Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Зерек САҒЫПАЗОВА: «Домбырасын қолынан тастамаған...»

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқорлық және кәсіби маман болу қасиеттері жоғары бағалануына, жастарды осы салаға тартуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. 

         Өскелең жас буынға адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен, құрметке бөленген аға ұрпақтың ел дамуына қосқан үлесін бағалап, өнегелі еңбек жолынан үлгі алуына жағдай жасап, насихаттағанда ғана жұмысшы мәртебесінің көтерілуіне ықпал ете аларымыз даусыз.
          Қалекеева Күләш Рахманқызы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, «Красная Армия» ауылында  (қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, «Жаңа ауыл») 1939 жылы 13 наурызда дүниеге келген. 
          Әкесі Рахман, анасы Қоңырша - қарапайым еңбек адамдары. Ата-анасынан өрбіген Қанша, Насихат атты әпкелері мен  Алпысбай есімді інісіне Күләш апа алабөтен бауырмалдық танытып, қамқорлығын аямаған жан. 
          Балалық шағы мен жастық кезеңі 1941-1945жылдардағы Ұлы Отан соғысымен, соғыстан кейінгі жылдардағы шаруашылықты қалпына келтірудегі қоғамдағы қиындықтармен тұспа-тұс келгендіктен, тұрмыстық жағдайы салдарынан, сол кездегі өз замандастары сияқты бастауыш негізде білім алғанмен, білімін жалғастыру мүмкіндігі болмаған. Жалпыға ортақ  көнетоз киім, аш құрсақ  өмір оның да тұрмыс-тіршілігін айналып өтпеген.
        «Біз екеуміз үндемелік, домбыра бір сөйлесін,
          Екі шегі - екі жүрек, таба білген үйлесім.
          Көлденең сыр, көлденең жыр омыраулап келмесін,
          Біз екеуміз үндемелік, домбыра бір сөйлесін» деп жырлағанекен заманының заңғар ойшылы, ұлы философы атанған ақын Қадыр Мырза-Әлі.
          Жас кезінен өнерлі болған, домбырамен халық әндерін тамылжыта орындап, талай аудандық, облыстық сайыстарға қатысқан. Ол кезде, ауылда домбыра да, домбырамен дәстүрлі әндерді айтушылар да сирек кездесетін. Халқымыздың рухани мұраға шөліркеген шағында, жас та болса, Күләштің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудегі еңбегі де елеулі еді.
          1950 жылдары Алматы қаласында дәстүрлі әндерді насихаттау мақсатында өткізілген Республикалық фестивальға қатысып, жүлдегер атанған. Облыс, аудан мерейін асқақтатқан талантты жас әнші, домбырашы Алматыдағы өнер ордаларынан жұмысқа шақырту да алған көрінеді. Алайда, анасының ұйғарым-тілегін аттап кете алмаған.
          Атап өткен жөн, Күләш Рахманқызының ата-әжесі де он саусағынан күй төгілген домбырашылар болыпты. Жас кездерінде ата-әжесі де домбыра тартып, өзгелермен сайысқа түседі екен. Ал, өзара сайысқа түскен кезде, жеңіс байрағын иелену үшін, атасы  сайыс соңында домбыраны аяғының башайларымен тартып, сайыста жеңіске жеткен.  Ал, әжесі, нәзік жанға тән әдеп-ибасын сақтап, аяғын жалаңаштай алмаған. Кейіннен, өнерлі жастар отау құрған.  
        Күләш Рахманқызының өнері де  табиғи таланттан, ата-тегінен дарыған.   


         Жас Күләш  еңбек жолын 1955 жылдан  «Красная Армия» ұжымшарында түрлі шаруашылық жұмыстарында бастаған. 1958 жылдан балықшы болған. Басқа жұмысқа қарағанда, бұл сала өте қауіпті. Өйткені, әрдайым қатал табиғат аясында, қауіппен үнемі бетпе-бет келу – жүйкеге де, жүрекке де салмақ. Әсіресе, нәзік жандар үшін, асау толқындармен алыса жүріп (су өтеді, суық өтеді), ел игілігі үшін, тонналап балық аулаудың қиындығы да көп, қатері де мол. Бұл мамандықты кез-келген адам игеріп кете алмайды.
         Жанкешті еңбегімен жеткен жоғары көрсеткіштеріне сәйкес, 1958-1959 жылдары  Гурьев облыстық партия конференцияларына делегат болып сайланған.
        1960 жылы  балықшы Қалекеев Әбубакармен отбасын құрған.
         Социалистік жарыс Жеңімпазы әрі қоғамдық жұмыстағы белсенділігі ескеріліп, ауылдық, аудандық Кеңестердің, ал 1982 жылы Гурьев облыстық Кеңесінің депутаты болып сайланған.                   
         Звено жетекшісі жұбайы Қалекеев Әбубакармен бірге жыл сайын «Мокрий» тартымында (құрма аулау) көктемгі-күзгі балық аулау науқандарында еңбек еткен. 
         Ал 1979-1989 жылдары аралығында, он жыл бойы Гурьев қаласы іргесіндегі «Жұмыскер» елді мекені тұсында, сәуір-мамыр айларында балық аулау тартымында жұмыс жасаған. Яғни, көктемгі балық аулау науқаны (облыстан ауданға бөлінген, бекіре тұқымдас балық аулау лимиті негізінде) «Жұмыскер» елді мекені тұсында жүргізілген еді. Звено құрамындағы 30-35 балықшының күнделікті 3-4 мезгіл тамағын дайындайтын аспаздарға да көмек беріп үлгеретін. Өйткені, ол кезде газ жоқ, алауы бет қаратпас темір пешке орнатылған үлкен қазанға тамақ пісірілуі үшін, ағаш жағылатын.
         Күләш Рахманқызы, өмір бойы үйден тысқары жүріп, су айдындарында жыл мезгілінің құбылмалы кезеңдерінде де, яғни, дауылды жел, нөсерлі жауын, сүйектен өтер күзгі суық сияқты табиғаттың сан алуан мінезін көріп, оған көндігіп, балық аулау тартымдарында күні-түні табанды төзімділікпен, жансебіл еңбек еткен. 
        Ондаған жылдар бойы атар таңды да, батар күнді де асау толқынның «бесігінде» тербеліп қарсы алатын.
        «Мокрий» тартымына жас балаларын  апарып, жұмыс арасында бас-көз болып, бағуға да мәжбүр болып, еңбек еткені ауылдастарының көз алдында. Қайран ана, «жанын шүберекке түйіп», балаларының қауіпсіздігіне алаңдап-қобалжып жүрсе де еңбектен қалмады. «Бала кезімізде, ата-анамыз  балықшылармен бірге кейде таңда не кешке қарай балық аулауға кеткенде, орман ішіндегі уақытша баспанада қалған біз үрейленіп-елегзитінбіз»-деп еске алады ұрпақтары.
        Ерлі-зайыпты Қалекеевтердің «Красная Армия», кейіннен Ленин атындағы ұжымшарлардың, ауданның экономикасын дамытуға үлес қосып, бес жылдық жоспарларын үнемі асыра орындаған Социалистік жарыс жеңімпаздары тұрғысындағы еңбектері бағаланып, озат балықшылар қатарында, 1974 жылы Ю.Манашев «Орал-Каспий байлығы» атты деректі фильм түсірген (сценарийін жазған - жазған Ғ.Шалахметов). Фильмде Әбубакар Калекеевке Ауыспалы Қызыл Ту тапсырылған сәт те көрініс тапқан.      
       «Бақыт деген еңбегіңнің жануы, 
        Атақ деген ел-жұртыңның тануы» демей ме әулие Шәкәрім?!
        Зейнетке Ленин атындағы ұжымшардан шыққан Күләш ана Еңбек Ардагері медалінің иегері. Аудандық, облыстық деңгейде марапатталған Алғыс хат, грамоталары да бар. Облыстық мәслихат төрағасының, кейіннен аудан әкімінің және басқаларының да қолынан марапат алды.
        Балықшы ана ақынжанды да.. «Өшпейді ерлер аты есімізден» және басқа да тақырыпқа жазған топтама көптеген өлеңдері аудандық «Серпер» газетінде жарияланып тұрды.
       «Бақыт бағалай білгеннің басында, қадірлей білгеннің қасында болады» дейді халық даналығы.
        Күләш Рахманқызы азаматын ардақ тұтып, туыстарын құрметтей білді. Азаматымен бірге, ұрпақтарының жоғары білім алуына қолдау көрсетіп, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған бақытты ана.
       Азаматы Әбубакар Бисембіұлы 2011 жылы дүниеден озса да, қара шаңырағының туын тіктеп, құт-берекелі шаңырақта ұрпақ қызығына бөленуде. Немере-жиендерінің  мейірбан әжесі. Ақжарқын, қайырымды, ағайын-туыс, құда-жекжатқа, көршіге  сыйлы, ұлағатты жан. 
       Отбасының Бақыт, Сағид, Мариям, Баян, Сағидолла, Эльмира атты перзенттерінен абыройлы ұрпақтары өрбіген. Қара щаңырақта ұл-келіні - Сағидолла-Ләззат.
       Құрманғазы ауданында, балық шаруашылығының дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер балықшы анамыздың қажыр-қайрат, адал еңбегімен өткен ерен  еңбек жолы осындай. Балықшы ана – халық жадындағы шоқтығы биік дәстүрлі әндерді домбырамен орындап, насихаттаған талғамы биік өнерпаз..  Еңбегі мен өнері үйлесім тапқан Ана.
          Иә, Хадисте айтылатынындай: «Сіздердің жақсыларыңыз - ұзақ өмір жолында жақсы істеріңізбен із қалдырушыларыңыз».