Күні кеше Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрында Александр-Сухов Коблиннің «Іс» трагифарсының желісімен спектакль қойылды. Орысшадан қазақша аударған - Әлия Дәулетбаева. Режиссері шетелдік, Тәжікстанның еңбек сіңірген қайраткері - Барзу Абдуразаков. Трагифарсты жинақтап, оны бір сағатқа сыйдырған.
Оқиға барысын шолып өтетін болсақ, өте білімді, атақты проффессор, білім саласының үздігі Мұрат Ақбаевтың қызы Гули өте аңғал еді. Бір күні болашақ күйеуі тығырыққа тіреліп, Гулиден көмек сұрайды. Ғашығының мұндай хәлін көріп, аяушылық танытқан бойжеткен үйіндегі гаухартасты жігітке береді. Бірақ бұл жалған гаухартас еді. Кейін Гули шатастырып алғанын түсініп, тұпнұсқасын ломбардқа апарады. Сол жерде үстінен іс қозғалып, алаяқтық бабы бойынша тергеуге алынады. Бұл кезде Ақбаевтың үйіндегі асыранды ұлы Иманжан оқуға кеткен еді. Бес жылдан соң тіршілік жаңарып, өмір өзгеріп студент қайтып келгенде, баяғы істің әлі шешілмегенін біліп таң қалады. Ал, Иманжанның рөлін сомдаған Сағыныш Мақсотұлын бұл жолы танымай қалдық. Дауысы, интонациясы бәрі өзгерген. Театрдың есігін көп аттайтындықтан, әртістердің өзіне тән қылығын жаттап аламыз. Сахнаға шыққанда бірден тани алмадық. Сағыныштың өзіне бұл туралы айтқанда, «режиссер қазақ тілін түсінбесе де, есту арқылы дұрыс айтылмаған әріптер үшін он рет ойнататын. Қиналдық. Тіл тазалығын қатты бақылады» деп жауап берді.
Декорация бұл дәрменсіз күйді үнсіз білдіргендей. Сценограф Мұрат Мәмбетов, түрме іспеттес торлар мен есіктерді өте биік етіп сахналаған. Торлар мен есіктің артында қабырғаны жорғалап төбеге дейін жеткен «Дело» жазуы бар плакаттар зәреңді алады. Төбеңнен төніп тұр. Сценограф бұл қағазға оңайлықпен жете алмайтынын осы лабиринт арқылы көрсеткендей. Әсіресе алты шам, «алтау ала болса ауыздағы кетеді дегендей, көзге анық көрініп іске бояу беріп тұрғанмен, дүниеқоңыз парақорлар әділ шешім шығармады. Бұл істе әркімнің мақсаты әртүрлі. Біреу жолаяқ, біреу қолсозым, енді біреуі жұлдыз дәметіп әлек. Спектакль басында бір парақор шығып пара әлеміне халықты шақырады: «Сен, сен, сен! Бері келіңдер» деп саусағын шошайтқанда, орныңнан тұрып кеткің келеді. Бірақ, екінші парақор қатар сөйлеп, екеуінің бір планға тұрып алғаны түсініксіз болды. Бірі жәй, екіншісі қатты сөйлеу керек пе еді? Көрерменнің көзі екеуіне кезек-кезек жүгіріп, құлақ «қайыссын тыңдаймын» деп қалды. Мүмкін, бұл да бір адам миына жасалған гипноз болар.
Әрі қарай, оқиғаға Садық келеді. Ақбаев Құдайдан басқасының бәрінен жасырынып: «саттың ба?» деп сұрайды. Садық осы кезде, спектакльдің бүкіл мәнін ашып қойғандай көрінді. Бірден шап беріп: «Иә саттым! Ата-бабамыздың сүйегімен қосып, шомылған көлімізге дейін саттым» дейді. Ақшаны қалтасынан шығарып, Ақбаевтың бетіне шашып жібереді. Кейін Ақбаевты әкесіндей көріп, жеті ұрпағына жететін жақсылығын айтып Сараға мақтайтыны бар. Әкесіндей адамға көрсеткен қылығы жарасымсыз емес пе?
Жерді сатқанына өкініп: «Мына елдің қыздарының кеудесі жалаңаштанып, Құдайын ұмытқан. Бір топ бұзақы жасөпірімді өлтірсе де міз бақпаған ел» деп Қазақстанның бүкіл саясатын сахнада айтып, әлемге жар салғандай болды. Мүмкін, бұл сахнада барлық проблема айтылмау керек пе еді? Өйткені, қойылым әр тақырыптың басын шалып, негізгі өзегі табылмай қалғандай болды. Біреудің діни көзқарасына, таңдауына тіл тиіп кетті. Байыптап, сараптау арқылы сөйлеу керек еді. Кәнсіл мәдениет көтеріліп жатқан шақта абайлаған жөн шығар. Бұл актердің емес, көркемдік кеңестік жауапкершілігі болып есептелмек. Немесе соңғы сахналарда жарылу керек ыза-кек пе еді? Бірден эмоцияны көбейтіп, энергияны толық беріп кетті. Әрине, Ақбаев бұл өкінішіне: «түсінем» дей берді. Тап бір жылаңқы тұрғын билік өкілінің алдына: «түсінем» деген жауапты есту үшін келгендей болды. Халық биліктен эмпатия емес, әділ шешім сұрайтынын көрсеткендей. Ал, айтылатын жауаптың бар-жоғы – «түсінем». Түсінгеннен не пайда?
Кейін үйге шенеунік кіріп келеді. Садық жиіркенішпен ашуланып, проффессор болса: «Бұл адам - жақсы адам, пара алмайды» деп сабырға шақырып әлек. Бір кезде Садық та сол байдың шапанын көтеріп отырды. Шенеунікті даттайды, кейін болысады. Біз түсіне алмадық. Мүмкін уақытты байланыстыратын сөйлемдер қажет еді. Садықтың нақты болмысы қандай? Ол мүлде ашылмады.
Пьесада Садықтың пара тақырыбын көлеңкеге теңеп, қоғамда арсыздар көп екенін айтатынын сәт бар. Бірақ, осы жерде өз көлеңкесін ойнату керек еді. Мұрын ұшындағы нәрседен, көз ұшындағы нәрсеге жүгірді.
Шенеунік Елубай Мыңбайұлын сомдаған Алихан Қадыровқа өте риза болдық. Өйткені, сахнада Алихан жоқ. Оның бұрын сомдаған кейіпкерлерінің бірде-бір іс-әрекеті жоқ. Тек қана Елубай бар. Ол Елубайды сол сахнада тастап кетпеді. Елубайдың ғұмырын жалғастырып кетті. Үлкен жұмыс жатқаны, зередей детальға дейін мән беріп еңбектенгені көрініп тұр. Садық екеуі бума қағазға келіскен соң: «Екеуіміздің сүйікті әнімізді айтайықшы» деп, «Тасып жатыр бойда батыр рух» әнін шырқаған кездерінде халықтың ішек-сілесі қатты. Құдай-ау, осы патриот азаматтар кейбір депутаттарға осылай күлкі болады екен ғой!
Елубай мен оның серіктестерінің ойынында тығыз байланыс бар. Серіктестерінің қасқыр боп ойнауы - шеберлік. Жыртқыш секілді ырылдап, жаны бірден қасқыр болып кетті. Әйтпесе, этюдті шеберлік деп баға беріп жүре берсек, деңгей өспейді ғой. Бұл жерде жанның шынайы ауысуын көрдім.
Елубайдың қолшоқпарларының ішінде бір ақымағы болады. Қасындағылар кезекті бір алаяқтық істі қыздың мойнына іліп, жеңілтектікке бұрмалап қойған. «Кел, өзім түсіндірейін» деп шыққан әріптесінің нені меңзегенін түсінбей, оған тура алты рет түсіндіруге тура келеді. Осы жерде сәл қанық бояу жетпеді. Әлде де оқиғаны баяндайтын пародия күттім. Ақыры цензурасыз баяндалып жатты ғой. Оқиға жалғасып, үшеуі ақшадан шатасқанына ашулы Елубайға тағзым етеді. Банағы ақымақтауы, қос әріптесі Құдайға жалбарынғандай еңкейгенде, жалғыз өзі нардың өркеші құсап басын толық имейді. Бұл қимыл іштей келіспеушілікті білдірді. Жалтақтап қараған көзқарасы да сондай бір мақсатсыз, мардымсыз , әлжуаз адамды бейнелегендей.
Елубайға көз тиді ме, әлде ойы бөлініп кетті ме, аяқ асты ашуланатын сахнасында сәл ашу жетпеді. Бірақ, Елубайдың арқасында, қызметкердің үстелінің өзі жеке жұмыс үстелі емес, шенеуніктің тапсырмасын орындауға арналған үстел болып көрінді. Мықтылардың аяқ-киімінің шаңы жатты. Сәтті қимыл-қозғалыстың арқасында аураны толық бере алды.
Бұл спектакльде сөз тірі. Сөздің жаны бар. Сөзде өмір бар. Адамдарды жәндіктерге теңегені, әсіресе құмырсқадай жыбырлап еңбек етіп өлетіндер мен қыс келсе шегірткедей шырылдап қалатын халықты сипаттай салды. Айтқандай, аталған істе куәгер бар. Куәгер - театр әртісі. Сол әртіс шындыққа жақтасам десе керек, Елубай жоғары шенеунікке арызданып барады. Екі жұлдызы Елубайдан артық шенеунік: «Кім ол, ей» әртіс-сымақ? Маған концерт қоятындар ма?» деп жауап береді. Шынымен, өнер бағаланбай жүргенінің бір себебі - өнер қызметкерлерінің ресми мәртебесінің жоқтығы.
Елубай Гулидің әпкесі Сараға мәселенің басқа шешімінің барын меңзеп келеді. Осы жерде кәсібилікті байқауға болады. Бір үтір жоқ, әр сөйлемін нақты нүктемен аяқтайды. Сахнаның ана шетінен мына шетіне шыр айналып жүріп, істі созбалақтайтын құжаттар, есіктер мен талаптарды керемет сипаттап шықты. Әсіресе, «Сіз сөйтіп алтыншы есікте, мына есікті қағасыз. А, ол есіктің иесі жұмыста жоқ! Сізге бір аптадан соң, а жоқ бір айдан соң кел дейді. Сөйтіп сіз білесіз бе? Ең соңында менің алдыма келесіз» деп мазақ қылады. «Түскі үзіліс» дегенде тіпті жарасар еді. Түскі үзілістен соң: «ол - демалыста» дегенде нағыз күйдіргінің өзі боп шығар еді. Әдетте, ұзын сонар кезегің ақыры келгенде «үзіліс» деген бәленің жүйкеңді жұқартатыны бар ғой. Сараның етегін көтеріп, көнбеген соң шашынан тартып: «Тыңда, қаншық!» деп тістенгені, әйелдің қоғам алдындағы бейнесінің «әлсіз , сексуалды обьект» екенін көрсетті. Ал, екінші нүктеден – «секстинг» мәселесі.
Сөйтіп, Елубай, үйінде киімінен басқа мүлкі қалмаған Ақбаевтың жерін сатқызып, ақша дәметеді. Бірақ бес жыл бойы барынан айырылған Ақбаев ең жоғары билікке шағымданам деп қырсығады. Жалғыз Елубай емес, бірінші князь да қорқып, айла құрастырады. «Сіздің ғылым профессоры әрі жұрттың дені сізді сыйлатынын естіп, басты князь шақырып жатыр» деп алдайды. Ақбаев бұл жолы сеніңкіремей, қызының көз жасы үшін амалсыз келіседі. Бірақ, бәрібір сол есікке аяғы тартпай тұрады. Елубайдың ұсынысына қорланған Сара болса, үйде жылап қала береді. Бұл жайлы тек өзі білетін. Сөйтіп Ақбаев келісілген уақыт, таңғы бесте келеді. Басты князь араққа сылқия тойып, стакан тасыған даяшысымен әлек. Даяшы - үлкен қарт адам. Екі алақанына түкіріп, шашымды түзе дейді. Өз сілекейінен өзі жиіркенген князь, стакан қойылған әйнек табақтың айнасына қарап ашуланып тұр еді. Ұйқы бермейтін масадай ызыңдап жатқан Ақбаевқа біресе келесі апта, біресе келесі айдың екінші күні деп ойына келген санды айтып, әйтеуір құтылуға асығады. Шыдамы шегіне жеткен Ақбаев намыстанып, князьға тіл тигізеді. Князьдың қаны басына шауып, жендеттерін шақырып, қарт екеніне қарамастан соққыға жығып, жанын алады. Ақбаев «істі аяқтаймын»деп жүріп өмірмен қоштасады. Князь, Ақбаевқа терезе алдына өліп қалған торғайдай қарап , «қоқысқа тастаңдар» деп көзін құртуын сұрайды. Жендеттер, Ақбаевты көрерменнің дәл ортасына етбетімен жатқызып кетеді. Орындықта отырған біздер тұра алмадық. Қос жанар көрген азап аяққа жетіп, қатып қалдық.
Ақбаевты тау басында мекендейтін рух күтіп алады. «Біз адамдарды сүйеміз. Сүйгеннен кейін осы жердеміз» деп, екі көз жеткен таудың шыңына үшінші көз жетпейтін көріністі көрсетеді. Рухтың сөздері еріксіз жылатып, халықтың намысын оятты. Арсыз істен көңілді жирендірді. Міне, осы кезде біз «Қызы қайда екен? Іздеді ме екен?» деп әлек болдық. Садық енді шығып, монологын айтқанда дөп басар еді ғой. Осылайша, режиссердің арқасында Атыраулық көрермен тергеуге қатысты. Сол іспен бірге қажыды... Әділетсіз қоғамның бет - бейнесін айна-қатесіз таныды...