Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман НАҒЫМОВ: «Алашордашыл мұғалімдер тағдыры»

Осы мақаланы жазуды жоспарлағанда, мен қатты ойландым. Біз, осы жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп келе жатырған қазақ халқының өкілдері тарихтан сабақ алуды ең болмағанда бір сәт ойладық па, ойласақ, біздің қоғамның қазіргі өкілдеріне пендешіліктен, құлқынның құлы болудан, көрсеқызарлық пен дарақылықтан, пайдакүнемдік пен парақорлықтан арылудың жолын іздестірген жөн-ау, сірә?! 

Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жанша мен Халел басшылық етіп құрған Алашорда үкіметінің мұраты - шаруашылығы мейілінше дамыған, елі білім мен ғылымды игерген, отарлық езгіден біржола құтылған, заң мен әділдік үстемдік ететін қазақ мемлекетін құру болатын. Міне, осы асыл мұратты орындау жолында олар өздерінің  өмірлерін құрбан етті. Алаш идеясымен қаруланып, туған халқына қызмет еткен біздің бірқатар жерлес ұстаздарымыз да құрбан болды. Біз, сол асылдарымыздың мұратын неге тәрк етуге тиістіміз, айтыңдаршы? 
Енді тақырыптың тікелей өзіне көшетін болсақ, Батыс Алашорда – ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан аймағында орнаған ұлттық-мемлекеттік пішіміндегі автономиялық құрылым. 1918 жылы қыркүйекте Уфа Директориясын құру мәжілісіне Алашорда үкіметі тарапынан 12 делегат қатысты. Олар 11-қыркүйекте автономиялық үкімет төрағасы Ә. Бөкейхановтың және Халел, Жанша Досмұхамедовтар (Орал), Б.Құлманов, У.Танашев (Бөкей ордасы), С.Досжанов (Орынбор), Е.Тұрмұхамедов, Б.Жанқадамов (Ақтөбе), сондай-ақ, А.Бірімжанов (Торғай), Ә.Ермеков, М.Тынышбаев (Жетісу) сияқты үкімет мүшелерінің қатысуымен төтенше мәжіліс өткізді. Мәжілісте Алаш автономиясының жергілікті басқару жүйесі туралы мәселені талқылап, бұрынғы «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін тарату, оның орнына Алашорданың батыс бөлігін құру туралы шешім шығарды. Ол ресми түрде «Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше» деп аталды. Оның төрағалығына Ж.Досмұхамедов сайланды. Алашорданың батыс бөлігінің әкімішілік құзіретіне  бұрынғы  «Ойыл уәлаятының» жеріне қоса Бөкей ордасының, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің (Торғай обл.) және Маңғыстау уезінің аумағы кірді. Яғни, Уфа мәжілісінің шешімінен кейін бұрын «облыстық қазақ комитеті», «Ойыл уәлаяты» аталған Күнбатыс алашорданың жер аумағы екі есе өсіп, тұрғын халқының жалпы саны 1,5 млн адамға жетті. 
Алашорданың батыс бөлігі Батыс Қазақстан аймағын Орталық Алашорда үкіметінен түсетін маңызды әрі принципті нұсқаулар негізінде басқаратындығы, сондай-ақ, төтенше жағдайларға киліккен, не Орталық Алашордамен арадағы байланыс үзілген жағдайда оның үкімет құқыларын иеленетіндігі де атап көрсетілген. Алашорданың батыс бөлігінің құрылған  кезі Жайық өңірінде Азамат соғысының асқынып, өлке тағдыры қолдан-қолға өтіп тұрған кезең еді. Осы кезеңді зерттеуші кейбір тарихшылар Досмұхамедовтер ұйымдастырған «халық милициясының» құрамын ғана есепке алып, «Батыс Алашорда үкіметінің екі мыңдай әскері болды» деген пікірге ғана табан тіреп келді. Шын мәнінде, сол кезде Бөкей ордасының Жаңақала, Қазталов аудандары маңында Б.Құлманов басқарған үлгілі қазақ кавалерия бригадасы, Жайықтың оң жақ бетінде – Теңіз округі жерінде, сондай-ақ Жылой, Рәкөш маңында Әубәкіров, Меңдіқұлов, Мұқан Көздекенов басқарған, Кетік (Форт-Александровск) қаласында Қадырбай Есмағамбетов, Әбуғали, Тәжіғали Таңқыбаевтар басқарған алашордашылар жасақтары құрылған. Кейін осы қызметі үшін мұғалімдер Қадырбай Есмағанбетов пен Тәжіғали Таңқыбаев Кеңес үкіметі тарапынан қудаланған. Сондай-ақ, алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен. Тіпті, қазақ ауылдарын «ақ» пен «қызыл» атанған әскерилердің талап-тонауынан қорғап қалу үшін атқа қонып, Нарын құмында белсенді іс-қимылмен аты шыққан әнші-композитор Өтеғали Арыстановтың жасақтары да алаш сарбаздарымен мұраттас қарулы топтар еді. 1919 жылы 30 наурыз – 13 желтоқсан аралығында  Орал облыстық ревкомы ұлт істері жөніндегі бөлім қызметкері Қ.Тәтібаев Алашорданың батыс бөлігін қызылдар жағына тарту мақсатында Досмұхамедовтердің ставкасына бірнеше рет келді. Бұл кезде Қызыл Армия Шығыс майданда жеңіліске ұшырап, уақытша шегініп  бара жатқан еді. Сондықтан, Жанша мен Халел бастаған топ обләсревкомының (Б.Қаратаевтың) хатына да, мәскеуден келген телеграммаға да екіұшты жауап беріп, большевиктер жағына шығу туралы шешім қабылдауды кідірте тұрады. 
1919 жылы қазанда Қазревкомның кеңейтілген мәжілісінде Байтұрсыновтың табанды ұсынысымен «қазақ халқын біріктіру» және Кеңес өкіметі жағына шыққан жағдайда, Қызыл Армияға қарсы күресіп жатқан Алашорданың батыс бөлігіне кешірім жасау мәселесі қаралды. Осыған орай, Түркістан майданының саяси бөлімі Күнбатыс Алашорда әскерлерінің арасында «Кеңес өкіметіне сенімсіздік жойылсын» деген үндеу парақшаларын таратып, кеңес өкіметін толық мойындап, қызыл армияға көмек көрсеткендерге толық кешірім жасалатындығын хабарлады. Бірақ, азамат соғысында басымдыққа жетіп, өздерін жаңа дүниенің қожасы сезіне бастаған Кеңес өкіметінің өкілдері енді Алашорданың батыс бөлігінің жетекшілерін менсінгісі келмеді. 
1919 жылы қарашада Жымпиты қаласында өткен жиында Жанша ел ішіндегі саяси ахуалға талдау жасай келе, Күнбатыс Алашорданың орталығын Ойылға көшіру жөнінде шешім қабылдады. Әуелі Ойыл қаласына, кейін Қызылқоғаға ту тіккеннен кейін өздерінің үзілді-кесілді берілуін талап еткен большевиктер үкіметінің талабына бірден келісе қоймай, тең құқылы қарым-қатынас орнатуға талпынды. Өздерінің халық сайлаған заңды үкімет екендіктерін алға тартып, Қызылқоғада бекінген ақ гвардияшылардың бөлімшелерін бірлесе  талқандау жоспарын ұсынды. 
1919 жылы 27 желтоқсанда Күнбатыс Алашорда әскерлері Қызылқоғаның «Райгородок» ауылна орналасқан Елек корпусының штабын басып алды. Генерал Акутин бастаған ақ офицерлерді 500 казак-орыс сарбазымен қоса тұтқындады. Екі күн бойы оларды құтқармақ болған казак-орыс әскерлерімен шайқасты. Қызылқоғаға кешігіп жеткен Қызыл армия бөлімдері Алашорданың Батыс бөлігінің әскери бөлімін таратуға кірісті. 1920 жылы 12 қаңтарда 1-Қызыл Армия ревкомының уәкілі Наумов, Қазәсревком уәкілі Бегімбетов, Күнбатыс Алашорда бөлімінің төрағасы Жанша Досмұханбетов  дала жұртын Кеңес өкіметі тәртібіне бағынуға шақырды. Бірақ, Кеңес өкіметі өкілдерінің астамшылығының кесірінен алашордашы қайраткерлерге кешірім беру мәселесі бірнеше айға созылды. Ақыры, ұзақ дау-дамайдан соң Қазәсревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысына сәйкес Алашорданың батыс бөлігі таратылып, оның белсенді басшылары  - Жанша мен Халел, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов, Беркінғали Атшыбаев «халықтан оқшауландыру» мақсатымен Ресейдің орталық губернияларына жер аударылды. 
Алашорданың батыс бөлігінде қазіргі Қызылқоға ауданының территориясында жұмыс істеген Қаракөл, Қарабау, Кермеқас «Қызылүйлерінің» бірқатар мұғалімдері қызмет еткен. Оны Атырау облыстық мұрағатының материалдары дәлелдеп отыр. Мысалы, облыстық мұрағаттың №334 қорының, 1-тізбегінің, 26-ісінде «Ерекше кұпия» айдарымен 1937 жылдың 13 сәуірінде Гурьев округтік атқару комитетінің Төрағасы Орынбаевтың Гурьев округтік оқу бөлімінің бастығы Цаллаговқа хаты сақталған. Сол хатта Гурьев қаласында жұмыс істейтін мұғалімдердің арасындағы «кеңестерге қарсы өзге элементтердің» тізімі жолданып, оларға қатаң шаралар қолдану жіті тапсырылған. Сол тізімдегі мұнай техникумының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Есмурзин Өмірзаққа, Өстеміров Аманғалиға, Ұйықов Адамбекке, Шонбасов Мұқамбетжанға, Есмағанбетов Қадырбайға, Танкыбаев Тажиғалиға, Мунянов Құсайынға, Ибрашев Қазмұқашқа бұрыңғы алашордашылар деген айып тағылған. Аталған мұғалімдердің арасынан Ибрашев Қазмұқаш пен Есмурзин Өмірзақ 1937-38 жылдары «үштіктің» шешімімен атылды. 

                                                       Қуғын-сүргін құрбандары
  Ыбрашев Қазмұқаш 1894 жылы Гурьев облысы Қызылқоға ауданының №24 ауылында туған. Халық мұғалімі. 1914 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіріп өзінің туған жерінде, кейін Гурьев қаласында мектептерде мұғалім болып еңбек еткен. Соңғы істеген Гурьев балық консервкомбинаты жанындағы фабрика-завод училищесінің оқытушысы болып жүрген кезінде ішкі істер басқармасының үштігінің отырысымен РСФСР ҚК-нің 58-3 статьясы бойынша айыпталып, 1937 жылдың 2-ші қазанында өлім жазасына кесілген. Гурьев облыстық Соты Президиумының 1958 жылғы 20 қазанындағы қаулысымен ақталды. Ибрашев Қазмұқаш Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары халық ағарту ісін ұйымдастырушылардың бірі бола отырып, бұл саланың дамуына зор еңбек сіңірді. Алашорданың батыс бөлімінің белсенді мүшесі болған. Тәжірибелі мұғалімді Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Батыс Алашорда үкіметінің халық ағарту бөлімі меңгерушісі етіп тағайындаған. Алашорда таратылғаннан кейін Қазмұқаш Ибрашев Совет үкіметінің халық ағарту саласына байланысты жүргізген барлық пәрменді шараларына белсенді араласқан мұғалімдердің бірі болды. Ол  мектептердің түрі мен оқыту мазмұнын өзгертуге байланысты жұмыстарға белсене қатысты. Сонымен қатар Қазмұқаш Ибрашев сауатсыздық пен шала сауаттылықты жою жөнінде жұмыстарға қатысып, «культармейліктер» қатарында болды. Жалпыға бірдей бастауыш білім беру жөніндегі өлкелік партия комитеті шараларын іске асырушылардың бірі болды. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Гурьев уезінде құрылған көмек комиссиясының жауапты хатшысы болып істеп, мыңдаған адамдардың өмірін ажалдан алып қалғандығы туралы Атырау облыстық архивінде мәліметтер сақталған.


 Өкініштісі,  осындай ауқымды жұмыстарды атқарғанына қарамастан халық мұғалімі облыстағы он мұғалімнің бірі болып 1937 жылы атылып кетті. 1958 жылы Ибрашев Қазмұқашты ақтаған Гурьев облыстық Соты Президиумының Қаулысында көрсетілгендей, мұғалімге небір ақылға сыймайтын пәле-жәлелер жабылған. Мысалы Ибрашев Қазмұқаш 1922 жылдан бастап Сағыз елді мекенінде Совет үкіметін құлату мақсатында құрылған көтерілісшілер ұйымының мүшесі болыпты-мыс. Үштік жауаптаған кезде Ибрашев өз айыбын үзілді-кесілді мойындамаса да, бәрібір ол кісінің өмірін қиған шешімді шығарып тынған.
1922 жылы Совет үкіметі әбден күшіне ене бастаған кезде, сол үкіметке барлық білімін, ынта-жігерін салып еңбек етіп жүрген адамның бірден «жауға» айнала кетуі мүмкін еместігі айдан анық болса да жазалаушы машинаның дөңгелегі бір айналғасын оны тоқтатуға ешкімнің де шарасы жетпеген еді.
Ибрашев Қазмұқашқа 1937 жылы облыс мектептерін аттестациялау қорытындысы бойынша «Орта мектепке еңбегі сіңген мұғалім» атағы берілген екен. Алайда көп ұзамай Ішкі Істер Комиссариатының шешімінен айыпталып, жазықсыздан жазықсыз атылып кетті. Осыны ескеріп, Ибрашев Қазмұқашқа облыс орталығынан немесе өзі туған ауданындағы селолардың бірінен көшенің немесе мектептің атын бергенді жөн деп санаймыз.
     Есмурзин Өмірзақ 1896 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ  ауданының 16-ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Өзі анкетада көрсеткендей, тәркіленген бай жанұясында туған. 1919 жылы Орынбор педагогикалық училищесін бітіріп, облыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. Алашорданың батыс бөлімінде еңбек еткен.


Ішкі істер халық комиссариатының Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасы үштігі 1938 жылы 14 ақпанындағы өз шешімімен Есмурзин Өмірзақты 58-2, 58-10, 58-11 статьялары жиынтығымен Алашорда тобында болды, Қазақстанда ұлттық кадрлар дайындау ісіне зиянкестік жасады, мұнай техникумы оқушылары арасына алашордалық идеяларды енгізді, қазақтар мен орыстар арасына ұлтаралық араздықты қоздырды, фашизмді мақтады деген сияқты небір жантүршігерлік айыптар тағып өлім жазасына, атуға кескен. Шын мәнісінде бұл айыптардың бәрі қолдан жасалған, ешқандай негізсіз, жалған айыптар болатын. Олардың сондай екенін Есмурзин Өмірзақтың 1938 жылы қазаға ұшырағанға дейінгі жарқын өмір деректері дәлелдеп отыр. Халық мұғалімінің еңбек жолы жөнінде Атырау облыстық мұрағатында бірсыпыра құнды деректер сақталған. Облыстық мұрағаттың 131-қорында Гурьев округтік оқу бөлімінің инспекторы Есмурзин Өмірзақтың 1927 жылы мамыр айындағы Доссор және Қызылқоға аудандары мектептерін тексеру қорытындысы туралы жазбалары сақталған. Онда аудан мектептерінің материалдық базасы, мұғалім кадрларымен қамтамасыз етілуінің жайы, оқушылардың үлгерімі мен білімдерінің сапасы жөнінде жоғары деңгейде педагогикалық анализ жасалыпты. Бұдан басқа да архивтік деректердің арасында 1935-1938 жылдары жүргізілген мұғалімдерді аттестациялаудың барысында қала мұғалімдері Есмурзин Өмірзақ пен Ибрашев Қазмұқаш екеуіне жақсы көрсеткіштері үшін әуелі орта мектептің еңбегі сіңген мұғалімі атағын беру туралы шешім шығарылып, кейін 1937 жылы екеуін де «халық жауы» болғандары үшін атақтарын алып, жұмыстан шығарып тастаған. Иә, әділетсіздік мұғалім үшін аз болмаған. Жазалаушылар мұғалімнің жеті баланың әкесі екендігіне де (алды 16-да, ең кішкентайы 6 айлық), ұстаздың отан алдында сіңірген еңбегіне де қараған жоқ. «Аққа құдай жақ» дегендей, Есмурзин Өмірзақ 1957 жылы 24 қаңтарда Гурьев облыстық Соты Президиумы Қаулысымен толықтай ақталды.
Тізімде көрсетілген Қадырбай Есмағанбетов пен Тәжіғали Таңқыбаев алашордашыл жасақтарды басқарған. Ол жөнінде «Алаш» энциклопедиясында жазылған. 
Алашорда үкіметінің жұмысына әсіресе Есбол «Қызылүйінің» түлегі, облыстық бірқатар мектептерінде ұстаздық еткен, кейін Қазақ ССР-нің халық комиссары дәрежесіне дейін көтерілген Асфендияр Кенжин ерекше еңбек сіңірген еді. 
Репрессия құрбаны Асфендияр Кенжин туралы біз не білеміз? А.Кенжин Гурьев уезі, Ракуша елді мекенінде 1887 жылы туған. Қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының, Батыс Алашорданың юелсенді мүшелерінің бірі. Есбол «Қызылүйін», Гурьевтің орыс-қазақ училищесін, Орынбор мұғалімдер семинариясын бітірген.
1917-19 жылдары «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі жұмысына белсене ат салысты. Темір уездік земство басқармасының төрағасы, Алашорданың Торғайдағы әскери кеңесінің мүшесі болды. Бірінші Жалпықазақ съезі Кенжинді Бүкілресейлік оқу комиссиясына қазақ халқының өкілі, екінші жалпықазақ съезі Алашорданың Ұлт кеңесіне кандидат етіп сайлады. Кенжин 1918 жылы қаңтарда өткен Орал облысы қазақтарының Қаратөбе съезінде «Ақ жол» атты партия құрушылардың бірі болды. Алашорданың мәмілегерлік қызметін атқарып, ақтармен, қызылдармен келіссөз жүргізді. 1920 жылы құрылған Қазақ өлкесін зерттеу қоғамын ұйымдастыруға қатысты. 
1920 жылы РК(Б)П мүшелігіне кіріп, оның Қазақ өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақ АКСР-нің халық ағарту комиссары (1921-22), саудакомиссары, Қызылорданы республика астанасына айналдыру жөніндегі үкіметтік комиссияның төрағасы, Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Семей ет комбинат құрылысының бастығы, КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы Дайындау комитетінің Түрікменстандағы уәкілі, Орынбор «Облтерідайындау» мекемесі директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Саяси қуғын-сүргінге ерте ұшырап, үш рет (1921, 1932, 1936) партия қатарынан шығарылды. «Халық жауы» ретінде айыпталып, қаза тапты. 
Сонымен қатар, біздің білетініміз 1937-1938 жылдары «халық жауы» деп айыпталғанға  дейін Алашорданың батыс бөлімінің белсенді мүшелері Есмурзин Өмірзақ, Ибрашев Қазмұқаш, Мунянов Құсайын, Шонбасов Мұқамеджандар облыс мектептерінде еселі еңбек етті. Мысалы, Ибрашев Қазмұқаш Гурьев қаласында 1920 жылы ұйымдастырылған мұғалімдер білімін жетілдіру курстарының меңгерушісі болса, Есмурзин Өмірзақ округтік оқу бөлімінің инспекторы ретінде өлке мектептерінің жай-күйін тексеру ісіне белсене араласқан. Бұл жөнінде облыстық мұрағаттың  131-қорының №13-ші ісінде материалдар сақталған. Ал, Мунянов Құсайын 1937 жылы Гурьев қаласында ашылған О.Исаев атындағы қазақ орта мектебінде жұмыс істеп, болашақ академик С.Зимановқа сабақ берген. 
Шонбасов Мұқамбетжан 1887 жылы Қарабау ауылында туған. 1910 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін 1948 жылға дейін облыс мектептерінде ұстаздық етті. 1918-1920 жылдары Алашорданың батыс бөлімі жұмысына араласып, Сағыз уезін басқарған. Кейін осы қызметі өзіне пәле болып жабысып, 1937-1939 жылдары Кеңестік басқару жүйесі тарапынан қуғындалып, мұғалімдік жұмыстан біраз уақытқа аластатылған. 
Әрине, атырау мұғалімдерінің Алашорданың батыс бөлімінде атқарған жұмысы туралы толықтай зерттелді деуге болмайтыны анық. Бұл мәселе болашақ жас ғалымдардың, магистранттардың шаруасы болады деп есептейміз. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. А., 1995.
2. Ақбаев Ж. Жанша. Орал, 1994
3. Сүйінов Ж. Бөкей ордасы. А., 2000
4. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А., 1995
5. Ахметов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда. А., 1996
6. Халел Досмұхамедұлы. Таңдамалы – избранное. А., 1998
7. Атырау облысының мемлекеттік архиві.