Жақында маған Тасқала ауылының тұрғыны, «Хиуаз» бірлестігінің төрайымы, қоғам қайраткері Тамара Ерсейітованың кеңсесінде Алматыдан келген бір топ қандастармен кездесудің сәті түскен еді. Бұл кісілердің арғы аталары XX ғасырдың 30-шы жылдары кеңес үкіметінен қысымшылық көріп, бүкіл мал мүлкінен, жиған-тергенінен айырылып, әуелі бастарының ауған жақтарына бір түйемен қашып, ақыр соңында Қарақалпақстан мен Хорезм жерін барып паналапты. Міне, сол адамдармен болған сұхбатты енді оқушылар назарына ұсынып отырмыз.
Әңгіме барысында: «Құрметті отандастар, мен Сіздерге Атырау өңіріне қош келдіңіздер дей отырып, 2020-шы жылдың 2-ші қазан күнгі ҚР президенті Қ. К.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығына сай, сол бағыттағы зерттеу жұмыстарының әлі жүргізіліп жатқанын қаперлеріңізге бере келе, өздеріңіздің ата бабаларыңыздың өзге жерлерге ауа көшуінің себептері туралы айтып берулеріңізді сұраймын» деген сұрақ қойған болатынбыз.
Көзін бір алыс нүктеге қадап, ойланып қалған Қошқарбай Жандыбайұлы Нұралиев : «Мен 1956 жылы Өзбекстанның Хорезм облысының Түркменстанмен шекаралас ауданында дүниеге келіп, сол жерде орта мектепті бітіргеннен кейін Ташкент қаласында су шаруашылығына байланысты жоғары білім алып, түрлі қызметтерде болдым. Еліміз егемендік алғаннан кейін 2010-шы жылы тарихи отанымызға оралып, Алматы облысының Жамбыл ауданында қазір отбасыммен тұрып жатырмын. Біздің әулетіміз Әлім руының Төртқара бөлімі 1931-ші жылға дейін Қызылорда облысының Қазалы төңірегінде мал бағумен күнелткен. Әкем 1923-ші жылы сол жерде туған. Сол 1931-ші жылдан бастап, біздің әулеттің басына қара бұлт үйіріле бастаған. Себебі, кеңес үкіметі бұлардың бәріне орталыққа ет, май, тары керек деп салық салып, меншігіндегі бар малын тартып алған. Бұлар диханшылықпен айналыспағандықтан, үкіметтің талап еткен бидайы мен тарысын тауып бере алмаған. Менің нағашым Оразбайұлы Сыдықты «молдасың» деп қудалаған. Себебі, ол кісі Бұқарадан жоғары білім алған діни сауатты адам болыпты. Бүкіл малынан айырылған менің атам бүкіл бала-шағасымен, ішінде жеті жастағы менің әкем бар, жиырма шақты үй Қарақалпақстанның Бесқала деген жеріне қарай, ойға көшіп, сол елдің Төрткүл деген елді мекенін келіп паналапты. Ол жердің халқы диханшылықпен айналысатын болғандықтан бұлармен жетер-жетпес бидай мен тарысын бөлісіп, аштан өлмей аман қалған. Алайда, бұларға бұл жерде де тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеген. 1936-шы жылы бұларды «бұрынғы байсыңдар, кулаксыңдар» деп қайтадан қудалай бастаған. Сондықтан біздің аталарымыз Өзбекстанның Хорезм облысына қоныс аударып, Қызылқұмда өсетін сексеуіл, ағаштарды қалаларға апарып сатып күн көрген. Сол жерде колхозға кіріп еңбек еткен, кейін олардың жағдайлары түзелген. Мен сол жердегі өзбек мектебін бітіріп, Ташкент қаласындағы политехникалық институтты аяқтағаннан кейін, өз мамандығым бойынша ұзақ жылдар бойы еңбек еттім. Бұл жерде айтылатын бір жәйт: біздің әулеттің, сондай-ақ біз сияқты елін тастап, «өз даласынан сайғақ құрлы пана көрмегендердің» аштықтың улы шеңгелінен аман қалуы сол өзбек пен қарақалпақ халқының арқасы деп айтсам қателеспеймін» деп әңгіме тиегін ағытты.
«Енді Сізге мынадай сұрақ қойсам ба деп едім: Сіз қалай деп ойлайсыз, аталарыңыз сол кезде нар тәуекелге барып, өзге елге көшпеген жағдайда не болатын еді? Түрлі себептермен көше алмай қалғандардың тағдыры қалай өрбіді, хабарыңыз бар ма?» деген сұрағымызға Қошқарбай Жандыбайұлынан: «Біздің әкеміз олар көшкенде кішкентай бала болғандықтан, бұл жөнінде бізге ештеңе айта алмады. Біздің түрлі хабарлардан естіп білгеніміз, көшпей қалған ауылдардың басым көпшілігі алапат ашаршылықтың құрбаны болған көрінеді. Сол жылдары Қазалы өңірінде бүкіл ауылдар аштыққа ұшырап, жаппай қырылып қалған деп біз естідік. Бұл деректің дұрыстығын білу үшін, сол елде қалған ағайындардың бір де біреуімен біз байланыс орната алмадық. Яғни, бұл - сол жерде ешкім тірі қалмаған деген сөз» деген жауап естідік.
Келесі кейіпкеріміз де ата-бабасы қуғын-сүргіннің құрбаны болған жан.
- - Мен, Ерсейітова Роза Әбілқасымқызымын,- деп бастады ол кісі әңгімесін.
- - Қызылорда облысында Қазалы деген жерде 1930- жылдарға дейін ел басқарған Құрман болыстың ұрпағымын. Ол кісі өте бай болған. Қарауында жиырмаға жуық отауы болған. Өте көп малы болған. Құрман болыстың төрт әйелі, үлкен әжемізден Махамбет деген баласы болыпты. Екінші Масаты деген әжемізден менің әкем туған. 1929 жылы арпалыс кезінде, яғни, байлардың малдарын күштеп тартып алған жылы түйенің қомында менің әкем дүниеге келген екен.Сол жылы кеңес үкіметінен қашып, Амудария өзенін жағалап, Шалыс деген жерге өтіп кетеді. Сол жерде әуелі біздің әкеміз, кейін біздер дүниеге келіппіз. Менің әкем Москвадағы Ломоносов университетін бітірген өте сауатты адам болды. Кейін біздер Хорезмге қоныс аударғанда Өзбекстан үкіметі әкемді сол жердің басқармасы етіп тағайындаған болатын. Кейін сол жерде үлкен жұмыстарды істеп, ел басқарған жылдары біздің әкеміз өз қаражатына қазақ мектептерін ашқан еді. Менің әкем Хорезм облысында тұрған жылдары сол жақта алғашқы болып, қазақтың салт-дәстүрлері мен өнерін насихаттау бағытында сол бүкіл қазақ атаулыны біріктіріп, ұйыстырып көп шаруа бітірді. Ол кісі сол өңірде ең алғаш Наурыз мерекесін тойлауды ұйымдастырды.
- Әңгіме желісіне Тамара Әбілқасымқызы араласты.
«Біздің аталарымызды «сендер байсыңдар» деп, сол Қазалы елінің бірге өмір сүрген адамдары үкіметке көрсеткен. Сондықтан бұлар Қазалыдан апыл-ғұпыл бір түнде көшуге мәжбүр болған. Екі әйелі мен олардан туған балалары сол жерде қалып қойған. Құрман атаның аяғына кісен салып, баласы Махамбетпен бірге басқа өңірге жер аударып жіберген. Кетіп бара жатып, басқа әйелдері мен балаларына: «естерің барда бұл жерден тез көшіңдер» деп жарлық берген. Сол ұрпақтарының ішінен менің әкем өзінің құдай берген талантының арқасында 10 жасынан бастап билікке араласып, бірнеше жоғары білім алып біздің бәрімізді өсіріп, жеткізді» деді Тамара Әбілқасымқызы.
Келесі сөзді Фазылова Гүлстан Ералықызы жалғастырды.
«Сізге ұстаз ретінде мынадай сұрақтарды бергім келіп тұр. Сіздің аталарыңыз бұрын қандай жерде тұрған, не себептен олар өздерінің жылы жерлерін тастап, құлақ естіп, көз көрмеген жерге көшуге мәжбүр болған?» деген сұрағымызға төмендегіше жауап алдық.
Мен - Фазылова Гүлстан Ералықызымын. Менің әкем де, анам да педагог болған. Біз - Тама әулетіненбіз. Менің әкемнің айтуынша, 30-шы жылдары Ақтөбе өңірінде өте қатты ашаршылық болған. Фазыл деген кісінің Аймағанбет, Қазмағанбет деген екі баласы болған. Қазмағанбет атамыздан Ізбасар, Ералы, Айтжан деген балалар болыпты. Ізбасар көкеміз 16 жаста, менің әкем Ералы 12 жаста болыпты. Әкемнің айтуынша, бұлардың қолындағы малдарының бәрін бір күнде тартып алғандықтан, әулеті аштыққа ұшырап, ойға қарай көшуге шешім қабылдайды. Үлкендері Қазмағанбет ата ауру болса да, 16 жастағы Ізбасардың басшылығымен бұлар ойға қарай көшеді. Себебі, тұрған жерлерінде жұрт аштан өле бастайды. Қысты күні көшіп келе жатып, бұлар Амудария өзеніне келгенде Қазмағанбет атаның ауруы меңдеп, сол жерде қайтыс болып, оны жолшыбай танымайтын өңірге жерлеуге тура келеді. Ауылдан 20-30 үй көшкен болса керек. Менің әкем ол кезде өте жас болғандықтан, өзінің әкесі Қазмағанбеттің қайда жерленгенін де мүлде ұмытып қалыпты. Тіпті, фамилиясы да өзгеріп, Фазыловқа айналып кетіпті.
Бұлар Бесқала деген Қарақалпақстан ауданына келіп тұра бастағанда, сол жерді мекендеген өзбектер бір үзім нандарымен бөлісіп, барынша көмек көрсеткен екен. Бірақ сол жерге келгенше не бір сұмдық қиыншылықтарды көріпті. Әкемнің айтуынша, әбден ашыққан жұрт қыздарын бір таба нанға айырбастап, жолда тастап кеткен кездері болыпты. Біздің жасөспірім Шашақ деген апамызды бір таба нанға айырбастап жіберуге тура келген. Бір ғажабы, сол Шашақ апамыз көп жылдардан кейін Ташкент жақтан табылып, қазір бала-шағасымен араласып тұрамыз. Бажақ деген апамыз да сондай жолмен бір адайға сатылып, нанға айырбасталып кетіпті. Бұл апалаларымыз басында Маңқыстау еліне айырбасталған сияқты. «Бүкіл көш аштан қырылғанша, қыздар, әйтеуір, өлмесе бір жерден шығады» деп ойласа керек, сол кездегі біздің ағайындарымыз шарасыздықтан. Бұлар сонымен әуелі өзбектер тұратын Киров атындағы колхозға кіріп жұмыс жасай бастапты. Оған дейін үш ағайынды біздің әкелеріміз әркімнің малын бағып, шаруасын істеп өлместің күнін кешкен көрінеді. Артынан, әйтеуір жетіліп, білім алып, дұрыс өмір сүре бастадық. «Елу жылда - ел жаңа, қырық жылда - қазан» дегендей, кейін заман өзгергесін, ұлы көшпен бұрынғыдай қашып, пыспай өзіміздің отанымызға оралып, қазір отбасымызбен Алматы облысында тыныш өмір сүріп жатырмыз.
P.S. Міне, Алматылық және Атыраулық қандастарымыздың осындай мәліметтерін естіп, білгеннен кейін, соған байланысты өз пікірімді оқушыға жеткізуді жөн көрдім. Себебі, біз тарихтан сабақ алуға тиістіміз. Біздің бір-екі сағат 0ана осы кісілермен тілдескенімізде түйгеніміз: бұл кісілер өздерінің бүкіл өмірінің көп бөлігін өздерінің тарихи отанынан тыс өңірлерде өткізсе де, қазақ халқына тән жақсы қасиеттерді сол күйінде сақтап қала алған екен. Ол- биік адамгершілік, қарапайымдылық пен кішіпейілділік, еңбек сүйгіштік пен кәсіпкерлікке бейімділік және басқа да асыл қасиеттер. Бұл кісілердің өздерін ұстай білуі мен сөйлеу және адамдармен қарым-қатынас жүргізу мәдениетінен кеңес үкіметі кезінде өз елімізде өмір сүрген біздер үшін үлгі алатындай тұстар аз емес деп сеніммен айта аламын. Ата-бабалары саяси қуғын сүргінге ұшырап, қандай қиындықты бастарынан кешсе де, бұл кісілердің аузынан сол кездегі билікке байланысты бірде бір жағымсыз сөзді естіген жоқпыз. Соның өзі бұл кісілердің тәрбиесі мен мәдениетінің деңгейін көрсетсе керек. Бұл кісілердің бәрі бір ауыздан кешегі ауыр жылдары аштықтан өлмеу үшін қол ұшын беріп, бір үзім нандарымен бөліскен өзбек және қарқалпақ халықтарына алғыстарын айтумен болды. Біз де өз тарапымыздан бұл кісілердің айтқандарына қосыламыз. Әулетін аштықтың улы шеңгелінен аман сақтап қалу үшін «тірі болса бір жерден шығар» деп, «жат жұрт үшін жаратылған» қыз балаларын мал мен нанға айырбастап, қалған балаларын жеткізген босқын қандастардыңзаманға қарай әрекет жасағандары ақиқат. Ол да бір қазақтың «мың өліп, мың тірілген» тарихының бір парағы.
Ескерту: мақала «Қазақстан азаматтарының негізгі базалық санаттары бойынша саяси қуғын сүргін құрбандарын іргелі зерттеу және ақтау» атты Республикалық Жобаны орындау жоспары аясында жазылды.