Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

     Қазақ тарихында аты алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаның бірі һәм бірегейі кешегі Кеңестік дәуірдегі комсомол-жастардың жетекшісі Ғани Мұратбаев. Кіндік қаны қазыналы Сыр елінде тамған көшбасшы қамшының сабындай қысқа ғұмырында бар күш-жігерін қазақ жастарының жарқын болашағы үшін сарп етті. Жанына білім іздеп, Ташкентке ағылған қазақ балаларын жинап, олардың қамсыз білім алуына көмек қолын созды. Өткен ғасырдың 20-жылдары Ташкентте Орта Азия елдері жастарының басын біріктірген «Түркі әлемі комсомол жастар одағын» құрды. Өзінің бастамасымен 1921 жылы 22-наурызда алғашқы саны жарық көрген аталмыш ұйымның үнпарағы - қазіргі «Жас Алаш» газетінің редакторы болды. Оның Өзбекстан жерінде басталған іс-жоспарлары одан ары Мәскеуде жалғасты. Ол БЛКЖО-ның Мәскеу, Орынбор, Верный, Ақмешіт шаһарларында өткен сьездерінде сөз сөйлеп, жастардың намысын оятып, оларға мақсат-мұраттарының жүзеге асу жолдарын көрсетті. Еліміз егемендік алғаннан кейін комсомолдардың заманы келмеске кетсе де, Ғани  өнегесі өлмек емес. Бүгінде оның осы өлмейтін һәм өшпейтін мұрасын  жаңғыртып отырған  қайраткердің Қазалыдағы мемориалдық мұражайы. Біз биыл ашылғанына 55-жыл толған аталмыш мұражайдың меңгерушісі Роза Асановамен сұхбаттасқан едік.... 

«Әлсізге Медет, Күштіге-Айбар, Зарыққанға  Жебеу,  Тарыққанға  Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес деп білеміз»
                                                Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ
                         Халық жазушысы, Республика Мемлекеттік
                           сыйлығының иегері. Еңбек Ері.
                                             
Он сегіз мың ғаламды Жаратушы құдіреті күшті Иеміздің ерекше назары түскен адамзат баласының бойына дарытқан киесі мен беймәлім құпиясы  аз емес. Талай жолындағысын жайпап өтетін топан суларды теріс ағызып, тіршілік атаулыны апаттан сақтап қалған тылсым күшке  ие, болмысы бөлек жандардың ғұмыр кешкендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені адамды хайуанға, хайуанды адамға айналдырып жіберетін небір ғажайыптар болғандығын көнеден келе жатқан деректер дәлелдеп отыр. Осындай адамзат бойында сирек кездесетін тылсым күш, қанға біткен қасиет Пір Бекет атамызда да болған.  Ол оны ізгілікке, парасаттылыққа, елін дұшпандардан қорғауға жұмсаған. Содан да болар талай ғасыр тоғысып, дәуірлер алмасса да Бекет Атаның атақ-даңқы, аруағы асқақтап, халқына пана болып келеді.  Осы орайда,   тарихымызды тасқа қашап жазып, ұрпағына аманатқа қалдырған бабалар мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оның қыр-сырына терең бойлап, жалғанның жарығына шығару-әрбір елім деп еміренген өршіл рухты азаматтың парызы болса керек.  Бұл қасиетті парызды бұлжытпай орындау Ата тарайтын Қосқұлақ ұрпақтары ішінде Ислам қажы Мырзабекұлының пешенесіне жазылса керек.  Өйткені ол ата тектен түп-тұқиянға дейін тарқатып, Пірдің бүкіл өмір-дерегі мен ел аузындағы аңыз әңгімелер негізінде сыңар қолмен көтере алмайтын салмағы зіл батпан Бекет Ата имандылық-тағылым кітабының қосымшаларымен толықтыруларымен төртінші басылымын жинақтап жарыққа  шығарды. Сөйтіп, үлкен сауапты іс тындырып, Ата аруағын шаттандырды. Тәңір айдап «Сарайшық» журналы редакциясына бас сұққан Ислам қажыны сүт пісірім уақыт кідіртіп, сұқбат құрған едік.
    -Ислам қажы, осыншама баға жетпес құнды еңбекті жазуға тәуекел етуге қалай жүрегіңіз дауалады?
    -Әрине, жүрексіндім. Бекет Ата жерленген Оғыланды тауының етегінде Ата құрметіне арнап алты алаш азаматтары ас бергенде батылдық танытып, Ата туралы ел аралап дерек жинап жүргенімді, болашақта кітап шығару ойымда барын жеткіздім. Көпшілік қолдап, қуаттады.  Бұл кез ескі жүйедегі үкіметтің құлап, еркіндіктің желі ескен егемендіктің елең-алаң шағы болатын. Осы өліара шақты пайдаланып, кітапты тездетіп шығаруға тырыстым. Бас-аяғы бір жылдың ішінде «БекетАта» кітабының тұңғыш басылымы 1993 жылы Өзбекстанның Мырзашөл өңіріндегі Гагарин қаласынан 10 мың дана таралыммен шықты. Соңғы шығарылымы да 2019 жылы Ақтөбе қаласындағы баспадан 10 мың таралыммен шықты.  Кітап пышақ үстінде өтіп кетті. Бұл да болса имандылыққа шөліркеп отырған халықтың сан ғасырлар өтсе де Бекет Атаға деген шексіз ықыласы, алғаусыз құрметі болса керек. 
    Жалпы Атадан ұлықсат сұрап, құран ұстап жазуға кіріскеннен кейін оның жауапкершілігі де сан есе артатыны белгілі. Қолыма қалам алмас бұрын «жан бар жерде қаза бар» дегендей әзірге көзімнің тірісінде, күш-қуатым бойымда тұрғанда, қабілетімнің  дер шағында төмендегі  жайттарға баса көңіл аударуды алдыма басты мақсат етіп қойдым:
    Бекет Ата туралы және Ата тарайтын Қосқұлақ ұрпақтарының ішінде осы қалайы жоқ, солардың зайырлық қасиеттері, елі үшін жасаған титімдей де болса жақсылықтары, ерліктері арқылы көзге түскен абзал азаматтарын қалың елім-қазағыма таныту, сол арқылы олардың есімдерін тарихта қалдыру. Кітапты жазу барысында имандай сырымды айтсам, төмендегілерді басшылыққа алдым:
    «Сақтансаң сақтармын» деп Ұлы Жаратушы айтқандай, жаңсақ кетіп, қатеге жол беріп, Алланың  қаһарына ұшыраудан, Атаның аруағынан, күнәға батудан қорықтым. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» демекші, кітапты жазу барысында көпшіліктің пікііріне сүйендім. «Бір құмалақтың бір қарын майды шірітпеу» жағын қаперде ұстадым. «Жүректен шықпаса-жүрекке жетпейтіндіктен» кітапты күнді-түнге, түнді –кұнге ұластыра, бар ықылас-ниетімді қойып, зейінімді сала,  ақ адал жүрегіммен жазуға күш салдым. Артық сөз айтпау, асыра әспеттеп бейнелемеу жағын да ескеріп, «аз да болса саз»  жазуды мақсат еттім. Сонымен қатар, оқырмандарға ұсынылып отырған бұл еңбегім әдеби-көркем шығарма емес, тарихи-имандылық тағылым кітабы болғандықтан, кітапта көркемсөздің аз болуын қадағаладым. Бұл еңбегімде біреулер ренжіп қалар деген оймен кейбір адам аттарын өзгертіп жазғаным болмаса, шындықты бүкпесіз ашық жазуды мақсат тұттым.Кәкір-шүкір, майда-шүйде әңгімелерден гөрі салиқалы ой айтатын тәрбиелік мәні бар, жұрт тұшынып оқитын деректі әңгімелерге ден қойдым. Аталардың ба,әлде бір белгісіз күштің бе, әйтеуір осылай жаз деп нұсқағандай болып есіме салып тұрған сәтінде ғана қолыма күн демей, түн демей қалам ұстадым.
    -Бекет Атаның туған жылы, ата-тегі туралы қысқаша тарқатып айтсаңыз?
-Заманымыздың заңғар жазушысы Кекілбайдың Әбіші айтқандай, қиянатқа жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жағындағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан жерді арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдәр, әлсізге медет,күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу,асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі  Бекет Ата Мырзағұлұлы 1750 жылқы жылы Жем өзені бойындағы Ақмешітте орта шаруаның шаңырағында дүниеге келген. Әкесі аруақты Адай Атаның алтыншы ұрпағы болып саналатын Мырзағұл еңбекқорлығымен ел құрметіне бөленген. Ал, Жәния шешеміз  ақылдылығымен ұқсатымдылығымен ауыл-аймағының арасында сыйлы болыпты. Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, тек адайға ғана емес, қоныстас кіші жүз руларына танымал, беделді ақсақал болған көрінеді.
    Бекет Ата- Мырзақұл ақсақалдың төрт ұлының кенжесі. Оның шығу тегі былайша таратылады:  Адай-Келімберді-Мұңал-Жаулы-Қосқұлақ-Жаналы-Мырзағұл-Бекет. Жаналы ата да, Мырзалы ата да әулие кісілер болған. Оның үстіне, көнекөздер Бекет Атаның батырлығы кәрі нағашысы тама Есет батырдан, көріпкелдігі өз нағашысы Назарқожадан дарыған дейді. 
    -Бекет Атаның жас кезінен-ақ  ата-бабалардан келе жатқан әлем, жаратылыс туралы терең философиялық ілімдерді өз бетінше оқып,  Пайғамбарымыздың хадистерін де бойына сіңіргені белгілі.    Осы бағыттағы ізденістері туралы айтып берсеңіз?
-Бекет  14 жасқа толған жасөспірім шағында бұған дейін алған білімін тереңдету мақсатын көздеді ме, әлде бабалары аян берді ме, аяқ астынан ата-аналарынан білімін  медреседе жалғастыру жөнінде ұлықсат сұрайды. Олар баласының меселін қайырмай баталарын беріп,жол жүрер алдында Шопан Атаға барып түнеп, зиярат жасап, бағыт –бағдар алуға кеңес береді. Бала Бекет Шопан  Ата басына төрт күн түнейді.Төртінші түнеген күні таң алдында Шопан Ата Бекеттің түсіне еніп: «Өлі аруақ тіріге пір бола алмайды. Хиуа шаһарына бар. Сондағы медреседе Бақыржан қажы деген ғұлама, қасиет иесі бар. Сол кісіні сағала.  Сенің Хиуаға алып барар пырағың үй сыртында, есік алдында тұр» дейді де ғайып болады. Медресе ұстазы Бақыржан қажы зайырлық қасиетімен Бекеттің келетінін күнілгері біліп отырады. Болашақ шәкіртін өзі күтіп алып, өзі дәріс беретін «Шерғазы хан» медресесіне орналастырады. Сол күннен бастап шәкірті ұстазын таңдандырумен болады.  Осындай ерекше жаратылыс иесін қатарластары көре алмай, іштерінде қызғаныштың қызыл иті ұлып, талай аяқтан шалса да, Бекет оларға ілдірмей кетеді. Асу бермес өзеннің үстімен жаяу жалпылап арғы бетке өте шығатыны, аққу болып қанатын қағып, аспанға ұшатыны-адам түсініп болмас тылсым сыр еді.  Бекет Ата Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесін тәмамдап, елге оралғаннан кейін де талай түйіні қиын мәселелерді сол бойда шешіп, көріпкелдігімен, батырлығымен даңқы шығады.  Өз бойындағы тылсым күшті ізгілікке пайдаланады.  Бес қаруын бойына сайлап келген қалың жаудың қантөгіссіз бетін қайтарып, ел-жұртын шапқыншылықтан, қанды қырғыннан аман алып қалғандығы туралы әңгімелер де ауызекі бүгінге жетіп, Бекет Атаның өлмес рухын асқақтатуда.
    -Ислам қажы, Бекет Атаның мешіттерін түгендеп болдық па?
-Сұрағыңның төркінін түсіндім.  Үстірттегі таудан қашап жасаған мешіттер араб, парсы, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіш зиратты Бекет Ата төрт жерден қашаған. Оның бірі Маңғыстаудан онша қашық емес, Оғландыда, екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Ақмешітте. Төртіншісі Арал теңізі жағасындағы Баялыда. Оның бірінде қыста, бірінде жазда, тағы бірінде күзде болады екен.  Бұл мешіттер мал өрісіне, жайлау, күздігіне ыңғайлап салынғанға ұқсайды. Бір назар аударатын жәйт, баспасаөз беттерінде де, ел аузында да  Ата салдырған мешіттердің саны төртеу делініп жүр. Дегенмен деректер жинап,  ел аралап жүргенімізде көнекөз қариялардың аузынан Бекет Ата мешітті  бес, кейде тіпті жеті жерде салдырған дегенді де естиміз. Олар Атаның бесінші мешіті Қаспий жағалауына  жақын Бозашы түбегіндегі Тобықтының ойында дегенге тоқтайды. Бұл маңда ертеде қалың ел отырған. Бекет Ата Мекке-Мәдинаға сапар шегер алдында осындағы мешітіне тынығып, намазын оқып аттанады екен. Ал, Атаның алтыншы мешіті Ақтөбе облысының аумағына кіретін Жем өзені бастау алатын Мұғалджар тауының  етегінде көрінеді. Ал, жетінші мешіті Маңғыстаудағы Тиген деген жерде. Бұл туралы дерек-дәлелдер жеткілікті. Оған уақыт алмаай-ақ қоялық.  Осындай тынбай ізденіс нәтижесінде құдайға шүкір, төрт құбыламызды түгендегендей болдық. Енді ол мешіттердің жөндеу жүргізіліп, жақсы сақталғандарын мемлекет қамқорлығына алып, әбден ескіріп, жоқ болып кетуге шақ қалғандарын қайтадан жаңғырту, сөйтіп оларды болашақ ұрпаққа аманаттау міндеті тұр.
    -Енді осы күнге дейін шартараптан тәу етушілер бір толастамайтын Бекет Атаның Оғыландыдағы мешіті туралы кеңірек тоқталсаңыз?
-Бекет Ата мешіттерінің ішіндегі өзінің алғашқы қалпын жақсы сақтап қалғаны Үстірт жазықтығының Маңғыстаудың ойымен қыраттар арқылы ұласар жеріндегі бөлек тұрған шоқыны үңгіп салған ғимараты. Алып ғимараттың есік ойықтары таудың қалақ тастарымен шегенделіп өрілген жақтау қабырғамен бекітілуі және оның тереңге орналасуы жерасты мешітінің бүгінге дейін сақталуға себепші болған. Ғимараттың сыртқы шағын есігін ашып, қысыла-қымтырыла босағасын аттағанда іші қаракөлеңке дөңгелек пішіндегі ауыз үй есебіндегі бөлмеге кіресіз. Бөлмедегі үш есік әлі де іште үш есік барын айғақтап тұрғандай әсер қалдырады. Кіре берістен оң жақтағы бөлмеге бұрын Бекет Ата мүрдесі қойылып,  алдыңғы жағынан  шымылдық ұсталған екен. Өкінішке орай,бертінірек, дінді апиынға теңеген кешегі кеңестік дәуірдегі түрлі келеңсіздіктерге байланысты Атаның аян беруімен ұрпақтары сол мүрде жатқан бөлменің  іргесін кеулеп ойып, лақатты таспен бекітіп тастапты. Ата мүрдесіне таяу жерде оның шөбере ұрпағы Құлмәмбетұлы Мұрын жерленген. Екінші бөлмеде Бекет Атаның апасы Әпуа жатыр. Михраб қуысы  бар бөлменің кезінде намаз оқитын бөлме болғанға ұқсайды. Мешіттің құбыла жағындағы таспен бекітілген үшінші   есікті  шырақшы Суханұлы Сәуле марқұм екінші қабаттағы Бекет Атаның екі қызы мен күйеу балалары жерленген  бөлмелерге апарады дейтін көзі тірісінде. Бөлмелердің қай-қайсысы  да алакөлеңке, жарық түсетін тесіктердің барлығы  да ішке жаңбыр, қар сулары құйылмасын, шаң-тозаң түспесін деген мақсатпен жартылай бітеліп тасталған. Қай бөлмеге бас сұқсаңыз да қабырғалары мен төбесінің жағылған шырағдан-шам түтінінің салдарынан ыстанып, қарақошқылданып кеткенін байқауға болады.Адам мүрдесі жатқан бөлменің маңдайшасында киелі Арқардың мүйізі ілулі тұр. Мешіттің төбесінде адам сиятын тесік бар. Ол бұл күнде жартылай бітелген. Бұл тесікті жергілікті халық «Бес  ғайып» деп атайды. Бұлайша аталу себебі- аңыз бойынша бұл араға бес кісінің мүрдесі жерленген көрінеді. Қазір ол мәйіттердің бас-сүйектері ғана жатыр. Ал, кебін шүберектері қолмен ұстағанда күл сияқты үгітіліп кетеді.
    Бір ескеретін жәйт, Оғыландыдағы мешітке бару да оңай емес. Мәселен облыс орталығы  Ақтаудан шыққан автобуспен Шопан Ата бағытымен жолай түстеніп жүрсеңіз, 330 шақырымдай қашықтықты 7-8 сағатта, ал, Жаңаөзен қаласынаносы бағытпен жүріп 180 шақырым қашықтықты 5-6 сағатта еңсеруге болады. Жолшыбай зиярат етушілерге тынығу орындары, басқа да жағдайлар жасалған.  Атаға арнап ниеттеніп келгендерге Атаның өзі де аруағымен жолдарын ашып тұрады.   Әйтеуір Ата басына зиярат етушілер қысы-жазы бір толастамайды.
    -Ата басындағы қасиетті бұлақ туралы да оқырмандарды хабардар етсеңіз?
-Бұл да енді Алла Тағаланың әмірімен пайда болған табиғаттың ғажайып сыйы десе де болады. Мешітке барар жолда қамысты, құрақты, жыңғылды, тораңғылы соқпақ жолдармен еңку-еңку жер шалып келе жатқанда шағын көлшікке кездесесіз. Оның жағасында жер астынан шығып, ылдиға қарай мөлдіреп ағып жатқан екі бұлақ көзі бар. Бірақ бірінің суы нұрдай тұщы болғанымен, екіншісінің суы сәл қышқылдау. Халық аңызы бойынша Бақыржан ұстазы лақтырған киелі көк Асаны тауып алған Бекет Ата оны көп күш жұмсамай суырып алған жерден Алла Тағаланың әмірімен бұлақ көзі пайда болып, тұщы су атқылапты. Ал, сол киелі Асаны бірнеше күн бойы күзетіп, қанша жұлқыласа да әлі келмей, пұшайман болып, ақыры Бекетке жолын берген жолаушының көзінен жас тамған жерден де бұлақ көзі пайда болып, одан да су атқылаған, бірақ ол жерден ашқылтым, қышқыл су шыққан. Соңынан қос бұлақ сулары бір арнаға тоғысып, қосарлана аққан.
    Бұл бұлақтарды жергілікті халық Атаның бұлағы деп әспеттеп, аса құрметпен қарайды. Емдеріне шипа болсын деп өздерімен бірге алып келген таза ыдыстарына құйып, ауылдарына алып қайтады. Бұлақ суы қанша кермек тартса да, қанша ішсеңіз де мейіріңіз қанбай іше бергіңіз келеді. Ешқандай күмән-күдік болмас үшін бұл бұлақтың суы арнайы лабораторияда өткізген сараптамалық зерттеу нәтижесінде судың құрамында адам ағзасына аса қажетті минералды дәрумендерге бай, қай ауруға да болса бірегей, емдік , шипалық қасиеті орасан екендігі анықталған. 
    Оқта-текте тау шатқалдары арасынан осы бұлақтардан су ішіп, жайбарақат жайылып бара жатқан тау арқарлары көзге ұшырасады. Олар адамдардан үрікпейді. Атаның арқарлары, киесіне қалармыз деп табиғаттың осы бір жаратылысына жұрт сүйсініп, оларға қиянат жасамайды. Атаның қонақ үйінен Ата бұлағына дейін созылып жатқан соқпақ жол Пір Бекеттің мәңгілік мекені-мешіт ғимаратына барып тіреледі.
    -Ислам қажы, жоғарыда айтып өткеніңіздей ,Атаның   киелі Аса таяғы жөнінде де аңыздар аз емес. Осының анық-қанығын білсек?
-Тарихқа тереңдемей, қысқа қайырсам, қазіргі кезде Атаның екі көк Асасы сақтаулы. Бірі Түрікменстандағы Аяпбергенұлы Бердіханда, екіншісі Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында тұратын Тұрсынғали Латыпұлында. Күні бүгінге дейін жеткен қасиетті асалар да ел басына келген қиыншылық пен қасіретті бір көрген. Шаш ал десе бас алатын алмағайып кезеңде тірі қалу үшін тегін жасырған Атаның ұрпақтарымен бірге Асаның да жүзін жасырып, қараңғы қапаста тығылуына тура келген. Өйткені шолақ белсенділер Асаның да артына шырақ алып түскен. 
    Ғасырдың басында Маңғыстау жерін аштық жайлап, балапан басына, тұрымтай тұсына ауған тұста көк Аса сақтаулы тұрған үйдегі бір бас қосуда ағайындар арасында болашақта Асаға кім иелік етеді деген дау туындап қалады. Дерекшілердің айтуынша, қашанда иман ұялаған шаңырақта сақталып келген көк Аса көптің көз алдында Алланың әмірімен аспанға шаншылып ұша жөнеледі. Аймақтың апшысын қуырған ашаршылық кезінде  Бекет Ата ұрпақтары да атакүлдіктері -Маңғыстаудан ірге ажыратып, Бесқала жаққа қоныс аударады.
    Бір күні Самалықұлы Жантұрған аң аулап жүргенде алдынан алтайы қызыл түлкі шығып, қаша жөнеледі. Жәкең атқа қамшы басып, соңынан ереді. Сөйткенше болмай түлкі інге кіріп, зым-зия жоқ болады. Аттан түсе сала Жантұрған інді қаза бастайды. Шамамен бір құлаштай тереңдікті қазғанда топырақ арасынан Ата  ұрпақтарына таптырмай келген Бекет Атаның көк Асасы көзге оттай ұшырап, шыға келеді. Көктен іздегені жерден табылған  Жантұрған Асаны әспеттеп, қайтадан төріне іледі.
    Содан бері Ата ұрпақтары қолында сақталып келеді. Аса Бекет Атадан үлкен баласы Бәйтеліге, одан оны баласы Құлмамбетке, келесіде оның ұлы Самалыққа, Самалықтың баласы Жантұрғанға, Жортуылға өтеді. Келесі кезекте Жортуылұлы Салиға, Салидан ұлы Аяпбергенге, Аяпбергеннен Бердіханға өтеді.
    Бекет Ата Хиуадан атақты Бақыржан қажыдан дәріс алып келгеннен кейін Ақмешітте ұстаздық қызметте жүргенде, Кетенің Байқошқарынан тарайтын Құлшан мен Аққошқарынан тараған Шектібай да Атаның шәкірті ретінде сауат ашады. Бекет Атаның бір кездері лақтырған Асасын осы Шектібай тауып алды деген дерек бар. Қазіргі Асаның иесі Тұрсынғали Латыпұлының айтуынша, Атаның Асасы Шектібайдан Атамбоз батырға, одан Бәйгелдіге, одан әкесі Латыпқа, одан өзіне ауысқан. Ғабдысаттар атамыз кеңестік саясат ызғарынан қорқып, үй салғанда Көк Асаны қабырғаның арасына қалап жіберіп, 1960 жылдардың басына дейін жасырын ұстаған. Тек 1963 жылы Латыптың қолына көшкеннен кейін ғана халыққа көрсетілген.
    -Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан Бекет Атаның кәрі шаңырағының қазіргі мұрагері кім?
-Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қаласында тұратын Көбен ағамызды Атадан қалған кәрі шаңырақтың бүгінгі иесі деп айта аламыз. Ата өмір сүрген дәуірден бері қаншама уақыт өтті, қаншама ұрпақ ауысты.  Солай бола тұрса да Көбен ағамыз бір кездері қасиетті Бекет Атамыздың еңкейіп, табалдырығын аттап, қол табы қалған маңдайшаны әлі күнге дейін сақтап келеді. Бәлкім бұл маңдайша Бекет Атаға дейін де қаншама ұрпаққа қызмет етіп, құт дарыған, кие қонған босағаны ұстап тұрғанын кім білсін? Кәрі шаңырақ иелері осы маңдайшаны уақыты келгенде бір-біріне аманаттаумен келеді. Маңдайша Атамыздан бері қарай былай жалғасыпты: Бект Ата-Тоғай-Құлнияз –Сарымолда (Алданияз)-Ораз-Аралбай-Көбен.
    RS. Бекет Атаның табиғи дарынына, қасиет, аруағына көз жеткізіп, сенім тұрақтандырған, ел ықылас пейілін еріксіз өзіне аударған ғажайыптарды өзекті желі еткен аңыз бен ақиқатты әдіптей аражік таптырмаған әңгімелер әлі де аз емес. Оны жұртшылықтың назарына ұсыну-болашақтың еншісінде.
                                                         Сұхбаттасқан Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
                                                                    «Сарайшық» журналы

4 ішінен 6 беті