Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Жадыра ШАМҰРАТОВА: «АЙТЫЛМАҒАН СЫР» Әңгіме

Анасы оның қалқаны еді, сол қалқаны қирады, содан бері оқ тиген арқасы опырайып қалған, әлдеқайдан ескен суық жел сол жараға ұмсынғыш. Сол жараның орны жазыла ма, жазылса қашан жазылады... 
Шешесінің қырқы жақындағанда тағы да ауылға  жиналды. Сол өзі тұрып жатқан астанасында әруаққа құран бағыштаса болар еді, бірақ, жан дүниесі ауылдастарының аңқылдаған көңілін, мұны жұбатқан, демеген қылаусыз ықыластарын аңсады да тұрды. 
Бұлар мінген ескі көлік қайта-қайта сынып, әбден титықтатты. Көлік тоқтаған сайын жолаушылармен бірге жерге түсіп, құмдақты-саздақты, сортаңды сұр топырақты кешіп әудем жер жүріп алады. Қыста қар көріп жарымаған даланың шөлдеп, талмаусырап жатқан келбетінен бе, өзінің жетім бота халінен бе, көңілін мұң торлап, төңірек түгел мүлгіген қимыл-қыбырсыз кеңістікке жанарын қадай түседі. Бүйірлері опырайып көрінетін шағылдар төбеден тіке түскен ыстық лепке балқып жатыр ма дейсің,  маң даланың әр жерінен тырбық құм бұталар, қияқ пен құмаршық көзге шалынады. Тісқаққан шопырдың қолының епсектігінің арқасында ыңырана қозғалған көлік алдан көрінген төбеге көтерілгенде құмның барынша тығыз екені байқалды. Ауыр көлік шағылдың төбесіне көтерілгенде екінші жағындағы құм төменге қарай сырғи бастады да, ақыры құм дөңдері алыстап, көлік ақырын жолға түсті. Ұзақ жолда ой серік.
***
Шешесінің телефон шалып, «Астанаңа ертең түсем» дегені кеудесінде күй күмбірлетіп, ертелі-кеш ерсілі-қарсылы адам ағысы тоқтамайтын ескі вокзалға екі сағат бұрын дедектетіп әкелгенімен, вагоннан түсе сала бұған қарай құшағын аша ұмтылған ең жақын адамын көрер көзге танымай қала жаздады. Бұрын етжеңділеу шешесі көрмеген жыл жарым уақыт ішінде аласарып, шүңкиіп жүдеп кетіпті. Алакөбеңде өңі де сарғыштанып көрінді ме ау... Тек даусы ғана бұрынғыша. Қоңыр бояуы жоғалмаған сол дауыстан шешесінің көл-көсір мейірі төгіледі. 
Нығарлап сала бергеннен сырмасы бұзылып, тігісінен сөгіліп кеткен тоқбүйір сөмкені кепкен етке толтырып, артынып-тартынып келген шешесі кірген бетте желкесіне сырғыған жаулығын жөндеп үлгермей, беткі жағына мұздатқышта қатырып сарықағазға бірнеше қайтара ораған сары май салынып, астына қолдың құртын сықастырып, Астанада бәрі удай қымбат деп сала шыққан қалбырдағы сүт, тәтті-құттының салмағынан қолбауы үзілген тағы бір көк жолақты сөмкені балконға шығарып қойды. Өзі күншілік жерден жүгіріп жеткендей алқынып, қара терге түскен.
–     Мына балқаймақтан жесеңші, сен жесін деп шығарда жанталасып жүріп қайнаттым.
–     Жедім.
–     Ойбу, бірішек болып қалғанбысың, еттен алмағаның не? – деп шай үстінде мұның тәбетіне көңілі толмай тәмпіш танауын тартып қойып, біресе ана тәрелкені, біресе мына кесені мұның алдына тықпалай берді. Тап бір тәулік жарым жол жүріп келген шешесі емес, бұл секілді. Ал, өзі аузына ештеңе салмайтындай. Қасығы да құрғақ. Дина болса ішпей-жемей тоқ, тіпті еркелеп шешесінің алдына жатып алғанын қайтерсің. Енді қайтсын, өзінің Астанаға келгеніне сегіз жыл, осы сегіз жылда шешесінің мұның артынан келіп тұрғаны осы. Бұған дейін үйдегі сырқат қызының қасынан ұзай алмайтын. «Сонда Гүлмираны кімге қалдырған»? деп ойлады іштей Дина.
–     Шәйнегіңді ысытып жіберші, Динаш. Шіркін, шай деп пойыздың шәйін айтсайшы, сақылдап қайнап тұратын. Бала кезіміздегі шоқ самаурынның шәйі секілді тура... Бірақ, бар ғой, құдда-а-ай, пойыздарың не деген лас еді, одан үйін тек қонақ келгенде бір тазалайтын көрші Бибіштің үйі таза ғой. Әлгі жолсерік дегенін кіргенде бір көргенбіз, жолаушысының бәрі тегіс қоңыр екенін көріп тұрса да, «досвидание» деп орысшалап, кетерде бір көрінді ғой, әй, бірақ...пойыз жинап тоңқаңдап жүрсе өкпесі қысылатын шығар, қарны да кебежедей екен өзінің, оның үстіне... (шешесі самайының терін асықпай сүртіп алып әңгімесін жалғай түсті), – маған бұйырған жалғыз орын әжетхананың қасы болып шыққанын айтсайшы... Шекем қысып, жүрегім айнып, әрең жеттім емес пе... Оған әлгі бәрі жер-жерден «пісіретін» роллтон дегеннің иісі қосылғанда бар емес пе... тіпті «ірімшікке май қондырғандай» болды. 

Дина аузы ашылып тыңдап отыр. Әсілі шешесі әңгімешіл адам. Пойызда қандай адамдармен танысқанын, «роллтон шашты» жігітті қыз екен деп ойлап «сіңлім, жақсы болды ғой, шүйіркелесіп шай ішсек те» деп айтып үлгермей, оның жігіт екенін көргенде «көтек» деп шошынғанын жіпке тізгендей қылып айтып шыққанда бұл күлкіге қарық болды. 
–     Құдай, жаным, неге жүдеусің? Жұмысың тынымсыз ба?– деді шешесі елжіреп.
–     Жүдеумін бе? Былтыр ауылға барғанда да сөйдегенсің. Мама, ал өзің... өзіңе не болған? Тіпті танымай қала жаздадым, – деп шешесінің әжімі көбейген, көнетоздау өңіне барлай қарады. Шешесі бір сәт ойланып кеткендей көрінді.
–     Динаш, – деген шешесі шайын ақырын жұтып, – осы келгенде доғдырдың жолдамасымен келдім. Телефонмен бәрін айта алмайсың. Бір жағы сені көре кетейін, бір жағы қарала кетейін деп...
 «Доғдырлардың жолдамасы» деген сөз Динаның құлағына біртүрлі оғаштау естілді. Бірақ, оның не жолдама екенін сұрауға батылы жетпегендей.
–     Гүлмираның жағдайы қалай, оның қасында біреу бар ма? 
Шешесі аз-кем бөгеліп барып сөзін жалғады, – Гүлмира жоқ қой қасымда...
–     Ол қайда? Динаның даусы оқыс шықты. 
–     Сені уайымдар деп айтпап едім... тапсырдым... 
–     Тапсырдым? 
–     Өзі сияқты мүгедектердің интернатына бердім... қайтейін... Өзімнен болса күш кетті, тәлейінен көрер енді, қайтейін, қалай қылайын... басқа амалым болмады... даусы жарықшақтанған шешесі көзін сүртті.
Динаның бір сәтке іші-бауыры мұздап, жаңа ғана жайраңдап отырған шешесі әп-сәтте жүдеп қалған еді. 
***
Гүлмира мұның өзінен үш жас үлкен әпкесі. Туабітті сырқат. Ауылда Гүлмирадан басқа да нысаналы боп туған не ақыл-есі дамымай қалған бала-шаға аз емес. Оларды ел ішінде «полигонның балалары» дейді. Гүлмираны бала дейін десең жиырмадан асқан, ересек адам деуге санасы сәби қалыпта. Өзін қойшы, мектеп бітірді де кетті, мына шешесінің Гүлмира үшін көрмеген бейнеті аз. Бойы серейген тақырбас қара қыз, басы ауған жаққа лағып жүре береді. Бір қарағанда жауырынды, шалбарланып алған ат жақты бозбала дерсің. Тәбеті де жақсы, «тамаққа тойғанын білмейді» деп шешесі күңкілдеп жүретін. Күші де мол, арпалысса анау-мынау жігітке әл бермейтін шамасы бар. Бірнеше рет мұның өзіне де қолы батқан, тіпті жазатайым мертіктіре де жаздаған. Үйдегі шағылған терезе, күл-парша болған айна, жыртылған тұсқағаз... Гүлмира өсе келе тіпті бой бермейтін болды. Ақыл-есінде ауытқушылығы бар деген диагнозы болғасын ба, дәрігерлер де сонша пейілін салып қарамайтындай. Санасында кінараты бар адамдарға құдай қара күшті еселеп бере ме, үйден шығам деп қарсыласқанда өзін тоқтатпақ болған шешесін күш шығындамай-ақ сілкіп тастап кете беретін. Әлді қызына шамасы жетпей ызаланған шешесі кейде әбден жүйкелеп, өзі кембағал жанды қолына түскен нәрсемен ұрып та жіберетін. Оған ұрдың ау деп қайғырып жатқан Гүлмира болсашы. Көктемде ауруы қозған Гүлмираны үстіне биік қылып төсек жинаған темір кереуетке байлап қойғанын көріп Динаның жүрегі ауырған. 
Мұңайыңқырап отырған шешесінің көңілін ауламақшы болды. 
–     Ауылда не жаңалық? 
–     Не жаңалық болсын, баяғы бір тірлік. Ел күнін көріп отыр ілдебайлап, сиырдан баяғы қара сиырдың тұқымын ғана қалдырдым, малдың өзінен шөбі қымбат... Айтпақшы, мен ауылдан шығатын күні Көптілеу деген болып еді ғой шетте, сол ұйықтап кетіп оянбай қалды. Соңғы кезде оянбай қалатындар көбейді, әйелінің соны соңғы сапарына дұрыстап шығаратын жағдайы болмай ел болып жабылып көмді ғой.
–    Тұрмыстары нашар ма?
–    Нашар болмағанда... әлгі мүгедек баласының пенсиясына қарап отыр ғой...
–    Ол қайсы еді?
–    Е, құдай, Әлімхан деген баласы-шы...
Ескі заманнан қалған қамбаның бергі жағындағы тапал үйде тұратын туғаннан мылқау бала көз алдына келді. – Ол да жасы жиырмаға келіп қалған жігіт емес пе еді...
–    Полигон ғой... шешесі күрсінді. – Бәрі сол полигонның кесірі. Гүлмираның да сырқаты да содан...
***
Ауылды ойласа жүрегі сазып қоя береді. Көктемде көз жетер жерді түгел жасыл кілем жапқан далада бұзау қайырып, жалаңаяқ жүгірген балалық шағы еске түседі. Ес біле бастағанда үлкендерден ауылдың ауасы улы, топырағы зәрлі дегендей әңгіме естігенде соған илана бермейтін. Әйтеуір, білетіні осы аядай ауылда туғаннан дімкәс адамдар бар, анау үш үй әрі тұратын Асылбек деген жігіттің жасы қырықтан асқанымен бойы баланыкындей, туа бітті бір көзсіз туған Болат көкесі де сол полигонның құрбаны деседі. Өздерімен ойнап өскен қыздардың ішінде қоян ерін кішкентай қыз болатын. Не айтып жатқаны түсініксіз болса да бұлар оны түсінетін. Бала кезінде «неге бұлай»? деген сұраққа онша ден қоймағанымен, жасы жиырмадан асқанда ауылын ойласа перзенттік сағынышынан бөлек шарасыз қамығатын болды. Бұлардың ауылы дәл полигонның жанында. Ресей шекарасы маңына жақын жердегі полигон оған кеңірдегінен шыққан демі қашықтағыны құлатып, улы сілекейі жақындағанды балқытып жіберетін аждаһа болып елестейтін. «Біз неге бұл жерден көшіп кетпейміз» деп ойлайтын кейде. Полигоннан зардап шеккен экологиялық аймақтардың мәселесін көтерген әртүрлі жиындар туралы талай естіген ауыл адамдары өздеріне шынымен жаны ашитын біреудің барына бәрібір сенбейді. Жерінің құнарлы қабатын улы қоқыс басып қалған ел бұдан әрі бұл жерде тұруға бола ма, жоқ па, оны да білмей мәңгіріп, атақонысының бауырына жабысқан күйі әлі отыр. Қашанғы отырмақ? Бір амал қылу керек қой дейді ішінен. Неше ұрпақ ауысса да ел ішінде кемтар болып дүниеге келіп жатқандар әлі де бар.
–    Менің қызымның обалы соларға! – деп күрсініп қалды шешесі мұның не ойлап жатқанын оқығандай. 
–     Мама, сен бұрын полигон туралы айтпайтын едің ғой, бір-екі рет осы туралы сұрағанымда ұрсып тастағансың.
–     Ол кезде әлі бала едің ғой, бәрібір, менің айтқанымды түсінбейтін едің, – деді шешесі ақталған үнмен. 
–     Бойыма осы Гүлмира біткен кез, – деп жалғады сөзін шешесі, – Бір күні жер дірілдеп, теңселгендей болды да, әп-сәтте аспанға көтерілген топырақ қап-қара боп жерге қайта қонып, құм сапырған дауыл мүлгіп жатқан даланы астаң-кестең қылды. Сайға тақау отыратын Мағия кемпірдің қоржын үйі, Асан атаның қорасы, анадайдан аппақ жұмыртқа секілді көзге түсетін жалғыз клуб, өзі де бір-біріне сүйеніскен мал қоралар қирап, су алып отырған құдығымыз ішіне түсіп, пайдасыз болып қалды. Қасымыздағы Ресейдің Волгоград облысының орманындағы адам көзінен таса бір жерде Арзамас-16 дейтін құпия орынның бар екенін кейін барып естідік қой...(шешесі бірауық үнсіз қалды) әйтпесе осы біз тұратын ауылдың маңында жиырма ма, әлде одан да көп пе, әйтеуір, сұмдық жарылыс болғанын біз білді дейсің бе... алдындағы малының санынан басқаға ой жібермейтін момын жұртқа оны кім айтсын... 
Сонда деймін ау, ол кезде жаспыз ғой, экспедиция біздің жерде жұмыс істеп жатыр дегенді естідік, ал оның не экспедиция екенінде, не істеп жатқанында құмның арасындағы елдің шаруасы болмайтын. Әйтеуір, сол экспедиция өзінің жұмысшыларына біз су ішіп отырған құдықтың суын бермей, ан-а-аау шекарадағы Астрахан облысынан су таситын көрінеді. «Ол неге өйтеді, біздің суымыздың несі бар екен» дейтін тағы ешкім жоқ. Қайтесің, қазақтың момындығы өзіне сор... Сол жылы туған Гүлмира ақыры анадай болды ғой... Жарығым, не күйде екенін... бір Аллаға тапсырдым, шарасыздықтан сүйттім...
– Гүлмираны тапсырғаның туралы маған бір ауыз айта салсаң да болар еді, – Динаның даусы өкпелі шықты.
– Өкпелеме, жарығым. Алыста жүргенде уайымдамасын дедім, әрі айтқанда сен не істей аласың, қасына келіп баға алмайсың. Оның үстіне соңғы кезде сырқаты күшейіп кетті, қажыдым... Іштен шыққан баласын интернатқа тапсыруға қай ананың жүрегі шыдайды дейсің, менің де шықпаған жаным тек, әшейін...
Дина жылап қалды. 
Ия, ол кембағал апасын баға алмайтын, шамасы жетпейтін, бірақ, бәрібір интернатқа беруге қимас еді. 
– Сенің әкең де, оның інісі де өмірден ерте кетті. Ақ қан ауруынан. Тек олар емес, сол маңдағы қойшылар отырған қонысқа барып жүрген шопырлардың бәрі де сол аурудан қайтыс болды ғой. Болат ағаңды өзің білесің, туғаннан мүгедек. Қанша дегенмен ауылдың фельдшерімін, сол кезде-ақ мұның бір сыры бар шығар деп ойлағам. 
– Ауылда бір адам жоқ па осыны көтеріп, жоғары жаққа жеткізетін?
– Е-е, қанша депутат келіп кетті, мәселені әп-әдемі көтергендері де болды, бірақ, сол... аяғына дейін жалғаспай қалып жатады ғой. Содан кейін де қаншама адам өмірден өтіп кетті. Ой, дүние ай... Қой, қызым, жатып демалайық, түн ортасы болыпты.

Дина төсегіне жатқан соң әкесінің келбетін көз алдына әкелмекші болды. Ес жиып үлгермеген сәби санада қалған әкесінің келбеті су астындағы бейне сияқты бұлдырап жақындай түседі де, лезде көмескі тартады. Жолдан шаршап келген шешесінің пыс-пыс еткен дыбысын тыңдап жатқан қыздың кірпігі желімденер емес. Бүгінгі шешесінен естіген әңгімесі жүрегін қозғап, көңілін күпті қыла түскендей. Талықсып барып ұйықтаған ол түсінде біресе құм арасында асыр салған Гүлмираны көреді, біресе алыстан шаң берген саңырауқұлақ тәрізді түтін өзін қуып келеді екен дейді. 
***
Астананың сан түрлі ғимаратына тамсанып, клиникаларына бас сұққанда шешесі тым жайбарақат еді. «Кілең қазақ бір-біріңмен орысша сөйлесетіндерің ерсі екен, ойпырмай, дәрігері де, медбикесі де ауылдан шыққаны көрініп тұр ғой, әрі кетсе облыстардан-ақ көшіп келген шығар, әлде орысша сөйлеспесеңдер шаруаларың шешілмей ме»? – деп таңырқаған да қойған. Арада 2-3 апта өткенде шешесіне қойылған диагноз туралы естіген, бірақ сенбеген. Мұның жан дегенде жалғыз жақынына ауыр дерт жіберетіндей Құдай мұнша әділетсіз емес шығар деген. Оның үстіне шешесінің жанарындағы байсал тартқан сабырлы қарасы да әлі үміт бар дегізетін. «Мүмкін, қате шығар, шіркін ай, осы жолы анализдерді қорытушы дәрігер шаласауатты біреу болып шығып, қойған диагнозы мүлде сәйкеспей шықса екен» деп те тілеген. Сондай бір үмітпен, бір жағы далбасалап шешесін қайтадан ақылы тексерістен өткізді, бірақ, жоққа шығармақ болған сайын қорытындылар бірін-бірі растап, нақтылап, көңілді күпті ете берді. Бір-екі рет екеуінің театрға, концертке барғандары бар, өстіп жүргенде шешесінің келгеніне де екі айдан асты. Шешесінің күн өткен сайын тұйықталып, сырқаты мазалап, түнімен күрсініп шығуы да жиіледі. Кейде екеуі әңгімелескен болады. Онда да айтатындары ауыл, ауылдың адамдары. Дина Гүлмира апасы туралы айтудан ғана қашқақтайды, өзі де ішінен жүз уайым кешіп жүрген қамкөңіл шешесінің бір жағынан Гүлмираны да ойлап жүдеп жүргенін сезеді. Көңіл ауларлық әңгіме таптым дегенімен онысы да ауылға кеп тіреле беретіні бар.
– Күзде әріптесіміз тұрмысқа шығып, ұжымнан бірнеше қыз болып тойына бардық, Алматыға.
– Алматының өзі ме сонда?
– Жоқ, жақын орналасқан ауылы. 
–  Ие, айта түссеңші... 
Ауыл деген сөз құлағына жаққан шешесі жүзіне шуақ үйіріліп, «Алматы жақ болса нуы, суы мол шығар», – деп басын изей түседі. 
– Жайқалған неше түрлі жеміс ағашы, жемістері көшенің ортасында, аулада төгіліп жатыр, таудың ауасы қандай, тынысыңды ашады! Жолдары да түп-түзу. Ауылдың ортасында мөлдір бұлақ ағып жатыр.
– Па, шіркін! Нағыз жұмақ қой онда. 
Бұдан соң әңгіме жалғанбай, айтушы да, тыңдаушы да үнсіз қалды. 
– Біздің ауыл да жаман емес қой. Қандай жұмақ болса да өз туған жеріңе жете ме? Өзім әйтеуір, қайда барсам да сол құмға, қу медиен далама қайтқым кеп аңсап тұрам, – деді шешесі үнсіздікті бұзып.
– Негізі бар ғой, мама, басқа елдерде экологиясы нашар деген жердің халқына өтемақы беріледі екен.
– Е-е, қоя бер! (Шешесі күлген болды)... Жоғарыдағылар шамасы келсе халқына өтемақы беретін ондай елдер туралы естімеуге тырысады, тіпті сол шетелің өз бетінше жарылқап, қайырымдылық жасап ақша аударып көрсінші (ха-ха!), біздікілер соны қалай болғанда да қара халыққа бермеудің амалын жасап бағады, көрерсің. Білеміз ғой!
Қартаң әйелдің даусында түңіліс бар. Қажыған, әбден көңілі қалған бұл сарынды Дина соңғы кезде жиі байқайды. Десе де ауыл туралы айтса болды шешесінің өңі кіре бастайды. Сағынып жүр.
– Негізі баяғыда, баяғыда болғанда сол одақ кезінде деймін де... біздің ауылды уран өңдейтін жерге айналдырмақ болған екен. Бірақ, үлкен кәсіпорын салуға қаншама дүние керек деп, оны әкелу үшін темір жол салмаса болмайтын болып... содан, әй, қойшы, соншама әуреге түскенше деп ядролық қаруды сынауға берген дейді. Білгіштерден естігенім.
– Бұлай етіп жердің ту-талақайын шығарып, ешкімге керексіз қылып тастап кеткеннен гөрі сол уран өндірісіне айналдырса...
– Қой, Динаш, олай деме! 
– Несі жаман екен? Ауылдағы жастарға жұмыс болады, Атырауға вахтаға барып жүрмей өз үйінен жұмысқа барып келер еді.
– Е-е, қызым. Білмейсің ғой... Онда тіпті бұл күнімізге зар болып қаламыз ба...кім білген оны...
Шешесі ойланып отырып баяу сөйлейді. 
– Полигон жайында мен мектеп бітірген 1978 жылдары естідік қой, бірақ көрші Серікжан полигон одан ертерек басталған деп қоймайды. Мүмкін ол да рас шығар, өйткені экспедицияда жұмыс істегеннің бірі соның әкесі ғой, қашан көрсең де ылғи ішіп жүретін адам еді, «экспедицияда болғанда болгардың шарабын ішіп, чехтың сырасын сыздықтатып, қолға түспейтін колбаса мен сары май жеп отырдық» деп отырған жерінде әңгіме қылып айтып отыратын, шамасы экспедициядағыларға барлық жағдай жасалған болу керек. Соншама жылғы сынақтан қара жердің шықпаған жаны. У сіңген топырақтың шөбін жеп, у араласқан суды ішіп, жылқылар үйірімен құлап жатты ғой... далада өліп өлексесі сасып жатқан киіктерді өзіміз де талай көрдік қой, обал-дағы ай...
– Айтпақшы, біздің ауылда полигонның зияны бар-жоғын тексеру үшін екі жыл зерттеу жүргізді емес пе? – деді Дина есіне әлдене түскенде қасын керіп сөйлейтін әдетімен.
– Е-е, әлгі комиссия ма айтып отырғаның? Оны қойшы, көз алдау әшейін... ауылдың фельдшері болғасын хаттамаларын көрдік. «Бұл жердің ластануына дәл қазір полигонның еш қатысы жоқ, ауру түрлерінің көбеюі адамдардың өмір салты мен әлеуметтік жағдайлардың толық шешілмеуінен» деп қорытынды жасаған. «Бәлду, бәлду бәрі өтірік» деген ғой... Ойбу, әңгіме айтамыз деп түн жарымы болыпты ғой, Динаш, сен ұйықта. Ертең жұмысыңа тұруың керек. Ал, мен... ұйықтай алсам көрейін... деп бетін қабырғаға бұрып жатқан қартаң әйел тағы да өз ойымен болып кетті.
***
Шешесінің өңі қуара түскен сайын Динаның да көңілі жарым. Онколог-дәрігер асқазан рагінің 4-кезеңінде ем жүргізудің күрделі екенін, егер ертерек келгенде қарын мен талақты алып тастауға болатынын, ал қазір дерт асқынғандықтан күрделі операцияның да көмектесу-көмектеспеуі неғайбілдігін, тек химияға иек артып отырғанын айтқанда қыз жылап жібермеуге тырысты. 
– Дәрігер, түсінесіз бе, менің анамнан басқа ешкімім жоқ. Одан айырылсам... айтыңызшы, химия көмектесе ме?
– Ісікті бірнеше есе кішірейте алатын мүмкіндік химияда ғана бар. Бірақ, онда да аурудың кезеңіне байланысты. Менің тәжірибемде жеті реттік сеанста 9 сантиметрлік ісікті 2-сантиметрге дейін түсірген жағдай болды. Қалай дегенмен де, біз тырысамыз, –деді дәрігер көзілдірік үстінен қарап. Оның кейпінде жанашырлық бар еді.

Ендігі жерде Дина анасына балаша қарайтын болған. Дәрісін уақытында береді, бәрі тәртіппен. Жас көкөністер үзілмейді. Он бес шақырым жерге саумал ішуге апарып тұратын көлікті де тауып келісіп қойды. Қанты көп тәттілерді анасына да рұқсат етпейді, өзі де алмайды. Ұннан піскендерді де азайтты. Жұмыстан шығып үйіне келгенде күн өткен сайын әл-дәрмені сарқылып, дел-сал күйге түскен шешесінің күйін көріп жас адам не істерін білмейтін. Белгісіздік алдындағы үрейден ойлары әр жаққа ала қашып, өзінше бір амал іздеп таппақ болады, ақыры шарасыздықтан қалжырап көзі ілінеді. 
– Қызым, өткен жолы енді пойызға мінбеспін деп асылық айтыппын, ол менің пойызға соңғы мінгенім екен. 
– Олай демеші, мама. Егер ауылға барам десең ұшақ бар ғой, тек айтсаң болды. Бірақ, емді үзбеуіміз керек.
–  Сен бекер әуреге түсетін болдың ау. Сені шаршамаса екен деймін.
– Мам, олай деме, сен өзің де дәрігерсің, адам ауруға ерік берсе, қандай керемет ем жасаса да нәтиже болмайды, кез келген ауруға қарсы ем адамның өз ішінен шығуы керек.
– Жаным ау... бұл аурудан миллионерлер де құтылмаған,өйткені рак дегенді жанның дерті дегенді бір жерден оқығаным бар, адам әлдебір қайғысын өз ішіне жия берсе онысы ішінде ұлғайып өсіп, ақыры бір жерден тесіп шыға ма деймін...
– Қайдағыны айтасың, мам... Мені қорқытпашы.
– Жә, қойдым... Шынымен де қайдағыны айтып кетіппін ғой. Айналайын, – деді мейірленіп, қызының шашын сипап. 
– Қазірден айтып қояйын. Мені бағып, қасымда тапжылмай отырам дегенді ойламақ-ақ қой. Оған рұқсат етпеймін. Асты-үстімді тазалап, дәретімді төгіп жүргеніңнен ешқандай да рахат сезінбеймін. Одан да алаңдамай жұмысыңды істе. Бұрын қалай жүрдің, солай өмір сүр, ештеңеге алаңдама. Осыны айтқан шешесі ширығып алғандай көрінді.
– Мам, неге олай дейсің? Бала не үшін керек сонда? 
– Білем, жүрегің шыдамайды. Бірақ, ақыл-есім түзуінде айтып қояйын, мені қараймын деп жұмысыңнан айрылып қалма. Үлкен қалада жан бағу да оңай емес, жалдамалы пәтер, ас, су да, бәрі қымбат екен.
Қыз ыршып кеткен көз жасын алақанымен сүрткен күйі шешесіне сұраулы жүзбен қараған.
– Ауырған адам, оның үстіне жаман ауру... Мына қуықтай пәтерің иістеніп тұрса... өзің жұмыстан шаршап келгенде тағы мені қараймын деп... Ауруым жанға батқанда  төрттағандап тұрып басымды қабырғаға ұрсам қаңылтырдай жұқа қабырғадан бәрі естіледі, көршілерің жүгіріп келіп есігіңді қақса... 
– Мама, олай демеші. Керек болса қасыңа дәріңді егіп, жағдайыңа қарап отыратын күтуші медбике аламыз.
– Жоқ, менің саған салмақ салғым келмейді. Мен сияқтыларды жатқызып емдейтін жерге барам. Сені қиналмай, жақсы өмір сүріп жүр-ау деп ойласам содан артығы жоқ мен үшін. 
***
Паллиативті орталыққа алғаш келгенде мұрнына ашыған капустаның иісі келгендей болды. Бұл жерде 21 күннен артық ұстамайды, тек науқастың қарайтын адамы жоқ, жағдайы қиын болса ғана ұзаққа қалуға болады. Төсекте жатқан шешесінің самайынан сүйген сайын көз жасы домалап, науқастың көңілін ауламақ боп әрнені айтып отырып, аз күннің ішінде оның бет терісі пергамент қағазына ұқсап бара жатқанын байқады.
– Менің бет-әлпетім сарғая бастағанын байқаймысың? –деген шешесі бұған сығырая көз салып. 
– Маған байқалып тұрған жоқ, - деп жауаптан жалтарды бұл. 
– Бұл менің ағзамның дәріні қабылдамай жатқанынан...     Жұмысың қалай өзіңнің?
– Бұрынғыша.
– Маған намаз оқуды үйрететін кітапты әкелдің бе?
– Ия, тіпті бірнешеуін алдым. Міне, суреттер арқылы көрсетіп, оңайлатып берген. Деуін десе де шешесінің бұдан былай аяғын нық басып намазға тұра алмайтынын біліп тұрды. Шешесінің соңғы кездері діни хабарлар тыңдап, сүре жаттай бастағаны Жаратушыдан жәрдем тілегендегі жанталасы ма, болмаса бағыты белгілі сапарға өзінше дайындығы ма, әлде сүре жаттасам, біреуге жақсылық етсем, Құдай осы ісім үшін өмірімді сәл де болса ұзартар ау деген үміті мен амалы ма... әйтеуір, осының бәрі Динаның жарым көңілін одан сайын жасыта түседі. Шешесі бірте-бірте бұдан алыстап бара жатқандай еді...
***
Сырқат әр кезеңде әртүрлі қалыпта көрінетін. Кейде теріс қарап тым-тырыс жатып алатын, кейде өзінен-өзі мінез шығарып, Динаның бетіне қарамай қоятын кездері де бар. Ондайда тастай қатып, қызының жылағанына да жібімейді. Мүмкін, қайран шеше маңдайына кембағалдық жазылған Гүлмираны сағынатын шығар. Бірте-бірте шешесінің алдан ғажайып күтіп  жүріп өмірдің соңғы қақпасына қалай тез келіп қалғанын білген сәтте қолындағы тәттісін әлдекім шапалақпен ұрып, озбырлықпен тартып алған баланың қиянат шеккен күйін кешіп, тұла бойын белгісіз ыза кернейтін мінезі де әлдеқайда жоғалып, жанына бір мамыражай жайлылық орнап, сабырлы күйге енді. Кейде сөздер оның кеудесінен жеп-жеңіл ағыспен шығып, толассыз құйылып жатады. 
– Ажалдан қорықпайтын адамды осы жасыма келгенше көргенім жоқ. Бірақ, Динаш, ойлап қарасам, осы маған қойған диагноздың өзі соншама қорқатын да нәрсе емес екен ғой. Қайта бір есептен бұл да дұрыс болды ма деймін. Жан бар жерде қаза бар, әйтеуір, сені жеткіздім... Тек Гүлмирам болмаса... қарғам ай, не күйде екенсің... Шешесі өзімен-өзі күбірлеп алып сөзін қайта жалғады:
Енді қалған аз уақытымда өткен-кеткенді ойлаймын, әр нәрсені есіме алам, уақыт бар, саған айтатындарымды да айтып кетем. Адам өлімге тәнін емес, жанын әзірлеуі керек қой. Өзің ойлашы, Динатай, қайта осының өзі жақсы емес пе, ал егер көшеде келе жатып, болмаса автобуста жүрегің ұстап аяқ астынан жөнеп кетсең не болар еді, құдай басқа бермесін, мен сол жүректен қорқам ғой, тіпті қоштаспақ түгілі жан-жағыңа қарап та үлгермейсің. Айтарым... әйтеуір, ырымын жасап жерлесең болды, көрші-көлем, Болат көкең бар, көмектесер... Сен қиналып қалмашы тек, ботам...жалғызсың ғой... Құдай Гүлмираны да жарымжан қылып қойды, ол сау болса екеуің бір-біріңе сүйеніш болар едіңдер...
Шешесі әлі сөйлеп жатыр. Осының алдында ғана аппақ шөлмектей болып ерні кезеріп жатқан адамның басалқы қалпын тауып, ентікпей-ақ сөйлеп жатқаны дәрінің әсерінен әлде болмаса шешесінің ерік-күшінің мықтылығынан екенін біле алмады. 
– Сұрайын дегенім... келгелі... бір жаққа кешіккеніңді байқамадым ғой... ықылас білдіріп жүрген ешкім жоқ па еді?
– Жоқ әзірге...
– Жалғыз болма, қарғам, адал сүт емген біреу болса... көресің ғой. Диконай... бармысың?
–     Ия, отырмын ғой, қасыңдамын.
Науқас бір сәт ұйықтап кеткендей болды.
***
Шешесі бұл көктемді өзгеше сезіммен күтті. Көктем шықса екен, терезені ұрғылап нөсер жаңбыр жауса екен деген тілегін екі рет пе, әлде үш рет пе, күбірлей айтқанын естіген. Құдауанда, осы бейдауа сырқатқа шалдыққан адамның өз ішінде әлдебір тылсым бағдарламаға қосылған ерекше сағаты бола ма, қысы көсіліп жатып алатын, қалың тоңы қапелімде жібімейтін қаланың да маңдайы шуақтанып, көктемнің лебі білінген шақта мұның шешесі де сарыла күткені әне-міне келіп қалардай әлденені күтіп, елегізіп, әсіресе, күн күркіреп, көктемнің алғашқы жаңбыры төгіп өткенде ширақ тартып, әлдебір қуанышты жақындатқысы келгендей күннің жадын сұрай беретінді шығарды. Оның күннен-күнге өлеусірей жанған балауыздай қуаты түгесіле бастағанын көріп отырғаны да, зілмауыр тартқан басының ішіндегі бірін-бірі жаншып, бірі-бірі кимелеген ойлары да Динаны қараптан қарап қалжырата түскендей.
– Дәрігер, өтінем. Сіз оған көмектесіңізші. Ауруын жеңілдетіп...
– Біз ол кісіге морфий салдық, промедол да қолдандық.
– Тағы болмай ма? 
– Жоқ, меніңше, қажет емес. Көріп тұрсыз ғой, тіпті 0,1 мөлшердің өзі қиын болады. Көтере алмайды. Сырқаттың мүлдем әлі жоқ. Қараңызшы, қатты арықтап кеткен.
– Енді не болады...
– Біз қолдан келгенді жасадық. Міне, қараңыз, үш литр глюкоза құйдық, бірақ, екі күннен соң анаңыз қайтадан әлсіреп қалды. Ең дұрысы... сіз оны қинамаңыз, – деді дәрігер. 
***
Бұл күні Астананың тұманы да жұқарып, ылғалды желі ағаш  бұтақтарын орағыштап тұр еді. Тастардың жарықтарына, ағаштардың бүршік атқан жапырақтарына, шық себілген шөптердің арасына қараңғылық жасырынған мезгілде Динаның анасы сыбырлай тіл қатты. 
– Динатай...
– Бармын, мама, қасыңда отырмын.
Анасының көзінде дәл осы сәтте көктем туғанда жер үстіндегінің бәрін шуағымен айналып-толғанған, жер бетіндегінің бәріне жылуын арнап, үнсіз мәпелеген табиғат ананың шексіз мейірімі тұнып тұрды.
– Күшім таусыла келді ау дейм... Айтып кетейін...
–    Шаршап қалмайсың ба?
Бұл кезде алакөбеңденіп тұрған терезе пердесінің шетінен ай көрініп тұрған еді. Көкте баяу жүзген ай көл бетінде қанатын жуған жалғы аққуғаз, сол жалғыздығынан да мұңлы аққуға ұқсап көрінеді. 
– Сөзді бөлме. Ішімде кетпесін... бұдан әрі арқалап кете алатын емеспін, ауырлап...
Динаның жүрегі қаттырақ соқты. Шешесі не деп кетті, әлде адам сағаты жақындағанда сандырақтай бастай ма? Оның сыбырлаған үні біртүрлі қорқынышты естіледі. 
– Мен күнә жасадым, қызым ай, мамаң ... қателесті ғой, – дегенде мұның арқа-басы мұздап кетті. Шашырап қатар-қатар сызық түскен көздің шетінен сорғалаған жасы ақ бурыл самайды сыйпай жылжиды. 
– Мам... не деп кеттің? Демалып алшы... деді өзінен-өзі дірілдеп кеткен қыз.
– Мен... бұл жайында Әсия жеңгең біледі... Науқас үнсіздіктен соң тағы да сөйлеуге оқталды.
–  Дина... мені құдай кешірер ме екен? Кешірер ме екен...
Бір уақта шешесі мұның қолынан алып, өзіне қарай тарта берді. 
– Мам, саған не болды?
– Менің қасымда бір бала жүр, басы үлкен бала... – деп алқынды ол.
– Басы неге сонша үлкен? Мынау сол емес пе? – деді ерні кезерген күйі.
– Мама! Шошынған қыз қалшылдап кетті.
– Ол мені өзімен алып кетпекші... сен... қасымда болшы...
– Мама...
Шығыс жақ қызылжолақтанып, соңғы жұлдыз да жоғалды, кең дүниені шапағымен аялаған күн алқызыл бояуын жағып, күллі дүниенің әрін кіргізген мезетте Динаның анасы соңғы демін алды. Осы сәтте оның қабағы жанына тілеген тыныштығын тапқандай жазыңқы күйде еді. Өзін бір сәтте туу биіктен ұшып түсіп, мың сан бөліктерге бөлініп, күл-паршасы шығып қирап қалған шыныдай сезінген Дина бұдан әрі не істеу керегін білмеген. Ол енді бар күшін жинап, туу биіктен құласа да есін жиып, өзінің кішкене сынықтарын тауып, құрап алуы тиіс болатын. 
***
Бір жағына қарай бұратылып, емпелеңдей басып келе жатқан адамның бет-жүзі анық емес секілді. Кір терезені қалай болса солай айғыздай сүрткендей көрінеді. Тағы екі қадам, одан тағы бір қадам жақындағанда барып бейшараның бет-жүзінің тым-тым сәтсіз жаралғанын көріп жүрегің зырқ етер еді. Көрген сайын адамның жүрегі шым етіп, жаны мұздап кететін көрініс Динаға бала кезінен таныс. Әкесінің інісі болса да осы кісіден қорқатын. Адамға зәредей қиянаты жоқ ағасы да соны сезе ме, қарындасына жақындай бермейді. Тағдырдың өзі айғыздап тастаған кескіннің қорқынышты жері – бір жақ езуі сөгіліп кеткендей төменге созылған ауыз да емес, түбінен алып, түк қалдырмай көктеп шыққандай шұнақ құлақ та емес, оң жақ көздің орнына ерсі біткен төмпешік еді. Құдайтағаланың өзі қырсық шалған дүниені көріп-тануға бір көз де жетеді дегені ме, бір көзі кем болса көретін сұмдығы да аздау болар деп топшылағаны ма, әйтеуір, осы ағасын жалғыз көзбен жаратыпты. Өз бетінше пайда болған бітеу жара секілді, не жарылмайтын, не қоймайтын, сығырайып болса да өмірі ашылып көрмеген сол бітеу көздің иесі мұның Болат көкесі. Тек сол жақ көзі ғана жылт-жылт етеді. 
– Қарындасым, ай, жеңешемнің артының қайырын берсін, – дегенде кеңсіріктен қоңқ еткен дыбыс шықты. Жыртиған жалғыз көзден жас домалады. Бірге жыласқан бірді-екілі ағайыны бар, қайғысын көтерісіп қаумалаған ауылдастарының арқасында шешесін ақ жуып, арулап жерге берді. Той түгілі өлімнің дастарханы да бәсеке болған елірме аурудан құм арасында бұйығы жатқан бұл ауыл әзірге аман еді, бәрі өз жолымен, шама-шарқына қарай жайғастырылды. Болат көкесі сойыс малын әзірлеп, бүкіл жоралғысын жасап тыным табар емес.    ***
Қырқы өткеннен кейінгі шай үстінде де мұның шешесінің жақсы адам екені, қолының шипалы болғандығы, осы ауылдың баласының көбін бір өзі аман-сау босандырып алғаны айтылды. Анасы туралы әңгімелер Динаның кеудесін жылыта түседі. 
–    Абысыным соңғы кездері сырқаттанып жүргенін де білдірмей кетті ау, әлі сене алар емеспін... Тіпті кім ойлаған, біз оны қызына қыдырып барып, шәниіп жатқан шығар деп ойлап едік. Астанаға барып төсек тартып, елге сүйегі келеді деп ойладық па? – деп көзін сүртті алыстан туысатын Әсия жеңгесі.
– Жә, сабыр енді... Динаның көңілін одан әрмен босатпай, – деп басу айтты Болат көкесі. 
– Өзі сезген де шығар сырқатын, қанша дегенмен доғдыр ғой, Гүлмираны қараймын деп өзіне көңіл бөле алмағады. Бәрі де жазу ғой, Алланың жазуы... 
– Ал, Динажан, қайратты бол, уақыт емдейді ғой, деп жұбатты ауылдастары құран оқылып, бет сипаған соң. «Уақыт емдемейтін шығар, тек бос қуысты күнделікті тірліктің бітпейтін күйбеңімен, одан қалса естеліктермен толтыратын шығар» деп ойлап тұрды бұл. 
***
Күн түске тырмысса да ауыл мүлгіген қалпы. Бұл барғанда Әсия жеңгесінің ұлын жуындырып болған беті екен. Қырық жылдан бері мешел ұлын жетектеумен келе жатыр. Бұл ауылда Бекен сияқты туа сала тәлейіне мүгедек болу жазылып, ешуақытта аяғы күс-күс болып ойнап, жуа теріп, құмаршық қағып, жалаң аяқ жусан кешіп көрмегендер қаншама? Азғырдың құйқалы шағылдарының арасына заһарлы уын сыналап жіберген тажалдың құрбанына айналса да олар осыған мойынұсынған.  Әрнені айтып көз жастарын сығып алған мұңлықтар шайға отырды. Дина бір кезде бөрене жүргізіп, оны ақ сырмен сырлаған, онысы сарғая бастаған төбеге қарады. Бұрыштағы екі қанатындағы айнасы сынып қалған ескі трюмо да Динаның бала кезде көрген сол баяғы орнында тұр екен. 
– Ертең жолға шығам – деді Дина. Кетерде кіріп шығайын деп...
– Е-е, оныңа рахмет. Аман жүр. Бір құдай ғой сенеріміз. Өзі жар болсын саған. 
– Менің келгенім...сұрайын дегенім Әсия жеңеше... Мамам қайтыс боларының алдында бірдеңе айтқысы келді, бірақ, үлгермеді... әлде айта алмады ма... Әйтеуір, Әсия жеңешеңнен сұра, сол біледі, соған ғана айттым деді.
– И-и, жаным ай десейші...Мамаң алтын адам еді ғой... не айтпақ болды екен?
Әсия үнсіз қалғасын Дина тамағын кенеп сөзін қайт ажалғады.  
–    Мамам... «мен күнә жасадым»... деді. Менің мамам жақсы адам ғой, ол кісі бір күнә жасады дегенге... сене алмаймын. Қыздың көзі мөлтілдеп кетті. 
–    Күнә... кім періште дейсің бұл өмірде? Күнә тірінің бәрінде бар шығар ау. 
– Шамасы күнә деп Гүлмираны интернатқа тапсырғанын айтқан шығар дедім. Бірақ... қайтыс болар алдында «басы үлкен бала жүр, сол емес пе?» дей берді. Ол маған түс көріп не ауруға шыдамай  сандырақтағандай көрінді... Ия, сол күні... қайтыс боларының алдында ғой... 
Әсия қолымен текеметтің өрнегін сызғылап, құнысқан күйі отырып қалды.
– Ол не сыр, менің білуім керек пе, жоқ па... Әйтеуір, «мен күнә жасадым» деді. Содан бері мазам жоқ. Сіз біледі деген... Қыздың даусына діріл араласты. 
– Айналайын ай... Анаң жақсы адам еді ғой. Сырлас едік. Оның Гүлмирасы да, менің мына ұлым да сырқат, қайғымыз бір болғасын бір-бірімізді жақын тартып, сырымызды жасырмайтынбыз. Мені біледі десе сол сырды сенің де білгеніңді қалаған шығар. Әлде соңғы сәтінде арылғысы келді ме екен...
– Ол не сыр? Неден арылмақшы? Жеңеше ай, жұмбақтай бердіңіз ғой... 

Марқұм болып кеткен адамның сырын ашудың оңай емесін Әсия білетін. Бірақ, мынау алдындағы жанары жәудіреген қызды аяды. Айтайын десе ұзақ жылғы құпия ғана емес, оның да, өзінің де жан жарасын тырнайтынын біледі. Айтпайын десе...
– Мамаңның Гүлмираның алдында көрінген ұл баласының аты Ерсін еді. Сенің папаң мен Сағи көкеңнің қасындағы кішкентай төмпешікті көріп жүрсің ғой, алты айдан асқанда баланың туабітті сал екенін білді. Және жүрегінде ақауы бар деді облыстағы враштар. Аллам ай, өзі титтей сәбидің титтей жүрегінде тесік болады дегенді де естідік қой. Сол Ерсін ақыры әкесінің артынан ермеді, жасқа толар-толмаста ауруы меңдеп үзілді. Одан кейін Гүлмира туды, ол да, менің ұлым да туғаннан сырқат болды. Ол кезде баланың сырқаты полигоннан деген ой миымызға кіріп шықпайтын. Қара жер хабар айтып бармасын, сіздің үйдегі қайынаға ішіп алған сайын мырсылдап жылайтын. «Өзім әкеден жалғыз байғұс едім, кілең ауру бала табатын болдың ғой сен қатын» деп анаңның онсыз да жаралы жанын инемен піскілеп шабақтай беретін. Ішпесе өзің білесің, жақсы адам еді ғой. Гүлмира екіге толған жылы сенің анаң тағы да ащы көжеге жерік-тұғын. Ойбу, несін айтасың, сол жаз ерекше ыстық болды. Күннің қатты ысығаны ештеңе емес, қызуы алабөтен өткірленіп, адамның бүкіл денесін, тіпті миын да түйреп өтетін. Ел ішінде Ресей жақтан ұшқан ракеталар бұ жаққа құлап, гептил төгіліпті деген әңгіме аракідік айтылып қалатын. Айы-күні алыс болса да аудандағылар сенің анаңды қоярда-қоймай қалаға жіберді. Өзі де дәрігер, бірдеңе дұрыс емесін сезген сияқты, маған уайымын айтқан. «Баланың басында суы көп, әрі ол өсіп барады» депті әрі-бері тексеріп. Мүмкін, қате болар деп үміттендік. Әйтеуір, ауылға «баласы шетінеп кетіпті» деген хабар жетті. Артынан өзі келді ғой жүдеп-жадап. Кейін маған айтқан сыры ғой: «Толғақтан кел-қайт, кел-қайт болып, әбден сорым қайнап, қиналып, адам төзгісіз азаптан есімді жиғанымда көргенімді айтсам... алла ай...басы шар секілді, беті бір уыс баламды көрдім. Көрдім де шошыдым. Қайтадан талып кетіппін. Адам өз баласын құбыжыққа теңемейді, бірақ, басы шар секілді, көзі жоққа тән тіршілік иесін құшағыма баса алмадым. Бұны апарсам онсыз да маңдайын босағаға ұрып жүрген күйеуім бейшара шерменде болып басы ауған жаққа безіп жоғалар деп қорықтым да... мен сорлы басы шар тәрізді ұсқынсыз жаратылыстан бас тарттым» деп еңіреп еді маған. Мамаң ауылға сәби шетінеп кетті деп келгенде арағын ішіп, ләйліп жүрген байғұс күйеуі одан «шетінеген ұл ма еді, қыз ба еді» деп те сұрамапты ғой. Соның бәрі күйік... Сені алданыш етті ғой, осы өлкеде туған күйшінің атын қойды Дина деп. Өскен сайын бағуы қиындай түскен Гүлмираның қайғысы бар, сонда да қиындық көрдім демейтін. Мықты адам еді ғой марқұм. Фельдшер болғасын ауылдағы мүгедек балаларды қарайды, соларды көрген сайын жаны жаситын, «баяғы өзім тастап кеткен бала бар ма екен» деп ойға кететін кейде...
–ьДинатай...
Дина бір сәт естігенінен есін жия алмай отырған. 
– Жылама, қарғам... Өзің сұрағасын айттым. Анаңның кінәсі жоқ, тәлейіне жазғаны да...
– Маматайым ай... жаным, анашым, көрмегенің жоқ екен ау... – деді қыз  солқылдап. 
– Бұл анаңның жылдар бойы көкірегіне шемен боп қатқан қайғысы, айта алмаған шығар... сен оны кінәлама, айналайын, – деген Әсия қызды бауырына тартты.
– Жоқ, Әсия жеңеше... мамамды кіналай алмаймын, сол кезде не істерін білмеген шығар... Гүлмираны тастап кеткен жоқ қой, ол үшін қанша азап шекті...

*** 
Үйден ыстың иісі шығады. Сарғайып кеткен тұсқағаздың әр жерден жыртылғаны, түкпір бөлмедегі терезе көзінің ойығы Гүлмираны еске салып, кеңсірігі ашығандай болды. Өзінің өрекпіген көңілі ме, әлде шешесі болмағасын жатырқап, секемшілдікке билетті ме, бойынан діріл жүгіріп өтті. Бір сәт демін ішіне тартып тынып қалды. Шешесінің аяқ дыбысы естіліп... сәлден соң біреу есікті тартқылағандай болды. Шынымен де әлдекім демін ішіне тартып, үнсіз бақылап тұрғандай...
Терезенің оң жақ бұрышындағы тумбоның үстіндегі нешетүрлі түйме салынған вазаны аялай сипап, қасындағы бір буда жіпке қол созды. Шешесі теледидар алдында отырса қолынан сымы мен жібін тастамайтын. Ескі серванттағы нешетүрлі бокалдар ұсталмаған күйі шаң басыпты, шешесі Динаға «бұл бокалдарды сенің тойыңда ұстаймыз» дейтін... Серванттың жоғары бөлігіндегі тізіле жиналған кітаптардың көбі медицинаға қатысты. Кейбіреуінің шеті қайырылған. Мамасы соңғы кездері күнтізбе жинайтын болған ба, ана жерде де күнтізбе, мына жерде де. Ілетіні керек пе, жыртатыны ма... Байғұс шешесі мұның демалысқа келем деген уақытын есептеп, әлдебір ерекше оқиғаны күткен тәрізді. Әлде өзінің сырқат екенін сезді ме екен... Әйтеуір, күнтізбені жинай берген... «Анашым... байғұсым ай...». Осылай ойлауы мұң екен, Динаның ішінен бірдеңелер үзіліп-үзіліп жатты. Тысқа шыққасын да туған үйіне ұзақ қарап тұрды. Ыстықтан жарылып, көк сыры көшкен қақпаның есігі ашық жатыр. Өткенде мән бермепті, әгін көктемгі жаңбыр шайып, қабырғасы айғыздалған жазғы сарай мен қақпаға қарама-қарсы жердегі қораның да күйі кеткен екен. 
Ол кейде шығыстан, кейде батыстан жел соқса құм басып, оппа құмның осы бір обыр мінезінен зәрезап болып, егер сексеуіл отырғызса ол да сеп болар еді дегенді көбірек уайым еткен жұртын қалдырып, жолға жиналды. Гүлмираға барғанда ала барайын бір қалта құрт ала шығып, Болат ағасының үйіне барып, үйдің кілтін қалдырды. 
– Мына үй өзіңізге аманат, аға. Бір қажетіңізге жаратарсыз.
– Қой, қарындасым олай деме. Отырған үйім бар, амандық болсын, келіп тұрасың ғой. Тірі болсам келесі келгеніңде шамам келгенінше үйіңді жөндеп қоярмын. Жолың болсын, қарындасым, ағамнан қалған көзсің ғой, аман жүр. Ауылда бір жаман ағам бар еді деп... ойла... Не дейін... 

Телефонындағы анасының бейнесіне ұзақ үңілді. Ең жақын адамын жоғалтқаннан кейінгі сыздаған хал бұрынғыдан сәл бәсеңдейін депті, бірақ, біржола жоғалып та кетпейді екен. Қызарып батқан күннің шұғыласына шомылған күйі анасының бейнесі мұның жанынан алыстай түседі. Жасы 25-ке шықса да ол өзін әлі бағытын таппай, ну ормандағы биік-биік ағаштардың ортасында сілейіп тұрған күйде елестетеді. Қайда бұрыларға білмейтіндей. Айнала тұтасқан қараңғылықта қасына анасы келсе деп армандайды. Әлдеқайдан алып-ұшып жеткен анасының қойнына тығылып, иісін алар еді, екеуара айтылмаған қаншама сыр қалды десеңші. Ол іші-бауыры сыздап отырып, әрі қарай да өмір сүруге күш табуы керектігін ойлады. Шешесі бардағыдай. 

...мұның сынған қанатын емдейтін періштесі қай жақта ұшып жүр екен...

26.01.2020