Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Білісбек ӘБДІРАЗАҚ: "Менің тарпаң тарихым тілге алынса..."

1969 жылы ҚХР, ШҰАР, Іле қазақ облысы Күнес ауданының Шалкөде деген жерінде дүниеге келген. 1990 жылы Іле педагогикалық институті тіл-әдебиет факултетін бітірген. Пекиіндегі Лу Син әдебиет институтында білім толықтырған.
«Ақсақ бөрі» (2004-жыл, Астана, «Ел Орда» баспасы), «Ай бетіндегі ауыл» (2008), «Күлкінің құлагері» (2010), «Аққудың көз жасы» (2014), «Қытай қазақ ақпарат-баспа сөзінің қысқаша тарихы» (2014), «Қарқара қасіреті» (2015)  сияқты өлең, қара сөз, монографиялық кітаптардың авторы.
«Хан-Тәңір әдебиет-көркемөнер сыйлығының», «Қазақ-қырғыз дүлдүл әдебиет сыйлығының» иегері. Ел іші-сыртындағы көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. 
Қытай аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, Шинжияң жазушылар қоғамының, Іле қазақ облыстық жазушылар қоғамының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

ТАБЫНАРЫМ - ТАҢЖАРЫҚ, СИЫНАРЫМ - ҰЛЫ АБАЙ 

Паналарым - нар халық,

Өтерім хақ құламай.
Табынарым -Таңжарық, 
Сыйынарым- ұлы Абай.

Дарыны көп даламның, 
Десек тағы еңселі.
Өнер дейтін анамның, 
Екеуі - егіз емшегі.

Мені осындай тапты ана, 
Қалай қалам ерке өспей?!
Өлең дейтін бураға, 
Егіз біткен өркеш қой.

Солар құйды қаныма, 
Қуат пенен миятты.
Домбыра алсам қолыма, 
Қос ішегі сияқты.

Мейлі, ағайын, күліңіз, 
Түсінеміз әлі біз.
Абай- шыққан күніміз, 
Тәкең- туған айымыз.

Айды құдай сақтасын, 
Күнді құдай сақтасын.
Қағып тұрмын, бабалар, 
Қара өлеңнің қақпасын.

БАТЫР 

Жағасы жайлау, кеудесі қыстау кісі еді, 
Малдасын құрса бір саба қымыз ішеді.
Жамбастап жатса жұғын да болмас, жей салар, 
Күздегі кердің тулаған тайдай ісегі.

Естідің сен де, атағын мен де естідім, 
Тақымын қысса шыдамас белі бестінің.
Көкпарға салсаң тайынша тартқыз, тайынша! 
Жармақтай ғана қызығы болмас ешкінің.

Қаңтарда қатты қар жастап жатып жылынған, 
Айтыса кетсе ақыннан ғана жығылған.
Қалыңмалсыз-ақ бір қатын керек болғанда, 
Қыз алып қашып келеді сонау қырымнан.

Компасы көктің қарақшысы менен шолпаны, 
Алты айлық жерге алты айлық жалғыз жортады.
Қасықтай қаны - халқына деген құрметі, 
Қорықса жалғыз құдайдан ғана қорқады.

Ойлаған емес қазылар бір күн қабірді, 
Басы оның терең зынданнан барып табылды.
Атынан қорқып жаулары қарғап жатқанмен, 
Халқына туған қағаннан бетер қадірлі.

Ескерткіш оған тұрғыз да, мейлі, тұрғызба, 
Қояды ел атын артынан ерген ұл-қызға.
Мың Манас туған қазақтар таңдай қағады-ау, 
Манасын жалғыз тауыса алмай жүрген қырғызға.

ҚЫРЫҚ БОЙДАҚ 

Көрмейтін қиялына құрық бойлап, 
Құлжада жүруші едік қырық бойдақ.
Қызық-қызық түс көрдік қырық қыздың, 
Тістенген есігінде құлыпты ойлап.

Бағыңнан бағып жүрген піскенде алма, 
Жақындап жау көрінер ұшқан қарға.
Зар болдық осындайда дауалайтын, 
Баяғы мыстан кемпір, мыстан шалға.

Қырсықса қыз естімей дыбысыңды, 
Құлжаның құдай атсын түні сұрлы.
Көшеде біз жүргенде көрінетін, 
Қырымның қырық ұлы тірі сынды.

Қамданып қырық батыр, қырық мерген, 
Қайқайып асып кеттік қырық белден.
Қырық белдің астында қырық қыз бар, 
Құдайым айды арбайтын қылық берген.

Не керек, бас жарылды, топшы сынды, 
Кім ойлайды ондайда оққа ұшуды.
Күн батқанда қуанар қырық бойдақ, 
Күйегі сыпырылған тоқты сынды.

Қайтпады қыз қасынан азанда кім, 
Көп еді қырықтан да, жаза алмадым...
Қырып кетіп жүрмесін қырық қатын, 
Қырық үйдің қиратып қазандарын.

Құшатын құшақтағы қызықты ойлап, 
Құлжада жүруші едік қырық бойдақ.
Қуалап бара жатыр қырық қатын, 
Бүгін қырық балаға тізіп байлап.

ҚАСҚЫР 

Туған ай ма алқымың, 
Батқан күн бе балтырың.
Алқымыңды аймалап, 
Балтырыңда тайғанап, 
Жатар ма едім жарты күн.

Кеудең сенің қос оба, 
Бекежандар тоса ма?!
Кетсін мейлі пышақтап, 
Қалайыншы құшақтап, 
Болды жаным, босама...

Шашың сенің сынап па, 
Сынабыңды сылатпа.
Бұлтыңдатып ерніңді, 
 Тәтті балдай лебізді, 
Сатпас едім шұбатқа.

Құмар қылдың, мас қылдың, 
Құшағыңды аш, құрбым.
Құшағыңды ашпасаң, 
Жүрегімді тасқа ұрдым.
Күндіз жүрген түлкі едім, 
Түнде осындай қасқырмын.

ТАРИХЫМ ТІЛГЕ АЛЫНСА...

Сақсың дейді біреулер Ғұнсың дейді, 
Үйсін болып, Түркі боп жүрсін мейлі.
Менің тарпаң тарихым тілге алынса, 
Неге жердің жүрегі дүрсілдейді?!

Қыпшақ, тағы-тағысын Оғыз бар-ды, 
(Ұрпақтары ұсақтап қоңызданды.) 
Кілті аспанда долданып домбыра мен -
Күңіреніп қойнымда қобыз қалды.

Қобыз бенен күнә жоқ домбырада, 
Түсінбедік, ол содан болдырады, ә.
Дүлейіне жолығып діңкеледі, 
Сүлейінен айрылған сорлы дала.

Оғыз, Қыпшақ, Түркі, Үйсін, Ғұн мен Сақ па, 
Осал кісі болмаппыз кім болсақ та.
Абыройын бар екен жаппағандар, 
Тоныкөктер тон киіп жүрген шақта.

Ән тараттың өмірге, күй тараттың, 
Мінезің тұр көрініп қиқар-ақ тым.
Менің тылсым тарихым сол баяғы, 
Тұяғында кете ме тұлпар аттың?

Қазанатты қалдырып қазақтарға, 
Өткен шығар бір халық ғажап мұнда.
Бөлтірікпін бөрі емген десем егер, 
Жаралған ел маймылдан мазақтар ма?

САҒЫНЫШ 

Ағайынға ар жақта ұшырасқан, 
Сәлем беріп жатырмыз түсіп аттан.
Оралман аталатын ондағы жұрт, 
Аумайды екен бір үйір қысырақтан.

Канеки, сырды айталық, жырды айталық, 
Көмейі күлкісінен тұр байқалып.
«Салкүрең» сағыныштың күйлерінен, 
Түсердей Алатаудың бұлты айналып.

Ертіс, Іле, Майлы мен Жайырыңды, 
Жырлағанда бәрінің жаны кірді.
Туған жер-ай сені әлі түсінбедік, 
Оралманның жылаған жары ғұрлы.

Бір махаббат барады маздай жанып, 
Бозінгені көңілдің боздайды анық.
Айдын көлін аймалап өпкісі бар, 
Қоңырала бәрінің қазға айналып.

Әңгімені жіберсе ата қозғап, 
Базынасы көңілге батады аздап.
Елін көрген шал байқұс шыдамайды-ау, 
Экранға өзі еніп кете жаздап.

«Жиен еді,-дейді, -әжем әз жырауға, 
Сөзден қалған түрі анау алжығанда».
Тал бесіктің басында тас мүсін боп, 
Кемпір отыр, өкпелі-ау, әй, бұларға?

Сыйлар еді сан талай теберікті, 
Тілін тістеп жарықтық неге кетті?
Шөгіп қалған кемпірің шүйкедей боп, 
Естілгенде «Елігай» елең етті.

«Елігайің» ұласты «Елім-айға», 
Алып ұшты бұл әуен мені де айға.
Бағанағы күлкі жоқ, бастарымыз -
Батып кетіп барады не бір ойға.

ҰЙҒЫР ҚЫЗЫ
 Көлбіреген көйлегі атластан, 
Бір қыз шығып келеді сатыраштан.
Мәликені мен көрген мәлідегі, 
Сақтаса екен жүн кеуде Батыраштан.

Бойы да әнтек келмейді ұзын деуге, 
Қыпша белі әзер тұр үзілгенге.
Оймақ ерні, о, бастан жаратылған, 
Иранбақтан үзілген үзім жеуге.

Келтіре алмай қасыңды қыл қаламы, 
Суретшінің өзі де қиналады.
Сенің сыңар сырғаңның садағасы, 
Саудагердің қырық жыл жинағаны.

Тәй-тәйлаған сияқты үйде, білем, 
Анаң сені тәмбірдің күйлерімен.
Сәнің мынау кем емес, сахнада -
Мың бұралған «Мұқамның» билерінен.

Ажарың бар айнадай ай көрінген, 
Тарыдай мін табамын қай жеріңнен.
«Ас» сұрамай жігітің өтері хақ, 
Жалықпасаң болғаны «шай» беруден.

Ұйғырдың үкі саған таққан ұлы, 
Қызыға ма байлық пен таққа бүгін?
Тамағыңа танауы тиді бітті, 
Ұмытар-ау Тұрпанның ақ қауынын.

Таратып бұрымыңды таң самалға, 
Қалыңың кетсе мейлі қанша малға...
Сапыртып сары қымыз саптаяқтан, 
Жатар ма ем жантайып ап шаршағанда.

ЖАЙЛАУ 

Сайдан салқын салкүрең жел келеді, 
Күміс қанат көбелек желге ереді.
Шалғын қырқа шалқиды шалқасынан, 
Күй секілді толқыған пернедегі.

Бибі бұлақ бұралар биге басып, 
Боп қалғанын білмеймін кімге ғашық.
Серт байласқан серісін іздегендей, 
Иір-иір иіннен іргені ашып.

Кербез жота-кереге, жартасы-уық, 
Таудың көркін, канеки, айт асырып.
Төбелер түнде жатқан қыз секілді, 
Жасыл жібек көрпесі жарты ашылып.

Иіс майы аңқиды иран бақтың, 
Жайлау, маған сол бір жас қызды ойлаттың.
Бозала таң кіргенде боз далаға, 
Боз торғай боп келеді-ау сырнай тартқым.

Жаңбыры да керемет таудың балбал, 
Бақыт сыйлап басыңнан қайғыңды аулар.
Балалығым секілді бір кездегі, 
Балақ түрген балауса балдырғандар.

Гүл сыйлаған жоқ ешкім маған сендей, 
Отырсың ба, ұлы тау, маған сенбей?
Тал бесікте жатып-ақ жұлдызыңа, 
Жанарымен мәжнүннің қараушы ем ғой...

ТАУЫС - КҮН ТАУ БАСЫНАН ШЫҒА КЕЛДІ 

Соғылып тіршіліктің барабаны, 
Көбесі көкжиектің ағарады.
Тауыс-күн тау басына шыға келіп, 
Қауырсын, қанаттарын таранады.

Тауыстың таңдайынан нұр төгіліп, 
Нұр төгіліп емес-ау күй төгіліп.
Сайлардан саяқ тұман тұра қашса, 
Тепектеп тентек бұлақ жүр тебініп.

Балауса тал да бүгін баласынды, 
Кешіп кетіп барады қарасуды.
Кемпірқосақ - әжемнің кергішінің,
Кестесі тіпті, неткен, жарасымды.

Канеки, әнші қаптап, күйші қаптап, 
Мақамын құс тілінің салшы баптап.
Саулықтың сүтті мама қозысындай, 
Төбелер түс көреді-ау күн шуақтап.

Тауыс-күн - тәу етерім, мәртебелім, 
(Мәңгілік табынарға ант етемін.) .
Тулайды көк теңіздің толқынындай, 
Шалғыны шағи жібек Шалкөденің.

МЕНЕН БҮГІН БАҚЫТЫ АСҚАН ҚАЗАҚ ЖОҚ
 Кеше ғана елге барып оралдым, 
Ұлығаны-ай ұлын көріп боранның.
Ауыл деген алаң көңіл-апаным, 
Ұзап кеткен бөлтірігі болармын.

Қалбалақтап, қаудырлатып шалбарын, 
Шайыр ұлын қарсы алғанда шалдарым.
«Мың бір түнде» шырт түкіріп шіренген, 
Шалкөдеде Шаһзададан аумадым.

Алай-дүлей боз-боран боп бар аумақ, 
Қасат қардан қалды ертесі қала орнап.
Жер бетінде мүмкін мендей бір қаған, 
Жоқ та шығар келетұғын оған бап.

Шах боп бір күн Шалкөде атты шаһарға, 
Оранып ап мен отырдым шапанға.
Қалың бала шаналарын сүйреткен, 
Сарбазымдай тізіледі қатарға.

Бала болып бірге шулап-дуладық, 
Жаны таза, ары таза бұл халық.
Менен бүгін бақыты асқан қаған жоқ, 
Бадырақ қар басымызда тұр жауып.

Кеше ғана елге барып оралдым, 
Ұлығаны-ай ұлын көріп боранның.
Ауыл деген алаң көңіл-апаным, 
Ұзап кеткен бөлтірігі болармын.

БӨРІ МЕН ҚАЗАҚ 

Бабаң дейді бөрі емген, 
Сонысы елдің рас сынды.
Төрде отырған төремнен, 
Туыс көрем қасқырды.

 Бөрінің де тірлігі,
 Біз секілді бүгінгі.
 Қазақтың тек бірлігі,
 Бүйректей боп бүлінді.

Жан шығармыз бір үйлі, 
Бір бесікке бөленген.
Ол да ұлиды-ұлиды, 
Мен де ұлимын өлеңмен.

Он жастағы балама, 
Осыны айтсам нана ма?
Бөрі жортып далада, 
Біз отырмыз қалада.

Таң осылай атады, 
Білеміз күн батарын.
Оның да бар апаны, 
Менің де бар отаным.

Ұрыссыз-ақ от кешкен, 
Тілім кетсе жазым боп.
Бөріге еріп кетпесем, 
Басқа табар лажым жоқ.

МОЛДА БІР КҮН ЖҮРГІЗДІ ӨЗ ӘМІРІН...

Шалкөденің көшесін шаң қаптырып, 
Шыбық мініп, жүрген кез жармақ қуып.
Молда бір күн жүргізді өз әмірін, 
"Әтпүшіңнен атам"деп алдап тұрып.

Ноқта түсті басыма тұңғыш рет, 
Тай көңілім тыпыршып тұр кісінеп.
Екі көзім есікте, қалың бала, 
Ұмтылады үйге бұл кіргісі кеп.

Бар назарым басқа емес, есікте еді, 
Қинап бітті молданың кешіккені.
Қарағай да құлайтын кезі болды-ау, 
Жатыр екен жарықтық кесіп нені?

Молдаң әлек түшкіріп, пысқырынып, 
Қара терге бір талай түсті жігіт.
Мазамды алды, мәссәған! Шалымыз да
Бүйірінен молданың қыстырылып.

Жек көргенім соншалық кәрілікті, 
Дей тұрғанмен жұмыстың бәрі бітті, 
Сығалайды молда шал сығырайып, 
Көрінеді көңілі әлі күпті.

Боп көрмеді біз сынды кімде қотыр, 
Бір той өтті біздің бұл үйде нөпір.
«Тойың құрсын» дегендей тентек інім, 
Қысып алып тақымын іргеде отыр.

ЖАЙЛАУҒА ШІЛДЕ КЕЛГЕНДЕ...

Көк түтін көтерілді шүйкеленіп, 
Дегендей қайтем желден үрке беріп.
Жайлаудың алқара көк аспанына, 
Барады ол байланған бір білте болып.

Жалпылдап жүгірмейді жел-көбелек, 
Тыныштық, тауға орнаған ең керемет.
Күйшінің қоян құлақ қос саусағы, 
Қалғандай кілт тоқтап бір пернеге кеп.

Жіберген бұзау-тана бұйда түріп, 
Танауын сазға барып тұр матырып.
Одағай, орман жаққа жөнеледі-ау, 
Құйрығы оқ жыландай ширатылып.

Самырсын самаладай қайысқан жал, 
Дегендей, «жүгірмектер, жарыспаңдар.»
Сақ-сақ күліп басында бұталардың, 
Қопаңдап отыр, әне, сауысқандар.

Қонғаны ауыл үйдің түбек еді, 
Шыдатпас шілде туса бүгелегі.
Қымызын қанып тұрып бір күн ішсек, 
Бес күн жуа кекіртіп жүрер еді.

Қызуы қайтарында күн ысымақ, 
Малшының бірі жақтар, бірі сыбап.
Жатыр ма қойлар құрып талқы-кеңес, 
Тасындай құмалақтың ұйысып ап.

Саулық мойын бұрмайды қозысына, 
Қайтып ішің жылиды-ау онысына.
Қотандағы қойына жұқты ма екен, 
Қатындардың қу өсек-соғысы да.

Ырсылдап төбет үйдің іргесінде, 
Өкпесі өртенердей күй кешуде.
Қойшыңыз қостан шығып жөнеледі-ау, 
Ақырын аунағанда күн бесінге.

АНАМ ЖҮР АЛТЫ ҚЫРДЫҢ АР ЖАҒЫНДА

Анам жүр алты қырдың ар жағында, 
Ұлы ойламас дейсің бе ол жайында.
Қысқа күнде кім білсін қырық рет, 
Құдіретке құшынып қол жаюда.

Көзін ашып ең алғаш көргені едім, 
Аузын ашып ең алғаш сүйгені едім.
Отыр ма екен бұрышта бір уыс боп, 
Олпы-солпы қадап ап түймелерін.

Мені іздей ме ауылдың тойларынан, 
(Той секілді емес-ау той да бұған.) .
Қадап алып тебенін бармағына, 
Оны көрер үнемі оймағынан.

Мінеки тағы да бір күз де келді, 
Анам тапқан-тергенін бізге берді.
Біссімілла бір қарын басталарда, 
Ірге жақтан іңірде іздегенді.

Көрген түсін жорытпай көншір ме еді, 
Анамның бұрыннан бар ол сүрдегі.
Тәуіп кемпір екеуі тәулік бойы, 
Самауырға мінгесер көрші үйдегі.

Тілдесер жұлдызбен де, аспанмен де, 
Көңілі баладан да бостау кейде...
Отырар тамағына тас тығылып, 
Алдына астау-астау ас келгенде.

ӨЛЕҢМЕНЕН ӨРНЕКТЕУГЕ КЕЛМЕЙТІН...

Таңқурай мен бүлдіргені бүйректей, 
Бөдене мен тарғақтары үйректей.
Шалкөдені жырлайын бір десем де, 
Шайырыңа отыр бүгін тіл жетпей...

Толқын-толқын, толқын бұрым егістік, 
Егістікке емініп тұр кеңістік.
Ата дихан алақаны секілді, 
Атыз жақтан ескен самал ең ыстық.

Түс көретін түшіркене майқан сап, 
Күз дегенің дихан үшін қандай шақ!
Төбет басты Комбайндар шұлғиды, 
Шофырлары «бол-бол» айтып айғай сап.

Ышқынып кеп іш босатқан кейіппен, 
Тұр, әнеки! Таудай алып «шегірткең» .
Тыраңдаған тракторді оған да, 
Құдырет қой құлынындай теліткен.

Әкем бүгін той жасамақ, тай соймақ, 
Саптаманың қонышынан дән саулап, 
Өзін қояр жер таппай жүр жарықтық, 
Қырманында қызыл тастап, майқан сап.

Жер анадан еміп өскен емшекті, 
Біздің қырман со-на-у тұрған ең шеткі.
Шаһардағы шытырайған мырзалар, 
Шалкөдені біздің көзбен көрсе етті.

Көзім менің демесеңіз көгілдір, 
Мың бояумен мына әлемді көріп жүр.
Өлеңменен өрнектеуге келмейтін, 
Керемет қой, кейде, шіркін, Өмір бұл. 

ӘКЕМНІҢ САҚАЛЫ 

Көгеріп көк мата боп мұздан ары, 
Қаланың қалтырайды-ау мырзалары.
Қаңтардың аязында қырда туған, 
Таң емес табиғаттың бізге бәрі.

Сары аяз салып еске, рас бүгін, 
Түсірдім малақайдың құлақшынын.
Ұқсадым сәлде болса қазағына-
Баяғы өзім шыққан қыр астының.

Жаны ашып шапан киген шаһарыңа, 
Қыс әлі мінбей отыр қаһарына.
Аяз боп сізді мынау селкілдеткен, 
Әкемнің алынбаған сақалы ма?

Көрмейтін кейде ұзақ күн ұстараны, 
Сақалға сары ұлы сол құштар әлі.
Салдыртып сары аяз боп жетті мекен, 
Тентегін көп боп еді құшпағалы.

Құшатын құшырлана солай ұлды, 
Сақалы дуылдатып самайымды.
Ауылда амалым не жүретін ем, 
Жыландай айыр тілді жол айырды.

Қаланың дәру іздеп қаңтарынан, 
Алақтап айналама аңтарылам.
Қар емес жауған мынау қапалақтап, 
Аумайды сары апамның талқанынан.

Қарды да жібердің деп дәнге балап, 
Шайырға сала көрме шалма, қарақ!
Менің де бүлкілдейтін бүйрегім бар, 
Ұлитын бөлтіріктей тауға қарап.

ҚАЗАҚТЫҢ АНАСЫ 

Ұмай салған негізбен, 
Бесік тербеп егізден.
Белін буып бес күнде, 
Кешіп өткен теңізден.
Қазақтың анасы.

Марқалары семізден, 
Май құйрығын жегізген.
Елжіретер еменді, 
Еңлік жырмен емізген.
Қазақтың анасы.

«Батыр болам» дегізген, 
«Ақын болам» дегізген.
Исіндірген інгенді, 
Іргедегі қобызбен.
Қазақтың анасы.

Айдары алтын ұл туған, 
«Ақжелеңдей» күй туған.
Құрсағында-ақ қас жауға, 
Қабанбайлар ұмтылған.
Қазақтың анасы.

Жұпар аңқып жұртыңнан, 
Жұпар кіндік қыз туған.
Жаудың жайын жағасы, 
Жағаласса жыртылған.
Қазақтың анасы.

Абылайдай хан туған, 
«А, құдайлар» айтылған.
Мақамы мен намысын, 
Махамбетке қалдырған.
Қазақтың анасы.

Түтініңді ту еткен, 
Түбіріңді түлеткен.
Есіктегі басыңды, 
Төрге апарып «дүр» еткен.
Қазақтың анасы.

Қаулап өсіп орманы, 
Қазақ-Қазақ болғалы.
Тоғыз айың түк те емес, 
Тоқтамаған толғағы.
Қазақтың анасы!

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ЕГЕМЕНДІК

Көк тудың желбіреген желіне еріп, 
Тірі қазақ жатырмыз тебіреніп.
Тәуелсіздік, алдымен тәуба саған!
Қаңғырып қасқырды да еміп едік.

Атыңнан айналайын, егемендік, 
Егемендік демесек неге келдік.
Етегіміз сен үшін жасқа толып, 
Кесер басты ойламай Кене...ге ердік.

Атыңнан айналайын, егемендік, 
Естілер ертегі боп ерен ерлік.
Моладағы бабамның маңдайынан, 
Майырылған біз кеше жебе көрдік.

Тәуелсіздік тарихың - жиырма жыл, 
Тілеулесің бір талай қиырда жүр.
Ұл тапқандай үйдегі қуанамыз, 
Он алтыншы желтоқсан жылында бір.

Тәуелсіздік тарихың - жиырма жыл, 
Жиырма жыл дегенің құлын дәуір, 
Құлын дәуір дегенің қиын дәуір.
Бесті шығып алғанша, бер амандық!
Сона да жүр сорғалы, шыбын да жүр,
 
Болашақ та барыс боп көрінер ме ең, 
Ол да бізге таң емес бөріні емген 
Ашық болсын деп енді аспанымыз, 
Қалап алдың туды да көк реңнен.

Жиырма жыл саған да құдай үшкір, 
Тарқамайтын мәңгілік қуаныш бұл.
Басып кеткен барыстың батпысындай, 
Көз алдымда керемет глобус тұр.

Көрсетпесін көк туға бармағын кім, 
Көксегені осы ғой аруағымның.
«Тәуелсіздік» дейтұғын щрдені бар, 
Қазақ дейтін төсінде бар қауымның.

Мен де соның бірімын Іледегі, 
(Тәуелсіз ел, тәйір-ай, біле ме оны?!)
Томар-томар Іленің толқынымен, 
Тойға барсын ілесіп бір өлеңі.

 

 

 

Sarayshyq