1984 жылы 21 наурызда Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген. Шинжяң университеті электр инженериясы институтын 2008 жылы тәмәдаған. 2013-2014 жылдары Пекиндегі Қытай көркемөнер академиясынан дәріс алған.
Қазірге дейін өлеңдері мен әңгімелері, сын-зерттеу мақалалары жарық көрген. Бірнеше дүркін жыр мүшәйрасының жеңімпазы атанған. Альбер Камюдың «Бөтен» хикаятын, Акутагава Рюнескэ мен Хемингуэйдың бір бөлім әңгімелерін, сондай-ақ қытай ақыны Бей Даудың өлеңдерін тәржімалаған.
Қазір Алтай аймақтық мәдениет үйінде қызмет істейді.
КІТАП-ГҮЛДЕР
Еш мезгілді менсінбейтін өр өлең,
Тамшы болып төгілгенде төбеден —
Көктеп шыққан кітап-гүлдер, мінеки,
Хош иіс аңқып қол бұлғап тұр сөреден!
Кітап-гүлдер...
Жай гүл емес есті гүл!
Сана ішіне сәуле септі-ау текті бір.
Тым арайлы бұл сәтіме қызығып,
Сығалайды терезеден кешкі нұр.
Сөре толы қызыл, сары, жасыл гүл,
Жамалында- парасат пен ақыл-дүр!
Сағағында - ғасырлардың қол табы,
Жанарында- мен іздеген асыл жүр!
Жұпарымен сусындатқан маңайды,
Анау кітап - гүлі шығар Абайдың?
Мынау кітап- ақын Мағжан гүлі екен,
Сымбатына қызығып бір қараймын.
Асқақ екен мына гүлдер айбыны,
Жапырағында отырғандай ай күліп!
Бірақ, бірақ, неге көрем кей гүлден
Жан ауыртар қай-қайдағы қайғыны?!
Қуат беріп жүректегі дірілге,
Ұлылықтың періштесі-ау, күлімде!
Анау сөре неге бос тұр?
Иә, онда
Менің гүлім тұрар ма екен түбінде?!
Еш мезгілге бағыңбайтын өр өлең,
Тамшы болып төгілгенде төбеден —
Көктеп шыққан кітап-гүлдер, мінеки,
Хош иіс аңқып қол бұлғап тұр сөреден!
ПОЭЗИЯ
Сенде жоқ қой,
Ақша маңдай- шашқан нұр,
Жоқ тағы да
Аппақ анар- ашқан гүл.
Кейіме оған,
Тоқ балтырың және жоқ,
Бірақ, түпсіз көздеріңде аспан жүр.
Көне бермес кеудемдегі кей тілге,
Иә, ол аспан...
Менің жылы бейітім бе?
Сенің атың асқақ,
Бірақ, ал, маған
Елестейсің сәби қыздың кейпінде.
Сен сөйлейсің мына әлемнің атынан,
Тармақтарың - қаның сынды тасыған.
Сен жабығып қалмаса екен деп кейде,
Жұртша айтқанда: «Түнге қалам матырам!»
Солқылдатып жүрегімнің тамырын,
Құлағыма жетер сосын, өр үнің.
Ақымақтай сүйетұғын атақты,
Сені ғана сүйемін ғой, жарығым,
Поэзия!..
* * *
Қайғысы да мұңы да әдемілеу,
Мәңгілік бір ғұмырдан дәмелілеу,
Менен гөрі дарынды һәм айбынды,
Өмір сүрып жүр іште және Біреу!
Бұрымыңды әспеттеп сөз құсымен,
Ол жырлайды...
Тау ойы, көл күшімен.
Бұрқыратып шылымның көк түтінін,
Мен отырам сырласып сол Кісімен.
Саған ғашық мен емес-
Сол бір адам,
Мөлдіреген көзінде зерлі ғалам.
Оның алтын саусағы тиіп кетсе,
Ып-ыстық күй саулайды домбырадан.
Ағалардан көңіл қап кісіліксіз,
Інілерден көңіл қап кішіліксіз,
Түсініксіз уақытта,
Екеу болып
Тірлік кешіп келем мен
Түсініксіз...
ІҢІРДЕГІ ДИАЛОГ
— Анау?
— Арман. Жетпей қалған көмбедей,
— Мынау?
— Жалған. Қилы- қилы кермек ой.
— Анау?
— Көңіл. Ауа сынды ластанған,
— Мынау?
— Өмір. Құнсызданған теңгедей...
— Анау?
— Тұрмыс. Қара нан бар, лыпа бар...,
— Мынау?
— Шарап. Аңқаң кепсе іш, аға!
— Анау?
— Аз-мұз еркіндіктің елесі,
Торғай сынды қорғалаған бұтаға.
— Мынау?
— Менмін. Тек ажалға беделді,
— Анау?
— Қалам. Тамшылатқан өлеңді.
— Мынау?
— Уақыт. Жалғыз нәрсе жетпейтін,
— Не жетпейді?
— Айта алмаймын, оны енді!
* * *
Боз жусандар
Шыққа малған кірпігін,
Шіркін-ай бір, ұғына алсаң түн тілін!
Ай нұрымен жамап-жасқап отырсаң,
Жұлым-жұлым тағдырыңның жыртығын! ..
Жұлым-жұлым тағдырыңның жыртығын,
Мейірленіп самал сүйсе бір шырын!
Көңіліңнің шалғынында көкорай,
Бейғам ғана жусап жатса жылқы мұң! ..
Күллі адами лас тірліктен безініп,
Кетсең сосын түнмен бірге көз іліп!
Жұлдызыңа қарап қойып жоғары,
Өлмесіңді жан-тәніңмен сезініп!
* * *
Қасқа су сыңғырлатып қоңырауын,
Айтады кәрі терек «Өмір-ауын» .
Құбыладан жамырар қозы самал,
Идіріп саулық-таудың омырауын.
Сайраған құс үнінің исі нұрлы
Аңқиды
айналаңда...
күй сіңулі.
Сонау бір аспан жақта бұрқыраған,
Бұлттарға орап тастап түйсігіңді.
Жатасың,
Ақ сәулеге жанып ыстық,
Санаңа Сөз тамызар Тәңірі үстіп.
Ойлайсың сосын келіп уыз қызды,
Тамшылап таңдайыңа сағыныш сүт.
АЛТАЙ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Әуелде Алтай ақ құс екен киелі,
Сұңқылдаса — босатқан жан жүйені!
Бұтағына қондырыпты сол құсты
Көк орман боп бабалардың сүйегі.
Көріп- көріп заманның сан тайғағын,
Қанатынан ыстық-ыстық қайғы ағып,
Ақ Алланың құдыретімен сол ақ құс,
Ақбас тауға кеткен екен айналып.
Топыраққа жазылыпты ол аңыз,
Аңыз толы алтын кітап — анау із!
Содан бері жақпар-жақпар тастардан,
Құстың исі аңқып тұрар, қараңыз!
Құстың исі...
Жусан исі секілді,
Жетелейді қиялдарға не түрлі!
Жапырақтың сыбдыры боп осы иіс,
Түгендейді ақылың мен есіңді!
Жасыл- жасыл мұң ағызып, жас жұтқан,
Бұл даладан (бұлақтары аптыққан!)
Ұшып кетіп жүрмесе екен, я, Раббым,
Ақбас тауым
Қайта айналып ақ құсқа!
* * *
Тауды, Ауаны һәм Аспанды ұнатқан,
Орын таппай Тәңірі тұрған тұрақтан.
Маңдайына ақын болу жазылған
Мен-
Алтайдың Қауырсыны ем бір-ақ тал!
Жүректегі сезімдердің жыртығын,
Жамамаса
Уақыттың ұршығы-
Жазуымды өшірем де маңдайдан,
Құсқа айналып ұшып кетем бір күні!
Мен ұшар сәт әлем үшін ауыр сын,
Дәл сол сәтте тына қалар дауыл шын.
Қара қалам,
Мұңаярсың сонда нақ,
Сенің де, иә, арғы тегің- Қауырсын!
* * *
Ғашық ем әтір иісті гүл мұңыңа,
Қызыл қыз,
Қызық аз ба бұл ғұмырда?!
қарашы, қып-қызыл боп сылқым іңір,
Қып-қызыл жалын шашып тұр құбыла.
Өтеді-ау жалған дүние, ізім-ғайып,
Ал, бізге жалғаннан нұр үзу - лайық.
Қарашы, көкжиектің мұхитына,
Ай-дағы қалқып шықты - қызыл қайық.
Домбырам — екі ішекті пернелейін!
Аңқысын жусан-қиял,
Ермен- ойың.
Қарашы, айтқысы кеп әлде нені,
Бүлкілдетіп жатыр-ау көл көмейін.
Санаңнан күй төгілсін ізгі, қоңыр!
Қарашы, самал есті үздіге бір.
Сағымдай мың құбылып өте шығар,
Баянсыз неме бірақ, біздің өмір!
* * *
Қажамаған сезімін күйкі шідер,
Жыр түсінер жан едің,
Күй түсінер.
Сайын далам төсіне аунай қойшы,
Бойыңа боз жусанның иісі сіңер!
Арылмаған жүзінен жылу, жарық,
Жан ең құштар сырымды ұғуға анық!
Өзеніне ойымның жуыншы бір
Онан әрі кетесің сұлуланып!
Аумайтұғын жұлдыздан сырғасы дәл,
Менің ғашық гүлім ең,
Күнде ашылар!
Тау қиялым басына көзің салшы,
Жанарыңның нұрына нұр қосылар!
* * *
Қилы-қилы ашады түндер есік,
Қиналарсың алуан түрге көшіп.
Қарғам, сенің ып-ыстық жүрегіңде,
Өмір сүріп жүрем мен,
Сүрмегенсіп...
Жаның — нәзік гүл еді таңға ғашық,
Нәзік оймен жалғанды аңғарарсың! ..
Қарғам, сенің қарақат көздеріңнен,
Тамшы болып тамамын,
Тамбағансып...
Бұл әлемнен көңілім қайтқан асық,
Нұрлы сезім күңгірт бір жайтқа ұласып.
Қарғам, саған арнаған жырларыммен,
Бәрін айтып отырам,
Айтпағансып...
* * *
Ғұмыр, ғұмыр!
Ұ-за-а-қ ғұмыр — сол ғұмыр! ..
Табанымды қажай берер жол күдір!
Реңімде — Тәңірімнің алауы,
Жүрегімде — сезім деген шерлі жүр.
Ғұмыр, ғұмыр!
Қысқа-а-а ғұмыр — сол ғұмыр!
Сермей салып біреу отыр қолды бір!
Бақи жаққа бара жатыр аттанып,
Пәни жақтан түстік ішкен сорлы гүл.
Пешенеме тамып тұрған нұр, әні!
Күбірлеймін тым-ақ ескі дұғаны:
Жусан исін бұрқыратқан қара өлең,
Сен аман бол,
Ақыл-естің жұмағы!
КҮТУ
Күту... күту... ұзақ күту...
Бұл күту —
Көкіректің ну орманын сыңсыту!
Ақар-шақар тауларына жанымның,
Ессіз мұңның боз тұманын кілкіту!
Күту... күту... үнсіз күту...
Бұл деген
Арпалысу сезімдегі түнменен!
Сосын, сосын... сәл жымиып отыру, .
Ақ қағазға жазып тастап нұрлы өлең!
Күту... күту... иә, бұл күту - ұлы аңыз...
Сол аңызда күмілжіді мына күз.
Сәл артықтау сүйіп қойған жоқпын ба,
Ақ тамаққа шаң жұқпаған бұла қыз?
* * *
Телэвизор сөнді кенет қырысып,
Түн иіскеді бөлменің әр бұрышын.
Ұрылды ақыр құлағыма...
Гүлдердің
Сыбдыры емес,
Дәу сағаттың тынысы!
Үстелдер де үнсіз қалды мұң басып,
Орындықтар да жым-жырттықпен жымдасып.
Жата кетті
Көшелердің жарығы
Алашабыр нұрмен жуып сұлбасын.
Кітаптар да кірпік ілді-ау шаршаған,
Иә, онымен бірге ұйықтады қанша мән?
Сезе қойдым
Опасыздау уақыт,
Мырс етті бір- осы сәтті аңсаған.
Сірә, бұл түн басқа түннен өзгерек,
Тылсым елес ұялады көзге кеп.
Ал, төсекте - сен екеуміз... Жоқ-жо-жоқ!.
Өліп кетті қара шашты сөз-бөбек!
ҰМЫТШАҚ
Ай нұры аңқыған қаланы,
Сонау бір көшенің атын да,
Бақшаны...
Ақ көңіл самалы
Айтпайтын уақыт хақында;
Кездесу сәтінің мәндерін,
Кездерді нұр құйған сөздерге,
Гүлдерді...
Алқызыл тәндерін
Мақтанып көрсеткен көздерге;.
Жүректі қияли, сезімшіл,
Ұялшақ сезімнің ентігін,
Саусақты...
Сәл ғана өзімшіл,
Хош исті шашыңның толқынын;
Елестің ішіне сия алмай
Қонған бір бақытты қолыма,
... Қоштасқан шақтарды қия алмай,
Иә, әлгі не еді?..
Оны да...
Қайтадан аңсаудың дәмін де,
Түндердің ыстық бір демін де...
Бәрін де ұмыттым, бәрін де,
Бастысы, ұмыттым сені де.
Дәл солар туралы ойлауға
Қойдым да сұп-суық бір нүкте.
Үйрендім ажалмен ойнауға,
Үйрендім ұмытшақ тірлікке.
АҚЫН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Ақын еді ол сия алмайтын әлемге,
Өмір кешті жұртқа ұғымсыз көлемде.
Тау десе- тау,
Көл десе – көл,
Шіркін-ай,
Айналып бір кетуші еді өлеңге!
Досы еді оның күміс қанат Құс барлық,
Тек Құстардан көрмей өтті дұшпандық!
Және Гүлге ғашық еді,
Онысын
Неше саққа жүгіртті-ай кеп іштар жұрт!
Жалғыздықтан ағарған соң шашы да,
Ол мұң шертті ғаламның әр тасына!
Бар асылын тонап алған сұм тірлік,
Нақ ақынын көтерген жоқ басына!
Сосын, ақын аңсай берді өлімді,
Өзегінде өрт пен сезім өрілді!
Өлім бірде көкжиектен жымиса,
Енді бірде ақ парақтан көрінді.
«Көкжиектен елес берген Ажалым,
О, Ажалым, неткен нұрлы ажарың!
Күрең өңді қайғысымын мен Жердің,
Өлеңіммен қабірімді қазамын!
Ақ парақта күлімдеген дерт-Өлім,
О, дерт-Өлім, сен не қылған ерке едің?!
Мен Ғарыштың құс тағдырлы ұлымын,
Маған қымбат бүгін емес, ертеңім!
Талай сырды айттым білем сендерге,
Тәнім шіріп, айналады ерменге!
Бүгінімді алып кетем Ғарышқа,
Ертеңімді қалдырамын кең Жерге!»
Осы сөзді айтты ақыры сол ақын,
Оны растап жатыр мынау қара түн!
Сөз біткен соң,
Тілін жұтып алды да,
Тастады да кете барды даласын!
Сол ақынды сөнді деді біреулер,
Тым ертерек солды деді біреулер!
Оны қойшы,
Тозаңына дүниенің
Малтып жүріп өлді деді біреулер!
«Бәрі де рас» дегендей ме кесір күн?
Сенбейді оған ақылың мен есің шын!
Ақынын да «өлтірмеген» дұрыстап,
Неткен олақ Халық едік, о шіркін!
* * *
Кеудемнен көк ала үйрек хош деп ұшты,
Сол шіркін, кәрі жолдас - өлең, білем!
Кемпірбай
Сегіз қиыр шартараптан мені іздеп,
Қонған келіп кеудемдегі теңізге-
Көздерімнің қарасындай осы құс,
Шыныменен тағдырыммен егіз бе?
Құпиям ғой айтып жатқан тек саған:
«Кетем, - дейді ол, - ЖАН-АРЫҢНАН кетсе мән.» .
Бір ақынның исі аңқиды сол құстан,
Кеме атамның құсы ма екен деп қалам.
Титімдей құс- көкірегінде жұмыр жер,
Естімейді пендеге тән сыбырды ол.
Аялауға аманаттай сол құсты
Хақ-Тағалам, айдай нұрлы ғұмыр бер!
Қонып алып қағаз дейтін бұтаққа,
Сайрайды-ау бір! ..
Қанатының түсі аппақ-
Есіл сол құс иесіне қайтқанда,
Мен де айналып кетсем, шіркін, Кітапқа!




