Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ: «Түн күзеткен Мария» Әңгіме

«Сұлташтың баласы келін алып келіпті, сол өздері малын өсіріп отырған  «Сазды»  аралының маңынан шатыр тігіп той  жасайды – мыс». Бұл хабар үлкен елді – мекен «Нұрлы ауыл» бойына ескен желмен қабаттаса екілене тарап жатты.   «Ол - екінші бала ғой, алдында институт  бітіріп келіп мектепте  сабақ  беріп жүрген апасы бар. Жол сол қыздікі емес пе?»  деушілер  де  табылып қалды. Бірақ, болған іс болды, сиыр бақташысы Сұлташ пен оның сауыншы әйелі Зарина үлкен ата, әулет басы  Әлібидің  он өлшеп, бір кескен ұйғарымына сай жайлау төріне шатыр тігіп Темірбай ұл мен Құрмет келінге арнап үйлену тойын жасап, бұл аймақты жете білмесе де, үлкен – кішінің басын қосып, бата – тілектерін  алмақ ниетте. 
              Сұлташ пен Заринаның бұл маңайды көп біле бермейтіні – Дыңғызыл аталатын мекеннен көшіп келгендер. Сол сонау жетпісінші жылдардың аяғында жоғары биліктен  тәртіп болып кеңшарлардағы сиырлар мен қойлар белгілі бір шаруашылықтарға жинақталып, қой бөлек, сиыр бөлек бағылатын болып, қайта құру жүргізілгенде сиыршы – сауыншы Сұлташ пен Зарина бағымындағы табын – табын сиырларымен «Нұрлы ауылдағы» сиыр өсіретін «Жаңа өмір» шаруашылығына көшіп келді. Адамдарын, малшыларын көп біле бермей, тосырқай қараңқырап, үйренісе алмай жүрген кездері ол  уақытта. 
              Ақыры,  той болатын күн де жетіп, суы сылдырап аққан, құндырағы жайқалып өскен кең жайлау төріне үлкен шатыр тігіле бастады. Міне, біз айтқалы отырған шағын әңгімеміздің негізгі тақырыбы осы арадан басталады десе де болады. Адал еңбек иелерінің маңдай термен тапқандары, бір той емес, бірнеше той жасауға да жететіндей. Керек – жарақ ағайынның көмегімен де жинақталып бола келді. Әйелдер жағы да: «кім, неге міндетті?» өзара тапсырмаларды бөлісті. 
                Үлкен қыз Марияға өзі істейтін мектептегі әріптестерінен, араласа бастаған көрші – қолаңнан ыдыс – аяқ, шалқыған шатыр ішіне  жағалай қойылған үстелдердің бетін жабуға жетерлік жайма – дастархандар   жинақтау міндеттелді. Ол уақытта бүгінгідей нені де жалға ала қоятын заман емес. 
               Мария шаруа салып барған үйлердің кейбіреуі көмекке жарады, «танымасын – сыйламас» дегендей қайсібіреулері қабақтары тырысып түрліше  сылтаулар айтысты. Не істейсің, біріңді – бірің жақсы білетін, қандай шаруаны да бірлесе көтерісіп кететін өз ауылың – Дыңғызыл емес бұл. Әлі де бірнеше жайма – дастархандар, ыдыс – аяқтар қажет. Мария ойлана келе өздері сияқты осы  «Нұрлы ауылдағы»   жаңадан көшіп келген, өзі ағасындай сыйлайтын Өтеміс пен әпкесіндей сырласатын Жемісгүл есімді ерлі-зайыпты жандардың, яғни, әріптес аға – әпкесінің үйіне баруды ұйғарды. Мектепте бір – бірімен жақсы сыйласып, түсінісіп, жарқырап аман – саулық сұрасып, қалбалақтап қалатын әріптес аға – әпкесі сол әдеттегідей көңілді қарсы алды.  

                Жемісгүл әпкесі ток шәйнегін қыстырып, шай қамын жасай бастады. Бұл болса, жанына жақын екеуін інісінің  тойына шақырып, аттарын  жазып билет ұсынды. Аға – әпкесі мұның «асығыспын»  дегеніне қарамай шайға отырғызды. 
- Осы үйден бар керегің табылады. Дастарханның да, ыдыс – аяқтың да түр – түрі бар. Апаң сондайды  жинақтаудан жалықпайды. Ертең өз балаларымыз  аяқтанғанда қажет, деп сандығын толтырып жатыр, сіздің үйдің тойының жалғасы біздің үйде болғай еді, аман болсақ, ол күнге де жетерміз, әй, бәйбіше, Марияжан не сұраса да, барын тартынбай  бере бер, - деп  Өтеміс ағасы мәз. 
- Сол күн жақын болсын, иә,  мына той сіздерге де жос болсын, ағеке, Жемісгүл әпкеммен бірге жүгіріп жүремін ғой, Алла жазса, ол тойда да,  - деді бұл. Шынымен де, бұл үйде ыдыс – аяқтың да, дастарханның да неше түрі бар екен, сау болсын әріптес аға – әпкесі  қолынан қаққан жоқ, керегінше алуы содан. Саудагерлердікі атанып кеткен бірнеше сөмкелеріне шермитіп керек -  жарағын салған бұл алғандарын «Москвич» көлігіне тиеп, тәмам кетерінде оған:

– Тұра  тұршы, - деді Жемісгүл әпкесі, – сандықта бір үлкен ұсталмаған дастархан бар, құдалардың алдына жаюға қатып кетеді, қазір соны шығарып  берейінші, - деп ол үйге жүгіре басып кірді де әп – сәтте ораулы тұрған су жаңа ауырлау жайманы қолына ұстатты.

– Тойдан қалмаңыздар, - деп қуаныштан жүрегі жарыла бұл кетті бар керегі табылған соң  жайлауға. 
                  Гу – гу әңгіме, мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр екен, бұл келсе. Біраз ағайындар бас құрапты. Анасы Зарина:

  • -Ә, келдің бе, көптеу кешіктің ғой, - деді бұған.
  • -Әйтеуір, біраз қажеттерді әкелген болдым, жетіп қалар шамасы, - деді бұл. – Тездеп шайларыңды ішіңдер де үстелдерді жайма – дастарханмен жауып, ыдыс – аяқтарды қойыңдар, - деді анасы бұған қаратып. 
                  Шай ішіліп болған соң бір топ қыз – келіншектер үстел жасауға кірісіп кетті. Марияның әкелгені бар, өңге жинақталғаны бар үстелдер әп – сәтте жайнап шыға келді.  Мария: «құдалардың алдына мынаны жаяйыншы» деп, манағы Жемісгүл әпкесінің сандық түбінен шығарып берген жаңа дастарханының орауын жазып, енді үстелге жабамын дегенше, ішінен матаға мұқият оралған білектей бір нәрсе жерге топ ете түсті. Шуылдап ұшып жүрген қыз – келіншектердің мұнымен шаруасы жоқ. Дастархан жайына қалды. Жемісгүл әпкесі: «Оралдағы үйіміз тәуір болатын, алты бөлмелік, сатып келдік, жақсы пұл құрады. Осы ауылдан кеңшар үй берген соң ол қаржы жанымызға қалды, ертең ұл үйленіп, қыз тұрмыстанса деп сандықтың түбіне сақтап отырмыз, Марияжан – ау» деген Жемісгүл ағынан жарылып бір сырласқанында. «Мынау ақша, сол үйлерін  сатқаннан түскен қаржы  болуы мүмкін – ау, әрі екеуі де көп жылдан мұғалім, өз жинақтары да болуы ықтимал, сірә! Дастарханның ішіне, орауы арасына бірге сақтап қойған. Мана асығып жүріп, қаперінен шығып кеткен!»
                  Марияда ес қалмады, бұны оларға қайтіп жеткізем?! Той біткенше қалай, қайда сақтаймын?! Сан сауалдар басын шырмап, тұла бойы тершіп кетті. Толық адамның жуан білегіндей орауды қол созымда тұрған анасының сиыр сауатын шелегіне салып алып, түзге шыққан болып, сонадай жердегі қалың жыңғыл арасына жасырып келді. Бірақ, онымен де жаны тыншымады, «мына шұбырған адамның біреуі тауып алса... ол да мүмкін ғой» деген ой маза берер емес. 
                Қызының өңіндегі әлдебір  абыржуды байқаған сұңғыла әке Сұлташ: 
    - Бір жерің ауырып тұрған жоқ па, түсің қашып кетіпті ғой, балам, – деді бұған. Не десін. 
    - Жоқ, жоқ, әке алаң болмаңыз, көп шаруа қабаттасып жатыр ғой, - деді бұл. Шынымен де мазасы жоқ, мына ақша пәле болып жабысты бұған. Не істеп жүргенін өзі де білмейді, әйтеуір бір нәрселерді істеп жүр, той қамымен жүр. Ойынан кетер емес, адал дүниелері ғой, «табан ақы, маңдай тері» дегендей, мына жаңа дастархан менің емес, басқа біреудің қолына тигенде..... масқара!
                  Ымырат үйіріліп кеш түсті. Екі жастың арман – тілегін құптағандай алқара аспан жұлдыз – шамдарын жағып, аққұба ай бозғылт сәулесін молынан төкті. Дүние сүттей жарық нұрға бөленген. Аумағы атшаптырым  тойхана іші электрлі мотор жарығымен күндізден бетер жарқырап кеткен. Ауылдың айтулы асабасы, әрі әнші, сері жігіт Бүркітбай қуанышты тойды іліп әкетіп, желпіндіре басқарып жатты. 
                   Жұрттың бәрі көңілді, ішіп – жеу, шырқалған ән, аста – төк тілек, жалғыз Мария ғана мұң торына шырмалған. Қас қылғандай Өтеміс ағасы мен Жемісгүл әпкесі үйлеріне Оралдағы достары қонақтап келулері себепті бұл тойға келе алмайтындарын айтып, әріптестерінен шашуларын беріп жіберіп, Марияға дұғай – дұғай сәлем айтқан. «Ал, керек болса, қырсықтың шалуын- ай», - деді ол іштей.
                   Марияның ойы онға, санасы санға бөлінді. «Әке – шешемнің өз ұрпақтарынан көріп жатқан алғашқы жақсылығы ғой, бірақ ол тез бітсе екен, ана бума ақшадан айырылып қалмай, өз иелеріне табыстасам, шіркін!» Той қызығы, бәрі басқасы жайына қалды. Өзінше оны – мұныны әкелісіп, бірдемелерді істесіп жүр, бірақ, бар ойы ойда – жоқта бұған тап болған әлгі ақшада. «Бастапқы жасырған жыңғыл түбінен түзге шыққан біреулер тауып алса...». Өйтпей тұрып, жұрт тоймен болып жатқанда бұл той шатырынан  сәл әріректегі әкесінің жаздық орынға деп  тұрғызған  шалашының  төбесіне шығарып қойса.... Солай етпеуден басқа амалы жоқ бұл өз шешімін орындап тынды ақыры. 
                  Ай - жұлдыздар жөнін тауып, көкжиек бозамық  тартқанда той қызығы тәмамдалып, аттылы – көлікті қонақтар ауылдарына, үйлеріне кете бастады. 
                  Бірер  сағат дем алып алуға бекінген ағайындардың үлкен – кішісі бастарына бір нәрселерді    қойып, бұйырған   орындарында  ұйқы  қамына 
    Кірісті. 
    – Сіз, таңертеңгі сауынға шығасыз ғой, көз шырымын алыңыз, мен шатыр ішіндегі ыдыстарды жинастырайын, - деді бұл анасына. Анасы Зарина оның жүзіне таңданыспен бір қарады да, ләм – мим  тіл қатпағаны – сірә, келіскені. 
                  Марияның да екі аяғы талықсып, белі үзіліп-ақ тұр. Бірақ, бұл үшін демалыстың ауылы алыс. Шалаш төбесіндегі семіз адамның жуан білегіндей  ораманы алып, Өтеміс ағасы мен Жемісгүл әпкесіне аман – есен табыстауы тиіс. Орталық екі судың қабатында, бірінен жаяу кешіп, екіншісінен қайықпен өтуің керек, бұл аралықта кемі он – он бес шақырым жүретін жол және бар.  
                     Күн арқан бойы көтерілгенде осы қиындықтардың бәрін артқа тастаған Мария сүйікті аға – әпкесінің босағасынан аттады. Өтеміс ағасы: 
    - Кешір, айналайын, қуаныштарыңа бара алмадық, қалай, тойларың жақсы өткен шығар, түнімен ескі достарды құрметтеп, кеш жатқанбыз, оларды демалсын деп әлі оята қойған жоқпыз, – дегенше Жемісгүл әпкесі де келіп, бұның бетінен өпті. 
                     Бұл болса:
    - Жемісгүл   әпке, үй сатудан түскен, басқа да жинаған ақшамыз бар, - деп едіңіз ғой, анада  сіз соны жоғалтып алғансыз, нанбасаңыз тексеріп қараңыз, - деді. – Не деп тұрсың, Марияжан – ау, жоғалғаны несі, оны жоғалтып не көрініпті маған, ол сандықтың ең түбінде, - деп,   төсек арасына тыққан кілтін алып, сандығын ашып ішін ақтара бастады. Әрі – бері ақтарып, жуық маңда жоғын таба алмасын білді ме, бұның бетіне таңданыспен жалт қарады. 
    -           Ол, ақшаңыз міне, - деп ол семіз адамның жуан білегіндей орамды Жеңісгүл әпкесінің қолына ұстата берді. Өтеміс ағасына бұл жайдың қатты әсер еткені соншалық, үн – түнсіз жағы ашылмай, бір орында қимылсыз серейіп  ұзақ тұрды. 
          Сәлден соң, естері кірді шамасы, ерлі – жұбайлы екеуі Марияның мойнынан құшақтап бетінен шөп – шөп сүйе бастады. Жемісгүл әпкесінің жүзін жуған жас сіңлісінің де бетін айғыздап жатыр, оған қарайтын ол ма?!
           Көнекөздері  қыр басынан орын сайлағандарымен «Нұрлы ауылда» осы әңгіме әлгі күнге ұмытылмай айтылып қалады. Адамға жақсылық сыйлау арқылы тапқан бақыттан артық не бар дейсің, шіркін! Сол ауылға қыз болып келіп, келін болып сіңіскен Марияға бұ күндері де құрмет ерекше, қайда  да жол ашық. 

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы
ҚР Жазушылар одағының мүшесі 
21.07.2025 жыл