Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ: "Қазығұрттың басында кеме қалған..."

Қорғайды Ақ Жайықтай Ұлы Анасын
Ұлтаны едің, ұлтымның, ұлысымның,
Тасадан сілтеді екен "қылышын" кім?
Тұтқиылдан тап беріп, шабуылдап
Жайықта басталғандай ұлы сүргін.

Бұл жолғы тасқыныңның беті қатты,
Тітіренткен дүмпуі атырапты.
Ашық күнде Жайығын жауға берер
Тапқан екен сормаңдай, ақымақты.

Найзағай намыстары шатырлаған,
Қорғаған елді жаудан батыр бабам.
Бас көтерді айдаһар, тым ашулы
Өңешінен өлі су лақылдаған.

Не боп кетті, айнала, мына заман,
Қайда барсаң-алдыңда сынақ алаң.
Ұпайларын түгендеп біреулер жүр
Шарбақтың ар жағынан сығалаған.

Ауыртпалық жатқандай елге түсіп,
Жайсыз хабар жетеді желмен ұшып.
Жастар жүр Ақ Жайықтың жағасында
Қамал соғып, жан алып, жан берісіп.

Қиындықпен бетпе-бет кездескендер,
Топырағы киелі жерде өскендер.
"Қабағын шытпас ер керек, біздің іске"
Қара нардай толарсақтан саз кешкендер.

Қорғайды Ақ Жайықтай Ұлы анасын,
Той болады біздің елде ұлан-асыр.
Тас түйін боп біздің ерлер күтіп отыр
Тілсіз жаудың дайындап сыбағасын.

Қонады айдыныңа, жағаңа құс,
Сенде де бар қайғы - мұң, нала, намыс
Сен сенімді қолдасың, Ақ Жайығым
Ашуыңды бас енді, сабаңа түс!..


Найзағай намыс
немесе тасқынға-тосқын!
Ей, махамбеттік жас ұландар,
Бойда қуат, жігері тасығандар.
Тілсіз жаудың дүмпуі келіп жетті
Оған бола тайсақтап, жасымаңдар.

Сәуегей де, көп бүгін құмалақшы,
Су келмесе әрине, сірә жақсы.
Біреулер үйден безіп, тұра қашты
Ит-шошқалар сарыған арам суың
Жайығыңа құлдилап құламақшы.
Сөйтіп бізді тағы бір сынамақшы.

Табиғатты алдық па шошындырып,
Әйтеуір көрсетуде тосын қылық.
Кеуде соғып, төске өрлеген тілсіз жауға
Жайығымды қоймаспыз басындырып.

Шырғалаңға салып тұр осы заман,
Ей, халқым, болсын деймін басың аман.
Кісі аяйтын түрі жоқ бұл бетбақтың
Көзінен көк жасыл от шашыраған.

Қолдайды Алла қашан да талаптыны,
Жауды жайпар ақынның орақ тілі.
Қапы қалып жүрмейік, қырандарым
Ағыны зор тасқын су, өр екпіні.

Көпті көрген қыңқ етпес Жайық бұған,
Азаматтар жағдайды байыптаған.
Бүгінгінің Махамбеті атқа қонды
Жанында сарбаздары-сайыпқыран.

Келер ұрпақ олар жайлы айтар аңыз,
Қаз қонып, суға толар сай-саламыз.
Менменсіген тілсіз жаудың мұрнын бұзып
Ізіменен келген кері қайтарамыз.

Отансүйгіш, шетінен арлы адамдар,
Беталысын тасқын судың аңдағандар. 
Махамбеттің өр рухы қолдап жүрсін
Туған жерін қызғыш құстай қорғағандар!


"...Қазығұрттың басында кеме қалған!.."
Ақиқат па, бұл өзі әлде аңыз ба,
Теңіздің табанында қалған із бар.
Қарап жүрмей тойынған бүгінгі ұрпақ
Тіл тигізіп алды ма, Алламызға?

Сезгендейміз алапат дауылды анық,
Түксиеді түк бітірмей тауың ғаріп.
Бұл жолы кеме емес, тып-типыл боп
Қыр басында барады ауыл қалып.

Күл-талқан боп сынғандай көңіл-айнам,
Астаң-кестең топан су салып ойран.
Суға батқан кемелердің қаңқасындай 
Ауыл қалды еңісте қоңырайған. 

Табиғаттың дерті ме , бұл асқынған,
Құдайдың қырсығы ма қияс қылған.
Талайлар жылы ұясын тастап шықты
Су шығып бейуақытта үй астынан.

Қадасам көз, көкжиекке мұнар басым,
Адамзат өткенді естен шығармасын.
Асығады топан су өршелене
Іздегендей әу бастағы ұлы арнасын.

Су астында, даламыз, байтақ, алып,
Құмсағат екшеп бәрін айтады анық.
Дәуірлер мен дәуірлер алмасқанда
Тарих та тұрады қайталанып. 

Маңдайына қойылған жазылып мұң,
Сорлары арылмаған аз ұлттың.
Алсын сабақ,-деп қалдырған бабаларым
Кемелерін басында Қазығұрттың.

Зілзаланы жеңеміз бірлікпенен,
Дұрысы: даурықпаған, дүрлікпеген.
Бір жағына жантайып, ошарылып
Қай жерде қалар екен тірлік-кемем?!..
"...Қазығұрттың басында кеме қалған!.."

 

Sarayshyq