Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

БІРІНШІ БӨЛІМ
КҮМБЕЗГЕ БАРАР ЖОЛ, ҚАРАГЕР АТ

Дендер тау, тау ма екен, қырат па екен?
Құм, шағыл сусылдаған сынап па екен?
Болатын кермек тұзы дертке дауа,
Тұзды көл көл ме екен, бұлақ па екен?

Қарой деп аталған жер жырақ па екен?
Мәңгілік Махамбетке тұрақ па екен?
Абайменен замандас батыста бір,
Ғажайып ақын өткен.
Мұрат па екен?

Өлеңі адасқанға шырақ па екен?
Шаршаған, шөлдегенге қуат па екен?
Жырлаумен зар заманды өткен ақын,
Жатқаны Жарсуатта рас па екен?

Аспан тұр алабұртып жылап бөтен,
Бұл жалған жалған емес сынақ па екен?
«Аттан сұлу болар ма?» деген ақын,
Мінгені тұлпар ма екен, пырақ па екен?

Әр сөзі ұрпағына мұра ма екен?
Тудырған ғажайыпты мына мекен.
Мінгені жирен бе екен, күрең бе екен?
Ала ма екен, болмаса құла ма екен?

Ойларым осыны ойлап сан бөлінді,
Қалардай кездестіріп әлде кімді.
Жусанды Жарсуаттың жазығында,
Бір кезде шұбатылған шаң көрінді.

Қурайдың сыбдырынан сыр тыңдаған,
Жолдайды желден сәлем сыршыл далам.
Реңі түн секілді қаракер ат,
Келеді жал-құйрығы сусылдаған.

Бой ұрды елестерге деме қатты,
Жете алмай шаң қуалап келеді атты.
Бұл неғылған жалғыз ат жапан түзде,
Бетке алып күмбез жақты келе жатты.

Шабысын ауыстырып аяңына,
Кілт тоқтады тым жақын таяды да.
Біздерге көзіменен амандасты,
Кім білсін қуанды ма, аяды ма?

Біреуінен біреуі болып сырлы,
Қара көлік қара атты жолықтырды.
Өлеңді «сөздің желі» дейтін ақын,
Сол кезде бір суық жел соғып тұрды...

Дендер тау қыраның көп самғап өткен,
Сыйлаған ақындарың жанға көктем.
Баласын арлан тістеп сүйетіндей,
Ол жерін сүйгендіктен қарғап өткен.

Жұқалау етігіміз, күртеміз де,
Көліктің тізгінін сәл іркеміз де.
Көрейік қайық салып нар тәуекел,
Басылмай шалқып өткен  жыр-теңізге...

Жаттадым жырларыңды ұйықтамай,
Күмбез тұр қатарынан биік талай.
Байлаған жырдан қанат дарабозым,
Жатырсың мынау көрге сыйып қалай?!

Аспан да күрсінеді жылап тұрып,
Еске алып жүрген кезді пырақ мініп.
Алыстан тағзым етіп келіп тұрмын,
Үн-түнсіз жатырмысың құлақ түріп?

Қаракер ат көзінен сыр аңғара,
Ойымыз тоғысқандай бір арнаға.
Моллаға аят оқытып бет сыйпадық,
Келері біздің қолдан құран ғана...

Өзі сынап, басқаға сынатпаған,
Жүрегіне халқының тұрақтаған.
Шығыста Абай, Батыста өзің едің,
Жыр жазсам батаңды бер Мұрат бабам!

ЕКІНШІ БӨЛІМ
КІНДІК КЕСКЕН ЖҰРТ
Бір арай көкжиекті шарпығанда,
Бір әуен кеңістікке қалқығанда.
Жағасын қызыл өрттей қоға жапқан,
Абыржып көлдің беті толқығанда.

Сортаңы көп батпақты жерден дейді,
Соры аз емес ежелден  елден дейді.
Ғасыр саны он тоғыз, жыл қырық үш,
Мұрат ақын өмірге келген дейді.

Өмірге келу-кету тәңір ісі,
Кім келер келте көрпе жамылғысы?!
Әкенің жарлылығын көрді бала,
Мөңке момын шаруаның сабырлысы.

Қамыты кедейліктің оңдырсын қай?
Баласын көрген кезде көңілі жай.
Бай ұлынан Беріш бар, Байсейіт бар,
Қитастан, Тілеп, Бөкен, Қаратоқай.

Қаратоқай, Аққұлы, Жиенбайдан,
Рапқан, Аман, Мөңке, Мұрат болған.
Матайға іні болып Мұрат туған,
Мөңкенің соған қарап көңілі толған.

Ер жігіт тартса тартсын нағашыға,
Дұспанның қала қоймас табасына.
Мұратты тартқан екен десіпті жұт,
Әрі ақын, әрі әнші анасына.

Ақылды, сөзге жүйрік, ойға бекем,
Дейтұғын сөз нарқына бойлап өтем.
Адайдың ішіндегі Қараша екен,
Есімін «Қырықжылқы» қойған екен.

«Ұл шығар» деп, қыз туса сенбейтін жұт,
Және де «Жылқышы» деп тергейтін жұрт.
Аялап алақанда бақты ма екен,
Бір өзін қырық қызға бермейтін ғып.

Алда деп не сыйлайды өмір бізге,
Тартатын қиял мыңға, көңіл жүзге.
Мал тояттап табиғат толықсыған,
Мұрат кепті өмірге қоңыр күзде.

Тарықпаған сан қилы салғанда ізге,
Сондықтан ақын ғашық болған күзге,
Батырдың кіндік қаны тамған мекен,
Қарабау сені көру арман бізге.

Бойласақ тарихтың тереңіне,
Жүгініп ақ қағаздың дерегіне.
Жырларының болғаны дәмі кермек,
Ащысайда туғанның себебі ме?

Жаңбыр суы ойпаңдау жерге сіңіп,
Жапанда киік жортса белге шығып.
Қоңыр күзде өмірге келген ақын,
Бесік жырмен өсіпті тербетіліп.

Анасы жырды арыдан қозғайтұғын,
Далада жетім бота боздайтұғын.
Сары қимен жылынған қараша үйде,
Қара өлеңнің жалыны маздайтұғын.

«Жеті жұрт» қонған дейтін, бәрі көшкен,
Бала ақын еске бәрін салып өскен.
Сүтпенен келген шабыт бойға тарап,
Өлеңге уызынан қанып өскен.

Жүретін елес кезіп сай-саланы,
Балаға жұттың жайы ой салады.
Жел азынап, боз інген боздаған жер
Мұрат ақын болмасқа қайсы амалы?!

Болсам деп қолғанаты анасының,
Өлеңнен алатұғын жан ашуын.
Бала ақын тәрбиесін өскен көріп,
Шаруашыл әрі ақын ағасының.

Секілді алтын тонның жағасы бар,
Мұраттың Матай дейтін ағасы бар,
Аға – іні қол ұстасып бірге жүрсе,
Бұларға айтшы кімнің таласы бар?

Ішкен асы, тыңдаған ертегісі,
Ортақ еді айлынның ерке құсы
Мұратта артық еді жалын бірақ,
Кеп тұрған тиген жерін өртегісі.

Туылып бұлт ішінде аспанда өскен,
Найзағайша болатын астаң-кестең.
Тәуекел қаймығуды білмейтұғын
Кез болған қандай іске бастан кешкен.

Болмаса екеуі де ақын еді,
Біреуі жүз ақынға татыр еді.
Ығысып Матай кейін қала берген,
Мұраттың батырлығы басым еді.

Матай да іні қамын ойлайды екен,
Икемдеп әр бір іске сайлайды екен.
Баланы шамырқантып, ширықтырып
«Сенен түк шықпайды» деп қайрайды екен.

Ағаға іні жөні бөлек екен,
Інісі оған уәде береді екен.
Қоңыр күзде туғанмын, сол үшін де,
Несібем көп болады деп сенеді екен,

Мерейі бала ақынның үстем дейді,
Анасы үлкен үміт күткен дейді.
Іркілмей өлең айтып он жасында,
Ақындық жолға мүлдем түскен дейді.

 

Он бір жаста жылқы іздеп барған дейді,
Ақысын сұрап әнге салған дейді.
Он екіде жеңгеге өлең арнап,
Олардың да алғысын алған дейді.

Аямай тәңір берген мол несібе,
Өз еркің сенеріңе, сенбесіңе.
Жайлауға қонған елге өлеңменен,
Құтты болсын айтыпты он бесінде.

ҮШІНШІ БӨЛІМ
ЖАЛЫНДЫ  ЖАСТЫҚ  ШАҚ
Қарабау Мұрат туған қоныс болған,
Сол елде қалың жұртқа таныс болған.
Өткір көз, қалың қабақ, орта бойлы,
Айбарлы көрінетін Арыстаннан.

Ер жетіп ол жігіттік жасқа кірген,
Жастықтың желігімен атқа мінген.
Ұстазы Есет бидің баулуында,
Тарихтың сан тарауын жатқа білген.

Берген соң тәңір оған мол несібе,
Қоя ма несібені бөлмесіне?
Таз руының ақыны Оразбенен,
Айтысып жеңіп еді он бесінде.

Жиын той шақыратын күнде кезек,
Басынан дәурен өткен бір керемет.
Жастықтың қызуымен жанған талай,
Даласын Тайсойғанның жырға бөлеп.

Жем, Сағыз, Нарын, Дендер...
Жүрді аралап,
Жігітті жұрт мақтаған қыз жағалап.
Шоқ салған талайлардың жүрегіне,
Әзілін естіген қыз шынға балап.

Арабша алғаш сауат ашқанында,
Кедейлік тұсау болған жас дарынға.
Есет би ұшан-теңіз білім берген,
Зымырап жылдар өткен қас-қағымда.

Қайтатын әр айтыстан кәделі боп,
Түс көрген талай ару дәмелі боп.
Жасы отыздан асқанша жүрген дейді,
Қыз таңдап бір-бірінен әдемі боп.

Түсіне хордың қызы кірді ме екен?
Қиялмен әлде өмір сүрді ме екен?
Таңды таңға жалғайтын толғауларды,
Жаттаумен қолы тимей жүрді ме екен?

Елді ойлап әлде қайғы шекті ме екен?
Жерді ойлап дұшпанына кекті ме екен?
Түнеріп келе жатқан сұм заманға,
Түйіле қарап күні өтті ме екен?

Азабын ғашықтықтың шекті ме екен?
Бір үміт жанбай жатып өшті ме екен?
Алашқа аты шыққан дара бозды,
Бір ару бағаламай кетті ме екен?

Жүрген соң  жиын-тойда дабырлаған,
 Ол жайлы ойламаған, сағынбаған.
Бір күні кездесер деп ұзақ күткен,
Талғамы биік жанның табылмаған.

Айтыста бәрін жеңіп сый көріпті,
Айланың талай түрін игеріпті.
Жасы отыздан асқанда Есенберіш,
Иман қызы Наушаға үйленіпті.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ҚАРА ҚАЗАН, САРЫ БАЛА ЖӘНЕ «САРЫАРҚА»ТОЛҒАУЫ
Мекендеп құзар шыңның қиясына,
Қырандай жем таситын ұясына.
Көкжалдай кең даланы кезген ақын,
Қайтатын болды үйіне жиі асыға.

Ақынның сөзі – жебе, аты мықты,
Сөйлесе жырдан маржан шашылыпты.
Қызыл мия, бетеге, жусан, кермек,
Қыс қамы үшін жаз бойы жапырыпты.

Білекте қара нардың күші бардай,
Орақта ақ алмастың сұсы бардай.
Жалғыз өзі қара үзіп кетеді екен,
Қатарласып шабатын кісі қалмай.

Жалқаулық, надандықты мін көріпті,
Шәкіртке жыр жаттатып сый бөліпті.
Жаз бойында шөп шауып, қыс келгенде,
Етік тігіп амалдап күн көріпті.

Сеңгірбектің баласы Мұрын дейді,
Мұраттан алған талай білім дейді.
Бірге тігіп етікті, шөп шабысып,
Үйреніпті алмастан тыным дейді.

Тұлпардай шапқан сайын төске өрлеген,
Кетердей бұрын озып ескен желден.
Шаруада да алдына кісі салмай,
Өлеңде де ешкімге дес бермеген.

От басын асыраудың қамыменен,
Айтылмай кей кездері қалып өлең.
Ең алғаш шаңырақты нұрға бөлеп,
Өмірге сәби келген Сары деген.

Баламен жас отаудың сәні кірген,
Кеші шомып шаттыққа, таңы күлген.
Тым жақсы көргендіктен сол баланы,
Қасынан бір тастамай алып жүрген.

Шіркін сәби күлкісі таза неткен!
Шырқыраса жоқ одан азап өткен.
Әкесі домбырамен өлең айтса,
Баладан іші кеуіп маза кеткен.

Бала жылар, әкесі не біледі?
Абыр-сабыр болыпты төңірегі.
Аңыз бенен арасы ақиқаттың,
Осындайда тым жақын көрінеді.

Қарабау, пері жүрген байтақ екен,
Көргендер аңыз қылып айтады екен.
Балаға домбыраны  ұстатқанда,
Ішінің кепкендігі қайтады екен.

Өсер деп күнен-күнге шамдай жанып,
Қонар деп бір биікке самғай барып.
«Ақын болар бұл тегін бала емес» деп,
Үлкендер таңырқапты таңдай қағып.

Әкесі жүрген солай қасына ала,
Болғанменен ерекше аты-бала.
Он жасында көз тиіп қайтыс бопты,
Әке бармақ тістепті қапы қала.

Қайғы ауыр қараша үйге тосын келген,
Ақыл айтып үлкендер жосын көрген.
Екінші ұл Дәулетқали туған кезде,
Ел дәулетті болса деп есім берген.

Бала бола алмапты жалпыға құт,
Келіпті бір-ақ күнде халқына жұт.
Көлігі – жалғыз түйе, көшкен екен,
Бесіктегі баланы артып алып.

Келген жұт бай, кедей деп қарамапты,
Мал өліп қан сасыған дала қапты.
От басын аман сақтап қалу үшін,
Маңғыстаудың түбегін паналапты.

Білмесе де ел сырын, дала сырын,
Қиналғанда іздепті жанашырын.
Жайлаған Маңғыстауды қалың адай,
Ауылына келіпті нағашының.

Ем таппай сағынышты баса алатын,
Еріксіз көзге ыстық жас алатын.
Маңғыстаудың еліне сол кездері,
Атырау Сары арқа боп аталатын.

Тайсойған, Орал бойы жүрген жері,
Жастықтың бір дәуренін сүрген жері.
«Сәнденіп әуестікке қызыл киіп»,
Нар жетелеп тұлпарды мінген жері.

Сұңқардай зау биікке ұшқан жері,
Айтысып қарсыласын  жыққан жері.
Асаулық, бет қаратпас жалынменен,
Талайын сұлулардың құшқан жері.

Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған,
Мастықпен сан сұлуға жыр арнаған.
Маңдайға жазбаған соң кеткен бәрі,
Уыстап алақанда тұра алмаған.

Өмірдің соңы – шідер, алды – самғау,
Өмірдің соңы – алдау, алды – арбау.
Ел мен жердің күйігі жанға батып,
Шерлі ақын «Сары арқа» деп жазды толғау.

Төрт құдық, Ада берген, Тұз жағасын,
Қонақжай қалың елін, гүл даласын.
Байлықтың жоқ болуы бір-ақ күнде,
Дүние бір орында тұрмағасын.

Шыңырау, Балталыдай болған құдық,
Жұт жайлаған құдықтың суы құрып.
Талаурап екі көзі кеш батарда,
Батысқа қарайды ақын белге шығып.

Сегізбай, Көшентымық, Қараталды,
Ойлаумен күннен күнге аласарды.
Баймөңке, Тілеуқұлан, Жидебайды,
Жырға қосса оған кім таласар-ды?

Базарбай, Қабыршақты, Құрмас, Кенен,
Адыра, Нарқозы суы тартты төмен.
Сарқылып бұл құдықтың қалған бәрі,
Жайлаған құрғақшылық елден ерен.

Сары арқа жұртым деді, кең көсілді,
Жанардан аққан тамшы жерге сіңді.
Ақтарды тарихты кешегі өткен,
Ноғайлы кезден бастап елге сырлы.

Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай,
Қоныс қып одан бұрын қалың Ноғай.
Жеті жұртқа жеті кеп, жеті кеткен,
Тарихтың небір кезі өткен талай.

Ноғай, Башқұрт, Қалмақтар, Өзек, Татар,
Қара қалпақ, Қырғыздар болған қатар,
Қазақ қазақ болғалы келіп-кеткен,
Жеті жұртқа сұрасаң солар жатар.

Деп бастап, сан тарихты ақтарады,
Олардың себебіне тоқталады.
Мұраттай тарихты қанық біліп,
Кісі аз ашып берер, ақ-қараны.

Қалдырды ұрпағына өлмес үлгі,
Сыйлады нағашы жұрт, сөзге тұрды.
Ортадан қақ жарылып орын берді,
Ешкім де қаламады белдесуді.

Дәулетқали ол да өлең салған дейді,
Қасиет қанмен келе қонған дейді.
Ағайынды көп емес, бар-жоғы екеу,
Сәбила атты қарындасы болған дейді.

БЕСІНШІ БӨЛІМ

ОРТА ЖАС. «ҮШ ҚИЯН» ТОЛҒАУЫ

Орыс кеп олжа салып қонысына,
Суы тұнық, шөбінің сонысына.
«Штатқа» ел көндігіп бөлініпті,
Ауылнай, Оязбенен, Болысына.

Ол кезең – ер отызға толған кезі,
Заманды ой көзімен шалған кезі.
Қақпанға түсіп қалған көк бөрідей,
Өртеніп өкініштен жанған кезі.

Сөйлемес ешбір сөзін бос шығынға,
Қос өзен ұқсайтын ед қос бұрымға.
Құт мекен, Еділ, Жайық, Маңғыстауын,
Көз жасы көлдей болып қосты жырға.

Патша өлең отырыпты жыр тағына,
Көніпті билігінің құрсауына.
Аталған «Үш қиян» деп жазды толғау,
Мұра ғып тастап кетті ұрпағына.

Бұл орыс қайран жерді алды деді,
Алыстан бастар болсам әңгімені.
Асанқайғы, Қаз туан, Орақ, Мамай,
Телағыстан кезінде қалды деді.

Қанды қиян атадым Еділімді,
Майлы қиян Жайығым шөбі нулы.
Шаңды қиян атадым Маңғыстауды,
Жетелеп көшіп барғам көлігімді.

Өлеңі Үш қиянға арналады,
Ақынның зарламасқа бар ма амалы?
Бармағын тістеп өткен Ер Исатай,
Қыспаққа алғаннан соң тар заманы.

Қазақтың бар байлығы қоныс деген,
Бөлінді Ояздарға Болыспенен,
Басы шошақ қамақты айдап салып,
Айқасқан аузы түкті орыспенен.

Бұл заман шарасы жоқ кекті заман,
Батырлар дәурен сүрген өтті заман.
Шайқасып аруларды олжаға алған,
Батырдан бүгін ерлік кетті жаман.

Мыңғырған жылқы өретін бір күндері,
Түгін тартса май шығар шіркін жері,
Сайгүлікпен салтанат құрған мекен,
Жайықты жырламауы мүмкін бе еді?

Ерлері қаһарлы еді айбаттанған,
Дұшпанды ерегескен байлап та алған.
Соңынан қалың жаудың түре қуып,
Түргеш пен Бұқараға айдап барған.

Сары ала ат, ақ күмісті олжаға алған,
Жайықтың жағалауы болған арман.
«Түбі  құтсыз болар» деп неге айтты екен,
Асан қайғы бабадан ол да қалған.

Жүгінсек Мұрат ақын өлеңіне,
Келіп бір тұрған кезде кемеліне.
Орыс кеп тіл мен ділден айырар деп,
Көшіпті Самарқанға Ер Едіге.

Азаттық!
Қанша ғасыр арман еткен,
Мың өліп мың тіріліп зорға жеткен.
Орыс кеп болмысымды жоғалтар деп,
Қазтуған қарға бойлы ол да көшкен.

Жәнгір кеткен салдырған қаласынан
Мың жылқы өрген бетпақтың даласынан.
Нәрік ұлы Ер Шора ол да кеткен,
Айырылып қалам деп баласынан.

Қараша, Ақтөбемен, Құбан, Бозан,
Үш өзен, Сама суы, ойнар сазан.
Жауды жайпап өлтіргем, кек алар деп,
Қара ұлы Бидақ та көшкен содан.

Алты жыл саз балшықты илеген жер,
Сарай сап Әз Жәнібек билеген жер.
Тоғыз жылда салдырған Аштрахан,
Кәуірге өтіп пайдасы тимеген жер.

Тыңдасақ «Үш қиянды» әрмен қарай,
Қалмақпен жерге талас болған талай.
Он екі ханды өлтірген Орақ тауда,
Бұл жерден ол да кеткен Орақ-Мамай.

Жомарттығы жететін бір басына,
Елінің батыры мен мырзасы да.
Елді сақтап қалам деп көшкен екен,
Жаңбыршыұлы Телағыс ол да асыға.

Есімін Қорғаншы мен Ақтөбенің,
Салынған қызыл үйден нақ көремін.
Он жылда Асан қайғы ол да кеткен,
Деп ойлап бір сұмдыққа тап келемін.

Тас оба би Орманбет өлген дала,
Он сегіз жыл соғысты көрген дала.
Жеңіліп мұсылмандар жер аударып,
Орнына он сан Ноғай келген дала.

Еділімді алды деп күйінеді,
Күйінгесін шыбықтай  иіледі.
Жайықты алып жағама жармасты деп,
Қайғыдан қас-қабағы түйіледі.

Ойылды алды, бар қазақ сорлайды енді,
Басынып, күш көрсетіп қорлайды енді.
Маңғыстауда үш түнек, оны да алған,
Бұл мекен бұрынғыдай болмайды енді.

Есептеп мал санағын алды дейді,
Бала санын қағазға жазды дейді.
Баяғы еркін жүрер кездер қайда,
Бір қырсық замананы шалды дейді.

Шерленіп толғады ақын көз көргенін,
Осындай сұм заманға кез келгенін.
Адамдардың көрді ақыр пиғылынан,
Замананың осылай өзгергенін.

Мұсылман қарамға үйір болды дейді,
Көбейді араздасқан сорлы дейді.
Ерден ұсқын, қазанның құты кетіп,
Бір қырсық бізді аямай шалды дейді.

Киімі бөлек тыртиған, діні бөлек,
Басшы боп билік айтар күніне кеп.
Ел еңсесін аямай езіп түскен,
Діні бөлек адамның тілі бөлек.

Салтанатты ел бір күнде тозды дейді,
Тексізден туған басшы болды дейді.
Жаға ұстап таңырқап жүрген кезде,
Бір пәледен мың пәле қозды дейді.

Заман солай қоясың сұрақ кімге?
Шағым айтып барасың жылап кімге?
Дәулетінен айырылған қалың қазақ,
Құл болып шыға келді бір-ақ күнде...

Дәрмен жоқ іштен тынып, қаны қайнап,
Тозғанын көзбен көрді ауыл-аймақ.
Ақынның түн ұйқысы төрт бөлінген,
Ұрпағының ертеңгі қамын ойлап.

Туылған Қара бауда есіл Мұрат,
Осылай толғау айтып көсілді ұзақ.
Жалғыздың үні қайда жете қойсын?
Үйінде көлдетеді жасын Мұрат.

Тарихты ұшан теңіз білген Мұрат,
Өлеңге жастай құлақ түрген Мұрат.
Бір бастаса тоқтату қиын болған,
Сөйлейтін жәрдем алып пірден Мұрат.

Айтыстың неше түрін көрген Мұрат,
Барығын қарсыластың жеңген Мұрат.
Кейінгі ұрпақ көретін тауқыметті,
Кең сарай кеудесімен сезген Мұрат.

Қайғысын бар қазақтың толғап өткен,
Орысқа нәлет айтып болған өктем.
Осынау азат күнде жасап жүрміз,
Жетуге Мұрат ақын арман еткен!

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ.

ҚАРТТЫҚ ШАҚ 

Ақынды пірі демеп шалғай жақтан,
Сөзден теңіз сапыртқан, айғайлатқан.
Қатын бала қамы емес, ер жігітке,
Ел мен жердің тағдыры қайғы ойлатқан.

Қайғы ойлатқан еріксіз қалжыратқан,
Басып еңсе, иығын салбыратқан.
Бостандығын алған соң Орыс билеп,
Отызында ақынды зар жылатқан.

Төтей алмай дұшпанның көп күшіне,
Бағынды. Түсті сонсоң тепкісіне.
Еріксіз отыз жаста қартқа айналған,
Қарамай алпысыңа, жетпісіңе.

Жинады көкірегіне шер мен мұңды,
Ақтарды удай ащы ермен жырды.
Рухың қолдап тұр ма екен абыз ақын,
Еліңе шын бостандық келген күнді.

Білімге жетсем деген ұлы арманы,
«Білмеген жан қор болып өтеді» деп,
«Оқудан қайтқан ұлға» жыр арнады.

«Білгенінді ұлтыңа арна» деді,
«Үйреніп қатарыңнан қалма» деді,
«Білгенменен етпесең ұлтқа қызмет,
Ол білімнің қажеті бар ма?» деді.

«Оқудан қайтқан жігіт» ең сенгені,
«Ел білімді болғанын көрсем» деді.
Жоқшылық пен заманның кесірінен,
Алыстап кеткен күнге кемсеңдеді.

«Оқудағы балаға хат» та жазды,
Келешекке өлеңмен дат та жазды.
Ақынның абыз болып кеткен күні,
Отыз, қырық жастардан басталады...

Жырлады Керей менен Жәнібекті,
Тарихты ой көзімен шолып өтті.
Ақтарды бүгінгісін, кешегісін,
Қиялы бес ғасырдан ары кетті.

Өлеңге жеті жастан барып еді,
Есет биден көп тәлім алып еді.
Жалғыз өзі тарих оқулығы,
Жалғыз өзі сол кездің жәдігері.

Айтты елге ұшан-теңіз ақылын да,
Берген соң таудай талант асыл ұлға.
Ұрпаққа етті аманат аман-есен,
«Қырымның қырық шақты батырын» да.

Қазтуған кім екенін біз білмес ек,
Ұрпаққа болды мұра бұл бір кесек.
Мұрат ақын болмаса Қазтуғанның,
Өлеңдерін білуге үлгермес ек.

Бабалар мақтанышым, жыр етерім,
Еріксіз жырдың құсын түлетемін.
Мұрат ақын болмаса кім айтады,
Біздерге Шәлкиіздің кім екенін?

Халықтың данышпаны, кемеңгерім,
Өлеңнен маржан салған терең көлім.
Мұрат ақын айтпаса кім жеткізер,
Біздерге Махамбеттің өлеңдерін?

Айтқан жыр жұлдыз болып жамырады,
Ішінде бар өлеңнің жаны, нәрі.
Мұратқа разы еді Қазақ түгіл,
Бір ұлыс Ноғайдың да аруағы.

Жыр етпеді қазақтың қай даласын?
«Үш қиянын» алысын, айналасын.
Көп батырдың санынан жаңыласың,
Қасиетінен қазақтың айналасың.

Ақынмен бірге ертеңге аттанасың,
Айырасың өмірдің ақ-қарасын.
Жер аттарын тізбектеп тауыса алмайсың,
Сондай елің болғанға мақтанасың.

Аман болсын «Үш қиян», Үш Арысым,
Олар аман болмаса құсалысың.
«Нағыз ақын қандай» деп сұрағанға,
Жаратқандай Мұратты мысал үшін.

Қазаққа мәңгі азаттық бұйырғанда,
Желкесі бодандықтың қиылғанда.
Тарыдай шашыраған қандастарым,
Жамырап бір арнаға құйылғанда.

Көздің жасы шаттықтан ағылғанда,
Көктен сұрап, ол жерден табылғанда.
Қан шапқылап тамырда Құлагердей,
Қуаныштан жүректер жарылғанда.

Тұлпар менен дүлдүлдер жағаласып,
Өзендер мен бұлақтар араласып.
Қайың менен шыршалар құшақтасып,
Қыраттар мен белестер салаласып.

Таулар менен құзарлар иықтасып,
Тай жарысып құлынмен тиіп-қашып.
Гүлдер менен күлтелер бас изесіп,
Жел мен самал жүздерден сүйіп қашып...

Көздер менен көңілдер жолығысып,
Қалжың менен әзілдер жаңылысып.
Шара толы қымызын бейбіт күннің,
Кезек-кезек қолға алып қанып ішіп.

Қазақ іске асырып ойға алғанын,
Алаң көңіл ақыры жайланғанын.
Мұрат ақын тіріліп көрсең еді,
Бір керемет қазақта той болғанын!

Өзің бастап тәңірге сыйынғасын,
Еншімізге мәңгілік бұйырғасын.
Тәуелсіздік аталған мынау тойдың,
Дастарханы білерсің жыйылмасын!

Өткен шақты тұрғандай көзім көріп,
Кейде осылай шарқ ұрам сезімге еріп.
Бүгінгінің жиылып бар ақыны,
Айтса деймін бір толғау өзің болып.

Кеудені қуаныштан ән кернейді,
Мұндайды тек іші тар жан көрмейді.
Мұрат ақын қарт болып қала бермек,
Елге ақыл айтқан адам мәңгі өлмейді!

Жақсылар жаманға ұқсап күнде өлмейді,
Сөз қалдырған ақындар мүлде өлмейді.
Аз да емес көп те емес Мұрат ақын,
Бір жасын пайғамбардың сүрген дейді.

ЖЕТІНШІ БӨЛІМ

ҮШ ДОСТЫҢ СЕРТІ ЖӘНЕ СОҢҒЫ САПАР

«Үш қиянның» қонысы тарылғанмен,
Ел шығатын жол таппай сабылғанмен.
Бәрібір ән айтылып, күй шертілген,
Өкпесі зұлымдықтың қабынғанмен.

Шын қыран жоймақ емес қыран атын,
Тоғыз күн алмасаң да томағасын.
Өлеңмен шерді іштегі төгу үшін,
Аралап жүреді ақын ел арасын.

Ортақ ед ақын жыры бар адамға,
Ерінбей айтып берер қалағанға.
Ол өмірді байлықпен өлшемепті,
Досы бопты биден де, қарадан да.

Аты Шолақ болғанмен өзі дарқан,
Би дос болған ақынмен назар салсаң.
Сәпидің Бейсені атты делбеші дос,
Үшеуін аздырмаған дүние-жалтаң.

Ел аралап, сауықпен күн кешіріп,
Іңірде айтқан әндері түнге сіңіп.
Үшеуі серт байласқан көрінеді,
Басына құм төбенің бірге шығып:

«Тұлпардай тыпыршыған, ойқастаған,
Өлеңменен жұртына ой тастаған,
Мұрат ақын өткенін білер ме жұрт,
Сері боп талай жерде той бастаған.

Көркі едім атқан таңның, батқан күннің,
Дерті едім бірегей батпан мұңның.
Талайын сұлулардың көзбен көріп,
Тойбастар айтып өзім аттандырдым.

Сойы едің ақынның арқадағы,
Баста деп қалың елім қолқалады.
Қол жетпейтін арманға жыр арнатып,
Жазалап жатқандығын байқамады.

Айтылмай талай сөзім ішімде өлген,
Менімен сырлас болдың түсінгеннен.
Шолақ би, би ішінде адамы едің,
Ішінде талай жұрттың кісім көрген.

Жан едің ойы озық мына жұрттан,
Жанымыз үндесер деп шырамытқам.
Жаратқан жар болса екен Бейсен бауыр,
Қызмет қып біздерге құрақ ұшқан.

Қадырың жаннан артық білінгесін,
Серттесіп қабылдайық бүгін шешім.
Жатайық өлген соң да бір төбеде,
Мәңгілік достық жібі үзілмесін....

Жыл өтіп жыл артынан тізбектелсін,
Жарсуат талай қыс пен күзді өткерсін.
Біздерді есіне алса кейінгі ұрпақ,
Бір емес үшеумізді іздеп келсін».

Деген серт жүректерде жатталыпты,
Шолақ би ерте өмірден аттаныпты.
Бұрынғыдай қызмет қып Бейсен бала,
Екеуінің соңында қап қалыпты.

Қысқанда асау шабыт неше күннен,
Ұйықтатпай жұлып алар төсегінен.
Сонда ақын ел аралап кетеді екен,
Аулақтау дүниенің есебінен.

Жаманды айбарымен құлататын,
Жырымен бес ғасырды жылататын.
Ары қарай жазу маған ауыр боп тұр,
Ел кезіп жүре тұрсын Мұрат ақын!

Сұңғыла ақын өлерін білген дейді,
Аралап Дендер жұртын жүрген дейді.
Дәтке қуат болатын жалғыз нәрсе –
Ақын өлсе өлеңі бірге өлмейді.

Тап болып сұм заманға ел күтпеген,
Ақынды тек қайғыдан сергітті өлең.
Дендерде бір ауылға түскен дейді,
Жайықтың жағасында Өрлік деген.

Өрлікке өршіл ақын келген дейді,
Ақын өлең айтпасқа ел көнбейді.
Ас соңына қарамай тез аттанған,
Бір жамандық болғанын сезген дейді.

Дертпенен әлі жетпей алысуға,
Жетіпті көрші ауылға жан ұшыра.
Қырдағы Мәмбет деген ауылдағы,
Қармыстың Шалдасы атты танысына.

Қайран ер аттан зорға түскен дейді,
Бір зауал бүріп барад іштен дейді.
Қырдағы елде дәрігер болсын қайдан,
Жаудырап қарағанмен түк те өнбейді.

Қашан ғана табылған көңіл емі?
Түсінер ме жақсыны төңірегі?
Бір адамның жарқырап жүргендігі,
Кей адамға артық боп көрінеді.

Мін тағады сонан соң жамандайды,
Күндейді кеп, тыныштық таба алмайды.
Қарағайды көре алмай құлатқанмен,
Томар өсіп қарағай бола алмайды!

Мақтануға жарамай шын жақсымен,
Жеңіл күлкі дүрмек пен құрғақ сүрен.
Ақын астан ұшынып іші ауырған,
Табылмапты дәрігер қылмақ бір ем.

Қара бау қалған екен жырақ тіптен,
Алаңдап Дендер жұрты құлақ тіккен.
«Төте келген аурудың беті жаман»,
Деп әлсіреп, күш кетіп, құлап түскен.

«Қара бау, қарашығым, қайран елім,
Бала боп ойнап, салған сайран елім.
Қоғалы даласына жылқы өргізіп,
Жүзімді көл суына шайған елім.

Көре алман енді тірі жырақ нешік?
Жатыр ма киіктері шұбап көшіп?
Жануар атаулының ең сұлуы,
Тұр ма екен жылқылары суат кешіп?

Сезімтал қарагер ат келер ме екен?
Сезініп жатқандығын қуат кетіп.
Ащысай сен аңырап қалармысың,
Алпыс жыл ғұмыр кешкен Мұрат кетіп.

Сөз тиді ме әлде көз тиді ме екен?
Өрт болып асқазаным күйді көкем.
Үш қиянның даласын, атырабын, 
Бұрын біреу дәл менше сүйді ме екен?!

Арнадым еліме өлең тыным көрмей,
Не жаздым жазық жерде сүрінгендей?
Түгендеп Үш қиянды айтар едім,
Барады барған сайын күйім келмей.

Осымен өкінішпен мен өлем бе?
Қапы қалған Махамбет, Төлеген де...
Жалғанда жалғыз мінім бар болса егер,
Өлгенше ғашық болдым мен өлеңге!

Бір дәурен шалқып өмір сүрген едім,
Түгендеп бар-жоғымды жүрген едім.
Сұм жалған өтеріңді білсем-дағы,
Осылай кетерімді білмеп едім.

Билер деп мынау жерді кім көрінген,
Көзімнен алты жаста мұң көрінген.
Алпыс жылғы запыран ішімдегі,
Ақыры тесіп шықты бір жерімнен.

Хош далам!
Бір перзентің құрбан болды,
Бұл жалған кетерінде жылдам болды.
Жұмбақ болып ажалым кетіп барам,
Астан болды немесе судан болды....

Бүрісіп тік тұлғамды орақша идім,
Дертімнің кеспіріне қарап түйдім:
Ер жігіт айнымайды берген серттен,
Қасына дамылдайын Орақ бидің».

Мен емес.
Мұны айтқызған айыпты өлең,
Егілді Еділ бірге жайықпенен.
Жерледі жұрт ақынды Жарсуатқа,
Жайықтан өткізіпті қайықпенен.

Аяқтау қиын болар бастағаннан,
Бір сәтте құлағандай асқақ арман.
Жыр жазған бір ұрпақты кешір бабам,
Еріксіз екі көзін жасқа малған!.....

СЕГІЗІНШІ БӨЛІМ

ӨЛЕҢНІҢ ЖЕЛІ
Ертеңге жалғау үшін бір үмітті,
Желге айналып тіршілік тіріліпті.
Жер бетіне бір тірлік келгендігі,
Сәбидің жылауынан білініпті.

Бала дауысы өмірге ой салыпты,
Күлкісінен мына әлем жайқалыпты.
Тіршіліктің жалғасып жатқандығы,
Тынысынан сәбидің байқалыпты.

Жел солай тоқтамауға күресіпті,
Талпынып сәбименен бір өсіпті.
Аяғын апыл-тапыл басқан кезде,
Қалмастан жүрісіне ілесіпті.

Бірде бөркін баланың ала ұшыпты,
Жел үнімен бала да танысыпты.
Сары жазықта жүгірсе қой соңынан,
Ажырамай бір елі жарысыпты.

Күндер зулап, жылдар да алмасыпты,
Қарабауды сан мәрте қар басыпты.
Бала тартып ат жалын мінген кезде,
Жел де аттың жалына жармасыпты.

Қиналса да ол өмірден суынбапты,
Ақын деп ел мен жұрты шуылдапты.
Қарагермен құйғытып Мұрат өтсе,
Жел де қалмай соңынан зуылдапты.

Ол кейде желді ырқына көндіретін,
Аяңдап жалынын сәл сөндіретін.
Мұраттың қайда барып қайтқандығын,
Бір білсе жер бетінде жел білетін.

Ақынның кезі аз-тұғын маздамайтын,
Бүгін менен өткенді қазбалайтын.
Желдің өті ақынның ішінде еді,
Сөйлесе отыз тістен сөз борайтын.

Шабыттанып жүздері лапылдайтын,
Сөз бораны түн ұзақ басылмайтын.
Барыңды да жеткізіп айтатұғын,
Жоғыңды да бетке айтып жасырмайтын.

Сөзімен талайларды еңсеретін,
Қамыс түгіл қара нар теңселетін.
Жыласа ақын жұрт бірге күрсінетін,
Сөзінің расына ел сенетін.

Өрлікте Мұрат астан ұшынғанда,
Мәмбетте сөзге келмей қысылғанда.
Іштегі жел шыға алмай шыр айналды,
Әлі жетпей сөз боран ұшырғанға.

Бір төгіп запыранды өлсем деді,
Тегене беріңдер деп кемсеңдеді.
Соңғы рет бір тегене көбік құсты,
Көзімен көргеніне ел сенбеді!

Өтті ақын.
Жиылған жұрт егіледі.
Өкініш өзектерді кеміреді.
Қарт сонда «Қараңдаршы көбік емес,
Бұл деген қара өлеңнің желі» деді.

Сұм жалған бірер сәтке тұрақтай ма?
Енді ақын бізден мәңгі жырақтай ма?
Ағыл-тегіл бізге енді өлең қайда?
Енді бізге дариға-ай, Мұрат қайда?!

Ажалға ешкім айла таба алмады,
Ақынды ешкім алып қала алмады.
Жел оны ғарыш жаққа тік көтеріп,
Өлімін алты алашқа хабарлады...

Аяқтау қиын болды Мұрат жайлы,
Үмітке айналар ма бірақ қайғы.
Мәмбетте сөздің желі қалып еді,
Білмеймін енді кімге тұрақтайды?!

1969 жылы ҚХР, ШҰАР, Іле қазақ облысы Күнес ауданының Шалкөде деген жерінде дүниеге келген. 1990 жылы Іле педагогикалық институті тіл-әдебиет факултетін бітірген. Пекиіндегі Лу Син әдебиет институтында білім толықтырған.
«Ақсақ бөрі» (2004-жыл, Астана, «Ел Орда» баспасы), «Ай бетіндегі ауыл» (2008), «Күлкінің құлагері» (2010), «Аққудың көз жасы» (2014), «Қытай қазақ ақпарат-баспа сөзінің қысқаша тарихы» (2014), «Қарқара қасіреті» (2015)  сияқты өлең, қара сөз, монографиялық кітаптардың авторы.
«Хан-Тәңір әдебиет-көркемөнер сыйлығының», «Қазақ-қырғыз дүлдүл әдебиет сыйлығының» иегері. Ел іші-сыртындағы көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. 
Қытай аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, Шинжияң жазушылар қоғамының, Іле қазақ облыстық жазушылар қоғамының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

ТАБЫНАРЫМ - ТАҢЖАРЫҚ, СИЫНАРЫМ - ҰЛЫ АБАЙ 

1.    БАСТАУ. БАҚАШЫ . БОПАЙ САЙ

Бір қыз бар Орынборда аты мәшһүр,
Тыңдасын құлақ түріп кәрі-жас бір.
Кең Жылыойдың көркем бір перзенті екен
Әбілқайырдың ханшасы  Бопай - қасқыр.
Тыңдасаң дала - дастан шежіресін,
Сай - сүйегің сырқырап егілесің.
Бабалар рухынан қуат алып
Биік болып өзің де көрінесің.
Естілердің есті сөзі құлағымда,
Бопай аты жаңғырып тұрады да.
Қолының табы қалған, ізі қалған
Орынбор, Елек бойы , мына құмда.
Өткен күннің өшпейді жалын әні,
Болған соң мән-маңызды мағыналы.
Туған жердің жусаны жылда көктеп
Бопайдың салған әнін сағынады.
Қыз бақытты тартып туса атасына,
Көтерілді Кең Жылыойдың жотасы да.
Бопай ханымның бір уыс топырағы
Жерленді туған жері Бақашыға.
Келбеті көне аңыздай көркемделген,
Келелі оймен келешекке желкен керген.
Саясаткер, мәмлегер Бопай сөзі:
«Ел өсер, қанат жайып өркендеумен».
Халқына қанат болған самғарында,
Ақыл-оймен барлады жан -жағын да.
Қиын-қыстау кезеңде ел тағдырын
Бұрым қылып жалғады арманына.
Алла сүйген пенденің танымы көп,
Ойлайды ел: кісіліктің қалыбы деп.
Алыс-жақын құрметтеп қадір тұтқан
Әбілқайырдың ақылды ханымы деп.
Сол Бопай, аңыз Бопай, Бопай жайы,
Қараңғыда халқының болған айы.
Ыңылдап мұңды күйді шертетіндей
Орынбор, Електегі Бопай сайы.
Бұзды ма төңіректі тосын ырғақ,
Күрсінгендей тал-терек басын ырғап.
Бопай ханым кесенесін бұзып тынған
Мұжықтар «пеш қылам» деп тасын ұрлап.
Текті ұрпағы іздейді қара да тұр,
Сан тарихқа көз болған дала - батыр.
Кесенеңнен бір белгі қалмағаны-ай
Топырағың тегістеліп бара жатыр.
Заман желі сан түрмен құбылады,
Бопай едің шуақ шашқан шұғылалы.
Келер ұрпақ тарихтан сыр ақтарып
Сенің әзиз жаныңды ұғынады.
Құлақ қойып қанықсаң жайға мына,
Қол-аяғың тұрғандай байланып, ә?!
Бопай сайға бұл күнде бару қиын
Айналғасын әскерилер айлағына.
Жырлаймыз моншақ тізіп жанарларға,
Күштіміз қолға ұстар қалам барда.
Бопай ханым сүйегін ардақ тұтып
Туған елге әкелер шамаң бар ма?
Кең даланың қастерлеп қасиетін,
Бопай ханым тұлғаң ғой бас иетін.
Әлпештеп балдырғанның жас үмітін
Тасқа жаздық бабалардың өсиетін...

2.    ҚОЛ МЕН ЖОЛ
Саралап сан тарихтың күйін ұқтым,
Күрмеуін шешкен талай қиындықтың.
Бұл Бопай емшілігімен аты шыққан
Қызы екен Адай батыр Сүйіндіктің.
Емдеп жазған аяғы ақсағанды,
Сипалап ұшықтайды қақсағанды.
Жанына қуат берген бір құдырет
Іздейді тарыққанда жақсы амалды.
Қиылған қас, ботакөз, қаймақ ерін,
Бір өзіндей перизат қайда керім?!
Мейір мен жылылыққа  бөлеп жүрді
Бопай қыз қасиетімен жүрген жерін.
Сырқат көрсе кетеді қан атойлап,
Алғандай жүрегіне шала байлап.
Түс кезі. Киіз үйге кіріп келді,
Ағасы Мырзатай батыр:
«Қайдасың, а, Бопайлап!».
Күткендей ауыр салмақ бір сын алда,
Дегендей: Жәрдемің бер! Үміт жалға!
Мырзатайдың  қолында сұлқ жатыр
Ат жақты , келісті жігіт,
Бұл кім өзі?
Адам білмес мұңы бар ма?
-Жан емеспін ертеңге бал ашыған,
Қан ағады қолтықтағы жарасынан.
Аттан оңбай құлаған байғұс сынды
Тауып алдым Жем өзеннің жағасынан.
Деп Мырзатай осылайша айтты сырды,
Жиналған көп Бопайға бетін бұрды.
Ес-түсінен айрылып жігіт жатыр
Бар денесі қалшылдап ару тұрды.
Ойланды  жүрегінің демін басып,
Кеткендей тұла - бойдан сұсы қашып.
Жігіттің самайына қол тигізді
Түсінбей өзін өзі қатты сасып.
Сағат жылжып, таң атып, күн батады,
Күңірентіп қобыз үнін тыңдатады.
Жігіттің көзі жұмық тынысы әлсіз
Дем салған Бопай шомды мұңға тағы.
Өмір менен өлімнің арпалысы,
Дүние - ай, азабыңды артамысың?
Дерттінің дертіне дауа іздейді
Бопай қыз бар қуатын сарқа күшін.
21 күн, 21түн ойлады ауру қамын,
Алақанынан төгілер іштен жалын.
Кенет жігіт талықсып үн қатады:
Сипашы маңдайымнан, тағы жаным.
Кетпеші, аялашы тағы осылай,
Жанымның  қиналысын табасың-ай.
Қолыңның жылуын –ай ,жұмсағын-ай
Бойыма қуат сыйлап барасың-ай.
Қыз үнсіз. Жанарынан жас төгілді,
Жастық-ай, қызулық-ай мас көңілді.
Жігітке жігер бітіп күннен күнге
Емші қолдың қасиетінен мұң жеңілді.
Батыр жігіт жарқ етіп көзін ашты,
Жанарынан жарқыл от-жалын шашты.
Өткір көзі өңменінен барады өтіп
Тіке қарау қыз балаға жарамас-ты.
Қыз шегінді артына төмен қарап,
Қайта-қайта қадамын іштей санап.
Дүрс-дүрс еткен жүрегі жарылардай
Оттай жанып маңдайы, тіл мен тамақ.
22-күннің атқанда таңы жарық,
Тіл күрмелді...
Көз, Жүрек  сүйіп қалып.
Киіз үйдің ішінде екеу тұрды
Сезімдерге арбалып күйіп-жанып...
Асылы ма, көп ішінен таңдағаны ?
Бар ма әлде іштей бір ойлағаны ?
Ұсынды қыз кестелі орамалын
«Орамал тон болмайды, жол болады...»

3.    АТ ПЕН ЖАҚ
Сүттей аппақ таза ғой таңның әні,
Табиғатқа байлаулы жан құмары.
Әбілқайыр дертінен айыққанмен
Ғашықтықтың дертіне шалдығады.
Құмарлық па көңілде көз ілмеген?
Ғашықтық па, мұндай күйді сезінбеген.
Бопай қызға жіпсіз -ақ байланғандай
Жүрегі бір ғаламат сезімменен.
Аһ ұрып оңашада мұңаяды,
Қиялы озып тұрса да қиядағы.
Сүйгенін алып қашып кетер ме еді
Қай Адай қызын берсін ұядағы?!
Өмірдің тұзы кермек , балы тәтті,
Бопайдың бар мінезі жанға жақты.
Жасырып тегін, даңқын, сұлтандығын
Бақташы боп Сүйіндіктің малын бақты.
Әбілқайырдың бұл іштей шешімі еді,
Не үміті орта  жолда кесіледі.
Сүю деген адамдық қасиет қой
Не сенімі биікке өсіреді ?!
Күндер өтті дөңгелеп күліп қарап,
Асау сезім оны кім құрықтамақ?!
Әбілқайырдың көңілін ән тербейді
Айналасы өнерін қызықтамақ.
Өзі- көркем, сөзі- нық, күші-мықты,
Бақташы емес, батыр деген аты шықты.
Бүкіл ауыл Әбілқайырды жыр ғып айтып
Беріп жатты кезектесіп ерулікті.
Жанына жамандықты бойлатпаған,
Әр сөзін күмістейін салмақтаған.
Бопайдың жүрегі аттай тулап кетті
Демей ме,
«Ел мақтаған жігітті,
Қыз жақтаған!».
Қыз көңілі өзіне құлағасын,
Қалайша дәрмен етпей тұра аласың?
Атастырған жері бар, байлаулы бас
Жолын тапсаң үдеден шыға аласың.
Әбілқайыр сан түрлі ойға кетті,
Қиял - арман, мақсаты шарлар көкті.
«Бопай қызды аламын, алмай кетпен»
Деген бір Сүйіндікке хабар жетті.
Сүйіндік таңданысын жасырмады:
Бұл жігіт бақташы ғой қосындағы.
Өрлігін қара мына пәтшағырдың
Қалың малың жетер ме басыңдағы?!
-Жігітім, шарт қоямын нағыз ерше,
Оған сенің дәулетің, әлің келсе.
Алдыма ала аяқты 90 күрең,
Ақсұр 60 атты айдап келгін.
Қалың малы Бопайдың осы көнсең.
Саған айтар шартым жоқ бұдан басқа,
Ата сөзін айтпас ем тіл алмасқа.
Аттан құлап тағы да жүрмегейсің
Тіл-жағына сүйенген өй ,бір қасқа!
Әбілқайыр намыстан күйіп жанды,
Қолы қысқа ұғынар қиын халді.
«Әкелем» деп күреңді, ақсұрды да
Тілек тілеп Құдайына сыйынған-ды.
Достық деген көпір ғой ұлы көште,
Жігіт сөзі - ер сөзі бір емес пе?!
«Ер мұңын ер түсінер» деген бар ғой
Жәнібек батыр қалқан боп тұр емес пе?!
-«Әбілқайыр! Дос деп сені таңдағанмын,
Қиналғанда демейтін жан болармын.
Қиналма, сүйгеніңе қосыларсың
Ала аяқты 90 күрең,
Ақсұр 60 атты
Үйірімнен таңдап алғын».
Ер Сүйіндік сөзінде тұра алады,
Әбілқайырдың өрлігін сынағаны.
Ат пен жақ аңыз болып кеткен екен
Аңыз –жыр боп тербеткендей бұл араны...

4.    БАҚ ПЕН ТАҚ
  Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы Ордабасындағы  халық жиналысында  Әбілқайыр  қазақ жасақтарының  бас қолбасшысы болып сайланды. Бұланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729-1730) жоңғарларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілеті ерекше көрінді.  Әбілқайырдың жүргізген саясаты қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы жолында маңызды рөл атқарды. 
                                                   « Қазақстан тарихы, Алматы. 2010 ж.


Алтын табақ күн көкте дөңгеледі,
Қос жүректі қуаныш тербегені.
Жөн-жоралғы, бата-ырым салтын жасап
Бопайдайын сұлуды ап елге келді.
Өмір-өзен сан түрлі ағысы бар,
Жақсылыққа жандар ғой жаны құмар.
Шаңырағына шаттық боп шуақ шашқан
Бопайдың құт болғаны бағы шығар.
Қолбасшы боп ту көтерген қалың көптің,
Кеудесінде ойнайды дауыл - екпін.
Әбілқайыр жетінші ұрпағы еді
Ең алғашқы хандық құрған Жәнібектің.
Ел іші. Қазақ жаны торыққанда,
Нағыз ерлер қиындықтан қорыққан ба?
Әбілқайыр кең ойлайтын кемеңгер-ді
Батырлықпен аты шыққан жорықтарда.
1710 жыл. Бұл тарих таңбаланған,
Қызу Кеңес жүреді ордаларда.
Әбілқайырды Кіші Жүз хан көтерді
«Алтынның қадірі бар» деп қолда барда.
Тақ деген елдің күші, жердің демі,
Тақ деген билік пенен сезім селі.
Тақ деген таңғажайып гауһар тастай
Жалт - жұлт етіп көрінер көзге өңі.
Хан біткеннің жыры көп, сыры көп-ті,
Тарих -көшке бірі кеп, бірі кетті.
Тайғақ кешу тар жолда  адаспасаң
Тақ деген құрметті де құдыретті.
Әбілқайыр көңіліне кір жасырмай,
Ақылдасты Бопаймен сырласындай.
Хандықтың хал жайынан хабар айтып
Мәселенің түйінін түйді осылай.
«Әйелімен ақылдасқан қандай қылық?»
Деп еді кейбіреулер маңдайды ұрып.
Қызылқұм. Құрылтайға-
Бопайды алып барды
Көргенді, естігенді таңғалдырып.
Бопайдың зеректігі серік жанға,
Әбілқайыр мұңға батып ойланғанда.
Жан жағыңда жауың көп анталаған
Торына түспейтұғын айлаң бар ма?
Қалмақ , жоңғар , ордалы орыс та үстем,
Сақтау керек жеріңді айла , күшпен.
Ел тағдыры сынайды ер тағдырын
Сарыуайым кез болса сарқып іштен.
1748 жыл . Маусым айы Кеңесінде,
Кіші Жүз ,Орта Жүз келді кеңесуге.
Ханнан соң Бопай ханым сөз алады
Айтқан сөзі хатталды, ел есінде:
«-Бейбіт өмір халықтың жыры емес пе?!
Келісіммен ірге берік тұр емес пе?
Халқының қамын ойлар хан тілегі
Сіздердегі тілекпен бір емес пе ?!
Суықты да, ыстықты көргеніміз,
Жетпей ме бәрімізге кең жеріміз?
Осы елдің амандығы, тірлігі үшін
Бір емес, үш ұлды да аманаттап
Кезекпенен Ресейге бергеніміз.
Уақыт қатал. Жол тайғақ. Қазақ жалғыз,
Елдің мұңын ұқсақ деп жүрген жанбыз.
Ағалар! Ардақтылар! Жиналған көп
Шашылсақ жоқпыз да, 
Жиналсақ бармыз!
Кесірлік келе алмайды келісімге,
Алауыздық  дау туғызар ел ішінде.
Ақыл менен мінезің қайрат болса
Оқу-білім көтерер өрісің де.
Мұндай шақта алайық қалай тыным?!
Сөз айтайық кәдеге жарайтұғын.
Ханның сөзі айбарлы болғанменен
Жылуы бар бәріңе тарайтұғын.
Келісіп пішкен тоның келте болмас,
Ойсызға ойлы адамның сөзі қонбас.
Осы еді  ғой айтарым баршаңызға
Жазында қам ойлаған қыста тоңбас».
Мөлдіреп екі көзі тостағандай,
Жарқ етті де таңырқатты ақша маңдай.
Жиналған көп бастарын шұлғи берді
Бопай ханым сөздерін қоштағандай.

5.    АНА МЕН ДАЛА

 Бопай ханымның орыс патшайымдары Анна Иоанновнаға, Елизавета Петровнаға, елші А.И.Тевкелевке, Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевке, канцлер А.П.Бестужев -Рюминге жазған хаттарынан оның мәмлегер, саясаткер екенін аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин : «Бопай ханым өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл  Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті .Әдетте әйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай ханымның жеке мөрі болған. 1731 жылы А.И. Тевкелев бастаған патшайым Анна Иоанновнаның елшілігі келген кезде, Бопай бірінші болып өз мөрін басқан еді »-, деп жазды.
                                         «Қазақстан тарихы», Алматы. 2010 ж.

                                          ***
« ...Еліміз бұрын болмаған орыс патшасының рақымына қол жеткізу нәтижесінде біріншіден, тыныштыққа қол жеткізді. Екіншіден, ешқандай сыртқы жау енді бізге батылдықпен шабуылдай алмайды.»

                                 Бопай ханымның 1748 жылы маусымдағы  
                                          Ел  кеңесінде сөйлеген сөзінен.

Дала - тарих, дала - сыр, дала - аңыз,
Даладай дархандықты сағынамыз.
Даланың өз заңы бар тасқа жазған
Құпиясы құм астында қалды нағыз.
Ақиқат бар өткеннен көнермеген,
Тарихын қаза берсең тереңдеген.
Ақ жаулығы желбіреп ар туындай
Ана -Дала  жүрегі елеңдеген.
Әйелді көнбіс десін, сенгіш десін,
Нағыз әйел кең ойлар, кең пішкесін.
Аналар бар ел ісіне араласқан
Ақыл- ойы ерлермен тең түскесін.
Бағаласаң, әйел - күш, әйел -дана,
Жарасқанда бойында ой мен сана.
«Ханым» деген мәртебелі зор құрметке
Ие болған тарихта екеу ғана.
Екі тұлға заман - көшке көрік берген,
Тағдыр жүгін қамшы ғып өріп көрген.
Сол бір асыл - Шыңғыстың Бөртесі де,
Екіншісі - Бопай еді шыққан өрден.
Тектілік те зиялылық  деп аталған,
Бопай ханым ақылымен шын қаһарман.
Әйелдің теңдігі жоқ заманда да
Әбілқайыр, 
Ресми жиынына бірге апарған.
«Бопайдың мөрі» деген бар ғой жазбаң,
Қайраткер, мәмлегерлікпен төрге озған.
Орынбор ұлықтарына пікір қосып
Қос патшайым -
Анна мен Елизаветаға хат та жазған.
Орыстың небір ғалым, ұлықтары,
Бопайдың саясаткерлігін ұлықтады.
Қазақтың мүддесі үшін шешім тапқан
Шешендігіне таңдай қақты тынып бәрі.
Емші де өзі, бақсыдай киесі бар, 
Адам баурар қасиетін сүйесің- ау.
Бопай ханым Әбілқайырдың шамы емес пе
Сұңғыла терең ойдың иесі -жар.
Өзге жұрттар өзіңнен бұрын танып,
Қас-қабағын қимылын бәрін бағып.
Суреттейді осылай көрген жандар
Бопайдың табиғатына таңдай қағып.
Әйел даңқын жатқан соң халық танып,
Дүниені кетердей жарық қарып.
Салады Бопай ханым картинасын
Суретші Джон Кэстль де шабыттанып.
Бопайды көрген жандар таңғалуда:
«Бір жұмбақ, бір қасиет бар ма мұнда?
Айбар мен ақылдылық жасырынған
Сұлулық пен нәзіктіктің ар жағында».
Суретші ойын жазды қалам алып,
Бопай тұрды өзгеден дараланып.
1736 жылы салынған картинаны
Ғасырлар ғасырларға барады алып.
Дала- қасиет, дала-жыр, дала-мекен,
Қазақ үшін қасиет бар ма далаға тең?!
Дала үні. Ана үні. Бопай - үн ғой 
Ақ жаулығы ай астынан қараң еткен... 

6 . ОТ ПЕН ШОҚ
   «Пенде азды-көпті  тірлігінде артындағы  ұрпағымен де атын қалдыра алады. Бірақ, ондай ұрпақ жан-жануардан да қалмай ма?!  Кісінің атын мәңгі-бақи өлтірмейтін оның тірлігінде тапқан абыройы. Мен өз атымның осындай ұлы және даңқты елге де белгілі  болғанына шексіз қуаныштымын.»
                                                       Әбілқайыр хан
                         (С.М.Соловьев . Россия тарихы. 20 ғасыр, 1550  
                                                              ***
    « Әбілқайыр 1731 жылы  қазан айында Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Әбілқайыр Үш жүздің басын біріктіріп, өзі билеуді, хандықты мұрагерлік жолмен қалдыруды жүзеге асырмақ болды. Сөйтіп, ол жеке мүддесімен қатар халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты отарлау саясатымен ұштасып  жатты. Әбілқайыр Петербург сарайы мен Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Әбілқайыр ханның  Ресей патшайымдары  Анна Иоанновна мен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады». 
                                                              «Қазақстан тарихы». Алматы. 2010 ж.
                                  

Бұл  ғасыр қиын кезең қазақ үшін,
Жеріңе, еліңе де мазалысың.
Жан жақтан анталаған жауың болса
Түтіліп бордай кеміп тозамысың?
Қайрат - күшпен , айламен озамысың?!
Солтүстіктен - Сібір казак, башқұрттар салды ойран,
Батыс жақтан-Еділ қалмағы көтерілді қанат жайған.
Шығыстағы жоңғарлар алып күштей
Қазаққа қауіп төнді
Шығатын бар ма жолың?
Күшің, айлаң ?!
1726. Ордабасы. Құрылтайға ел жиылып,
Үш Жүзден бас қосылды төр бұйырып.
Қанаттасып, күш қосып бірге шаппақ
Ел үшін Аруақ деп бір сыйынып.
Құрылтай шешім алды қиын шақта,
Таудай қуаттымыз деп жиылсақта.
Әбілқайыр бас қолбасшы сайланғасын
Ерлер мінді елім деп асау атқа.
Қазыбек , Жайылхан би - ел мақтаны,
Ақыл - кеңес сөздерін салмақтады.
Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібектер
Көтерілді батырлар жан жақтағы.
Кең далада кескілескен ұрыс қызды,
Қазақтар қарсы жақтың шебін бұзды.
Әдіс-тәсіл, күш-қайрат жүрек керек
Әбілқайыр жауға қарсы жоспар сызды.
Білектер мен жүректер құдыретті,
Ой-саналы сезімдер сүйер көкті.
Қанша ай, қанша жылдар ертең үшін
Қазақтың ат үстінде күні өтті.
Қадірлер туған жердің ой-тасын да,
Ерлердің ер мінезін айтасың да.
 Әбілқайырдың даңқты қолбасшы аты шықты
Аңырақай, Бұланды шайқасында.
Әбілқайыр үш жүз қолын біріктірді,
Қалмақ жақтың көңіліне күдік кірді.
Жоңғарларға ойсырата соққы беріп
Қазақтың қазақтығын бір ұқтырды.
Өмір өтті ат жалында арпалыста,
Еділ мен Жайық үшін сан соғыста.
Әбілқайырдың қуатты сөзі қалған:
«Болса да қайғы көзім жас,
Жайықтан қазақ айрылмас!»
Тарау-тарау жол тұрар тірлігіңде,
Үні тұрар домбыра күмбірінде.
Ұлы күш боп біріксе жауға дәйім
Қазақтың қасиеті бірлігінде.
Әбілқайыр ел мұратын бағалаған,
Жан-жаққа көз жіберіп аралаған:
«Екі жол бар қазақта 
Басқа жол жоқ!
Хан шешімі осы деп саралаған.
Жасырғанмен жайыңды жең ішінде,
Тарылмай ма қауқарың өрісің де.
Төрт тараптан қаумалаған қалың жаудан
Сақтау үшін жеріңді, Отаныңды 
Ақ патшамен келу керек келісімге».
Ресей алып ел-ді кең қанатты,
Қыр басына ап келді салтанатты.
Әбілқайыр отарлық езгіні емес,
Бейбіт жолмен дамуды көздеп жатты.
Ұнамады кейбіреуге қылықтары,
Мінезі, ақыл - ойы, ғұрыптары.
Әбілқайыр ата салтын берік ұстап
Қазақтың қасиетін ұлықтады.
«Апырай, айлакер ғой өктем жанды,
Көргем жоқ мұнан өткен сұмдық ханды.
Ие болсаң қазаққа Барақ сұлтан
Айнымас достығымыз болар мәңгі!»
Деп генерал-губернатор Неплюев
Бараққа сыр айтқансып, алдап-арбап
Тіс қайрап Әбілқайырға айдап салды.                                            
Атар деп алдан күткен ақ таңы да,
Осы болды Барақтың тоқтамы да.
Жапан түзде жорытқанның жолын аңдып
Түсірді Әбілқайырды қақпанына...
Қызыл сөз, қызыл қылыш тот баса ма?
Барақтың жоғын айтып жоқтаса ма?
Ел сенбей әрі-бері сенделеді
Жинап алған төрт биі ақтаса да.
«Бар кінә Әбілқайырдың өзінде екен,
Екіұштылау сөйлеген сөзінде екен.
Бараққа қол батырған кезі бар-ды
Кінә менен күнәні сезін, көкем».
«Осы сөз!
Билердің нық шешім – байламы» деп,
Барақ елге кең қолтығын жайған жүрек.
Қателесті бірақ та бармақ тістеп
Ойламапты бұл жұртты айбарлы деп.
Ақиқатты айтпаса жай таба ма?
Дегендейін: Есіңді жи! Байқа бала!
Қазыбек би, Ер Есет пен Абылай сұлтан
Би кеңесін шақыртты қайта қарап.
«Өкпе-реніш бәрі де бекер еді,
Барақ айыпты , айыбын  көтереді.
Төрде отырған билер де бір ауыздан:
Осы» дейді шешімнің төте жолы.
Жалған дүние - ай!
Кең дүние –ай, қызыл-жасыл,
Бұл дүниеден өтті ғой небір асыл.
От пенен шоқ қазақтың кең маңдайын
Шарпып өтіп барады небір ғасыр... 

7. АҚ ПЕН ХАҚ
 «... Ақыл дегеннің өзі де әлсіз жеріңді білу емес пе?.. Ендеше мынау біреу біреуге көз алартпай тұра алмайтын заманда қазақты күш құтқара алмайды, ақыл ғана құтқара алады...»
                         Әбіш Кекілбаев «Елең-алаң» романынан 
 Он екі томдық шығармалар жинағы, 1999 ж, «Өлке» баспасы.

«Бұлттар, бұлттар қайда ауып барасыңдар?
Жандауаңа қандай ем табасыңдар?
Күйініп күрсінгенде үнсіз қалмай
Ақ нөсер боп төгіліп ағасыңдар.
Бұлттар- ай, жай-күйімді ұғарсыңдар,
Төбемнен биік қарап тұрарсыңдар.
Бопайдың зарын , шерін ұғайын деп
Мойныңды маған бір сәт бұрарсыңдар.
Көз жасым - нөсерлеткен сағынышым,
Көз жасым - бір Аллаға жалынышым.
Көз жасым – кеудемдегі көмбем еді
Өзегім өрттей  күйер жалын ішім.
Дүние - ай, жалғыздықтан жапа шектім,
Аспан жаққа шағынып зарым төктім.
Әбілқайыр жоқ енді қорған болар
Ала - құласы көп екен мына көптің.
Тұр Бопай! Есіңді жи! Қарап елге!
Уайым, қайғы-мұңға бара берме.
Әбілқайыр бастаған ұлы көшті
Жалғау керек қаймықпай қара жерде.
Жер деген қасиетті топырағым,
Үміт жалғап ақ таңды атырамын.
Нұралыны хан қылып сайлау үшін
Би - сұлтандар Кеңесін шақырамын».
Деп осылай  Бопай ханым шешім алды,
Бөріжүрек  отмінезді батыл жан-ды.
Ішкі –сыртқы жағдайды тез бағамдап
Алысқа көз жіберіп салмақтанды.
Бопайдың ақылы - ұста, жаны -терең,
Қазақтың маңдайдағы бағы дер ең.
Хат жазып бір мәмлеге келіседі
Орыстың патшайымы -
Елизавета Петровнадай  ханымымен.
«Ел алдында парыз бар өтелмеген,
Ел дегенде бел буып бекемденем.
Әбілқайырға кесене тұрғызбасаң
Ат құйрығын үзісіп кетем» деген.
Бопай сөзі ойлантты патша тағын,
Қыр мінезі болған соң отша жалын.
«Жасаймыз» деп сөзіне ден қояды
Сыйладық дер: «ел білер бақсы атағын».
Бопайдың жүрегінде ел жүретін,
Тыңдағанды ұйытып сендіретін.
Бір тылсым күш өн бойын билеп тұрар
Бір дүлей күш дұшпанын жеңдіретін.
Ел басына бұлт төнгенде ауық-ауық,
Келер деп бажайлайды неден қауіп.
Бопай ханым ақылы қалқан болды
Қиналғанда оңтайлы шешім тауып.
Көкейінде арман бар ойлар көптен,
Ел бірлігі үшін деп терін төккен.
Орынбор, Ақтөбенің іргетасын
Салуға  Бопай ханым ықпал еткен.
Бопайдың үш ұлы да темір қанат,
Хан көтерген үшеуін де жұрты қалап.
Нұралы ,Ералы, Айшуақ хан
Көздері – от , өздері -шоқ, сөзі-садақ.
Ізгілік пен адалдық бойындағы,
Ақ пейілі дастархандай жайылғаны.
Бопайдың қасиетті асыл қалпын
Алыс - жақын, дос, дұшпаны мойындады.
Даласы үшін  Бопай ханым мұңға батты,
Қара түнде ойымен шырақ жақты.
Ел тағдыры түскенде талапайға
Қызыл тілмен сөндірді жанған отты.
Бопай апа! Қымбатсың! Ардақтысың!
Халқыңның ақ маңдайысың!
Жүгіреміз жолыңды жалғау үшін.
Тебіреніп ,толғанып жырға қостым
Жеткенше бар дауысым!...

                        БОПАЙ ХАНЫМ ЖАЙЛЫ СӨЗ

Әбілқайыр  ханның  сүйікті жұбайы , заманында ел билеу ісіне араласып, данагөй ханым  атанып, аты  аңызға айналған Бопай ханымның  туған жері  Кең Жылыой.  Ресейдің Орынбор облысынан  Бопай ханымның  бір уыс топырағы  оның кіндік қаны тамған туған жері  Жылыой ауданы  Ақкиізтоғай  мен Құлсары арасында орналасқан  Бақашыға қойылды. Басына белгі орнатылды. Осы игілікті істің ұйытқысы болған «Ақмешіт –Бекет ата» мешітінің шырақшысы Ислам Мырзабекұлы.  Ислам ағаның бастауымен  Бопай  ханымның  өмірі  мен қызметін зерттеу мақсатында биыл  арнайы топ  құрылды.  Біз тарихымыздың көп тұсын жырдан, ақын-жыраулар поэзиясынан табамыз ғой. Біздің Жылыой жерінде
«Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең.
Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың,
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең» деген халық әні бар. 
Бұл ән Жылыойдың қызына деген құрметтен туғаны анық. Бұрын осы халық әнін естігенде «Жылыой аты неге алыстағы Орынбор, Тұзтөбемен ұйқасып тұр, араларында қандай байланыс бар» деп ойлайтынмын. Және де әннің үшінші, төртінші жолы да ойлантады. Мүмкін бұл ән Бопай ханымға арналған шығар? Солай болуы әбден мүмкін ғой. «Орынбор, Тұзтөбенің тұзына ұйқастырып» , «Ақтөбенің қызын көрсең таңғаларсың» немесе «Маңғыстаудың қызын көрсең таңғаларсың» деп неге айтылмаған ? 
     Ертеден келе жатқан дәстүр бар емес пе? Мысалы: Мұхаммед Хорезми , Хорезми ныспасы , Хорезмде туғандықтан фамилиясына теңестірілген жер аты. Арабтар Отырар қаласын Фараб деп атаған, Әбунасыр әл-Фараби деп аталуы да осы қалада тууына байланысты аталып кеткен. Махмуд Қашқари Қашқарда туып өскендіктен Қашқари деп аталып кеткен. Тарихта мұндай мысалдар көп. Бопай ханым туған жері Жылыой болғандықтан ,«Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең» деген сөз осыдан шыққан. Әбілқайыр ханның жұбайы, ақылшы ,сенімді серігі болған Бопай өз заманында алыс-жақынды түгел таңғалдырған адам. Ақыл-көркімен ғана емес, көрегендік, мәмлегерлік , ел басқару ісіне араласуымен. Әннің «Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең» деген шумағы ауыспалы мағынада айтылған. Бұл жай судан қайтқан қыз аяғының ізі емес, Бопайдың салған ізі, атқарған қызметі, өнегелі өмірі. «Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың» деген шумақтан таратар ойымыз: Әбілқайыр аттан құлап , ес-түссіз жатқан шағында Бопайдың ағасы Мырзатай тауып алып, Бопайға алып келеді. Бопайдың ешшілік , сынық салатын қасиеті болған. Әбілқайырды емдеп жазады. Осы оқиғадан кейін Әбілқайыр мен Бопайды тағдыр тоғыстырады. Әбіш Кекілбаев ағамыздың ата-бабасы бір замандарда Жылыой өңірін, Жем өзені бойын мекендеген. Бұған – тарихи деректер куә. Менің туған ауылым Ақкиізтоғайдың атауы да тегін қойылмаған. Әбіш ағамыздың бабасы Таған бай Жем бойында бабасы Қожаназарға ас беріп, сол асқа Орынбордан тарантаспен Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның ұлы Айшуақ хан келгені жайлы дерек бар. Айшуақ хан  Кең Жылыой жеріне анасы Бопай ханымның  туған жері болғандықтан  алыстан арытып келген  ғой. Қазақ дәстүрі бойынша ханды ат кермесінен аяғын жерге тигізбей, жер бетіне төселген ақ киізбен қарсы алған. Хан аяғына төселген ақ киіздің көптігі мен тоғайдың әдемілігі ел ауызында аңыз болып таралыпты да, біздің ауыл сол астан соң «Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті.  
    Ресейдің Орынбор облысы Елек ауданының  Димитровка селосынан 30 шақырым  қашықтықтағы Бопай (Бердяевка) өзенімен іргелес жатқан Бопай сайы жанындағы  қырат-жазықтық Бопай ханымның мәңгілік тыныс тапқан орны екен. Өкінішке орай бұл аймақ 1929 жылдан Ресей әскери айлағының құзырына кіреді.  Бұл аймаққа кіруге рұхсат жоқ. «Кірсең, ескертусіз атыласың» деп белгі орнатылған.  Кезінде Бопай ханымның қабірі басына орнатылған құлпытас пен кесененің бұл күнде жұрнағы да қалмаған. Орыстың мұжықтары «пеш саламыз» деп тасын бұзып әкеткен. Бопай ханымның асыл сүйегі жат жерде қалмаса екен деймін. Сүйегін елге әкеліп, Ақтөбе жеріндегі Әбілқайыр хан жерленген «Хан  моласына» қастерлеп қою керек деп ойлаймын. Ол үшін мемлекеттік деңгейде шараларды ұйымдастыруымыз керек-ақ.

1964 жылы қаңтарда ҚХР, ШҰАР, Алтай аймағы Буыршын ауданының Қалытон деген жерінде дүниеге келген. Шыйнжияң Жазушылар одағының мүшесі. 
1992 жылдан бастап,  шығармашылықпен шұғылданған. Ел іші-сыртындағы басылымдарда мыңнан артық өлеңі, елуден астам әңгіме-шалқымалары жарияланған. «Жалғыз қайың», «Қыздың жанын аяла», «Қасиет ізде ғаламнан», «Қызыл жапырақ ـ қыз ғұмыр»  жыр жинақтарының, «Саятерек» атты прозалық кітаптың авторы. Көптеген өлеңдері қытай тіліне аударылған. Өлеңдеріне қырықтан артық ән жазылған. 
«Қазақ-қырғыз дүлдүл әдебиет сыйлығының», тұңғыш кезекті «Алтай әдебиет-көркемөнер сыйлығының» иегері. 1998 жылы Қазақстанда өткен дүние жүзі қазақтарының жыр мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған.
Қазір Буыршын аудандық мәдениет сарайында жоғары дәрежелі ғылыми қызметкер.

ТҰЛА БОЙЫҢ - ТҰНҒАН НҰР 

Сен болған соң көрікті мынау қала, 
Сайран салып жүреді нұр аулада.

2 ішінен 3 беті