Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман НАҒИМОВ: «Халық жадындағы қайғылы деректер...»

(Саяси  қуғын- сүргіндердің жазықсыз құрбаны  Есениязов Сейітбаттал хақында)

Қазақ халқының басынан не келіп, не кетпеген десеңізші! Биылғы бір жылдың өзінде  жеке басым саяси қуғын-сүргіндерге  ұшырап, сүйектері жат жерде қалған құрбандардың бірнеше  ұрпақтарымен кездесіп, сол  жарқын жандардың адамгершілік қасиеттеріне тәнті болып, осы сауапты шаруаға өзімнің отыз жыл  өмірімді бекер арнамағаныма көзім  анық  жетті. 
XX ғасырдың 20-40-шы жылдарында елімізде кеңестік биліктің халыққа қарсы жүргізген саяси қуғын- сүргін  шараларын көптен бері зерттеп жүрген ғалымдардың бірі ретінде,  соңғы отыз жылдың ішінде талай қилы тағдырлар мен оқиғалар туралы республикалық және облыстық архивтердің деректерінен басқа, адам баласының үш ұйықтаса түсіне кірмейтін мәліметтерді  бір кезде қудалауға ұшырап тағдырдың талқысына түскен құрбандардың ұрпақтарының ауыздарынан естіп, қазақ халқының алабөтен қадір-қасиетіне тәнті болғанымды  жасыра алмаймын.   Ондай мәліметтермен бізбен  бөліскендер  жас адамдар, олар саяси қуғын сүргіндерге ұшыраған жандардың үшінші, төртінші ұрпақтары бола тұра, өздерінің перзенттік борыштарын жан-тәндерімен түсіне отырып, аталарының жатқан жерін іздеп тауып, бастарына белгі қойып, құран оқыған екен. Мен, осы мақала арқылы оқырман назарына  қатігез заманының құрбаны болған  Сейітбаттал Есениязовтың немересі Айгүл Айтқалиева өзінің атасын түсінде көргенін, ол кісінің немересіне өзінің қай жерге жерленгені туралы аян бергендігі  туралы  таңғажайып естелігін ұсынамын. 
  Әрине, бұл естелікті көпшіліктің нанымсыз немесе тіпті мистика  деп қабылдауы да мүмкін, бірақ адамзат  тарихында көп уақыт бұрын  қайтыс болған ата-аналардың аруақтарының  аса ауыр жағдайларға ұшыраған  өз перзенттерінің жанына  араша болып, оларды талай рет   құтқарғаны туралы оқиғалардың  болғанын  ешкім де жоққа шығара алмайды. 
«Сонда Есениязов Сейітбаттал деген кім және ол кісі қашан және қалай совет үкіметінің құрығына ілікті, тағдыры қандай болды?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Ол кісінің Алматы қаласында тұратын немересі Сейітбаттал Нұргүлдің жинақтаған материалдардан білгеніміз: Есениязов Сейітбаттал 1879 жылы Қаңбақты құмында дүниеге келген. Руы - Құлкеш Беріш, Етжемес бөлімі. 1927 жылы совет үкіметінің пәрменімен қамауға алынып, Орал қаласындағы түрмеде болған. Отбасылық естеліктерге қарағанда ол кісі саяси қуғын сүргінге жазықсыз ұшыраған. Орал қауіпсіздік комитеті архивінің деректеріне сай Есениязов Сейітбаттал Кенжахметов Аманғалидың ісіне байланысты қуғынға ұшырап, түрмелер мен лагерлердің азабын көрген.  Асыраушы азаматынан айырылған Сейітбатталдың отбасының шаңырағы ортасына түсіп, семьясы күйреген. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны Сейітбатталдың тоқалы Бадай - Нұргүлдің әкесі Байғабылдың анасы,  көп ұзамай басқа адамға тұрмысқа шығып, ол әйелден туған балалардың бәрі   Айтқалиев деген бөтен  фамилияны  иемденген. Нұргүлдің айтуынша, аталарының жалғыз ұлы Айтқалиев Байғабыл - анасынан да ерте айырылып жетім өскен. Ол кісі 2004 жылы қайтыс болған. Алматылық зерттеуші Ләтифолла Қапашевтың «Банды Аманғалидың ісі» атты кітабы шықпастан  екі ай бұрын қайтыс болғандықтан, әкесінің тағдыры туралы ешқандай хабарсыз дүниеден өтті. Бірақ: « жоқтан еш нәрсе пайда болмайды, бар нәрсе жоғалып кетпейді», дегендей, әкесі Сейтбаттал туралы Байғабылдың  білмеген мәліметтерімен оның ұл қыздары Мейрам, Нұргүл, Айгүл, Ақмаралдар айналысып, аталарының қайда жерленгені туралы және  оны ақтау жөнінде көптеген шаруаларды бітірген көрінеді. Оны біз Нұргүл Айтқалиеваның естелігінен  оқып білдік.
                     Сейітбаттал Есениязовты іздеу қалай басталды?
Атам Сейітбаттал Есениязов 30-жылдардың соңында Сібірдегі жазасын өтегеннен кейін, Қазақстанға оралуға тыйым салынып, Волгоград даласында қалып қояды. Сол жерде ол 1945 жылы дүниеден өткен. Біз мұны қалай білдік дейсіз бе? Көп жылдар бойы атамыз туралы еш дерек болмай келді. Тек 2004 жылы астрахандық жазушы Латифолла Қапашевтың кітабы жарық көргенде ғана шындықтың ұшқыны ашылды. Ол кітап менің әкем – Айтқалиев Байғабыл дүниеден өткеннен кейін екі айдан соң жарық көрді. Қапашев еңбегін ешқандай қоспасыз, НКВД мұрағаттарының ресми материалдарына сүйеніп жазған. Кітап тұтастай архивтік құжаттардан – түсініктемелер мен тергеу хаттамаларынан тұрады, автор оларды хронологиялық ретпен оқырман назарына ұсынған. Сол беттер арасында біздің атамыз – Сейітбаттал Есениязовтың есімі де аталады. Менің екі жас кіші Айгүл атты сіңлім бар. Бір күні оған құрбысы мен жеңгесі қонаққа келеді. Сөйтсе, әлгі жеңгесінің ерекше қасиеті бар, медиум екен. Өзі бастамашы болып, рухтармен байланыс орнататын сеанс өткізгісі келетінін айтады. Бөлмедегілерге қалам мен қағаз дайындап қоюды өтінеді, өйткені ол айтқан сөздерді жазып алуға тура келетінін ескертеді. Бөлмедегілердің әрқайсысына медиумның не айтқанын егжей-тегжейлі баяндамай-ақ қояйын, бірақ сіңіліме ол өзін атамыздың рухы ретінде таныстырды. «Мен – сендердің атаңмын, 72 жасымда дүние салдым» деді. Ол: «Мен ұлыммен (яғни, сендердің әкелеріңмен) қайта қауыштым. Сендер мені еске алып, дұға етпесеңдер де, өмір бойы сендермен бірге болдым. Қиын сәттерде жандарыңнан табылдым» деген екен. Сондай-ақ: «Бүгін түнде саған түсіңде келемін» депті.
Біз Айгүл екеуміз бөлек үйлерде тұрамыз. Ертеңінде таң сәріде ол маған асығып қоңырау шалды. «Тез жазып алшы, түсімде атам келді, біраз нәрсе айтты, ұмытып қалмай тұрғанда жазып алайық!» деді. Атам түсінде айтыпты:
«Егер менің қабірімді іздейтін болсаңдар, Затон және Эсразинский деген станцияларды табыңдар. Мұны Нұргүл білуі керек» депті.
Біз дереу интернеттен іздей бастадық. «Затон» деген атаумен елді мекендер көп екен, Волгоград, Астрахан, Ростов, Саратов облыстарында бар. Ал, «Эсразинский» дегенді ұзақ іздесек те таппадық: «Степан Разинский», «Разинский», «посёлок имени Степана Разина» дегендер ғана кездесті. Мүмкін, уақыт өте келе станцияның атауы өзгеріп кеткен шығар дедік.
Бәлкім, бір күні Алланың қалауымен атамыздың мәңгілік мекенін табармыз. Айтпақшы, мен ұлымның есімін (1996 ж.т.) атамның есіміне ұқсатып қойдым, яғни, Сейітжан деп атадым. …
                                           Ата қабірі басында...
Екі жылдан кейін біз, мен, сіңлім және ағам үшеуіміз атамыздың қабірін іздеуге бел будық. Атыраудан Астраханьға дейінгі жол кей жерде асфальт, кейде топырақ және қиыршық тас жолмен жалғасатын. Сондықтан біз жол азабын ескере отырып, жүргізушісімен бірге жол талғамайтын көлік жалдадық. Ол кісі өте ақжарқын, әзілқой, мейірімді жан болып шықты. Біз іздеуді Астрахан өңірінен бастадық, одан әрі Еділдің (Волганың) оң жағалауымен жоғары, Волгоград далаларына қарай жүрдік.
Жолай кездескен қазақтар мен өзге жұрт өкілдерінің шынайы пейілі, бауырмал ниеті бізге ерекше әсер қалдырды. Олар өмірдің талай сынынан өтсе де, қарапайым тұрмысында терең даналық пен сабыр бар еді. Сол адамдардың мінезінен адамдықтың шынайы негізі – ақжүректік пен рухани тазалық сезілді. Тағдырдың сыйы болар – біз ақыры атамыздың бұрынғы көршісі болған бір кейуанаға жолықтық. Ол кісі – кішкентай бойлы, бірақ тұлғалы, жүзінен нұр төгілген, көзі отты, шамамен 86 жастағы ақылды әже екен. Таңғаларлығы, ол орыс классиктерінің өлеңдерін жатқа айтып берді.
Сол кісінің арқасында біз атамыздың асырап алған қызы Үлмекен апаны таптық. Ол шамамен 77 жаста, жалғыз тұратын, балалары Мәскеу мен Волгоградта нәпақа тауып жүрген кісі екен. Әңгімесінің арасында байқағанымыз, Үлмекен апа атамыздың бауырының қызы болып шыққан. Қызылдардың қуғын-сүргіні кезінде жетім қалған екі қыздың кішісін атамыз өзімен бірге Ресейге ертіп кеткен, ал үлкені елде қалып қойған.
Кейуананың есі көмескілеу болғанымен, бір нәрсе анық еді: атамыз өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, ақ атқа мінетін, тазалық пен ұқыптылықты ерекше қадірлеген, сөзі өтімді, бірақ әділ адам болған. Оны жергілікті жұрт қатты сыйлап, тіпті сескене құрметтеген. Атам киіз үйге не басқа үйге кірсе, отырғандардың бәрі орнынан тұрып сәлем беретін болған.
Куәгерлердің айтуынша, атамыз көктемнің найзағайлы күнінде, далада мал соңында жүргенде, аяқ тұсынан түскен жай соққысынан жан тапсырған. Ол өлерінен сәл бұрын ерекше бір көңіл-күйде болыпты, жуынып, аппақ киімін киіп, сабырлы да мұңды қалыппен тағдырын қабылдаған деседі…
Атырауға қайтар жолымызда біз атамыздың жатқан қорымына соғып, дұға бағыштадық. Сол сәт өзімізге де, атамыздың рухына да уәде бердік: «Қайта келеміз, белгі орнатамыз». Қорымнан шыққан соң үш шақырымдай жүргенде жол теміржолмен түйісті. Сол жерде бағанадағы жазуға көзіміз түсті – С. Разинский. Сонда ғана бәрі түсінікті болды: атамыз түсімізде айтқан Эсразинский деген сөз – осы С. Разинский станциясы екен! Ал, одан бұрынғы станция Затон деп аталған, Айгүлдің түсінде аян етілген станцияның дәл өзі!
        Суретте: Айгул деген немересі, сол жагындағы -жергілікті тұрғын Сапар аға(Сейітбаттал атаны көрген сол Вологоград жақтагы рулас ағайынының баласы), әрірек тұрған Мейрам Сейітбаттал немересі.

Міне, сол сәтте біз жүрегімізбен сездік: Аруақтар бар. Рух өлмейді. Адам жаны мәңгі тірі.
            P.S. Нұргүлдің бұл қорытындысына менің алып қосарым жоқ. Десек те,  Аманғалидың ісіне байланысты сотталып,  Орал түрмесінде болған көп адам 1931 жылы  этаппен совет үкіметінің қатыгездігінің символына айналған Мурманск ерекше лагеріне (СЛОНға) жөнелтіліп, бірнеше жыл  сол жердің азабын тартқан. Менің ойымша Орал түрмесі мен СЛОН-да Сейітбаттал Есениязовтың  болуы әбден мүмкін.  Ол лагерде Аманғалидың туған інілері Сүндетқали мен Үмбетқали, әйелі Мұхсина, құдасы Абдрахман және Мәмбет елді мекенінің молдасы қаратоқай Рамазан деген кісі болған. Жасы егде тартқан Рамазан сол жақта қайтыс болып, оны Үмбетқали жерлеген көрінеді. Тағдырдың салымымен Үмбетқали балық аулайтын шхунамен теңізде ығып кетіп, Финляндиядан бір - ақ шығып, қалған өмірін сол елде өткізген көрінеді. Егер Сейітбаттал Есениязов сол адамдармен бірге болып, 1936 жылы бостандыққа шыққан болса, ол кісіні сол кездегі тәртіпке сай, өзінің туған жеріне қайтуға тиым салып, Россияның жерінде қалдыруы  мүмкін еді.