Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Заря ЖҰМАНОВА: "СУРЕТШІ" (Әңгіме)

Мен онымен кездейсоқ таныстым. Бас редакторым шақырып алып, маған оның телефонын берді де:  «Тасада жүрген таланттарды тауып, ел ішінде елеусіз жүрген осындай өнер адамдарын насихаттау керек! Журналдың кезекші редакторы  ретінде, осы жігітпен хабарласып, біздің журналға бірнеше көркем суретін сұрап алыңыз!» деді, әр сөзін қазықтай қадап тұрып. Сол күні-ақ, «тасада жүрген талантты» телефонмен тауып алып, биттің қабығындай жұқалтаң, жылтыр журналымызды безендіруге оның иллюстрациялары ауадай қажет екенін айттым. Суретші көпке дейін тілсіз қалды.
Ертеңіне үстіне жуа-жуа жағасы  созылып кеткен ақшыл футболка, тізесі шығып кеткен көгілдір джинсы шалбар киіп, ыстық күнде мойнына алабажақ жіптен тоқылған, ұзын шарф ораған, қой көзді, қоңырқай өңді, желке шашы күркетауықтың құйрық жүніндей күдірейген,сұңғақ бойлы  суретші  жігіт редакциямызға жетіп келді.  Ол, азан шақырып қойылған  Ғибрат деген өзінің тым тәуір атын емес, бертін келе  өзі ойлап тапқан  Генри деген  лақап атын ұнатады екен. 
- Генри дейсіз бе? Генри! Ген-ри! Қызық екен!-деп, таңғала бас шайқадым.
- Күндердің күнінде әлемге танымал тамаша суретші болсам, «Ғибрат» деп былжырап тұрғанның несі жақсы? «Ғ» әріпі бар қазақша атыма шетелдіктердің тілі келмейді ғой. «Генри» деген есімге елдің құлағын осы бастан үйрете берейін. «Генри» деген - жазуға да, айтуға да қолайлы емес пе?! -деді ол, өзінің кемел келешегіне сенімді үнмен. 
  Түрлі-түсті кітапшаға топталған суреттерін ақтарып шықтым. Классикалық канондарды қатаң сақтай отырып жазған туындыларының басым көбі – жылдың әр мезіліндегі табиғат көріністері екен. Ара-арасында жартылай жалаңаш қыз-келіншектердің портреттері де кездесті.  Жалпы, жұрттан асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Ғибрат алғаш қолына қыл қалам ұстағаннан бері, өзі шабыттана суретін салып жүрген қазақтың кең жазира даласы сияқты,  шетсіз-шексіз бейнелеу өнері атты әлемнен ойып тұрып  өз орынын алуды армандайтынын да жасырмады.  
- Құр армандап жүре бергенше, жыл сайын өтіп жатқан әртүрлі суретшілер байқаулары мен сурет көрмелеріне қатысып, бағыңызды сынап көрмейсіз бе?-дедім, жанашыр ниетпен.
- Қатысуымда кемдік жоқ. Алайда, ұсынған жұмыстарым  жюрилердің көзіне бір ілікпей-ақ қойды,- Ол терең күрсінді. 
– Ұсынған суреттерім қандай керемет болса да, жеңіс мені үнемі  сырт айналып өтеді. Шыдамның да шегі бар емес пе?! Бір күні жанартаудай жарылмасам жарар еді! -дегенді қосты біраз үнсіздіктен соң.
- Қойыңыз, жарылғаны несі? Одан да ішіңізге жиналған дүниенің бәрін бояу тіліне көшіріп, шеберлігіңізді жетілдіре түсіңіз. Бір күні Сіздің де жүлделі орындарға қолыңыз жетер,-деп жұбаттым оны.
 - Енді ойын ережесін өзгертуім керек.
 -Қалай, қайтып өзгертесіз? 
- Аяқ астынан ойыма ештеңе кірер емес, -деп, суретші жігіт шынын айтты.
 Арада екі-үш апта өткен соң редакцияға телефон шалып, бізге берген суреттері журналға қашан шығатынын сұрады. Негізі, оның мақсаты   -  журнал шығатын уақытты сұрау емес,  өзінің жаңалығын біреумен бөлісу екенін ішкі түйсігім дөп басыпты. Оның өрекпіген дауысынан бір сұмдық өзгерісті сездім.
- Редакцияға барып келген соң,  неге екенін өзім де білмеймін, тұлабойымды бір алапат сезім биледі. Жан-жағымды жайпап, қолыма іліккен нәрсенің бәрін лақтыра бастадым. Кенет көзім өткен жылғы бәйгелердің бірінен жүлдесіз оралған туындыма түсті. Шеберхананың бір бұрышында көптен бері шаң басып  тұрған. Осы жасқа келгенше ерен еңбегімнің еленбей жүргеніне, қандай  бәйгелерге қатыссам да елдің соңында шаң қауып қалатыныма, тума талантымды мойындайтын ешкім жоғына тап осы шығармам айыптыдай, бар өшімді содан алып, аямай бүлдіріп тастадым,-деді ол масаттана күліп.
- Бүлдіргеніңіз қалай? Ол суреттің не жазығы бар еді?-деп шошып кеттім.
- Аппақ қары көз қарықтырған асқар шыңдардың үстіне  ескі калькуляторым мен қолдан-қолға өтіп, мыж-мыжы шыққан  қағаз ақшаларды желімдедім. Кең жайлауда мал бағып жүрген шопанның бетіне – хиппи  маскасын жапсырып, ал ол мінген аттың сирақтарына ала-құла, өкшесі тесілген, ескі шұлықтарымды «кигізіп» қойдым. Жайлау таңының  кенепке көшірген көрінісі барған сайын сурет сиқынан айрыла түсті. Өзім жасаған хаостан қатты шабыттанғаным сонша, ақ  жұмыртқадай аппақ киіз үйлердің сыртын «граффиттимен» әбден шимайладым,-деді ол екілене.
- Граффити дейсіз бе ? –Талай естіп жүрген сөзім болса да, оның не екені қапелімде ойыма түсер емес.
- Ала-ғұла, қиқы-жиқы, ірілі-кішілі жазуларды «граффити» деп атайды. Өзіңіз де көп қабатты  бетон үйлердің сыртынан талай көрген боларсыз? Әсіресе, қаланың шет жақтарындағы ескі микрорайондарда жиі кездеседі ғой, -деді ол тәптіштей түсіндіріп. 
- Ия, сонымен?- Мен оның әңгімесінің соңын күттім.
- «Ал, кәне, осыған жүлде бермегендеріңді көрейін!» -деп, әлі желімі кеуіп үлгермеген «жынды туындымды»  дүбірлі бір сайысқа салдым да жібердім,-деді ол елден ерекше бір ерлік тындырғандай болып.
- Бармақтай бақ тілеймін сізге! –дедім оған шын пейіліммен.
- Неге бармақтай? Одан көпті маған қимай тұрсыз ба?-деп өкпеледі ол.
-«Ат шаппайды, бап шабады; бап шаппайды, бақ шабады», «Таудай талабың болғанша, бармақтай бағың болсын» деген сөздерді өмірі естемеген сияқтысыз ғой?!-дедім сәл қитығып. Ол үнсіз қалды. Сол үнсіздік ұзаққа созылды. Ол орынды-орынсыз сұрақтар қойып, енді қайтып мені мазаламайтын болды.  Көп ұзамай, журнал шықты. Мен жоқта Ғибрат редакцияға келіп, өзінің суреттері шыққан журналды алып кетіпті. 
Бір күні теледидардан кешкі жаңалықты қарап отырсам, суретшінің таныс дидары көзіме оттай басылғаны. Мәссаған! Жарнамасының өзі жарты әлемді жалт қаратқан атышулы бәйгеде Ғибраттың, жо-жоқ Генридің әлгі алапат ашумен бүлдірген дүлей дүниесі бас жүлдеге ие болыпты. Өз құлағыма сенер-сенбесімді білмедім.  Есуас біреудің қолынан шыққандай  жындысүрей суретті телеоператорлар әр түрлі ракурста көрсетіп жатты. Супер-заманауи  жаңалықтарға жаны құштар; ақылға симайтын туындылар көрсе, ауыздарының суы құритын, талғамы нәзік, талабы биік қазылар алқасы  жас суретшіні көркем сурет өнерінің ғасырлар бойғы қалыптасқан  мызғымас дәстүрлерін бұзуға батылы барған кемеңгер деп  бағалапты. Ал бас жүлдегер тілшілерге берген сұхбатында ең әділ өткен бәйгеде бағы жанғанын, енді таяуда шетелге барып, жеке көрмесін өткізетінін айтты.
Ертеңіне жұмысқа барсам, бас редактор апай мәз: «Менің момын қайным үндемей жүріп, Айды аспаннан бір-ақ шығарды!.. Сүйінші хабарды естігенде, таңғалғаннан талып қалып, жарты сағат жатыпты,»-деді. Міне, содан бері он шақты жыл өтті.  Генридің талантына бас иетін жастар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.                              

 /20 ақпан 2024/
        
 

 

Sarayshyq