Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «ХИУАЗ, ӘЛИЯ ЖАЙЛЫ: СЫР МЕН ЖЫР»

Жеңіске - 80 жыл!

Ақын  Маржан Ершуды  15 сәуір  туған күнімен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз. Хиуаз Доспанова мен Әлия Молдағұлова туралы жазылған мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 
                                                                                                                                                      
                                                                                                                                                                                                                                                                  Редакциядан.   

           

      
Хиуаз Доспанова туралы 2004 жылы «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, Алтын Жұлдыз айырықша белгісі тапсырылған кезде ғана білдім. Сол жылы баспасөзде жарияланған қуанышты хабар мені Қаһарман ұшқыш қыз – Хиуаз Доспанова туралы ұшы–қиырсыз ойларға жетеледі. 2006 жылы Хиуаз апайдың үйінің телефонын тауып ап хабарластым. Телефонды Хиуаз Доспанованың өзі көтерді. «Хиуаз апа, амансыз ба? Мен Жайық бойынан шыққан ақын сіңліңіз Маржан болам. Мектепте Әлия мен Мәншүктің ерлігін оқып танып өстік. Сіз туралы еш дерек білмедік, өкінішке орай» деп едім, Хиуаз батыр «Сонда маған не ғыл дейсің» деп ұрсып берді. «Сіз туралы поэма жазғым келеді. Сіздің көркем әдебиетте бейнеңіз жасалуы керек деп ойлаймын. Сіз қарсы емессіз бе?» дедім. Сонда Хиуаз апай көңілденіп «Умница! Жарайсың! Ал жаз!» деді. Мен сізге телефон соғып тұрайыншы, ойларым көп, біз соғыс көрмеген ұрпақпыз , сондықтан дүнием шынайы шығуы үшін сізге қоятын сұрақтарым болады дедім. «Сұрай бер» дейді батыр апамыз. Мен біраз ойланып алайыншы, содан соң сізге телефон соғайын дедім. Айтқандай арада бірнеше күн өткен соң телефон соқтым. «Хиуаз апа, сіздер сұрапыл соғыс кезінде жиырмадан сәл асқан уыздай жассыздар. Кілең қыздардың авиополкі. Оқ пен оттың ортасы. Өмір мен өлімнің арасы қас -қағым сәт. Қиын кезең. Қорқыныш сезімдері сіздерге салмақ түсірген жоқ па? Қалай көтердіңіздер?» дедім. Сонда Хиуаз Доспанова : «Қазір ойлап қарасам, ол кезде ойымызға  жақсы көйлек, дәмді тамақ  кіріп шықпайтын. Бар мақсатымыз, жауды жеңу, Отанды қорғау, Жеңіске жету болатын. Өлсем ел үшін, Отан үшін деген сенім мықтырақ еді. Қаншама қаруластарымнан айырылдым, көз алдымда жанып бара жатты » деді мұңдана сөйлеп. Кейін де біраз сөйлесіп тұрдық. Мен сұрақтарымды қоятынмын, ол кісі жауап береді . Бірде ол кісі менен: «Сенің күйеуің бар ма?» деп сұрады. «Апай,  әдебиет деген де бір мылтықсыз майдан екен. Ана тақырыпты жазам, мына тақырыпты ойланам деп жүрем, әзірге жан-жағыма қарауға мұршам болмай жатыр» дедім. Сонда апай сәл үнсіздіктен соң: «Сен періште болдың ғой» дегені. Бұл қандай сөз? Ойланып қалдым. «Періште дейтінім, жастық шағымызда  соғысқа аттандық. Бар ойымыз жауды жеңу, Отанды қорғау, берілген тапсырманы орындау. Миымызға  одан өзге ештеңе кірмейтін. Сол шақтарымды ойласам, біз сол кезде періште болған  екенбіз. Қарағым, сені періште дегенім, өлеңнен өзгеге бұрылуға  мұршаң болмай жүреді екен. Және тарихи тұлғаларды жазғым келеді дейсің» деді сонда Хиуаз апай. Тағы бірде сөз арасында: «Сенің жүзің ақ па?» дегені. Бұл қандай сөз? Тағы да ойланып қалдым.  Хиуаз апай : «Дауысыңды тыңдап отырып, көз алдыма сенің портретіңді  келтіріп жатырмын. Сенің бет жүзің ақ, өзің орта бойлы, нәзіктеу қызсың. Мұндай дауыс осындай адамға ғана  бітеді» дейді. «Апа , дұрыс айтасыз,  дәл сондаймын» дедім күліп.  Бір күні телефон соқсам, ағай ұстады да, «Апаң сені сұрап жатыр  деп, телефон тұтқасын Хиуаз апайға берді. « Ай, Маржан-ай! Апам бар еді –ау деп бір іздеп келмедің-ау. Мен аяғымды ауыртып  алып, 24 сағат керуертте шалқамнан жатырмын. Сағат жылжымайды. Кәрі бір кемпірге кім бұрылсын мұндайда» деп мұңын шақты. Поэмамды аяқтасам және Хиуаз апайға ерекше бір сыйлық алсам. Сосын ақын құсап, адам құсап қомпайып барсам деген ой-арманым бар еді. Бұл Хиуаз апаймен соңғы тілдесуім екенін білмеппін. Бір аптадан кейін Хиуаз Доспанова дүние салды. Сондай өкініште қалдым... Өкініштісі сол, біз Хиуаз Доспанованы  ел  қорғаған батыр, қазақтың   тұңғыш қаһарман ұшқыш  қызы  деп білеміз, бірақ ол кісінің  ішкі жан дүниесін жақыннан тани алмадық. Ол кісі жаны нәзік, сондай  ақылды, түйсігі мықты психолог адам болған екен.   «Хиуаз»  поэмам  2008 жылы  «Пырақ» атты кітабымда жарық көрді. Бұл поэмам көлемі жағынан шағындау және мектеп оқушыларына арналып жазылған. Біз мектеп партасынан  Әлия, Мәншүктің ерлігін танып , қастерлеп өскен ұрпақтың  өкіліміз. Қазіргі заманның балалары Хиуаз Доспанованы іздесе, нені оқиды деп ойлап, ұшқыштың өмірі мен  жанқиярлық ерлігі туралы жазған едім. Былтыр Атырау қаласындағы Еркінқала халықтық театры  Жеңіс мерекесіне  қарсаңында «Хиуаз» поэмасы негізінде сахналық қойылым қойған екен. «Сіздің  поэмаңыз арқылы Хиуаз Доспанованы таныдық, бұл шығармаңыз жақсы екен» деп көптеген адамдар алғыс айтты. «Хиуаз»  поэмама белгілі суретші Камила Жапалова «Қайсарлық» деген картина салып, ол суреті бір бәйгеде орын алды. Белгілі композитор Арман Жайым екеуміз «Қыран қыз -Хиуаз» деген ән жаздық. Қазір бұл әнді Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншілері  сахнада шырқап жүр. Осы арада  «Хиуаз» поэмамнан «Аспандағы айқас» атты бөлімінен үзінді келтіре кетейін.

                АСПАНДАҒЫ АЙҚАС  (поэмадан үзінді)
Қауіп–қатер, тауқымет  тосын бәрі,
Күйзеліс, қиындық та қосылғаны.
Әуедегі шайқаста отқа оранған
Ұшақтардың гүрілі басылмады,

Соғыстың аты – суық, жүзі – қатал,
Елі үшін қайран жүрек жалын атар.
Қыздардың авиаполкі көк жүзінде
Жауына шүйлігеді шашып қаһар.

Бетпе –  бет келу қандай қатерменен,
Үрейлі ой сенен қашып кетер деген.
Жүйкеге күш түскенде ми дамылдап
Сескенуге уақыт жетер ме екен?!

Батырлық деп айтады мұны білген,
Тек қорқақтар қашады інге іннен.
Етігімен су кешкен есіл ерлер
Ерліктің өзін сезген, құнын білген.

Ұрыс осы. Қарсы алар оқпен, отпен,
Қарсыласу полкінде жекпе–жекпен.
Соғыс өрті бояды, аямады
Жиырмадағы қыздардың шашын ақпен.

Жаудың күшін тойтарып құлатқанда,
Ақ шаш, әжім кірмейді сұрақтарға.
Әуеден бомбалайды тапсырма алып
Өжет қыздар босаңдықты ұнатқан ба?!

Қанша гүл ерте солды сағағынан,
Қанша тамыр суалды жанарынан.
Шынашақтай тағдырлар тарам–тарам
Уақыт тұр. Қар жауып қабағынан.

Небір қиын тосқауылдар қарсы алады,
Сезілмейді күйрегені, шаршағаны,
Жау жағы бұл полктің атын естіп
«Қорқынышты мыстандар»  деп жар салады.

Тапсырмалар қауіпті. Қатерлі үн,
Отқа оранып ұшақтар,
Жоғалып шекерлі үн.
Қаруластар азайды күннен күнге
Беу дүние! Бір күні өтермісің.

Әткеншек тепкендей ме бар атырап?
Көзіне елестейді жер, топырақ.
Жан жақтан зу–зу еткен оқтар үні
Құлдилаған не ұшақ, не жапырақ?!

Есін жиды Хиуаз. Аппақ әлем.
Дел–сал бойы. Таңулы.
Шыққандай ауыр бір шақтан әрең.
Дәрі иісі. Абыр–сабыр –
Құлағына еміс–еміс келгендей ме
Бақтағы өлең.

Алға ұмтылды. Тұрардай қанат қағып,
Қолдай гөр! – деп – Құдыретті Жаратқаным!
Ақ дәкемен таңулы үсті–басы
Көтертпейді жылжуда сағаттар мың.

Дәрігер келді таяп: Осындасыз,
Емделесіз, амансыз, тосылмаңыз!
–Жолдастарым аман ба, олар қайда
Дәрігер жолдас, айтыңыз, жасырмаңыз!

Дәрігер қиналғандай тілін тістеп,
Хиуазға өтінеді: «Суыңды іш» деп:
Экипаждың мүшесі түгел мерт боп
Аман қалған өзіңіз тек!

Қос жанардан барады жас домалап,
Қайран достар, құрбылар өлді, обал–ақ.
Көз жасымен қайғысын шығарғандай
Қолымен керуетті тұр сабалап:

Сендер! Сендер!
Ерлікпен шайқастыңдар!
Жер астында тып–тыныш жатпассыңдар.
Екпіні қатты сұңқарларым!
Арыны асау тұлпарларым!
Сендер жүректілер мен
Рухы күштілердің –
Жадында қалар жарқын мысалсыңдар,
Жұмақта құс болып ұшарсыңдар.
О, қайран қыран құрбылар!
Сырды ұғар!
Кім сынбас, кім сынар
Сендер – құламас бір шынар!

Долданып кегім қайнасын,
Толқын ем – айналам тасқынға.
Қарулас құрбылар қайдасың
Айға ұлыдым қасқырдай...

                                                                                   
                                             ***
     2019 жылы  сол кезде  Ресейде елші болған елші Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен  Санкт- Петербургте  Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатылды. Бұл хабарға исі қазақ қуанды. Мен де қуандым. Сол қуанышпен супермаркетке кірдім. Ойланып келе жатырмын. «Неге бұл жаңалықты жырламасқа?» дейді бір ойым. «Елдің қызын түгендейтін тек мен бе, басқа ақындар неге жазбайды?» дейді тағы бір ойым. Дүкен ішінде келе жатқам. Ортада шөмеле боп шөлмектер жиналып тұрады емес пе, бір кезде жанынан өтіп жатқам, бір қорап жерге құлап түсті де ақтарылды. Шарап екен. Бұл қалай? Мен тиген жоқпын ғой деп ойлап қоям. Жан-жағымда адам жоқ. Кызметкерлер жүгіріп келді. Төгіліп жатқан қорапты ашты, виски сыныпты. Менің көзім бақырайып кеткен. Камера қараймыз десті, жабылып қарасақ, шошып кеттім. Мынау кім? Мен бе деп. О,тоба! Мынау менің жүрісім бе?! Жау қопаруға  келе жатқандай алапат бір екпінмен адымдап келе жатам да, виски жиналып тұрған қорапты менің плащымның етегі қағып кетеді, содан құлайды, сынады. Бұл қалай болғаны? Бұл мүмкін емес қой?! Сосын айттым: «Бұл вискиге қанша жыл болған екен, білесіздер ме, сонша жылға шыдамай шөлмек өзі сынып қалған болар, мүмкін, қисайтып жинап қойған шығарсыңдар?» дедім. Дегенмен, кінәлі мен. Содан кұжат толтырдық. Шығынын өтейсіз деді. Көп болса 7-8 мыңдай болар деп тұрғам, бағасы 32 мың теңге екен! Вискиді ішіп сындырсаң ештеңе емес қой, ішпей-жемей қиын екен. Үйге келе жатырмын. Әрі ойлаймын, бері ойлаймын, қалай, не боп кетті деп. Түсіне алмадым. Әлия ескерткіші туралы ойларым есіме түсті. «Елдің қызын түгендейтін мен бе?» деп нем бар еді  деп бір ойласам, «Осы менің мұсылманшылдығым да шамалы,  Құран оқытуды да білмеймін» деп қоям іштей. Жас кезімде: «Қайран, Әлия, Мәншүк! Мини юбка дегенді кимедіңдер-ау, дискотека дегенді білмедіңдер- ау! Енді мен сіздер үшін бір билеп келейінші» деп айтатын сөзім есіме түсіп, өзімнен өзім қысыла бастадым.Тірі жүргеніме кінәлі жандай жаныма бір мазасыздық , қорқыныш кірді. Қатты қапаландым. Түн ортасы ауды. Ұйқы қашты. Содан өзімді жұбатпақ болып, «Елдің қызын түгендейтін мен ғой, жазайын» деп қолыма қалам алдым. «Әлия-ескерткіш»  деген  өлең  осылайша жазылды. Ертесіне Ошта өтетін Түркітілдес халықтар поэзия форумына шақырту хабар келді. Бұл жақсы хабар көңілді қуантты. Оштан келген соң, «Әлия- ескерткіш» деген өлеңімді фейсбукка шығарып қойып ем, Ошта танысқан қырғыздың белгілі ақын қызы Алтынай Темирова өлеңімді қырғызшаға аударып, парақшасына салып қойыпты. Өзі де таңғалып, өзінен-өзі тез аударылып кетті  деп қояды. Алтынай Әлия туралы өлеңімнің демімен менің жырларымды қырғызшаға аударды. Аударма өлеңдерім Бишкекте «Жүрегім» деген кітап болып жарыққа шықты. Алтынайға аударма үшін осы «Әлия – ескерткіш» өлеңім баспалдақ болыпты. Өлең деген қызық құбылыс. Кейде жылатады, кейде жоқ жерден сенің жолыңды ашады. Мен ойлаймын:  Хиуаз да, Әлия да рухтан жаралған тұлғалар. Рух деген көктен төгілген  нұр сияқты, кейде қаталдық сияқты сынбайтын, майыспайтын. 

                               ӘЛИЯ - ЕСКЕРТКІШ

Қызғалдақтай сұлу еді ажарың,
Сен бірақ та қызғалдақтан әрлісің.
Қызғалдақтың аз-ақ күндік базары
Аз-ақ күндік өмір деген жарлы шын.

Күн де кейде жүзін жерден жасырып,
Ақша бұлттың жамылады желегін.
Дүниенің таңғажайып асылын
Табиғаттың бояуынан көремін.

Ару батыр жас тұлғасы Күн сынды,
Бүршік жарған гүл сынды,
Елі үшін мәңгі ояу жүректей
Өлмейтұғын жыр сынды.

Гүл бейнесі ескерткішке көшіпті,
Күн бейнесі шуағымен аялар.
Жыр бейнесі гүл боп жерге өсіпті.
Таң атқанда оянар.

Қара шашы,  қара көзі, маңдайын,
Жаңбыр ғана жуып өтсін дейін де.
Батыр қыздың өр тұлғасы әрдайым
Үлгі болып қала берсін кейінге.

Жан сырың бар,
Дала даусын тыңдатар,
Тұмарлардың тамшы жасы –көзісің!
Әлия сен! Тас тұғырдан тіл қатар
Қайсарлық пен сұлулықтың өзісің!

Сол Питерде. Ізің қалған қалада,
Ескерткіш боп бізге қарап тұрасың.
Ерліктерің өшпес дәйім санадан
Күнмен бірге көтеріліп шығасың...

Маржан ЕРШУ