Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

МАРЖАН ЕРШУ: "МАҢҒЫСТАУ МЕН МІНЕЗ"

 «Қаратаудың басынан көш келеді.
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді.
Мына заман қай заман? Бағы заман,
Баяғыдай болсайшы тағы заман,
Ай, Елім-ай, Елім-ай!». 
Бұл –кешегі жыр. Қазақтың жүрегінде өшпестей сақталған зар жыры.

Қазақ   басынан кешпеді? Не көрмеді бұл қазақ? От пен су да кешті, ашаршылық, нәубет те көрді. Жаны сірі қазаққа Құдайдың да өзі жар еді. Қазақ қиналғанда «Құдай сақтасын!» дейді де, «Сақтанғанды сақтармын деген Құдай» деп қарманып жүріп, өз сөзіне өзі жауап табады. Құлсарыны су басып, Жылыойдан арып-ашып Маңғыстауға көш келді. Бұл көш «қара көзден мөлтілдеп жасымен» келген қайғылы-мұңды көш. Маңғыстау жұртына мың алғыс. Қазақтың сан ғасырлық сары алтындай сақталған қазақы мінезі бұл жұрттың бойынан көшпеген екен. Бар көмегін беріп жатыр, қарсы алып жатыр жаны ашығаннан. Жылыойдан барған көшті сол жердің әкімдері бастап, елдері қоштап құшақ жайып қарсы алып, көз жастарын сүртіп жатыр. Маңғыстау облыстық әкімдігі, Бірнеше Мұнай, құрылыс компаниялары ,жеке кәсіпорын иелері , қарапайым адамдар  қаншама техникалары мен көмегін беріп жатыр. «Көмек береміз, үйде жата алмадық» деп қаншама азаматтар келіп жатыр Маңғыстаудан. Ағылған халықты таксимен тегін тасымалдап жатыр. Жылыой жері Бекет ата туған топырақ болса, Маңғыстау –Бекет атаның мәңгілік мекен төрі. Алла жар болсын. Бекет ата қолдасын. Ризамыз, саған, Маңғыстау! Көптен бері мұндай бауырмал сезімді көрмеген желі қолданушылар, әсіресе үлкендері жағы толқып, тебіреніп жатыр. «Маңғыстау-биік еуропалық денгейге жеткен ел» депті танымал кинорежиссер ағамыз бұл көріністерді көріп. Бұл түсінік қате. Бауырмалдық, жанашырлық, туыстық, адалдық, намысқойлық мінез қазақтың генінде бар. Сол сезімдердің алтын қазығы қасиетті Маңғыстауда сақталған екен. Қазақтан сөз қалған ба? «Жаны ашымағанның басы ауырмас» деген сөз сол ескі заманнан, бабалардан қалған. Отыз жылда «өсеміз, өркейеміз» деп қазақ өзінің төл мінезі, төл мәдениетінен алыстап кетті. Жаһандану кезеңінде қазақтың сол тамаша мінездері өліп барады. «Малым-жанымның садағасы, жаным –арымның садағасы» деген сөзді тұмарындай қастерлеген де қазақ.  Қазақ  өзінің төл мінезінен алыстағасын елге, жерге жаны ашымас биліктің күші артты, мойны жуандады, жұдырығы қатайды. Елді адал билеу дегенді «пайда көру» деп ұқты. Түрлі дін түрлері  ата дәстүрімізге іріткі салып, елдің іші бүлінді. Зардабын қарапайым халық көреді. Қазақтың «бас жарылса, бөрік ішінде, Қол сынса, жең ішінде» дейтін сабырлығы мен шыдамдылығы да бар. Мінезге бай халықпыз. «Дат!» дейтін  қазақ. «Датың болса, айт!» дейтін де қазақ. «Көңіліңде дат-тат болмаса, өмір ғажап» дейтін де қазақ. «Бар табылар, жоқ кетер» деген де қазақ. «Бірлік барда, тірлік бар» деген де қазақ. Атақты түркітанушы ғалым Қоңыр Иштван Мандоки: «Қанша елді араладым, бірақ қазақтай халықты көргенім жоқ. Қазақтың ата дәстүрінде бір жаман дәстүр жоқ» деген екен. Өкініштісі, алтын арқаулы дәстүрімізді бүлдіріп жүрген де сол қазақтың кейбір кері кеткен тұқымдары. Байлық та жақсы, барлық та жақсы. Қазақтың қазақ болғаны да жақсы.

«Допша тепкен арлыны,
Мазақ, мазақ! Қай мазақ?!
Жақтырмайтын жарлыны
Көбейіп тұр бай қазақ.

Байы- байы, қазағым,
Кірің кетпей қолдағы.
Сол байлықтың азабын
Тартпасаңыз болғаны.

Ауысқанды өзіңнен,
Бөліп берсең кедейге.
Олар асқан сезіммен
Сені Құдай демей ме?!»

«Қазақтың байлары көбейді» деген мақтан сөз бар. Қиналған елге көмек берер, жылағанның жасын сүртер байы көбейсін қазақтың. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын билікшілер көбейсін қазақта. 
«Қандай дауа қопыраған қоғамға?
Неғыл дейсің запыранды заманда.
Еңсе көтер! Есіңді жи! Жоғалма!
Бәрі, бәрі кездеседі адамда». Бұдан артық не дейін?! Сөзімменен демейін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Мамыражай күн келіп тезірек келіп, ел-жұртты қуанышқа бөлесін деп тілек тіледім.

 

Sarayshyq