Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Әзиз НЕСИН: «МӘДЕНИЕТТІҢ БӨЛШЕГІ»

 (1915-1996) – түріктің көрнекті сатиригі. Стамбулда туған. Әскери мектепті бітірген. Ұзақ уақыт шығармашылықпен айналысқан. Сексенге жуық кітабы шыққан.

 Мәдениеттің бөлшегі

 Кофеханаға Хамит аға кірді де, айналасына қарамастан орындыққа отыра кетті. Кафеде отырғандар:
– Бұл Хамит аға ғой, түрі не боп кеткен, – деп ентелесіп қалды. Жанына жақындаған таныстары:
– Амансыз ба, Хамит аға? – деді.
– Амандық. Аллаға шүкір, құтылдым пәледен.
– Банкіден алған қарызыңыздан ба?
– Оны қоя тұршы. Ана кәпірден құтылдым. Тракторды айтам дағы...
Кафедегілер елең етті:
– Шынымен бе?
– Қайтіп құтылдың?
– Бізге айтсаңшы.
Бәрі орындықтарын сүйреп, Хамит ағаны қоршай жайғасты. Хамит аға маңдайының терін бір сүртіп қойып, әңгімесін бастады:
– Әлгі біздің бала әскерден келгеннен кейінгі «он күндік желімен» шопырлықты игеріп келдім, бір трактор алайық деді. Сол күні үйге қызым мен күйеу балам келген. Екеуі де оқу бітірген. Мұғалім ғой. «Алсаңдар, алыңдар» деп қоштай кетті. «Мына екі өгіз тұрғанда, трактор неге керек?» деп едім, бәлеге қалдым. Қызым дереу күнтізбені ашты да: «Әкетай-ау, қай ғасырда тұрмыз? 1955 жыл. XX ғасыр» деп ақылгөйсіді. Күйеу балам насихат айта жөнелді. Өгізбен жер жырту ескішілдік екен. Өгіз жұмыс істемесе де тамақ жейді екен. Ал трактор бос тұрған кезінде ештеңені керек қылмайды екен. Екі кесе бензин құйсаң дырылдап жүре береді екен... Балам есебін шығаруға кірісті: «Егер трактор алсақ, менің бір өзім жерді әп-сәтте жыртып тастаймын. Сосын басқалардың жерін жыртып ақша жинаймын. Бір жылдың ішінде тракторға берген ақшаны шығарып аламыз». Балам тоқтаса, қызым сөйлейді, қызым тоқтаса, күйеу балам сөйлейді. Миым ағып су болғандай. Оларға кемпірім қосылды. «Ана Мұсалар алыпты, түген алыпты, шүлен алыпты тракторды. Біздің трактор ала алмайтындай қай жеріміз кем?» Содан біздің үйде күндіз де, түнде де трактордың жарнамасы қызды да кетті. Ауылдағы Әли мұғалімнен сұрадым. Ол «Тракторда 80 айғырдың күші бар» дегесін ойлана бастадым.
Бәріміз шұбырып артынып-тартынып қалаға, трактор алмаққа дүкенге келдік. Трактордың үш түрі бар екен: үлкен, орташа, кіші. «Кішісін алайық» дедім. Балам: «Кішісін алып кісінің қоры емеспін» деп күңк етті. Қызым: «Алғасын үлкенін алайық. Көрнектірек» деп шіңк етті. Күйеу балам: «Үлкені қымбаттау әрі сапалы болады» деп еді. Кемпірім: «Ойбай-ау, елдің бәрі үлкенін алып жатқанда, біз кішісін алып жарлымыз ба, елге масқара болатындай» деп дауыс етті. Содан үлкенін алатын болып келістік. 4 мың лира тұрады екен. Саудаласып ек. Түсірмеді. «Тайшы атағым болмаса да, қойшы атағым бар» дегендей, Хамит бей деген атағым бар емес пе, қайтейін, елге масқара болмайық деп, екі өгізді базарға шығардым. Өзегім өртеніп жатыр. Өгіздерім мені қимайды. 3 мың лираға екі өгізді саттым ғой. Қазір қаржыдан қысылмайсың. Банк несие беріп тұр. Өгізден түскен 3 мың лираға банкіден алған несиені қосып 4 мыңға толтырдық та, үлкен трактор сатып алдық. Тракторымыз бізге таудай болып айбаттанып қарап тұр екен. Екі кесе бензин дегендері қайда? Оның жанында май мен мазот деген пәлесі тағы бар екен пәтшағардың. Баламның екі езуі екі құлағына жеткен. Мәз. Әй, қойшы менен басқасының бәрі мәз.Содан тиеліп тракторға мініп алдық. Трактор қор ете қалды. Ауылға тартып кеттік. «Тіл-көзден сақтасын» деп тракторымыздың төбесіне сарымсақ пен ескі бір аяқкиімді ұзын жіппен салбыратып іліп қойдық. Көзмоншақ тағып, қызыл шүберек байладық. Кешке таман ауылға жеттік. Тракторымызды көрсетіп мақтанайық деп ауылды төрт айналып шықтық. Біздің тракторды көргендердің қаны қозып, бірі қарыз алып, бірі жерін сатып трактор алмаққа қалаға жүгірді. Ауылдағылардың бәрі бір-бір трактор сатып алды. Кеш болса болды. Рахат. Ауылды көк шаң қылып жарысқа шығады дарылдап. Біздің баланың шопырлығында мін жоқ қой. Жарысқанда озып шығады. Ой, несін айтасың, алғашында бұл тракторлар ғажап болды ғой. Сенбі күндері тиеліп мініп алып, аудан орталығына кино көруге барамыз. Клубтың алдында қаздай тізіліп тұрады жарықтықтар. Кино біткен соң, ауылға қайтар жолда тракторжарыс басталады. Бірін-бірі қағып-соғып, құйындата жөнеледі. Біздің жарыместе ес жоқ. Тракторға мінсе делебесі қозып, арқаланып кетеді. Біздің бала ғана емес, ауылдың бүкіл баласы сондай. Тау ма, тас па, жыра ма, пысқырып та қарамайды. Құйындата жөнеледі. «Әй, иттің баласы,бәйгеге қосқан тұлпардың ерінде отырған жоқсың ғой, жәйлап айда» десем, біздің кемпірдің елірмесі бар. Тракторға мінсе елірмесі ұстайды, «Жастар жылдамдықты ұнатады. Айдасын!» дейді екіленіп. Ал, айдасын! Біреу келіп біздің трактордың бүйірінен соқты. Тракторымыз адам аяғандай ышқынып гүр-гүр етті де тоқтап қалды. Жүргізе алмадық. Өлген өгіздей жолға тастап, ауылға салпақтап жаяу қайттық. Ертеңіне арба жалдап, адам жинап ауылға әзер итеріп алып келдік. Содан қаланы шарлап табаннан тозып сынған бір бөлшегін іздедік. Бұл маңайда жоқ екен. Алған жерімізге бардық. «Ақшасы қанша болса да берейік тауып бер» деп жалындық. «Жоқ» деді. Таудай трактордың күні бармақтай темірге қарап қалды деген не сұмдық?! Балам «Стамбулдан іздеп келейін» деп жолға шықты. «Ойбай, жер жыртатын мезгіл таяу, тез тауып кел» деп қала бердік. Апта өтті, ай өтті. Бала жоқ. Жер жыртатын мезгіл өтіп кетті. Өгіз сатып алатын көк тиын жоқ. Біреудің өгізін жалға алып жер жырттық. Бір күні баладан хат келді. «Әке! Бөлшекті таптым. Бірақ ақшам таусылды. Тездетіп 1000 лира салып жібер» депті. Банкіге несиеге жүгірдім. Жібердім ақшаны. Балам келді. Қолындағы тиындай темір мың лира тұрады екен. Жүгіріп жүріп жөндеуші тауып, темірді салғыздық. Жерімнің жартысын сатып, банкідегі несиенің үстемесін төледім. Көзімнен ірің ақты. Жаз келді. «Іске сәт!»деп жер жыртуға келдік. Құйындатып жеткеніміз сол еді, бәтшағыр «дыр» етіп өшті де қалды. Бұл ауылда трактордың тілін түсінетін адам да жоқ. Алған жерімізге тағы барып, жөндеуші тауып, алақанымызға салып жалынып-жалпайып ауылға алып келдік. «Тісі сыныпты» деді. «Е, онда беріңдер, ақшасы қанша болса да сатып алайық» дедік. «Жоқ» деді. Күйесің бе, күймейсің бе? «Басқа трактор сатып алып, тісін осыған қондырсаңдар, жүреді» дейді. Әй, бұл иттің тісі сынатын болса, ол тіс бұл мемлекетте табылмайтын болса, біз сияқты байғұстарды неге алдайды екен?
Қай үйдің ауласына қарасаң, көретінің – тасбақадай төңкерілген тракторлар. Айнала толған темір-терсек. Ай келді. Тағы да үстеме несие. Бұл трактор басымызға сор болды. Аданада біреу осындай бөлшек сатады деп естідім. «Әй, жұттың баласы! Барып қайт!» дедім. Тілі салақтап балам келді. 500 лира керек дейді. Елге масқара болмайық деп, барымызды жиып тағы оңдаттық. Бір күні демалысқа қызым мен күйеу балам келді. Біздің кемпірдің тағы елірмесі ұстады. «Қырғын ақшаға алған трактордың қызығын көрмейміз бе, ауыл айналып қыдырамыз» десті бәрі. Тракторға тиеліп мініп алып, қайтадан құйындата шаптық. Әй, біздің бала айдағыш қой! Мұстафаның баласы біздікінен де айдағыш екен. Басып озды да кетті. «Ойбай, жәй» дегенімше болған жоқ, өкіртіп газды басты. Бірдеңе «тырс» етті де, трактор тоқтап қалды. Итереміз, қозғалмайды. Үріккен есектей орнынан тапжылмайды. Қайран өгіз! Сағындырдың-ау.
Ай айналды. Үстеме несиеміз тағы бар. Масқарамыз енді намысқа айналды. Бұл трактор тісі түссе – 500 лира, бармақтай темірі – 1000 лира, тағысын тағы... Ана жерін жамадық, мына жерін жамадық. Ақырында трактор мына бұтымдағы шалбар сияқты қырық жамау болды.
Содан бір күні аудан орталығына депутат келді деп естідім. Мұң-зарымды тыңдар деп алдына бардым. «Біздің бұл жайымыз не болады, бармақтай темір үшін пілдей трактор шөгіп жата ма?» деп сұрадым. Депутат көп нәрсе айтты. Философиялық тұрғыда сөйлейді екен. Сөзінің жартысынан көбін түсінбедім. Түсінгенім мынау: ерте заманда адамдар тас дәуірінде де өмір сүрген екен. Қазір темір дәуірі екен. Мәдениет елімізге темірмен келеді екен. «Мәдениетті әкеліпсіңдер, сонда мұның бармақтай бөлшегі қайда? Біздің ауылға жүрші. Өзің көресің, мәдениет пәрша-пәрша болды. Әр үйдің ауласында теңкиіп жатыр. Бұл мәдениеттің бармақтай түрі қайда бар?» дедім. «Біз Америкаға тапсырыс бердік. Ол жақ келісім берсе, фабрика саламыз. Біраз сабыр етіңіздер. Әлі-ақ көктен нөсер жауғандай темірге қарқ боламыз. Күту керек» деді депутат. Мен: «Біз күтуін күтеміз-ау. Банкі күтпейді ғой. Банкіге айтсаңшы, бізді күтсін» дедім. Депутат үндемеді. Салым суға кетіп ауылға келдім. Келдім де, баламды, қызымды, күйеу баламды, кемпірімді дедектетіп трактордың жанына алып бардым. «Я мына өлексені жөндейсіңдер, я мен сендердің мойындарыңа қылбұрау салып тракторды арқаларыңа байлап, жер иіскетемін» дедім. Бәрі жабылып тракторды шұқылады. Олай істеді, тісі түсті. Оны тақты. Шынжыры үзілді. Оны жалғады. Басқа жері шықты. Ит әуре болды. «Әй, иттің балдары, былай тұрыңдар! Мен қазір сендерге мұның қалай жөнделетінін көрсетейін» дедім. Моторынан бір ұрдым: «Мә саған, XX ғасыр!» Есігінен бір соқтым: «Мә саған, мәдениет!» Дөңгелегінен бір тептім: «Мә саған, бөлшек!» Боқтап-бұрқылдап трактордың ит терісін басына қаптадым. Бір кезде есімді жисам, «Біздің шал жынданды» деп кемпірім жаулығы желмен жарысып айдалаға безіп барады екен. Бала-шаға бажылдап қашып олар жүр бір жақта. Басым ауған жаққа жүре бердім. Сол бетіммен осы жерден бір-ақ шықтым.
-Әй, даяшы! Қарызға бір кесе кофе берші. Жақсылығыңды ұмытпаспын. Аллаға шүкір.

    Түрік тілінен аударған: Маржан ЕРШУ