Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА: «Туған жердің тарихымен тұлғалы...»

Бүгінде алты Алаштың Ақұштабы атанған ақын апамызбен телефон арқылы сөйлескен сайын ұққаным, ол кісінің уайымы - ел мен жер тағдыры, туған ұлтымыздың рухани құндылықтары. «Мұхиттың «Айнамкөзін»  шырқайтын Ғарифолладай әнші енді туар ма екен? Мұхит әндері болашақ ғасырларға ұрпақ арқылы жетсе ғой, шіркін! Қазіргі Қайрат Кәкимов, Айгүл Қосановалардың деңгейінен асатын әнші Батыс Қазақстанның ән мектебінен шығатын шығар деп үміт етемін. Әлде Мұхит әндері тек Батыс мектебінің, осы өңірдің ғана деңгейінде қалар ма екен?» деген еді ол кісі бір әңгімесінде...

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерееваның «Айнамкөз» өлеңінің тақырыбы – тек ән тарихы, әнші тағдыры ғана десек, қателесеміз. Бұл өлеңнің астарында АқЖайық өңірінің шерлі шежіресі ғана емес, ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі тілмен жеткізген аңыз-әфсанасының желісінде мұра болып жеткен тұтас бір дәуірдің толғағы мен дауылы бар. Ұрпағына аманат еткен ұлттық мұра – ана тіліміздің, қазақ әнінің, бүтін бір халықтың салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі де осы өлеңге арқау болғанын өлеңді оқыған кезде түйсінеді оқырман. Өлеңнің идеясы – ұлт руханиятын, ұлттық құндылықты, ұлт өнерін насихаттау, өнерді, өнер адамының жанын түсінуге шақыру, туған жердің тауы мен тасын, өзен-көлін «сөйлетіп», келер ұрпаққа балалар аманатын аман-есен жеткізу.
«Пенде емес малын санап, жатар шөгіп,
Жез таңдай ән мен жырды қатар төгіп,
Сыймаған бір ауылға сері Мұхит
Жиірек кетеді екен сапар шегіп.

Бастайды ән жортып шығып қырқаны аса,
Кең дала тыңдайды үнді бір тамаша,
Кетердей тар кеудені жарып әуен
Аулаққа алыс кетіп шырқамаса. 
Іңкәрлік онда елден ала бөлек,
Даусы да, келбеті де дара дер ек,
Мұхитты тыңдау үшін - үлкен жүрек,
Мұхитқа шырқау үшін - дала керек!» деп басталады жыр басы. «Дауысы алты қырдың астынан естіледі» деп үлкендер таңданысып, ұрпақтан-ұрпаққа сал Мұхит туралы аңызға бергісіз әңгімелерді айтып отыратын күні кешеге дейін. Міне, ақын да өлеңнің экспозициясында дарынды туған әнші үшін бір ауылдың аясы өте тар екендігін «Сыймаған бір ауылға сері Мұхит» деп келтіреді. Ақын «сері Мұхит» деген эпитетті өте орынды қолдана отырып, Мұхиттың даусы мен даланы бірге баламалап, бір-біріне салыстырмалы түрде шебер қолданған. «Кетердей тар кеудені жарып әуен» дей отырып, «кең дала» мен «тар кеудені» бір-біріне қарама-қарсы шендестіре өреді. Ақын дәл осы антитеза арқылы Мұхит даусының кең диапазонын аңғартады оқырманға. Кең далада ән шырқаудың өзі – қазақ үшін ғаламат дүние, теңдесі жоқ өнер. Міне, өлеңнің табиғаты қазақылықты, өнерге деген махаббатты сезіндіреді. «Мұхитты тыңдау үшін – үлкен жүрек,
Мұхитқа шырқау үшін - дала керек» деген жолдағы «үлкен жүрек» деген эпитет адам кеудесіндегі «жүрек» деп аталатын бір кесек еттің көлемін айтып тұрған жоқ, сол жүректің өнерге деген іңкәрлігін, ұлтына, ана тіліне деген махаббатын, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін білдіріп тұр емес пе? Жүрек пен даланы бостан-босқа егіздеп отырған жоқ ақын. Бұл жерде Мұхит әнін түсіну үшін тыңдарманның жүрегі даладай кең болу керек деген ой тұрғаны айдан анық. 
 «Әншінің тағдыры ауыр, жолы құтты,
Өр көңіл тірлік үшін торығыпты.
Бір жылы Кобда бойын кезген әнші
армандай бір аруға жолығыпты.

Жұмбақтай жүрек жәйін жан ұқпаған,
Сырына Құралайдың қанықпаған,
Дегенмен ояу көңіл, көреген көз
Қыз мұңын қабағынан танып қалған» деп, Мұхиттың «Айнамкөз» әнінің шығу тарихына тоқталады ақын бұл жерде. Өнер адамының тағдыры қайдан оңай болсын? Сезімтал да сырлы жүректің мұңы мен назын ел қайдан түсініп, ұға қойсын? Өлең сюжеті бірте-бірте дамып, оқиғаның мән-жайын баяндау арқылы өзі өмір сүрген ғасырының маңдайына сыймаған әншінің жүрек толғанысын оқырманға паш етеді. Иә, ел тарихын, өңір шежіресін ұғу үшін осындай өнер туындысының да шығу тарихын, сол кезеңде өмір сүрген тұлғаның сол өнер туындысымен байланысын бала жастан естіп, ұғып өсу өз алдына, оны түсініп, жыр жолына айналдыру үшін – даладай кең жүрек керек! Міне, талай бозбаланың сүйген жарына айтатын сырын алақанына салғандай етіп жеткізген «Айнамкөз» әні осылай дүниеге келген екен! 
«Шәй құйған, қонаққа тік қарамаған,
Әр сөзді оймен тыңдап, саралаған.
Қалайша анасынан асып туған
Міні жоқ тал бойынан табар адам.

Жанардан мұң аралас жалын төгіп
Бейнесі сүйген жардың сағым болып,
Сүйетін, сүймейтінін сұрамастан
Сұлуға қойған екен қалың беріп» ,- деген жолдардан қазақ қызының тауқыметті тағдыры, сүйгеніне қосыла алмаған ғашықтардың мұң-зары «Айнамкөз» болып көкірегімізге құйылып жатқандай. Қазақ қызының тәрбиелі, инабаттылығы, «қызға қырық үйден тыйым» деген қазақы психология, ұлттық иірім оқырманға ой салып, сонау көне күндердің кедірлі-бұдырлы сүрлеуімен жетелей жөнеледі емес пе? «Шәй құйған, қонаққа тік қарамаған», өзінің әдебімен сүйсіндірген, «қыз – елдің көркі» деген мәтелдің шындығын «міні жоқ тал бойынан табар адам» дегендей, көркімен дәлелдеген ару қыздың қалың мал берген біреуге жылай-жылай ұзатылып кете барғанын осы өлең тармақтары арқылы ашық нақыштаған. Ата-анасының, бүкіл ауылдың намысы мен арына балап өсірген өрімталдың өз сүйген жарына қосыла алмай, жүрегі шерге, көзі жасқа толып, жылап өткен кезеңдері де болған тарихта. Осы арқылы бүгінгі ұрпаққа ақын «өзіңнің бақытты ұрпақ екеніңді ұмытпа, сен - еркін де бұла өскен дала перзентісің. Бұрынғы өткен апа-әжелерің осындай күнді армандап өткен, енді өз бағыңды біліп, тал бойыңдағы сұлулығыңа қоса, ақыл мен біліміңді, қазақ қызына тән ұяңдық пен көргенділікті халқыңа арна, ұлтыңды, ана тіліңді сүй» деп тұрғандай. 
«Табиғат сезім берген талабына,
Таланттың көрегендік ғажабы да,
Қыз халін сері Мұхит ұғып алған,
Түскеннен көз қиығы ажарына.

Әнші отыр шырқамасқа амал қалмай,
Лайық оған әуен табар қандай,
Өтетін ер жігітке мәңгі арман боп
Жалт еткен, жалын атқан жанар қандай!» -, шіркін, маңдайы жарқыраған жігіттің асылына жар болатын-ақ бойжеткен! Бірақ ана тәрбиесін алған, әке ақылын өміріне өзек еткен қазақ қызы ұлттық дәстүр мен салтты қара басының бақыты үшін тәрк етіп, екі жақтың қалың мал арқылы баталасқан серттерін бұза алмайды. Өйткені, оның арғы жағында екі елдің тағдыры тұр. Қазақ атамыз ежелден қыз баланы ел-мен елді татуластыратын, жау болып есіктен енгенді досқа айналдыратын алтын көпір деп санаған. Оны біз тарих беттерінен оқи аламыз. Міне, өзіміз талдап отырған өлеңде де ақын сол бір қыз тағдырының қылдың үстінде тұрғандай нәзік те аянышты қалпын төндіре суреттеген. Қыздың осы бір жағдайын кеудесінде өнер деген шам жанған сері Мұхит бір көргеннен-ақ түсініп, әнге қосады. Ол ән - мынау даладан нешеме жылдар өтсе де, тіпті сол бір әнге арқау болған бойжеткен қазір жер бетінде өмір сүрмесе де, Мұхит әнші де қыр басындағы төмпешікке айналса-дағы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ғажайып махаббат жайлы аңызға арқау болып, міне, жиырма бірінші ғасыр табалдырығынан да аттапты! Өнер құдіреті деген – осы!
«Жүрісі - қалқып өткен аққу алдан,
Кім екен аруға жар, бақты болған.
Бұрымда жібек шашбау сыңғырлайды
Майысып құйған шайы тәтті балдан.

Қазақтың қонақ сыйлау салтын көрген,
Қос бұрым арқасында қалпында өрген.
Қырмызы кеудешесі қынама бел
Көмкерген омырауын алтын зермен.

Төгілтіп ақ көйлектің бүрмелерін,
Ұғынар үнсіз тыңдап білмегенін,
Ақ білек шай ұсынған батыл ғана
Ұялшақ дірілдейді гүлдей ерін»,- ақын бойжеткеннің пәкизат сұлулығын аңыз-ертегілердегі үрдің қызындай етіп бейнелеген. «Бұрымда жібек шашбауы сыңғырлап», «қалқып алдан аққу өткендей жүрісімен», «майысып, балдан тәтті шәй ұсынған» аруға  жар болған кім екен деп сері Мұхиттың көкірегіндегі толғанысын ақын жыр жолдарына сезгіш сана, тылсым түйсікпен түсіріпті. Қыз баланы айдындағы аққуға теңей отырып, бұрымдағы «жібек шашбау» деген эпитет арқылы қазақ қызының ғасырлар қойнауынан тұрып келіп, оқырманға қарап тұрғандай ғажайып бейнесін бедерлеген. «Жібек шашбау» - тек көріктеу құралы ғана емес, өлеңге жан бітіріп тұрған сәтті деталь. Тек қазақ қызының ғана бұрымына «жібек шашбау» тағып, жүректерді лүпіл қақтыруға құдіреті жетеді! Ақынның шеберлігі! Өзінің ұлтын, туған жерін, туған тілін жанындай сүйетін және оның рухани құндылықтарын жетік білетін, қадірлеп-қастерлейтін ақынның тілінің ұшына оралған көркем тіркес. «Қос бұрым арқасында», «омырауын алтын зермен көмкерген қынама бел қырмызы кеудеше» киген қазақ қызының жүріс-тұрысы қандай салтанатты, сәнді десеңізші! «Алтын зер», «қынама бел», «қырмызы кеудеше»  деген эпитет бәрі бірігіп келіп, ибалы да инабатты, көркем арудың образын жасап тұр. «Төгілтіп ақ көйлектің бүрмелерін» деген образды тіркес оқырманның көз алдына бүрмелі көйлек киіп, талшыбықтай солқылдаған бойжеткенді алып келетіні даусыз. «Ақ көйлек», «ақ білек», «ұялшақ, гүлдей ерін» деген эпитеттер өлең мазмұнына суреткерлік рең беріп тұрғанын айтпай кете алмаймыз. Нағыз қазақ қызы! Ұялшақ, инабатты, бүрмелі көйлек, қынама бел камзол киіп, арқасында бұлғақтаған қос бұрымына жібек шашбау таққан дала қызының сөзбен салынған суреті!
«Әнші отыр тілдесе алмай жеке қалып,
Жас дәурен күні ертең - ақ өтер анық.
Қоспайды сүйген жарға амал қанша
Мал берген мықты білек кетеді алып.

Мұхиттан басқа бір жан бұны ұқпайды,
Сүйгенін қыз жүрегі ұмытпайды.
Ән тыңдап, той күткен жұрт отыр, қайтсін,
Жатқанын қыз - кеудеде тұнып қайғы» иә, ащы шындық! Өлең сюжетіндегі шиеленіс. «Мал берген мықты білек» алып кететін сүйген жардың өзегін өртеген өкінішті ақындық тылсым түйсікпен қабылдап, сол бір өксікке толы ғұмыры өлеңге арқау еткен ақын дарыны, таланты тәнті етеді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, той күтіп абыр-сабыр болып жатқан ауыл жұрты, оның ішінде қыздың жанашыр аға-жеңге, апа-жезде, іні-бауырлары да бар, олардың бірде бірі «қыз-кеудедегі» тұнып жатқан қайғыны білмейді, елемейді де. Тек Мұхит қана оны сезініп, әнге қосады. «Мал берген мықты білек» деген образды тіркес, күрделі эпитет. Осы бейнелі сөз арқылы ақын қыз күеуінің сол дәуірге тән типтік образы жасаған. «Қыз-кеуде» метафора, жәй ғана қыз емес, кеудесінде небір зар мен мұң, шер мен нала бұғып жатқан, қалғыған жанартаудай намысты қыз... 
«Ару қыз тіл қатпады, сыр айтпады,
Мұхитты бірақ бір ән шыдатпады,
Құрбыдан озық туған әнші сонда
Өксігін қам көңілдің жұбатқаны:

Айнамкөз, сен қайдағы, мен қайдағы.
Біреудің мен де өзіңдей боз тайлағы.
Ойнасаң, өзің теңдес жаспен ойна,
Ол - дағы сүйген жардан кем болмайды.
Қалқашым, жүрген жерің сайран болсын,
Жақсылар алдан құшақ жайған болсын,
Сөзімен жұбатқансып, деп тұр әуен:
Тең құрбы сүйген жардай қайдан болсын» деген жолдар арқылы сырға берік дала аруының намыс пен арды өмірінен де биік қойған жан екеніне көзі жетеді оқырманның. Өзі өмір сүрген дәуірдің биігінен тума талантымен жұлдыздай жарқырап тұрған Мұхиттай дала перзенті сүйген жардың көкірегінде тұнған ащы запыран-зарды халық жүрегінен өшпестей орын алатын зарлы әнге, ғашықтық әніне айналдырады. «Құрбыдан озық туған әнші» образын осы бір кестелі тілмен сомдаған ақын әннің жүректі шымырлатып, көңілге мұң тұндыратын шумақтарын орынды пайдалана білген. «Біреудің мен де өзіңдей бозтайлағы» дей отырып, Мұхит сұмдық ғажап образ жасаған. «Бозтайлақ» - қазақ ұғымына етене жақын, ыстық, жүрекке жылылық сыйлайтын сөз. Төрт түліктің ішінде «сахабалар мінген  көлік», «шөл кемесі» атанған түйенің орны бөлек қазақ баласы үшін. Ал, тайлақ - енесін арда еміп жүрген, әлі енесінің бауырынан шықпаған бұла да асау жануар. Қазақ сұлу қызды «ботакөз» десе, баласын «ботам» деп, ал, бозбаланы «бозтайлақ» деген образды тіркестер арқылы атайтыны баршаға мәлім. Міне, Мұхит дәл осы «бозтайлақ» деген метонимияны орынды пайдалану арқылы әр қазақтың жүрегіне терең бойлап, ғұмырына жетерлік із қалдыратын ғажайып туындыны дүниеге әкелді. Өлеңнің шарықтау шегі де – осы шумақ.

Ал, «Сөзімен жұбатқансып, деп тұр әуен:
Тең құрбы сүйген жардай қайдан болсын» деген жолдар – шығарманың шешімі. Мейлі, малға сатылып, өзі білмейтін, танымайтын адамның жетегінде кете берсін, шын ғашық жар ешқашан ұмытылмайтынын, шын ғашық болған адам өзінің сүйген жарын ешқашан да ұмытпайтынын осы жолдар арқылы жеткізген. Не деген биік сезім! Алапат сезім! Пендешіліктен жоғары тұрған сезім! Ақын Ақұштап Бақтыгереева дала дарыны Мұхиттың әні арқылы туған жер шежіресін, ұлтымыздың ғасырлар қойнауында шаң басып жатқан тарихы мен аңыз-әфсанасын, ана тілімізге деген перзенттік махаббатты, ғашық жандар арасындағы биік сүйіспеншілікті «Айнамкөз» сюжетті өлеңі арқылы нақыштап, қазақ поэзиясының алтын көмбесін өлмес өнер туындысымен толықтырған. 
Мұхит Мерәлі ұлы – дала перзенті. Даланың жазылмаған ережесі мен заңын өз мүддесінен биік қойып, халық өнерін қастерлеп өткен табиғи тума талант иесі. Ақұштап Бақтыгереева өзі туған Ақ Жайықтың жағасындағы ел мен Мұхит Мерәліұлының тағдырын бөлек қарастыра алмайды. Өз шығармашылығының барлық кезеңдерінде публицистикалық шығармаларына да, поэзиялық туындыларына да жоғарыда айтылған тақырыптарды арқау етіп келеді. Оны біз ақынның «Ақбақай көлдің жағасы» деген тағы бір сюжеттік өлеңінен көреміз.  
«Ақбақай деген бұл жер көл болыпты, 
Жағалай Ақбақайды ел қоныпты. 
Онда да бірден біреу кем болыпты, 
Онда да бірге біреу тең болыпты.
 
Сең көшіп, суға толып өткелдері, 
Құс келген думандатып көк пен жерді. 
Қиқулап қаздар қайтқан күз келгенде, 
Көлдің де өткен бастан көктемдері» деп, ақын бұл күнде суалып қалған «Ақбақай» көлі туралы өлеңді философиялық иірімге толы шумақпен бастапты. Ақынның суреткерлік шеберлігі сонда, оқырман көз алдына Ақбақай көлін, оның айналасын жағалай қонған қазақ ауылын алып келеді. Иә, өмір философиясы: «біреуден біреу кем, біреуге біреу тең» болатыны да рас. Көңілге мұң қонақтағандай... Сонау ықылым заманнан бері бүгінге жеткен адамзат көшінде бұлжымайтын заң, ауыспайтын қағида бар: «Онда да бірден біреу кем болыпты,
Онда да бірге біреу тең болыпты...»  Келесі шумақтағы табиғат суреттері қазақтың жүрегіне жақын, етене таныс. «Көктемдегі сең көшіп, өткелдер суға толған, көк пен жерді думандатып құс келгенін» бейнелейтін көріктеу құралдары арқылы айшықталған сөз тіркестері қыстаудан жайлауға, одан күзеуге көшіп, бар тұрмыс-тіршілігін далада, ашық аспан астында, өзен-көлдің жағасында, ен жайлаудың ортасында өткізген қазақы өмір салтын аңсайтын қазақ баласының сол жақ тұсын бір қозғап, шымырлатып өтеді. Ал, «Қиқулап қаздар қайтқан күз келгенде,
Көлдің де өткен бастан көктемдері» дей отырып, санада сартап болған сағыныштың пернесін дөп басады. Күзде қиқулап құстар жылы жаққа қайтқанда, аспанға қарамайтын қазақ жоқ! Көк жүзіне көз тігіп тұрып, тұла бойын аралаған  қанының әр түйірі арқылы санасынан атойлап бас көтерген айрықша халді сезіне тұрып, табиғаттың арда перзенті атанған ата-бабасының дәстүр-салтын аңсайтыны да рас. Қазір қалаға байланған әр қазақтың өмірі – қанатын қайыырып, жерлік тірлікке байлап қойған қараша қаздың мұңы. Өлеңнің экспозициясы да – осы екі шумақ. Негізінен «Ақбақай көлдің жағасы» өлеңінің тақырыбы – туған жер, өнер туындысы, өнер адамының өмірі. Ал, идеясы: туған жерді сүю, қастерлеу. Атамекенге, атакүлдікке деген перзенттік сағыныш. Туған жер тарихына терең бойлау. Өнерді, өнер адамының өмірін түсініп, ардақтауға шақыру. Біз ақынның идеясын өз санамыз деткенше түйсініп, соны оқырманға жеткізуге тырыстық. 
«Малды ауыл жаз жайлауға көшіп жүрді, 
Өмірге сәби келді, есін білді. 
Сол жерде той да тойлап бабаларым, 
Өткізді кейде ауырлау Мешін жылды.

Қайтпаған қайсар өткен алған беттен, 
Сері өткен ел қыдырып тарлан көкпен. 
Махаббат күйін кешкен түрліше әркім 
Талайы Айнамкөздің арманда өткен. 

Кедейдің кешсе біреу ауыр халін, 
Таланттың көмейінен ағылған үн. 
Олар да наз айтысып, жылап, күліп 
Даланың бастан кешкен дауылдарын,- бұл шумақтардан малды ауылдың көңілімізге таныс өмірін елестететініміз шындық. Қазақтың салты мен дәстүрін қадірлеп, оны болашақ ұрпаққа жеткізсем деген ақын «Өткізді кейде ауырлау мешін жылын» деп, ұлтымыздың жыл санауы туралы да түсінік береді. Мешін жылын қазақтардың ауырлау санайтынынан да хабар береді. Өмірге келген сәби азамат болып, ат жалын тартып мінгенін, небір батырлар мен қайтпас қайсар ержүректердің, халқым деген перзенттердің, ел қыдырған серілердің, аңызға айналған ғашықтардың да осы жайлау мен қыстау арасында көшіп-қонып, думанды да салтанатты өмірін, қиындығы мен тауқыметті ғұмырын кешкенін баяндайды. «Талайы Айнамкөздің арманда өткен» деген образды тіркес, метонимия арқылы талай қазақ қыздарының қасіретті де қайғылы халін, ғашығына қосыла алмай арманда өткенін өлең сюжетіне арқау етеді. Бұл жердегеі «Айнамкөз» - қазақ қыздарының типтік образы. 
«Сұлулар Ақбақайдан су алыпты, 
Кей жігіт күте алмаған құдалықты. 
Бәріне іңкәр көңіл ғашық жастар 
Жыңғылдың гүліне де қуаныпты. 

Өтіпті талай боздақ ардақталған,    
Үлесті тағдыр бірақ таңдатпаған. 
Бай Медет отыз ұлы болып тұрып, 
Кейіннен «Ой, Зәуреш» деп зарлап қалған» ақын Ақбақай көлінің жағасында қонған елдің сәні мен салтанатын өмір философиясына қоса жырлайды. «Сұлулар Ақбақайдан су алыпты» дей отырып, арнасы тасып-толған, жағасына жағалай ел қонған сол бір кезеңдерге лирикалық шегініс жасап, психологиялық иірім арқылы оқырман жүрегіне мұң қонақтатады. Талай елі ардақтаған боздақтар да, тіпті Жаратқан отыз ұл берген Медеттің де өмірінің соңында ұлдарының обадан көз жұмып, ең соңғы көңіліне медеу болған перзенті қыз да болса, Зәурешінен айырылып, зарлап өткені де ақын назарынан тыс қалмапты. Адам Ата мен Хауа Анадан басталған тірлік көші неше ықылым заманнан бері, қаншама ұрпақты ауыстырып, болашаққа сапар шегіп келеді?! Бірақ адамзат қаншама сол дәуірлер мен жылдардан алыстағанымен де, бәрібір пендешілік сезім, яғни, отанды сүю, туған жерге деген іңкәрлік, ата-ананы ардақтау, сүйген жарға ғашықтық сезімдерімен сол бір соңда қалған ғасырлар мен дәуірлерде өмір сүрген жандардан ешбір айырмашылығы жоқ екен. Тек бір айырмашылығы – бүгінде Ақбақай көлінің суалып, тартылып қалғаны, жағасына елдің қаз-қатар тізіле қонбайтыны, аққу-қаздардың айдында асыр салмайтыны, сұлулардың Ақбақайдың жағасына бармайтыны...  Ел мен жердің тағдырына қабырғасы қайысады ақынның. Экологиялық жағдайдың шегіне жетіп, оның ел мен жұрттың денсаулығына да кері әсерін тигізіп отырғанын публицистикасына арқау еткен ақын біз зерттеу нысаны етіп алған өлеңде де сол мақсатынан таймапты, мұратынан ауытқымапты.
«Дауысы елден ерек, аспандаған, 
Ешкімге жағынбаған, жасқанбаған. 
Мұхиты Мералының келмейінше 
Бұл маңның той-жиыны басталмаған.
 
Онда да әңгіме-аңыз қозғалады, 
Онда да өткен талант сөз болады. 
Алқа топ отырады қызық көріп 
Ортаға ап Мұхит деген бозбаланы» ,- шындығында, табиғаттың құндағында, аспан мен жер ортасындағы үйлесімді жан-тәнімен сезініп өткен қазақ үшін өнер туындысы - таудан биік, өнер адамының орны – мұзарт шыңнан да жоғары. Дауысы елден ерек Мерәлінің Мұхитының асқақтығы, өнерден басқа басын имейтін намысшылдығы, ешкімнен жасқанбайтын өрлігі – оның өнерімен, елдің өнерге деген махаббатымен баламалай өрілген. Біз сөз етіп отырған өлеңнің бір ерекшелігі – философиялық тұжырымында, психологиялық ішкі иірімінде. Бүгінгі күн мен сол бір елдің өткен шағы, жылнамаға енген шежірелі уағы: «онда да әңгіме-аңыз қозғалады,
Онда да өткен талант сөз болады» деген жолдар арқылы өмір философиясы арқылы жырланады. Иә, ол кезде де ата-бабаларымыз ұрпақтарына әңгіме-аңыздар мен өткен ерлер туралы айтып, толғанған, тебіренген екен-ау! Талантты перзенттерін ұмытпай, сөз қылып, орталарына «Мұхит деген бозбаланы» алып отырған ауылдың ақсақал-қарасақалдары тарих сағымының арғы жағынан қолдарын бұлғап өткендей.
«Үйреніп оның әнін әрбір ұлан, 
Даланың естіледі ән әр қырынан. 
Осылай кеткен кезіп аспан астын, 
Кеудені жарып шыққан жаңғырық ән. 

Жоғалмас «Айнамкөзді» шырқатқан күн, 
Сүйген жар кеудесіне гүл таққан күн. 
Өмір де, асқақ ән де қайталанып, 
Келеді ғұмырымен ұрпақтардың» міне, өлеңнің шешімі!  Ақбақай көлі құрғап қалғанымен, сол көлдің жағасына киіз үйді тігіп, әруақтанып отыратын қазақтың абыз қарияларының арманын келешекке ту етіп апара жатқан ұрпақ көші аман, әйтеуір! Ақын антитеза арқылы құрғап қалған көл мен ұрпақтың қаулап өсіп-өніп, ата-бабадан қалған құндылықтарды, рухани салт-дәстүрді, халық арманын құндақтаған әнді ертеңгі күнге, келер ғасырға жалғайтынын емеурінмен меңзейді. Бұл жерден біз ақынның көріктеу құралы – синекдохаға қол созғанын көреміз. Философиялық тұжырым арқылы халық барда халықтың өмірін, тарихы мен шежіресін арқау еткен әннің де, сол әнді дүниеге келтірген өнер иесінің де мәңгі жасай беретінін сезіндірген. Психологиялық иірім арқылы мынау жалған дүниенің өткіншілігін, қазақ айтқандай «бес күн» ғана екенін жыр жолдары арқылы мойындатады. «Айнамкөз», «Ақбақай көлдің жағасы» өлеңдері ақын Ақұштап Бақтыгерееваның туған жермен тұтасып, біте қайнасып, шежіресімен шерленіп, тарихымен тұлғаланып кеткен ұлт ақыны екенінің айқын дәлелі.