Сұлтанғалиева Рита Бекжанқызы филология ғылымдарының кандидаты. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры. Бірнеше ғылыми мақала, монография мен оқу құралының авторы. БҚО Жастар премиясының «Үздік жас ғалым» сыйлығының иегері. 2010-2012 жылдарға арналған және 2019 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері. Халықаралық білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарында (Германия, Франция, Корея) шетелдік тағылымдамадан өткен. 2014 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы. «Түріксой» халықаралық ұйымының, Еуразия Жазушылар одағының (Анкара) алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Рахымжан Отарбаев - қазақ әдебиетінде, оның ішінде қазіргі қазақ прозасы мен драматургиясында ерекше орын алатын тұлға. Қалың оқырман қаламгерді дәстүрлі әдебиетке жаңалық әкелген жазушы ретінде таниды. Оның шығармаларында қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелер, адамның ішкі жан дүниесі, қоғамдағы өзгерістер, моральдық құндылықтар туралы терең ойлар айтылады. Жазушының әңгімелерінде тұтынушылық мәдениет, қоғамдағы әділетсіздік пен адамның өз орнын іздеуі сияқты мәселелер де көтеріледі. Оның шығармаларынан постмодернизмнің поп-арт, сонористика сияқты эстетикалық тенденцияларының элементтерін пайдалана отырып, қазақ прозасына жаңа тыныс әкелгенін байқауға болады. Жазушы Р.Отарбаевтың шығармаларында поп-арт элементтерінің көрініс табуына келсек...
Рахымжан Отарбаевтың шығармаларында поп-арт элементтерінің көрініс табуы – әдебиет пен визуалды өнердің арасындағы қызықты байланыс. Поп-арт (pop art) – бұл 20-шы ғасырдың ортасында пайда болған өнер қозғалысы, ол масс-мәдениет, тұтыну мәдениеті, жарнама мен комикстерді пайдалану арқылы өнердің дәстүрлі түсініктерін қайта қарастырады.
«Поп-арт – «бұқаралық тұтыну» қоғамындағы демократ-иеленуші; сонористика – автор «менін» білдіретін дауыс ырғақтарының (тембрлердің) ойыны; алеаторика – адам кездейсоқ ахуал әлеміндегі ойыншы; музыкалық пуантилизм – «айтады жазғы жауын маған, дүние құралған жарықшақтардан»; гипперреализм – қатыгез де тұрпайы әлемдегі кейіпсізденген жанды жүйе, хеппенинг – кездейсоқ оқиғалардың аласапыран әлеміндегі бірбеткей, анархиялық тұрғыда «еркін», қолбала тұлға; өзін-өзі қиратушы өнер – «ештеңе» әлеміндегі кейіпсіз тұлға; соц-арт: посткоммунистік құндылықтарға қайта бағдарлану аясындағы әлеуметтік проблематика; концептуализм – зияткерлік қызметтің эстетикаланған өнімдері арасындағы мәдениет мағынасынан баз кешкен адам» [1, 300-б.].
Қазақ әдебиеті де әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі болғандықтан, жаңашыл бағыттың эстетикалық тенденциялары кейінгі жазушылар шығармашылығына енуі заңдылық.
Р.Отарбаевтың шығармаларында поп-арттың кейбір аспектілері көрініс тапқанын айтуға болады. Оларды жазушының «Американың ұлттық байлығы», «Қытайдан жеткен сәлемдеме», «Тәркі дүние», «Аспандағы ақ көбелектер» атты әңгімелерінен талдап көрсек...
Поп-арт «адамдарға ең жақын, қолданысқа ие заттарға әдемілік дарыту, философияға протест» мәнінен туғандағаны белгілі. Массалық тұтыну заттарына айналған бірден-бір маңызды әрі күнделікті тұтынудағы нысандар – қоғамдық көліктер. Бірнеше ада мға қатысты тұтынушылық тұрғысынан әртүрлі мәнге ие бола алады. Қоғамдық көліктер поп-арт бағытын ұстанып жүрген суретшілердің ішінде Рон Магнестің «Summer of Love», Пол Ван Скоттың «VW Bus pop art» және т.б. поп-арт туындыларына арқау болды [2, 31]. Мұндай элементтерді Р.Отарбаевтың шығармаларынан да кездестіруге болады:
Көше бойымен ерсілі-қарсылы қайшыласып діңкелейтін машина атаулы саябыр тапқан [3,48]
Тек төсегінен безініп, жаны қыдырып жүрген әлдекімнің жеңіл көлігі абажадай кең бөлмеде анда-санда алагеуім жарық түсіріп өтеді [3,48].
Төбесіне әтештің айдарындай қызыл шам байлаған милицияның машинасы қараңғы көшені азан-қазан қып жанығып өте шықты [3,49] («Тәркі дүние»).
Сосын әскерилер вертолетпен келіп, әлгілерді ойбайлатып қуып ұстап жатыр [3,12] («Американың ұлттық байлығы»).
Жалғыз қызы бар. «Джиптен» түспейді [3,39] («Аспандағы ақ көбелектер»).
– Барайық, «Мерседесіңе мінгізесің бе?» [3,41] («Аспандағы ақ көбелектер»).
Байқағанымыздай, жазушының әңгімелерінде қоғамдық көліктер күнделікті күйбең тіршілікті, тұрмысты, өтіп жатқан уақытты көрсету үшін қолданылған. Көліктер – көше өміріндегі күйзеліс пен тыныштықтың өзгерісін бейнелеп тұр. Бұл сөйлемдерде поп-арттың негізгі эстетикалық сипаттамалары айқын көрінеді, мысалы, тұрмыстық элементтер мен техниканың өнерде қолданылуы, қоғамдағы тұтынушылық мәдениеттің көрініс табуы, қоғамдық өмір мен өзгерістерді сипаттау.Қоғамдық көліктерге автор белгіленген екі аялдама арасындағы тасымалдаушыдан бөлек, уақыт пен кезеңдер арасындағы тасымалдаушы ретінде үстеме мағына берген.
– Тоңазытқышың толып, жарылып кетейін деп тұрған жоқ па? Не?[3,41] («Аспандағы ақ көбелектер»).
Жанын шабақтаған лебізді тоқтатқысы кеп еді, саусағы селкіп қағып, магнитофонның ақ тиінінің көзіндей түймесін тауып баса алмай қойды [3,32] («Қытайдан жеткен сәлемдеме»).
Төсек-орын, қос қасық пен кесе, жетім аққұманнан басқа дәнеңесі жоқ жалқы жігіт [3,50] («Тәркі дүние»).
Екеуін пышаққа іліндірсең, докторлығың дайын [3,54] («Тәркі дүние»).
Cол мең-зең қалпы күлсалғышты алам дегенде қолына сәбидің алақанындай манағы магнитофон іліне кеткені [3,30] («Қытайдан жеткен сәлемдеме»).
Зыр айналған магнитофон тоқтар емес [3,30] («Қытайдан жеткен сәлемдеме»).
Бірқұлақ радио қайтадан қырылдап, бұ жолы вертолеттің даусы анық естілді («Тәркі дүние»).
Аузы қара май жаққандай үңірейіп мұржа тұр. Кешққрым түтіншықпағасын бұл да жетім екен ғой [3, 20] («Американың ұлттық байлығы»). Бұл жерде қарапайым тұрмыстық көрініс арқылы қоғамның тұрмысы бейнеленгенін аңғаруға болады.
Бұл жолдарда поп-арт обьектісіне айналып отырған заттар: тоңазытқыш, магнитофон, төсек-орын, қасық, кесе, пышақ, радио, мұржа. Радио, магнитофон сияқты обьектілер – бұқаралық ақпарат құралдары мен технологиялардың адам өміріндегі рөлін көрсететін элементтер. Аталған заттар – күнделікті өмірде тұтыну заттарына айналған нысандар. Жазушы бұл жерде олардың басты қызметін екінші дәрежеге түсіріп, болып жатқан оқиғаны басқа арнаға бұру үшін немесе тоқтату үшін қолданған. Автор бүкіл материалдық дүниені эстетикаландыруға аса мән берген.
Поп-арттың обьектісіне тұрмыстық заттардың қолданыс аясынан шығып, көне жәдігерге айналып, бұрын тұтынуда болған, ескірген, бірақ әлі де адам пайдаланғандығының таңбасын сақтаған жиһаздарды, газ плиталарын, көне суреттерді жатқызуға болады. Мысалы:
Пеш түбінде жатқан қызыл құрақ көрпеге тізе сындырғып қабырғаға қараған, әкесі мен шешесінің үлкейтілген суретіне көзі түскен [3,4] («Американың ұлттық байлығы»). Құрақ көрпе адамның өткеніне деген ұмтылысын, дәстүр мен үй ішіндегі өмірді көрсетеді.
Күн байығасын пеш жанында тұрған пілте шамды тұтатты [3,4] («Американың ұлттық байлығы»). Бұл сөйлемде «пілте шам» мен «пеш» сияқты тұрмыстық заттар арқылы күнделікті өмірдің қарапайым элементтері айқындалады. «Пілте шамды тұтату» - жарықтың пайда болуы, өмірге жарық кіретінін көрсету арқылы адамның ішкі күйін, өмірдегі өзгерістерді білдіреді.
Етек-жеңі қырқылып қалған ескі пальтосының жағасы қызыл шоқтай жайнайды [3,21] («Американың ұлттық байлығы»). «Ескі пальто» мен «етек-жеңі қырқылып қалған» деген сөздер тұрмыстық және ескірген элементтерді көрсетеді, бұл поп-арттың көшедегі қарапайым, бірақ нақты өмір элементтерін өнерде көрсету идеясымен үндеседі.
Кей элементтерден тұтынушы мен тұтынатын заттың арасындағы тығыз байланысты көреміз:
Өмірбай аш бөрідей талаған ойға шыдамай, орнынан тұрып, темекісін тұтатты. Сол мең-зең қалпы күлсалғышты алам дегенде қолына сәбидің алақанындай магнитофон іліге кетті [3,30] («Қытайдан жеткен сәлемдеме»).
Үсті-басы безгек тигендей қалшылдап темекісін қайта тұтатты [3,33] («Қытайдан жеткен сәлемдеме»).
Бұның өзі тұтынушысының жаман әдеттерге жақындығын ғана емес, мінез-құлығын, ішіндегі мазасыздығын көрсетіп тұр.
Сонымен Р.Отарбаев әңгімелеріне талдау жасай отырып, поп-арт элементтерінің қалай көрініс табатынын сараладық. Автор үйдегі күнделікті тұрмыс заттарының интерьер мен жеке қажеттілік заттарының адам өмірінде қаншалықты маңызды орын алатынын көрсеткен. Әңгімелердегі аталған нысандар адамның көңіл-күйіне әсер етіп, оқырманға әсер сыйлап, шығарманы эстетикаландыруға да үлес қосып, өз ойынын ойнап тұр.
Р.Отарбаев шығармаларында постмодернизм бағытының эстетикалық тенденциясының бірі – сонористиканың да көрініс табатынын байқауға болады. Оның әңгімелерін оқи отырып, дыбыстардың қайталанғанын немесе белгілі бір сөздер мен тіркестердің дыбыстық құрылымы кеңінен қолданылғанын көруге болады. Бұл оның шығармаларына ерекше ырғақ пен музыкалық мән беріп, оқырманның назарын аудартатыны сөзсіз. Кейде эмоциялық күйді, кейде табиғат құбылыстарын жеткізу үшін белгілі бір дыбыстарды, сөздерді ерекше қолданып, сол арқылы шығарманың мәнін күшейтуге, оқырманға әсер сыйлауға тырысқанын да көреміз.
Сонористика − бұл автордың жеке «мені» көрініс табатын тембр ойындары. Сонористика элементтерін жазушының «Американың ұлттық байлығы», «Қытайдан жеткен сәлемдеме», «Тәркі дүние», «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімелері негізінде айқындалды.
Көз алдында ғайыптан бір нәзік сәуле оянып, сол шекара басындағы дүбір құлағында қайтадан тірілді [3,31](«Қытайдан жеткен сәлемдеме»).
Бұл жерде «с» дыбысы нәзік әрі жұмсақ үнді білдіріп, «д», «р» дыбыстары шапшаңдықты, күштілікті көрсетіп тұр. Шекара басындағы дүбірдің қайта тірілуі сияқты қуатты динамиканы білдіреді.
Сыңғыр етіп күліп жіберген. Сыңғыр! Әне, көзге көрінбей шашырап барады [3,37] («Аспандағы ақ көбелектер»). Үзіндіде «сыңғыр» сөзі – тек дыбыстық сипат емес, сонымен қатар, күлімдеудің, қуаныштың, жеңілдің, нәзіктіктің көрінісі ретінде қолданылып тұр. «Сыңғыр етіп күліп жіберген» деген сөз тіркесіндегі «сыңғыр» мен кейінгі «Сыңғыр!» деп қайталану арқылы автор күлкінің әсерінің шынайылығын, оның жан дүниесінде жылдам әрі жеңіл таралуын білдіреді.
Некесіз жаратылған сәби екі дүниеде де шырылдап әкесін іздеумен өтеді. Біте қайнасқан үн [3,47] («Аспандағы ақ көбелектер»). Бұл жерде «шырылдау» – өткір, жан түршігерлік дыбыс, бұл баланың мұңды, әлсіз, бірақ үнемі іздеудегі бейнесін, үмітін білдіреді. Баланың жанындағы жоғалту сезімі мен қайғыны осы дыбыстар арқылы жеткізіп тұр.
Үй жанындағы «Тянь-Шань» мейрамханасының шаң-шұң музыкасына еліккен жастардың дырдуы ғана ояу [3,48] («Тәркі дүние»). Шаң-шұң – өмірдің қарбалас тынысын сездіру үшін қолданылған. Ал дырду елітетін, бірақ тек сырттан естілетін, көбінесе толқу сияқты сезімдерді көрсететін дыбыс.
Қолындағы қомақты түйіншегін табалдырық жанына дүрс еткізіп тастады да, мақамдап созып аман-саулық алысты [3,23] («Қытайдан жеткен сәлемдеме»). Бұл жерде автор бірден оқырманға күшті, шапшаң және елеулі әрекеттерді көрсету үшін осы тіркестерді қолданып тұр.
Басы шыңылдап, баяғы бала күнгі бағана басында тұратын бірқұлақ радионың қырылдақ даусындай түсініксіз шуыл белең алып барады [3,21] («Американың ұлттық байлығы»).
Шыңылдау – оқырманға дәл осы физикалық күйді, адамның басындағы ауырлықты жеткізу үшін қолданылған. Ал қырылдау – радионың нашар қабылдауы немесе техникалық ақаудан туындаған дыбысты сипаттап тұр. Бұл сөйлемде дыбыстар тек физикалық дыбыстарды ғана емес, сондай-ақ кейіпкердің ішкі әлемін, оның түсініксіз күйзелісін, мазасыздығын жеткізеді. Радионың қырылдауы мен түсініксіз шуылы тыныштықтың бұзылуы мен қабылдау қабілетінің өзгеруін бейнелейді.
Қорыта айтқанда, Рақымжан Отарбаев – қазақ әдебиетінің жаңа белесін айқындаған қаламгер. Оның шығармаларындағы постмодернистік элементтер – қазақ прозасындағы тың көркемдік ізденістердің жарқын көрінісі. Қаламгер әңгімелеріндегі поп-арт, сонористика эстетикалық тенденциясының көріністері ұлттық әдебиетімізге заманауи сипат беріп, жаңа форма мен мазмұнды ұсынғаны айқын. Ол өз туындылары арқылы дәстүрлі әдебиет пен постмодерндік бағыт тоғысында жаңа көркемдік кеңістік қалыптастырып, қазақ прозасының әлеуетін кеңейтті деп анық айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Борев Ю. Эстетика. Оқулық. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы»
қоғамдық қоры, 2020. – 408 бет.
2. Сұлтанғалиева Р.Б, Харисова Ж.Ж. «Қазақ әдебиеттануының жаңа бағыттары» (постмодернизм поэтикасы). Оқу құралы. – Алматы. «Қазақ кітабы» баспасы, 2024. – 224 бет. 2
3. Отарбаев Р. Біздің ауылдың амазонкалары. – Астана: Фолиант, 2012. – 424 б.