ болса да, осы екеуің менен артықсыңдар! – деді жез қармағын тереңге қарай лақтырып.
   – Сонда қай жеріміз артық?
   – Ақындықтарыңды айтам!
   – Ой, қасқа-ай!..
   – Ақыры мойндадың-ау! – деді екеуі ентелеп.
   – Мойындамағанда. Бірақ екеуіңді сынайын деп тұрмын, қайсың мықты екеніңді білу үшін.
   – Сына, сына!..
   – Дайынбыз!
   – Ендеше екеуіңе жеке-жеке тақырып беремін. Табан астында өлең шығарасыңдар. Жеңілген «жартылыққа» жығылады.
   – Келістік! – деді екеуі жұлқынып.
   – Кәне, Бейсеке, бәйге атындай аласұрып тұр екенсің, сенен бастайық. Қыздың аты – Қамажай. Осыған өлең шығаршы.
Бейсекең іркілген жоқ, жұдырығына жөткірініп алды да сілтей жөнелді:
   – Қыздың аты – Қамажай,
   Жатқан  жері – жағажай.
   Жағасында – қарағай.
   Саясында – кәрі ағай. 
   Күрсінеді Қамажай –
   Кәрі ағай жатыр жарамай!..
   – Ой, бәрекелді, бар бол, Бейсеке! Ал, ендігі кезек – Нәкеңдікі. Пай-пай, табанымен жер тарпуын қарашы, мына көк дауыл сойқанның! Саған не тақырып берсем екен? А, анау қалжыңдаса беретін келіншектің аты кім еді, Роза  ма? Соны өлеңге қосшы.
   – А... Роза дейсің бе? – Қос танауы қусырылып, түсі қуқылданған Ниязғұл  желкесін қасып  сәл іркіліп қалды да ары қарай іліп әкетті:
   – Айналайын Роза,
   Сенсіз өмір – проза.
   Поэзия болар-ау,
   Ойнап-күлсек біраз,ә!

   Сырымды қайдан білерсің.
   Тірлікті ойлап жүдерсің.
   Айға қарап ұлысам,
   Құтырған деп күлерсің!.. – деп екі көзі қызарып екпіндете ентігіп тоқтады.
    – Пах, шіркін! – Темішбай басын үсті-үстіне шайқады.– Екеуің мені қинадыңдар ғой. Біріңнен бірің өтесің, қайсыңа бәйге берерімді білмей тұрмын. Әй, екеуіңе де Бас бәйге! Қазылығыма ризасыңдар ма?                     Жаңа ғана бақталас боп бір-біріне жауыға қараған екеуі жымың қақты:
   – Ризамыз!
   – Ендеше, бәйгелеріңді жуыңдар. Бірің – «Экстра», екіншің – бір-екі сыра, тіскебасарымен.
   – Е, оған сөз бар ма! – Екеуі саңқылдай сөйлеп, анандайдағы дүңгіршекке қарай  емпеңдей жөнелді...
   Кешке таман жүкті алып қайтуға көмектесуге келген әйелдері көздері күлімдеп, «Ләйлім-шырақ» боп отырған үшеуін көріп, базарды басына көтереді: «Ойбай-ай, енді қайтейін. Өлтіретін болды-ау мына алқаш!  Тағы да ішіп алыпты сідігін... Бүйтіп мал тауып асырағаның құрысын! Бұрын сыраханадан шықпаушы едіңдер, енді базарда бас қостыңдар ма, үш алқаш!..» деп үшеуін үш қатын жайманы айналдыра қуып жүргені. Тегін концерт. Біреулер күледі, біреулер басын шайқайды:
   – Әй, берекесіздер-ай! Осыларды да бауырынан бала өрген бір шаңырақтың егесі дейді-ау!
   – Иә, көптің бірі емес, ел көзінде жүрген азаматтарға ұят-ақ!..
   Ел не десе, о десін, өз басым оларға қызыға қараймын. Алланың ықыласы түсіп, айрықша жаратқан пендесі сияқты. Әсіресе Бейсекең мен  Ниязғұлдың жыр толғап шалықтаған сәтте көзіндегі жарқылды көрсең, жайдың отына жанып алғандай жалындап тұрғаны. Ақыннан басқа қай пенде өстіп шалқып, қуана алады? Сөзден құдірет жасап, өз отына өзі күйіп-жанған қайран жүрек! «Шіркін, осылардай бақытты адам бар ма екен!» деймін  үш ақынға қарап күрсініп.
    Жан-тәніммен жатырқаған базарға бірте-бірте етім үйреніп, бетімнің қытығы өле бастады. Біле-білсең, бұл да бір қыр-сыры қырық қатпар, құпиясы мол үлкен кәсіп, қордалы тіршілік көзі екен. Біреудің екеу болып, аздың көбейгенін кім жек көрсін. Аңшының құмарлығындай бір желік еліктіріп, тереңіне тарта беретіндей. Енді бұрынғыдай таныс-білістен ығысып, бүгежектеу жоқ. Жүзім жарқын, дауысым ажарлы. Анандайдан елді шақырып, «Алың, алың!» деп тауарымды мақтап сарнап тұрамын. Келгіншінің аңғалын да, әккісін де бір көргеннен сезе қоятындай боп тақыстанып алдым. Күннен күнге қуланып, сұмданып, қалт еткенді қағып түсердей әбжілденіп, сұңғыла боп барамын. «Кәне, ашық ауыз қайсың барсың, кел бері» дегендей сусылдап, сұңқылдап, сумаңдағағанда, аузым аузыма жұқпайды. Арзанды қымбатқа, арзымасты асыра сатып, біреуді алдап түсірсем – асығым алшысынан, сондай қуанып, құнжыңдап қаламын. Қалтама сүңгіткен қызыл-ала қағаздың қызуы кеудемді қыздырып бара жатқандай айнала беріп сыртынан сықырлата басып-басып қоямын...
   Саудагерде эстетика болмайды екен. Дүниедегі жанды-жансыздың бәрі тауар боп көрінеді. Сұлулыққа көз суғарып, көңіл елжіретіп сүйсіну жоқ. Көше бойындағы жаңа егілген балапан шыршаға қарап: «Жаңа жыл қарсаңында  түнделетіп кесіп алып сатар ма еді!» деген ой еріксіз көкейімде қылаң ете түседі. Құйрық-жалы сүзілген сәйгүлік көрсем: «Па, шіркін, табан шығар қазысы бар-ау, базарға салар ма еді!» деп аузымның суы құрып тамсанамын. Қылшығын тастап қансонарда қылаңдаған қызыл түлкі, судағы  құндыз, сусар... маған қымбат тымақ, бөрік, тон... болып елестейді... Іші-сыртым бірдей былғанып, қара балшыққа белшеден батып барамын. Соны біліп-сезіп тұрсам да селт етіп, жиіркенер емеспін.

                                            Қара шал

    Көңілде алаң жоқ, бірге бірді қосқандай қарапайым қара есептің айналасынан өрбитін тіршілік қуанышына мәзбін. Томпайған үш балам бар, өзім де соңғы кезде қоң жиып торалып алған  томпақпын, әйелім де томпақ, бір күн қазақтың ет көжесіне, бір күн орыстың шөп көжесіне тыңқиып алып, томпиған қарындарымызды сипап, домаланып жүріп жатқанбыз.
    Бұл тағдыр соны да көпсінсе керек. Бәсе, неғып жолым болғыш боп кетті деп өзім де іштей күдіктенуші едім, итімнің қырын жүгіретін қашаннан әдеті емес пе. Бір күні салынып жатқан бес қабатты үйдің қасынан өтіп бара жатқанда, басыма кірпіш түсіп сорладым да қалдым. Сорлаған емей немене, сол жерде тіл тартпай қата қалсам, не ес-түсін білмейтін мақұлық боп қалсам, арман не, Құдай ұрғанда, мен жазушы боп кеттім! Иә, иә, қата естіп тұрған жоқсыз, тошно айтап, тұп-тура жазушы боп кеттім. Сіз, бәлкім: « мына нақұрыс не оттап отыр-ей, жазушы болғанына Құдайына құрмалдық айтып, қуанбайтын ба!» дейтін боларсыз. Жо-жоқ, айта көрмеңіз, мен өйтіп қуана алмаймын. Менің қияметі бітіп бермес азапты өмірім нақ сол күннен басталды ғой. Шіркін, Ньютон қандай бақытты еді, басына алма түсіп, бүкіләлемдік тартылыс Заңын ашты да, мәңгілік даңққа бөленді. Бүгінге дейін бүкіл адамзаттың алақанында жүр әлпештеніп! Тағдыр қандай әділетсіз, ә? Түйенің құмалағындай-ақ көк алма басына түскен Ньютон, әне әлемді тамсантқан ұлы ғалым боп шыға келді. Ал мен ше, батпандай кірпіш төбемді опырып кетсе де, пешенеме бұйырғаны – қағаз шимайлайтын бітпес бейнет пе? Кірпіші де құрысын, жазушылығы да құрысын, даңқ сұрағам жоқ, атаққа құмартқам жоқ, сырамды ұрттап, саудамды жасап, тып-тыныш тыпыңдап жүрген тіршілігімнің шырқын бұзатындай бұл тағдырға не жазып едім? Сол кірпіш жаралған топырақты қарғыс атсын! Сол кесекті төменге лақтырған зәнталақтың екі қолы бірдей сынсын!.. 
Аузы-мұрынымнан қан кетіп қанша жатқанымды білмеймін, есімді жисам, ауыруханада сұлап жатыр екенмін. Сол жатқаннан  азаппен арпалысып, жеті ай дегенде бетім бері қараған. Балдаққа сүйеніп қалт-құлт етіп үйге шықтым. Жеті ай төсекке таңылып жатқанда дүние шіркін өзгеріп кеткен бе, әлде өзім өзгергенмін бе, айналадағының бәрі басқаша, бәрі таңсық. Былай қарасаң, Жер де орнында, Аспан да орнында, адамдардың сөздері де бұрынғы, істері де бұрынғыдай... Бірақ маған бәрі басқаша боп көрінеді, басқаша боп естіледі. Япырау, неге бұлай? Шайқалған шала миымды қалай шайқасам да шамасы жетер емес. Дүниенің ажары, өң-бояуы бүтіндей өзгеріп, басқаша суретпен көз алдыма көлбеңдейді. Әлденеге күдіктеніп, айнаға қарасам, еуразиялық жалпақ бетім сол қалпында. Көзім де бұрынғыдай, қисаймаған, қылиланбаған, бірақ басқаша көремін; жүрегімнің лүпілі де қалыпты, минутына жетпіс рет соғады, бірақ сезінуі басқаша. Сөйтсем Әлем ғана емес, Менің өзім де бұрынғы Мен емес екенмін.  Иәки сыртым – Мен, ішім – Мен емес!  Айтқан сөзім, істеген қылығыма кейбіреулер күліп қарайтын болды. Олары дұрыс та. Басынан жарақат алған, екінші топтағы мүгедектің сөзіне күлмей қайтсін. Оған титтей де қорланбаймын, шайқалған, шатасып кеткен мидан қайбір жөні түзу сөз шығушы еді... 
Жалпы, менің бойымдағы шалық туа бітті жаратылысымда бар-ау деймін. Өлеңге, әдебиетке ешқашан ынтыққан емеспін алабөтен. Мектепте міндетті сабақ болған соң, баға алу үшін  әдеби шығармаларды амалсыз оқисың. Бір қызығы, Абайдың, Қасымның өлеңдерін оқығанда, түсініксіз бір күйге түсетінмін. Ешкіммен араласпай  оңаша болғым келеді. Жер-көкке сыймайтындай елегізіп, алабұртып, ауыл шетіндегі құм бұйраттарды кезіп кетем. Бұл дүниеде жоқ әлденені іздейтіндеймін. Ол не? Білмеймін. Қып-қызыл боп алаулап, шалқыған теңіздің шетіне батып бара жатқан Күнге қарап ұзақ тұрамын. Сан мәрте көріп жүрген суретім шешуі жоқ жұмбаққа айналып кеткендей.  Қызылшақа Күн теңізге шомылып, ұлы жарықтың жүзін кіреуке шалғанда, қарадан-қарап кеудемді мұң басып, жылап тұрғанымды сезбей қаламын. Мұңаюым да, жадырауым да тез. Келесі сәтте гудогі талып естіліп, көз ұшында келе жатқан жалғыз кемені көріп жүгіре жөнелем. Мені ала кетем деп әлдебір алысқа шақырғандай, өкпем өшкенше жүгіре берем, жүгіре берем... Әйтеуір ондай күндері теңіз жағасынан есейіп оралатынмын...
 Бала күнде түсімде ылғи ұшып жүретінмін. Екі қолым қанатқа айналып, құс сияқты аспанда аударылып-төңкеріліп еркін қалықтаймын. Кез-келген биік пен қашықтыққа қанатымды қағып-қағып жіберіп, лезде жетіп баратынмын. Төменде ұша алмағандар іштері күйіп, маған оқ жаудырады. Садақтан зу-зу ұшқан жебелер бірақ тимейді. Зымырап жанымнан өте бергенде, бір-бір қаламсапқа айналып кетеді. Кәдімгі күнде өзіміз сиясауытқа малып ап жазатын қаламсап. Алдыма түсіп ап зулаған қаламсапқа созған қолым жететіндей, бірақ ұстасам, сонау аспанның тұңғиығындағы алабұлттардың арғы жағына алып кететіндей  біртүрлі жүрексінемін.
 Тоғызыншы класта жүргенде,  жігіт болды деген осы деп, Бірінші май күні  алғаш рет арақ ішіп шалшыққа аунап келгенде, апам байқұс қабағы кіржиіп төмен қарағаны болмаса, ұрысқан жоқ. Ертеңінде қаймақ қатқан күрең шайын беріп отырып: «Құлыным, осы пәлекетке үйір болмай-ақ қойшы, – деген күрсініп. – Бір шалдың әуресі де жетеді ғой!  Соғыста кәнтөжін боп, қаны бұзылған, арамның асы сонымен-ақ кетсін. Тұқымдарыңа арқа қонған, таза жүрмесең, ауыр болады, жарығым! Түпкі аталарың Қазанда мешіт ұстаған деседі ғой. Дұға оқып, шалық тиген науқастарды жазатын аруақты адам болыпты...»    
   Шілденің талықсыған  түні еді, өз-өзімнен алақызып ұйықтаған да емес, емес те емес, әрі-сәрі манаурап жатқанымда,  кенет бір елес пайда бола кетті. Тас қараңғы түнге ақ самайын, аппақ сақалын малып, қарсы алдыма бір шой қара шал келіп тұра қалды. Басында қара тақия, шоқша сақал. Кең ашылған қара көзінің тұңғиығына мұң шөгіп, тұнжырай қарайды. Суреттердегі  Абайға ұқсай ма? Жоқ, ұқсайды емес-ау, Абай атамның нақ өзі! Қол созымда тұр. Иығынан тілерсегіне дейін жауып, кең төгілген ақ жібек желбегейінің сарғыш  мүйіз түймесіне дейін көріп тұрмын. Селк етіп шошып қалғанмен, сәлден  соң жүрек тоқтаттым. Сонда да шын мен елестің ара-жігін ажырата алар емеспін. «Ой, Алла, орыстардың: «крыша поехала» дейтіні осы екен-ау! – деймін ішімнен.– Бұрын түс көруші ем, енді көзім бақырайып ашық жатып-ақ елес көретін болдым!» Әуестік билеп қарманып едім, уысыма ештеңе ілікпеді. Бірақ елес ешқайда кеткен жоқ. Ұмтылсам – шегініп, шегінсем – алға аттап, қол созымда тұрып алды. 
   – Түрегел, балам!– деді бұйырғаны өтінгенге бергісіз естіліп. Бағанадан бері тырп етуге шамам келмей төсектің үстінде қатып қалғам. Ерік-билік, ақыл- ес жоқ, бұйрықты естіген бойда атып тұрдым.
   – Жүр! – Елестің соңынан ілесіп асбөлмеге ендім. Бір жағы қызық көріп, бір жағы күмән билеп, енді не істер екен дегендей сұраулы жүзбен жарық астында бұлдыраған қара шалға қарадым.
   – Қалам мен қағаз ал.
Лып жүгіріп, балалардың бөлмесіне бардым да, қараңғыда сипалап жүріп, қолыма ілінген дәптер мен қаламды алып келдім.
   – Отыр да жаз!
Менің таңырқаған да, абыржыған да жерім осы болды:
   – Не жазам?
   – Ойлансаң, жазатын нәрсе көп, өте көп!
Ойбай-ау, мен  қайбір ойлана алатын, ойлағанын хатқа түсіре алатын пақырмын?  Баяғыда  оқып жүріп, степендия таусылар кезде ауылға срочно хат жазғанда, жарты бетке жетпей сөзім таусылып қалып,  Бетпақтың шөліндей құлазып жатқан қағазды толтыру үшін: « Ауарайы қалай? Жаңбыр бар ма, совхоздың егіні жақсы шықты ма?.» деп дөйдаланы былжырайтынмын. Сонда әкем: «Ой, тантық неме, басқа сөзі құрып қалғандай, ауарайын қайтеді екен, шықпай жатқан егіні бар ма? Екі сөздің басын құрап, жарты бет хат жаза алмайды, осы неме не оқып жүр өзі!» деп ренжитін.
   – Мен ойланып-толғанып жазу жазатын жазушы емеспін ғой? – деп шошығанымнан шар ете түстім. – Жазушы көп қой, солар жазсын!
   – Кім бар?
   - Классик Нұрпейісов бар ғой!
   – Ол жазарын жазды, берерін берді. Өз міндетін өтеген бір хакім болса, сондай-ақ болсын! Бір кісіден бәрін талап ету – қиянат.
   – Мағауин ше? Қазіргі ел мақтайтын ең мықты, ұлы жазушы сол ғой.
   – Оның тарихтан мойын бұруға мұршасы жоқ. Шыңғысханды түп-тамырымен қопарыстырып жатыр. Қазіргі заман үшін бұның да маңызы зор...
Сөзінің аяғын айтқызбай:
   – Е, таптым, таптым, Боқанов бар емес пе! – дей беріп едім, қара шал қабағын көмкере біткен имек қасын оқыс серпіп, алая қарады:
   –  Атшығарғыш, айғайшылды санатқа қоспай-ақ қой.
Тағы кімді атасам екен деп ойланыңқырап қалып едім:
   – Жазушымын деп күпініп, кеудесіне нан пісіп жүргендер бек жетерлік, – деді дауысы қатқылданып. – Көбінен көңілім қалды. Мал үшін тілін безеп, жанын сатқан өлеңшілерден жиіркенуші едім, бұл күнде солардың тұқымы қаулап өспесе, өшпеген екен, жүдә. Байды, мансаптыны мақтаған өңшең жарамсақ! Бәрінікі жалғыз-ақ – «Ақ патсамдыкі дұрыс-ақ, әтпіш-өу!» Бір шын Сөз жоқ. Аруақты, асыл Сөз өлген. Жасық, жағымпаз, екі беті бірдей қара, арсыз сөз ақ сарайлар мен көк сарайлардың босағасында қолын жайып сарнап жүр, сайрап жүр. Жақсы дегендердің өзі жалтақ, өткен-кеткен, баяғыны төңіректеп, бүгіннен сырғақсиды. Бүгін – ертеңгі ертегі. Сондықтан өң-бояуын бұзбай бүгінді бүгін жазу ләзім. Әр ұрпақ өз замананың іші-сыртын жүрек көзімен көріп, ағын – ақ, қарасын – қара деп әділ таразылап, тарихқа таңбалағаны жөн. Қайран «улы сия, ащы тілім-ай», мені жаз деп анталап тұрған дүния қаншама, тауды бұзған тасқындай төгіп-төгіп алар ма ем! Жылт еткен жарық іздеп, әр көкірекке үңіліп жүргенде, сені таптым, қарағым. Енді сен жазасың шын Сөзді!..
Шала миыммен қара шалдың бір сөзін ұғып, бір сөзін ұқпай  басым мең-зең боп тұр едім, мына сөзін естігенде, жанбасыма ине сұғып алғандай  орынымнан қалай ұшып тұрғанымды білгем жоқ:
   – Атаеке-ау, жазу менің не теңім? Жеті атамда қалам ұстап, қағазға қаріп түртіп көрген адам жоқ!
   – Жазбаса, сен жазасың! Сенің жүрегіңде Көз ашылды. Маданияты  өркендеген байырғы озық жұрттарда кейбір абыздар мен ұлы суретшілер дүниянің тылсым сырын танырлық көкірек Көзін ашу үшін көздерін күйдіріп не ағызып жіберетін болған...
«Астағфиралла!– деймін бойым түршігіп. – Қандай дорақ!» Әрине, ішімнен айтам.
   – ... Сол Көз сенде бар. Елдің көрмейтінін көресің, сезбейтінін сезесің.
   – Ол қайбір жетіскеннен дейсіз. Денім сау болса, сөйтер ме едім? Басыма кесек түскен, есім шалыс жындымын ғой!
  – АллаҺ өзінің хикматын әркімге әртүрлі жолмен жібереді. Әртүрлі сынақтан өткізеді. Таланттың бір атасы – жындылық.  Мен де жынды болғам!
Ойлап қарасам, бұл шал расында да жынды болған екен ғой. Әйтпесе, жылқысын құлатқанда, күркіреп аққан  өзеннің суы тартылып қалатын әрі бай һәм Аға сұлтанның мырзасы қырыққа жетпей: «қартайдым, қайғы ойладым...», «мыңмен жалғыз алыстым...» деп жоқ жерден қара аспанды басына төндіріп күңірене ме?..
   – Қаламымның рухы сенің ішіңе кірді, жүрегіңе қонды! – деді маған жымия қарап. – Енді саған тыныштық бермейді.
   – Сонда қалай жазамын? – деймін мойынұсынғандай жыларман боп.
   – Тек ықыластана білсең болды. Қалам – Аллаһтың аты. Дәрет алып, ойыңды да, бойыңды да тазартып келіп ұста!

                                  Өмір, сен осындай ма едің?

   Алланың құдірет-хикматы шексіз ғой. Үш ұйықтасам бұлай болар деген ой түсіме кіріп пе, сол күннен бастап бойымда қаламға деген әнтек құштарлық оянды. Үйішіндегілер жатып, тынышталған соң, жуынып-шайынып тазаланам да,  асбөлмеге келіп, үстел басына отырамын. Шын ықыласыммен білген дұғамды оқып, қаламға қол созсам болды, әлгі қара шалдың елесі көз алдыма келіп тұра қалады. Әлдебір сиқырлы сыбыр құлағыма жеткендей, қара шалдың күбірі ме, күңгірі ме... өмірі аузыма түспейтін түйдек-түйдек тосын ойлар, қиюын тауып сыңғырлап тұрған небір көркем теңеу, келісті сөйлем, сөзбен салынған сырлы сурет... Соның бәрі өз көкірегімнен ағыл-тегіл төгіліп-тасқындап жатқандай,  үсті-үстіне бұрқақтап келіп жатқан сөзді әзер үлгіріп жаза берем, жаза берем. Ұлылардың ойлы сөзі, өжет сөзі қалам ұшынан жаңғырып, қағаз бетіне мың құбылып шалқыған ұлы дариядай құйылып жатыр. Сөз құдіреті деген неткен ғажап, неткен тылсым! Дүниеде ешнәрсе жүрегіңді дәл ондай толқыта алмас. Бір ысып, бір суып, бір қуанып, бір жүдеп сәт арсында миллион құбыласың... Іңір қараңғысынан таң бозарып атқанша отырамын. Күнде солай.
   Кейде қаламның ұшынан тіріліп жатқан өмірден шошынып, ышқына орнымнан ұшып тұрамын. Қоспасы, боямасы жоқ шынның өзі. Мен  оны күнде көремін, бірақ дәл бұлай  сезініп, түйсінген емеспін. «Япырау, сен осындай ма едің?» деймін тыржалаңаш дірдек қаққан ит тірлікке қарап.  Жазып отырып... жо-жоқ, дұрысы – құлағымдағы  сыбырды  қағаз бетіне түсіріп отырып, кектенем, күйінем, қуанам, күрсінем... Қара шалдың күбірі жанымды әр қияға бір салып, әбден сілікпемді шығарды.
   Түннің қай уағы екені белгісіз, қаламым қаздаңдап, жазудың қызығына түсіп отырғанда, онсызда қауқиған бұйра шашы дудырап, бір көзін ашып, бір көзін жұмып әйелім есіктен жұлқына кіріп келеді:
   – Әй, светтің киловаты қанша екенін білемісің? Он төрт теңге болды, он төрт! Түнімен ербиіп отырғанды қайдан шығарғансың, шайтанмен сыбырласасың ба осы? Таң атты ғой, жатпаймысың! – деп  сырт еткізіп шамды сөндіріп тастайды. 
Қайта жағуға қауқар қайда біз бейбақта. Ұрыс естігім келмейді, әрі әр тиын үшін шырылдап жүрген бейшарның  жайын түсінемін. Балауыз шырақ жағам да,  өлеусіреген жарықта  жазуымды арықарай жалғастырамын. Бір күні талықсып отырып ұйықтап кеткен екенмін, шашым лап ете түскенде, бақырып ұшып тұрдым. Бажылдаған дауысымнан үйішіндегілер де шошып оянған, бәрі жабылып жүріп өшіріп алды. Содан үйткен қойдың  басындай шала күйген шашымнан ұялып,  бір ай бойы төрт бұрышты ала тақия киіп «сарт» болып жүрдім.
   Таң бозына дейін отырған соң, істейтін жұмыс жоқ әрі екінші топтағы мүгедек, ауыру деген еркелігім тағы бар, түс ауғанша ұйықтаймын әдетте. Режимімді білетін бәйбіше сол уақытқа лайықтап шайын қайнатып, сұлының ботқасын пісіріп дегендей, дастарханын дайындап қоятын. 
Бір күні керіліп-созылып орынымнан тұрсам, үйішінде қыбыр еткен дыбыс жоқ. Қанатымен қайта-қайта терезені соғып бажылдаған жалғыз қара шыбынның ызыңы тым-тырыс бөлмеде бомбордировщик ұшып жүргендей жаңғырығады. Һаялы түскір бір жаққа шығып кеткен бе деп қарасам, асбөлмедегі үстел басында түнде менің жинауға ұмытып кеткен буда-буда қағаздарыма  көкке қадалған арық тоқтыдай қадалып қалыпты. Сыры көшкен тақтай еденді сықырлатып, сырп-сырп басқан шәркейдің дыбысын естір емес. Жанына келіп жөткірінгенде ғана басын көтеріп, бетіме танымайтын адамдай  сәл тоқтала қарады да  жымың етті:
   – Ойбу, сен тұрып қойдың ба? – деп ұшып тұрып,  қазан-ошаққа қарай ұмтылды. – Таңертең балаларды сабаққа жібере сап, мына қағаздарға көзім түсіп кетіп еді, отырып қаппын ғой! – Апыл-ғұпыл шәугімге су құйып, газға қойды да, басын әнтек бұрған, көзіндегі лап еткен жып-жылы ойнақы ұшқын бетімді шарпып өтті:
– Әй, бұл не нәсте өзі?
– Бұл ма, бұл – Құдайдың сыбыры! – дедім қалай түсіндірерімді білмей абдырап. Әйелім қылжақ деп ойлап, ренжіп қалды.
– То же мне нашелся Мухаммед пайғамбар! Шын сұрап тұрсам, сандырақтайды ғой...
– Ешқандай сандырақ емес...
– Жарайды, болды, болды...Диссидент біреудің шығармасын жасырып көшіріп жүрсің ғой, ә?
– Шын сұрап тұрсаң, шынын айтайын. Өзім жаздым.
Әйелім бетіме тесіліп ұзақ қарады. Онсыз да баданадай көздері  бақырайып стаканның аузындай боп кетті де:
– Кет әрі! – деді қолын сілтеп. 
– Дұрысы – Абай атам айтып отырады, мен көшіремін...
Ондай сөзге, әлбетте, қайдан ишансын. Күдігі одан ары үдей түскендей:
   – Еще лучще... поверила я тебе!.. Сені, әсілі, дәрігерге қайта қарату керек шығар! – деп, газдағы ысқыра бастаған шәугімге қарай жүгірді. Бірақ үні зілсіз, қабағы ашық. Сөйлей жүріп шай жасады.
   – Мейлі, айтпасаң айтпай-ақ қой. Кім жазса да келістіріп жазған! 
Көкірегімді ып-ыстық толқын кемерлей соғып-соғып өтті.
    – Саған ұнады ма?!!
Басбармағын қайқайтты:
   – Шығарма осындай болу керек қой. Өмірдің қаны тамшылап тұр. Қуанасың, күйінесің, ышқынасың... Бәрі менің күнде көріп жүргенім. Менің қорлығым, үмітім, өкінішім...
   Біздің әйел айтса, бірдеңені біліп айтады. Өмір бойы кітапханада істеді, директор болды. Министрдің баяндамасына дейін жазып беретін. Оқымайтын бәлесі жоқ. Әлем, орыс классикасы содан қалған. Қазақша ауызекі сөзге де бәледей. Бірақ қазақша кітап оқығанын көрген жоқ едім:
    – Сен қазақша кітапты түсінесің бе?  – дедім сеніңкіремей.
    – Түсінбей не бопты?  Сенімен жиырма жыл емес, жиырма күн бірге тұрған негрдің өзі қазақша судай жорға боп кетер!
Өзімнің алтын жиекті кәрлен кесем күндегіден гөрі беті жылтырап, күндегіден гөрі қызылы қоюланып, бәйбішенің ұмсынған ибәлі қолында күлмің-күлмің қалықтап келе жатты. Күлімдеген сайын бәйбішенің өзі де антұрған біртүрлі ажарланып, басқа біреудің қатыны сияқты әдемі боп бара ма, қалай? Жүрегімнің түбі оқыс бүлк етіп, баяғыда ұмытылған қайдағы-жайдағылар еске түскендей, азбан айғыр сияқты оқырана қарап қоям...
 
                                      Жаңа Маркес мен болам

     Кешкі абы-сабыр басылғаннан қағаз-қаламымды сайлап үстел басына отыру күнделікті бұлжымас дағдыма айналды.Таң ағарғанша табжылмаймын. Сөз сиқыры мұндай құдіретті болатынын кім білген. Әлгі базардағы үш ақынның өзінен өзі күбірлеп, толғанып-толғатып, бір жол сәтті өлең туа қалса, бір-бірінен шүйінші сұрағандай жер-көкке сыймай лепіретін әпенді мінездерінің сырын енді түсінгендеймін. Тәтті азап. Татқан сайын бойыңды алып, ынтықтыра түседі. Қалам ұстаған саусақтарымның арасы ойылып сүйел болып қалды. Сонда да тоқтамаймын, лейкопластырмен орап алып, жаза беремін. Таң алдында квадрат боп жабысып қалған бөксемді орындықтан әзер айырып, орынымнан тұрамын. Екі аяқ жансыз, қақайған қазық сияқты. Құырысқан денем сәл тіктелсем, мұз айрылғандай, жұлын- жұлынымды қуалай күтір ете түседі. 
   Бір күні айнаға қарап едім, өзімді танымай қалдым. Негрден сәл бозғылдау дүр қараның өзі болатынмын, екі ұрты суалған, арақтың босаған бөтелкесіндей қан-сөлсіз, боп-боз біреу тесірейіп тұр. Тек кең ашылған ұялы жанарында әлде бір өжет ұшқын лыпыл қағады.
   Қара шалдың сыбыры өз жүрегімнен шыққан сөз сияқты, тербеліп, тебіреніп жаза берем, жаза берем. Сәт сайын от пен суға кезек түсем, алмағайып мың құбылған күйді бастан кешем. Төрт жыл табандап отырып қалыңдығы кірпіштей-кірпіштей алты роман жаздым. Желтоқсан көтерілісінен бастап бүгінгі кезеңге дейінгі өмір суреті түгел қамтылған. Сәл аттары өзгертілгені болмаса, замана сахнасындағы басты кейіпкерлердің бәрінің бейнесі бар. Оқыған адам «Ой, мынау әлгі пәленше-екең ғой!» деп бірден таныры сөзсіз. «Қазаққа қара сөзден дес бермеген» пайғамбардың құлағыма құйып отырып, өзі алқап жаздрған шығарма осал болсын ба. Ертең-ақ елді дүр сілкіндіретініне бек сенімдімін. Жұрт таласа оқып, баспасөз біткен жарыса жазады. Орысшаға аударылса – бітті, Жер-жиһанды шарлап кетті дей бер. Әлемді бағындырды деген сол!.. 
   Көз алдыма небір сәулелі суреттер елестеп, алып-ұшқан көңілім жер-көкке сыйса кәне. Бойыма салмақ біткен, аяғымды талтаң-талтаң басамын, екі қолым қалтада, үстелдің үстіндегі кірпіштей қаланған алты папкаға анандайдан ойқастай қарап:
   – Қа-те-ен! – дедім лепіріп. – Жаңа Маркес міне, алдыңда тұр! Ең болмағанда Нұрпейісов пен Айтматовтай даңққа бөленем! Гонорардың астында қаламыз. Қош бол, жоқшылық дей бер! Ан-насын ұрайын, Көктөбенің баурайынан особняк алып берем. Жайқақтатып «Джип» мінеміз. Канар аралына барамыз... Көрсін сонда жұрт біздің кім екенімізді!.. – деп ентігіп барып әзер тоқтаймын. Әйелім бұрынғыдай мен не айтсам да кері шалқаятын әдетімен ерінін шығарып не сұқсаусақ пен «балалы үйректің» арасынан  басбармағын шошайтып, қабағын тыржитқан жоқ, әлденеге шынымен де үміттенгендей күлмің-күлмің етеді:
   – Тоқта, батырекесі, бәрін бір-ақ үйіп-төкпей қоя тұршы! – дейді әзілдеп. – Әйтпесе,  жүрегім жарылып өліп қалармын!
   Кім жазушы боп көрген.  Чеховтің «адамда бәрі әдемі болуға тиісті» деген сияқты бірдеңе дегені есімде. Жазушылардың арасына баратын болған соң күні-бұрын дайындалдым қапылып. Көптен бері айнаға қарамап едім, «көтек, мынау кім-ей?» дегендей, өзімді танымай одырайып біраз тұрдым. Дудыраған толқынды қара шашымды жылмита тарап, мұртымды басып, сақалды қырып...  дегендей бет-аузыма біршама күрделі ремонт жасадым. Ескі кремплин шалбардың қыры пышақтай, екі өкшесі екі жаққа қисайған бәтеңкем  бет көрінетіндей жылтырап тұр. Алқымымда шоқпардай шұбар галстук. Кім сын таға алар екен енді бәлем! Хош, сонымен  Пайғамбардың ұрпағы ғой деп, һаялдың батасын алып, алты папка салынған торқалтаны мықшия арқалап үміт дүниесіне аттандым. Сұрай-сұрай баспалар үйіне жетейін. Бір кесім колбасадай домаланған тапал сары талтайып тұрып, бес қабатты сұр үйге иегін асты: 
   – Осының бәрі – баспа!
Баспа деген маңызды, мелжемді мекеме ме десем, қарыным ашып қалды. Есік сайын – бір баспа! Өздерінен маңдайшасындағы жазуы үлкен. Бума-бума кітаптардың ортасын ойып тастап, бастығы да, басқасы да, торға қамаған шөжедей шүпірлеп отыр. Отырған жерлері тар болғанмен көңілдері кең, жайдары көрінеді. «Қошақаным, келдің бе?» дегендей, арқалаған папка-папка қолжазбаға қарап күлмің-күлмің қағады. Қай есікке кірсең де: «Төрлетіңіз, ағасы! Бүйімтайыңызды айта беріңіз?» деп қолдан-қолға тигізбей лыпылдап тұр. Бірақ бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, бәрінің айтатын әні біреу-ақ: 
   – Ақысын төлесеңіз – боқысын шығарамыз!
   – Қалай? – деймін мен таңғалып. – О заман да бұ заман, ақша төлеп кітап шығарғанды кім көрген!
   – Көрмесеңіз енді көресіз! – Алдымдағы қара, сары, арық, семіз т.с.с. сипаттағы бастықтардың бәрінің  айтатын жауабы бірдей. – Уақыттан кейін қалып қойыпсыз ғой , ағасы. Қазір ақысыз ештеңе жоқ. Қалтаңыз көтермесе, демеуші табыңыз.
   – Ол не зат?
   – Үлкен кәсіпкерлер, компания басшылары арасында тамыр-таныстарыңыз болса, кітап шығаруға қаржылай көмектесуін сұраңыз. Хоп десе – біз дайын,  калькуляциясын жасап, баспаның есеп-шотын жібереміз. Бір айдың ішінде кітабыңызды шығарып, қолыңызға ұстатамыз!
   – Оны қайтем?
   –  Сатасыз!
   – Ой, бұл қызық екен...– деймін көңілім жасып. – Басқалай жолы жоқ па?
   – Ендеше «Қаламгерге» барып көріңіз, – дейді елпілдеп, ентелеп тұрған жігіттің  аптығы бірден басылып. Қуғанмен құмалақ түспейтінін сезген соң көзіндегі лыпыл қаққан ұшқын сөніп, сөзінің аяғын мұрын астынан құлықсыз  міңгірлейді. – Тендерге қатысатын жалғыз баспа сол. Мемлекеттік  тапсырысқа ілігіп кетсеңіз, өздері шығарып, өздері сатады. Аздап қаламақысы да бар.
   Мыналардың ләмінен қорқайын дедім. Жазушыдан бай адам жоқ, бір кітап шығарса, бір жыл шашып-шайқауына жетеді  дейтіндері қайда? Кеше қатынның алдында мақтанып,  төбесінен төмен қарай саулатып сары алтын құятындай уәде бергенім есіме түсіп, жерге кіргендей боп тұрмын. Сонда да әлденеге емексіген көңілмен артынып-тартынып, бесінші қабатқа көтерілдім. Бұл баспа басқалардай емес, мекеме сияқты екен. Ауызғы бөлмеде майысып хатшы қыз отыр. Сәл қарыны шыққан ақсары жігіт ағасы жылы сәлемдесті. Анда-санда телевизордан көрініп қоятын белгілі ақын. Мұндағы кітап жазатындардың бәрін танитын болу керек.
   – Ел жақтан келдіңіз бе? – деді.
   – Жоқ, Алматыда тұрам.
«Ой, Алла, Алматыда да осындай адам тұрады екен-ау!» дегендей,  бас-аяғымды көзінің құйрығымен бір сипап өтті. 
   – Танымадым ғой, ағасы? Мұндағы ақын-жазушылардың біразын шырамытушы едім.
   – Мен – жазушы емеспін, экономиспін, – дедім алдындағы иегімен нұсқаған орындыққа қонжия беріп.
   – А-а-а! – деді төр иесі дауысын созып. Сұйық қастарын қарғытып, үстелдің шетіне қойған  әрқайсысы саман кірпіштей папкаларға қарады. – Мынау не? Осы күнде қартайғанда жорға шығып, ерінбеген шал-кемпірлердің бәрі естелік-мемуар жазатын өнер тапты. Сіз бен бізге естелік жазуға әлі ертерек қой!
   – Бұл – роман.
   – Тұра тұрыңыз, нешеу өзі? Бір, екі... алтауы да ма?
   – Иә.
   – Весьма заманчива!.. – Бастықтың езуінен өрлей жөнелген жаңағы мысқыл қанат қаға алмай орта жолда қатып қалды. Үсті-басыма һәм экономиспін дегеніме қарап, менсініңкіремей отыр еді, енді таңданысы басым. – Тарихи роман ба?
   – Жоқ, бүгінгі өмір драмасы.
   – Оһо, бірден алты роман?!!
   – Иә, солай боп қалды...
   – Жарайды, бізге де қазіргі заман тақырыбын қозғайтын шығармалар қат. Алдымен  жігіттер оқып көрсін. – Телефон номерін терді де, – Мәке, келіп-кетіңізші, – деді әлдекімге. 
Ауыз жиғанша «Мәке» деген кісі кіріп келді. Кеудесі тіп-тік, аяғы ғана қозғалатын, сұрқабақ, мосқал адам екен.
   – Мәке,  мына кісі – автор, – деді бастық маған қарай мойынын бұрып. – Бір қап роман әкепті... көзіңіз алайып кетті ғой, шошымаңыз...– Иығы селкілдеп күліп алды. – Біреуін оқып, көңілден шықса, аннотация жазып, тендерге дайындаңыз.
Мәкең қолтығына қысқан папканы әзер көтеріп бара жатқандай бір жағына қисалаңдай басып, есіктен шығып кеткеннен кейін бастық маған жайдарылана қолын беріп:
   – Ал, жақсы, бір он күндерден кейін хабарын білерсіз, – деп шығарып салды.
   Он күн қашан болар екен деп күлкім – күлкі, ұйқым  ұйқы болған жоқ. Әр сағатты санаймын. Өліп-талып оныншы күн жеткенде, сызаттанып атқан сары иек таңмен таласа тұрып алдым. Өткендегі бір киер мүкәл-мәлігімді иығыма іліп, өзімше сықырлап сырбаз қалыппен тағы келдім баспаға. 
   Көк шәйі көйлекке сыймай іркілдеген бөксесі орындықтың сыртына төгіліп, былқылдаған хатшы келіншек жөнімді сұрап, бастығына хабарлаған. Ар жағында не деп жатқанын кім білсін, басын үсті-үстіне үнсіз изеп, трубканы тағанына қондырды да:
   – Мәкеңе жолықсын деді, – деп, дәлізге қарай иегін көтерді. – Үшінші кабинет. 
   – О, романист, төрлетіңіз! – деді Мәкең деген  өткенде өзім көрген жалпақ бет, кепкен шортандай езуі ырсиған, жылтыр қара кісі үстелдің үстінде текшеленген папкалардың қалқасынан мойыны қылтиып. Қырылдаған дауысы кекесіндеу шықты. Қарсысындағы  ескі орындық тиіп кетсең билеп тұр екен, бір шетін құйрықпен кертіп қана жайғасып ем, соның өзін ауырсынғандай сүйегі сырқырап ыңырсыды. Қожайынның дауысынан бастап орындықтың сықырына дейін бәрі ыңырсып, қыңсылап бір жайсыздықты сездіргендей көңілім қоңылтақсып қалды. Мәкең көзілдірігін тақты. Көзтаныс папканың бауын шешіп, сойдақтатып жазылған бір бет қағазды алды да, аузы жыбырлап, үнсіз сүзіп  шықты. Төмен қараған күйі езуін ырситып ашты, бірі – көмескі тартқан қола, бірі темекі ыстаған сары – қос қасқа тісімен астыңғы ерінін тістелеп аз-кем ойланып отырды да, менің тусыртымдағы  әлдекіммен сөйлескендей:
   – Оқып шықтым, – деді бірқырын қарап. – Көркемдігіне тағар мінім жоқ... Бірақ... бірақ  бұлай жазуға болмайды! – деді ақырып жіберердей зіркілдеп.
   – Қалай? – дедім түсінбей. – Көркемдігіне тағар мініңіз жоқ болса, неге олай жазуға болмайды?!!
Осы мен не айттым дегендей, Мәкең тосылып қалды. Сөздің ләмін көпшік қоюдан бастағанына өкінгендей қипақтап, тәмпіш танауының ұшына мінбелеген көзәйнегін саусағымен ершігінен жоғары қарай итеріп қойды:
   – Былай ғой, інішек... Болмайды дегенді, баспаның принциптік ұстанымына қатысты айтып отырмын. Біз нәгізінен, кітаптарды мемлекеттік тапсырыстар бойынша шығарамыз. Тендердің талабы, тақырыптық бағдары бар. Жас мемлекеттің іргесін қалаған ұлы тұлғаны, басқа да қайраткерлерді, жасампаздық жетістіктерімізді насихаттауымыз керек. Рас, тақырып дақпыртымен талай қойыртпақ кетіп жатыр. Басқалай  амал жоқ, баспаға да күн көру керек.
   – Ал көркемдігі мінсіз шығарманы неге баспайсыздар? – деймін қадалып.
   – Айтып отырмын ғой, біздің тақырыптық талаптарымызға сәйкес келмейді деп. Өмірдің көлеңкелі қатпарларын тым қазбалап кеткенсіз.
   – Сіздіңше, шындықты жазбау керек пе?
   – Мұндайды жазуға әлі ерте. Бұл деген – бомба! – Бомба бұрқ етіп қазір жарылып кетердей, Мәкең қолжазбаға көзі шатынап шошына қарады. – Мені орынсыз жерге қинамаңыз, шырақ... Пенсияға әне-міне деп қалтылдап отырғанда,  пәлеге ұрынар жайым жоқ!
   – Сіз жазбасаңыз, мен жазбасам, ол жазбаса,  сонда кім жазады шындықты?
Мәкең бетіме мысқылдай қарады:
   – Ол үшін фанатик немесе есі ауысқан біреу болу керек шығар!
   – Сонда Абайдың есі ауысқан ба?
   – Не? Причем тут Абай?!! – Көзәйнектің томпақ шынысы ар жағынан сіріңке шаққандай жарқ ете түсті.
   – Ағасы, – дедім түсімді сала, дауысымды қатайтып. – Сіз менің өңім жүдеу, иінім жамау болған соң, әкелген нәрсеме үстіртін қарап отырған боларсыз. Мен Абайдың Сөзін әкеп отырмын! Айтқандарын жазып алдым.
   – Әй, шырағым, не зат сандырақтап отырсың өзі? Абай өлгелі қай заман, календарға қарасаңшы? Әлде мен білмейтін тағы бір Абай бар ма еді?
   – Абайдың тәні өлгенмен жаны өлген жоқ. Күнде құлағыма сыбырлап айтып тұрып, осы алты кітапті жазғызды. Сіздерге Абайдың айтқандары керек емес пе?!!
«Бәсе, бір шалығы барын өзім де сезіп едім-ау» дегендей, Мәкең тағы да сырғып мұрынының ұшына ілінген көзәйнектің үстінен үңірейе бір қарап алды да, құтылуға себеп табылғанына қуанған кейіппен, алдындағы папканы  жедел маған қарай ысырды:
   – Абай түгілі әулиенің айтқаны болса да, мұндайды баса алмаймыз!
   Сүлдерімді сүйретіп сыртқа шықтым. Сәулелі үміт, арман, сенімнің бәрі  Мәкеңнің күңгірт бөлмесінде қалып қойғандай. Көкірегім тоналған үйдей үңірейіп бос тұр. Былай шыға бере:
   – Мә, саған Маркес болған!  Мә саған, Айтматов болған! Мә саған Нұрпейісов болған!..  – деп қос «фигамды» қоса шығарып, танауыма иіскеттім. – Бұларға Абайдың керегі жоқ!  Өзі де, Сөзі де керек емес! – дедім айналаны басыма көтере айғайлап. Қасымнан ерсілі-қарсылы өтіп жатқандар одырая қарап, бастарын шайқасты.

                                          Қашқын шапан
   Қолым қалт етсе, үй ішінде құйрығым қонақ таппай сыртқа жүгіретін әдетім. Әлде бір нәрсе "мені көр, мені есті" деп шақырып тұрғандай елегізимін ылғи. Шыққан сайын кісі сенгісіз оғаш, тылсым бірдеңелер кесе-көлденеңдейді де тұрады алдымнан. Кеше "Ботаника" бағындағы қайың аллеясында арлы-берлі теңселіп жүрдім де қойдым кеш батқанша. Жай жүргем жоқ, шалқыған музыка теңізін кешіп жүрдім. Үлбірей үп еткен  самалмен болар-болмас шайқалған сансыз жапырақ бірі сыбдырлап, бірі  сыңғыр қағып, жел өксіген келесі сәтте бәрі қосыла мың-миллион үнмен дабылдата шулап, қайта бәсең-бәсең тынши, сызыла сыңсып, бір ұлы сарынды құлағыма тынымсыз сыбырлайды. Шым-шым бойға сіңіп, жүрек шымырлатқан ойнақы да ойшыл ырғақтар. Әлдеқайдан естіген таныс әуен көкірегімде жаңғырып тұрғандай. Тоқта, тоқта, Бетховеннің Бесінші симфониясы секілді. Жо-жоқ, секілді емес, дәл өзі! Үн бояуы, екпін толқынысы – бәрі соныкі. О, құдірет, сан-мың сиқырлы әуенді  желдің уілі, жапырақтың сыбыры, бұлақтың сыңғыры... өзі-ақ айтып тұр екен ғой. Тек ести біл! Жыр да, сыр да ... бәрі-бәрі табиғатта. Ана қу шал, саңырау болса да, соның бәрін қалай ести қойған десеңші. Ақ қайыңның түбінде уілдеген жел мен сыңғырлаған жапырақтың тілін сауып, тәтті үнін көкірегіне тамызған ғой. Алқызыл шапаққа малынған жапырақтар сөйлеген сайын, сызылтып жырлаған сайын, көңілімде күмбір-күмбір күй тасып елжіредім, өксідім, мұңға баттым... бір жылап, бір күліп, дөңгелене билеп шарқұрып жүргенімді өзім де білген жоқпын. Шіркін, нота білсем, осы күй, осы қуаныш пен өксіктің, мұң мен наздың сыбырын көшіріп алып, Бетховен сияқты болар едім-ау деп ойладым...
   Міне, бүгін де желдеп көшеге шыққам. Тағы да қандай тамашаға тап боларымды кім білсін. Абайды бойлай, ойқы-шойқы тротуардың бетін қолқылдаған ескі бәтіңкемнің ұлтанымен сарт-сұрт ұрып, бірдеңеден құр қалардай алқын-жұлқын дедектеп келемін. Фурмановті қиып өтпекші ем, светофордың қызыл көзі "әй, қайда барасың" деп ежірейген соң, амалсыз іркілгем. Оң қапталға мойын бұрсам, біреу құлдилап, ентелей басып келеді екен. Басында қоқырайған киіз қалпақ, көлбеңдеген ұзын шапанды. Әуелгіде әлгі көрінген жерге " Мир. Труд. Май. Жаса, қажы аға Жамантай! Аттан!" деп өз атын өзі ала-бажақ шимайлап жүретін айғайшыл "қажы" екен деп қалғанмын. Жоқ, ол емес, мынаның шапаны онікі сияқты ақ емес, шымқай жасыл, асатаяғы да жоқ. Әлде фольклорлық ансамбльдің ұлттық шапан киген артисі ме екен? Кім болса да еңгезердей біреу, әй, қатар тұра қалса, Айхановпен иықтасып қалар-ау, шамасы. Етегі делеңдеп қасыма тақай бергенде, түймедей көзім бақырая-бақырая тостағандай боп шатынап, шекеме шығып кетті. О, тәуба, артист деп тұрғаным – құр шапан! Кәдімгі қазекемнің жасыл шапаны. Өңірі мен етегі алтын зермен оюланған. Жағадан қарыстай жоғары әр жеріне көкшіл зер төгіп, шашағына шытыра басқан киіз қалпақ қоқыраяды. Белінде бір шалып,     ұштарын кең орай салған дүрия белбеу. Етектің астынан шоңқима, былғары көк сауыр кебістің қайқиған тұмсығы қылтияды. Мына таңғалғаным аздай, енді сөйлей жөнелгенде, шалқамнан түсуге аз-ақ қалдым. 
   – Әй, қазақ көрмеп пе ең, неге бақыраясың? Сен өзі кімсің?
Сөйлеген сайын төбесіндегі қалпағы изең-изең етеді.
   – А-а-адаммын! – дедім шегіншектеп.
   – Адам екеніңді көріп тұрмын. Қай нәсілсің?
   – Қазақпын.
   – Қазақ болсаң, аман-сәлемің қайда?
   – Сәлеметсіз бе, шапеке... тойсты, а- а- ағаеке... – дедім кекештеніп. 
   – Оу, сен немене, шалбар киген қатынбысың өзі?!!
Шынымен сондай боп қалдым ба деп қорқып кетіп, жалма-жан шалбарымның қалтасына қолымды жүгіртіп жібердім де, іздеген асылым орнында болған соң:
   – Жоқ, еркекпін! – дедім қоқилана ышқырымды бір көтеріп. 
   – Онда сәләмәтің не, неге еркекше амандаспайсың?
   – Ас-салаумағалейкум!
   – Уа-ғалейкумассалам! – деп, қол берер-бермесімді білмей аңтарылған маған қос жеңінің ұшын қатар созды. – Міне, қазақшылық жөнге енді келдің, шырағым!
   Шапанның жүрісі асығыс. Қызыл шамға аялдап ошарылған топты адамды "Қағыл! Тұр былай!" деп киіп-жара алға ұмтылды. Маған қызық керек, соңынан қалмай өкшелеп келемін. Жанаса бере жөн сұраймын, тағы да қитығына тиіп алмайын деп, малма тымақ қазақтың ескі мақамына салған боламын:
   – Уа, жол болсын, шапеке! 
   – Әлей болсын! Өзің жә деген қазақтың өзі екенсің ғой. Міне, дұрыс сөз!
   – Жүрісіңіз суыт қой?
   – Абақтыдан қашып келем! – деп қалпағын тау жақтағы көк күмбезді сарайға қарай изеді.
   – Ол абақты емес, музей ғой?
   – Мәйлі, қамап қойған соң, абақты емей немене. Жетпіс жыл қапаста болдым. Жылтыраған шынының ішіне салып, іліп қойды. Кең дүниені бір көрсем деп құсаланушы едім, жаңа күзетшінің көзін тайдыра бере қашып шыққан бетім осы.
   – А-а, экспонат екенсіз ғой!
   – Ол не нәсте?
   – Ескінің көзі, қымбат бұйым деген сөз.
   – Сөзіңнің ләмі  жаман екен, қымбат деп қызығып, мені ұстап берйін деп тұрғаннан саумысың? Онда апарып қайта қамағанша, өртеп жібер!
   – Жо-оға, о не деніңіз!
   – Ендеше, мені шәрден құтқарып, жолға салып жібер. Кең далама кетейін. Ой-хой, көк шалғынды сапырған самалды төске алып, ат үстінде желе жортып келе жатсаң ғой!
   Тротуардың қос жиегін күрегейлеген көлеңкені қуалай біраз құлдилағаннан кейін, із жасырдық деп ойлады ма, шапан жүрісін баяулатты.
   – Па, неткен қапырық!
Маңдайын сүрткендей, қалпағының астын жең ұшымен бір сүйкеп қойды. Арлы-берлі өтіп жатқан жұртқа енді назары түскендей, едірейген киіз қалпағы оңды-солды ырғалып біраз тұрды:
   – Әкам-ау, бұл қазақтың жері ме?
   – Иә, Алматы ғой, бұрынғы астанамыз.
   – Қазақ ауып кеткен бе?
   – Осының бәрі қазақтар ғой!
   – Ендеше неге қазақша сөйлемейді? Бағанадан бері ләм деген қазақтың сөзін естісем, құлағым керең болсын!
   – Ой, шапеке-ай, бір ғасыр музейде тұрып, бәрінен мақұрым қапсыз. Қазағың қазір шырқап өркендеп кетті ғой! Тек орысша, ағылшынша, одан қалды қытайша ұрады. Түкке жарамайтын қазақшаны қайтсін.
   – Өзің сайрап тұрсың ғой?
   – Е, мені қойшы, мен жындымын ғой. Мен сияқты жұмыссыз қаңғып жүргендер, ауылдағ малшы-егінші, көшедегі шекілдеуік сатқандар,базардағы көтені айналып  арба итергендер, қайыршы-қаңғыбастар ғана қазақша сөйлейді. 
   – Япыр-ай, ә! – деп шапекең басын шайқағанда, киіз қалпақ балалардың су иірген қағаз желкеніндей шыр айналды.
   "Аңқам кеуіп тұр" деген соң, Қабанбаймен бұрылып, "Кооператор" дүкеніне соқтық. Бір бұрышында ұлттық тағамдар кафесі бар. Саркідір тартқан жуантық қымызшы әйелден басқа ешкім жоқ екен. Шеткі үстелге жайғаса беріп едік, Шапекем:
   – Малдас құрып отыратын сырмағы қайда? Ағашқа мінген тауықтай шоқайып қайтып отырамыз? – деп бір бұрқылдап алды да, орындыққа әзер тізе бүкті. Денесі жуан болғанмен жүрісі әбжіл әйел лыпыл қағып, лезде бір графин қымыз бен өрнекті екі ағаш тостағанды әкеп алдымызға қойды. Менің ішіме қымыз, шұбат дегендер жақпайды, шіркін, бір саптаяқ сыра болар ма еді деп отырмын. Шапан тағы да күңк ете түсті:
   – Шараға құйып, сапырмайтын ба қымыз дегенді!
"Басыма пәле болдың ғой, қақпас. Оттамай ішші атауыңды!" деп ішімнен бір боқтадым да, тостағанды алдына қарай итердім шайқалта төге. Көпіршіп шіпілдеген тостағаннан бір ұрттап:
   – Ойбай, таздың басына құйғандай ақырып тұр ғой мына бәлең! – деп тостағанды торс еткізіп қайтадан қоя салды. – Қымыз емес, ий ғой мынау!
Былш еткізіп жерге бір түкірді. Жуан қатын баж етіп атып тұрды:
   – Әй, көргенсіз, түкіргені несі... қой қорада отырсың ба?!! – деп тебітіп жетіп келді де, қайта жүгіріп барып, есіктің көзінде жатқан су шүберекті аяғының ұшымен сүйреп әкеп, алдымызға тастады. – Кәне, жинаңдар!
Шапекең қайдан жинасын, амал жоқ, жиіркенсем де сүртіп, шүберекті қоқысқа лақтырдым. Шапекең екі жеңін мықынына таянып, сыздап тұр:
   – Омай, шікін, түкірсе не бопты? Сырмақтың шетін көтеріп, түкіре салатын атаң қазақ емеспіз бе?
   – Құры, өйткен қазақтығың бар болсын! Аспаннан түстің бе, қайдан шыққан пәлесің өзі? 
   – Бұл – шапекең деген экспонат! – дедім араға түсіп. – Жүз жыл музейде тұрып, жаңа шықты. Біздің дәстүр-мәдениетімізді біліңкіремейді, кешіріңіз!
   – Экспонат болса, сонда тұра бермей ме. Мұнда неғып жүр? Мәдениеттен махұрым. Бұл өмір мұның не теңі?
Шапан екі иығы көтеріліп-басылып, қалшылдап кетті:
   – Қатын деген еркектің алдын кесіп өтпеуші еді, беттен алып шапылдаған бұл неғылған қаншық? Менен қызғанғаның мына өмір болса, өзің-ақ қызығын көре бер. Арқаңа қамшы тимей битің семірген екен, зәнталақ!.. 
Дірілдеп-қалшылдап сабайтындай тебіткен шапекеңді жеңінен қолтықтап, есікке қарай сүйрелеп әлекпін. Сыртқа шыққаннан кейін де бұрқылдап біразға шейін ашуы басылмады:
   – Атаңның аузы... байы жоқ неме ме... қамшының астына алса ғой!..
   – Ойбай, шапеке, қатын сабағаның не... сабамақ түгілі, шекесінен шертіп қалсаңыз, милиция шақыртып, қаматып тастайды!
   – Мелисаңның миы жоқ неме ме, өз қатыныңды сабады деп қамай ма екен?!.
   – Әй, қазекем-ай, тойысты, шапекем-ай! – деп ішімнен мырс-мырс күлдім.
   Қаңғлақтап көше бойлап келеміз.
   – Қосшы бала, шөлдеп өлдік қой, – деп жан-жағына қарағыштап қояды. Өзі кірпияз. Газды су, лимонад, сыра әперейін десем, киіз қалпағы шайқалып кетеді. – Ата-бабам татпаған нәрсені тарт ары!.. Шай келтір!
Шай болғанда, шәугім, тостердің шайын ішпейді. "Ток ұрған суға ауыздың дәмі келмейді" дейді. Тұрған бойы бап. "Бұл шапан – шалға шайды        қайдан таптым деп мен келемін  басым қатып. Панфиловтың бойындағы гүлзарда әр аудан апта сайын кезектесіп жәрмеңке өткізіп тұратын. Солай қарай төңкерілдім ойланбастан. Үмітім алдамапты. Бір шеттегі будақтаған түтінді аңдып барып едік, төрт бұрышынан төрт ағашқа керіп байлаған брезент қалқайманың астындағы шартық қарын жез самауыр көзіме оттай басылды. Кернейі жыбыр-жыбыр түтіндеп, мұрын астынан әндетіп тұр. Шапекең көрген бойда таңдайын тақылдатып жіберді:
   – Па, шіркін, толыскейдің өзі ғой Мекалайдың заманындағы! Қосшы бала, осы жерден тамақ жібітейік.
Үстел басында шоқиып отырмаймын деген соң, екеуміз көлеңкесі молынан күрегейлей төгілген акацияның түбіндегі көгалға барып малдас құрдық. Бап білетін жирен шаш, мүсінді келіншек құдасы келгендей елпек қағып жүр. Дастархан жасап, үлкен аққұманды алдымызға әкеп қойды. Кілегей қатқан қою шайдың қызылы кәсенің жиегіне жұққандай. "Сен іш, мен ішпенен" бой-бойымыз шығып отырмыз. Бірақ келіншектің шайы жаққанмен өзі жақпай қалды шапекеңе. Қызыл кофтаның кең ойығынан талпынған тоқ анарының бар тәттілігі төгіліп, қарасанына дейін жалаңаш сұлу аяқтарының жігін жымдастыра бұраңдай иіліп, әдемі жымиыспен: "Ас болсын!" деп шегіне бергенде, естілер-естілмес күңк етті:
   – Мына пәтшағар бар жерін жарқыратып ашып тастапты, байына несін көрсетеді екен!
   – Байына жүрегі де жетеді.
   – Бұл – шайтан, аздырады! 
Деуін дегенмен, келіншекті сыртынан ішіп-жеп тесірейіп отыр.
   – Онда неге қарайсыз?
   – Көзім бар, қалай қарамаймын. Осындайлар көрініп, күнәға батырады!
   – Күнәға батпаудың бір жолы бар.
   – Қандай?
   – Көзіңізді жұмып алыңыз.
Бір еркек дауыс оркестрге қосылып микрофонмен ән шырқай жөнелген. Шапекең тағы да тыржың ете түсті:
   – Мынау неғып айғайлап кетті?
   – Ән айтып жатыр. "Сүйгенім" деген тамаша ән.
   – Тамаша болмай қалсын. Айғай ғой мынау. Естігім келмейді!
   – Ендеше құлағыңызды жауып алыңыз!
   – Әй! – деді шапекең ақ қалпағы ұшып түсердей кегжең етіп. – Сен сонда қазақ екі көзін жұмып, екі құлағын тығындап ап жүрсін демексің бе?!!
"Амал который?" дедім ішімнен күліп. 
   Ақ құманды сарқып болған соң, шапекең бір кекіріп алды да, екі жеңін жайып: "Иә, Алла, бергеніңе шүкір... Аллаһу акпар!" деп бетін сипаған болды. Мен шөптің түбімен тісімді шұқып, бір шынтақтай жантайып жатқам. Бет сипауға еріндім. 
   – Әй, қазақпын дегенің қайда? – деді шапан шұқшия үстіме төніп.
   – Десе не бопты?
   – Неге ас қайырмайсың?
   – Е, Құдай-ай!
   – Сен бәлекет, өзі намаз да оқымайтын шығарсың мына түріңмен?
   – Жоқ.
   – Ораза тұтасың ба?
   – Ой, ақсақал, "ораза-намаз тоқтықта" деген. Онсыз да күнде оразамыз емес пе!
   – Қазы-қарта жейсің бе?
   – Оны кім беріпті?
   – Намаз оқымасаң, ораза тұтпасаң, қарбытып қазы-қарта асамасаң – қай жерің қазақ?
   – Паспортта қазақ деп жазылған!
Масаттанған дауысым қатты шығып кетті. Мына жарты әлемді бауырына басқан кең жазираның қожасы менмін дегендей кеудем қайқайып тұр. Шапан қыбырсыз мүлгіп бір дем үнсіз қалды да, қалпағын шайқап, терең күрсінді:
   – Қайран бұрынғының адамдары-ай десеңші! Сөзі қандай, өзі қандай!.. Мен Қазақбай деген кісінің шапаны едім. Ондай бағлан енді тууы қайда. Өзі палуан, өзі әнші. Тойлы ауылдың онсыз сәні жоқ. Үкілі домбырасын бебеулете, аңыратып әнге басқанда, ащы дауысы алты қырдың астындағы елді "пай-пай!" дегізетін. Қара шекпендер лек-легімен төгіліп жатқан кез. Ертістің теріскейіндегі ну орман, көгалды кең жазықтарға шегірткедей қаптады. Егін егіп, селендер салып, бекіп алды. Қазақтың малы мен жаны енді өзеннен өтуге зар. Қырбай болған екі жақ жанаса кетсе, бірін-бірі қапы жібермей қақтығысып қап жүретін. Әдетте пәленің басы – Яшка атаман. Өзеннен өткен малды барымталап, ізін қуған иесін қанқақсатып, қара шекпендерге балта-шоқпар ұстатып жел беретін сол. Өзі де үйген боқтай зор неме. Бұқа көзденген сыз қабақ. Ширатылған мұртының шалғысы құлағына жететін. Қыр қазағының мұң-арзасын шағып, аузына қарайтыны – Қазақбай палуан. Ызасы еттен өтіп, сүйекке жеткен соң, батыр неден тайынсын. "Бізді де ұл таптым деп шешеміз қалжа жеген шығар" деп, тақымына сойылын қыстырып, едірейген жігіттерді ертіп, бұлар да қара шекпендерді ат бауырына алып, жайратып салатын. Бірі – озбыр, бірі – такаппар. Егескен екі баһадүр ұстасарға сылтау іздеп, бірін-бірі ұзақ аңдысқан. Бірде атаман мен Қазақбай өзен жағасында оңаша ұшырасып қалды. Сап-сарала киініп, қайқы қылышын беліне асқан Яшка анандайдан Қазақбайды көрген бойда тоқпақ жал қара айғырының басын тартты. Қазақбайдың астында – әйгілі ақбақай бәйге күрең. Тізгін сүзе басын шұлғып қойып, төрт аяғын сәнімен топ-топ басқан сәйгүлікке қадалған сайын Яшканың ақ кірпік, бітік көзі шарасынан шыға шоқтай жайнап барады. Палуан үзеңгі қағыстыра тоқтаған. Жартастың ұшарында оқшырайған құлжадай такаппар басын кекжитіп асқақтай қарайды.
   – Әй, Қазақбай, екеуміз жауласатындай осы бізге не жетпейді? – деді Яшка жүрек жібітер жып-жылы дауыспен күлімсірей. – Кәне, тамыр болайық!
   – Болсақ – болайық! – Палуан бірден құлап түсті. – Мынауың ақылды сөз. Екеуміз тату болсақ – ел тату.
   – Шынымен тамыр болғың келсе, қалауым бар.
   – Айт?
   – Бәйге күреңіңе құда түскім келеді.
Қазақбай іш жиып қалды:
   – Е, сенің тамырлығың сатулы екен ғой!
   – Енді былай... тамыр болған соң қалауы болады емес пе?..
Екеуі аттан түсті. Палуан атаманның арсыздана сығырайған көзіне жиіркене бір қарап:
   – Жарайды, берейін, – деді. – Бірақ бір шартымды орындайсың.
   – Қандай?
   – Менің бір қолыммен күрес. Жықсаң – аласың!
Бұрқ еткен ызадан атаманның түк басқан бет-аузы қисайып кетті. Шабатын аюдай гүрілдеп қорбаң-қорбаң жақындай берді:
   – Ей, жабайы киргиз, не оттап тұрсың? Мен сенің бір қолың түгіл, өзіңді қазір екі бүктеймін!
Екеуі сол жерде ұстаса кеткен. Бірін-бірі ырғап, оңды-солды дөңгелеткенде, сырғанаған табандар тепсеңнің бетін түрендей тілді. Қазақбай көпке созбай қарсыласын дедектете иіріп, жамбасқа ала екі аяғын серең еткізіп жерге бір-ақ соққан. Есеңгіреп барып есін жиған атаман, басынан аттап "күш алып" талтаң-талтаң ұзай берген палуанды маузерін жұлып алып, жаурыннан  көздей атып жіберді. Батыр басы кекжең етіп, "не болды" дегендей артына бұрылып қараған күйі шайқалақтап тұрды да, бар салмағымен қара жерді солқ еткізіп құлап түсті. Бәйге күрең шыңғыра кісінеп көкке шапшыды. Шылбырын сүйрете иесін шыр айналып оқыранып жүр. Атаман шапанды, иәки мені, шешіп ап былай қойды. Міне, сол жақ жаурынымда оқтың орыны бар шығар, қарашы? – деп шапекең бұрылып арқасын көрсетті. Ешқандай тесік жоқ. Екі жауырын тұсына алтын зермен оюлап, оймақтай ғып сарғалдақтың суретін төгіпті. – Содан соң, –  деді шапан әңгімесін жалғап, – Атаман Қазақбайды сүйреп суға апарды да, мойнына, аяқ-қолына тас байлап, тереңге батырып жіберді. Бәйге күрең кісінеп, жер тарпып, өз-өзінен қара терге түсті. Екі құлағын жымырып, үркектеп, көп әуреге салып әзер мінгізген. Атаманның шаужайлап, ақырғанына қараған жоқ, бас бермей алақашып, арқыраған күйі биік құздың ұшарынан тұңғиыққа бір-ақ қарғыды... Мен бес күн далада жаттым. Жел ұшыра-ұшыра ауылдың шетіне жеткенде, бір қойшы тауып алды. Кейін заманның дауылы ұйтқып, "Бай мен қожаны қамшымен қойдай қуған" кезде, қойшы байқұсты, мынандай шапан киген кісі қайдан кедей болсын, құлақсың деп, үстінен шешіп алды да, өзін "итжеккенге" асырып жіберді... Е, біз не көрмеді дейсің, қарағым! Байдың көзі деп тәркіленгеннен соң, жиырма жылдай "үндеместің" зынданында жатып, содан әлгі мөзей дедің бе, соған шығарған... 
   Мына әңгімеден кейін шапанға құрметім артты. Миығымдағы жоғары-төмен көшіп жүрген мысқылды өшіріп, оған аянышпен қарадым. Өзінің алтын бесік – Азат даласына барсын деймін ішімнен. Ойым – "Саяхатқа" жеткізіп, жолға салып жіберу. Таласа-тармаса №32 автобусқа міндік. Іштегінің дені – жастар. Едірейген қалпақ пен етегі сүйретілген шапанды көргенде, үдірейе қарасып бәрі "Уау!" деп бір гуілдеп басылды. Тақау тұрған екі орыс жігіті: " Хозяйн страны пришел!" деп бір-біріне сыбырлай қарап, мырс-мырс күлді. Айналасындағы өңшең қазақ дарақылана қосылып, олар да       мәз.
   – Мыналар неменеге маңырап кетті? – деді шапекең жақтырмай. 
   – Мал боған соң маңырамай қайтсін!..
   Аялдамадан түсіп қалдық. Жолдың арғы бетіне өту керек. Қайшыласқан ала-тасқын машина. Сәл өрлеп барып, сары жолақ "зебрадан" өтпекші едім, шапан мырза тәртібіңді ұрдым дегендей, төте тарта жөнелгені. Мен "тоқта, ойбай!" деп жандәрмен қолтығынан ұстай берем дегенше, қызыл-ала шарлар төбесінде діріл қағып, думандатып, шулап, "Ой, чинурилатып" зулап келе жатқан ұзын, ақ сылаң лимузин құйындатқан күйі бір-ақ қағып, жалпасынан түсірді. Не істерімді білмей селтиіп жол жиегінде мен тұрмын. Әлде бір алып қазақ етпетінен сұлап асфальтта жатқандай жүрегім оқыс суып, дір ете түсті... Екпіндей өткен дөңгелектің желінен етек-жеңі бір желп етіп қояды. Сылаң қағып толассыз зымыраған әдемі ақ, қара, көк, сары...машиналар алтын зерлі жасыл шапанды табанымен таптай берді, таптай берді...        
  
                                                               Той

   Бәрі сырымды біліп, сыртымнан танып алса керек. Қай баспаға барсам да, бірі мысқылдап, бірі мүсіркеп қарайды. Қырық сылтаумен жақауратып шығарып салады: «Өзіңіз ақша табыңыз» дейді; «Биылғы тендер өтіп кетті...» дейді. Кейбіреулер турасына көшеді: «Мұндайды басып, басымызға пәле тілеп алар жайымыз жоқ,  өзіміз қалт-құлт етіп әзер жүргенде аузымыз ақтан қағылса, бала-шағамызды немен асыраймыз? Әурешілікті қойыңыз, ағасы!»
    Баспаларды жағалай адақтап, ауыздарының қалай қисайғанын көргеннен кейін салым суға кетіп, беттей алмай қалып едім, жоқ жерден әйелім қызынып, білек сыбанып шыға келмесі барма. Дем беріп, басы қайқаңдап алдыма түсіп алды.
    – Ерегескенде, өзіміз шығарамыз!
    – Кәйтіп? – деймін міңгірлеп.
   – Ақша болса, «Майн камфті» де шығаруға әзір дедің емес пе?
   – Ойбай-ау, ақшаны қайдан табамыз? – Қатынның не ойлап мәтіби боп тұрғанына шала миым жетпей шыр-шыр етемін.
   – Алқа-сырғаларымды ломбардқа саламын. Мына заманда жылтырақ тағып, сылаңдаған не теңім!
«Осының  шашы ғана емес, ақылы да ұзын-ей!» деп сүйсініп қалдым. Бірақ іш бергемін жоқ, мақтасаң қатын деген құтырып, басқа шығып  кетеді емес пе.
   – Тоқта! – Сарт етіп сол жерде басыма бір ақыл келе қалғаны. – Ол ақшаны әуелі біраз «бұзаулатып» алайық. Содан соң кітапқа саламыз.
Әлі де қазақтың кейбір бұрма сөзін тура түсінетін әйел байқұс «әуелі сиыр сатып алып, соның бұзаулағанын күтейік» деп тұр деп ойлап қалды ма, көзі жыпылықтап бетіме қарады.
   – Жақында қырыққа толамын емес пе, соны сылтауратып той жасасақ, біраз ақша жиналмай ма?
   – Табылған ақыл! – Әйелім дудыраған шашыма қолын тарақтай салып уақалап-уқалап жіберді. – Тесік те болса, мына котелок  ничего, варит!
   – «Капиталды» тегін оқыған жоқпыз ғой! – дедім «Капиталды» Маркстің өзінен артық білетіндей кеудемді қайқайта жымиып. 
   Шотты ары қағып-бері қағып, қырық жасты тойлаудан гөрі шаңырақ көтергенімізге онбес жыл толғанын атап өткенді жөн көрдік. Безбенге салсақ, тиімдісі сол екен. Менен гөрі әйелдің беделі жақсы, соны сыйлайтындар көбірек келуі һәм  тарту-таралғысын ұялмайтындай ғып әкелуі мүмкін ғой. Ең қиыны тізім жасау болды. Шақырсақ жалаңдап жетіп келетіндер толып жатыр. Есебіміз – конвертті қалыңдау ғып әкелетін ішегі майлылар мен жолдан жығылмаймын деп тыраштанатын жомарттарды көбірек қамту. Оған қоса, арақты көп іше ме, тамақсау емес пе... – ол жағын да ескеріп, шотты арықағып-бері қағып, қатаң  екшеуден өткізіп жатырмыз. Кедейде қайбір жетіскен дос болсын, шетінен сіңірі шыққан өзім сияқты. Бала кезден бірге өскен, кластасым Кемелбекті шақырайық деп едім, әйелім шар ете түсті:
   – Бір өзі екі бөтелке ішеді. Құрсын алқашың!
    – Е-е, таптым, шалды шақырайық?
    – Оның кім?
    – Ойбай-ау, өзіміздің Мәкең ғой... Күрең шал ше?
    – Аулақ... айтатыны бойлай ұятсыз әңгіме!
    – Қойшы, онда не тұр. Ойнап-күліп көңілді отырған жақсы емес пе. Жұмаханов деген жазушының жанында көп жүрген, ауызша айтқан қырық алты әңгімесін жатқа біледі. Феномен! "Ақ қолтық", "Қос тәпішке", "Мұстафасы" қандай! Жұмахановтің қырқында бір-екі әңгімесін айтқан екен, әйгілі Хамаң ақын: "Әй, інім, Жекеңнің өз аузынан да естіп едім, сен одан да асырып жібердің!" деп арқасынан қағыпты. Несі бар, келсін, айналасын думан ғылып отырады.
   – Құтырған шалың жәй отырушы ма еді. Ішіп алған соң, "Ой, Зәуреш!.." деп әндетіп,  айналасындағы қатындарға көз қысып пәле қылмай ма. Былтыр  Мақсұттың қатыны елуге тақағанда бала туып, шілдехана жасағанда не істеді. Раяның мықынына қол жүгіртіп, Жанмұрат екеуі қырылып қала жаздаған жоқ па сол жерде. Құрсын!
Қанша өжектесем де һаял қарындаштың түбімен алдындағы қағаздың бетін тоқ еткізіп, "жоқ!" деген үкім шығарды. Тізімді ары қарай жалғастырдық. Бізді қарық қып тастардай оңып тұрған бірі жоқ. 
   Сағынтай – кедей, базарда көтені айналып арба сүйреп, күнін әзер көріп жүр, ол сорлы  не әкеп жетістірер дейсің. Әріннің қатыны ұятсыз екен, үстелдің үстін сыпырып-сиырып пакетке салып әкететін әдеті бар  көрінеді. Нұржан – мешкей. Сәрсеннің дүкені болғанмен сараң... Ілікке татырлық кісі таба алмай біраз қиналсақ та,  шекесінен шертіп «осы жүз доллардан кем әкелмес-ау» дегендердің ұзын-санын жиырмаға жеткізгенбіз. Есебіміз түгел, бұйырса, әй-бір, осы жолы ақ түйенің қарыны жарылатын-ақ  шығар деп алақанымызды ысқылағанда, сытыр-сытыр арасынан от ұшқындады. Әйелдің құлақ-саусақтарындағы жылтырақтардың барлығын сыпырып-сиыра ломбардқа өткізіп, бір апта тойға дайындалғанбыз. «Самопалға» жуымай, ақаң жарықтықтың да қымбатын таңдап түр-түрін алдық. Бірақ қапылғанымызды қайтейін, үміт артқан жуан желкелердің көбі әртүрлі сылтаумен келмей қалды. Есесіне, ұялғаннан шақырып, ішімізден келмесе екен деп Алла-екемнен қырық мәрте тілеген ішкіш-мешкейлердің тайлы-тұяғы қалған жоқ. Әйелімнің өңі той басталғаннан-ақ бұзылып кетіп еді, біткенше әзер шыдады көгеріп-сазарып. Ел тарқасымен жатын бөлмеге кіріп кеткен, бата алмай айналсоқтап біраз жүрдім де, шыдамай есікті жартылай ашып, мойнымды қылқиттым:
   – Қанша?
Жас тұнған ызалы жанары жалт етіп, бір уыс қызыл-ала қағазды бетіме шашып кеп жіберді. Абылай хан, Әбілқайыр хан, арасында Абай мен Шоқан да бар, қазақтың кіл жақсылары көбелекше қалықтап барып еден үстіне қонып жатыр. «Келін шырақ-ау, біздің не жазығымыз бар?» деп ол жарықтықтар жаутаң-жаутаң қарайтындай.
   – Бүйтіп «Капиталды» оқығаның бар болсын!
Өмірдің есебі Маркстің «Капиталынан» да күрделі екен. Әсіресе, әйелімді аядым. Күйеуім Маркес, Айтматов, Нұрпейісов сияқты бір-ақ күнде даңқы дүр-р ете түсер деп қатты дәметіп еді, далбаса көңілі  бұлай жер соқтырғанға жасып, жабырқап қалды. Тұрмыс қажытқан бейшара кімнің еркелігін көтерер дейсің, «таз өшін тырнадан аладының» керімен, жуып кетсең, бидайдай қуырып жеп қоя жаздайды. Көзіне түсе бермейінші деп, күндіз көбінесе үйде отырмаймын. Шеті жемтірлене бастаған алты папканы арқалап қаңғып жүре беремін. 
    Аз уақыттың ішінде Алматыдағы баспалар мен әдеби газет-журнал редакциялары түгелдей танып алды. Ешқайсысы ештеңемді оқымаса да: «Осы біреу Музаның бізге лайықты қасиетті храмында сүйретіліп неғып жүр-ей өзі!» дегендей, сығырайған көздері ұстараның жүзіндей сызаттанып, соншалық бір жеккөрінішпен менсінбей қарайды.
   Ұзын дәліздің қалтарысында бұлтиған қозы қарындарын құшақтаған төрт тапал орталарындағы қаңылтыр табаққа шырт-шырт түкіріп қойып, темекі бұрқыратып тұр екен, «Саламатсыздар ма» деп жанай өтіп бара жатыр едім: «Әлгі төбесіне тас түсіп жазушы боп кеткен әпенді осы емес пе?» деген тырқ-тырқ күлкі аралас күңкіл желкемнен тартып қалғандай еріксіз іркілдім.
   – Иә, экономист- романист! – деді кекесінді екінші дауыс. – Жындыға дейін жазушымын деп дорба-дорба шимай-шатпақ арқалап жүрген соң не дауа. Осыдан кейін әдебиетте не қадыр қалсын!
   – Оқымай-білмей тұрып ғайбат айтып қайтеміз! – Күрк-күрк жөтелген қарлығыңқы дауыс ара түсіп жатыр.
   – Жындының не жазатыны оқымаса да белгілі емес пе!
   ¬¬– Олай деме. Мәкең оқыған екен, «әттең, ерік өзімде болса, халтурщиктердің бәрін ысырып тастап, жалғыз осынікін басар едім» деп тамсанып отыр.
   – Қойшы-ей, сол салпы ауыз, май қараны. Ең болмаса, «Алаш» сыйлығының лауреты емес, ол қырт не білуші еді!..
Тыңдап тұра беруге дәтім шыдамай, денем бір ысып, бір суып жылыстай беремін. Мың ғайбаттың ішіндегі жылтыраған жалғыз жылы сөз жанымды семіртіп, сүйсініп келемін. «Ой, мына Мәкең деген қандай тамаша кісі өзі!» деп тамсанып қоямын ішімнен.

                                         Жындының көз жасы

   Миллионер жазушының әйелі боламын деген үміттен біржолата күдер үзген соң, қатын бейбақ амалсыз көше қилысында қашып-пысып жасайтын ұсақ-түйек саудаға көшкен. Мойнында есейген сайын бабы өсіп келе жатқан үш бала мен жарты ми, мүгедек бай бар, қайтып қарап отырсын. Көтерме базардан шекілдеуік, жиде, құрт, темекі сияқты бәкін-шүкін алып, көшенің бұрыш-бұрышында бұғып жүріп саудалайды. «Әр машайыққа – бір ібіліс» дегендей, олардың милиция деген қызыл көз тажалы бар. Басқа қылмыстың тұқымын тұздай құртып бітіргендей, қатын-қалаштың дорбасына жабысып, бақыртып қуып жүргендері. Бірде: «Бәрін милиция тартып алды, затымды да, ақшамды да!» деп, көзі домбығып, сүлдерін әзер сүйреп келеді. Енді бірде екі көзі күлмің-күлмің. Сол көздердің қиығынан пейіштің шуағы төгілгендей, үй ішіне береке кіріп, жадырап-жайнап кетеді. Ондай күні алабұға болса да балыққа аузымыз тиіп, не «Буштың бұты» – ақ тауықтың сорпасына тыңқия тойып, арқа-жарқа бір жырғап қаламыз. Ырқ-ырқ кекіріп, тырқ-тырқ «дара ауызбен» торғай үркітіп отырып, шала миыммен қайдағы бірдеңелерді ойлап кетемін.
   –Үкімет пен партияға рахмат! – дедім шынымен көңілім толқып. Әлденеге риза болғанда әке-шешем байқұс ылғи осылай деп шүкіршілік айтып отыратын, қанға сіңді әдетпен сол сөз менің де аузыма түсіп кетті.
   – Қайдағы партияны айтып отырсың, ләу-ләу! – Әйелім аузындағы шайын бүркіп жіберердей мырс етті. – Оныңның сүйегі қурап қалғалы қашан!
Мен қолымды сіліктім:
   – Бәрібір сол партия емес пе!.. Бәрін айт та бірін айт, бізге жетер ешкім жоқ, бәйбіше! – деймін ескі орындықты сықырлата шалқайып.
   – Өйдөйт деген!
   – Шын айтам... Кедей болған қандай жақсы! Әйтпесе өстіп қуанар ма едік? Бір тойсақ та қуанамыз, жерден беш тиын тауып алсақ та қуанамыз, троллейбуста билетсіз жүріп ұсталып қалмасақ та қуанамыз... Қаптаған қуаныш! Байлар мұндай қуаныштың бірін де білмейді ғой. Сондықтан ол пақырлар бай болған сайын бақытсыз!
Әйелім маңдайындағы қатпарланған әжімнің жігіндегі мөлт-мөлт тізілген терді алжапқышының етегімен сүртіп жатып, бетіме жалт қарайды да үндемейді. Ләм демегенмен күрсінген мұңлы жүзінен: «Құдай жынды ғып қойған соң не дауа. Есі дұрыс адам осыны айтар ма еді!» деген күйзелісті хұсни хаттай оқып тұрмын. Озбыр әміршілердің қараша халқын неге кедейшілікте ұстауға тырысатынын енді түсінгендеймін. Қандай данышпандық десеңші! Жоқшылық еңсесін езген адамда күйкі тірліктің тырбыңынан басқа көңілінде не алаң болмақ? Қу қарынның қанағаты бар қуаныштың орынын толтырады. Бір тойсам екен дейді, суықта тоңбасам екен дейді. Бар ұзаған ойы осы. Кеудесінде селт етер сезім, поэзия жоқ ондай міскін тобырға әмір жүргізу отар қойды жусатып-өргізумен бірдей, әрине.
   Бұл ит кедейлік не істеткізбейді. Бәрінен үнем жасап, пайда тапқың келеді. Қолдан келгенше ақша шығындамай, бәрін өзіміз істеуге тырысамыз. Жыртық-тесікті өзіміз жамаймыз, шашқа дейін өзіміз аламыз. Бала кезімде қой-ешкіні қырқып үйренгем, қолым ұсынықты. Балалармен қоса, һаялдың да шашын алып берем. Ұзын, қысқа... ғып нешетүрлі модаға да салып жіберемін. "Мальвина", "Каре", "Писки", "Боб"... дейсің бе, ешқайдан оқып-үйренбесем де, солардың біріне ұқсап шыға келеді. Тек әйелдің қолы қолапайсыздау. Көк инені көтінен түртіп көрмеген еркекшора, орашолақ, шашымды алам деп қырыққан қойдай ғып, талай рет түнде болмаса, күндіз сыртқа шыға алмай қорғалап қалған күндерім болды. Кейін әдіс таптық. Қошқарбектің ваннаның астында жататын итжылғы  горшогін жуып, басыма кигізеді де, шетіндегі үрпиіп тұрған шашты дөңгелетіп қия салады. "Саған не сән керек, осы да жетеді" дейді. Иә, расында да сән менің не теңім. Сөйтіп көңнің үстіне шыққан саңырауқұлақтай, мойыным қылқиып, басым төңкерілген тегештей дөңгеленіп, көрген елдің езуін бір ыржың еткізіп, бек әйбәт красавчик болам да жүрем.  
   Әйел байқұс жылап жүріп жарты тиын тапса да тыртаңдап үйге тасып әлек. Ал менің кейде соның өзіне суық қолымды сұғып жібертінім бар. Бес килі картоп әкел десе, төрт жарым килі алып, жарты килінің ақшасын ышқырыма қыстырып қаламын. Темекіге берген тиын- тебенді үнемдеп, елдің окуркісін тартамын. Автобусқа деп ақша алам да не жаяу жүремін, не билетсіз «қоян» боп, «Ну, погодидағы» қасқырдан қорыққан сұр көжектей, елдің тасасында қалтырап тұрамын... Сөйтіп қағып-соғып жиған ақшаға қолжазбаларымның ксерокс арқылы жиырмашақты көшірмесін жасатып, әп-әдемі ғып түптеп алдым. Жазушылар Одағының алдына барып үш күн тұрдым. Телевизордан, кітаптағы суреттерден жүздері таныс атақты жазушылар кездесе қалса, қолжазбамды бермекшімін. Алғашқы шырамытып қарсы ұмтылғаным – толқынды ақшулан шашын шалқайта қайырған тапалтақ, Әуезовтің қартайған  суретіне аздап ұқсайтын  қарасұр кісі. Өзін классикпін деп жүрген мықтының бірі. Жалбақтай сәлемдесіп, жөнімді айтып едім:
   – Бұл не? – деді жуан қолжазбаға үрейлене қарап.
   – Роман.
   – Осы күнде кісі роман жаза ма екен?
   – Сіздер жазып жүрсіздер ғой?
«Е, ол енді біз ғой!» дегендей бетіме сыздана қарап:
   – Қинама, қарағым. Қазір мен кітап оқығанды қойғанмын. Тіпті өз жазғандарымды да оқымаймын! – деп бұрылып жүре берді. «Өз жазғанын өзі оқымаса, онда онысын кім оқиды екен?» деп таңырқап мен қала бердім. Әйтсе де классиктердің бәрі бірдей емес екен, одан кейі жолыққан екі ағайдың екеуі де: «жарайды, оқып көрейік» деп меселімді қайтарған жоқ. Бірі тіпті: «Талаптанып жазған нәрсең екен. Байғазысы болсын!» деп мың теңге ұстатты.
   Кешке қарай бір қолына талдан жонған таяқ, екінші қолына бұрынғы Совет заманындағы торқалта ұстаған  көзәйнекті қария қасымнан жанай беріп:
   – Қарағым, мана өтіп баратқанда көріп едім, әлі тұрсың ғой. Біреуді күтіп тұрсың ба? – деді қарлығыңқы, баяу дауыспен.
   – Классиктерді күтіп тұрмын. 
   – Пәлі, мықты болдың ғой онда! – деді қария күліп. – Оларға не бүйімтай айтайын деп едің?
   – Мына қолжазбаларымды оқытсам деймін. 
   – Е, жөн, талабың оң екен, айналайын. Мен Әбілмәжін деген ағаң боламын. «Үш ноянды» оқып па едің? Соны аударғанмын. Әдеби сынмен де біраз айналысқанмын. Классик емес деп қомсынбасаң, маған бер, оқып көрейін. Сатып тұрсың ба, жоқ, әлде?..
   – Жо-жоқ, мінеки алыңыз! – Қолжазбаны беріп жатып бетіне тіктеле қарадым. Оң құлағында –  аппарат. Қалың, томпақ шынылы көзілдірігінің сабағын желкеден орай жіппен байлап қойыпты. «Әй,тоғыз-он бар-ау, қалай кітап оқиды екен?» деп күдіктеніп қоям ішімнен. Ұқыппен басқан сақал-мұрты, селдіреген шашы, қасы – бәрі аппақ, бақбақтың ұлпасы сияқты үп десең, ұша жөнелердей үлпілдеп тұр.
   – Шала көрем, сонда да кітап оқымасам, отыра алмаймын. Анда-санда Одақтың киоскісінен кітап қарап тұрамын. Кітап көп, оқылатыны бірен-саран. Жазушылар қожырап кетті ғой. Бір-бір батыр, бір-бір бидің атына мінгесіп, абырой жинаумен жүр.
    Қолжазбаны беруін берсем де көзіне дүрбі тағып алған «соқыр» шал қайбір оқып жарытар дейсің деп нәумез күйде ұмытып та кеткем. Оншақты күн өтті ме-өтпеді ме, бір күні құлқынсәріден Әбілмәжін аға телефон шалып тұр:
   – Амансың ба, айналайын. Әбілмәжін ағаңмын ғой. Романыңды оқып шықтым. Керемет дүние екен, айтары жоқ! Әлі кейіпкерлеріңнің арасында жүргендей күй кешіп тұрмын. Көптен бері мұндай шығарма оқымап едім тұщынып. Рахмат, қарағым. Әрине, түсінем, жолы ауыр, кең аудиторияға жетпейтіні өкінішті-ақ! Әйткенмен бір кісі болса да оқи бергені дұрыс қой. Бельгерге оқытып алсақ, қалай қарайсың? Рұхсат етсең, соған апарып берейін. Күнде «Шоқанның» алдында кездесіп тұрамыз. Сол жер «Күлтөбенің» басы сияқты, біраз шал қауқылдасып мәслихат құрамыз. Гер-ағаң сирек туатын ғазиз жан ғой. Барынша әділ, барынша таза. Қазақ руханиятына одан артық еңбек етіп жүрген ешкім жоқ. Тек оны біз бағалай алмай жүрміз ғой!..
«Иә...а-а-а...» деп кекештенгеннен басқа асыл ағаға дұрыстап жауап қатып, алғыс та айта алмадым. Көмейіме өксік тіреліп, тынысым бітті де қалды. Тұтқаны қойғаннан кейін өзімді өзім тоқтата алсамшы. Жынды болғаннан бері жылап көрмеп едім, жындының жылағаны қызық болады екен. Ваннаға тығылып алып, дыбысым естілмесін деп суды сарылдатып ағызып қойдым да  ағыл-тегіл ал кеп боздайын! Жындылар қуанғанда да біреу өлгеннен бетер жылайды екен ғой...

 

 

 

Sarayshyq