Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Саян ЕСЖАН: «ҚҰМАРШЫҚ» (микро-поэма)

Саян Есжан, 1991 жылы Ақмола облысы Бурабай ауданының Түлкілі ауылында туған. 2009-2013 жылдары аралығында елордада Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінде «Баспа ісі» мамандығы бойынша білім алған. 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Іңкәр», «Жайық жырлары» жыр жинағының авторы.  «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты. 2025 жылғы Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың «Поэзия» аталымы бойынша жеңімпазы. 

...Құмнан да қазына табылған,
Шақырды бізді қанша үміт.
Құмаршық қақтық шағылдан,
Желкегін жедік тамсанып.

Көз жасы сел боп қураған,
Ол кезде жетім, жарты өмір.
Сонда да бізді бұл дала
Аш қылмай қойды, әйтеуір...

Марат Отарәлиев.

1

Жота-жота шағылда
Өткен өмір айналғандай сағымға.
...Отарбайдың отқа оранды жүрегі –
Отанына пана болар шағында. 

Құйғытса да сан дауыл,
Дәл осы сәт бұрынғыдан болды ауыр. 
...Ақ сәлделі Ажал тұрды алдында,
Ал артында үнсіз ғана қалды ауыл. 

«А, Тайсойған, Нарынқұм,
Сұрау бар ма қорлығына кәуірдің?
...Жайық жұрты қорыққаны түк емес, 
Торықанны жанға батты бауырдың,
Тарыққаны жанға батты ауылдың...
Ен жайлаған төрім де жұт,
Жерім – жұт,
Кер кезеңде нені ұғындық, 
не білдік?!
Кер заманнан ел айналып өтердей
Уа, Тәңірім! 
Бер, ырзық!»

...Құмға шөккен атандай,
Дәл осылай күбірледі Отарбай. 
Жел аятын күбірледі қосыла, 
Жандүниесі құлазыды жапандай. 

Көрген күні – күн емес,
Көретіні – мың арпалыс, мың егес.
...Өлілердің әлеміне енгендей
Көз алдында көлбеңдейді кіл елес...

2

Тайсойғанның бүйірінде аппақ құм,
Сұп-сұр уақыт тежелгендей, 
тоқтап күн...
Шолақ құйрық соқпақ жатыр – ізі өшкін,
Ыстық демі күйдіреді аптаптың.

Құмда тоқтап қалған сынды тіршілік,
Қызыл ала құмдауыт һәм құр шілік.
Қара жыңғыл кәрі абыздай қол жайған,
Бір шөкім бұлт жоқ аспанға ұмсынып...

Ғажабы әрі азабы елдің бұл дала,
Күрең жүзін тырналаған бір нала.
...Мына құмдар – естеліктер қорымы,
Мына құмдар – дәуір жазған жылнама. 

Іңір түсе қоп-қоңыр күй шертеді,
Қоп-қоңыр мұң басар мылқау өлкені. 
...Құмдағы аңыз – біреу үшін жай аңыз,
Құмдағы өмір – біреу үшін ертегі. 

Замана ауып, көшкенімен сан жылдар,
Түмен сынды көшпеген тек жал, құмдар...
Қасіреттен қара түнде қан жұтып, 
Қасіреттен шәйіт кешкен тағдыр бар. 

Бірі білсе, 
бірі білмес бұл жайды,
Ала құмның жүрегінде тұр қайғы. 
Құлақ асып, тыңдай білген естіге,
Жыршы-тарих соның бәрін жырлайды. 

Құм тарихы – ел тарихы бұл нағыз,
Бір-ақ сәтте айналады шынға аңыз.
...Алғашқы әнін шырқағанша таңшымшық,
Таңға дейін дәуір сөзін тыңдаңыз!..

3

Ойыл маңы.
Мамыражай.
Қойлы ауыл.
Торы атпенен қой өргізіп, жайған ұл.
...Қатар қонған киіз үйлер үстінен
Төгіледі майда нұр. 

Сәуір соңы.
Жайлауға осы ел қонды,
Сәуір шөбі қазір майда, төл қоңды.
...Күйбеңі көп басталады тіршілік,
Ауыл қазық қаққан құтты жерде енді. 

Қонып жатқан қатар жай,
Шаңқан үйге сүйінеді Отарбай.
Жайдары күн жайлы ойлары осы сәт –
Су мен нуға делдеңдеген отардай. 

Ақ самалмен қоса бойға нұр тарап,
Ауылға бір, сауырға анау бір қарап,
Төбе жаққа жалғыз өзі беттеді,
Сағым билеп тұрған еді қырқада ақ.

...Ендігі ісі – күздің қамы, 
қыс қамы,
Төл көбейтіп, 
қоң жинату – ұстамы.
...Жебесін деп сансыз баба аруағы,
Бейіт барып, 
дұға оқыды – тысқары. 

«Жайлы болса, бұла жаз,
Болар бәлкім, 
бұл маусымның сынағы аз» - деп,
ішінен күбірлеген сәтінде 
Белгісіздік тұрды өңінде – 
Сірә, мәз.

Құмшайырдай жұпар аңқып бар ауа,
Жан біткен-ді мынау шексіз далаға.
...Көзді ашып-жұмғанынша қойлы ауыл,
Екі ай өтіп кетіпті ғой арада. 

Күн қысқарып, 
туар ертең сүмбіле,
Су да суып, қайтар құстар дүрліге.
Ойлы қырдың жанға жайлы әуені
Ой қалдырар, 
ойландырар кімді де.

Іргедегі ала құмның демі ыстық, 
Қызыл жалқын нұр боялған кеңістік.
Жаз күніндей жайлы Отарбай көңілі –
Төлі – қоңды,
Елі – оңды,
Өріс – құт. 

4

...Жуасыған кез еді өзен күркірі,
Жыңғыл түбі сілкінгендей бір күні,
Айғайы мен ойбайы көп – жұрт үні,
Құмға қарай айдады қой, жылқыны. 

Сезгендей-ақ бір зауалдың келерін,
Қарауытты басы ала төбенің.
Құшақ жайып тұрды малға, адамға –
Бәрін көрген, 
дәуір көрген көне құм.

Көзбен жасын атардай,
Бұлтты күндей түнерген-ді Отарбай.
...Жұртты құмға жіберіп сап, 
тұрды үнсіз,
Отряд келді – жайлауда өрген отардай.

Кілең атты келді қоңыр ауылға,
Жаңа заңды жеткізуге қауымға.
...Отарбай мен санаулы адам қарап тұр,
Қара мылтық асынған бұл қалыңға.

Бұзылғандай жайлы күйдің әуені,
Шикі сары бидай сынды бар өңі,
Істік ілген офицері орыстың:
«Кәмпеске!» деп, айқай салды әуелі.

«Құйқалы қыр, әр шүйгіні қоныстың,
Әр байлығы табылатын еңістің,
Әр тұяғы – өкіметтің меншігі!» –
Соңғы сөзі осы болды орыстың.

«Әдірем қал!» деп Отарбай жұлқынды,
Жағасынан алды –
Орыс қылқынды.
Жан-жағынан анталады отряд,
Күрең қанды жұтып үнсіз құм тұрды...

...Жандүниесі нілдей болып бұзылған,
Санаулы адам соққы жеді «қызылдан».
Отарбайдың жүзін жуған қан сынды,
Күнбатыстың басты жүзін қызыл қан. 

5

Қашып кеткен Ажал дейтін зауалдан,
Құм арасы «қызылдарға» таланған,
Құм арасы мал-мүлкінен айрылып,
Бейшара жұрт ауылына оралған.

Түн.
Қара түн.
Оралғанның бәрі үнсіз.
Тек сәбилер жыламсырап, дамылсыз...
Әрбірінің кеудесін от қариды,
Жанын – сыз. 

Жұбатарға сөз таба алмай бір-бірін,
Бақытты шақ болмағандай күн бұрын,
Жанған алау жанында ел өксиді,
Түн шертеді мұң қылын.

...Топта сөзді бастар сері Ақандай,
Топ ішінде сөз бастады Отарбай. 
«Дүниемізді қайтарамыз, дәл қазір!»
Сөзі сұсты,
таққа отырған қаһандай.

Қолды жиды – ел ішінде жараулы,
Бабасынан қалған семсер – оны алды.
...Бөрі сынды түзді кезіп, түн қатқан
Ешбірі де қалмады елде таң алды. 

Құмда қалған ізбен бір топ жортады,
Күн күйдіріп, ыссы күні арқаны.
...Әрбірінің Құдай ғана сенері,
Әрбірінің Құдай ғана қалқаны.

Күн аңызақ.
Қарсы беттен шаң ұшқан,
Қара қолдар намыстан-ақ қарысқан,
Кегі кеткен қара ниет орыстан –
Бұл Отарбай бір жаралы арыстан.

...Аз жүрді ме, 
көп жүрді ме, жоқ есте,
Жолға аттанған ер мұраты – тек өште.
Кешкіғұрым «қызылдарға» жетті ақыр,
Тайсойғаннан асар жалғыз дөңесте...

6

Ауыл жақта шағын ғана ел қалған,
Жүрегіне қара беріш шер қонған.
...Пана күтер құмға аттанған ерлерден,
Пана күтер шұбатылған жолдардан.

Ауыл әлі айықпады ылаңнан,
Өткен өмір – 
құр өкініш, құр арман.
Түн демінен ажал иісі сезілер,
Келмес жаққа қызыл жалқын күн ауған. 

Кеудедегі ашудан-ақ демігіп,
Жоқ секілді болашағы, 
жоқ үміт.
...Ауыл жұрты – кемпір-шал мен жас бала,
Жол тосады торығып. 

Атпайтындай таң дара,
Қайтпайтындай жолға аттанған ер жаңа.
...Түрлі ойлардың тереңіне шым батқан,
Жанын өбіп, жұбатады жел ғана.

Өткен өмір – ертегідей тәтті еді,
Суға сіңген бал секілді шақ тегі.
...Ал бүгіні – хан секілді айырылған 
Қазынасы мен билігінен бақ толы. 

Айт, айтпа енді, 
Жұбаныш жоқ халыққа,
Үміт өлген,
Жоқ сенер жол, бағыт та...
...Босқан халық лақтырылған секілді
Құм арасы тірідейін табытқа. 

Қара түндей түнерген,
Бақ ауғандай өзен асып, бұл елден. 
...Жарығы жоқ қараңдайды жанарлар,
Ішінде оның нұры өлген. 

7

Ер Отарбай кіріп кетті айқасқа,
Кім жеңілер, кем жеңер бұл шайқаста?
Орыс қолы – білте мылтық, қара істік,
Қазақ қолы – қара семсер, ой, қасқа...

Қиқу толы,
Айғай толы шаршы алаң,
Түбі жеңер – қара басы болса аман.
...Оқтан, оттан сескенетін қазақ жоқ,
Құмды кезіп, 
жауды қуып, шаршаған.

Айналаны басып кетті шаң ала, 
Отарбайың ойқастады додада. 
Екі орыстың басын алды қас-қағым
Допша оны домалатып далада. 

Машықтанған талай-талай соғысқа, 
Аянбады бидай өңді орыс та. 
...Кезек-кезек білте мылтық атылды,
Ақ түтінін будақтатып қарысқа. 

Бірді-екілі қазақ өлді, құм құшып,
Жанарынан тамып соңғы мұңлы шық.
...Сүт пісірім уақыт ерлер алысты,
Офицердің көзі күп боп тұрды ісіп.

Сынға түсіп, қайсарлық пен қорқыныш, 
Ер Отарбай алып соңғы зор тыныс. 
Арыстандай ортаға өзі атылды,
Дұшпандарын жайратуға көрқуыс. 

Жалаң қолмен көрсетсе де айбатты,
Орыс қолы ердің бәрін жайратты.
...Ер Отарбай жатыр құмда ес-түссіз,
Көрсете алмай бұл тобырға қайратты. 

Аз өтті ме, көп өтті ме, 
кім білген?!
Кеудесінде қыстығады құрғыр дем.
...Айналаға көзін салса Отарбай
Серіктері сұлап жатыр бір-бірден.

8

Құдай өзі бергенімен зауалды,
Қайта айналып келетіндей боп алды. 
...Қара мылтық асынып, от ұстаған
Біреулер кеп шапты ауылды таң алды. 

Тым-тырақай қашты бәрі құм жаққа,
Бала қалды шаңқан үйде, құндақта,
Шал мен кемпір ентеледі қыр жаққа,
Бұл не қылған зілді апта?!

Келіншектер кетті сол сәт тақымда,
Жат қолымен иленіп-ақ тақырда. 
...Шаңқан үйдің әрқайсысын өрт алды,
Тірі жаны келе алмастан бақұлға.

Қойлы ауылға қара төнді, қайғы алды,
Қасіретке екінші рет байланды. 
Екі күнде екі мәрте жау алған –
Тірілердің қорымына айналды. 

Алтын, күміс – қолды болды бар мүлік,
Халық босты, 
қалың құмда қаңғырып. 
«Қасиетсіз жауыздар-ай, жауыздар!..»
Ел ішінде тұрды жалғыз жаңғырық.

Сол жауыздар отқа орады бар маңды,
Шаңқан үйді, 
мама ағашты,
талдарды...
Күлге оранып кетті жансыз дүние,
Күлімсі аңқып, шұбатылып жол қалды. 

Күрең қанмен жүзін жуып ақ таңның,
Ала құмның маңдайында қатпар мұң.
...Ауыл жатыр қара қайғы жамылып –
Сойқаны еді ол Ақтардың...

9

Алашапқын жүріп жатты әр жерде,
Тірідей-ақ тасталғандай жан көрге.
Ақ пен қызыл ойранынан төнді ажал,
Жаһаннамның отын көрген жарлы елге.

Сылтып басып, қайтты ауылға Отарбай,
Іші дауыл – отқа оранған шаһардай. 
...Екілене жауы шапқан отаудай
Жұлым-жұлым болған қоныс, 
Отанды-ай!..

Тамыр жайды маң далада өктемдік,
Тарықтырды, 
жабықтырды жеткен жұт.
Қара бұлт боп төнді халық басына –
Көп қасірет, көп қайғы һәм көп қорлық...

Қобыз сынды күңіренді құба дүз,
Топта адасты топ бастайтын құлабыз. 
...Мың ерлікке куә болған дала ғой,
Торғын жапқан төскейі де мың аңыз. 

Аштық жайлап қасиетті даланы, 
Босқан жұртқа кім табар, ә дауаны?
...Жетім бала өксиді үнсіз, тілі жоқ,
Құшақтап ап жетім қалған моланы.

10

Арбасады түн мен күн. 
Қауашағы семіп біткен гүлдердің. 
Тар арнасы кеуіп біткен өзеннің, 
Бойында шыр қалмағандай сүлдердің. 

Құм арасы.
Кірген сынды тамұққа –
Ер Отарбай келді босқан халыққа.
...Жетегінде –қалған бала молада,
Айтар сөзі «Қорықпа, тек қамықпа!»

...Келген сәтте қаншама әйел қарғады, 
Шашын жұлып, жерге аунады, зарлады...
Қаншама үйдің жер жастанды ардағы –
Күл-парша боп ертеңі мен арманы. 

Жұбатарға сөз таба алмай тұр ерің, 
күн емес қой, 
Енді көрер күні оның.
...Дәруіштей баз кешкенше бұл елде
 Жақсы еді ғой, жау шаншыса жүрегін. 

Жақсы еді ғой, өзі өлсе далада, 
Қалғанынша қарғыс пенен табаға.
...Қозғалуға дәрмені жоқ Отарбай
Жайын сынды шығып қалған жағаға.

Өзгерте алмас тағдыр салған өкімді,
Ел зарлады,
Өкінді һәм опынды.
...Ер Отарбай қара түнге сіңді үнсіз,
Көтеріп ап мола кезген жетімді.

11

Талқан да жоқ, 
нан да біткен бір үзім, 
Қара халық құр аулайды күн ұзын. 
Бұл сары құм – алабындай ажалдың
Түз аңының байқамайсың бір ізін. 

Халық сынды аң да қашқан, бәрі ауған,
Басқа төнген қасіретті зауалдан. 
...Отыздағы ердің өзі опынып, 
Қара түнде қара шашы ағарған. 

Кесіп, шұқып әр өсімдік тамырын,
Талғажау ғып көрді дәмін бәрінің. 
...Атшоңқайды қазанға сап қуырды,
Түбірінен кесіп, аршып қабығын. 

Шағыл кезді,
Құмды айналды нәр үшін,
Жерді қазды татар жалғыз дән үшін. 
Тар кезеңде тығырыққа тірелді –
Ер Отарбай алпамсадай арысың. 

Аз қалған жұрт осылайша тарықты, 
Қараңғылық басты мәңгі жарықты. 
...Бұл нәубеттен көшті көбі бақиға,
Ал тірілер басқа жаққа ауыпты...

Көз алдында мың обалар, қауымдар, 
Ажал демін тыңдап жатқан ауылдар. 
Сүмбіленің сұғы ойнаған маңдайда
Әлі қанша жалғасады «дауылдар»?! 

Іші кеуіп ажал құшқан жан қанша,
Жемтік болып жүз таланған аңдарша, 
Жайрап жатыр қасиетті далада – 
Ала жон мен сан ирелең жолда арса. 

Азық қылып атшоңқай мен тамырды,
Ел тынысы, жер тынысы тарылды. 
Қу дүние көзден бұл-бұл ұшқан-ды,
Қу тіршілік ырғағынан жаңылды. 

Бірді-екілі үйдің ертіп адамын,
Өлтірмеудің ойластырып амалын. 
...Қырды кезген, ойды кезген Отарбай,
Құмаршықтың кесіп нәрлі сабағын. 

Таң бозында, сәтте – шөптен құлар шық
Жайып қойып қара жерге сыңар шыт.
Түбірінен үзіп алып бір-бірден
Кеспелтекпен қағып жүрді құмаршық.

...Талғажау ғып үйренді ғой ел соны,
Бұл құмаршық – елдің нәрі, жер сөлі.
...Отарбайдың басылмайды бірақ та
Түніменен солқ-солқ еткен кемсеңі.

Ел басына қонған сірә аз ба мұң,
Көрді елдің жадап-жүдеп тозғанын.
...Жүрегіне қанжар болып қадалды,
Жұрт ішінде өзі жайлы сөз қалың. 

Өтеуі сол – құмды кезіп, жер қазып,
Тауып берді тақыр жерден елге азық.
...Жақсылығы қанша өтсе де халыққа,
Қайғы жеңді, 
тәні тозып, 
жан қажып. 

Ұйықтаса, ажал құшқан ерлер көп
келе берді көз алдына көлбеңдеп...
Ал оянса жанұшырар хәл кешті
Орыс жетіп келетіндей кердеңдеп. 

Отарбайды дерт меңдеді осылай,
Көз алдында – қоңыр аспан, жасыл ай. 
Өң мен түстің арасында есі ауды –
Жаны – қызыл алау құшқан мосыдай. 

Түнек болып жалын атқан көз нұрлы,
Елес кезіп бара жатты боз құмды. 
Отанына пана болар Отарбай
Екі кештің арасында өз жұмды... 

12

Қара таңба секілді осы сор бес күн,
Қара халық күйін кешкен өлместің.
...Құмаршықты қағып құмда күн ұзын
Тарықпайтын болды дәмнен енді ешкім. 

Түбірді үзіп, жыңғылменен қағады, 
Кеспелтекпен дәнін жерге сауады. 
Қауызы мен кебегінен аршып ап, 
Қолдан тіккен қанарларға салады. 

Дәнді аршиды, 
ұшырады тозаңын,
Ала шаңы – қышқылындай бозаның.
...Алағай да бұлағай шақ өткеріп,
Не көрмеген қайран, мынау қазағың!

Қазанға сап қуырады дақылды, 
Келіге сап ұнтақтайды дақылды, 
Әрбір дәнін аялайды осы жұрт
Әрбір дәні – азығындай ақырғы. 

Қара көже жасап аппақ талқаннан,
Құмаршықтан жұрт ішіне ел қонған. 
...Күреңітер жайлы шақта күнбатыс
Қабағынан қызыл күрең қан тамған. 

Келіншектер қамыр жасап ұнынан,
Нан илейді,
Нанды алады шыныдан.
Қазан басы тәубе етеді құдайға:
«Бұл құмаршық – ұлы азық, ұлы дән»...

13

Әжім торлап, басып талай жүзін мұң,
Сойылы өтті бұл қазаққа құзырдың,
Гүрзі болып тиді қанша басына
Үстемдігі қызыл сойқан «қызылдың».

...Содан бері қанша уақыт, 
жыл ауды,
Шақты кешті дала аптап, мұнарлы...
...Талай нәубет келді-кетті қазақтан –
Елді сақтап қалды бұл дән құнарлы. 

Естелігі ол қасіретті жылдардың,
Естелігі – ел кешірген мұң-зардың.
Бүйірінде Ойыл, Жарыпшыққанның,
Бауырында қасиетті құмдардың.

Қалмаған шақ қырда желген бір аң да,
Қалмағанда аша тұяқ, қылаң да –
Асырады қарақұрым халықты
Қызылқоға, Қарабауда, Бланда.

Құм жадында тарих болып қалады ол,
Дала – куә,
Куә оған қара жол.
Біледі оны жел жүдеткен Қермақас,
Біледі оны құм жамылған Қаракөл. 

Дастан қылып толғайды оны Уақыт, 
Жұмсақ самал арқаңнан кеп, жұбатып. 
Жібитіндей кеуде тұста сол бір сәт
Шемен болып қатып қалған бір ақық...

Өксік қысып, ақ жүзіңді жуар шық,
Дәнін алып, көргеніңде бір аршып.
Қасиет пен қасіреттің нәрі бұл
Жылдар бойы құмда өскен құмаршық.  

14

Сасықкөкек шырылына таңдана,
Ұйқысынан оянғандай паң дала.
...Ойыл маңы.
Мамыражай.
Қойлы ауыл.
Құмшайырдың жұпарына толды ауа. 

Көктемге елтіп мынау шексіз кеңістік,
Жүзі жылы көрінеді терістік.
...Ауыл жатыр – дәуір жатыр бұйығы,
Төл де – оңды,
Ел де – оңды,
Өріс – құт. 

...Ауыл жаққа бір адам тұр, сүйінген,
Жұмсақ самал қытықтайды бүйірден.
Зобалаң күн өртін көрген пендедей
Заманаға жыңғыл сынды иілген.

Аз тұрды да, 
құмға кетті ентігіп,
Аяқ қақсап, бел ауырар дерті ұмыт.
...Дұға оқыды екі бейіт басына
Кеудесінен тас түскендей серпіліп. 

Екі мола тыныстайды қатарлай,
Көптен бері соқпап еді сапарлай.
...Алғашқысы – анасының моласы,
Ал әрірек жерленген жер Отарбай.