«Сайына қарай саласы,
Әкесіне қарай – баласы» деген халық даналығы тегіннен тегін шықпағанын көзі қарақты, жүрегі ояу, көңілінде сәулесі бар оқырман түсінетіні даусыз. Халық педагогикасы дегеніміз де осы мақал-мәтел, ел аузындағы аңыздар мен ертегілерден бастау алады. Жас өскіннің бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші отбасы, ошақ қасынан алған тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, нағашы сойы жақсы, көргенді бала» деп ата-ана тәрбиесін ауызға алады. Осы жерде атап айтатын нәрсе, шаңырақтағы әкенің рөлі. Әкесінің перзентіне қалдыратын ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысатыны сөзсіз.
Отбасындағы әкенің орны айрықша. Қаншама замандар мен дәуірлерді соңға тастап, бүгінге жеткен ауыз әдебиеті қазынасынан ұғатын нәрсе - әкенің сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам екендігі. «Әке – асқар тау» деп халқымыз сол себепті айтқан болуы керек. Әке қамқорлығы – отбасы мүшелерін әртүрлі бәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым.
Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттіксыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығындағы әке тақырыбында жазылған өлеңдерді оқып отырып, ой тұңғиығына сүңгігендей болғанымыз шындық. Перзент үшін бір әулеттің бәйтерегі – өмірдің ащы-тұщысын елімен, әулетімен бірге татқан әке. Сондықтан ол әкеден алатын тәрбиенің де өзіндік ерекше орны бар екенін ұғынған абзал.
«Болса да нәзік гүл өңім,
Өсірдің еркек баладай.
Қыз деуді, әке, білемін,
Көңілің жүрді қаламай» деп, төгіліп тұрған жыр жолдарынан қазақ қызының табиғаты айқын сезіледі. Қарашаңырақты ұстап қалатын ұлды күткен әкенің психологиясын ақын өте дәл суреттеген. Дүниеге соншама аңсатып, күттіріп келген перзентінің қыз болғанына көңілі қоңылтақсыған әкенің психологиялық жай-күйі шебер нақышталыпты. Иә, қазақ үшін ұлдың орны – ерекше. Халық арасына тарап кеткен, үлкен де, кіші де сүйсініп айтатын: «Ұлдың аты – ұл ғой, шіркін, қашанда» деген өлең жолдарынан да осыны айқын аңғарамыз. Содан да шығар, ақынның әкесі сағындырып келген жалғыз перзентін «қыз» деуге қимай, еркекшора етіп өсіргені – қазақы психологияға жат емес. Ақселеу Сейдімбековтің «Аққыз» повесінде де бас кейіпкерді ата-анасы ұлша киіндіріп, ер балаша өсіреді емес пе? Бірақ табиғаттың заңы өзін мойындатады, өзін ұл деп санап, жасырын бойжеткен Аққыздың өзі де мойындағысы келмей жүрген шындығы барымташылармен айқаста ашылады, Наймантайдың сойылынан қорғанып, аттың бауырына еңкейе берген бозбаланың басындағы бөркі ұшып кетіп, төбесіне түйген бұрымы тарқатылып, аттың сауырын жаба қалғанда, өзінің қызбен шайқасып жүргенін түсінген жігіт «Сауға!» деп, қолындағы қаруын тастайтын еді ғой аталған хикаятта. Міне, қазақы психология, дала жігітіне тән мәрттік! Дәл осындай ұлттық сарын Аұштап бақтыгереева поэзиясында да бар десек, қателеспейміз.
Қазақ ұғымында әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Сондықтан әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа бастайтыны күмәнсіз. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» деген екен Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей, оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен. Салт-дәстүрімізді еске алып, шежіренің сарғайған томдарын парақтап отырсақ, көп көмбе-қазынаға жолығарымыз рас. Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп, жіберетін қазақ халқында керемет дәстүр болған. Бүгінгі күні оның ұмыт болып бара жатқаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол екені даусыз.
Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даласының қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген ғой. Содан да шығар, дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген сыйластығы өзгеше болатыны. Әке жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, жүректегі перзентке деген махаббатты іштей сезініп, үлкендердің қас-қабағынан бәрін айтқызбай-ақ түсініп өскен бала әкенің қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі деген – осы.
«Қалмадым елі қасыңнан,
Мен болдым қызың, ұлың да.
Үйір ғып қойдың жасымнан
Қамшыға, асау құлынға»,- міне нағыз ұлттық тәрбиенің кәусарынан қанып ішкен перзенттің сөзі! Өзі соғыстан жараланып, өмір мен өлімнің ортасынан аман келген, сол қанды қырғында талай рет ажалмен бетпе-бет жолыққан, қандыкөйлек жолдастарының, жап-жас боздақтардың өмірмен қоштасқан сын сағатына куә болған, майданнан бір қолынан айырылып келген әкенің соншама сағынып күткен перзентін қасынан бір елі қалдырмай, қазақы психологияға сай тәлім-тәрбие бергенін осы шумақтан көруімізге болады. Жасынан қамшыға, асау құлынға үйір болып өскен нағыз қазақтың баласы! Сондықтан да шығар, ақын Ақұштаптың рухани нәрді бойына сіңіріп, салт-дәстүрден сусындап өскені өлеңдерінен айқырып көрініп тұратыны.
Дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өсетіні халықтық педагогика арқылы әбден дәлелденген. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген даналық сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген қазақ атамызға жиырма бірінші ғасырдың ұрпақтары таңырқай да, сүйсіне де қарайтыны рас. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал, ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайтыны тағы шын. Біз бұл аксиомалардың шындығына Ақұштап Бақтыгереева шығармашылығынан көзімізді жеткізіп те жүрміз.
«Жатпадым ана қойнына,
Сен келмей тамақ ішпедім.
Оралып тыста мойныңа,
Тізеңнен үйде түспедім»,- нағыз қазақы отбасындағы сурет емес пе? Көз алдымызға балалық шақ елестеп, әкенің мойнына оралып, еркелеген сәттер, тізесіне отырып, дастархан басындағы арқа-жарқа, тату-тәтті тіршіліктің белгісіндей үй-ішілік әңгімеге куә болған шақтар сағымдай елес беріп, көкжиектен көлбеңдеп, қол бұлғағандай сезімде отырып қалары анық осы жолдарды оқыған әр оқырманның. Өзін «ұлмын» деп, анасының қойнына жатпай, әкесіне ілесіп, түздің жұмысына араласқан, ұлша тәрбиеленген қазақ қызының психологиясы өте бір дәлдікпен бейнеленген. Лирикалық кейіпкердің әкеге деген махаббаты, әке сеніміне лайық болу жолындағы өз-өзімен іштей күресі де осы жолдардан байқалып тұр.
«Жарқырап бір от көзіңде,
Ұсындың сусын бал қатып.
Жол жүріп қайтқан кезіңде
Алдыңнан шықтым шаңдатып»,- шіркін,қандай ғажап сурет! Алыстан, сапардан оралған әкенің алдынан шаңдатып шыққан қарасирақ, өжет, өзін ұлмын деп есептейтін қыз баланың бейнесі тұра қалады емес пе? Перзентінің болашағынан үміт күткен әке махаббаты, әке арманы «Жарқырап бір от көзіңде» деген жолдардан айқын танылып-ақ тұр. Әке көзіндегі жарқыраған от – әке сенімінің, әке үмітінің баламасы. Жарқырап үміт немесе жарқырап сенім, иә арман демейді ақын, «жарқырап бір от көзіңде» деп образды түрде бедерлейді. От – халықымыздың ұғымында өте киелі, қастерлі ұғым. Ошақтағы отты сөндірмеген халқымыз ауыр науқасты, ауыртпалық, қайғы түскен шаңырақты, сәби-нәресте жататын бесікті, шарананың киетін киімдерін бәле-жаладан отпен аластаған. Тіпті келін түсірген кезде де табалдырықтан аттаған жас келінді отпен аластап, отқа май салып барып, бетін ашқан, қаумалап қарсы алып, шымылдығына енгізген. Міне, ақын да осы «от» арқылы көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Әке отының өшпеуін тілеген қыз баланың жүрегіндегі бір ғажайып сезімді жайып салған.
«Тұлпарды жексең шанаға,
Делбесін қақтым елеңдеп.
Сен жүрдің: «Ертең балама
Келіншек алып берем», – деп»,- осы жолдар арқылы Ақұштап Бақтыгереева қазақ болмысына ғана тән ерекшеліктер мен мінездерді ел ішіндегі аңыз-әфсана арқылы емес, өзінің басынан кешкен балалық шағының естеліктері арқылы бояуын қанықтырып, өзіндік өрнек берген.Осы шумақтан бүгіндері қазақ даласында кедеспейтін ұлт руханиятын, тұрмыс – тіршілігін көреміз. Әкесі шанаға тұлпарын жегіп, шаруаға шықса, ұлша тәрбие алған қыз бала да соңынан қалмайды, шанаға отырып, делбесін ұстайды. Өйткені, әке соғыстан жаралы болып келген, оң қолынан айырылған. Сондықтан баласына делбесін қақтырады. «Балама ертең келіншек алып берем» деген әке психологиясының өзіндік иірімі жүректі ауыртып, жанды сыздатады. Тағдырына өкпелеп, қызын «ұлым» деп есептеп, ұлша тәрбиелеген әкенің жалғыз тал үкілі үміті - осы перзенті. Оның арғы жағында қазақы мінез жатыр. Әкесі үшін Ақұштабы – ұрпағын жалғастыратын жалғыз алданышы, көз қуанышы. Жүрегін осы перзенті арқылы жұбатқан әке өзін де, өзгелерді де алдап, өзін-өзі қуаттандырғандай. Әрине, айнала ауыл-аймақ оны білмейді емес, біледі, түсінеді. Сол үшін де бүкіл ауыл оны «ұл» деп қабылдағандай сыңай білдіреді. Осының бәрі адамардың бір-біріне деген сыйластығының, құрметінің де белгісі. Қызын ұлша өсірген әкенің ішкі сезіміне құрметпен қарап, оған түсіністік танытуының өзі - сол қазақы жомарттық пен мәрттіктің көрінісі. Ел-жұртының алдында абыройын асыратын да, атағын шығаратын да – осы бала. Әкесі жалғыз қызын еркекшора етіп өсіріп, өжеттікке, шыншылдыққа, адалдыққа тәрбиелейді.
«Мылтығың болды қосауыз,
Мен оны қолға алмадым.
Ақ қарда қалды жосып із,
Сенімен аңға бармадым»,- қанша бұлғақтанымен, қыз болып дүниеге келген соң тағдырының жазуын мойындамасқа шара да жоқ. Әкесінің қосауыз мылтығын алмағаны, әкесімен бірге аңға шықпағаны – оның нәзік табиғатын танытады. Осы жолдар арқылы әкесінің аңшылық құрып, қазақ даласында өмір сүрген баяғы бабалардың ізімен жүргенін оқырман алдына жайып салады. «Ақ қарда қалды жосып із» деген образды жолдар арқылы әкесінің атын өшірмегенін, жалғыз перзенті арқылы әкесінің ізі өмірде қалғанын меңзеп тұрғандай.
Бір дана «Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады» деген екен. Қазақтар балаларын жастайынан ұлттың өмір сүруі, тұрмыс-тіршілігін жалғастыруы үшін, ашаршылыққа ұшырап, тұқымы құрып кетпеу үшін құрық ұстап, мал бағуға, ата-баба салтын сақтап, елді қорғауға тәрбиелеген.
Қазақта әкесін көке деп те атайды. Ол сөздің түпкі мағынасы «көк» деген ұғымнан пайда болған деседі зерттеушілер. «Көкеңді танытайын ба, көрсетейін бе, ұмытайын деген екенсің» деген сөздің арғы төркінінен әкесін шексіз күш-қуат иесі санағанын көруімізге болады. Міне, біз талдап отырған өлеңде де осы ата-баба дәстүрі, көне ғұрпы анық байқалып тұр.
Қазақта бір мақал бар: «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың, баули-баули батыр боласың». Біз әдетте алдыңғы екеуін айтып, үшіншісін білмейді екенбіз. Баланы балапан құстай баулып, сұңқар құстай түлетуді айтады бұрынғылар. Қазақ даласында балаларды білімгерлікке, шешендікке, ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал соның айғағындай.
«Жинамай асық қалтаға,
Ерекше сенің өсті «ұлың»…
Бір күні менің арқама
Төгіліп кетті қос бұрым»,- өмір өз дегенін жасайды. Қаншама жасырғанымен, қаншама мойындағысы келмегенімен, өмір өзі еріксіз мойындатады екен. Қалтасына асық жинамай ерекше өскен «ұл», бір күні арқасына төгіліп кеткен қос бұрым – ерекше образды сурет. Сұлу қыздың бейнесі «төгілген қос бұрым» арқылы нақышталып, жанға таныс, жүрекке ыстық образ жасалған. Лирикалық кейіпкердің ішкі психологиялық иірімі, әкесіне ұл болып көрінуді қалағанымен, еріксіз бас идірген табиғат заңы, бір-біріне кереғар, қайшы келген сезімдер шыңыраудың түбінде шымырлап қайнаған бір қайнарды көргендей, ғажайып сезімге бөлейді. Еріксіз мұңданып, лирикалық кейіпкердің жанын түсініп, көз жанарын сулап алары да ақиқат оқыған жанның. Дәл осы түсінік, осы сезім қазақтан басқа халықта жоқ деп сеніммен айтуға болады. Қазақ әдебиетіне өшпес мұра қосқан ақын ата-бабамыздың тарихы мен шежіресін өз шығармаларына арқау етіп, ұрпаққа баға жетпес қазына қалдырып отыр.
«Тағдыры қыздың мүлде өзге,
«Жаралды жатқа» деме сен.
Асығып күткен бір кезде
Армандай балаң емес пе ем?!»,- әкесін жұбата отырып, қыз болса да, бір кезде армандап, асыға күткен перзенті екенін есіне салады. Қыз баланың тағдырының сәл қиындау екенін, халқымыз айтқандай «қыздың жолы - жіңішкелігін» жыр жолдары арқылы қиыннан қиыстырған. Біз талдап отырған өлең қазақтың сонау есте жоқ ескі заманнан бері сақталған салты мен дәстүрін, әке мен перзент арасындағы биік сезім, өзара сыйластық пен құрмет, бір-бірін іштей түсінуді паш етеді.
Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бағыттап отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында», «Балам әкеңнің киімін жоғары қой», «Балам, әкеңнен ұят болмасын», «Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңді шығарып сал», «Әкең келе жатыр, әкеңнің мазасын алма» деп, әкені құрметтеуге шақырып, әкесіне қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болатыны сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Міне, осы ұлттық тәрбиені бүгінгі заманның талабымен сәйкестендіруде Ақұштап Бақтыгерееваның әке тақырыбында жазған өлеңдерінің мәні өте зор.
«Жаныңның бар қызуын,
Жастықтың бал қызығын
Жолыма құрбан еткен
Мен – сенің жалғызыңмын»,- деген жыр жолдарын толқымай оқи алмайды ешкім. Әке жанының бар қызуын сезініп өскен перзент үшін әкенің орны ерекше, әкенің тұлғасы өте биік. Ұл-қыздары үшін жастық шақтың бар қызығын тәрк етіп, мойнына жауапкершілік жүгін алған әке образы қашан да асқақ. Ақынның әкеге деген керемет сүйіспеншілігі, әкесі үшін тау қопарып, тас жара алатын көзсіз ерлікке де дайын екендігі оның басқа өлеңдерінде де көрініс табады. Мәселен, анасына арнап жазған:
«Аналық ауыр парыз атқардың да,
Соңыңа қыз қалдырып батқан мұңға.
«Есімің жер бетінде өшкен жоқ» деп,
Әкеме барған бетте мақтандың ба?» деп басталатын өлеңінде де ақын қазақ ұғымындағы адам өлгеннен кейін оның жаны мәңгілік кемесіне мініп кеткен бұрынғы ата-баба рухымен қауышады деген сенімді өте шебер пайдаланады. Өзінің әке аманатына дақ түсіріп, кіршік жолатпағанын осы жолдар арқылы айтқан ақынның ішкі түйсігіне, жан дүниесінің кемелдігіне тәнті болмасқа амал жоқ.
«Барамын сапар шығып,
Кеудеңде жатар күдік.
Жазбаған, әке, бізге
Өтуге қатар жүріп» ,- шындығында да әр адамның өзінің пешенесіне бұйыртқан тағдыры бар, маңдайына жазылған өмір сапары бар. Әрине, әке мұны білмейді емес, біледі, түсінбейді емес, түсінеді. Алайда есті перзент әке жанының тереңінде шым-шымдап қайнап жатқан рухани бұлақпен сусындай отырып, әкесін жұбатады, өмір заңының осылай екеніне көну керектігін айтады. Әке жүрегіндегі күдік пен өз жүрегіндегі үмітті осылай образды түрде бейнелейді.
«Үрей тұр жанарыңда,
Сауал бар қабағыңда,
Ол не, әке, үмітің бе,
Қоятын талабың ба?»,- әке жанарындағы үрей де түсінікті. Өйткені, баласы, жанына балаған жалғызы өмірге өзінің қадамын жасамақ. Осы кезге дейін жанында болып, сүрініп кетсе, қолтығынан демеп, ақылын айтқан ата-анадан алыстап, өзге бір өмірдің есігін ашпақ. Әке қабағындағы сауал баласының осы қадамын, өзінің қалауымен алғалы тұрған өмірге жолдамасының дұрыс-бұрыстығы үшін саналы түрде күмән келтіріп, күмән мен күдіктің ортасында арпалысқан сәтін дәл айшықтап тұрған жол. Әкенің үкілі үміті - жалғандағы перзенті болса, әкенің талабы - арын сақтап, адал өмір сүру, адамгершілік жолдан бұрылмау. Ақын осы бір әке мен бала арасындағы дүдәмал сәтті шебер суреттеген. Қазақы ұғым-түсінік бойынша тәрбиеленген ұрпақ әке сұсынан сескенеді. Өйткені ол өз халқының рухани құндылығына суарылып өскен жан.
Қазақ халқының халықтық педагогикасының өн бойында әке тәрбиесі мен ана тәлімі бірінші орында тұрады. Бала дүниеге келіп, бесікте жатқан сәтінен бастап-ақ оның санасына сіңіп, тұла бойына даритын тәрбие – отбасының ұлағаты. Әкенің отбасындағы орны туралы ұлтымыздың ауыз әдебиетінен бастап, бүгінге дейін жеткен көркем әдеби туындыларында тереңдікпен баяндалған. Әкенің төрдегі орны мен түздегі орны айқындалып көрсетіліп, түгел ұлттың тізгінін ұстайтын дәл осы абыройлы әке екендігі санамызға сіңірілген. Қазақ әдебиетінде әкенің балаға берер тәрбиесі туралы жазылған біршама ғибратты туындылар бар. Ел аузында жатталып, жүректен жүрекке жеткен Мұхтар Шахановтың «Әке туралы жыры», Мұқағали Мақатаевтың «Әке» өлеңі айрықша орын алады.
Дәл осындай қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар туынды біз талдап отырған Ақұштап Бақтыгерееваның әке тақырыбында жазған өлеңі десек, қателеспеспіз. Бұл өлеңде әкенің балаға берер тәлім-тәрбиесі көркем түрде жеткізіліп отыр. Бір деммен оқылатын өлең жолдарында адамның керуен жолындай шұбатылған өмірінің балалық шақтан бастау алып, өз өмір сапарының жолына аттанғанын, ересек өмір алдындағы беймәлім күдік пен арпалысты сәттерді бастан кешетінін баяндаған. Баланың отбасының, халқының алдындағы парызы мен қарызын да ұғындырғандай. Ақын Ақұштап жастайынан зерек болып, әжесі Қатираның тәрбиесімен ауыз әдебиетіне жақын болып, сусындап өсті. Анасының жұмсақ мінезі, әкесінің әділ әрі қатал тәрбиесі де ақын өмірінде ерекше өрнек қалдырғаны даусыз. Ол әрдайым халық мұңының жоқтаушысы болды, ақындық жолдың жолаушысы болуды көздеді. Ақын әрқашан өзі туып-өсен Ақ Жайық жағасындағы халықтың күнкөрісіне алаңдап, олардың мұңы мен зарын билікке жеткізуде көптеген публицистикалық шығармалар жазды, ел мұңын өлеңіне арқау етті. Әрине, ақынның осындай дәрежеге жетіп, ата баласы емес, адам баласы болуды мұра тұтуы - отбасы тәрбиесінің нәтижесі.
«Жақсы іске тырыспас кім,
Бір қадам дұрыс бастым.
Өмір ғой…
Тайып кетсем,
Сен маған ұрыспассың», - сын кезеңінің алдында тұрған перзент әке қабағына жалтақтайды, одан құптау күтеді. Тіпті өмір жолында қателессе де әкенің балаға ұрыспайтыны, ақылмен түсіндіретіні анық. Бала жүрегіндегі әке шешіміне деген құрмет, өмір жолы алдындағы жауапкершілікті осы жолдардан айқын сезінеміз. Әрине, әке қабағындан қаймығып, әке арманына сай өмір сүру - о бастағы тәрбиенің жемісі. Әкенің мысы басып, салмағы таразының басын әрдайым жерге сылқ еткізіп, құлатып тұратындай болғаны абзал. Қазақтың әке туралы түсінігі - осындай. Ол бір асқар таудың қол жетпес шыңы, мәуелі бәйтерек! Сол әкеге сай ұрпақ болсам деген арман әр баланың жүрегін кернеп жатса, қандай керемет!
Отбасы тәрбиесі қашан да түгел ұлттың тура жолын салып, бағыт-бағдар беріп отырады. Міне, біз талдап отырған өлеңдегі әкеге деген бала сыйластығы, әкенің перзентіне берген тәрбиесі түгел ұлттың тәліміне айналып отыр деуге болады. Әке тәрбиесінен тағылым ала білген Ақұштап Бақтыгереева бүгінде алаш жұртының айтулы ақыны атанып, түгел адамзатты тәрбиелер ғасырлық туындыларды жазды. «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға алмайды» деген мағыналы мақалды қазақ тегін айтпаған болар. Осы мақалға зер салып, тағылым алар болсақ ұлтқа қызмет етер перзентті қалай тәрбиелеу керегін қазақ атамыздың баяғыда-ақ зерделеп, зерттегенін білер едік.
Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Әкенің құшағына еніп көріңізші, ол құшақтан босағыңыз келмейіні де рас. Әкенің жылы жүрегінен еркелетіп айтқан әр сөзі жүрегіңнің бір бөлігіне барып мәңгілік өнеге болып құйылып жатқандай. Осындай мейірімді, жылы жанды адам өмірдің кейбір қиыншылығынан қорғап, асқар белдерінен демеп асырып, қорғап тұрған асқар тау сияқты көрінеді. Әр әкенің арманы –баласының дұрыс тәрбиесі, өмірде өз жолын тапқан, адамгершілігі бар ұрпақ өсіру. Әке тұлғасының биіктігі, асқар таудың шыңдарындай асқақтығы, әке құшағының жылылығы, әке қабағының ызғарлылығы - жас өскінді өз жолынан айнымауға, әрқашан адамгершіліктің, әділдіктің, шындықтың жағында болуға баулитын, үндейтін өзгеше бір дүние. Міне, осы тәрбиені Ақұштап Бақтыгерееваның «Асау құлын» өлеңінен көруімізге болады.
«Жан әке, көктем келер, ақ қар еріп,
Жүрер деп сауыққан соң атқа желіп.
Өзіңнің «тұқымы асыл» деп мақтаған
Биеден бір құлынды сақтап едік» ,- соғыс салған жарасы сыздап, ескі дерттері қозып, төсекке таңылған әкенің көңілін көтеріп, жан дүниесін құлазытқан мұңды ойларынан арылып, өмірге іңкәрлігін арттырады деп асыл тұқымды биенің асау құлынын бағып-сақтаған отбасының, әкесін алып тұлға деп бағалаған жалғыз перзенттің үміті осы жолдар арқылы бейнеленген. Иә, қазақ қыс артынан келетін көктемге көп үміт артқан. Бұл жердегі «Асау құлын» лирикалық кейіпкердің өз бейнесі деп те айтуымызға болады. Күрделі эпитет арқылы жасалған метонимия.
«Отырдың заулаймын деп сайдан ағып,
Бәйгеге қоспақшы боп тойға барып.
Біз сені жер көгере сол асауға
Ер-тоқым салмайды деп ойламадық», жалған дүние деген сол! Асау құлынға үміт артып, оған ер-тоқым салып, баптап, бәйгеге қосады деп ойлаған түгел бір отбасының тал қармаған үмітінің үзілгенін лирикалық кейіпкердің: «Біз сені жер көгере сол асауға
Ер-тоқым салмайды деп ойламадық» деген күйзеліске, мұңға толы толғанысы танытып тұр. Өмір дегеннің өзі – қас қағым ғана сәт екенін ойлап, жүрек мұңданып жүре береді осы жолдарды оқығанда. Өзекті өртеген өкініш, перзенттің запыран-зары, сартап сағыныш әкеге деген махаббатты әйгілеп тұрғандай.
«Жүйрікте иесіз қалған бап бола ма,
Лайықты қамшыгерін таппады о да.
Ол сені жоқтайтындай кей күндері
Таң алды кісінейді ат қорада»,- беу дүние, адам түгіл жануар да иесін іздеп, сағынады екен! Отбасының тірегі құлап, бала көңілдің асқар тауы жермен жексен болғандай күйзелістегі ақын жүрегінің арманы мен мұңы «асау құлынға» тоғыстырылғандай. Перзент жүрегінің әкені жоқтаған күрсінісі таң алдында ат қорада кісінеген асау құлынмен шарпысып, біте қайнасып кеткендей. Лайықты қамшыгерін таппаған жүйріктің бапсыз бәйгеге қосылмайтыны секілді, әкесіз қалған баланың жан дүниесіндегі алапат мұң кімді де болса ойландырмай қоймайды. Жанарға жас тұнып, бес күндік мынау дүниенің кем-кетігін Сізден бұрынғылар да түзей алмағанын, Сіздің де түзей алмасыңызды түйсінгендей болатыныңыз анық.
«Қуаты тұқымына тартқан-дағы,
Төздірмей үзді барлық арқандарды.
Ішіне талай жүйрік түнеп келген
Бір күні тал шарбақты талқандады»,- ат қорада қамалып тұрған асау құлынның иесіз қалған жағдайы – жетім қалған баланың сана-сезімімен баламаланып, өзгеше бір иірімге құлаш ұрғызады. Талай жүйрікті қамаған тал шарбақты талқандап, еркіндікке ұмтылған асау құлынның жәйі қазақтың жандүниесіне өте ұқсас. Қазақ та аспан асты, жер бетінде еркін ғұмыр кешіп, өзен-көлдердің жағасында, жұлдызды аспанға көз тігіп, азат өмір сүруді қалайды. Жалқы мен қазақ бұл жерде екеуі қатар өріліп, үндесіп, өзгеше бір гармония құрып тұрғандай.
«Білмеймін қандай өмір еліктірді,
Ойнақтап кеткенін жұрт көріп тұрды.
Еркіндік аңсап шыққан қайран асау
Қайта өзі шарбағына келіп кірді» , ойнақтап кеткен асау құлынның солықтап, желігі басылған соң ат қораға өзі келіп кіргенін айту арқылы өмірдің небір асауларға бұғалықсыз-ақ бас білдіргенін әйгі еткендей. Өмірден ешқайда қашып құтыла алмайсың, пешенеге жазылған ғұмырды сүруге тиіс адам баласы. Алланың жазуына еш шара жоқ деген философиялық тұжырымға жетелейді. Өлең тұтасымен философияға құрылған. Асау құлын мен өз өмірін баламалаған лирикалық кейіпкердің жағдайы сөз болып тұрғаны айдан анық! Өмір философиясы деген сол, қанша асау болғанмен, басылып, өмірдің дегеніне көнуге мәжбүр болады екен пенде шіркін! Ақын осыны сезіндіреді.
«Ол қолдан шелектен су ішті бүгін,
Өжеттің кім түсінсін ішкі мұңын.
...Асаудан жуас болдық, өмір деген
Қояр ма мойындатпай күштілігін!»,- міне өлеңнің шешімі осы! Қаншама ерке болғанмен, өмір өз дегенін жасайды деген философиялық тұжырым жатыр өлеңнің шешімінде. «Өжеттің кім түсінсін ішкі мұңын» деп, психологиялық параллелизм арқылы асау құлын мен лирикалық кейіпкердің ішкі жай-күйін баламалап бейнелейді ақын. Бұқар жырау: «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Қамқор- қорғаны әкесінің қабағына қарап, өзіне сенетінін, жауапкершілік жүгін артқанын сезінген бала бар шаруасын бітіріп, алдында кездескен кез-келген қамалды алуға рухы жетеді.
«Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дегені, жасқаншақ болатынын меңзегені. Ақұштап Бақтыгерееваның «Асау құлын» өлеңінің шешімі де осындай ойды қалыптастырады. Әр адамның өжет те қайсар мінезі, сөзі мен ісі бір жерден шығатын табандылығы, оралымды ой, кемел көзқарасы болмайынша ісі ілгері баспайды, жасық темірдей майырылғыш, құмдай күйрегіш келетіні айдан анық. Шығыстың бір данасы «Баланы қанша ерте жерге түсірсең, ол сонша тез аяғын басады» деген екен. Осыны естен шығарып алғанымыз да өкінішті.
Қазақ халқы ерте замандарда еркекті көк тәңіріне теңеген. Ал, әйелді жерге теңеген. Күлтегіннің үлкен жазуында «Тәңірідей тәңіріден жаралған бабам Күлтегін истемін қаған» деген жазу - осының дәлелі. Ер адам энергияны тәңіріден алып отырады дейді халық танымында. Айырмашылығы жер мен көктей деп, әйел мен еркектің ешқашан теңелмейтінін білдірген. Көктен найзағай ойнап, жаңбыр жауса да, жер бірқалыптығын сақтаған. Өйткені жер мен көк арасындағы үйлесімділіктің негізін жер қалап отыр. «Ана -Жер» деп босқа айтпаса керек. Жер мен көк қалай гармония тапса, әйел мен ер адам да солай бір гармонияда өмір сүріп, ұрпақ тәрбиесіне де жауапкершілікпен қарағаны дұрыс..
Әке – отбасының қорғаны, демек балалары әкені өздеріне сүйеніш тұтады. Әкесінің бойынан қайтпайтын қайсарлықты көріп өскен бала жігерлі, өз ісіне сенімді келеді. «Тамшы да тама-тама тас теседі» дегендей, сенім мен жігер барда кез келген қиындықты еңсеруге болады. Сондықтан да «Әкелі бала – жау жүрек» деп, данагөй аталарымыз баланың болашағын әке болмысымен ишаралаған. Мұны біз Ақұштап Бақтыгерееваның әке тақырыбында жазған өлеңдерінен тани аламыз. Ақын жырларында халықтық педагогиканың элементтері бар. Бала тәрбиелеуде мұғалімдер осы өлеңдерді қолданса, әрине, ұрпақ тәрбиесі біраз алға басар еді.
«Анаға хат» деген өлеңінде ақын:
«Іргесін салып аулақ надандардан,
Сатқын мен жағымпазға жаға алмаған,
«Баласы әй-кәпірдің» дегізбейтін
Өлсең де, бақыт шығар, балаң қалған.
Әкеме айт, кеудесін ән-күй кернесін,
«Өмірді қызым менше сүйген» - десін!
Намыссыз ұлы қалған біреулердің
Алдында сөйлей қалса, именбесін» деп жырлаған еді. Шынында да, Ақұштаптай алты алашқа аты кеткен ақын қызы соңында қалған Әке қандай бақытты?!