Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Маржан ЕРШУ: «МАРЖАН ҚЫЗ» Эссе

Өмір жолы  ерлік пен еңбектің дастанына айналған - «Маржан қыз» әнінің прототиві - атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаева туралы сыр-толғау.

     1951 жылдың көктемі болатын. Композитор Әбілахат  Еспаев таңертеңгілік газеттерді қарап отырған. Газеттің соңғы бетіндегі  бір хабарландыруға  көзі түсті. Көз жүгіртіп оқып шықса, «Жастарымыздың еңбегін, ерлік ісін, махаббатын жырлайтын әндерге конкурс жариялаймыз!» деп жазылған екен. Ән. Көптен бері көкірегінде  жасампаз жастықтың ба, әлде қайнаған қызу еңбектің бе, бір  күмбірлеген сазы жүретін. Мына хабарландыру тегін болмады. Ән жазуым керек деп түйді композитор. Сәл үнсіз отырды да, радио құлағын бұрады. Әсем сазды әуендер төгіліп жатыр толқыннан. Бір кезде ресми жаңалықтарға ауысты. Радионы тыңдап отырып,  газеттегі хабарландыру туралы ойлады. Әбілахаттың жүрегінде сақталып қалған бір есім бар еді. Маржан деген. Екі-үш жыл бұрын ол қыз туралы газеттерден оқыған. Атыраудың  батыр қызы, жылқышы қыз Маржан Енбаеваның ерен еңбегі  туралы сол кезде газеттер көп жазған .
     Газеттен  «СССР Жоғарғы Кеңесі Президимуының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығы бойынша Ұлы Отан соғысы кезіндегі мал шаруашылығын өркендетуге және одан кейінгі кезеңдегі ерен еңбегі  үшін Маржан Енбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы, Ленин ордені мен «Орақ және балға» алтын белгісі, СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасы беріледі» деген Жарлықты оқығаны да есінде. Маржан қыз сол кезде жиырма төрт жаста еді. Газеттегі суреттен көрген талдырмаш келген жас қыздың тұлғасы оған соншалықты  алып адамдай елестеп кетті. Мынау кең аспанның астында  қара жердің үстінде  сан мың жылқыны ырқына көндіріп, құрығын қолымен ойнатып  жосылта шауып бара жатқан қыр сұлуы дәл осы  Маржандай болар деп тамсанды бір сәт. Еңбек адамды есейтеді, еңбек адамды көріктендіреді емес пе?! Сол кездегі маңдай терін сыпырып еңбек етіп жүрген жандардың көкірегінде жалғыз ой, жалғыз-ақ арман бар еді. Ол- өмірдегі қиыншылық пен қасіреттерді жеңілдету, адамдарға жақсылық сыйлау. Жақсылыққа ұмтылу-жақсы күндерге ұмтылу. 
     Еңбекпен есейген қыздың асыл бейнесін неге әнге қоспасқа деген ойға шомды композитор. Әбілахат бірнеше әндерімен танылып қалған, ел аузында жүрген атақты композитор еді. «Жайық қызы» атты әні ел арасына тез тарап кетті. Зейнолла Қабдоловтың сөзіне жазылған әсем ән әуенімен қабысқан сөзімен жүректерді тербетіп жатушы еді. Маржан Енбаева да Жайық бойының перзенті екен. «Неге Зекеңе әнімнің сөзін жаздырмасқа?» деп ойлап, туар әнінің әуеніне тербеліп, Зейнолла досына келді. Ол кісі «Маржан қыз» туралы жазылар әнге қуанғанмен, Әбілахатты қуантар жауап айтпады. «Менің ақындығым «Жайық қызымен» бітті. Өзім ақын емес, ғылым жолына түскен адаммын. Талабыңды құптаймын. Сен ең дұрысы әніңе сөз жазар ақын ізде» деді Зейнолла досы шынайы көңілмен. Бір күні Әбілахат  ойланып келе жатып, көшеде сатирик ақын  Сыдықбек Адамбековті кездестірген. Ол композитордың тұнжыраған жүзіне қарап: «Жауар бұлттай түйіліп келе жатыр екенсің? Тыныштық па?» деген көңіліне әзіл тастамақ болып. «Жақында жарияланған конкурсқа арнап  шығарылған бір әннің әуені туды. Еңбекққор, батыр жас қыз жайлы. Тылдың батыры. Неге жырламасқа? Маған әннің сөзі керек»- деді Әбілахат оған сынай қарап. 
-Иә. Ол конкурс туралы естігем. «Жастарымыздың еңбегін, ерлік ісін, махаббатын жырлайтын әндерге конкурс жариялаймыз!» деп жазылған еді ғой-, деді Садықбек.
 . Әбілахат Садықбекті үйіне ертіп әкеліп, жаңа әннің музыкасын күйсандықта ойнап берді. 
- Әнің халық әні секілді кең тынысты екен. Соған орай мен халықтық поэзияның дәстүрін, мәнерін, сөз ырғағын сақтап жазам. «Еңбегім елге сіңген» немесе «Рахмет саған , Компартия» деген сөздерге жоламаймын. Жастықтың жайлау кешінің лирикалық суретін берем өлеңіме. Оның ішінде ел іздеген қыз да бар, жайлау да бар, жылқы да бар, жұлдыз да бар» деді ақын.
Асқақтата салғаным жайлау әні,
Баққан малым жайлаудың болған сәні, .Маржан –ай!
Қай жерімнен мін таптың қалқатайым
Менің жазған хатыма жауап кәні! Маржан-ай!
    Осылайша «Маржан қыз» әні туған еді. Жаңа ән Республикалық конкурсқа жол тартты. Осы әнді жазуға конкурстың  түрткі болғаны анық еді. Егер конкурс жарияланбаса ән де тумас еді. Әнге арқау болған Маржан қыз – Атырау  өңірінің батыр қызы. Дала заңын жатқа білген, күш-қайраты еркектерден кем түспеген Маржан қыз – тылдың батыры. Индер ауданы, Елтай ауылында өмір сүрген Маржан Енбаева еңбегі мен ерлігін танытып, 18 жасында  1942-1946 жылдар аралығында колхоздың 300-дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Аталған ән сол бір батыр да ержүрек, ақылды да қайратты дала аруын ел есінде қалдыру мақсатында дүниеге келген. «Маржан қыз» әлі күнге дейін көпшіліктің сүйіп айтар әні.
 
                                              ***
    «Маржан қыз» -  Маржан Енбаева 1924 жылы бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Есбол (қазіргі Индер) ауданындағы «Толыбай құмы» өңірінде, қарапайым жылқышы Енбай мен Қалиманың отбасында дүниеге келген. Әкесі Енбай колхоздың жылқысын бағумен, анасы Қалима көмекшілікпен айналысқан. Ауыл молдасынан сауат ашқан Маржан  буыны қатпастан еңбекке ерте араласты. Мал баққан ата-анасы мен Шалабай ағасына қолғабыс ете жүріп, ата кәсіптің тіршілігіне ерте үйренді. Ағасы  Шалабай 1942 жылы майданға аттанғанда, 18 жасар Маржан қыз шаруашылық басшыларына ағасы баққан жылқыны өз қарамағына бекітіп беруді сұрап, өтініш білдіреді. Жас қызға басшылар сенбестік танытты. «Жылқыны жылқыдай қайраты мол адам ғана баға алады , қарағым»  деп райынан қайтаруға тырысты. Жастайынан жылқы жайын  біліп өскен батыл әрі еңбекқор қыз айтқанынан қайтпады. Өз байламының бекемдігі мен қолынан іс келетіндігін жеткізді. Ақырында ойлағаны оңынан келіп, колхоз  басшылығы жүктеген міндетті арқалап, үйірге  ие болып, қарына құрық іліп, атқа қонды. Жылқы – ежелден түздің малы. Жылқыға арнап  қора салынбайды,  арнайы шөп шабылып, пішен үйілмейді. Жылқы малын күндіз түгендеп, түнде күзететін. «Түн қатып жүріп, түс қашу» немесе күндіз отырмау, түнде ұйықтамау»  деген осы. Маржан бұл қиындықтардың бәрін көрді, бірақ мойымады. Қарлы да ақтүтек  боран күндерде де, жауын-шашынды  суық кезде, аптап аңызақ ыстықта да, жан-жағынан қаумалаған аш қасқырлармен аңдыса жүріп, бекітілген мал басын көбейтуге, шығын шығармауға  бар күш-қайратын салды. 
      1942-1946 жылдары қарамағындағы үйірден  237 құлын алуды қамтамасыз еткен жас қыздың баққан жылқысынан майданға да талай жүйрік жөнелтіледі.  Сөйтіп майданның жылқы жөніндегі сұранысын орындауда өзіндік үлесін қосты. Соғыс жылдарында жылқының жақсысы майданға жіберіліп, жылқышыға жөні түзу мінер ат та қалмайды екен. 1945 жылы ел ішінде сайлау өтеді. Ауыл мен ауданнан шалғайда, далада  жүретін жылқышылар да сайлауға қатысып, дауыс береді. Қыс мезгілі. Талап күшті, заң қатал. Сайлау құжаттарын ауданға жеткізу керек. Маңызды құжатты ауданға жеткізу Маржан қызға жүктеледі. Себебі ешбір адамға бас бермейтін асау Бозайғыр тек Маржанның ғана ырқына көнеді екен. Боранмен арпалысқан Маржан жолдан адасады. Бір кезде Бозайғыр кісінеп үркіп, аяғын алға баспай қояды. Маржан жан жағына бажайлап қараса,  ертеректе індеттен қайтыс болған байдың отбасы  жерленген қауым тұсында тұрғанын байқайды. Ол жерге «жын -шайтан үйір» деп адамдар алыстан айналып өтеді екен. Бойын үрей билесе де, Маржан өзін өзі ұстайды. Астындағы аты қатты тебінсе, не қамшыласа үркіп құлатып кетуі әбден мүмкін. Сонда ол мойындағы түбіт орамалын қолына алып,  аттың жалынан  жеңіл- желпі сүрткендей қылып сипалап өтеді. Бұл әрекеті атқа  күш бергендей. Бозайғыр алға қарай тоқтамай жүре береді. Осылайша қара түнді жол қылған Маржан ата-баба аруағына сыйынып, таң алдында  ауданға да жетеді. Аудан бойынша бүкіл құжаттар  жиналып, тек Маржанды ғана күтіп отырған басшылар аман келгеніне қуанады. Әрі Маржан  қыздың қайсарлығына таңғалысады. Бірде майданға жіберетін мініс аттары боп саналатын жылқылар вагонға тиер кезде бас бермей жан-жаққа қашады. Ер адамдар атқа мініп, соңдарынан қуса да, асау жылқыларды  кері қайтара алмайды. Сол кезде Маржан жалғыз өзі жүзге жуық жылқыны жуасытып, алдына салып  айдап алып келіп, вагонға кіргізеді. Ел аузындағы бір аңыз. Маржан жылқышының өзінің де, құрығының да қасиеті болған деседі. Небір ауыздығымен алысқан асаулар, жанына жан жақындатпайтын биелер Маржанның құрығы тисе жуасып, момақан күйге түседі екен.       
     Жалынды жас комсомол Маржан  Енбаева 1949 жылы Москвада өткен БЛКЖО-ның ХІ съезіне делегат болып қатысып, сол съездің құрметіне тұлпар сыйлайды. Соғыстан кейінгі қиын кезең. 1956-1957 жылы Атырау аймағында  ауыр қыс болады. Бірнеше күн көз аштырмас боран, ұйтқыған желмен аспанға көтерілген қалың қар адамның адымын алға бастырмай, мал шаруашылығына зор шығын әкеледі. Сол уақытта  жылқышы Маржан өзіне бекітіліп берілген 132 жылқыны қыстан аман алып шығады. Бұл да Маржан қыздың  таусоғар табиғатынан хабар берсе керек. Маржан  тумысынан қарапайым, адамгершілігі мол жан болған. Ол ешуақытта  «Еңбек Ерімін» деп  кеудесін көтеріп, өзін зор санамапты. Маржанның тағы бір ел айтар қасиеті кітапқұмар болған екен. Етегінің қонышынан әдеби кітаптар, газет-журналдар шығып жатады екен. Қолы қалт еткенде ер-тоқымды жерге төсеп, кітап оқиды екен. «Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер»  атты кітабына қызыққаным сонша, бірнеше тер қайталап оқыдым. Кітап көкірегіме жатталып қалғандай болды», -деп сыр ғып айтқан екен елмен кездесуінде. 
     Елуінші жылдардың аяғында Маржан Енбаеваның жинаған мол тәжірибесін жастарға үйрету үшін комсомол жастар бригадасына басшылық жасау қажеттілігі ескеріліп, колхоз басшылығы оны жылқы фермасының меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Ол осы міндетті 1963 жылға дейін абыроймен атқарады. Ел еңсесін тіктеп, азаматтар жоғары білім алып, тәжірибе жинай бастаған тұста  Маржан қой шаруашылығын дамытуға бел байлап, осы салаға ауысады. 1986 жылы Маржан Енбаева зейнеткерлікке шыққанша Амангелді атындағы совхозда малды азықтандыру мен бағуды ғылыми негізде ұйымдастыруға белсене атсалысып, халық шаруашылығын ілгерілету ісіне үлесін  қосады.  Ауыл шаруашылығы кадрларын даярлайтын курсты бітіріп, ферманы да басқарды. Бүкіл өмірін елге қызмет етумен өткізген, еңбек ер атандырған  «Маржан қыз» әнінің прототиві -  еңбек ардагері Маржан Енбаева 91 жасында өмірден өтті. Маржан Енбаеваға «Атырау облысының және Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Елтай ауылындағы өзі тұратын көше оның есімімен аталады. Бүгінде Маржан Енбаеваның ұрпақтары Атырау облысында тұрады.
  
                                                      ***
   1951 жылы  Республикалық «Әндер  конкурсының» жеңімпаздарын марапаттау салтанатына  композитор  Әбілахат Еспаев та шақырылды. Әбілахаттың «Маржан қыз» әніне үшінші орын берілген екен. Бірінші орын «Партия ізбасары»,  екінші орынды «Жас мичуриншілер» атты әндер алған екен. Қай кезде де жарыс қорытындысы  тақырыбы ел ішінде сөз-пікірталасқа ұшырап жатады ғой. Бұл жолы да солай болды. «Бірінші орынды Еспаевқа беру керек еді», «Маржан қыз» халық әні сияқты қандай әдемі ән». «Жақсы ән дүниеге келген екен» деген сөздер желдей есті. «Маржан қыз» әнін алғаш рет Роза Бағланова  радиодан шырқады. Осылайша  әйгілі әнші әннің бағын ашып, тыңдаушысын тамсантты. Уақыт өткен сайын «Маржан қызға» ғашық әншілердің  саны арта түсті.  Бір күні «Маржан қызды» мен де айтып көрейін деп, әннің нотасын  атақты әнші Ришат Абдулин композитордан қалап сұрап алады. Ришат әнді пластинкаға жаздырады. Ән осылайша  ел арасына тез таралады. «Маржан қыз» әні халықтық сипатқа айналып,  концерттерде, жиын-тойларда жиі айтыла бастайды.           
                                                  ***    
      Інжу - көне түркі тілінде «маржан» деген мағына береді. Маржан- су түбінде жататын асыл тас. Маржан-қыз баланың есімі. 
    2021 жылы  «Маржан қыз» әнінің шыққанына 70 жыл толған еді. Сол әннен соң Атырауда дүниеге көп Маржандар келгені анық. Осыған орай, менің бастамаммен  «Маржан қыз» әнінің шыққанына 70 жыл толуына орай  Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваны еске алу мақсатында Жайық бойындағы есімі елге белгілі  жиырмадан аса Маржандардың қатысуымен «Атырау Маржандары» атты  өзіндік мәнері, өзіндік әдемілігі, өзгеше бір стилі бар тағылымдық  шара өткіздік.  «Атырау Маржандары» атты танымдық энциклопедияға өзім мұрындық болып, баспадан шығардық. Маржандардың еңбегі топтастырылған кітапта әйел, ана , қыздардың өмірі мен өнері, тағдыры туралы сыр шертіледі.Сондай-ақ  мерейлі датаға орай  менің идеяммен  Маржан Енбаеваның  тұңғыш рет картинасы салынды. Картинаны салған суретші Алмас Сырғабаев  Кенепке майлы бояумен туындының көлемі - 1,50 х20 метр картинада қолында құрығы бар жылқышы Маржан қыздың күреңқасқа  тұлпарымен шауып келе жатқан көрінісі бейнеленген. Артқы көріністе Қамбар ата тұқымы үйір-үйірімен жарыса шауып келеді. Соғыс жылдарындағы елдің қиын тұрмысы тұтасқан қап-қара бұлтты аспан арқылы суреттелген. Бұл картина қазір Атырау облыстық  Музейінде тұр. Осы шараларымыздың облыстық денгейде өтуіне Атырау облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасы  қолдау білдірген еді.
     Ойдан ой туады  екен. Астанада  өткен  «ЭКСПО-2017» Көрмесінде бір қызық жағдай болды. Суретші -дизайнер, сәнгер Маржан Маршалл, Махамбет атындағы академиялық драма театрының суретшісі, модельер Гүлмаржан Махамбет үшеуміз көрмеде, киіз үй жанында әңгімелесіп тұрған едік. Сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев нөкерлерімен Атыраудың көрмесін аралап келе жатыр екен. Бізді көрді де, амандасып «Мұнда Атырау Маржандары жиналып қалыпты ғой» деді де әрі қарай кетті. Үшеуміз атымыз есімізге түскендей бір-бірімізге қарадық: «Не деді? Атырау  Маржандары деді ме?». Сол күннен бастап жаңа тіркес  пайда болды. «Атырау Маржандары» атты жаңа сөздің авторы – Нұрлан Ноғаев еді.  Өзімнің атым Маржан болғандықтан, Маржан есімді қыздарды жаныма жақын тұтамын. Атырауда Маржан есімді қыздармен таныссам, осалы жоқ. Бәрі мықты. Мені бұл қатты таңғалдырды. 
    «Атырау Маржандары» ел ішінде еңбегімен, іскерлігі, талантымен топ жарған  аяулы жандар еді. Олардың арасында  СССР  Жоғарғы Кеңесінің депутаты, мұнайшы- оператор Маржан Боранбаева,  екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «II, III Дәрежелі Еңбек Даңқы» ордендері мен «СССР халық шаруашылығының өркендеуіне қосқан үлесі үшін»  екі қола медалінің иегері, сауыншы  Маржан Мұқанова,  Халық мұғалімі , еңбек ардагері Маржан Қабышева, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің солисі, ҚР мәдениет қайраткері, опера әншісі  Маржан Төреханова, «Өрлеу» БАҰО филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ақпараттандыру академиясының академигі Маржан Ғалымжанова, Махамбет атындағы академиялық драма театрының суретшісі, модельер, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Гүлмаржан сән үйінің» директоры Гүлмаржан Махамбет, суретші-дизайнер, сәнгер, «Маржан Маршалл» сән үйінің директоры Маржан Маршалл, аудармашы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Диарова,  90-жылдары  республика бойынша «Миллионер мектеп» атанған Есбол ауылдық мектебінің директоры , Махамбет  ауданының Құрметті азаматы , ҚР Білім беру Ісінің үздігі,   ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері Маржан Бисенова, суретші, қолөнерші, «Homeart_mbu»  студиясының директоры Маржан Боранбаева, Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі және Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Baby City» жекеменшік мектеп – балабақша кешенінің директоры Маржан Сүлімова, мемлекет қайраткері Маржан  Байзулиева,  белгілі ұстаз математик Маржан Асқарова,  «Білім KZ»  Білім беру орталығының директоры, ағылшын тілінің маманы  Маржан Үрпекова, қолөнерші Маржан Карабаева, «Барыс» Қазақ-Мажар корының мәдени байланыс бөлімі кызметкері Маржан Мақсым және басқалар бар. 
     Ақын һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлы: «Қаумалаған қарындас, Қазақта бар да, Менде жоқ» деп қарындастың қадірін екі-ақ ауыз сөзімен айтып кетпеді ме?! Ал, кешегі Маржандар да, бүгінгі Маржандар да, ертеңгі Маржандар да біреуге апа, біреуге қарындас емес пе?! Мұның бәрі –атақты «Маржан қыз» әнінен атақты  жылқышы , тыл батыры Маржан Енбаевның ерен еңбегі мен ерлігінен туындап жатқан жоқ па? Маржан есімін әнге айналдырып, биікке көтерген композитор Әбілахат Еспаев пен ақын Сыдықбек Адамбеков . Өмір өнерге айналғанда мәңгілік  деген осы да. Көңілден «Маржан қызға» деген тілегім жыр болып төгіледі:
Дүбірлетіп Жайық бойын, аспанды,
Қызықтырып кәрі менен жастарды.
«Маржан қыздың» мәнеріндей мәнерлі
Маржандардың шеруі де басталды.
Аялайық ару деген алыпты,
«Маржан қыздың» аты қандай даңқты!
Туған елдің мәртебесін көтерді
Еңбегімен сүйсіндіріп халықты.
Келер күндер биіктерге баста енді,
Таңғалдырып өз жұртыңды, басқа елді.
Асқақ ән боп жүректерде сен жүрсің
«Маржан Енбаева» деген атың қастерлі.
Ей, уақыт! Алқа тақшы жас гүлден,
Гүлдер болсын берілетін бас жүлдең.
Гүл менен қыз туған елдің көркі ғой
Сыйлайықшы қасиетті дәстүрмен.
«Маржан қыз» боп ата жолын жалғадың,
Қидым саған мөлдірліктің маржанын.
Сен алыстан ән боп бізді тербейсің
Жарқыратып жақсылықтың шамдарын.