Мемлекеттік саясат руханиятқа айрықша басымдық беріп отыр. Ал, руханияттың ажырас бір бағыты, салалы әрі салмақты тармағы – кітап ісі. Баспа ісі мен әдебиетке мемлекеттік қолдау тұрақты түрде жасалып келеді. Соның бір парасын ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы жүзеге асырып келеді. «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын 200-ге тарта кітап аталымы мыңдаған данамен жарық көріп, республикалық және аймақтық кітапханаларға таратылып жатыр. Бүгін біз осындай ұлттық руханият үшін маңызды тетікті ұтымды басқарып, баспа ісі саласына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан жерлесіміз, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры, ҚР Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының президенті Қойтанов Әділ Қаженбайұлымен сұхбатымызды жариялап отырмыз.
- Әділ Қаженбайұлы, сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін көп рахмет. Кітап палатасы – еліміздегі баспа ісі саласының тіреуші мекемесі. Ең алдымен, өзіңіз тізгіндеп отырған Кітап палатасының жұмысы туралы, осы мекемедегі еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз.
- ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының баспа ісі және кітап ісі саласында орны да, маңызы да жоғары. Кітап палатасының құрылғанына 90 жылға жуық уақыт болды. Ғасырға жуық уақыт кезеңінде мекеменің қызметі тоқтаған емес. Сол кезеңдерде Кітап палатасының архивіне өткізілген сирек дүниелер әлі күнге дейін сапалы сақталып келеді.
Тәуелсіздік жылдарында Кітап палатасы өзінің дәстүрлі жұмысын жалғастырды. Бүгінгі таңда мекеме ҚР «Мәдениет туралы» Заңы аясында, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қойған міндеттемелерді орындап келеді. Оның ішінде ең маңызды әрі Заңмен бекітілген арнайы жауапкершілігінің бірі – «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасына өтінімдерді қабылдау, алдын ала іріктеу жұмыстарын жүргізу.
Бұдан бөлек, Кітап палатасы библиографиялық талдау, жүйелеу және Қазақстан Республикасы территориясында жарық көрген баспа өнімдерінің міндетті даналарын жинақтау жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, Кітап палатасының республикалық деңгейде мемлекеттік ғылыми-библиографиялық орталық ретінде саналатынын да айта кету керек. Мемлекеттік баспа өнімдері стандарттарын әзірлеу, салалық статистикалық және ғылыми-әдіснамалық еңбектер дайындау, халықаралық стандартты штрих-кодтарды беру (ISBN) жұмыстары да мекеме міндетіне кіреді.
- Керемет. Осындай ауқымды міндеттер жүктелген мекемеге қалай келдіңіз, өзіңіз туралы айтып берсеңіз.
- Мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына 2019 жылы директор болып тағайындалдым. Бұл уақытқа дейін Баспалар үйінде, жеке баспа мекемелерінде басшылық қызметтер атқарғам. Ұзақ жылдар бойы кітап шығару ісімен айналысып келе жатырмын. Алайда, кез келген баспагер үшін Кітап палатасына жетекшілік ету абыройлы еңбек деп айтар едім.
Басшылық қызметім кезеңінде бірқатар жобаларға бастамашылық жасадық. Ең алдымен, Министрлік қолдауымен ҚР «Мәдениет туралы» Заңға Кітап палатасының мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру функцияларын айқындайтын нақты түзетулер енгізілгенін, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру процесінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін толық цифрлық форматқа ауысқанын, сондай-ақ, қазақстандық баспа мекемелерінің, баспагерлердің халықаралық беделді көрмелерге арнайы Ұлттық стендпен қатыса бастағанын ерекше атап өткен жөн.
Қорында 5 миллионға жуық баспа өнімі бар Кітап палатасының саладағы маңызы зор. Өйткені, Кітап палатасы тек міндетті даналарды жинақтаумен немесе халықаралық стандарт кодын берумен ғана емес, нақты жобалармен – статистикалық деректерді түзу, мемлекеттік библиографияны жүргізу сияқты аса күрделі әрі қажетті жұмыстармен айналысады.
Тоқсан жылға жуық тарихы бар мекемені түрлі жылдары Тахауи Ахтанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Софы Сматаев, Жанат Сейдуманов, Әлібек Асқар сияқты елге, әдебиетке және баспа ісіне еңбегі сіңген тұлғалы азаматтар басқарған. Осындай тұлғалардың ізін жалғап, замана бейнесі цифрлық дәуірге көш түзеген кезеңде іргелі ұжымға басшылық етіп келе жатқанымды жоғары дәреже деп есептеймін.
Баспа ісі саласының мамандары жақсы біледі, бүгінге дейін ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының бастамашылығымен бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл – сала өкілдерінің ауызбіршілігі мен қолдауының, Кітап палатасы ұжымының еселі еңбегінің нәтижесі.
- Кітап палатасының тағы бір елеулі жұмысы – «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жұмысын үйлестіруі. Бүгінгі таңда қаламгерлер арасында үлкен танымалдыққа ие болған жоба туралы айтсаңыз.
- «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы – бүгінде барша ақын-жазушылардың, драматургтердің, балалар әдебиеті жазушыларының, әдебиет сыншылары мен комикс шеберлерінің додасына айналған жоба.
Осы күнге дейін түйгенім – мемлекеттің қолдаудың жүйелі болуы үшін жан-жақты талданған, жобасы әзірленген ұсыныстың болуы міндетті. «Айбоз» туралы идея қозғалған кезеңде оның ережесі дайындалды, тұжырымдамасы әзірленді. Тіпті, «Айбоз» деген атау да Кітап палатасы қабырғасында дүниеге келді.
Ұсыныс-идея Министрлік тарапынан қолдау тауып, міне, әлі жалғасып келеді. 2025 жылы да ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 7 номинация бойынша жеңімпаздарға 5 миллион теңгеден қаржылай сыйлық тағайындалды. Тіпті, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жыл санап тынысы кеңейіп, ауқымы артып келе жатыр деп сеніммен айтуға болады.
Жалпы, кейінгі бесжылдықта әдебиетке мемлекет тарапынан орасан зор қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысының тікелей қолдауы негізінде «Жас ақындар мен жазушылар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық» тағайындалып, жыл сайын 4 номинация бойынша жеңімпаздар марапатталып жүр. «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша біршама кітаптар жарық көрді. Тереңнен түсінген кісі үшін, бұл шаралардың бәрі – қысқа мерзімдегі өте тиімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берген мемлекеттік қолдау.
- Өзіңіз де аз уақытта бірнеше жоба жасап үлгердіңіз. Әлі де осындай іргелі жұмыстар жасай беруіңізге тілекшіміз. Енді сөз арнасын «Асыл сөз» айдарына бұрсақ.
- Әрине, Кітап палатасындағы еңбек жолымда өзіме айрықша әсер еткен жобалардың бірі – осы. «Асыл сөз» айдарын қолға алғанда алғашқы қонақ Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз болды. Айрықша тебіреніп, көлемді сұхбат берді. Көп сұхбаттарында айтылмаған дүниелерді жарияладық.
Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Әнес Сарай, Сәбит Досанов, Анатолий Ким, Роллан Сейсенбаев, Анар Рза сияқты тұлғалар сұхбат берді, ұжыммен кездесті.
Мұндай сұхбат айдарының Кітап палатасы қабырғасында өтуі де кейіпкерлерімізді толғантса керек. Әрқайсысы ерекше ашылып, өте құнды ғибратты әңгімелер айтты. Қазір, өкінішке орай, көп ағаларымыз ортамызда жоқ. Міне, бұл да тарих.
«Асыл сөз» айдары қонақтарының ішінде Анатолий Ким көптеген маңызды мағлұматтар берді. Ресейде, шетелдерде аса танымал А. Ким Қазақстанда дүниеге келген. Одан да қызығы – ол кісінің «Абай жолын», Ә. Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романын орыс тіліне аударғаны. Қазақтың дүниетанымына терең қаныққан Анатолий Ким ұлттық тұрмыс-салтымызға, дәстүр-дағдымызға жаңаша баға берді, өзі бастан кешірген сезімдерін жеткізді.
Алдағы уақытта «Асыл сөз» жобасы қонақтарының тізімі одан әрі толықтырылып, өз алдына жинақ болып шығуына толық қабілеті бар. Кітап палатасымен әріптестік серіктестік орнатып, құнды дүниелерді жұртшылыққа жеткізуге қолғабыс танытқан «Алматы ақшамы», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларына алғыс білдіргім келеді.
- «Жастардың кітап оқу деңгейі алдыңғы буынды алаңдатады» деген түсінік бар. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және кітап оқуды насихаттауда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
- Жалпы, бұл түсініктің екі жағы бар. Әр буынның өзіндік қызығушылықтары бар. Мысалы, жастар жағы электронды кітап оқуды құп көрсе, үлкен буын дәстүрлі форматты дұрыс көреді. Оның еш әбестігі жоқ. Жастар тұтас кітап оқымайды деген түсінік қате деп ойлаймын.
Бүгінгі күні қазақстандық баспалар әлемдік бестселлерге айналған еңбектерді қазақ тіліне белсенді түрде аудару үрдісін қалыптастырды. Бұл – өте орынды процесс. Алғашында аудармаларда қателіктер, шикіліктер болуы мүмкін. Аударма мектебі кешеуілдеп қалғаны да рас. Алайда, осындай жүйелі қозғалыс олқылықтардың орнын толтырады деп сенуіміз керек. Аударма мәселесіне келгенде өз алдына аударма еңбектерге мемлекеттік қолдау жүйесін қалыптастыру керек деп санаймын.
Кітапты насихаттау – аса күрделі жұмыс. Мысалы, 2022-2023 жылдары Министрлік пен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 3 күннен тұратын ауқымды кітап көрме-жәрмеңкесін өткіздік. 2022 жылы ұзақ жылдар бойы тоқтап қалған «Ұлы Жібек жолымен» халықаралық кітап және полиграфия көрмесі өз жұмысын бастап, дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Осы ретте Amanat партиясымен бірлесе іске қосқан жобамыз «Кітап-Аманат» бастамасына ерекше тоқталғым келеді. Партия басшылығы әр өңірдегі филиалдары жанынан кітап дүкендеріне орын бөліп, бүгінде жоба ауқымын кеңейтіп келе жатыр.
Кітап насихатын тоқтатпау керек. Кітап – жүйелі білім алудың ең төте жолы. Сондықтан, бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың ұстанымы да, мемлекеттік қолдау да, сала қызметкерлері де, оқырман да біртұтас жүйе ретінде еңбек етуі керек.
- Баспагерлердің арасындағы бәсекеге толы алаңның бірі – халықаралық көрмелерге қатысу. Еліміз кейінгі жылдары ғана осы бағытқа мықтап ден қоя бастады. Франкфуртте өткен халықаралық кітап көрмесіндегі тәжірибелер туралы ой бөліссеңіз.
- Бұл – Германияның Гессен федералды жерінде орналасқан Майндағы Франкфурт қаласында дәстүрлі түрде күз айларында өтетін ірі халықаралық кітап көрмесі. Тарихын 1473 жылдан бастайтын, 1949 жылдан бері жүйелі түрде өтіп келе жатқан Frankfurter Buchmesse халықаралық кітап көрмесі 77 мәрте ұйымдастырылды. Ең маңыздысы – әлем елдері кітаптарымен, кітап шығару технологиясымен, авторларымен бәсекеге түсетін зерде жарысына Қазақстанның екінші рет Ұлттық стенд қойып, жоғары дәрежеде қатысқаны.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен халықаралық көрмеге еліміздің кітап ісі саласының қызметкерлері, баспа өкілдерінен тұратын арнайы делегация қатысты.
Биыл 15-19 қазан аралығында өткен Франкфурт кітап көрмесіне 131 елден жалпы 238 мың адам келген. Оның ішінде 118 000 қатысушы – кітап ісі саласының кәсіби мамандары, 120 000 қатысушы – оқырмандар, баспа өнімін тұтынушылар. Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылғы көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары, яғни, тәжірибе алмасу алаңына қызығушылық, әсіресе кәсіби мамандар тарапынан, айтарлықтай артып келе жатыр.
Әйгілі халықаралық көрменің ел ішінде назарға іліне бастауы, сала мамандарының қызығушылығына ие болуы – отандық баспа ісі саласының бойына қан жүгіргенінің, ілгерілеу бар екенінің көрінісі. Биыл халықаралық көрмеде Қазақстанның Ұлттық стенді екінші рет қойылып отыр. Көрмеге 4 350 экспонент қатысты. Экспонент дегеніңіз – көрмеде арнайы стенд құрып, өзінің тауары мен қызметтерін көрме қатысушыларына таныстыратын баспа мекемесі немесе жеке тұлғалар. Осы қатарда Қазақстаннан барған арнайы делегация болды.
Бұдан бөлек, Бейжіңде өткен, Абу-Дабиде өткен халықаралық кітап көрмелеріне де қазақстандық баспагерлер, кітап ісі саласының өкілдері тұрақты түрде қатысып келеді.
- Биыл Ұлттық кітап күні атап өтілді. Осы мерекеге орай қандай ерекше бастамалар қолға алынды?
- Елдің бой түзеп, биікке бет алғанын айқындайтын бірнеше дүние бар, соның бірі – сол елде мәдениет пен өнерге, әдебиетке назар аударыла бастауы. Осы бір тенденция қалпынан бұзылмаса, қазақ жұртының да рухани кемелдену кезеңі басталды деп санауға болады. Ендігі меже – жаппай білімге бет бұрған жұртқа сапалы әрі тиімді оқудың жолын көрсету.
«Ұлттық кітап күні» ретінде 23 сәуір бекер таңдалмады. 1995 жылдан бері дәл осы күні ЮНЕСКО бастамасымен «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні» атап өтіліп келеді. Бірнеше іргелі мемлекеттерде мемлекеттік деңгейде бекітілсе, ғалам дидарындағы 130 елде жыл сайын осы күні кітап төңірегінде түрлі іс-шаралар өтеді.
Кездейсоқтық деуге келе қоймас, Испания, Ұлыбритания, Ирландия, Үндістан, Қытай сияқты алпауыт елдерде кітап күні мемлекеттік деңгейдегі мереке ретінде бекітілген, ал Жапония тұтас сәуір айын кітап оқу айы деп таныған екен. Көшелі елдердегі кітапқа құрмет пен олардың қоғамдық мәдениетіне сіңіп кеткен кітап оқу – біз үлгі алатын, бой түзейтін бағыт. Қарап отырсаңыз, кітапқа құрметі жоғары елдер тізімінде көш соңында жүрген ешкім жоқ. Яки, кітап оқу ескіліктің сипаты емес, естияр елдің ой еңбегі һәм ақыл қалтасы.
Ұлттық кітап күні қарсаңында тұңғыш республикалық «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы жарияланды. 10 номинация бойынша өткен байқаудың жалпы жүлде қомақты. 120-дан аса кітап қатысқан республикалық доданың тұсаукесері жоғары деңгейде өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспары да анық. Министрлік тарапынан кітап индустриясын мемлекет тарапынан ынталандыру, оқырман мәдениетін қалыптастыруға арналған ауқымды шара, баспагерлер мен авторларға еңбек бәсекесін туғызатын алаң қалыптастыру мақсатын қамтитын ірі жобалардың бірі болды.
- Сұхбатымыздың соңына да таяп қалдық. Өзіңіз қоғамдық негізде басшылық етіп отырған Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының қызметі туралы әңгіме қозғайық.
- Заңды тұлғалар бірлестігі – бұл баспа мекемелерінің қызығушылықтарын қорғайтын, заңнамалық ұсыныстар беретін, халықаралық қатынасты күшейтетін, ақпараттық қолдау көрсететін ұйым.
Қазіргі уақытта Ассоциация құрылтайшыларымен бірге қоғамдық ұйымға ребрендинг жүргізуді, жұмысын жүйелеуді және халықаралық жобаларға қатысу тәртібін қайта қарауды мақсат етіп отырмыз. Ассоциацияның мүмкіндіктері орасан зор. Сондықтан, алдағы уақытта заманауи нарық талабына сай ұсыныстарымызды жүйелей отырып, баспа өнімін өндірушілердің қызығушылықтарын қорғайтын, қосымша мүмкіндіктер беретін бағытта жұмыс жүргіземіз.
- Сұхбатыңызға рахмет. Еңбектеріңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан: Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА




