Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Филология ғылымдарының докторы Риза ӘЛМҰХАН: «Нағыз жазушы»

Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы  хақында


«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Бұл сөз кез келген қалам ұстағанға айтыла бермесі анық. Ал көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевқа еш күмәнсіз арнауға болады. Жазушының шығармалары ғана емес, оның афоризмге айналған сөздері нысанаға дөп тигендіктен, халық жадынан шықпай, әр күн дерлік  алдымыздан шығады.  
Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын оқитын адам   «Айна» әңгiмесi бip отбасындағы жағдайды  символ арқылы бейнелеумен шектелмейді. 
Иә, әдебиетте айнаны қолданған Рахымжан Отарбаев қана емес. Алысқа бармай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының «Айна мен маймылын» еске алсақ та болады. Ал әлем әдебиетінде, фольклорында тура көрсететін айна да бар, қисық айна да бар.   Жазушы Рахымжан Отарбаевтың қаламынан туған қай туынды болса да, оқырманның көз алдында елде болған оқиғаны айнадан тура көрсеткендей сөйлейді.  
«Соғыстың соңғы бомбасы»  атты әңгімесі 1986 жылы жарық көргеннен бастап Рахымжан Отарбаевтың шығармалары талғампаз аға буын жазушылар мен сыншылардың, оқырманның қолында, көз алдында. Оның туындыларына берілген баға анық – шындық пен шеберлік бірден-ақ айтылған.  Сонау 1986 жылы Дулат Исабековтың жазғаны, «Қазақтың Чеховы» деп атаған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің: «Рахымжан – өте шебер,  өте ойлы  және жаны сұлу  жазушы» деген бағалауы да белгілі. Жазушы  әдебиетке, қаламына деген адалдығынан тайған емес. Оның қай-қай шығармасында да адалдық сезіліп тұрады. 
Шындығы сол – тiптi, «Болған оқиға» деген тақырып байламаған басқа да әңгімелерiндегі сюжеттер кинофильм лентасындай көз алдымыздан өткiзедi. Әрине, әр шығармадан кейіпкерлердiң прототипiн табу мүмкін емес. Бірақ оның шығармаларындағы кейіпкерлер тек қағаз бетінде қалған жоқ, әлі күнге дейін арамызда екенін сезіп, бiлiп отырасыз. Жазушы әңгімелеген бұрынғы оқиға болса да,  заман ауысса да, адамның небip "қызық" қылықтарымен бүгінгі замандасты да көргендей боласыз. Әбдіжәміл ағаның ойлы жазушы деп бағалауының бір кілті осында шығар, бәлкім...
Жазушы «Қыр мозаикасы», «Актриса», «Соңғы спектаклінде» оқырманына «Болды ғой мұндай... әлі де кездеседі» дегізеді.  Мұндайда прототип іздеудің қажет емес екенін де түсінесіз. 
Алайда жазушы Рахымжан Отарбаевтың кейбір шығармаларынан бiз бiлетiн, өмipде болған адамды  кейiпкер етіп алғанын да байқауға болады. Мәселен, "Сатқын" әңгімесiнде Алдан Айымбетов – бiздiң қоғамда орын алған жағдайда дұрыс сөзін айта бiлетiн ақсақал ретінде танылған тұлға. Қазаққа жаны ашыған Алдан Айымбетов ақсақалдың есімін көркем шығармасында мәңгі сақтауы да көңілге бір дем.  
Сондай-ақ атақты «Бас» романынан өзіміздің замандастарды, яғни тарихи тұлғаларды көре аламыз. Мұндайда шығарманың тарихилығын  ескергені деп білесіз.  
Өнер саласында үлкен не кіші деген жанр болмайды. Ал Рахымжан Отарбаев барлық дерлік жанрда жазған. Оның «Бас» романы да, «Шыңғыс ханның көз жасы»  хикаяты да  оқырман арасында үлкен серпіліс тудырды. 
Әдебиеттануда әр туындының шығу тарихы, алғы шарттары анықталады.  Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы: «Шынтуайтында, жазушы қаламынан шыққан өнер туындысы қаламгердің қиялынан туған нағыз тіршіліктің жалған көрінісі болғанымен, ол адам баласына өмірдің мәнін тереңірек түсінуге көмектеседі», – деп жазды.  Осылай болуы да мүмкін, бірақ кейбір шығармаларына оның өзі көрген өмір сюжеттері ой салуы да ықтимал. 
Қалай болғанда да, «Тұрсын, перінің қызы және мен» әңгімесіндегі  жұрттың «Перуша» атап кеткен қызды «перінің қызы» деуі сол кездегі елдің фольклорлық санасынан хабар береді. 
Шығармаларының бір саласы тікелей өзінің көзі көргендері сияқты, оны естелік ретінде қабылдайсыз. Мәселен, соның бірі осы аталған «Тұрсын, Перінің қызы және мен» әңгімесі. Сосын «Мона Лизаны» да ойлайсыз, басқа да жазғандарынан жазушымен байланысты іздейсіз. Мұның өзі – шеберлік дегізеді. Сосын ол сендіре суреттеген оқиғадан жазушының өзін көргендей боласыз да, сюжеттердің  бәрі ойдан шықпағанын ойлайсыз.  
Біреулердің көзіне шағын болып көрінетін әңгімелердің өзі  шеберлікпен сендіреді. 
Иә, жазушының мiндетi – жазғанына сендipy. Рахымжан Отарбаев әр шығармасында  оқырманды өзіне тарта отырып, оқиғаға енгізіп жiбередi. Тіл байлығы, сөздік қоры және айтар ойын жеткізудегі шеберлігі – бәрі де осы кезге дейін мойындалған. 
«Сатқын» әңгімесінің соңында постскриптум белгісін қойып, "Оған қандай жаза қолданғанын келесі жолы жазамын", – деп, болған жағдайға ортақтастырып, жалғасын күтетін етіп қойған. 
Ал, «Қашқын хаттарын» оқығанда, «Төлен Әбдіковтің  әйгілі «Парасат майданы» повесін оқығаннан кейін туған ой»  деген ескертпесі болса да, жазушының қиялынан туған дей алмайтындай сендipiп жазған. Жұмыс бабы, iccапарға шыққалы тұрып, осынша хатты оқып отыруы неғайбыл болса да, сенесіз. Сосын «Ана жігіт  табылды ма екен?» деп, оқырманға ой салады да, кейіпкер-әйелмен бірге боласыз. Қым-қуыт  жұмысы көп, өзі алыс сапарға жүргелі отырған жазушының уақыт бөліп, сегіз хатты оқып шыққанына разы боласыз. Бұл да – бір жақсы қасиет, халықпен бірге екенін көргеніңіз. 
Оған қоса, «Парасат майданын» атап көрсеткенін ойлап, Р.Отарбаев шығармасындағы «Қашқын» келіп отырған әйелдің өзі емес пе деген ойға да  қаласыз. Сол кезеңде адамдардың өзін өзі іздеуі болғанын ойлайсыз. Бәрі де мүмкін. Ал, нағыз жазушының ойландыра білетіні, тіпті, оның артықшылығы, бақыты. 
Сан қилы кейіпкердің көңіл күйін суреттейтін шығармаларының бір шоғыры нарықтық жүйеге өту кезеңімен байланысты. Бұл  «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» дегендей бей-берекет кезең болғанына өзіміз куәміз. Бүгінде «Соңғы спектакльді» немесе «Биді» оқып отырып,  сол қиын кезеңді  бастан өткізгенімізді де ойлайсыз.  «Құтырынған музыка қайтадан керней қағып, сырнай тартып жатқан»  сол кезеңді жазушымен бірге сезінеміз. 
Тағы да нарыққа өтудегі бір «зұлмат» – «О заман да, бұ заман, жерді сатқанды кім көрген?» дегізген.  Сол кезді ойлағанда, теңіз тамағында әупipiммен күн көріп отырған үш әйелдiң – Айман, Қарғаш, Бибінiң жайылымға жiберген сиырларын қамаудан босату үшін бар күш-қайратын салған әрекетін оқығанда, шынымен,  амазонкалар демеске амал жоқ! 
«Бұл жазушының қиялынан туған» деп айта алмайсыз. Дәл солай болды деп те ешкім куәлік бере қоймас, жазушыдан оның болған-болмағанын нақты дерекпен талап етудің қажеті болмай қалады, себебі ел басына түскен сол кездегі қиындықты жазушы шебер жеткiзгенiн мойындайсыз. «Жердің қожасы кеп, акт жасады. Сиыр басына сегіз мыңнан. Сексен мың теңге  төлеңдер» деген Әли қарауыл сияқтылар сол кезде кездеспеді деуге болмайды. Жазушының айнасы тарихтағы осындай кездің қалай болғанын да суреттеген. 
Қарауыл Әли шал  үш «амазонканың» таяғын жеп, қамыс арасына  қашып, ұшты-күйлі жоқ болып кетуі, «Ұшып кетпегені анық. Түнде әйелі Уәсила жататын бөлменің терезесінiң алдына келіп, таңға дейін ұлитын молақ сұр қасқыр  туралы бекер жазбаған шығар деп, жазушының ойымен бірге боласыз.  «Соғыста талай ерлік көрсетіп, орден-медаль алдым деп, елді алдап, қарауыл болдым деп, әлімжеттік көрсететін Әли қарауылдың молақ қасқырға айналғанына ешкімнің жаны аши қоймас. Себебі бұл орайда Құдайдың қарғысына ұшыраған "Суыр" ертегісін еске салады. Бір кездегі бай халықтың жағдайына қарамай, ақыры, Құдайдың қарғысына ұшырап еді ғой,  жазушы мұның да алатын «сыбағасы» болуы керек дегендей осындай шешім ұсынады. Ол шешімге оқырман да қосылатыны белгілі.   
Шындығында, жазушы тікелей фольклорлық ертегіге еліктемеген, оқиғаны әсерлі жеткізудің шеберлігінен  тағы да бір ой санаңды жандандырады. 
Жазушы  көзі көргенді жазумен шектелмегені анық. Тақырыптарға бөлгенде, «Бас»  романының басты кейіпкері XIX ғасырдың тумасы, ақын, ұлт азаттығы үшін күрескен  Махамбет Өтемісұлының тағдыры болса, XX ғасырда оның бас сүйегінің антрополог үйіндегі жертөледе бәлен жыл жатып қалуы, одан кейін ол бас сүйегінің жоғалуы біздің қоғамда өкінішке ұрындыратын, ұятқа қалдыратын келеңсіздіктің орын алғанынан хабар береді. 
Ал, Рахымжан Отарбаевтың пьесалар ұсынудағы мақсаты – ұлтқа, халыққа қызмет еткен тұлғалардың бейнелерін сахна арқылы ұрпақпен табыстыру,  ұлы идеяларды мәңгілік ету. 
«Жалғыздық»  анасы Шәмсияның рухына арналған.  «Ұйықтап қалыппын. Періште тербеткен шығар» дейтін анасы оқырманның ойында мәңгі қалады.  Оның «Дүниеге сыңар кіндік боп жаратылған тек сен емессің» деген сөзі жалғыз ұлына ғана емес, қиындықтарға мойымай жүрген әр оқырманға арналатын сөз  сияқты. Жазушы  әр оқырманның көңіліне дем беріп, небір қиын жағдай болса да, осындай таза ойлы шығармаларымен тербейді, қайрайды.  
Сөзімізді Рахымжан Отарбаевтың афоримзге айналған сөздерін айтумен бастап едік. Енді қалың  оқырманның көңілінен дөп түскен афоримзнің бірі – «...жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік» – адамның  астамшылыққа салынбауына «Айнадағы» осы бір сөздің өзі жеткілікті. Түсінер адам болса. Анасының аруағына сыйынған жазушы халқына жанашырлықпен осылай сөз арнады.  
«Американың ұлттық байлығында» Қапардың «Көзінен екі тамшы жас үзіліп түсті» дегені – халқы жыламасын дегені. Саусағын көкке шошайтып,  Жетес айтқан сөздер бүгінде оқырманды күлдіргенімен, төл халқына сақтықты тілеген жазушының ақ тілегі екені анық.  
Тағы да еске «Айна» түседі. «Көнеден қалған көз еді, жарықтық. Айнаны айтамын. Ол қайтып құрала ма, жоқ па, шындығын Алла бiледi» депті жазушы Рахымжан Отарбаев. Сiз бен бiз және жазушының өзi куә болған елдегі небip қиын жағдайдың суреттері қалған көркем шығарманың әр сөзi, айтқысы келген ойы мiнi құрамай, Рахымжан Отарбаевтың тарихи үлкен картинасын болашаққа жеткізетіні анық. 
Ырымға сенетін халық сынған айнаны қолданбайды. Оны жамап-құрап та әуре болмайды. Ал, жазушының шығармасына арқау болған әр сюжет шындықты шебер жеткiзетiн нағыз көркем галерея екені сөзсіз. Тарихтың әр парағын көркем оймен қашаған әр  туындысы халықпен бірге.  
Себебі нағыз жазушы көзі көріп, халықтың жанын ауыртатын өмірдегі жағдайлардан тыс бола алмайды. Тіпті, «Өнер өмірдің көшірмесі емес» десек те,  жекешелендіру басталған кезеңдегі  құндылықтардың  өзгере бастағанын жазушы жан-тәнімен сезіне білгенін, Жаратушы табиғатына  артқан  миссиясын сезінумен қолына қалам алғаны деп білеміз. Өйткені  жекешелендіру кезеңінде тіршілік талшығынан айырылып қалмау үшін көп адамның «амазонка» болған өмірін    білеміз. Бұл кезең ғана емес, «Соғыстың соңғы бомбасын» жазған сонау 1986 жылдың шамасында да, Рахымжан Отарбаев өзінің айтары бар екенін танытқан. Құндылықтарды бағалау, адамшылықтан айнымау – оның шығармаларындағы негізгі өзек – өмірдің өзінен көрген-баққаны. 
Жазушылық – өнер. Рахымжан Отарбаевтың артында қалған мұраларын  оқи отырып, ол Жаратушы дарытқан өнерін халықтың бастан кешкен тарихын көркем дүние деңгейінде жазып, азаматтық, перзенттік миссиясын атқарғанын  көреміз.  Тек, әттең,  жас баланың негізсіз сотталып  кетейін деп тұрғанын жеткізген «Сатқын» әңгімесінде өзі айтқандай, «...келесі жолы жазармын» деген сөзі орындалмай қалғаны өкінішті.  Өмірі кенеттен  үзілді.  Бірақ сол бұйырған ғұмырында халқына мол дүние ұсына білді. Халқына қызмет ету миссиясын танытып үлгерді.  «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген бағаға лайық Рахымждан Отарбаев емес пе?!
Ал, біздің миссия – ұрпаққа қалдырған мұрасын тану және таныту. Әр шығарманың жазылу тарихын мейлінше анықтап, зерделеу. Бұл орайда жазушының «Күнделігі» көмекке келеді деген ойдамыз. Cондықтан «Күнделік» те мүмкін болғанынша, толық жарық көргені дұрыс.