Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гаухар Ажмеденова 1979 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ганюшкин ауылдық гимназиясының түлегі. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетін бітірген. Зерттеуші мұғалім. Қазір Атырау қаласындағы Әл-Фараби атындағы Binom school мектеп - лицейінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен дәріс береді.

Адам өмірінің жалғасы — ұрпағы. «Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар» деп  халық даналығында тегіннен тегін айтылмаса керек. Ежелден ата-бабаларымыз ұрпақ жалғастығына айрықша көңіл бөлген. Оны біз халық ауыз әдебиеті үлгілерінен айқын аңғарамыз. Ел қорғаған батыр ұлдардың көбі Ғайып ерен қырық шілтеннің қолдауымен, әулие-әнбиелердің жебеуімен дүниеге келген.  Оны «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын оқығанда ерекше байқауға болады. «Аға өлсе, іні мұра» деген бір ауыз сөзден жесірді елден жібермеуге тырысқан ата-баба көрегендігін аңғарамыз. Өйткені, «жесірдің жетегінде кететін  жетімдер өз бауырларына жат болып кетеді, тасбауыр болып өседі, тегін танымайды» деп санаған халқымыз әмеңгерлік салтты дүниеге әкелген. Осының бәрі тұтас бір ұлттың ұрпаққа деген көзқарасын білдіретіні сөзсіз. Қалай болғанда да басына небір қиын күн туған кезеңдердің өзінде қазақ баланы ауырсынбаған. 

Келінін өз қолымен ұзатып...
         «Адамның басы — Алланың добы» дейді қазекем. Шындығында, алдан қандай күн күтетіні тек бір Аллаға ғана аян. Ақын, журналист, бүгінде Алматыда тұратын Қалампыр Кенжеғалиқызы өте тағылымды әңгіме айтып еді: «Үлкен ұлы қапылыста бұзақылардың қолынан қаза болған үлкен кісілерді білетін едік. Жап-жас келіні бір жасқа толмаған сәбиін құшақтап, жиырмаға жетер-жетпесте басына қара жамылды, жесір атанды. Ата-ана қайғыны кәрі емендей қайыспай көтерді. Олардың алдында әлі немересін адамасыл ету, қатарға қосу міндеті тұр еді. Ұлдың жылын бергеннен кейін ата-ана келіндеріне батасын берді. Жүректері қан жылағанымен, амалдары қанша? «Ұлымыздың сүйіп алған жары еді. Басқа жанға қимаймыз» деп жап-жас адамның бағын қалай байлайды? Сондықтан, немерені өздері алып қалып, келіндерін көңілі қалаған адамына ұзатты. Жастайынан қолдарына түскен келіндері қызындай болып кеткен еді. Сол себепті олар үнемі соңынан іздеп барып, жағдайын білетін, көзайым болатын. 
             Кейіннен келіншек екінші жолдасынан бірнеше ұл-қызды дүниеге әкелді. Оларды бағып-қағуға да ата-ене көмектесті.  Тіптен балалар үлкен кісілерді «ата-әже» атап, қолдарында тәрбиеленді. Туған немерелерінен кем көрмеді. Ал, осы қадамға не үшін барды? Әрине, ұрпағының болашағы үшін! Немересін анасынан айырып алып қалғандарымен,  жаратқан Алла әкеден бір айырып жылатқан сәбиді екінші рет анадан айырғылары келмеді. Үнемі байланыста болуын қалады. Өздері - «кәрі қойдың жасындай»  жастары келген кәрі адамдар. Жаман айтпай, жақсы жоқ, олай-бұлай болып кетсе, балаға туған анасынан артық кімнің жаны ашиды? Осының бәрі ойлаған ақылды қариялар немерелерін туған анасынан, бауырларынан бөлмеді.  Екеуі де жастары сексеннен асып дүние салды. Соңында қалған немерелері әлі күнге бір-біріне ата-әженің ыстық алақаны туралы айтады, сағынады» деп әңгімесін аяқтаған еді ол кісі.
 Балаларды бауырына басып...
          Журналистика саласын таңдағаннан кейін кездескен адамдарды әңгімеге тартып, олардан естіген қызықты оқиғаларды қойын дәптеріме түртіп алып жүруді әдетке айналдырған едім. Атырау қаласындағы №34 көп салалы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Элеонора Битекенова апай да бір кездескенде адамдарды мейірімділігі мен қамқорлығы туралы әңгіме тиегін ағытқан болатын. Ағайынды үш жігіт бір аулада тұрады екен. Үш үй абыр-сабыр араласып жатады. Бірінің баласы екінші үйге барып ұйықтап, үшінші үйден таңғы асын ішіп жүре беретіндігіне бүкіл ауыл қызыға қарасыпты. Ауылда бұл үш абысынның татулығын айтпайтын адам некен-саяқ көрінеді. «Тіл-көз тас жарар, тас жармаса, бас жарар» демей ме? Ойламаған жерден мотоцикл апатынан жігіттердің үлкені көз жұмады.  Қапыда келген қаза бәрін есеңгіретіп кетіпті. Әсіресе, жарының кенеттен бақиға аттануы келіншекке соққы болғаны соншалық, ауруханаға жатып қалады. Көп кешікпей ол да өмірден өтеді. Олардан қалған жеті баланы інілері өз қолдарына алды. Баяғыша үш үй өз тірлігін жасай береді. Бірақ, бұрынғыдай емес, көңілдері пәс. Үлкен ағаның ақылы жетіспейді.  «Жұт жеті ағайынды» демей ме қазақ атамыз? Ортаншы жігіт вахталық жұмыста жүріп, ұйықтаған жерінен оянбай қалады. Бұрынғы қайғы қайғы ма?! «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, суық хабарды естіген аяғы ауыр жары күніне жетпей босанып, соңы қайғылы оқиғаға ұшырайды. Жеті айлық шарананы қолдарына ұстап қалған кенже ұл мен оның келіншегі екі ағаның балаларын тентіретпеуге бел байлайды. Сөйтіп, бұрын гулеп жататын үш үй енді сәл мұңайып тұратын болады. Бірақ, балаларды ешқайда жібермеген іні мен келін екі ағаның он екі баласын өздерінің бес баласымен бірге асырап-жеткізеді. Жеті айлық шарананы өз бауырына салған келіншектің омырауынан сүт шығыпты. Бұл не деген мейірім десеңізші?! Балалардың бәріне жоғары оқу орнын бітіруге мүмкіндік жасап, олар қаншама қиналса да сыр бермейді. Бүгінде өсіп-өнген шаңырақтың ата-анасы атанған бір кездегі кенже бала мен келін он екі ұл мен қыздан өрген немере-жиендерінің қызығына бөленуде екен. Міне, адамгершілік пен жүректің жылуы арқасында балаларды жетімдер үйіне тентіретіп жібермеді, қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Соның жемісін олар енді жеп отырған көрінеді. Бұл оқиға менің де жүрегімді толқытты, көзіме жас әкелді, қолыма қалам ұстатты
Ауылдың бар баласын аялаған...
           Оқырмандар назарына тағы да бір өзім таңырқаған, көңілім сүйсінген кейуана туралы аңызға бергісіз әңгімені ұсынғым келеді. Оны маған Құрманғазы ауданы, Хиуаз ауылында тұратын журналист Айгүл Қыдырова апай айтқан болатын.  Жарынан жастай қалған кейуананы ауылдың барлық баласы «мама» деседі екен. Өзінің  бауырынан өрген ұлын әскер қатарына шығарып салғанда да, ол аман-есен келіп, той жасағанда да етегіне оралып көршілердің балалары жүретін болыпты. Бір қызығы, ол кісі балаларға кейімей, ашу шақырмай, қайта: «Періштелер ғой. Ағаларының тілегін тілеп жүр. Осылардың ақ тілегімен ауылға оралды» деп отыратын көрінеді. Қызметке асыққан келіндер ол кісіге балаларын апарып тастап, өздері еш алаңдамай жұмыстарына кете беретіні де қандай жарасымды! Кешке асықпай қызметтен қайтқандарында балаларының тап-таза күйінде, тамақтанып алып, өзге балалар арасында ойнап жүргеніне қуанысады екен. Ал, кейуана болса құдды бір балабақша меңгерушісі іспетті сол сәбилер ортасында анақаздай балпаңдап жүретін көрінеді. Не деген кеңдік?! 
         Ниеті мен пейіліне Алла береді демей ме, қазақ?! Пейілі көл-көсір ананың да өмірінде жағымды жаңалықтар орын ала бастайды. Ұлы әскерден аман оралып, үйленіп, келін жұмсайды. Үш немерелі болғанда келіні баладан қайтыс болады. Еңкейген шағында үш немере ортасында, жетімсіреп жүрген ұлын жұбатып қалады. Бірақ, мұқалмйды, алға ұмтылады. Ұлын екінші рет үйлендіреді, үш немересін қанаттандырады, өзі армансыз күйінде бақиға аттанады. «Қазір сол кісіні жүрегіміз сыздап отырып сағынамыз. Ауылда осындай адамдар  көп болса, ауыл өзінің қазақы табиғатын жоғалтпас еді-ау!» деп әңгімесін аяқтаған еді Айгүл апай. 
P.S. Міне, үш тағдыр, үшеуі үш түрлі. Бірақ, тоғысатын жері — біреу. Ол — ұрпақ тәрбиесі. Баланы байлық санаған қазақ табиғатын осындай жандар паш етеді емес пе? Бүгінде өз қағынан жеріген «көкек аналар» «бауыр еті-баласын» қоқыс жәшігіне тастап, әжетханаға лақтырып кеткенін естігенде осы бір ақпейіл, дүниенің бар жақсылығын бала деп білген адамдар еске түседі екен. Осыдан жастар ғибрат алса ғой, шіркін!

                                

«Жан біткен жер үстінде жалғыз дүркін тіршілік етпек, ал осынау бір-ақ берілер өмірде адам болудан асқан бақыт бар ма?!» деген екен Зейнолла Қабдолов. Иә, адам болып өмірге келгенмен, «тар жол, тайғақ кешер» өмір жолында адам болып қалу да оңай емес, сірә! Ауданымызда мемлекеттік қызметте, еңбек жолымның он бес жылы жергілікті атқарушы органдарда өткен екен. Соның ішінде,  екі  ауылдық округте жұмыс істеген кезде, қилы тағдырлы адамдардың өмірі мен әлеуметтік жағдайының зерделену мүмкіндігі болды. Қоғамның пейіл-көңілі жалаңаштанып, иман мен иба жадағайланған көлеңкелі тұстары аз емес. Алайда,  құдіретті Алла Тағала,  кейбір қарапайым адамдардың ата-анасы, азаматы, ұрпағы үшін жанкешті өміріне куә ете отырып..имани қүндылықтар жоғалмағанын көрсетіп, тәубеге келтіреді.
         Сал боп жатқан ата-анасын, азаматын, мүмкіндігі шектеулі ұрпағын қызғыштай қорыған адамдардың табиғи тектілігіне таңғаласың... Олардың біз сияқты жоғары білім алуға да, тәрбие қалыптастырарлық ортада болуға да мүмкіндігі болмаған шығар. Бірақ, жан тазалығы, ата-ана, туған-туыс алдындағы жауапкершілігі мен жанпидалық өмірі, қанағатшылдығы мен шүкіршілігі қызығарлық қасиет..Осындай адамдардың өмірін зерделей отырып, өз бойымыздағы  пенделік күпірліктерімізден арылуға, тәубеге келіп, шүкіршілігімізді молайтуға болмас па еді.?    
        Мұхаммед Пайғамбарымыздың Хадисінде айтылған екен: «Аллаһ тағала сіздердің дүниелеріңіз бен келбеттеріңізге қарамайды, тек көңіліңіздің пәктігіне қарайды және істеген ісіңізбен бағалайды». Атырау облысы,Құрманғазы ауданы, Кудряшов ауылындағы осындай ізгі ниетті жан Құсайынова Рабиға Ізенқызы - жалғызбасты ана. 37 жастағы ерекше қызын (туылғаннан мүмкіндігі шектеулі) тәрбиелеп отыр. Қызы өздігінен тұрып не жүре алмайды, өмірі тек арбаға таңылумен өтіп жатыр.
        Иә... Тағдырға сабыр үш түрлі болады екен:
-    Алланың бұйрықтарын орындау;
-    Алланың қайтарғандарынан қайту;
-    Басқа түскен қиыншылықтарға мұнан да ауыр қиыншылық бермегеніне шүкірлік ету;
        2008 жыл 49 жастағы Рабиғаны, тағдырын талқан етерліктей  қос өліммен есеңгіретті. 25 жылдай өмірдің ащы-тұщы кезеңдерін бірге бөліскен, атпалдай азаматы Жүнісұлы Захар дүниеден озды, 20 жасар жалғыз ұлы Сәрсенбек  кенеттен бақилық болды.
        «Шынайы сабыр – соққының алғашқы тиген сәтіндегі сабыр» (Хадис)...
        Рабиға жан-өзегі суырылып, алма-кезек «диірменнен» өткендей, еріктен тыс көңілдің түпсіз тұңғиығында аласұрды. Бағыт-бағдарсыз, өмірдің асау толқынында дәрменсіз, болашаққа деген сенім-үміті сарқылғандай күй кешті... Торықты. Қамықты.
        Екінің бірінің  бұл сынаққа, жігер-қайраты, күш-төзімі жетпес те еді.. Өзі жұмыссыз... Бәзбіреу болса, не ішкілікке салынар еді, не қазіргі қоғамдағы үйреншікті үрдіс – кезбе боп кетер еді... Алайда, тағдыр тауқыметі де, кешкен сан қилы қиындық та ананың жанын мұздатып, жүзін қатайта алмады. Бейсана түрде өзінің мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж перзенті бар екенін түйсінді.Ананың мейіріміне сусап, құшағын аңсаған ерекше қызы соңғы үміті екен.
         Дана халқымыз: «Егер жүрек өлсе, мейірім кетеді, егер ақыл өлсе, даналық кетеді, егер сенім өлсе, барлығы кетеді» деген. Иә, Рабиғаның өмірге деген сенімінің туын тіктеген, үмітінің шырағын жаққан бейкүнә қызғалдағы, Айнагүлі. Қу тірліктің мұқтаждығының құрсауында, қызының болмашы жәрдемақысын талғажау еткен күндер де болды. Оның үстіне қызына дәрі-дәрмек және оның жоспарлы дәрігерлік тексеруден өтуі және басқа да жүйке жұқартарлық қажеттіліктер.
         Кейіннен,  ауыл әкімінің қолдауымен қоғамдық қызметке араласып, өзінің де көңілі өсті. Еңсесі көтеріліп, қанағатын ортайтпай, шүкіршілігін еселеп күн кешіп, зейнеткерлікке жетті. Үнемі үйде отырып,  төрт қабырғаға қамалып, терезеге телмірген қызының да кейде жүйкесі бұзылады. Көңілі нілдей бұзылатын тұстарында, қас-қабағын бағу мен оның көңіл-күйін түйсіну де  аналық мейірімінің құдыретімен өз арнасын табатын. Күнделікті қызын тамақтандыру мен киіндіру, серуендету, жуындыру, өзара тіл табысуының және басқа да өзіндік бір үрдістерін қалыптастыруына тура келді. Мұның барлығында да жүгінетіні - удан ащы сабыр.
        Оны қараусыз қалдыруға, көзден таса етуге қорқатын Рабиға үйден ұзап шыға да алмайды. Түрлі үй шаруасының мұқтаждығымен шыға қалса, Лиза сияқты қайырымды көршілерінің немесе құрдастарының көмегін пайдаланады. Әсіресе, бұрын мейірбике болған Салауатова Майра Үрпекқызына ризашылығы айырықша. Өйткені, ол қызының бала күнінен бері күтіміне, дәрі-дәрмегін мезгілінде пайдалануға қатысты кәсіби кеңестерін үзбей беріп келеді. Қазіргі кезде зейнеткер болса да хабарласып тұрады.
        «Бала туылғаннан кейін де, өзіңе қолбайлау ғой не қазіргі кезде де, жасың ұлғайды күтімі қиын болады ғой» деп оны арнайы орынға өткізуге жанашырлық кеңес беретіндер бар әрине. «Бірақ құс екеш, құс та балапанын көзінен таса етпейді ғой» деп мұңаяды ізгі ана. Үбірлі-шүбірлі болып, өзіне сүйеу болатын жастағы қызының тағдыры қабырғасын қайыстырып, өзегін өртейді. Бірақ, жазмыш...
         Рухы мықты  Рабиғада, қиындық көрдім не жалғызбын деп наза айтудың шаң тозаңындай белгісі жоқ.. Алпыстың асуынан асқан аяулы ана, тек: «Артымда қалса..., қызымның жағдайы не болады» деп ойлайды екен. Иә, Аллаға  шүкір, қазір ерекше жандар қоғамның толыққанды мүшесі ретінде танылып, оларды мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау, қайырымдылық іс- шаралары жолға қойылып келеді (жәрдем ақы, қажетті құрал-жабдықтар, тиісті медициналық бұйымдар және басқалары).
        Осындай ерекше бүлдіршін, бозбала-бойжеткендерді ата-аналарымен бірге дәм дастарханына шақырып, сирек те болса, сауапты ісі өзіне де зор қуаныш сыйлайтынын сезінетін кәсіпкерлер де бар, әрине. Хадисте: «Торсығыңның аузын буып, дүниеңді тығып ұстама. Әйтпесе, Алла тағала да саған берер ризығын байлап тастайды» деп айтылғанындай, Алланың разылығы үшін, қайырымдылықты жадында тұрақты ұстайтындар көбейе түссе.. .         
          Ерекше жандардың жылына бір рет ғана емес, әр ауылдық округте жиірек кездесетін орындары болса шіркін, олар үшін  әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылса (қолөнер, сурет салу, шахмат және басқалары). Не болмаса, мәдениет орындарында жүйелі түрде ұлттық, дәстүрлі бағыттағы мәдени шараларға, түрлі сайыстарға қатысуы ескерілсе.
         Бұл ерекше жандардың әрқайсысының, Алланың қалауымен, айырықша қабілет-бейімділігі бары сөзсіз. Шындығында, Алла Тағала адамды жаратқанда, оның болмысына тақуалық пен күпірлікті бірге енгізеді екен. Тура жолды таңдағысы келген адам, алдымен өзінің бойындағы пендешілігімен күресіп, тәубесіне келіп, күпірлігінен арылып, тақуалығын нығайтады. Мұндай жандардың өнеге-ұлағаты да мол. Өкініштісі, адамның рухани деңгейінің соншама құлдырау оқиғаларының куәсі де болып жүрміз. Өмірде жеңіл жол іздеп, күпірлікке иек артатындар да бар. 
       «Құдай қарғайын дегеннің ақылын алады» деген дана халқымыз. Көз көруге, құлақ естуге қорқынышты орындарға, жаңа туылған шарананы не он екі мүшесі сау баласын жантүршігерлік қатыгездікке барып,  тастап кетіп жатқан безбүйрек аналар қанша. Не болмаса, дені сау баласын, болашақ тағдырына еш алаңсыз, балалар үйіне тапсырып жатқандар. Не ішкілікке салынып, бала-шағасын қараусыз қалдыратын аналар. Дені сау баласының тәлім-тәрбиесін мехнат көріп, күйзелетіндер де бар..
        Тәубе... Рабиға замандасымыз ұрпағы үшін, жанпидалық өмір жолында адамгершілігінен де, аналық мейірімінен де  айнымаған. Жұдырықтай жүрегінде халқымыздың имани құндылығын сақтап отырған жан. Жарқын жүзді, жайсаң мінезді Рабиға  үй шаруасына да ұқыпты, қашан барсаң үй-іші мұнтаздай таза. Аналық мейірімнің кәусарына шомылған қызы да ақжарқын.
        Шүкіршілікке жүгінген ана: «Ел – алтын бесік қой, қиналған кездерде де, күнделікті өмірде де жанашырлық танытып отырады, сонымен қатар Кудряшов дәрігерлік емханасының Бас дәрігері Құталиева Ғалия Зинетоллақызы да қолдауын көрсетеді» дейді.

Жанна Маннанова, 1977 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ақын, әдебиет зерттеушісі. Ганюшкин ауылдық гимназиясын 1994 жылы бітірген. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Қазір Ж. Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. 

 Жақында "Сарайшық" журналының редакциясына біздің белсенді авторларымыздың бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, профессор Ш. Нағымовтың “ Менің университеттерім" атты мақаласы түскен болатын. Байыптап қарасақ, оның мазмұны жақында ғана Атырау қаласында болып өткен ұлттық Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың сөзімен үндес екен. Әсіресе, ғалымның өмірлік жолында азамат, тұлға, ғалым болып қалыптасуына кітап пен кітап оқудың өлшеусіз ықпалын нақты дәлелдермен суреттеген осынау материалды оқушы назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

Редакция алқасы    

Дәметкен Серікбайқызы, 1938 жылы 20 желтоқсанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылдық округі, Сазды аралында дүниеге келген. Әкесі Серікбай Қабиұлы Қазбеков - жеті атасынан үзілмеген сынықшылық қасиетке ие болған киелі әруақ иесі. «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының  Халық емшісі, Ел анасы. «Алтын алқа» иегері. Еңбек ардагері. 2019 жылы дүниеден өтті.
                          «...Таза мінсіз асыл тас,
                          Су түбінде жатады.
                          Таза мінсіз асыл сөз,
                          Ой түбінде жатады.
                          Су түбінде жатқан тас,
                          Жел толқытса шығады.
                          Ой түбінде жатқан сөз,
                          Шер толқытса шығады...» деген екен дала данагөйі атанған Асан қайғы. 

     «Дидар ғайып, ажал ғайып, қонақ та,
Үш ғайып бар өмір деген жолақта...» бұл енді өзіміздің өмірден жасаған тұжырымымыз. 
      ...Суық сана құрсауланып,тоқсан түрлі ой тоқырап,жаным қылбұрауға түскендей шырқырап, көңілім көк теңіздей мұңға көміліп жатса да, кеудені өкініш, өзекті өксік кернеп, тіл күрмелсе де, фәни дүниеде өзіңіз ұлттық дәстүрде жасақтап орнатқан ақ ордаңызда бақилық қоштасуға қатысып, айбарлы да сабырлы дидарыңызды соңғы рет көргенімді түйсінгім келмесе де, аза тұтқан қабырғалы еліңіздің төрінен киелі атақонысыңыздың бауырына, қасиетті жер құшағына қауышуыңыздың куәгері бола тұра, айдынынан  ұшқан құс төресі аққудай ғайып болғандығыңызға мойынұсына алмай жүрмін, Әз ана!

"Халқым - менің қара орманым" дейтін едіңіз. Сол қара орман халқыңыздың жел жағына кім пана болады енді? Кім жылағанды жұбатып, құлағанды демеп, тұрғызар екен Сіздей болып?! Ел үшін шырылдаған бозторғайдай болып, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүруші едіңіз. Ендігі жерде кімге барып маңдайын тірер екен жабыққан мен жылаған, мұңайған мен сүрінген?! Жауабы жоқ сұрақтарға қамалған бір ғана мен бе екем?! Өзіңіз киелі алақаныңызбен сырқатына шипа, дертіне дауа берген жандардың жанайғайын кім ұғар?!

2 ішінен 6 беті