(Қазақтың ұлтжанды ақыны Жұбан Молдағалиевтің азаматтық келбеті туралы)
Сексен алтының қаһарлы қысы... желтоқсан айы... Он алтысы мен он сегіздің арасы... Ой, неткен ызғарлы ең... Қараша айының жаймашуақ күнінде, жылы үйде отырып-ақ денем мұздап, тұла бойым қалтырап кетті ғой...
Сексен алтының желтоқсаны, сені еске алсам, қашан да солай, жан-дүниемді қаһарлы қыстың ызғары дірілдетіп, аязы тондыра бастайды. Ыза мен кек бой көтереді. Өзімді-өзім билей алмай, ашу шақырып, әлдекімге кектеніп, әлдекімнен безініп орнымнан он тұрып, он отырамын...
Тек қазақ халқының тәуелсіздігіне ғана емес, бүкіл КСРО елдерінің егемендігіне баспалдақ болған, беріктігі Қытай қорғанынан да мықты деп келген Кеңес үкіметінің шаңырағы ортасына түсуіне негіз салған, алып мемлекеттің апшысын қуырған Желтоқсан көтерілісі менің елімде, қазақ халқының сол кездегі астанасы Алматыда басталғаны бүгінде мақтаныш. Ауыз толтырып айтып, төңірегімізге асқақ қараймыз. Ал, ол кезде, сексен алтыншы жылы... Үрей, қорқыныш... әділдік үшін күресіп қанға бөккен жастар... шашынан сүйреленген арулар, кеудесінен тепкіленген бозбалалар. Қанжоса болып қалған алаң.
Қазақстан Орталық партия комитетінінің мекен-жайы мен қызмет істейтін мекеме – Қазақ радиосының дәл қасында болар ма?! Нендей сұмдық, адам өңі түгіл түсінен шошырлық қаныпезерлік өтті. Соның бәрін көзімен көрген, әділдік үшін арпалысқан жастардың ортасында жүрген жанмын. Тек қызыл жағалыларға ұсталмадым. «Үндеместердің» қолына түспедім. Бар оқиғаны, қырғын қызыл майданды көзіммен көріп, көзімнен жас орнына қан ағыздым. Сол күні: «Біз кімге сеніп келдік? Кімге?» деген сауалды өзіме кемі жүз рет қойған шығармын. Өмірімде бірінші рет тоңғаным, өкпем әлдекімге реніштен қарайып, талағым ашу-ызадан тарс айрылып, бауырым аңқаулығыма күйінгеннен езіліп, ал жүрегіме қара қан қақ болып қатқаны анық.
Сол күндерді қыс ойлайын, көктемде, жазда, күзде ойланайын тісім-тісіме тимей дірілдеп алып, артынан тас түйінделіп, буырқанып-бұрқанып шыға келемін. Онан бері, сексен алтыдағы Желтоқсан көтерілісінен бері (тек ағайындар, Құдай үшін, жалына бәріңнен өтінемін – Желтоқсан оқиғасы деп, жеңілдете көрмеңіздерші, 1916 жылдан кейінгі қазақ халқының ұлы тарихындағы ұлт ұлт-азаттық көтерілісі – осы Желтоқсан екенін әрқайсымыз үйіміздің маңдайшасына қашап тұрып жазып қоюымыз керек. Әйтпесе еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі жолында мерт болғандардың рухы бізді кешірмейді) қанша уақыт өтті? Қаншама оқиғалар болды? Еліміз тәуелсіз де егемен де ел атанды. Қазақстандай алып та ұлы тәуелсіз елді бүкіл дүниежүзі мойындады. Онан бері араға 18 жыл түсті. Осы көтерілістің 12 жылдығынан кейін дүниеге келген ұлым мектепке баруға әзірленіп жүр.
Кейде: «Көке, Желтоқсан оқиғасы деген не?» - деп сұрайтыны бар. (Біздің әр нәрсені өз атымен атамағанымыздың кесірін көрдіңіз бе, Желтоқсан көтерілісі демейді, оқиғасы дейді. Бұл – теледидардан көргені, радиодан естігені). Ұшы тершіген мұрнын тартқыштап қойып, мекен жауап күтеді. Маған сол уақытты еске түсіру өте ауыр. Мейлі қаншама жылдар өтсе де... себебі, бауырларымның жазықсыздан-жазықсыз төгілген қанын көрдім. Қорланған арын, төгілген көз жасын, ызы мен кектен аш арыстанша айбаттанған қалпын көрдім. Сол уақыттың ызғарына тоңдым, аязына үсідім. Жаным жараланды, босқа алданып, жоққа дәмеленіп келгеніме аз ұрдым. Оны жұдырықтай ұлым қайдан білсін?
Қайтейін, жанымды қинай отырып, баланың ұғымына сай түсінікпен баяндап, шет жағасын айтамын. Одан әрі: «Теледидардан көрдім, көп-көп адам жиналыпты. Формалы ағайлар жиналғандарды ұрды. Соғыс болды. Көке, сол майданның батыры кім?» - дейді ұлым өз ұғымымен сөзге тартып.
«Батыры көп» деймін мен баламның соғыс дегенінен бе, әлде Желтоқсан көтерілісіндегі сұмдықтарды әлі ұмытпағанымнан ба бүкіл денем мұздап. Тіліме бірден Жұбан аға Молдағалиев есімі оралады.
Он алтыншы, он жетінші желтоқсан күндері ол ұл-қыздарымен қоян-қолтық араласып, тізе қосып, ұран тастап қазіргі Республика алаңында тұрған жоқ. Келді, көрді. Көзінен жалынды от ұшқындаған, жүрегінен толқынды күш алаулаған талабы да, тілегі де дұрыс қазақтың өжет жастарын көргенде: «О, Алла, бар екенсің! Қазағым оянған екен! Оян, оян, қазақ, оян! Қашанға дейін бұғып, өзге алдына мүсәпір күйге түсе бересің?! Болашақ сендердікі! Мен әруақытта өздеріңмен біргемін» деген іштей алаулай толқып, жүрек тұсын ұстап тұрып. Жүрегі құрғыр айнала тулап, кеудесінен тап қазір шығып кететіндей аласұрып, мазасын алды. Сырт киімінің ішіне қолын сұғып жіберіп, сыртынан уқалаған. Қол қатты бірнәрсеге тиді. Костюмінің жүрек тұсындағы төс қалтасында партбилеті бар екен. Оны шапшаң суырып алып, пальтосының сыртқы қалтасына тастай салды.
«Нар тәуекел, ұл-қызым! Шешінген судан тайынбас! Сендер де шегінбеңдер, мен де ықпаспын! Мың өліп, әлдекімнің қас-қабағына қарап, мүсәпір болып жүргенше, арыстанша бір атылып мерт болсаң, сол артық!» деді қаһарлы ұрпағына риза қалыпта.
Үйіне келіп ойға-қырға, ана мекеме, мына кеңсеге, таныс-білісіне телефон соқты. Бұл алаңдағы қырғын-сүргіннің басталмаған кезі еді әлі.
«Біздің ұрпақ ояныпты. Батыр да ержүрек, ұлтжанды да сауатты қыз-жігіттер өсіп келеді екен. Соған қуандым бүгін мен. Біз өмір бойы айта алмай келген жайларды олар бүкпесіз сыртқа шығарып, талап-тілектерін қойып жатыр» деген мақтанышты үнмен. Біраз танысы үндемей қалаған. Кейбіреуі қостағансыған.
«Ойбай, үндеме, сен маған телефон соққан жоқпыг. Мен сенімен сөйлескен жоқпын. «Үндеместер» естіп қалса күніміз қараң. Желөкпе жастарды қолдаймыз деп босқа күйіп кетерміз. Артын күтейік. Артын» дегендер де шыққан. Ал Жұбан ақын болса:
«Мен – қазақпын: мың өліп, мың тірілген» деп өз дастанының бір жолын қайталаған.
Желтоқсан көтерілісі, менің іні-қарындастарымның рухын көтерген сексен алтының екі күні, мен сені қашанда қазағымның оянған күні деп білемін. Міржақып Дулатұлы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы он жылдығында халқына: «Оян, қазақ!» деп ұран салса, сол тілектің, талаптың орындалғаны. Қазақ бүкіл дүниені дүр сілкіндірген шақ. Мәңгілікке қатып қалған мұз бұзылып, көбесі сөгілген шақ. Ей, халқымның өжет ұлдары, «Мен – қазақпын!» деп жалпақ әлемге жар салып, жетпіс жыл шекарасынан тышқан өткізбей келген Кеңес өкіметінің шаңырағын шайқалтып, керегесін қозғалтып, түндігін желп-желп еткізіп, ірге тасын шытынатып жіберген тұсың... Өзіңнің ер екеніңді таныттың. Және кімнің-кім екенін әйгілеп берген кезің. Елдің сасқан, батырдың абдыраған, шешеннің тұтыққан уағы да еді, бұл.
Қандай күнде де халқымен, қазағымен бірге бола білген, жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Жұбан аға Молдағалиев тағы да, дәл осы тұста, сын сағатта өзінің кім екенін танытты.
...Жұбан аға, Жұбан аға бүгін ортамызда жоқсың, сен. Мына жалған тірліктің жалған ісіне қарның ашып, көңілің қалды ма, мәңгілік әлемге қарай асығыс жиналып, ертерек аттанып кеттің. Десе де мықты рухың, ешкімнің бойына бітпес ерекше күш-жігерің, ешуақытта айнымас азаматтық келбетің, ақындық арың мәңгілік бізбен бірге, халқыңмен бірге! Тек Желтоқсан күндері ғана емес, қуанғанда да, қиналғанда да еске аламыз өзіңді.
«Әттең-ай, осы сәтте Жұбан аға не істер еді?!» дейміз қиналған сәтімізде. «О, шіркін, бүгін Жұбан аға болғанда» дейміз қуанған шағымызда. (Өзімсініп, жанымызда жақын тартып, өзіңнен тұлға бойымызға күш-жігер тілей отырып, сен деп, аға деп тіл қатамыз. Сіз деп, ағай, деп қарым-қатынас жасасақ, алыстап, бөлектеніп кететін секілдісіз). Сонан соң өлеңдеріңді оқып жанымыз рахат табады. Бізге де, келешек ұрпаққа да керектің бәріне мәңгілікке мұра етіп кеткен жырларыңнан табамыз.
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.
Әркімнің шыр етіп дүниеге келген күні пешенесіне жазылған тағдыры болады. Онан Қорқыт атаңның желқайығына мініп алып қаш мейлі, басыңды тауға, тасқа ұр мейлі ешуақытта құтыла алмайсың. Ақын атану кімнің арманы емес дейсің. Әркімнің-ақ шығар. Ал азамат болу ше? Халық ұлы болу ше?.. Даңққа, атаққа құмар пенде көп. Тек қазақ халқының ғана емес, мына жарық дүниеде, жер бетінде. Десе де ешкім де, бірде-бір пенде: «Мың өліп, мың тірілуге» ұмтылмаған. Қайта ондай пәледен басын ала қашқан. Тағдырынан аулақ, жырақ етуге ұмтылғандар да бар. Бірақ онан қайда қашып құтыласың?
Менің алдымда бір үйме кітап жатыр. Жазу үстелімнің үстінде бос орын жоқ. Әр жылдары әр баспадан шыққан. Көлемдері де әртүрлі. Үлкені бар, кішісі бар. Бір ақынның ғұмыр бойғы табан ақы, маңдай тері. Жинақтарының атының өзі керемет. Кәне, атап көрейікші: «Жеңіс жырлары». Алғашқы өлеңдер жинағы. 1949 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан. Жауынгер шинелімен бес жыл майдан даласында жүрген, оққа кеудесін төсеген, қан кешкен, мұз төсеніп, қар жамылған жанның жүрек сыры. Жанайқайы. Айтпақшы, менің жазу үстелімнің тұтас бетіне сыймай, бірінің үстіне бірі үйіліп жатқан көл-көсір дүниенің, отыздың сыртындағы жинақтың авторы халқымыздың айтулы ақыны Жұбан аға Молдағалиев. Жұбан аға өмірінің жеті жылын әскери тірлікке арнапты. Сондықтан да оның тұңғыш жинағын «Жеңіс жырлары» деп атауға толық қақысы бас. Бұл туралы ақын аға осы жолдардың авторына 1980 жылы берген сұхбатында былай дегені бар:
Ж. МОЛДАҒАЛИЕВ: (үнтаспа): - Мен соғыстың басынан бастап, ең ақырғы күніне дейін майданда болдым. Әуелі қатардағы жауынгер ретінде соғыстым. Алғы шепте. Онан кейін батарея комиссары болып қатыстым ұрыстарға. Сосын әскери журналист болып істедім. Әскери журналист бола жүріп жауынгерлердің ерліктерінен мақала жазумен бірге, оларды күреске шақыратын, ерлікке шақыратын өлең жазуға да тура келді. Біз кейінгі жас ұрпақтарды, кейінгі немерелеріміз бен шөберелерімізді ағалардың, аталардың ерлік дәстүрінде тәрбиелеуге тиіспіз. Менің тұңғыш жинағым ерлікке, батырлыққа, Отанын сүюге шақыратын жырлардан тұрады...
..Жұбан аға.. Жұбан аға.. Қазақтың бүгінгі, ертеңге, болашақтағы әр ұрпағы оның есімін осылай ерекше бір сүйіспеншілікпен, мақтанышпен, жүрегін тулатқан ыстық сезіммен атайды. Оның халқына, ұрпағына беріп кеткен поэзиялық мол мұрасы көл-көсір: өлеңдері, дастандары, толғаулары... Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, республикалық мемлекеттік сыйлығының иегері Жұбан аға Молдағалиев алдына қара түсірмеген санаулы ақындарымыздың бірі. Уақыттың аумалы-төкпелі заманында өмір сүрген, бір күн мақталса, екі күн датталған мезгілдің перзенті. Жұбан ағаға бұл атақтар оңайлықпен келген жоқ. Ірі ақындығы үшін алды. Бұл сөзімді ешкім жөнсіз дей қоймас. Дегенмен оның, Жұбан ағаның ұлылығы, кейінгі ұрпағына қадір-қасиетінің арта түсетін сәті тіптен басқада. Бүгінде, Құдайға шүкір, жақсы ақындар баршылық. Өлеңін жазып, кітабын шығарып: «Маған енді қайт дейсіңдер? Қолымнан келгенін істеп жатырмын» деп жүргендер жетерлік. Сондайлардың кейде үлкен мінбеге көтерілгіш, жайлы креслоға отырғыш, жоғарыдағыларға жаққыш, депутаттыққа сайланғышын қайтерсің. Тек сенің сорыңа ондайлар халықтың сөзін сөйлемейді. Қара басын күйттейді. Өзінен мықтылар не дер екен? Ауыздары қалай-қалай қисаяды? Соны аңдиды... Жұбан аға ешуақытта өйте алған жоқ. Өйту қайда... қайта ол азулылармен алысып, олардың апандай ауыздарына қақпақ қойып, көн жамап алған беттерінің айғыз-айғызын шығарып тырналаған, шындық үшін шырылдаған, елім деп, әділдік деп кеудесін ашып тастап алға түскен, ұрпағына арашашы, халқына қамқоршы бола білген арыстан. Өлсем мен өлейін, әділдік өшпесін, халқымның, қазағымның тағдыры тәлкекке түспесін деп шындықтың шырайын шығара айтып, кім-кімнің де бетіне қасқая қарап тұра алған қайран Жұбан аға... Жә, жә... Бұл туралы сәл-сәл кейінірек айтармыз. Әуелі алдымызда жатқан кітаптардың атына көз жүгіртіп шығайық. Жаңа өз ойымызды өзіміз бөліп алдық қой.
Жұбан ағаның тұңғыш жинағы «Жеңіс жырлары». Оннан кейін: «Қызыл галстук», «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр» жинақтарын беріпті. «Жыр туралы жыр» дастаны бір жетінің ішінде жазылған. Сол аптаның аяғында газетте жарияланған. Татар халқының батыр ұлы, белгілі ақын Мұса Жәлел туралы толғаныс. Бір демде жүрек қанымен, шынайы шабытпен жазылған шығарма орыс, татар, өзбек, тәжік тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып шыққан. Барша оқырмандардың махаббатына бөленген туынды. Келесі бір жинағы «Ғашық көзбен» деп аталады. «Ғашық көзбен»... Қандай әдемі ат. Онан кейінгі кітаптары: «Айттым сәлем», «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Байқоңыр баспалдақтары», «Ақ жалын» аталыныпты. Ақын жинақтарына ат қоюға ерекше мән берген. Және әр жинағы атының ерекше мәні, айтпағы бар. «Кісен ашқан» - «Қыран дала» - «Байқоңыр баспалдақтары». Байқаған шығарсыздар, әр жинақ сайын биіктеп, өсіп, арқаланып, шоқтығына түспей ме? Атының өзі-ақ айбат. Жұбан аға жинаұқ сайын өскен, әр өлең сайын биіктеген, арқаланған, небір астарлы құйтырқы ойды қиын кездің, сауысқаннан да сақ заманның өзінде-ақ айта алған, астарлап жеткізе білген.
Ақын шығармашылығында ерекше айтылар бір туынды бар. Ол «Мен – қазақпын» дастаны. Алпысыншы жылдардың басында дүниеге келген, сол кездегі «көсемсымақ» Хрущевтың: «Коммунизмге жетуге он алыс қалған жоқпыз, оған тезірек тек орыс тілін біліп, орыс мәдениетін меңгерсек болды» деп даурығып, бөркін аспанға атып жүрген жылдарда жазылған. «Мен – қазақпын» дастаны бірден оқырмандарын тапты. Айтпақ ойының ұшан-теңіз молдығымен, тың, жаңа бұрын-соңды айтылмаған жайларды алға тартуымен, халқының кешегісін, бүгінін, ертеңін мақтаныш етумен біреулерді қуандырды, біреулерді қорқытты. Сүйінгендер де, күйінгендер де болды. «Тусаң қазақ, осылай ту!» деушілер де мол табылды. «Мынау не дейді? Мен – қазақпын деп тұр ғой өзгелерден биікпін, дарамын, тегім, негізім бар елмін, халықпын деп тұр ғой. Бұған өзгелер, әсіресе, мәскеуліктер не дер екен?» - деп қарадай көлеңкесінен қорыққандар да кездесті. Жоғарғы жаққа домалақ арыз домалатқандар д аболмай қалған жоқ. «Мен – қазақпынды» алға тартып, сүріндіріп, қорқытып-үркітіп, бұқтырып алуға ұмтылғандар да шықты. Бір-бірімізді мінемесек, сүріндіріп кетпесек жүре алмайтын халықпыз ғой. Жақсыға қуанғаннан гөрі, «Ол кім еді? Кешегі анау ғой...» дейтін. Бір-бірімізді көре алмауға әуес жұртпыз. Соның кесірінен көрердей-ақ, көріп келеміз. Бірақ, амал не, қоя алмай-ақ жүрміз. Өз ұлымызды бағалауға сараңбыз. Өзгені аспандатуға жомартпыз. Сондай бейшара күн кешумен қашанға дейін жүре бермекпіз. Жұбан ақын «Мен – қазақпынында» қалай әдемі айтқан:
Мен аманат етемін еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін туады ертең
«Қазақ болу – зор бақыт» деу күн тіпті.
Жұбан ағаның арманы қандай керемет! Алға қойған мақсаты неткен игі еді. Шіркін-ай, дәл бүгінгі күнді, халқының тәуелсіздік алған күнін, жеке мемлекет болғанын, орталыққа қол жайып қайыршылықпен, бейшаралықпен қарайтын күннен құтылғанын көре алмай кеткені қандай өкінішті. Оның ұзақ жылғы арманы, мақсаты, көксегені осы еді. Бірақ халқының дәл бүгінгідей күнге қол жеткізетінін Жұбан аға алдын-ала көріп білгендей:
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім, -
деп осыдан қырық жыл бұрын бүкіл дүниеге жар салмап па еді? Бұл бостан-босқа айтыла салған сөз болмаса керек. Халқына, оның келешегіне сенгендіктен ғана жүрегін жарып шыққан шығар.
«Мен – қазақпын» дастаны ақынның аспанын биіктетіп, есімін елге бұрынғыдан гөрі мақтанышпен жария еткен. Домалақ арыздарға, ойға-қырға жасырын жіберілген небір ғайбат сөздерге де аз ұрындырмаған. Іші тарлар, көрсоқырлар қай кезде де, қай уақытта да болған. Халқының қуанышынан қара күйе іздеп, қайғысынан табыс тапқысы келетіндерге, сол арқылы өзгелерге жағынып қалуға тырысқандарға не дерсің? Тұңғыш рет арызқойлармен, өз халқына, оның өрелі ұлдарына кір жақпаса, бір сәтке болса да мұңайтып, сүріндіріп тастамаса басы ауыратын ағайындарының аяқтан шалуына 1942 жылы майдан шебінде, өлім мен өмір бетпе-бет беттесіп, қан кешіп жүрген кезінде жүздескен Жұбан жолына қақпан құрған бауырларымен онан кейін де жиі-жиі кездескен. Жұбан ағаның үш томдық жинағына жазған алғысөзіндегі мына бір жолдарына көз жүгіртейікші.
«Әйтеуір, соғыстың басталғанына бір жыл толған күні, 1942 жылдың 22 шілдесінде, мен «Отан үшін!» газетінің редакциясына келіп кірдім... Сонымен, «аңқау елге арамза молда» дегендей, іске кірістік. Әрине, адалдығымызда қапы жоқ еді, бірақ газет шаруасын білмейтініміз бірден көзге шалынды. Айналып кетейін арызқойлар майданда да табылды. Газеттің алғашқы екі-үш нөмерін қып-қызыл қылып сызып-сызып саяси басқармаға жіберіпті. Әсіресе, тілін қатты сынайды», - дейді ақын аға. Бұл жанашырлық сынау болса жақсы, бірақ, керісінше, іштарлық, көре алмаушылық болып сорлатады ғой.
Жұбан ақын сырт көзге тірі пендені менсінбейтін тәкәпбар, ішкі сырын ешкімге айтпайтын, ұқтырмайтын, ешкімді менсінбейтін асқақ сияқты. Келбетті жүзі мен нар тұлғасына қарау үшін де жүрек керек. Сөйлесуге, сырласуға тіл керек. Солай көрінер еді. Ал, шынына келсек, адал ниетімен, шынайы кісілігімен келген адамға ол барынша қарапайым. Ел-жұртқа танылып, аты дүрілдей шығып тұрған жылдардың өзінде де алдындағы ағаларына шәкірт екенін ол мақтанышпен айта білген.
Ж. МОЛДАҒАЛИЕВ: (Үнтаспадан). - Мен өзімді қазір де шәкірт сезінемін. Мен мұны үнемі іздену, үнемі үйрену, қолжеткенді қанағат тұтпаудың арқасында айтып отырмын. Алғашқы буын ағалар Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың, Сәбит Мұқановтардың туындыларын жас кезімнен сүйіп оқыдым. Оларды осы уақытқа дейін ұстаз санаймын. Барлық қазақ ақын-жазушылары сияқты өзіме пір тұтатын, маған өмір бойы өлеңдері ерекше әсер ететін ұстазым – ұлы Абай. Абайды әрбір оқыған сайын оның жаңа қасиетін, биік белесін, асқар шыңын көргендей әсер аламын. Өйткені ол барлық қазақ ақындарының бірінші ұстазы...
...Ақынның артында қалдырған он бес шақты дастаны бар. Алғашқы көлемді дүниесі - «Нұрлы жол». Бұл 1950-ші жылдың туындысы. Поэзиядағы үлкен жанрға жүрексініп, ұзақ ізденістен кейін ғана келген ақын бұл салада жемісті еңбек етті. Үлкен жанрдың барлық ауыр жүгін көтере білді. 1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Республика Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Араға сегіз жыл салып «Қыран дала», «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл екі шығармада бүгінгі күннің тынысы, адамдардың ерлігі, ертеңгі күнге деген сенімі айқын байқалады. Ақын асқақ та батыл сөйлейді. Ағынан ақтарылады.
Әкесі дүниеден өткенде қаз тұрып та үлгермеген, анасы Зеріптің тәрбиесінде өскен Жұбан аға тағдыр басына салған біраз қиыншылықты көрді. Анасы мұны қатарынан кем қылмауға тырысты. Ана қадірін, қасиетін ол жастайынан біліп өсті. Қазақ әйелдерінің қадір-қасиетіне таңдай қаға қайран қалатыны да, қыздарын басқа жұрттың сұлуларына айырбастағысы келмейтіні де, асыл жарға ерекше сүйіспеншілікпен, махаббатпен қарайтыны да, ананы асқақ шабытпен жырлайтыны да содан болса керек. Ақынның «Жесір тағдыры» поэмасында қазақ әйелінің ұлылығы, жарқын бейнесі шынайы көрсетілген. Қай уақытта да өлмейтін, ескірмейтін, оқырман қолынан түспейтін көркем де шынайы дастан. Мұндай мейірімді де айбатты, азулы ана Айша бейнесі көркем кестеленген. Мүмкін бұл дастандағы оқиға өз анасының тағдыры шығар.
Ж. МОЛДАҒАЛИЕВ: (Үнтаспа). «Жесір тағдыры» поэмасындағы жайттар қазақтың әр ауылында болған оқиғалар, өмір шындығы. Сонымен бірге сол шындықтың өз өмірбаяныма да көп ұқсас жақтары бар. Менің анам да «Айша» сияқты төрт баламен жесір қалып, өмір жолын, отбасы тауқыметін жалғыз көрген кісі.
Айшаның:
«Мамалап» бала жар салған,
Мойнына келіп асылды.
Дамбалсыз көрінбей қарсы алған,
Қаһарлы жұмбақ ғасырды, -
деп бір ауыз өлеңінде ғана сөз болатын қара баласы, бір кездегі өзіме ұқсас тәрізді. Немесе сол поэманың эпиолгындағы:
...Жарлы елі, жесір елі, жетім елі,
Мақтан ғой көз алдында жетілгені.,
Дамбалсыз, қара тірсек алаңкөз ұл,
Бүгінде қалпық қырын кетірмейді.
Дәулетті, қолы ұзын ел Құл ақыры,
Жыр толғап Алматыда жүр ақыны.
Мұғалім, агроном Смағұлдар,
Инженер – Ерғалидың Рахымы -
деген шумақтар нақты жағдайды көріп отырып жазған нәрселер.
Мен әкесіз жетім өстім,
Жоқ дей алман кетік өстім.
Түкірген жоқ бетіме ешкім,
Нысанаға жетіп өстім, -
десем, бұл азулы ананың арқасы еді.
...Азулы ананың тәрбиесінде өскен Жұбан аға өзінің де азулы екенін талай жерден таныта білді. Соның бірін ғана еске алып, ақын аға туралы толғанысымызды аяқтасақ та болады.
1986 жылғы желтоқсан... он алтысы мен он сегізі арасы... Елдің әбігерленіп, ердің сасқан тұсы. Басшымыз деп жүрген талайлардың аузы буылған. Жайшылықта халқымт дегенде көкірегі қақ айрылғандар бұғып, көлеңкесінен қорыққан. Жастар жастық жалынын танытты. Орталықтың үстемдігіне, езгісіне бұдан әрі көнгісі келмейтінін анық білдіріп, партократ Колбин секілділердің ел басқаруына қарсы шықты.
Екі күн бойы Қазақстан Орталық партия комитетінің алдында митингі өтті. Бейбіт халыққа Мәскеудегі мықтылар басқарған топ қару жұмсады. Ит қосты, солдат күректерімен ұрып-соқты. Ойына келгенін істеді. Ұлдарымыздың жағасы жыртылды, басы жарылды. Горбачев жіберген Колбин театр сахнасынан қызық көргендей биіктен, терезеден қарап тұрды. Халық алдына шығуға, болмысты түсіндіруге, жағдайы тыныштандыруға өресі жетпеді. Кім біледі, оған керегі дәл сол ма еді. Қазақ жастарының қанының төгілгенін тілеп келген сүмелек, арсыз, қанішер ме еді ол. Мәскеу жібергенді жетпіс жыл бойы Құдайдай көріп, көкке көтеріп келген сорлы басымыз со жылдары не көрмеді? Халқымыздың тағдыры не күйге түспеді?! Егер Желтоқсан көтерілісі болмаса, әлі қашанға дейін құлдық, орындаушылық міндетті атқарып, құр далбалақтап шаба берерімізді, бір Құдай білсін...
...Сексен алтының соңғы күнінде Қазақстан Жазушылар одағында басқосу өткен. Келмей жатып қазақ халқын қанға бөктірген, ұлын соққыға жыққан, қызын итке талатқан, жалған сөйлегенде алдына жан салмайтын, қазақтың тілін бір жылда меңгеріп аламын деп көпірме уәдемен қарық қылған, алдап-арбаумен өмір сүруге әбден дағдыланған Колбин жазушылармен кездесті. Адам қара бет бола береді екен. Сол жерге қай бетімен келді. Басқа-басқа, жазушылардан ұялуы, сескенуі керек еді. Дәл сол кезде сауда орындары да жомарттығын танытты. Дүкендер сөресі етке толды. Ульяновскідан алып келгендей, мәз болды. Көзді жұмып жіберіп, халықты жынды қылу деген осы шығар.
Жұбан аға сөйлеп берген. Қазақта «Ит терісін басына қаптады» деген сөз бар. Дәл сондай жасады. Өзінің қолымен істеген тірлігін басқаға жауып, бүкіл бір халықты кінәлі қылып, өзі сүттен-ақ, судан таза қалыпта шыға келуге әрекеттенген «жаңа басшы» асқақ та тәкәпбар отыр еді. Бұған кір қарсы шықпақ? Кешегі қанды қол оқиғадан кейін кім-кімнің де үні өшіп, көмейіне қорғасын құйылған шығар деген. Жоқ, олай болмапты. Жұбан ақын жеке басының қамын ойлап, жағына сөйлеп, көлгірсіп күліп тұр аламады. Иттің иттігін бетіне басты. Жұбан ағаның ұлылығының өзі сонда. «Мың өліп, мың тіріліп» жүргені содан.
«Қызымның бұрымынан сүйреп, ұлымның басын жарып, ол аз дегендей итке талатып, соның бәрінің ізін жасырғысы келіп, сол халықты тағы кінәлап отырған бүгінгі күнді көргенше, кешегі Ұлы Отан соғысында өліп кеткенім артық еді. Мұндай сұмдықты, мұндай жауыздықты ешуақытта көрген емен. Анаға қол жұмсаған, қыздың шашынан сүйреген бұл сұмдық ешуақытта кешірілмейтін күнә. Менің халқым бұрын-соңды арын аяққа бастырып, рухын жыққан емес. Ал, сол бүгін болды. Не үшін? Шындықты айтып, әділдік іздегені үшін бе? Мұның арты жақсылыққа апарады, біреулерге абырой әпереді деп ойламаймын. Қазақ мың өліп, мың тірілген. Бірақ рухын жықпаған. Досына досша, қасына қасша қарап, бас кескен болса да, тіл кескен жоқ деп шындықты айта алған. Ол жолда жанын қиюға әзір.
Жұбан аға сөзі партократтарды үстерінен жай оғы түскендей шошытқан. Колбин жанындағы жандайшап нөкерлеріне қараған. Олар жерге мөлиген. Жазушылар одағына кісімсіп келген нөкерлер сасқан. Жетпіс жыл бойы партия мен үкіметтің сөзін сөйлеп, ұранын соғып келген жазушыларға бүгін аяқ астынан не болған? Дүние шыр айналды. Алғашқы тосқауыл қойылған. Шындық өліп, жалғандық жалындап, басқа, теріс бағытта өрбіп бара жатыр еді, Жұбан аға сөзінен кейін бағыты түзелген.
Ақын Жұбан, азамат Жұбан, халқын, елін, жұртын шексіз сүйген үлкен жүректі Жұбан шындықтың шырайын шығарды. Тұлғасы, азаматтығы бұрынғыдан әрі биіктеп, асқақтай түсті.
Поэзияда да, өмірде де, қуанышта да, қиын шақта да ұлы Жұбан екен. Жұбан аға екен. Мың өліп, мың тірілген, суыққа тоңған, ыстыққа күйген жан екен. Бірақ, мынау келте өмірде алған бағытынан, адалдығынан қайтпапты. Еліне, халқына ол – сонысымен мәңгілік ардақты, мәңгілік қадірлі.
Оның пешенесіне халқының мың өліп, мың тірілген ауыр тағдыры жазылған. Тірлігінде... Ал, бүгін құрметпен, қошеметпен аталар өмірі басталды. Мәңгілік өмірі.
16. 12. 2004 жыл.




