Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Дәметкен СЕРІКБАЙҚЫЗЫ: "Халқым - қара орманым..."

Дәметкен Серікбайқызы, 1938 жылы 20 желтоқсанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылдық округі, Сазды аралында дүниеге келген. Әкесі Серікбай Қабиұлы Қазбеков - жеті атасынан үзілмеген сынықшылық қасиетке ие болған киелі әруақ иесі. «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының  Халық емшісі, Ел анасы. «Алтын алқа» иегері. Еңбек ардагері. 2019 жылы дүниеден өтті.
                          «...Таза мінсіз асыл тас,
                          Су түбінде жатады.
                          Таза мінсіз асыл сөз,
                          Ой түбінде жатады.
                          Су түбінде жатқан тас,
                          Жел толқытса шығады.
                          Ой түбінде жатқан сөз,
                          Шер толқытса шығады...» деген екен дала данагөйі атанған Асан қайғы. 

     «Дидар ғайып, ажал ғайып, қонақ та,
Үш ғайып бар өмір деген жолақта...» бұл енді өзіміздің өмірден жасаған тұжырымымыз. 
      ...Суық сана құрсауланып,тоқсан түрлі ой тоқырап,жаным қылбұрауға түскендей шырқырап, көңілім көк теңіздей мұңға көміліп жатса да, кеудені өкініш, өзекті өксік кернеп, тіл күрмелсе де, фәни дүниеде өзіңіз ұлттық дәстүрде жасақтап орнатқан ақ ордаңызда бақилық қоштасуға қатысып, айбарлы да сабырлы дидарыңызды соңғы рет көргенімді түйсінгім келмесе де, аза тұтқан қабырғалы еліңіздің төрінен киелі атақонысыңыздың бауырына, қасиетті жер құшағына қауышуыңыздың куәгері бола тұра, айдынынан  ұшқан құс төресі аққудай ғайып болғандығыңызға мойынұсына алмай жүрмін, Әз ана!

"Халқым - менің қара орманым" дейтін едіңіз. Сол қара орман халқыңыздың жел жағына кім пана болады енді? Кім жылағанды жұбатып, құлағанды демеп, тұрғызар екен Сіздей болып?! Ел үшін шырылдаған бозторғайдай болып, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүруші едіңіз. Ендігі жерде кімге барып маңдайын тірер екен жабыққан мен жылаған, мұңайған мен сүрінген?! Жауабы жоқ сұрақтарға қамалған бір ғана мен бе екем?! Өзіңіз киелі алақаныңызбен сырқатына шипа, дертіне дауа берген жандардың жанайғайын кім ұғар?!


      Алланың әмірінің сыры бар ма екен?! Рақымы мол Хақ Тағала жүрегінің  оты өшкенше, демі үзілгенше   сан сынақтан өтіп, аманатына адал болған сүйген құлына көк пейішінен орын бұйыртып, жанын мамыражай  тыныштыққа бөлегісі келді ме екен? Мүмкін, бұл фәнидегі пенделерге өздерімен күні кеше қатар жүрген Еланасының қадір-қасиетін сезінсін деген Тәңірдің сынағы шығар?! Әлде, тәубесі жоқ тоқтыққа жұтылған, тұрлаусыз фәни дүние жалықтырды ма екен өзіңізді? 
      Пейіл-көңіл жалаңаштанып, иман мен иба жадағайланған, аузын ашса, көмейі көрінген құлқынның құлы болып, байлық пен тақ-тұғырға түбегейлі бетбұрыс жасап, осыларды басты мүдде тұтқан мына қоғам ба жабықтырған?  Адами қасиеттерді  жанына жұбаныш, көңіліне медеу тұтатын, елжанды, ұлтжанды, санасы  сәулелілердің тұғырынан түспеген рухани құндылықтарға зәрулігін сезінсеңіз де ғұмырыңызға бұйдаланған жанкештілік төзіміңізді түптеді ме екен? 
      Ата-бабамыз: «Жеті түрлі жетімдіктің ең жаманы – замандасы кеткен ер жетім» деп қалай дәл айтқан десеңізші? Көкірек көмбеңіздегі шерленген сырды бөлісіп, жеңілдетер замандастарыңыздың қатары да азайып қалғанын сезіндіңіз бе? Саяқ болмыс-бітіміңізге, ой-өре, парасат-пайымыңызға деңгейлес жандар өте сирек кезігетіндіктен, рухани жандауаға зәру болдыңыз –ау, шамасы?! Ата-баба қасиетін мирас еткендіктен, «Сазды» атақонысының  болашағы, соған сәйкес өзіңіз пір тұтқан халқыңыздың мұң-мұқтажы жаныңызды жегідей жеді ме?!
      Алла Тағала тек қалаулыларының ғана жан сарайын ізгілендіріп, нұрландырып, жандауа киелі қасиетті бойтұмар етіп, аманаттаса керек. Ата-баба аруағы да осы санаулыларды таңдап,  қолдайтын болар.
       «Көкте қыран қалқыса, қанаты талатын,
             Жерде тұлпар жортса, тұяғы тозатын» дархан даласына сай, асқақ рухты,  кеңпейілді, жомарт көңілді Еланасы жұдырықтай жүрегіне, алдына келген мыңдаған адамдардың мұң-мұқтажын сыйғызып, мейірлене білуімен де ерекше еді-ау! Әр адамның тағдыры, әулетінің  болашағы үшін деп, таңғы оразасын ашпай не түн ұйқысын төрт бөліп қабылдайтын кезеңдері көп болатын. Сол кездерде де: «Шаршадым, көңіл-күйім болмай тұр» дегеніңізді еш адам естімепті. Әз ана, әрдайым жүзіңізден жібек мұңды сезінуші едім. Сол жібек мұң - нәзік жаныңыздың Алла аманаттаған  тылсым тұңғиығындағы  киелі қасиеттің құдіретін сақтау жолындағы жан тебіренісі, көңіл толқынысы ма әлде ой арпалысы ма? «Қасиетті Аруаққа ие болу жолында бес жасымнан бастап, он алты жыл бойы ауырдым» деуші едіңіз, оны ғұмыр бойы сақтап өту де нар жүгімен пара-пар болған шығар-ау?! Біз, фәнидің қарапайым пенделері бұл бейсана, ой-өрісіміздің деңгейінен тыс құпия құдіретті түйсінуге де, түсінуге де дәрменсізбіз. Соның бәрі Хақ Тағаланың  қалауымен қасиетті адамдардың жансарайына адалдық пен ізгіліктің тұғыры орнатылатындығынан шығар. Олар  фәни дүниедегі кейбір пенделердің өзара қарым-қатынасындағы түрлі қитұрқылықтары мен көзбояушылықтарына байланысты дүрдараздығына қатысты абыржу-алаңдаушылық білдіре отырып, таңғалғанда, періште сәби сезімі аңғарылады. Себебі, олардың болмыс-бітімі үшін,  бұл - жат ұғым, жат дүние.       Бұл - барлық қасиетті  адамдарға тән. Мұндайда, апам: «Шырағым, құдайдан қорықпағаннан қорық деген осы шығар» деп мұңаятын.
       Халқымызда «Жақсымен жанастырғай» деген игі тілек бар. Көңілімде түбегейлі орын алған жандар, мүмкін, өмірімде санаулы шығар. Ал, Әз ананың шоқтығы биік жан еді. Аллаға мың тағзым, осындай жанның саясында ширек ғасырдан астам рухыма жандауа тапқандығыма! Сұсты көрінгенімен, жаны өте нәзік еді, сондықтан ықылас-ниеттің тізгінінің тежеулі болуын ұстанған болармын. Қарым-қатынастағы  еркіндікке батылым бармайтын. Алла қалауымен, ата-бабаның таңдауымен қалыптасқан болмыс-бітімінің көңілімде орнығуы, жадымда сақталуы жұмбақ күйінде қалуы да тылсым күшінен бе?
       Дүние - жарты. Бәлкім, о дүние мен бұ дүние ұштасқанда олар бір бүтінге айналатын шығар. Жазмыштан озмыш жоқ. 75 жылдан астам Алланың аманатын бойтұмарындай сақтап, елдің жанына дауа, дертіне шипа боп қана қоймай, елдіктің туын тіктеп, ел шаңырағының уығын ұлағатпен ұзартқан, керегесін ақыл-парасатпен кеңейткен, іргесін бекітіп, белдеуін қажырлы, жігерлі, игі істерімен бекемдеген, елдің ынтымағын арттырып,бірлігін нығайтқан. Нар тұлғалы Әз ана - Дәметкен, қалың орман халқы үшін, енді сағымданған,сартапталған сағынышқа айналды. Бақидың тылсым құшағына жұмбақ болмысымен қауышты. Әз ананың ширек ғасырдан астам уақыт мекен еткен «Сазды» атақонысында, асқақ рухының лебі, табанының ізі, аялы алақанының табы (жылуы) қалды.
        Ал, біз, дүн-дүниенің додаға түсіп, түрлі мүдделер  қиюласып, қиқуласып жатқан мына  заманда, «Рухани жұмағын» жоғалтқан жұмырбасты пендеге айналдық.       «Жұмақты бұл дүниеден іздемеңдер, бұл дүниеден іздегіш болсаңдар, иман іздеңдер» деген  дана халқымыздың ұлағатына сай, жасөспірім бойжеткендер мен жас келіндер кімге қарап бой түзер? Кімге барып, ой жүгіндірер? Өлкеміздің төрін түгендеуге тиіс азаматтардың  ел мүддесін көздейтін ауызбірлігіне ұйытқы болып, ала-құлаланбайтын және бұзылмайтын  төрелігін айтып, өзіне нардың жүгін арта алатын  ұлағаты мол Еланасы еді! «Кейде тұрмыстың тұтқасы ұстатпай кеткенде, адам баласының бір күліп қарағаны, бір жылы сөйлегені сүрінгенге сүйеу, тайғанға таяныш болып, жанталасқан жалғанның жәй ғана жарыс екенін сездіреді» деп медеу айтар жан қайда?!
            «Төре тұрып төр берген,
             Қожа тұрып қол берген»  қайран Ел Анасы барда бейқам ғана күн кешкен екенбіз.
            Пайғамбарымыз (с.у.а) адам баласының  үш жолдасы барын айтқан екен:
біріншісі – жан шыққанша, екіншісі – көрге кіргенше, үшіншісі - қиямет-қайымға дейін. Адамға жаны шыққанша жолдас болатын–оның тіршілікте жинап-терген дүние-мүлкі. Көрге дейін жолдас болатын-оның жақын-туысы. Адамға қиямет-қайымға дейін жолдас болатын –оның тіршілікте істеген игі істері.
           Әз ананың тіршілікте істеген игі істері оған куә болғандардың жанын әлі күнге сәулелендіріп тұрары сөзсіз.
          * Алдымен...шаңырақтың  Отанасы еді. «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас»- дегендей, өмірлік серігі, абыройлы азамат марқұм Төлепбергенге адал жар бола біліп.. «он баласы бардың, орда бұзар қолы бар» ұрпағына ұлағатты ана атанып,  діңгегі мықты, тұғыры нық   шаңырақтың абырой-мерейін асқақтатты.
           *Ел анасы өскелең ұрпақ тәрбиесі саласында 40 жылға жуық абыройлы еңбек етті, қоғам өмірінде де белсенділік танытты, Орлы селосындағы «Батыр Аналар» ансамблі 1986 жылы облыстық сайыста «Менің Қазақстаным» әнімен жүлделі 1 орынды иеленді.
            *Өмір бойы үш жұртының жоғын жоқтап, үзілгенін жалғап, жанашырлық пен ізгіліктің  отын өшірмей, иманжүректілігімен ерекшеленді. Бауырлары Қазимаш, Жәмеш, Айсұлудан өрбіген 15 ұрпаққа жанашырлық таныту мен жетілдіруде, қамқорлауда  ағайынға үлгі танытты, 
            * Атақоныста өзіне серік, жанашыры  болған әпкесі Қазимаш Серікбайқызының    мерейлі 85 жасын ұлығылау тойын өткізді.. 
Жан жомарттығының  куәсіндей, ұлағат-тағылымы мол шара өтіп еді.
          * Бауырларының, әулет ағайыны мен құда-жекжатының өзара ынтымақ-бірлігі, сыйластығы мен татулығының алтын қазығы болды.                      
          * Жеті атасының, Самай би, Шынтемір, Тілеп, Қарлығаш, Қазыбек, Қаби, Серікбай аталардың рухын жаңғыртып, дұға бағыштап. ата-баба рухына зиярат етудің ерекше өнегесін көрсетті,  
         * Ата-бабасының шамшырағындай, тылсым құдіретке мойынұсындырған қасиет иесі «Сазды» атақонысын  20 жыл ішінде  айбыны мен айбаты аласармас, рухани жандауа ақордаға айналдырды.        
         *Болашақ ұрпақ үшін  қалдырған өшпестей рухани мұраның орыны да айырықша – «Өтелген парыз», «Ақталған аманат», «Аруақты әулет», «Ақ тілектер орындалады», «Қыз құдірет», «Ақ жылан пір» атты кітаптары  туған жеріміздің тарихи шежіресі.
         *Ата-бабаларының саф алтындай қымбат жәдігерлерінен, халықтың ой-өресін кеңейтерлік тарихи қазынасы – мұражай жасақталуы да,  ұшқыр ойлы даналығы еді.
       * Атап өтейік, еліміз өсіп-өркендеу тарихындағы өткел-белестерінде  «тар жол-тайғақ кешкен» аға ұрпақ өкілі тұрғысындағы ерен еңбегі де риясыз тағзым сезімін туындатады.
           Мезгілсіз есейген өз тағдырластары тәрізді, балғын балалық пен алаңсыз жастығынан баз кеше жүріп,  асқан төзімділік, ширыққан шыдамдылықпен  өрілген тағылымды өмір-шежіресі–ұрпақты ұлағатқа ұйытарлық рухани қазына, көңіл- кен дариясы. 
        * Анамыздың өзінен кіші барлық әйел заты үлгі тұтарлықтай тағы бір қасиеті–өмірінің әр белесінде де киім кию талғамының бекзаттық тұғыры.
         Айбарлы ажарына, келісімді келбетіне, жан жомарттығына сай, толымды тұлғасымен дараланған жанның киім киюі, ішкі жан дүниесімен, болмыс-бітімімен астасып, тұтасып жатқандай, көз қуантып, көңілді нұрландырарлық үйлесімділік табатын..
         *  Әз Ананың қонақ күтуге деген дайындығы мен ықылас-ниеті де ерекше еді.

«Хас жақсының белгісі,
 Әрі мырза, әрі құл...» деген халық даналығындағыдай қарапайымдылығы, киім кию мен қонақты қарсы алу және шығарып салу  әдебі, дастархан мәзіріне, ұлттық ыдыс-аяқ үлгісіне ыждағаттылығы мен үлкен-кіші қонақтың көңіл-күйін үнемі назарда ұстауы. Кейіннен, қонақтықтың өтуі  өз дәрежесіне сәйкестілігі  туралы қорытындылануы.  Ескерту де берілетін (қонақ күтушілерге..)
           «Төрімізді түгендейтін төреге де жарымадық-ау» деген екен Төле  би. Ел анасы  елдің төрін түгендейтін  азаматтардың ауызбірлігін қалыптастыруды пайым-парасаты арқылы қонақ күтіміне астастырумен тұжырымдайды екен ғой. Шындығында, біз уақыттың өтуін саралаймыз да, ал адамның уақыттан өтетініне мән бере бермейміз екен.           «Нағыз байлық - дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес, нағыз байлық – жан сарайының байлығы» (Бұхари). Сұңғыла ата-бабамыз фәни ғұмырды «қамшының сабындай», «қас пен көздің арасындай», «дүние жалған», «адам өмірге, бір-біріне қонақ» дегенде, өмірде  бар күш-жігер мен уақытты сарп етіп, жиған бақ-дәулет те, қол жеткізген тақ-тұғыр да, шен-шекпен де баянсыз екенін меңзеген сияқты. Сондықтан, адамның ниеті жақсылыққа, жанашырлық пен мейірбандылыққа, өзара сүйіспеншілікке, елжандылыққа, қайырымдылыққа, рақымдылыққа, яғни,  адамның болмыс-бітімінде адамауи ізгі қасиеттердің сақталуымен бағдарланса, мәңгілік құндылық деген, мүмкін  осы болуы. 
           «Бұл Өмір қайта келмейді...Жасай алмаған жақсылығың бір бұрышта жылап тұрады..» дейді ғой. Ел анасы Дәметкен - осы мәңгілік құндылықтың мөлдір бұлағының бастауы еді.  Ата-бабамыздың қилы тағдырлы тарихи шежіресінің кейінгі ұрпаққа мұра болып қалыптасуында ұлағаты мол еді. Қайтпас қайсар жігері, өмір жолында жанкештілік төзімділігін бойтұмар тұтып, халқының  жүрекжарды құрметі мен суынбас ықыласына бөленген абзал жанның игі істері, Мухаммед пайғамбарымыздың (с.у.а) төмендегідей хадистерінде өрнектелген ұлағатпен де үндесіп тұр:                                      
*Тура жолда болыңыз. әрбір дүниеге келген адам тура жолға лайық.
*Аллаһ Тағала сіздердің дүниелеріңіз бен келбеттеріңізге қарамайды, тек көңіліңіздің пәктігіне қарайды және істеген ісіңізбен бағалайды.
*Сіздердің жақсыларыңыз - ұзақ өмір жолында жақсы  істеріңізбен із қалдырушыларыңыз.
*Адамның жақсысы - көпшілікке жақсылық істеушілер.
*Ораза тұту,садақа беру, намаз оқудан да, абзал нәрсе - ренжіскен екі кісіні татуластыру. Біреулердің араларын бұзу - дінді бұзумен тең.
*Аллаһ тағала үшін шындықты айтқаннан, шын сөйлегеннен артық садаға болмайды.
* Қонақты қабылдамайтын адамда жақсылық жоқ.
          Дәметкен анамыздың ықыласына сай, «өлі жібімей, тірі байымас» деген мағынасы терең текті сөзді өскелең ұрпақ зердесіне жеткізіп, санасына сіңіру игі дәстүрімен  киелі  Құрманғазы  топырағында     өткізілген Самай би, Қарлығаш баба, Қазыбек баба, Қаби баба, Серікбай аталардың рухын жаңғырту мақсатында өткен елеулі шаралар ел-жұрттың есінде.      
        «Ең жақсы мирас-білім, ең жақсы жолазық-тақуалық, ең жақсы әдеп-көркем мінез, ең жақсы байлық-қанағат, ең жақсы тәрбиеші-өлім». Халық емшісі, Ел анасы Дәметкен Серікбайқызының ұлағаты мол рухани мұрасын сақтау мен өскелең ұрпақ тәрбиесінде пайдалану бағдарында, ауданда мүдделі органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен тиісті іс-шаралары әлі өз жалғасын табуда. Баршаның ықылас-ниеттеріміз сауапты болғай. Алла Еланасын рахымына бөлеп, жәннатта дәрежесін арттырғай. Қалың орман халқын Анамыздың аруағы желеп-жебесін.
          Зерек САҒЫПАЗОВА, 
мемлекеттік қызмет ардагері

Sarayshyq