Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Қорғайды Ақ Жайықтай Ұлы Анасын
Ұлтаны едің, ұлтымның, ұлысымның,
Тасадан сілтеді екен "қылышын" кім?
Тұтқиылдан тап беріп, шабуылдап
Жайықта басталғандай ұлы сүргін.

Бұл жолғы тасқыныңның беті қатты,
Тітіренткен дүмпуі атырапты.
Ашық күнде Жайығын жауға берер
Тапқан екен сормаңдай, ақымақты.

Найзағай намыстары шатырлаған,
Қорғаған елді жаудан батыр бабам.
Бас көтерді айдаһар, тым ашулы
Өңешінен өлі су лақылдаған.

Не боп кетті, айнала, мына заман,
Қайда барсаң-алдыңда сынақ алаң.
Ұпайларын түгендеп біреулер жүр
Шарбақтың ар жағынан сығалаған.

Ауыртпалық жатқандай елге түсіп,
Жайсыз хабар жетеді желмен ұшып.
Жастар жүр Ақ Жайықтың жағасында
Қамал соғып, жан алып, жан берісіп.

Қиындықпен бетпе-бет кездескендер,
Топырағы киелі жерде өскендер.
"Қабағын шытпас ер керек, біздің іске"
Қара нардай толарсақтан саз кешкендер.

Қорғайды Ақ Жайықтай Ұлы анасын,
Той болады біздің елде ұлан-асыр.
Тас түйін боп біздің ерлер күтіп отыр
Тілсіз жаудың дайындап сыбағасын.

Қонады айдыныңа, жағаңа құс,
Сенде де бар қайғы - мұң, нала, намыс
Сен сенімді қолдасың, Ақ Жайығым
Ашуыңды бас енді, сабаңа түс!..


Найзағай намыс
немесе тасқынға-тосқын!
Ей, махамбеттік жас ұландар,
Бойда қуат, жігері тасығандар.
Тілсіз жаудың дүмпуі келіп жетті
Оған бола тайсақтап, жасымаңдар.

Сәуегей де, көп бүгін құмалақшы,
Су келмесе әрине, сірә жақсы.
Біреулер үйден безіп, тұра қашты
Ит-шошқалар сарыған арам суың
Жайығыңа құлдилап құламақшы.
Сөйтіп бізді тағы бір сынамақшы.

Табиғатты алдық па шошындырып,
Әйтеуір көрсетуде тосын қылық.
Кеуде соғып, төске өрлеген тілсіз жауға
Жайығымды қоймаспыз басындырып.

Шырғалаңға салып тұр осы заман,
Ей, халқым, болсын деймін басың аман.
Кісі аяйтын түрі жоқ бұл бетбақтың
Көзінен көк жасыл от шашыраған.

Қолдайды Алла қашан да талаптыны,
Жауды жайпар ақынның орақ тілі.
Қапы қалып жүрмейік, қырандарым
Ағыны зор тасқын су, өр екпіні.

Көпті көрген қыңқ етпес Жайық бұған,
Азаматтар жағдайды байыптаған.
Бүгінгінің Махамбеті атқа қонды
Жанында сарбаздары-сайыпқыран.

Келер ұрпақ олар жайлы айтар аңыз,
Қаз қонып, суға толар сай-саламыз.
Менменсіген тілсіз жаудың мұрнын бұзып
Ізіменен келген кері қайтарамыз.

Отансүйгіш, шетінен арлы адамдар,
Беталысын тасқын судың аңдағандар. 
Махамбеттің өр рухы қолдап жүрсін
Туған жерін қызғыш құстай қорғағандар!


"...Қазығұрттың басында кеме қалған!.."
Ақиқат па, бұл өзі әлде аңыз ба,
Теңіздің табанында қалған із бар.
Қарап жүрмей тойынған бүгінгі ұрпақ
Тіл тигізіп алды ма, Алламызға?

Сезгендейміз алапат дауылды анық,
Түксиеді түк бітірмей тауың ғаріп.
Бұл жолы кеме емес, тып-типыл боп
Қыр басында барады ауыл қалып.

Күл-талқан боп сынғандай көңіл-айнам,
Астаң-кестең топан су салып ойран.
Суға батқан кемелердің қаңқасындай 
Ауыл қалды еңісте қоңырайған. 

Табиғаттың дерті ме , бұл асқынған,
Құдайдың қырсығы ма қияс қылған.
Талайлар жылы ұясын тастап шықты
Су шығып бейуақытта үй астынан.

Қадасам көз, көкжиекке мұнар басым,
Адамзат өткенді естен шығармасын.
Асығады топан су өршелене
Іздегендей әу бастағы ұлы арнасын.

Су астында, даламыз, байтақ, алып,
Құмсағат екшеп бәрін айтады анық.
Дәуірлер мен дәуірлер алмасқанда
Тарих та тұрады қайталанып. 

Маңдайына қойылған жазылып мұң,
Сорлары арылмаған аз ұлттың.
Алсын сабақ,-деп қалдырған бабаларым
Кемелерін басында Қазығұрттың.

Зілзаланы жеңеміз бірлікпенен,
Дұрысы: даурықпаған, дүрлікпеген.
Бір жағына жантайып, ошарылып
Қай жерде қалар екен тірлік-кемем?!..
"...Қазығұрттың басында кеме қалған!.."

"Өмірлік тәжірибе - даналықтың әкесі, жады – анасы".
                                                                                                      Халық даналығы

"Рух өлмейді, рух көшеді".
                                                 Тоқсары
                                                              скиф философы

"Жадының ноқаты – мәрт".
                                                        Автор

Рух:
- «Табиғат ерке аруын жаратқасын,
Төркінің мырзасына ұзатқасын,
«Шаңырақ түйең» шайқалмай келуші еді,
Сыбағаңа сауғалап бұлақ басын.
Телегейлі Хазардай – отауыңа,
Қуат бердің сөктірмей қабыртқасын.
Жұлынын оған  үзіп, Тәңір берді,
Орал тауға бекітіп омыртқасын.
Жадыңды жетелейміз, біз - Рухтар, 
Мезетте «қардың басын қар алатын».
Ел-халықпен біргеміз, жұмыламыз,
Жеткізбе «қара алуға ханның басын»?!
Періштелер жағаңды желпіп отыр,
Үрлеп әкеп әлемнің бар қанатын.
«Ғайып ерен, қырық шілтен» оятады,
Жан бағып жарда жатқан жарқанатын.
Біз де көштік, Жайық-ау, артқа тастап,
Жаратқанның жатқызған үр-жәннатын»?!

Жансебіл: 
- «Сабыр жұтқан «ақ ерке», жансебілмін,
Құбылысқа, жаһанға мың теліндім,
Саған ана болсам да,Ұлы жұртым,
Табиғатқа, каһарға, мен – «келінмін»?!
Артқан теңнің арқанын жарда шешем,
Нардың жүгі – наруанын1 төркінімнің?!
Каспийім күтіп жатыр төсегінде,
Жел қабын желбіретіп желкенімнің?!
Сабыр ет, топан тозар ұлтанымда,
Көр соқыр, қиянаты өркенімнің.
Жұтқызғанда жарылды жұмыршағым,
Жұмарланған қалдығын «жүн-теріңнің».
Кесапаты, келбеті жадымда әлі,
Кеңірдекті кескілеп «өткізгеннің».
Ұрпағым өзің емде бой жарасын,
Жанына нұр беремін «жеткізгеннің».
Жадымның жан тілеулі ноқаттарын,
Маңдайына жазып қой «күнтізбеңнің»?!

Рух:
- «Көшем енді, Жайығым, жансебілім,
Арқалатып ұрпаққа ел сенімін.
Ұлы дала көшімен керуенге ерген,
Бір заманғы мен де бір жан-тәнімін.
Ел-жұртымның басына бұлт төнгенде,
Қасіретін түретін түндігімін.
Көзмоншақтай мөлдіреп, әдемі өтші,
Жамағаттың ысырып мұңды күнін»?!

Жансебіл:
- «Ей, рух, шалдықтым, сая табам,
Жақын қалды, жан себер – «құрсақханам».
Аманаттап барасың ұрпағыңа,
Бұрымымды бумасын «бұратанам».
Қамқорласаң адамзат, қуат алам,
Еркелеймін, назданам, Ұлы далам?!
Тұрпатым түрленгенде, нұр айналып,
Таңданады, көрерсің, мынау ғалам»?!

Түсініктеме:
1.    «Наруан» - ата-бабаларымыздың көшкенде  ағаштан 
дайындап нарға артатын, киелі саналған жүк артқыш дүниесі.

Гүлмира Сүйекенова 1978 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Ақын. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Республикалық, облыстық басылымдарда тілші болып қызмет жасаған. "Шамшырақ" жыр жинағының авторы.

Қарқынды, Жайық қарқынды
Алқынды, тағы алқынды!
Мұқтажбын, Раббым, өзіңе,
Қорғай гөр, Раббым, халқымды.

Шулаған халқым - далада,
Тулаған толқын - жағада.

БАЛАПАН ДАРАЖА НӘБИҚЫЗЫ Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының ардагері, құрметті заңгер, ақын, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі. Т. Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 "Су есте сақтауға қабілетті, оның жады бар".

                                                                                            Эмото Масару, жапон зерттеушісі

"Жақсы сөз - жарым ырыс,
Замандасым біле жүр, тілек – тыныс..."

"Сөз құдіретіне әлем қарыздар, өйткені ол келеді ..."

                                                                                          Автор

             (тасқын су жойқыны 
      жақындағандағы толқыныс)
      
Сабыр етші, ардағым, Ақжайығым,
Бақ-жұлдызы ұлтымның, маңайымның,
Дүлей-кердің араны аптықтырып,
Бұлт торлады аспанын арайымның.
Жадың бар ғой, Жайығым замандардан,
Себін айтшы, қайтатын райыңның.
Жанары жаутаңдайды саған қарап,
Адамның да, жұлдыздың, нұр-айыңның.
Тілектері, еңбегі зая кетпес -
Азамат, туыс-жекжат, ағайынның.

Құлағыңа «жал» жеткен арғымағым,
Қуат-күшін үдеттің қарғыманың.
Сабырыңды Жайығым, дүлей жұтып,
Айыл жимай келеді қарғын ағын.
Топан су - тоң сарқыты, тоң мінезді,
Түрен салып қопарды топырағын.
Мөлдірін ылайлаған топан соқыр,
Шайқап-шашып бүлдірді атырабын.
Қағанағын қақ жарып өскіндердің,
Қалтырайды жағаңда жапырығың. 

Ерік-жігер, ар тасып, тік тұратын,
Әр қазағым намысты, нар болатын.
Қан да жұттың бір кезде қиянаттан,
Бабаларға қайратып шар-болатын.
Ақ жайығым, сабыр ет, ел-жұртың бар,
Ет-жүрегін жағаңа жар қылатын.
Мұндағы періштелер үлпершегі,
Шілтен-бөгет - дүлейлер жасқанатын.
Жамиғаттың, жақсының тілегі ағла,
Ауыздықтап арынды баса алатын.

Мың алғыс бәріңе де азаматым,
Бірлігіңде - ақиқат, аманатың,
Ұрпағысың Көкбөрі, қыран қанат,
Құрбандыққа шалатын қазанатын.
Жаралдың құрсағынан әз-ананың,
Қиналғанда ақ сүтін «көк сауатын».
Тілегі қабыл еді, Ұлы жұрттың,
Тәңірі мейрімінен бақ табатын.
Тасқын судан тазартам, түйіп алшы-
Тілегімді жадыңа жатталатын.

Ақжайығым, ардағым, ар қанатым,
Сабағың көп санада сақталатын.
Жаратқаннан сұраймын көрсетпе деп,
Мезетті тал қарматып, таң асатын.
Тобырдай туласа да топан қайтар,
Сәнің келер өзіңе жарасатын.
Тоң-тезек топандардың мекені жоқ,
Олар тексіз жағаңа жармасатын.
Сабыр ет, азаматтар күтіп отыр,
Ақыл- айла пайымдап жол ашатын...

P.S.

Қазақстан Республикасының 
Президентіне,Үкіметке, депутаттарға, 
жанашырлық танытып, тілекші болған барша 
жамағатқа, меценаттарға, еріктілерге, тасқыннан 
зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созған жомарт 
жандарға, қыруар қаржы аударған барлық мекемелерге, 
тасқынға қарсы бөгет тұрғызуға ат салысқан әрбір азаматқа, 
азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күндіз-түні қызмет 
еткен Атырау облыстық штаб құрамындағы азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін. 

 

1 ішінен 3 беті