Ол - өзінің құрдастарынан ешқандай да ерекшелігі жоқ, қарапайым ғана қыз. Бүгін де ертемен тұрып, барлық шәкірттер сияқты қолына сөмкесін алып аялдамаға асықты. Күндегідей осы жерден сарылып автобус күтті. Тасбақа сияқты өмірі аяғын басып болмайтын автобус ыңырана келіп тоқтағанда, аялдамада тұрған жұрттың бәрі автобустың есігіне кептелді. Бірін бірі итергіштеп, жұдырықпен түйіп автобусқа мінген жолаушылар жоқ жерден керіс іздеп, бірінің шашын екіншісі жұлып алғысы келіп, бір-біріне тістерін қайрап тұр. Күндегі әдеттері осы. Бір-бірінің бет әлпетін жаттап алғанмен, ешқайсысы бір-бірінен жөн сұраспайды, бір-біріне кегі кеткен адамдарша көздерін аларта қарап тұрғандары. Не деген қаталдық? Жо-жоқ, безбүйректік! Асыл осының бәріне жүрегі ауырып, сырттарынан бақылап тұрды.
Міне, анау көзілдірікті әжейге ешкім де, ешнәрсе де жақпайды. Үнемі қабағын түйіп, тіпті орын берген адамға да алғыс айтуды бәлмейді.
Қоңқақ мұрынды мұртты атай да - өмірге ашулы жанның бірі. Жолында тұрғандарды таяғымен салып өтеді. Кейде желкеден түйіп жіберетіні де бар. Көк пәлтелі әдемі тәтейдің де ешқашан қабағы ашылмайды. Автобусқа мінгеннен-ақ, жүргізушіден бастап, жанында тұрған адамдардың бәрімен ұстаса кетеді. Сөзбен, әрине! Ол кісіні енді сөз жарыстырып жеңу мүмкін емес.
...Асыл осылардың бәріне іштей таңырқады. Не деген адамдар! Өзі адамға берілгені азғантай ғана ғұмыр. Сол ғұмырды осылай өткізуге бола ма? Жоқ жерден ілік табатын апайлар мен ағайлар, әжейлер мен атайлар жастарды неге аямайды? Сонда адамның өмірі осындай қатыгездіктерді көру үшін берілген бе? Неге адамдар бір-біріне соншама қатал? Осы ойлармен тұрғанда өзі түсетін аялдамаға да жетіп қалыпты.
Автобустан түсіп, бір көше айналғанда «Мәдина» деп жазылған шағын дүкен, дүкеннің жанында тұрған қайыршы қарияны көрді. Үстіндегі жұп-жұқа киіммен, жел өтінде бүрсеңдеп тоңып тұрған қарияның алақанына осы кісіге арнап алып шыққан ақшаны салды. Қария суықтан тоңып, қызарып кеткен алақанына қарап, өзі қалтырап тұрса да бұған қарап жылы жымиып: «Мейірімді жан, Сізге мың да бір Алғыс» дегені. Өзі осындай қорғансыз күйде тұрып та адамға мейірім сыйлауға болады екен-ау! Не деген жүрек, не деген ілтипат! Асыл бейне бір қолтығынан біреу демегендей, арқасына қанат біткендей күй кешті. Жып-жылы үйден шығып, жылы киініп, жылы автобусқа мінген адамдардан көрмеген жылылықты суықтан қалтырап тұрған қариядан көрді-ау! Қарама-қайшылық емес пе?
Жер бетінде мейірімнің бар екенін өзінің бар болмысымен дәлелдеп тұрған қарияның осы тұрысының өзінде бір жалғанның шешілмеген жұмбағы бар сияқты көрінгені рас...
ХХХ
Сабағы ерте басталатындықтан, жүгіре басқан Асыл автобус аялдамасына алқынып жеткен кезде қарсы алдынан Балықшыға баратын №2 маршруттық автобусы тоқтай қалғаны. Бұндай сәттілік деген күнде бола бермейді. Кейде дәл мұрныңның астынан зуылдап өтіп бара жатқанын көресің. Сол кездегі сезімді құдайым ешкімнің басына бермесін! Реніш те, өкініш те, өз-өзіне деген аяныш та көмейіне кептеліп, бақырып тұрып жылағысы келетіні бар. Ал, бүгін сондай сәтті күн басталғаны рас сияқты-ау...
Автобустың ішіне таласа-тармаса еніп, жолақы төлеуге арналған кәртішкесін соғып, алға озды. Достары да осы аядай автокөлікке үлгеріпті. Асылды көріп, бәрі қуанышпен амандасып жатыр. Қызық... Бүгін ол өзін айдан түскендей сезініп тұрғаны... Өйткені кейде осы құрбыларының бұны байқамағандай түр көрсетіп, танауларын көкке көтеріп, сазбеттеніп, мізбақпай тұратындары да рас. Адамдардың бір мінезде тұра алмайтыны неліктен екен, ә? Кейде – көл, кейде –шөл...
Қыздар бір-біріне кешеден бергі жаңалықтарын айтып, жайдары күлкімен автобустан түскенде сағат тілі 08.45-ті көрсетіп тұр еді. Колледждің есігінен емен жарқын күлкімен аттаған олар бірден аяқ киімдерін шешіп, гардеробқа сыртқы киімдерін тастап, әппақ халаттарын киіп шықты. Олар бейне бір әппақ кептерлер сияқты қалықтап келіп, өздерінің аудиторияларына қона қалысты.
- Бүгін өндірістік практиканы қорғаймыз ғой, бәрің де дайынбысыңдар?- деді староста Арай өзінің байырғы әдетімен, бұйрық райға екпінін салып.
- Әрине, дайынбыз!- деген Шапағат қыздарға жазғырған түрмен қарады:
- Жауап берсеңдерші, сұрап жатыр ғой!
- Жауап беретін сен бар емессің бе?- деді жаны іліп-қағуға құмар Ұштап қырсыға сөйлеп.
- Қыздар, не болды? Бір ауыз сөзге бола? Мен тек дайынсыңдар ма дедім,- деген Арай группадағы қыздарды тыныштыққа шақырды.
Дәл осы кезде аудитория есігі ашылып, Айкүн апай кіріп келгені. Қыздар үн-түнсіз өз орындарына жайғасты. Айкүн апай лекциясын бастап та кетті. Ал, бәрінің ойында - болып жатқан қазіргі сабақ емес, түстен кейін қорғайтын өндірістік практика...
Олай болатын да жөні бар. Бұлар, яғни, 4-ші курс студенттері қыркүйек пен қараша айының аралығында өндірістік практикаға кеткен. Ал, колледжде үлкен жаңалықтар орын алыпты бұлар практикада болған уақытта. Сол жаңалықтың бірі – Арман деген ағай... Өзі жап-жас, медицина академиясын биыл ғана бітірген, үйленбеген, дәрігер, бос уақытында медицина колледжіне сабақ береді екен. Ал, өзі өте қатал деседі. Практикадан кеше ғана келген қыздарға олардан бір апта бұрын келген фельдшерлер тобында оқитын қыздар:
- Білесіңдер ме, біздің практиканы қорғауымызға Арман деген ағай қатысты. Өте қатал. Қатты талап етеді. Әрбір жазылған сөзіңе байланып, дәлелдеуді талап етеді,- деп жаңалықты жамырасып жеткізген.
- Қыздар, Арман ағайға көз қысайық! Мүмкін, біреуімізге ғашық болып қалар, ә,- деген Балжанның сөзіне қыздар ду күлісті.
Сөйткенше болмай, есік айқара ашылып, аудиторияға ұстаз апайлар кірді.
- Ал, студенттер, дайын шығарсыздар өндірістік практикадан алған тәжірибелеріңізді бөлісуге?- деп сұраған Аяжан апай бастаған оқытушылар алдыңғы қатарға жайғасты...
Колледжден көңілсіздеу шыққан қыздар саябақ ішіндегі орындыққа жайғасып, практика тәжірибесін қорғау кезіндегі ұстаздардың әділетсіздігін айтып, келесі сабақта қалай қорғайтындары туралы кеңесіп отырды.
Асыл болса, саябақ шетіндегі аялдамаға өзінің тұратын мекен-жай бағытына баратын автобустың келгенін көріп, орнынан тұрды. Қыздарға қолын бұлғап, жүгіріп барып, автобусқа мінді.
***
Асыл автобустың терезесінен сыртқа көз салып тұрған еді. Бір кезде есіне бірнәрсе түсіп кеткендей, адамдарды бұзып-жарып, есікке қарай ұмтылды. «Атырау-Ақпарат» аялдамасынан түсіп, «Мәдина» деген дүкенге қарай жүргенде, дүкеннің арт жағында тұрған жүзтаныс қарияны байқады. Іздеп тұрғанын тапқанына қуанған ол жылдам басып, дүкен алдында тұрған әжеден екі бәліш сатып алды. Сөйтті де, қарияның жанына жәймен басып жақындап:
- Сәлеметсіз бе, атай?- деді дауыстап.
- Амансың ба, менің мейірбанды кішкене бикешім?- деп жауап қатты оған қария.
Дүкеннің сырт жағында таң ертеңнен кешке дейін тұрып, қайыр сұрайтын бұл қарияны ол көптен бері білетін. Тіптен қалтасында осы кісіге деп арнап алып шыққан тиындары да сылдырлап жүр. Көптен бері сабақтан, басқа да тірліктерден қолы босамай, осы бір мейірімді жанмен жолығуға уақыт таппай кеткенін қазір ғана іштей мойындады.
- Ата, Сізге бәліш алдым,- деп жаңа ғана сатып алған ып-ыстық бәлішті қарияға ұсынды.
Ол кісі алақанында көңілсіздеу жатқан қара бақыр тиындарды қалтасына салып, қызыл иегімен бәлішті қаужады. Асыл сөмкесінен суды алып, дүкенді қоршаған тастың үстіне қойды. Арасында судан бір жұтым жұтып, асыға-үсіге, апыл-ғұпыл бәлішті жеп бітірген қария оған күлімсірей қарады:
- Мейірбанды бикештің бізге пейілі түскеніне өте қуаныштымыз,- деді сосын қулана сөйлеп.
Қалтасында өткен аптадан бері осы атайға деп сақтап жүрген тиындарын алып, алақанына салды.
- Біздің кішкене бикеш неге көңілсіз?- деді атай ол берген тиындарды қалтасына салып жатып.
- Атай, адамдар неге бірін-бірі мұқатуға шебер? Неге бір-бірінің жақсылығын айтуға келгенде, ауыздарын ашпайды, ал сәл сүрінсе, бәрі қосылып табалауға асығады? Неге?- деп сұраған Асылға ойлана қараған қария:
- О, о не дегенің?! Бұл деген - жерді басып жүрген екі аяқты пенденің жаратылысы ғой! Бірін бірі аяқтан шалмаса, бір-біріне қысастық жасамаса, онда олар баяғыда періштеге айналып кетер еді! Ал жер бетіндегі тірлік жұмаққа айналар еді! Бірақ пенде шіркін бір-бірін қызғанып, бір-біріне қастық жасамаса жүре алмайды, осы қылықтары арқылы олар өздерінің сайтанның сапалағына айналып кеткендерін де сезбей қалады,- деп қызына сөйледі.
Асыл болса, бар тірлігі таңертеңнен кешке дейін қол жайып, қайыр сұрау деп ойлаған қарияның осыншама философиялық ойына қайран қалды.
- Сені кім ренжітті, егер жасырын болмаса,- деді қария сақтана сөйлегендей, сыбырлай үн қатып.
- Мені ме? Жоқ, мені ешкім ренжітпеді әзірше. Жәй, айналадағы адамдардың бір-біріне қарап сөйлегендерінен, бір-біріне деген көзқарастарынан ойыма түйгенім еді,- деді Асыл.
- Ойларың тосын әрі ерекше екен,- деді қария.
- Мейірбанды кішкене бикеш, Сіз өмірді ұзақ әрі сайрап жатқан әппақ жол деп ойласаңыз қателесесіз. Өмір дегеніміздің өзі – қалтарыс-бұлтарысы көп, тегісінен гөрі ойдым-ойдым шоқалағы көп, ағынан гөрі қарасы көп жол. Бұл сапардың қызығы мен қиыны араласып келіп, пенденің басын айналдыратыны сонша, адам баласы өзінің қай жерден мүлт кеткенін сезбей де қалады. Ал, соңынан бәрі кеш болып шығатыны өкінішті,- деді дауысы қалтырай шыққан қария.
Асылға ол кісі ендігі сәтте жылап жіберетіндей көрінді. Шүңірек көздерінің тереңінде жылт-жылт етіп мөлдіреген жасты байқатпай, саусағының ұшымен іліп алып тастаған қария бейне бір жастық шақтың сәулелі сәттерінің елесін көргісі келгендей, жанарын алыс көкжиекке жіберіп, ойланып қалды.
«Шілденің күні - шіл адым» дейтін жаздың ми қайнатар ыстығында, күздің сілбіреп жауған жаңбырының астында, "қаңтардың күні - қарға адым" делінген қыстың күрмеуге келмейтін қысқа күндерінде, қақаған аязында таңның атысы, күннің батысы алақанын жайып, қайыр сұрап тұратын қарияның жүрек түкпірінде маздап жатқан өкініш өртін сезгендей болды ол. Неге екенін өзі де білмейді, осы қарияның алақанына өзі жинаған бар тиынын уыстап салған кезде:
- Мың жасаңыз, мейірімді бикеш,- деген дауысынан еш адамнан сезінбеген мейірім мен жылылықты сезгендей болатыны рас.
Қашаннан бері екені есінде жоқ, әйтеуір жанына мұң толған кезде, жүрегі сыздап, көңілі жабырқаған сәтте дәл осы жерге, осы қарияға келіп, сөйлескісі келеді де тұрады.
- Жаратушы адам баласына о басында бәрін де береді. Асау да арынды жастық шақтың жалауы болар ақ қанат арманды серік етеді. Білімді де бір басқа жетердей етіп меңгертеді. Басқа пенделердің жүрегін жаулайтындай көрікті де сыйға тартады. Аямай береді. Тек адам баласы сол бір мол байлыққа мас болып жүріп, оңды-шолды шашып жібереді де, қайтадан жинай алмай аласұрады. Өзінің оңды-солды шашқан бағын жинау үшін пенде енді сайтанмен уәделесіп, жанын сатуға да әзір болатыны неге екен?- қарияның жанарын тағы да мұң кіреукесі басты.
***
О, бір кезде жалғанды жалпағынан басқан сол бір сұлу жігіттің бүгінгі қайыршы кейпіне кім сенер дейсіз?! Ол кезде өмірінің аяғы дәл осылай өкінішпен қайырыларын біліпті ме? Ех, шіркін! Сол бір София есімді сұлу қызбен кездеспегенде ғой! Өмірі мүлде басқаша болар ма еді?!
- Маңдайға жазған жазымыштан озмыш жоқ деген сөздің растығына баяғыда-ақ көзің жетпеді ме, жазған-ау?!- деді ол өзімен-өзі күбірлей сөйлеп.
Белді бір мекемеде бастықсымақ еді бұл, сол кезде Ғариф есімді солқылдаған сұлу жігіт. Талай арудың қол жетпес арманына айналған. Өзімен бір топта оқитын, қарапайым Хадиша деген қара қыздың жақсылығын көп көрді. Лекциясының бәрін тап-тұйнақтай етіп көшіріп береді, сабаққа кешіксе, мұғалімдерге қалай ескертетіні белгісіз, әйтеуір, бұған «жоқ» деген белгі салғызбайды. Достары күліп, бір жағынан қызғанып:
- Осы сенің жұлдызың әйел затына келгенде неге жоғары? Мына қап-қара, сонымен қоймай, еш жігітке бұрылып та қарамайтын Хадишаның да есі-дерті – сенсің! Осыған үйлен! Жастық шақтың қызығынан да құр қалмайсың, үй-жайың да берекелі болады,- дейтін.
Соңғы курста, шындығында да, Ғариф Хадишаға үйленіп тынды. Өзі өлердей ғашық болғасын ба, келіншегі бұның басынан құс ұшырмады. Бәріне өзі жүгіреді, үй шаруасын өзі тындырады. Баласын бағуға да, қызметін жасауға да үлгереді. Ғарифке тіпті рах-хат! Қыдырам десе, қыдырды, жүрем десе, жүрді, ойына келгеннің бәрін жасады. Хадиша бұның қолын қақпады. Тек кейде таңертең тұрғанда көзі қызарып, беті ісіп тұратын еді...
Сол, Софиямен танысатын іссапары ғой... Алматыға екі аптаға мекемеден іссапарға кеткен. Әбден Алматыдан қайтатын кезде ұшақ уақытын ұмытып кетіпті, пойызға әрең үлгерді. Жанында шашбауын көтеруші достары бар, вагонға әупірімдеп мінген ол өзінің купесінің есігін ашып енген кезде, қуаныштан жүрегі тоқтап қалғандай болды. Дәл қарсы алдында бота көздері мөлдіреген сұлу қыз отыр еді.
Екі күн бойы сұлу қыздың көз алдында өзін нағыз джентельменше ұстағаны есінде. Сөйтіп, сұлу қыздың сеніміне кірген. Өздері тұратын шағын облыс орталығына келгеннен кейін де ол Софиямен таныстығын тоқтатпай, тереңдете түскен. Ол бір көрген түстей болған ғажап кездер ғой, шіркін! Күрсінді... Терең күрсінді...
Егер өмір тегершігін қайта айналдыруға мүмкін болса, сол жерден тоқтата қояр еді-ау... Бұл тоқтамады... Ақыры Софияның жүрегін жаулап тынды. Гүл..., ойламаған жерден ресторанға шақыру., тосын сыйлықтар қыздың есін шығарып жіберген еді. Сұлу қыздың қылықты мінезі Ғарифке де думанға толы студенттік жылдар қайта оралғандай әсер еткен. Ақыры, тосын шешімге бел байлады. Хадиша екеуі төрт баласымен қазіргі тұрып жатқан пәтерді сатып, Хадишадан ажырасып, Софиямен бірге Астанаға аттануға тәуекел ету керек деп шешкен. Сол күні таңертең ерте тұрып, үйдегі құжаттар тұратын сөрені ақтарып, үй құжатын іздеген. Қасына Хадиша келді. Ешнәрседен сезіктенбеген қалпы:
- Не іздеп отырсың?- деп сұраған.
- Дипломым қайда, дипломым?- деді бұл сасқан үйрек артымен сүңгірдің кебімен.
- Міне, дәл алдыңда тұрған жоқ па?- деп Хадиша еңкейіп, дипломды алып берді.
- Қазір, мына қағаздарды салайын ,- деген бұл құжаттарды жинастырған болып тұрып, арасынан үй құжатын дипломының қалтарысымен алып, портфеліне тыққан. Сол күні-ақ үйді сатып тынды. Қолына бір уыс ақшаны уыстап, өз дегенінің тез-ақ болғанына қуанып, София екеуі жалдап тұрған пәтерге құстай ұшып жетті.
Жеткені құрсын, үйге кіре беренде ауыр соққыдан мұрттай ұшты. Не болғанын түсінбеді. Тек құлағында Софияның сыңғырлаған үні қалыпты:
- Жаным, бұл ақымаққа осы да жетер енді! Біреу-міреу байқамай тұрғанда кетіп тынайық!
Есігі ашық тұрған пәтердің ішінде қансырап жатқан жерінен тапқан көршілер ауруханаға салыпты. Есі кіресілі-шығасылы, өзінің ешқандай құжаты жоқ жігітті бір ай емдеген аурухана дәрігерлері барар жер, басар тауы жоқ қаңғыбас ретінде тіркеп, ақыры шығарып жіберген...
***
Ал, Хадиша болса, әуелі Ғарифті келеді деп күтті. Бір күні ойламаған жерден танымайтын адамдар келіп, пәтерді сатып алғандарын айтып, пәтерді босатуды талап етті. Есеңгіреген Хадиша әуелі полицияға жүгірген. Күйеуінің хабарсыз кеткенін, баспанасына танымайтын біреулердің баса-көктеп кіріп алғанын айтып арыз жазды. Амал қанша, үйді күйеуінің сатып жібергені анықталды. Ал, Ғариф болса, жер жұтып қойды ма, көкке ұшып кетті ме, белгісіз...
Төрт баланы тістелеп жүріп, вагонға да түнеді, вокзалда да қонды. Біреудің сарайын да жалдады. Жалдаған сарайдың төбесінен күз бен көктемде жаңбыр жауса болды, су сорғалап тұратын. Осылай қор болып жүргенін естіген ұжымдастары ортадан қаржы жинап, балаларға киім-кешек әперіп көмектесті. Өмірде жақсы адамдар бар ғой, несін айтасың, тіпті танымайтын бір журналист оқу орнының жатақханасына орналастырып, облыс әкіміне дейін мәселе көтеріп жүріп, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Бүгінде сол көрген қиындығы – қорқынышты түс сияқты... Шүкір, ұл-қызы ержетті, жақсы оқып, білім алды. Аналарына көмектесті, әйтеуір қарап отырмады. Анда-санда құдай қосқан қосағының бүкіл құжатты үйден ұрлап әкетіп, құмға сіңген судай зым-зия болғанын ойлағанда көзі жасқа толып, ернін тістелеп, жер шұқып отырып қалатын...
***
Ғариф аурухана ауласында мәңгіріп отырып, өзінің кім екенін ақыры есіне түсіре алмады. Қаңғалақтап сыртқа шыққан, көшедегі нөпір халық, ерсілі-қарсылы көліктер ағынынан басы айналды. Сол жерде тұрған орындыққа басын ұстап отыра кеткен. Ас жоқ, су жоқ, күні бойы жатты. Ақыры орнынан тұрып, тәлтіректеп, сол жердегі қоқыс жәшігіне беттеді. Жәшікке қолын созып еді, қолына бір аузы ашық дорбаның іліне кеткені. Ішінде - қатқан нан, тамақ қалдықтары... Осы қоқыс жәшігінің жанында жатып, тұрып өлмеші тірлік кешіп жүргенін көрген бір әйел жаны ашып, өзінің баспанасына ертіп апарды. Бұл енді баспана деуге келмейтін, өртеніп кеткен үйдің бір бөлмесі еді. Өзінің есімін білмейтін бұны сол жерді мекендеген қаңғыбастар «Табылған» деп атап кеткен.
Өткен өмірін есіне түсіргісі келеді, қиналады, жүрегі ауырады, іші ит тартқандай әлем-жәлем болады. Бірнеше жылдан бері өртенген үйдің бір бөлмесін паналаған қаңғыбастарды бір орыс жігіті ақша көзіне айналдырған. Бұны осы «Мәдина» дүкенінің алдына қайыр сұрап тұруға көндірген. Алғашқыда біраз тулаған, қол жайып, қайыр сұрап тұруға қысылған. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген мәтелді өзінің басына түскеннен кейін ғана білді. Орыс жігітінің гүрзідей жұдырығы құлақ шекесін жандырып кеткен. Екі бүктетіліп құлағанын біледі. Бетіне салқын су шашып, есін жинатқан бет-аузы жүн-жүн орыс, өзін Борис деп атап таныстырған. Үстіне қоқыстан тауып алған кәстөмнің жұқанасын киіп, қайыр сұрауға шыққан. Екі бүктетіліп қайыр сұрап, алақан жайып тұрып, ешкімнің бет-жүзіне қарамауға тырысты. Ақыры еті үйренді. Еш қысылмастан:
- Қайырымды адамдар, садақа беріп кетіңіздер! Жолдарыңыз ашылсын! – деп қақылдап, жолдарына кесе-көлденең тұрып алатын болды.
Осы жерге келіп қайыр сұрағалы білді, адамдар өте қатыгезденіп кеткен екен. Бұған мысқылды көзқараспен, жиіркенішпен қарап, жанынан тез-тез басып өте шығады. Сондайда көмейіне ащы өксік келіп тығылатыны рас.
- Ей, тәкәппар басып, тайраңдап бара жатқан пенделер! Маған қарауға жиіркеніп, мен сияқты міскінге 100-теңгелеріңді қимай барасыңдар. Мен Сіздерге ренжімеймін! Өзім де дәл сендер сияқты сараң да екіжүзді, жағымпаз да жалтақ ғұмыр кештім! Өмірімді судай шаштым! Жаратқанның берген несібесін ысырап қылдым. Басыма қонған бақты білмедім! Ұшқаннан кейін ғана қадірін түсіндім. Менің қателігімді қайталамаңдар!- деп жар салғысы келеді бар әлемге айғай салып тұрып.
Күндесін-күнде Борис келіп, күні бойы күннің көзінде, желдің өтінде тұрып тапқан ақшасын сыпырып алады. Тіпті тамақтық тиын да қалдырмайды.
-Қарным ашты дейсің бе? Бар, ана қоқыс жәшігіндегі нанды ит пен мысық жеп кетпей тұрғанда үлгеріп, алып қал,-дейтін желкесінен нұқып. Бұл, әрине, солай етеді де! Олай етпейін десе, қарны құрғыры шұрқырап барады. Бір жақсысы, бұл жердің тұрғындары – халді, бар адамдар. Оны қоқысқа тастаған азық-түлік қалдығына қарап шамалайды. Кейде қымбат киімге де кездесіп қалады. Ондайда, көкесі базардан келгендей бір жырғап қалады, әйтеуір! «Өлмегенге – өлі балық» деген осы да!
Қайыр сұрап тұрып, бір күні Хадишаны кездестірді. О, ғажап! Жадынан айырылған кездегі ұмытылып қалған естеліктердің бәрі дәл сол сәтте қайтадан есіне оралған... Хадишаны бірден таныған... Таныған да қайыр сұрап тұрған саусақтары дірілдеп, басы қалтаңдап, ерні кемсеңдеп кеткен.
- Хадиша, бұл сенсің бе? Ешқандай өзгермепсің ғой! Бұл мен – Ғарифпін қой,- деп құшақтай алуға шақ қалған. Тек көзіне келген жасты кірлі жеңімен сүртіп, төмен қарап, кібіртіктей берген.
Өз жасына лайықты салмақты жүріспен жанына келген етжеңді әйел қайыршыға қолына іліккен тиын-тебенді ұсынды. Бұл бүгежектей алып, бетіне тура қарамай, кір күпәйкесінің өңірін жарылып кеткен, тырнақтары алынбаған кір-кір қолымен көтере берген. Онысын өңменнен өткен суық желден тоңғаны шығар деп ойлаған әйел өзінің мойнындағы жылы шарпысын қайыршыға қамқор көңілмен ұсынып, әрі қарай кете берді. Ал, Ғарифтің көз алдынан бүкіл өмірі өтіп жатты, өтіп жатты... Хадишаға, төрт баласына жасаған опасыздығы, сатқындығы жанын жегідей жеді. Оларды іздестіріп, тауып алуды да ойлады. Бірақ...
Іздеп барғанда, не дейді? Не үшін басындағы баспананы сатып жіберіп, өздерін қаңғытқанын қалай айтады? Не деп ақталады? «Жаратқанның пендесіне махаббаты шексіз! Жаратушы Иенің пендесін кешіруі емес пе, маған Хадишаны кездестіріп, жадымды оралтқанының өзі - бір құдірет қой» деп іштей өзімен-өзі сырласып, өзін-өзі жұбататынды шығарды. «Әйтеуір жер бетінде бұдан тараған ұрпақ аман-есен өмір сүріп жүр» деген ойдың өзі оған едәуір күш берді. Бірақ отбасына енді орала алмайтынын білді. Жаны жылап тұрып мойындады.
Енді бірде еліктің лағындай сұлу қыз өтіп бара жатты да, артына бұрылып келіп, мың теңгені тастаған қолына. Бұл екіұдай сезіммен, басы қалтаңдап, көзіне жас толып кетіп:
- Мың да бір Алғыс, мейірбанды жан! Жаратқан жолыңды ашсын,- дегенде, ботадай жанарын жалт еткізіп, көзі мөлтілдей қарап қалған.
Содан бері бірнеше айдың жүзі болды. Әлгі көркем бала апта құрғатпай келіп, қалтасына жинаған бар қаражатын бұның алақанына құя салады. Онымен де тұрмай, «Мәдинаның» алдында бәліш сатып тұратын орыс кемпірден екі бәліш алып, әкеліп береді. Сөйтеді де, ойындағы бар сұрағын, айналасындағы адамдарға деген өкпесін, көзқарасын айтып, сөзге тартады.
- Жаның қандай таза еді?! Періштедей пәк жаныңды жердің күйбең тірлігі ластамаса екен,– дейді бұл әлгі әдемі бойжеткен кетіп бара жатқанда соңынан қарап тұрып кемсеңдеп.
Жаратқан Иеден осы бір гүлдей нәзік, жан-дүниесі таңғы шықтай мөлдір балаға тек бақыт тілеп шығады түнімен күбірлеп.
- Жаратқан Ием мені кешірген екен, кешіргені сол – сені жібергені! Жер бетіндегі сүреңсіз тірлігім аяқтала келген екен,- деді бірде ол Асылға қарап тұрып.
Киіктің құралайындай сұлу бойжеткен қайыршының бұл сөзінің астарын түсінген жоқ.
- Өмірде жаныңды кірлетпе! Дүниенің барлық байлығы жүрегіңнің тазалығына жетпейді, балам! Арың таза болсын! Қолың таза болсын! Адам баласына қылдай қиянат жасама! Мал-екеш, малдың да обалы болады! Ал, адамның обалы жібермейді! Бұны саған сол қателікті өз басынан өткізген мұңлық атаң айтып тұрғанын ұмытпа!-деді ол алыс көкжиекке жанарын қадап, ойланып отырып.
- Ал, мен жүрейін! Анам іздеп, уайымдап қалар. Сау болыңыз,- деп, Асыл орнынан тұрды.
- Сіздің мүбәрәк дидарыңызды көру – бізге бақыт! Ал, лебізіңізді есту – жәннаттың бағын аралағанмен бірдей. Осындай бақыт сыйлағаның үшін Жаратқан Ием бағыңды ашсын!- деді қайыршы шал оған.
Өзі күзгі жаңбырдың астында, жұп-жұқа киіммен қалтырап тұрған қайыршы шалдың мынау тілегі, мейірімге толы сөзі Асылды толқытып жіберді. Құдайым-ай, жылы үйде, жылы кеңседе отырған адамдар бір-біріне ыздиып қарап, қабақтарын түйіп тұрып, астамсып сөйлеседі. Қайыршы болса да, жаурап келген жанға жылы сөзбен күш бергенінің өзі қандай ғанибет! Өзі айтқандай, жастық шағында барлықтың, байлықтың қадірін білмеген шығар, бірақ қазір сол қателігін Жаратушы алдында жазамен өтеп жүргендей... Сонда адам баласы өзі жасаған қателігі мен күнәсі, қиянаты үшін жердің бетінде жүріп-ақ жазаланатын болғаны ғой! Ана дүниеге мына дүниенің ауырпалығын арқалап кетпейді екен-ау ешбір адам! Жан сарайын мынау бес күндік жалған дүниеге жаңа ғана келгендей етіп, жуып, бар күнәсінан тазартады екен ғой... Суық желдің өтінде, жұп-жұқа, көнетоз киіммен бүрсең қаққан қайыршы шал, шынымен де, тоңып тұр еді. Аяғын бір-біріне соғып дірдек қағады. Бірақ, бір ғажабы, ол мына өмірге, Жаратқанға, адамдарға өкпелі емес. Тіпті өзгеше бір, ешбір пенде түсінуге өресі жетпейтін мейіріммен қарайтындай...
***
Қария Асылдың соңынан қарап тұрып, көзіне еріксіз жас үйірді. Бүкіл жан дүниесімен енді осынау жаны да, өзі де сұлу баламен жер бетінде жүздеспейтінін сезінді. Біртүрлі басы айналғандай ма, қалай? Желтоқсанның ызғырып тұрған желі мен бүрсең қақтырған аязы бірте-бірте жанға жайлы Жайықтан ескен жылы самалға айналып бара жатты. Мойнынан қысы-жазы тастамайтын, қымбат екені қайыршының шоқпытының ішінен айқырып көрініп тұратын жылы шарпысын сипалаған күйі «Мәдина» дүкенінің сыртын қоршаған тас қоршауға сүйене берді. Сөйтіп, жәй ғана отыра қалғаны... Жанынан асыға басып өтіп жатқан адамдардың бір де біреуі оның аянышты жағдайына көз қырын да салмастан, жанынан өтіп жатты...
- Анашым, ата ауырып отырған сияқты. Көзін жұмып алыпты,- деді анасының етегінен тартқылаған кіп-кішкентай балақан.
- Ұлым, ата демалып жатқан шығар, ол жаққа қарама,- деген жас ана сәбиді қолынан жетелеген күйі қисая құлаған қарттың жанынан тық-тық басып өтіп кетті.
Ғарифтің жантәсілім болғанын күні бойғы түскен ақшаны алу үшін кешкілікте келген Борис көрді. Қисайып отырған қартты: «Ұйықтап не қара басты?» деп сілкіп қалған кезде, жансыз дене аяғының астына құлады. Сасқанынан еңкейіп, қарады. Көзін жұмып, күлімсіреп қалыпты. Бейне бір ең жақын адамының алақанында ұйықтап жатқан бала сияқты бейкүнә ұйқы... Көріп, әдейі «Жедел жәрдем» шақырды да, өзі «Мәдина» дүкеніне кіріп кетті. «Жедел жәрдем» қарияның мүрдесін бірден қалалық моргке апарды. Әрі қарай, ешқандай құжаты жоқ болғандықтан, жерлеу рәсімімен жергілікті өкілетті орындар айналысты...
Арада апта өткен.
Асыл сабақтан келе жатып, «Атырау-Ақпарат» аялдамасынан түсіп қалды. Күн суытып тұр. Желтоқсанның ызғарлы желі бет-аузын шымырлатып жіберді. Ол тез басып, дүкен жанында бәліш сатып тұрған әжеден әдеттегідей екі бәліш сатып алды. Дүкеннің сырт жағына шықты. Таныс бейне көзіне түспеді. Сол жерде отырып, жарты сағаттай күтті.
- Әлде ауырып қалды ма екен? Өткенде келгенімде тамағы қарлығыңқырап шыққан сияқты еді. Күн де суытып кетті ғой,- деп ойлаған ол дүкенді айнала бергені сол еді, соңынан барлығып шыққан дауысқа жалт қарады:
- Сен әлгі біздің қайыршы Табылғанды іздеп тұрған жоқпысың?- деп ақсаңдай басып жанына жетіп келген толық сары әйел әй-шәйға қарамастан, қолындағы екі бәлішке бас салды.
- Дәмді екен, мына кемпір шынында, тіл үйірердей етіп пісіреді,- деп иегімен «Мәдинаның» алдыңғы жағына қарай нұсқап қойды. Асыл әйелдің мына қылығын түсіне алмай, шегіншектеген күйі:
- Сіз кімсіз? Осы жерде тұратын Атай қайда?- деп сұраған. Көзінің асты ішімдікті көп ішкеннің салдарынан көлкілдеп іскен сары әйел барлыққан даусымен а-ха-ха-лап күліп:
- Атай дейді! Атай дейді ғой! Ой, шегім-ай! Қайдағы атай?! Ол - қаңғыбас қайыршы Табылған болатын. Өзінің азан шақырып қойған атын да ұмытып қалған қайыршыны Атай дейді ғой!- деп біртүрлі дауыспен барқырай сөйледі.
- Ол кісі қайда? Ауырып, ауруханаға түсті ме?- деді Асыл, әйел өзіне жақындаған кезде үстінен шыққан қоңырсыған күлімсі иіске тұншығып қалғандай болып.
- О, ол енді ауырмайды да, тоңбайды да, қайыр сұрамайды да! Өлді сенің Атайың,- деді әлдекімді мұқатқандай кекесінді дауыспен.
- Қалайша? Өткен аптада ғана осы жерде тұрған еді ғой,- деді Асыл көзіне тұнған жасты сүртіп.
- Адамдар өмірге келеді, кетеді! Кеткен адамның орнын біреулер басады! Өмір заңы солай! Бұл жерде енді мен тұрам! Айтпақшы, әлгі біздің жынды Табылған соңғы кезде: «Мен періштені көрдім! Жаратқан Ием маған періштені жіберді. Күнәмді кешірген екен» деп қоймай, күбірлеп жүрген еді. Сол «періштесі» сенсің бе? Олай болса, бізді де жарылқа! Атайыңа құр қол келмеген шығарсың?- деп ісініп кеткен алақандарын жайды. Дудыраған шашынан, киген киімі мен үсті-басынан жан төзгісіз көңірсіген иіс қолқаны алып барады. Асыл артқа шегіншектеген күйі қалтасынан қолына іліккен тиынды алып, әлгі қолға құя салды да, жалт бұрылып, аялдамаға жүгіре жөнелді.
Аялдаманың жанындағы үлкен саялы теректің жанына тұрып, жаңағы күлімсі иістен жиіркеніп, қайта-қайта лоқсыды. Қалтасынан қолорамалын алып, бет-жүзін, аузы-мұрнын сүтті. Сосын келген автобусқа мінбей, Жайықтың жағасына жаяу тартты.
Неге екенін өзі де түсінбеді, бірақ жан дүниесінің қаңырап, бос қалғанын сезді. Өзегі өкініштен күйгендей, бір жақын адамынан айрылғандай іші-бауыры езіліп, көзінен жас парлап келеді. Қайыршы қарияның «менің мейірбанды бикешім» деп еркелеткен үнін енді естімейтінін жан-жүрегімен түйсінді. Мынау жалғанда маңдайына қонған бағын түсінбей, баянсыз махаббаттың, баянсыз думан-дүрмектің құрбаны болып, тағдыры тәлкекке түскен жанның жер бетіндегі сапарын аяқтап, мәңгіліктің өзімен дидарласқанын түсінді.
-Ата, Сіз өзіңіз айта беретін Жаратушы Иенің кешірімін алған шығарсыз! Өйткені, қателіктің құнын ғұмырыңызбен төледіңіз ғой,- деді Жайықтың толқындарына қарап тұрып, сыбырлай сөйлеп. Кенет Жайықтың ақжал толқындарының арасынан таныс силуэт көрінгендей болды. Иә, соның дәл өзі! Тек бұл жолы бұрынғыдай мұңая жымиып емес, қуана күлімсіреген қарияның нұрлы жанарын анық байқағандай болды. Қолын жайып, қайыр сұрап тұрғанымен сол қариядан бір мейірім шуағы төгіліп тұрғандай көрінетін.
Өзі тоңып тұрса да:
-Аман жүргейсіз, мейірімді жан,- деп сыртынан дұға еткен қайыршыға бір тиынын да қимай, өздері де білмейтін беймәлім сапарға асығып-үсігіп аттанып, жанталасқан пенделер қайыршы ма деп қалады ол кейде. «Өмір дегеннің өзі – өткінші, пенделерден құпиясын жасырып тұрған жұмбақ бекет» деп еді соңғы бір көргенінде... «Қандай қиындық болса да, жан дүниеңді таза сақтағайсың» деген дауыс жақыннан шыққандай болған. Асыл жан-жағына қарады. Ешкім жоқ. Тек аспанда әткеншек тепкен күн төмен қарай түсіп келеді екен...




