Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті «Журналистика және репортер ісі» мамандығының 1-ші курс студенті Нұрай НҰРБОЛАТҚЫЗЫ: «Иірім» - көңілдің жұмбақ әуені»

 Судың дөңгелене шымырлап ағатын терең жерін иірім дейтін болсақ, сыртынан қарасаң жайбарақат өтіп жатқан өмірдің де адам түсінбейтін жағы көп. Бір қарасаң түп-түзу көрінетіндердің де ішінде мың сан иірім барын көре түсесің. Иірімге тек мықтылар ғана тәуекел ете алады… 

Ақтілек Дәулетова — Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Жан мен үннің үйлесімі тоғыз перне қос ішекпен әдіптеле әуелегенде жансусар әуезге еріксіз ғашық боларыңыз анық. Қасиеті шанағынан күй болған «Иірімнің» де мәні осында. Көкөрім көктемнің осы бір кешінен бастау алған «Иірімнің» алғашқы тұсау кесер сәті Алматыны ерекше күйге бөлеген. Толқыныс пен тебіреністің үйлесім тапқан сәтінде: «Әрине, толқыныс пен ой үстіндемін. Кешіміздің абыроймен өтуін тілеп, келген көрермендерге әдемі көңіл күй сыйласақ деген ниетте тұрмын. Ең алғашқы жауапты іске бекінгеніме іштей ризашылық сезімдемін. Әрбір көрермен залдан орын алып орналасқаны да үлкен әсерін беруде. «Жақсылық қылсаң халыққа,бір қайырымын аларсың» дегендей… Осы концерттен жақсы көңіл күймен,рухани азық алып тарқасып жатқан көрермен көрсем, ол да - бір бақыт» деп ақтарыла сыр шертті Ақтілек Дәулетова.


Күй табиғаты мінезге бай. Күн болып күркірейді, жауын болып сіркірейді. Ал, «Иірім» аталуы өмірдің өзі иірім деген метафорамен үндесетінін айтады. Оның ішінде өнер ортасы күрделі, кейде қайшылықты келеді дегені болар. Топтың атауын көп ойланған. Бастапқыда «Қоңыр үн» деп, кейін «Иірім» атаған күйді  нотаға түсірген сәтін: «Өмір сәттерден құралса, әуен иірімдерден құралады»  деген түсімде айтылған сәулелі сөз орала кетті. Бір анық түстің бірінде осы сөзді көп қайталап жүр екенмін… Кейін топ атауын неге «Иірім»  қоймасқа ,қыздарға сай деген тұжырымға келдім» деп ағынан жарылды.
Күй-сырлы саз, құдіретті әуен, құйқылжыған үн. Ұлы Абай тәттіге теңеп, құлақтан кіріп бойды алар деп сүйсінген музыка сиқыры. Ал, Ілияс:
«Тайпалып жорға болып салдырған күй,
Мейірін тыңдағанның қандырған күй.
Тартқанда зарылдатып сұңқылдатып,
Аққуды аспандағы қондырған күй» деп бағалайтын өнер бекзадасы.


Адамның көңілі мен болмысының ұштасуынан әсерлі туындылар дүниеге келеді. Сол секілді күйді тудыру да, оны ерекшелеу мен сол сәттегі сезімді бейнелеу бұл - ерекше құбылыс. Жүректен шыққан әрбір шынайы нәрсе,көңілге ой салардай болып суреттеледі. Сол секілді күй - сол сәтті,сол кезді,болған оқиға немесе әдемі құбылыс пен белгілі болмысты әуен арқылы жеткізетін аспаптық әсерлі ойтолғам. Ал, сол ерекшелікті қағаз бетіндегі бес сызыққа суреттеу... Уақыт пен бапты, шабытты талап етеді. Әрине, бұған білім мен шыдам да керек. «Иірім» күйі - топтың төлқұжаты, шығармашылық айнасына айналар. Шығармашылық кештің шымылдығын дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың «8-ші март»  күйімен ашуы да өз кезегінде қазақ қыздарының мәртебесіне үлкен рух бергені мәлім. «Қыздардан құралған бұл топ, бір кезде өзім бітірген Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік  консерваториясында профессор Бақыт Тоқсанбайқызы Қарабалина ұстазымды есіме салады. Өрімдей қыздардың талғамы биік. Көңілдің иірімін қозғайтын бұл кеш сіздерге қуаныш сыйласын. Өнер-ұлылар жолы. Қиын да қастерлі. Бастама оң болсын» деп, ақ батасын берген болатын Талап Қараш.


Қоңыр домбыраны қолға алған кезде тағдыр иірімі жанның иірімімен үндеседі.Бұл - сарысу болған жүректен туған күй. Фортепианомен сүймелдеген «Сары» күйінің тарихы да сол бір өткеннен сыр шерткендей. Бастапқыда «Үміт», одан кейін адамдар тарихын сұрап асықтырған кезде «Атаға сыр» аталған. Бұл күй үміттен туындаған. Жүрек толғанысымен араласып, өмірге қайта келуіне  жігер берген де, ұйықтап жатқан рухты оятқан да -  күй. Алда «Иірім»  этно-фольклорлық топтың құрамына басқа да аспаптарды қосып, нотадағы күйлер басқаша стильде түрленіп ұсынылмақ . «Иірімдегі» кейбір естеліктер кейде шынайы, кейде ащы, кейде әділетсіз көрінуі мүмкін. Бірақ,   бұл туынды – өз заманының әдеби, мәдени, рухани келбетін шынайы бейнесі болмақ.
Ең бастысы, өнерге, жалпы адамзатқа аз болса да пайдасы тисе болғаны.
 
Алматы қаласы