Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маркиза БАЗАРБАЙҚЫЗЫ: «Айтпасаң, сөздің атасы өледі...»

Қайын апам бақилық болды. Өмірдің заңы. Кім жалған дүниеге мәңгілік тұрақтаған?! Бәріміз де бір Алла Таағаланың алдына барамыз. Мен де. Сен де. Ол да...
   Кеше құран оқытып, жүз күндік асы берілді қайынбикемнің.
Күйеуім марқұм қызғаншақ еді, жарықтық. Сондықтан өзіме мінезі, сөзі, әдебі ұнаған ұрғашыны  «мына кісі - сіздің рудан, апайымыз болады екен, ал мына қыз бала - қарындасыңыз болар» деп, жалғызілікті жарымның жан- жағын апа-қарындасқа «толтырып» тастайтынмын.  Олар да өз кезегінде: «Әй,қатын (яғни,   мына мен), менің ініме (яғни,  байыма) ауызыңды ашпа, біліп қойсам оңдырмаймын!» деп, өтірік қоқан-лоққы көрсетіп,сыйластықпен жүріп жаттық. Алдап-сулап, ақылмен, парасат-пайыммен ер азаматтың қол күшін, шеберлігін бәріміз ортақ пайдаландық. Біз деп отырғаным - мүгедек қыз-келіншектер. Ол кезде балалар жас. Ауыр көтере алмаймыз, кран жөндеу қолдан келмейді. Көмірді шошалаға кіргізу және басқа да ауыр жұмыстарға қол күші керек болмайтын жер бар ма? Ол дәурен де көзімізден бұл-бұл ұшты. Бір-бірімізбен септесіп, біріміздің жанарымыздағы жасты екіншіміз сүртіп, біріміздің көңіліміздегі мұңды тағы біреуіміз сейілтіп, бір-бірімізді қолдап жүріп, ұл-қыздарымызды өсірдік, өндірдік, адам асыл еттік. Соңымызда қайран жастық «қош» деп айтуға да үлгірмей қалып қойғанын есіміз кіріп, етегімізді жинағаннан кейін барып бағамдадық. Шүкір, ұл ержетті, қыз бойжетті, оқыды-тоқыды, қатар құрбыларынан кем қалмады, дипломдарын алып, жұмысқа орналасты. Мүмкін, қатарластарынан көрі ертерек есейген шығар. Өйткені, олардың анасы, біз – еңбекке мүмкіндігі шектелген, ғаріп аналар едік. Сөйтіп жүріп, қысқа жіп күрмеуге келмей, жүйрік уақыт зырлап өтіпті. Күні кеше алшаң басып жүрген менің жұбайым, отағасым да бақилық болды. Оған да төрт жыл болып қалыпты-ау... Жас кезде байқамайды екенбіз, егде тартқан сайын сыйласқан, бірге жүрген, бір ортада өсіп-өнген қимас жандар жалған дүниемен қоштасып, барзақ әлеміне аттана бастайды екен. Міне, күні кеше бірге жүрген қайынбикеміздің де келместің кемесіне мінгеніне жүз күн болып қалыпты-ау... Осындайда көмейіңе ащы өксік тығылып, көзге ащы жас толатынын қайтейін!
  ...Бүгін дастархан басында еркек-әйелі бар, әйтеуір адам толып отыр. Бұлар - ... менің қайынбикемнің туыстары, ал  мына ас беріп жатқан қыздың нағашылары екен!
Осы қалада баяғыдан бері тұрады! Анасынан айырылып, қайғыдан көкірегі қарс айырылып, қабырғасы сөгіліп жүрген қызға «ақыл» айтыпты! «Біз ата салтты ұмытпауымыз керек! Қайтқан кісінің жүз күндігін беру керек!»
  Ал, өздері бір тойға жиналғандай дабұр-дұбыр. Тіпті менің қаншаға келгенімді сұрап, жасыма дейін тергеп... Парықсыз пенделерге не айтарсың!
Ой, Алла-ай. 
Шыдамадым. Дастарханға отырып, іштеріне аздап ел қонған соң:
-    Осы жерде мен ғана Мәкеңнің туысы емес екенмін, қызым шақырған соң әдейі келдім естелік айтайын деп... Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Елеп-ескеріп, құранға, асқа келген сіздерге сауаптан жазсын. Құдайға шүкір, бар екенсіздер, нар екенсіздер! Бірақ Мәкең дүниеде бар кезінде, көзі тірісінде араласып-құраласып, таныспағанымыз, әрине, өкінішті! Бірақ ағайын деген сол, естеріңізге алып келіп отырсыздар. Бәрі де естеріңізге түсіп жатыр... Ал, кімнің есінде он төрт жасында кім не айтты? -  ширығып отырғаным сондай, дауысым бұзылып шықты. Ел ауызын ашып, бұл не дегелі тұр дегендей, аузыма қарап аңқайды. 
-    Осы балалардың әкесі өлгенде мына анасының жүз күндік дұға дастарханын жасап, шапқылап жүрген Айжантай бар болғаны он төртте болатын. Шешесі, яғни ,мына сіздердің біреуіңе - апай, біреуіңе – қарындас болып келетін Мәкең өздерің білесіңдер, үкіметтің жәрдемақысымен ғана күнелтті. Жамбасынан қозғала алмайтын. Жұбайының қазасында егіліп тұрып жылады, жұбанбады. Кеше келсем де, бүгін келсем де – сол жылау. Өмірдің алдындағы қорқыныш. Шарасыздық. «Қой, есіңді жина!» десем...,болмайды. Иә, жоқтау айту керек, жардың, балалардың әкесінің орны бөлек. Сосын бір күні ұрыстым күйеудің апасына: «Жыла! Осылай жыла да отыр! Мына арты жетіде, алды он төрттегі балаларың осылай сенімен бірге жыласын. Сен көз жасыңды төгіп отыра берсең, бұларды кім асырайды?! Сосын осылай құшақтасып отырып өліңдер! Басқа не қалды. Жыла!» 
       Кейін айтты апайым: «сенің сол сөзің есімді жиғызды» деп. Иә, «дос –   жылатып айтар, дұшпан – күлдіріп айтар» деген ғой! Көрген сайын айта жүріп еді, жарықтық.
Сол кезде жаңағы он төрттегі Айжантай анасын құшақтап: «Мама, жыламашы! Өзім асыраймын! Мына оқуымды бітіріп алайын. Сосын өзім асыраймын!»
Біз тек сол қызымыздың алаңсыз оқуына жәрдемдесуге тырыстық...
      Ал, кімнің есінде он төрт жасында берген уәдесі?! Сол бір қаралы, жүректері жаралы күндерде анасына берген уәдесін ұмытпай, отбасына, өзі туып, өсіп-өнген ұясына қамқорлығын әлі күнге жалғастырып, екі інісін оқытып, сәтсіз болса да аяқтандырып, сосын өзі де қызыл дипломмен бітіріп, тәуір қызметке тұрып, анасын ақтық сапарға өз қолымен жөнелтіп,  енді, міне, нағашылары «еске салған соң» жүз күндігіне де дастархан жайып, бір жастан енді асқан сәбиін қолтығына қыстырып шапқылап жүрген Айжантайым-ай!
Кафеде, соңғы үлгіде сәндеп жайылған дастарханда құс сүтінен басқаның бәрі бар. Тек «мейірім, шапағат пен қамқорлық жоқ па?» деп жүрегім қысылды.
-    Айналайындар, Алла ниеттеріңді қабыл етсін. Бір ошақтың үш бұтындай бірліктеріңе шашау түспесін. Берік болыңдар. Қарағайдай қаптаған нағашыларың бар екен. Әкеңнің қарындасы да оқуын осы үйде жүріп оқыған екен. Ол да - ет жақының. Енді бас құрап үйленіңдер! Жалғыздық бір Аллаға жарасқан. Пенде өз міндетін атқарып, артында ұрпақ қалдыруы қажет. Айжантайдың қолын ұзартыңдар.  Оның өз ошағы, өз отбасы бар. Аз ғана үлкен болса да осы кезге шейін перзенттік борышын адал атқарды. Қара ормандай самсаған нағашы, бауырмал жұртың қасыңда екен, енді не қам бар?!
Тыңдады бәрі. Біреуі түсініп тыңдады, біреуі түсінбей тыңдады, біреуі жүрегімен тыңдады, біреуі тек назарын ғана бұрды, енді біреуі «осындай сөз неге керек?» дегенді көзқарасымен, қабағымен аңғарта отырып тыңдаған болды. Ал, мен айттым, сөйледім. Олардың тек бүгін ғана туған екені естеріне түсіп отырған Мәкеңнің өмір бойына қалай қиналғанын, қинала жүріп есін жиғанын, үш баланы адам етем деп өзінің дімкәс өмірін сарп еткенін айттым.

«Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!» деп Махамбет бекер күңіренді дейсіз бе?!
Олай болса, бір-біріміздің қадірімізді тірлікте біліп, сыйласып, қамқорлық жасап жүргенге не жеттсін?! Ал, өлгеннен кейін жылайтын адам табылады. Көмусіз қалған адамды көрген ешкім жоқ! Көрші бар, көлем бар дегендей, ақ жуып ақтық сапарға аттандыратын адам табылар... Қара ормандай халық аман болсын! 
...Дегенмен, ас тарқап жатқанда да бір нағашы әзіл айтып үлгірді. 
Пәруайсыз  пенделер-ай, не дейін...

 

Sarayshyq