Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Жанна МАННАНОВА: "Бас киімнің киесі"

Жанна Маннанова, 1977 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ақын, әдебиет зерттеушісі. Ганюшкин ауылдық гимназиясын 1994 жылы бітірген. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Қазір Ж. Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. 

           Бас киім адамзат баласы үшін құндылықтардың бірі болуы тиіс. Ата-бабаларымыз «Бас киімді жерге тастап, бас киімнен аттағанды кие ұрады» деп, оны үнемі биікке қойған. Даналық пен даралыққа ие қазақ осылай десе, бекер емесі анық. Қазақ халқы ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің де бас киімге байланысты өзіндік көзқарастары бар. Сонымен қатар, тарихта құнды жәдігерге айналған бас киімдер де жеткілікті. 
         Ұлтымыздың рухани дүниесін биікке көтерген сал-серілері үкілі бас киімдер кигенін Ақан сері, Біржан салдың бейнесінен көруге болады. Бас киімге қауырсын, үкі тағу кей халықтардың мифтік нанымы бойынша, жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланыста екендігін білдіреді екен. Бұл дәстүр кейін де жалғасқан және домбыраға да тағатын болған. Бұл тек қазақ халқына ғана емес, моңғолдарға да тән.             
        Бір таңқаларлығы, тоқыма бөріктерден гөрі құлақшындар көп. Ғаламтордан іздеу сұраныстарының статистикалық сараптамасы бойынша, құлақшындар тоқыма бөріктерге қарағанда екі есе көп ізделетінін аңғардық. Құлақшын монғолдың малақайынан тараған. Моңғол бөркі қой терісінен конус тәрізді пішінмен жасалған. Бұл моңғолдар үшін қыстыгүні таптырмас жылылық берген. Оның қайырма құлағы бетті аяздан қорғаған. Кейін күн жылыған сәтте қайырма құлағын желке тұсына қайырып, байлап жүрген. Бастапқыда суықтан қорғаған қайырма құлақ қазіргі таңда сәнге айналды.
        Бас  киімді халқымыздың қалай қадірлеп, ардақ тұтатыны жайлы және өзге ұлт өкілдерінің бас киімдері туралы оқырмандар мен психолог мамандардың  пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
 
Ерлігін көрсеткен
       Әлемнің басқа халықтарының да бас киімге қатысты өзіндік стилі мен қолтаңбалары бар. Мәселен, оңтүстік судандықтар, яғни, нуэр мен лангилер өз шашынан тоқылған бас киімдер киеді екен. Олардың биіктігі жарты метр де, салмағы аса ауыр болмаса керек. Осындай тәсіл Ежелгі Мысырда да болғаны тарихтан белгілі. Жас жеткіншектердің шашын қырқып алып тастап, одан жасанды шаш (парик) әзірлеген. Оны күні бойы бастарынан тастамай, тек түнде ғана шешіп жатқан. Бұны гигиенаға сай деп санаған.      
        Беринг бұғазы арқылы миллиондаған жылдар бұрын Америка құрлығына өтіп кеткен үндістердің салт-дәстүрлерінің әлі күнге дейін жойылмағаны таңдандырады. Олар да қазақтар секілді нәресте дүниеге келгенде шілдехана жасап, басқа да жол-жоралғыларды орындайтын көрінеді. Үндістердің бас киіміне қарап, қанша жауын өлтіргенін анықтауға болады. Солтүстік Американың үндістері қанша жауының басын алса, шашына сонша бүркіттің қауырсынын қыстырған. Өзінің ерлігін бас киімімен-ақ көрсеткен екен.
        Бөріктердегі жіптен домалақтап жасалған түйіншек француз теңізшілерінің басын қорғау үшін арналған екен. Бұрындары кеме бөлмелерінің төбелері өте аласа болған. Теңізшілер аласа төбелерге басын соғып алмас үшін бас киімдеріне арнайы түйіншектер жасаған. Қазіргі таңда кеме бөлмелерінің төбелері биік болса да, бұл түйіншек сәнге айналып кетті. 
 
Мономахтың тымағы
      Баршаға тарихтан әйгілі Мономахтың тымағы — әлемдегі ең қымбат бас киім. Ол XV ғасырда жасалса да, құны әлі күнге дейін жоғалған жоқ. Өйткені, лағыл, зүбаржат (изумруд), гаухар тастармен әшекейленіп, бұлғын терісінен жасалған. 
        «Алиса ғажайыптар елінде» атты ертегіде «Ессіз қалпақшы» неге ессіз? Себебі, шығарма авторы Льюис Кэрроллдың заманында жұқа киіз қалпақтарды жасау кезінде сынап қолданылған. Оның улы буының әсерінен қалпақты киген адам есінен адасып, тіпті өлім аузына дейін барады екен. Ал, шығарма кейіпкері «Ессіз қалпақшы» сынапты қалпақ кигенмен, есінен адасқанын білдіртпейді. Осы ретте автордың өз заманының шындығын ертегісіне енгізгенін байқаймыз.
      «Мұрақ» деген бас киімді естімеген де шығарсыз. Бұл бас киімге қарап, киген адамның лауазымды екенін білген. Оның екі жағы қошқар мүйізденіп келген және оны тек салтанатқа ғана киген. Түрлі оюмен әсемдеп, жылтыр жіптермен зерленген. Мұрақты әр жерде әртүрлі атаса керек, оның «мұрақтан» басқа айыр қалпақ, сәукеле қалпақ деген атаулары бар. Мұрақтың ішінен тік, арнайы тігілген шошақ қалпақ киген. Себебі, оның биіктігін көрсету үшін шошақ қалпақ қажет болған. Қазіргі таңда бұл бас киімнің киісі де, кию уәжі де өзгерген. 
 
Бастағы бақ ауып кетеді екен....
       Бас киімді қадірлеу – ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптың бірі. Қазақ атамыз ежелден әр нәрсеге айрықша мән беріп, өмір тәжірибесіне сүйеніп, ырым-тиымдар шығарып отырған. Аталған салт-дәстүр - ұрпаққа ұлттық рухани тәрбие берудің қайнар көзі. Бұл арқылы халқымыз әр адамның өзіне ғана тән энергетикасы бар екенін, соны жойып алмау қажеттігін ертеден білгенін байқаймыз. Сондай-ақ, өз қажетіне жараған әр киімге ұқыпты қарап, әр нәрсенің қадірін білуге де үйрететіні сөзсіз. 
        Маған ертеде бір досымның айтқан әңгімесі есіме түсіп отыр. Жас кезінде жанындағы жандай досы одан орамалын сұрап, қолқа салыпты. Құрбысының көңілін қимағандықтан, басына тартып жүрген жапондық шәлісін беріпті. Содан кейін-ақ, шаруасы түзелмей қойғанын байқапты. Тіптен, әлгі апай өзі мінезді, сабырлы, көрікті адам болғанына қарамастан, тұрмысқа да шықпапты. Ал, орамалды алған дос қызы болса, бұрын жолы болмай, қиналып жүрген жанның аяқ астынан бағы ашылыпты. Жақсы жігітке жар болып, ұл-қыз сүйіпті. «Бас киімдеріңді ешкімге бермеңдер, адам бақыты – бас киімде. Оны біреуге берсе, бағы да сол адамға ауып кетеді» деп сөзін аяқтаған еді ол кісі.Ұлтымыздың бас киімді қадірлеуінің астары да осыған саяды емес пе?! Ендеше, үлкендердің сөзіне құлақ түрген ләзім.
 
Жалаңбас жүрмеген жөн
       Бірде төрт шадиярдың бірі Әубәкір дәретханаға кірсе, бұрышта қолында құрығы бар Ібіліс отыр екен. Әубәкір: 
– Ей, малғұн, мұнда неғып отырсың? – деп сұрайды. Ібіліс: 
– Білмеуші ме едің? Алламен араздасқанда маған баспана етіп дәретхананы берген. Мен өзімнің үйімде отырмын. Кім дәретханаға жалаңбас кірсе, соның ақылын ұрлаймын. Ондайлардың ойы таяз, танымы қисық болады. Ақылы азайғандардың мал табуға кемдігі болмайды. Есесіне Құдаймен ісі болмайды. Олардың өлгенше иманын толықтыруға осының бәрі кедергі болар, – депті. 
        Осы оқиғадан соң, Әубәкір дәретханаға жалаңбас кірмеу жөнінде ел арасында айтып жүріпті. Мен бұны «Mazhab.kz» сайтындағы «Өмірлік ұстаным» топтамасынан оқып едім. Біреу білгенді біреу білмейді ғой. Мүмкін, бір қажетке жарап қалар деп ұсынып отырмын. Шындығында, бас киім – киелі. Оны қадірлеу – адамның өзін қадірлеу. Сол есте болсын.
        
P.S. Ерлерге арналған орташа көлемдегі бас киімді тоқу үшін 100 г иірілген жіп керек деседі осы кәсіппен айналысатындар. Өте көп қаржыны керек етпейтіні анық. Бірақ шежіреміздің алтын бастауына оралуымызға себін тигізері кәміл. Төл тарихымызды тану ұлттық құндылықты ұлықтап, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты ұмытпаудан басталады емес пе?! Олай болса, ата-бабаларымыздың әр сөзі мен ырым-тиымы да ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ел мұрасы болуы керек-ақ. 

Sarayshyq