Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Даража БАЛАПАН: «Жанның сыры жаралы жүрегімде...»

БАЛАПАН ДАРАЖА НӘБИҚЫЗЫ Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының ардагері, құрметті заңгер, ақын, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,     Т. Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Даража Нәбиқызы - қуғын-сүргінді өз көзімен көріп, оның тауқыметін тартқан жандардың ұрпағы. Атасы Балапан Ақжанұлы халық жауы атанып, Сібір ормандарында өмірінің азапты күндерін өткізсе, нағашы атасы Сапақ бидің немересі Көбеген де нәубетті жылдардың зобалаңын басынан өткеріпті. Әулеттің үлкендерінен сол бір қасіретті жылдардың ащы шындығын естіп-біліп, оны көкірегіне хаттаған автор өз өлеңдерінде қуғын-сүргіннен азап шеккен тұтас бір әулеттің тартысқа толы тағдырын суреттейді. Редакцияға келіп түскен ақынның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

                                                                                                                                                                                                                                                                    Редакция алқасы

Әлемдегі ең қуатты су - әйелдердің көз жасы.
Джон Морли
Аш өзек, қорегі бір ожау баттасқан ботқа 
болған «АЛЖИР» - лік ананың перзент таңдайына 
тамған бір тамшы сүті - Құдірет иіткен, әлемдегі ең тәтті сүт. 
Автор

Жылатпаңдар, адамдар, аналарды ...

Жылатпаңдар, адамдар аналарды,
Жел жағыңда жүретін паналарды,
Сарқылмайтын сағыныш бұлағы бар,
Жүк көтергіш, қатепті қара нарды.
Баласы үшін жанпида, жансебілдің
Жүрек оты еріткен сіреу қарды.
Тілегі тас үгіткен асыл жандар,
Кепілсіз кеңейтеді қыннан тарды.
Жаныңды жадыратқан көкіректе,
Түйсінгенге, дариға-ай, жұмақ бар-ды.
Бойыңдағы нәрің де, қасиет те,
Ана сүті, уыздан құрақтанды.
Ей, замандас, жылатпа аналарды,
Жел өтінде қорғаның қара нарды.
Тәуекелі жел қайық, перзенті үшін,
Өзен өтіп, кешеді қан сонарды.
Ұл-қызын – бақытым деп ғұмыр кешкен,
Аяла, ренжітпе сен, оларды.
Ұмытпайық, «АЛЖИР»1 - лік аналарды,
Күрсінісі қақ жарған құба жонды.
Рухтары іздейді көшіп жүріп,
Балам ба деп, қарайған қарағанды.
Аналардың көз жасы, сүті кеппей,
Елес кезіп жүр әлі, Сарыарқаңды.
Тұл қазық, жетім жатқан «Мамочкино» 2,
Желге қосып зарлайды «Ана жанды...»
Мүк басқан мүрделер де түйсінеді,
Мамалаған дауысты - мәңгі «Азанды».
Жылатпайық адамзат, аналарды,
Мың шырақты әлемде, абзал жанды ...

Түсініктеме:
1.    «АЛЖИР» - ҚАРЛАГ 
құрамындағы «Отанын сатқандардың 
әйелдеріне арналған Ақмола лагері», «26-нүкте». 

2.    «Мамочкино» - ҚАРЛАГ балалары мен тұтқын әйелдер жерленген зират.

 

Таңсәрі-көктем еркелеп,                                                                                       

Тайғаны кетті жел кеулеп,

Тіл беріп Тәңір, тұр сөйлеп,

Қойынымдағы иткөйлек:

«Түндігін түрді тылсымның,

Ғайып ерен, қырық шілтен»,- деп ...  
(«Тайга күнделігінен»)   

 ... Қалай десек те, сәби исі сіңген иткөйлекті «кіріптардағы» жандар рухани 
күштің негізіне балады. Сананың оған бағытталуы, 
ұмтылуы (интенция), ынта-жiгері - оларға рухтың қозғалу 
жолдарын көрсететін сәуледей болғаны сөзсіз ...                                                                                           
Автор 

     
       Иткөйлек қасиеті
(Тайгадағы соңғы күндер)
                поэма   

Күн ұзарып, Тайгаға көктем келді, 
Қылтиып гүл көктеді бөктердегі.
Қарсы бұтақ қасқайған қарағайдың,
Қылқан, бүрі ерекше түрге енеді.
Бұл көктемнен тағдырлас асыл ерлер,
Басының бостандығын күткен еді.
Тұңғиықтың иірімі – ГУЛАГ-тарда,
Талай жыл төзімдерін үккен еді.

Күн ұзарған Тайгада қара балшық,
Ағаш кесер жерлердің бәрі шалшық.
«Паектың» қара нанын талғажаулап,
Шылап жеген чаганың 1 сөлі талшық.
Жол шетінен көз тартып «Мырза қайың» 2,
Мен мұндалап тұрады «Ну-Ку айшық» 3.
Жас жапырақ желпілдеп тіл қатады:
Мұңдасатын достарға тілек айтып».

Мың тоғыз жүз елу тоғыз, сәуір келді,
Тайга түлеп, табиғат тәуірленді.
Балдидің «бұршақ» салған жайсаң жары,
Таң бозымен елестеп түсіне енді.
Көріп тұрмын» дегендей ишараты:
«Ел көшкен, ен жайлаудан пешенеңді.
Шаңырақты көтертіп, уық шаншып,
Зейфуным 4 керіп жатыр керегемді».

«Кере сала асылым, керегемді,
Сұқ саусағы көрсетіп оң кеудемді,
Жарықтық, аялап тұр иткөйлек пен,
Торқа жібі түктенген сұр жейдемді».
Көрмеген немеремнің иткөйлегі,
Құпия жолмен Тайгаға жеткен еді.
Оң кеудеме тігілген сол пәкизат,
Тұтқындарға нұр-сауле сепкен еді».

Елестетіп періште ақ қанатын,
Иткөйлектен тұтқындар бақ табатын.
Жалғанда сәби  иісіне не жетер деп,
Аялайтын, иіскеп, шаттанатын.
Маңдайларын тигізіп, көзін жұмып,
Кірпіктерден ып-ыстық жас таматын.
Тәңірден тілек тілеп топ жүректер,
Үнсіз тұрып бір мезет, бір соғатын. 

Күн ұзарған Тайгада алакеугім,
Тастөбеден қараған ағаш-зәулім,
Арайдың алқымынан нұр себеді,
Тұтқынның алдандырып ала кеулін.
Аш құрсақ, жұтқыншағын жібітеді,
Ағаш отта қайнаған қара шәугім.
Діңкелеген денеден тер тамшылып,
Рахатын сезінтер «ой-хой ... , беудің ...».

Тайгада жомарт кез бар жемтік берген,
Тұңғиық, тылсым да бар қауіп керген.
Балдиді достарымен сан қатерден,
Сақтаған қойнындағы «Ұлы мерген».
Жан тәсілім етерде ниет бұрып,
Қоштасты «Ну-Ку» - ғалым, қайран ерен.
Сәби исі жетектеп соңғы демін,
Қамырдан қыл тартқандай жүре берген. 

Қара талға жармасқан шілік барды-ды
Бір жағы үңгір, бір жағы түйетайлы.
Қасынан өткен кезде дем бөлініп,
Сездіретін тартылыс, тосын жайды.
Сол күні аяқасты күн күркіреп,
Көкті жапты қара бұлт найзағайлы.
Көбесі сөгілгенде қара аспанның,
Тоғытылды бір дене отты-шарлы.

Сол, отты шар жылжыды сусыл қағып,
Қалғандай көк аспанның жанары ағып,
Бір секірді, бір жүрді, құлдилады,
Бұрылмады, қара үңгір – нысан, бағыт.
Сатырлап үңгір жапқан қу бұтақтар,
Әсер берді жатқандай отқа жағып.
Сонан соң, атқылады қара құрым,
Секілді қақпағы ұшқан қара табыт.

Құдірет-ай , әлгі шар қақ жарылды,
Шіліктің бұтағына бу қарылды.
Тоғыз жігіт айқасып тұрып қалдық,
«Көрерміз»,-деп Жаратқан салғаныңды.
«Табытты» мекендеген топ жыландар
Қара үңгірден бытырап бізге ағылды.
Ұшқыр ой, тек Ұлы тіл кейіптейді,
Жанталасқа айналған қас қағымды.

Біреуі жорғалады, бірі атылды,
Өштескендей түйсік, түр бұратылды.
Енді бірі жармасып, иық аттап,
Жалаңдатып айқарды айыр тілді.
Тұтқиыл састырғанмен, сезім берді:
«Иткөйлек ысырар»,- деп сұрапылды.
Алланың құдіреті ме, кім біледі,
Қасиеті тағы да сынатылды.

Иткөйлек қасиеті сынатылды,
Бақидан сауғалады жәннатымды.
Қара шұбар жыланның бес-алтауы,
Белуардан, иықтан құлатылды.
Ой, пір-ай, біле алмадым, сәйкестік пе?
Бас жағы құбылаға қаратылды.
Жан кетіп, ирелеңдеп қала берді,
«Ақ құймай-ақ» 5 жамылып қара түнді.

Дір еткізді таң бозы құлан иек,
Жан жары – айдалада қалған сүйек.
Рухы ұшып келіп ұйытты ма,
Әділдік айғағынан - асыл мәйек?!
Тоң қойнында іркіт те іріп жатыр,
Арсыздардың арқауы – жалған дәйек.
Қасірет, қайғы тартқызған талай жанға,
«Тарантулдар» бір-бірін жалмап әлек.

Тасығандай бұла күш тұла бойдан,
Арыла алмай жатқан-ды құрақ ойдан,
«Балди, Балди, тұр»,- дейді Серый 6 келіп,
Кирзі етігін көрсетіп жамап қойған.
- «На работу не пойдем,  соберемся»,
Барактарда жоспарлы ашық майдан.
Үркіткен, үрей үрлеп жендеттерді,
«СтепЛагтан» 7 басталған қанды сойқан.

Оқиға көп Тайгада бастан өткен,
От оранған, жоғалған, қанды кешкен.
Сібірдің өзенімен мәңгілікке,
Сұрауы жоқ ерлер бар ығып кеткен.
Саясат құрбандарды қан қақсатып,
Қасірет иіріміне жанын жеккен.
Енді, міне, «жылымық» желі есіп,
Кейбіріне бостандық үні жеткен.

Кіріп шығып шенділер казармада,
Тізімдейді, кейде іліп «хабарлама»,
«Сұр папкі, қара қапшық» қотарады,
Кім біледі, олары - «Хаттама» ма?!
Тұтқынның не түрі бар, сан-санатты,
Жазықсыз «жау» дегендер ақтала ма?!
«Кіріптарда» дос болған жігіттердің,
Бұйырта ма елдерін Хақ-Тағала ?!

Елі, жұртын ұйытқан өзегінде,
Жан сырлары жаралы жүрегінде,
«Халық жауын» іріктеп іліп жатыр,
«Рахымшылық» дегеннің кезегінде.
Осы күнге жетпеген боздақтар бар,
Алып кеткен арманын жетегінде.
Ар түтіліп, ақиқат жылап кетті,
Дариға-ай, дүниеден өтерінде ...

Мезгіл еді, ай күнді иектеген,
Төрт адам жалғыз жолды жиекпенен,
Келе жатыр, бағыты шеткі барак,
Қол-саусағы тынымсыз ербеңдеген.
Ізінде  айдауыл бар түрі таныс,
Шинелінің етегі желбеңдеген.
«Ахали, Балди 8 , Сережа  тізімдегі, 
Келесіңдер штабқа ертең деген»...

Бесеу еді туғандай бір анадан,
Мәрт мінезді, бір ойдан, бір санадан.
Тоғыз ай бұрын жерледі «Ну-Ку» досты,
«Ақ қайыңның» түбінен көр сұраған.
Басына айшық қойып мұсылманша,
Арылтты тағдырласты жан азадан.
Саибты 9 басқа жаққа ауыстырды,
Ақталар үміт беріп сол қаладан.

Сергей қалды үйленіп шор 10 қызына,
Балап жүрген өзінің жұлдызына.
Ахалиды күтуде түркімендер,
Арда ұлтын сыйғызған болмысына.
Балди мырза жол тартты Кемерінен,
Ат байлатқан атажұрт қазығына.
Соңғы укім - он сегіздің онбір жылын,
Тастап барад(ы) Тайғаның тамұғына.

«Отыз екі» - «ОГПУ» қарғыс атқан,
«Қырық сегіз» - «НКВД» жала жапқан.
«Штрафбат», Ладога мен Сталинградта,
От кешті ортасында қанды майдан.
«Үш барып, үш келесің, қиянға»,-деп,
Дәл айтыпты жан-жары түбі сойдан.
Алпыс жеті ғұмырдың жиырма екісін,
Елден жырақ өткізді Балди, қайран ...

Жеті жыл ерте босап елге келді,
Рухы мықты азамат, ерден еді.
Ізін аңдып, хаттарын тексеретін,
«КГБ»-нің құпия шенділері.
Дос құрметіне атады «Ибраhим»,- деп,
«Алпыс бірде» туылған немерені.
Елім деген жанкешті құрбан жандар,
Ақиқат келеріне сенген еді.

Қиып, әрлеп жасаған қарағайдан,
Ала келді өзімен бір шамадан.
Ішінде естелік бар достарынан,
Бірге өткен қыл-көпір, жар-жағадан.
Күнделігін, кей затын тәркіледі,
«КГБ-нің үнсізі» қаралаған.
Ақталса да, ғасырдың еншісінде,
Ізі қалды жүрегін жаралаған.

Жылу берген ғажайып кебенектей
Кебінді кері итерген ергенектей 11.
Тағдырдың тауқыметін тартқандарға,
Иткөйлектің қуаты балғын көктей,
Себепші де болған-ды серпілуге,
Сілекейін суалтпай, сөлі кеппей.
Қасиеттің тұмары - сол иткөйлек,
Қобдишамда сақтаулы исі кетпей ... 

Түсініктеме:
1.    «Чага» - Chaga, қайың ағашының діңінде өсетін 
саңырауқұлақ. Сібір тұтқындарының «шәйі».
2.    «Мырза қайың» - тұтқындардың ықыласы ауып, 
сырласына айналдырған ерекше аққайың. Олар келгенде 
жапырағы жалбырап, сезім береді екен. Жұмыстан қайтар 
жолда діңін тіліп түтіктер қойып кетсе, таңертең  ыдыс сөлге (сок) 
толып тұратын болған. Оны «Мырза қайың» атандырған. Достары
 «Ну-Ку» ғалымды өтініші бойынша сол аққайыңның түбіне жерлеген. 
3.    «Ну-Ку айшық» - құлпытас айшық. Әкесі молдаван, шешесі
қыпшақ қызы, «халық жауы», «Ну-Ку»-дың басына өтініші бойынша 
мұсылманша, ағаштан ай ойып орнатқан құлпытастың атауы. «Ну-Ку» оның 
лақап аты, екі фамилияның соңғы бір-бір буынан құралған (Мокану және Илиеску).
4.    «Зейфун» - 28 жасында репрессия салдарынан дүниеден өткен Балдидың зайыбы.
5.     «Ақ құю» - қазақ жыланды қинап өлтірмеген, басына ақ құйып шығарып тастаған.
6.    «Серый» - Сережаның лақап аты.
7.    «СтепЛаг» - Кеңгір өзені жағасына орналасқан «халық жауларына» арналған ерекше лагерь. СтепЛаг-тағы 40 күнге созылған қанды қырғын көтерілістен соң, 
өкілетті орган саяси тұтқындардың көпшілігінің ісін қайта қарауға мәжбүр болды.  СтепЛаг 1957 жылы біржола жабылды.
8.    9 . «Ахали, Балди, Саиб» - Ахалы - түркіменнің, 
Балди - Ақжанов Балапанның, Саиб - Санаев Ибраhимның лақап аттары. 
10 .  «Шор» - Кемеров облысын мекендейтін  түркі тектес халық. 
11. «Ергенек» - киіз үй есігінің сыртынан бастырып, жауып қоюға арналған құрал.
 
Эпилог:
       Балди Кемерден оралған 1959 жылдың май айынан бастап, алыс-жақын елдерден онымен көрісуге келгендер, сәлем берушілер саны ұзақ уақыт толастамады. 
       Бірде, Хорезм,Үргеніш, Қызылқаладан келген сыйластары мен туыстарының құрметіне туған құдасы Көбеген Лекерұлы (ол, да «халық жауы») ас берді. Талай әңгіменің тиегі ағытылды. Сол асқа қатысқандардың есінде сақталған мына әңгіменің төркінін тектілік демей не дейсің ?! 
- «Көке, деді Балди, жүзін Көбегенге бұрып, «Сапақ бидің (Көбегеннің туған нағашысы), «Үш тұңғыш киген иткөйлек дау шешеді»,- деген даналық сөзі есіңізде болар... Мен ұлымды үйлендіріп отау қондыра алмадым, алғашқы немеремнің дүниеге келгенін, тәй-тәй басқанын көрмедім, тілі шығып былдырлағанын естімедім. Бұрын да жақын жандар едік, баламды Алла сіздің жалғыз қызыңызбен жұптастырды. «Қиямет-қайымнан» өтіп, Тайгада тұңғыш немеремнің иткөйлегін иіскеп жүру бақыты бұйырды, өздеріңмен, еліммен табыстым. Менің айналама жасаған қамқорлығыңа бек ризамын. Енді, Алланың құдіретімен, талай жанды ажалдан сақтаған иткөйлекті,  «ыстығыма күйіп, суығыма тоңған» жанкешті қарындасым, мына отырған Зылиха Көкенқызына аманаттаймын. Күндердің күнінде иесіне табыстар»... 
       Тыңдағандардың көзіне жас іркілді ... Әрі қарай, «Үш тұңғыш киген иткөйлек дау шешеді»,- деген қағиданы, оның қасиетін, сөзге шешен, дүр атанған Көбеген тарқатқан еді. Бұл оқиғаға да алпыс жылдан асыпты ...

Алғы сөз
       Қара Жүргенұлы қазанында қара су ұйыған өте ауқатты, ел-жұртына қамқор, мешіт салдырған, Қара би атанған зиялы адам болған. Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтың әкесі.
       Сырдария облысы Қазалы уезіндегі Қуаңдария болысын басқарған. 
       Түркістан генерал-губернаторлығының бірінші генерал-губернаторы, генерал-адъютант К. П. фон Кауфман Ташкентке барар-қайтар жолында Қара бидің Ырғыз өңіріндегі «Жабасақ» қыстауына, Қарақұмдағы «Қоңыр төбеге» (Қараның құмы атанған)  арнайы сәлемдесіп, келіп тұрған. Ол, қазақ даласының қасиетіне, оны мекендейтін халықтың мәрттігіне, тұрмыс-тіршілігіне, табиғатпен тұтастығына тәнті екенін жасырмаған. Бір кездесуінде ол: «Қара мырза, сіз өткен жолы  «... сүтке көп қарасаң қан көрінеді деген едіңіз», соны көп ойланып қорыта алмадым, іс жүзінде қалай, сөз жүзінде қалай, түсіндіруіңізді өтінемін»,-депті. Сонда, Қараның сол тағлымды, сөзбен өргеніне және бір қазан түйе сүтінен бір тостаған қанды қалай алғанына таң қалып, бас иген екен.    
       Бірде ол, Орынбор – Ташкент сапарында Қара биге соғып, алтын самаурын сыйға тартқан.
       Кәмпескеленіп, 1929 жылдың күзінде Қарқаралыға жер аударылып бара жатырғанда (Арқаға сол бағытпен көшкен) жолай «Қоңыртөбе», қасындағы «Ұябайдың үй тамы» арқылы Ерімбет жағада (Киров колхозы) отырған Төртқараның қожасы саналатын Айқожа ахунның аулына соғып, әрі қарай аттанған.
       Шағын ауыл қиын кезеңде, жоқтықтан әлсіреп отырса да Қара биге құрмет көрсетіп, мал сойып, әрбір үйден уыстап бидай жинап екі қанар қапты толтырып, жол азығын қоса түйеге артып шығарып салған еді. Елдің пейіліне риза болған Қара бидің кірпігіне жас іркіліп, кәмпескеден қалған, қысталаңда кажет болар деп алып шыққан алтын самаурынды Айқожа абызға ұсынып: «Айеке, мына бір қауым елдің қорегіне қажет болар, айырбастап азық етерсіңдер, самаурынды алып қалыңыз»,-дейді. Сонда, Айқожа ахун: «Қареке, о не дегеніңіз, біз елдеміз, мына құмның көсігі мен құмаршағы бізді өлтірмес, ол сіздің отбасыңыздың нан пұлына қажет болады »,-деп алтын самаурынды қайтарып береді.
       Таң рауандаған ала кеуімде Қараның көші жал құмдар арасына бір батып, бір шығып қара ноқаттай алыстай берді ... ,  алыстай берді ...
       Қара Жүргенұлы 1937 жылдың 25 қыркүйегінде атылса,Темірбек Жүргенов 1938 жылдың 25 ақпанында атылды. Балалары Қосжан, Досжан, інісі Ысқақ 1930-31 жылдары «Қарақұм көтерілісінің» басшылары ретінде атылды, туыстары 5- 8-10 жылға Сібірге жер аударылды.

Қасиет пен қасірет...
             Толғау-реквием 
(Қара Жүргенұлы тартқан тауқымет)
1.    Қоштасу
(Жаз жайлау мекені «Қоңыртөбемен, қасындағы» 
«Ұябай» төбеде жерленген Ақжан әулиемен жер ауып бара жатырғандағы қоштасуы)
  
... Қанаттасып қазымен қарашаның,
Туған жерім соңғы рет таң асамын.
Алдым тұман, артым құз, ей Жаратқан,
Бұйыра ма намазы жаназаның?
Ұлт мәйегін ірітіп, іркіттеген,
Дүлей кері қан жұтқан замананың.
Ел-жерім, ұрпағыма от ойнатып, 
Жиғаны тәркіленді би Қараның.
Шідермен, қамыт киіп барам деп пе ем,
Арқаның алтын тәжі - Қарқаралым...
                        *  *  *  
... Қасиет қонған дәулетім - ғайып-нұрдан,
Қасірет шеккен нәубетім - «қызыл құлдан»,
Жазықсыз жайсаңдардан артық пе едім, 
Ар-рухқа, жаным мен малым құрбан.
Қайғының уын шашқан жендеттерге,
Кезең әлі, келеді әруақ ұрған.
Қоштасып кеше кеште «Жабасақпен»1,
Ей, Ақжеке жайым бар, келіп тұрған.
Телқоңырың қасыңда «Қоңыр төбем»2,
Қуат беріп, жанымды айықтырған.
Мойнын толғап барады «Ақ-сарыбас»3,
Қанатынан қан тамып, мынау қырдан.
Қасқалдағың қан сығып бағыт алды,
Алдым Арқа, қан жұтқан «Қалмаққырған»4.
«Құлжұмыр-Қасқа төбе»5 күрсінеді,
Мың дананың кешегі ізі қалған.
«Қараүңгір-Тұздақ»6 мекені боздақтардың,
Сүйектері көмілмей, ар жамылған.
Рухтары кезеді «азаттық»,-деп 
Елестетіп ақ туды қан малынған. 
«Қоңыр төбем», «Бес төбем»7, «Ақжан төбем»8,
Жайлаудың жайсаңы еді, мал ықтырған.
Жеркіндігі, жарықтық осы жерде,
Құманыңда қара су ұйып қалған.
Менің де анау тұрған «Қоңырымда»,
Қазан суы екі ұйып, қарық қылған.
«Айсыз түнгі құс жолы» ғашық болып,
Ұябайды бұл жерде жұтып тынған.
Түпсіз терең ғарышты кіндік орап,
Жұлдыздардың нұрына қарықтырған.
Әуеге ең жақын жер осы нүкте,
Тылсым түйіп, ғылымды шалықтырған.
Жер биігі жаһаннан зейін тартып,
Бұл төбеге қасиет, қыдыр қонған.
Киелі мекеніммен қоштасамын,
Қайта айналып көру жоқ, енді маған.
Қара би атанғаным ел-жұртымның,
Құрметі, ең бағалы сыйы болған.
Ырғыз бен Қармақшының түрмелері,
Жонымнан таспа тіліп, төзім жонған.
Жер-суым, ел тілегін тілеп барам,
Кезім жоқ рухым түсіп, сағым сынған.
«Тағдыр да - Тәңір ісі», өтті дәурен,
Дүние кележағың, затың жалған.
Қан қосып, туыс болған әзиз аға,
Жайым бар ырзалыққа келіп тұрған.
Жазмышқа шара бар ма, бұйырыпты,
Ініңе де тауқымет осы жолдан...
2.    Карқаралы сапары
Буырқанған толқынмен күй кешемін,
Алыс қалған жылдармен тілдесемін,
Тіршілік керуенімнің қөшін тартқан,
Құба жонға бір қонып таң кетемін.
Шылбырымды сүйретіп от-басыммен
Айқожа ахун аулына түн жетемін.
Қоржынымда бір уыс жусаным бар,
Тар қапаста кеудемді сергітемін.
Түйіп алған киелі топырақты,
Бұйыртса, сүйегіммен бірге етемін.
Кешегі дәуірлеген ақ боз үйдің,
Мәңгі жауып барамын ергенегін9.
Серігім-Құрандарды көмдім бүгін,
Аманаттап басына дөң-төбенің.
Бірінші орам - шым қара құрым киіз,
Соңғы орамы - құзыры «көн төренің».
Қанымды сорып бітпей түсері жоқ,
Жауырыннан қадалған тас кененің.
«Үштік» деген үмітсіз айла тапты,
«Мұқалтам»,- деп қазақтың ақ беренін.
Құлақ естіп, көз көрді көшкен елдің,
Аза даусы  жер-көкті кернегенін.
Самалы жетер ме екен қоңыр белдің,
Маған тұрақ - тұрқына жеркепенің.
Қош елім, «Қарақұмым»10, жеркіндігім,
Үркер қонып, қажайтын ай қорегін...
3.    Айқожа ахунның аулына келуі
Сәске түсте қоштасты қоңыр белмен,
Кешегі қылқұйрықты құлан желген.
Жер ауып отбасымен бара жатыр,
Түйе қоршау, жұпыны екі теңмен.
Өркешіне байланған қоржынында,
Алтындатқан самаурын, күміс зерен.
Кауфман11 мырза құйдырып Орынборда,
Сәлемдесе келгенде сыйға берген.
Белдіксіз боз шекпеннің өңі кеткен,
Құпия қыртысы бар өңірленген.
Алдағы қарекеттің қамы үшін,
Қуысына қыстырған тиын-тебен.
Өзегіме түсетін астығым жоқ,
Көңіл шерлі, дариға-ай, жүрек шемен.
Даламның аң-құстары арман болды,
Жұлындарын жойқын жұт - жебір жеген.
Ұлтымның ұлы тінін қырқып жатқан,
Бұл зауалдың ақыры тынар немен.
Айқожаның ауылы алыс емес,
Алдымда «Көкдомбағым»12 күн көктеген.
Осы маңда мерт болған жайын жұтып,
Асан қайғы баласы Абат мерген. 
Ой өріп, өрмек тоқып әлі келем,
Ұлы далам, ет-жүрек елжіреген.
Саумалдай самалыңнан айналайын,
Сүйек-қанды тасытып, көкірек керген.
Маңдай тіреп, ат басын бұрдым аға,
Жөн сұрап, бата алуға сіздей ерден...
4.    Ұлылық
«Ерімбет жаға»13 ен жайлау кенім дейтін,
Жабайы сәбіз, құмаршық күз дәндейтін -
Құмында өсіп-өніп Сейтқұлдың,
Сегіз арыс ұрпағы мекендейтін.
Қосым қожа ұрпағы Айқожаны,
Төртқара-Дүйсенейлер пірім дейтін.
Кешқұрым келіп жетті Жампозымен,
Жүрісі майда, бұйдасы іркілмейтін.
Айқожа ахун қарсы алып, қонақ етті,
Шақыртып жігіттерді жөн білетін.
Ашаршылық, жанкешті мезгіл еді,
Бір-біріне септесіп күн көретін.
Көбеген би14  Қараға сәлем берді,
Тілге шешен, сөзімен қуды ілетін.
Жігіттердің алыстан кіре тартқан,
Астықтарын уыспен тең бөлетін.
Сол күні ауыл үйдің дастарханы,
Бос аяқпен ағытты түннің кілтін.
Көтермей қазандарын ошақтағы,
Жолаушының жандырды жол үмітін.
Өзінің аш құрсағын ойламастан,
Асыл ерлер көрсетті ақ ниетін.
Әр ошақтан уыстап бидай жинап,
Келтірді қос қанардың берекетін.
Ақыраптың айтулы бір күні болды,
Аштыққа алақаннан сеп тиетін ...
                        *  *  *  
Межелі уақыт жетіп, таң да атты,
Жан жылуы жебеді дегдар-затты,
Мәрт мінезі «жауырды жаба тоқып»,
Елемеген түр берді жарақатты.
Дегенмен көңіл толқып, ризалықтан,
Көзден тамшы құлдилап бара жатты.
Айнала мөлдіреген таңғы шықтар,
Қимай-қимай Қараны құмға батты...
                        *  *  *  
... Ей, Айеке, тілектес, асыл ерлер,
Қытымыр мезгіл алда, жара меңдер.
Қуғын-сүргін, зобалаң, жойқын- жұттан,
Мезгілсіз үзіледі талай демдер.
Мендегі жалғыз бұйым самаурынды,
Нан пұлға жаратыңдар енді сендер.
Жазаңды Алла берсін, басқа не айтам,    
Ұлтты қырып, қанымды сіміргендер.
Тілегін тілеп барам ел-жұртымның,
Елге тұтқа болыңдар есіл ерлер ...
                      *  *  *
... Қарекем- ай, Қарекем, текті тұлғам,
Деген едің, ұлтымнан жаным құрбан.
Залым заман, ОГПУ қарғыс атқыр,
Шырағымда нең бар ед, жанып тұрған.
Самаурынды алмаймыз, қоржынға сал,
Қажетке керек болар жерде барған.
Дұға етемін, Алладан пәрмен сұрап,
Зарықтырмай ісіңді етсін оңнан.
Ел-жұртың еңірейді, амал барма, 
Ей, ардағым қайыр қош, қалма жолдан... ... ...

Толғауда ойдан шығарылған жер-су 
атаулары және адам аттары аттары жоқ. 
Бәрі қаз қалпында атымен аталып, түсімен түстелген.

Түсініктеме:
1.    «Жабасақ» - Ақтөбе облысы,Әйтеке би 
(бұрынғы Комсомол) ауданы, Темірбек селосы 
(бұрынғы Комсомол селосы) маңындағы Қара Жүргенұлының қыстауы. 
2.    «Қоңыр төбе» - «Қараның құмы» атанған Арал Қарақұмынан 
70-80 шақырым жердегі Қараның жайлауы.
3.    «Ақсарыбас» - Қыдыр көрген адамдардың сабасына қонып, шаңырағынан ерсілі-қарсылы ұшып жүретін үйрек-қаз, танымдық белгі (символ)
4.    «Қалмаққырған» - Ұлытау өңіріндегі төбе. 
Жоңғар басқыншыларымен қырғын соғыс болған жер.
5.    «Құлжұмыр-Қасқатөбе» -1710 жылы 
Үш жүздің Туы тігіліп алғашқы Ұлы құрылтай  өткен төбе.  
6.    «Қараүңгір-Тұздақ» - Ресей империясының патша 
әскеріне қазақ жастарын күшпен алуға қарсылық білдіріп 
қазақтардың патша әскерімен қанды шайқасқа түскен жері. 
7.     «Бестөбе» - Қоңыр төбеге жақын Қараның жайлауы
8.    «Ақжан төбе» - Ақжан бай қыстайтын, 
Қазалы қаласынан 50-60 шақырым жердегі ең биік төбе. 
9.    «Ергенек» - киіз үй есігінің сыртынан бастырып, жауып қоюға арналған құрал.
10.    «Қарақұм» - Сырдарияның төменгі ағысы, Арал 
маңынының Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе облыстарымен 
қиылысар тұсынан Сарыарқаға дейін созылып жатқан құмды алқап.
11.    «Кауфман» - Түркістан генерал-губернаторлығының  
генерал-губернаторы, генерал-адъютант  К. П. фон Кауфман.
12.    «Көкдомбақ» - Арал ауданы, Абай ауылынан 35-40 шақырым 
жердегі, Асан қайғының баласы Абат батырды жайын жұтып, ішінен 
жарып алған денесі жерленген жер, бір заманда Арал теңізінің ұлтаны 
болған дейді ғалымдар пайымы. Беріректе Жанқожа батыр жайлаған мекен.  
13.    «Ерімбетжаға» - Арал ауданындағы 
С.К. Киров атындағы колхоздың бұрынғы атауы.
14.    «Көбеген би» - Сапақ бидің жиені, С.К. Киров атындағы 
колхоздың төрағасы, 1937 жылы «халық жауы» болып Сібірге айдалған.

Қарапайымдылық, жақсылық 
пен ақиқат жоқ жерде ұлылық та жоқ.
Лев Толстой

Кеңес үкіметі кезеңінде Қазақстанда 
5 миллион адам қолдан жасалған аштықтың
құрбаны болды. Ол, «Жойқын жұт», бірақ «Ұлы» емес  ...
Автор

Ұлы деме жұтты халқым ...

Ұлы деме жұтты халқым,
Ол-жалмайтын жойқын,
«Великий голод»,- дегендер,
Білмегендер «Ұлы» парқын.
«Ұлы» - биік, асқар-шың,
Тәңір сыйы, дүниенің-
Асылы ол, ақ жарқын.
Ұлы деме жұтты халқым,
Кесапатты, ол - қырғын.
Ара шөлден ар көшкен,
Ұлы жұртым қан кешкен,
Қасіреті ұлтымның.
Ұлы деме жұтты халқым,
Уланған Ұлы салтым,
Ошақтан от өшіріп,
Жалмаған улы жалқын.
Сауға сұрап масақтан,
Баз кешсең жаннан,
Несі «Ұлы»,-деп сұраймын мен:
Жаhаннан, Жаратқаннан?!
Сөлі солып, нұры кетіп,
Жанарын ашық қалдырған,
Көмілмей денесі іріп,
Өлімтігіне құзғын қондырған,
«Сен ұлы ма едің»,-деп сұраймын мен:
Сол, кеселді қырғыннан?!
Уызың кеуіп, үзіліп тінің,
Айырған текті тұрқыңнан,
Гені ерекше тұқымнан,
Сұраймын мен: «қандай ұлылық»,-деп,
Сол, аштық - жексұрыннан?!
Не деймін, сөзге:
Аштыққа «Ұлы» деп айдар таққан?
Жойқын ғой ол, халқым-ау,
Жоюға жарақтанған ...
P.S.
«Великий голод в Казахстане», 
«Қазақстандағы ұлы аштық»,- деген 
еңбектерді зерделеп оқимын. Жүрегім 
қан жылайды. Жылап тұрып, жан дүнием 
дір етеді, «мұның несі ұлы екен», - деп ...

ШІЛТЕР ТЫС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

1.    Қоштасу
Әсемдеп тоқып шілтермен,
Жиегін көктеп көмкерген,
Көпшіктің тысын ұстатып,
Көз жасын төкті «көзкөрген».

- «Анаңнан қалған бір белгі,
Нағашы жұртың берген-ді,
Кеудеңе басып, иіскеп,
Мауқыңды ботам, бас енді.

Анаң бекзат-көргенді,
Отызға жетпей жерге енді,
«Сарғасқа-жомарт» атанған,
Сөзге де шешен-мерген-ді.

Күттіріп жылдар перзентті,
Әулие кезіп- сенделтті.
Аянмен берген баланың,
Қызығын Тәңірі бермепті.

«ОГПУ»-дің таққан айыбы,
«Халық жауының» зайыбы.
Ақыры жұтып тынды оны,
Заманның жойқын «жайыны».

Тартып тұр тағдыр жетегін,
Қош айтып туған мекенім.
«Бас сауға еткен» жандармен,
Ілесіп менде кетемін.

Өскейсің болып азамат,
Тұлпардан қалған қазанат,
Анаңа туыс, апаңмын
Тапсырған шілтер-аманат».

... Айқастырып кірпігін,
Іздеді ізін күлкінің,
Бетіне басып қуанды,
Бедеріндегі бүртігін.

Маңдайын сүйіп күптінің,
Жанынан бір сәт үкті мұң.
Сол ару сәби жүректің,
Мекендеп қалды түкпірін.

Жадында қалды:
-Ғайып Ерен-Қырық Шілтендер,
«Жебейді жаным»,- дегені,
-Анаңның исі – шілтер-зер,
«Қорғайды жаным»,-  дегені,
Күрсінген демнің – тереңі,
Болмыстың бөлек – ерені,
Үйірілген ымыртта,
Жаққаны жүдеу білтені.

2.    Жан сауға

Еді ол - … 32-нің қара күзі,
Қоштасқан жетім қозы, нала жүзі.
Амалы жоқ, жетектеп кете алмады,
Қуғында өзі, арқада - азап жүгі.

Ұлттың қамын ойлаған асыл жары,
Азаматы Алаштың ғасырдағы.
«Жау» болып айдалғанда шетінеді,
Жалғыз тұяқ, үміті қасындағы.

Тәркіленген үйінде қара құлып,
Жан ауырды тәнінен таспа сылып.
«Кіріптарда» үзілген жар түймесін,
Алып кетіп барады тұмар қылып. 

Басы ауып, ілесті бір қараға,
Сауға сұрап жатпады жан-дауаға.
Айлап жүріп ілінді құр сүлдері,
Адамы жат, көрмеген, бір қалаға.

3.    Өмірдің соңғы белесі ...

Анасынан қал қалған көз шетінде,
Әкенің парасаты - келбетінде.
«Халық жауы» баласы - сол Қалдыаян,
Жылдар өтіп жетілді жел өтінде.

«Детдомдағы» сәби шақ санасында,
Балалығы Әму, Сыр сағасында,
Жастық шағын қалдырып, елге оралды
Пермьдегі Каманың жағасында.

Сақтамай-ақ бойына ыза, кекті,
Еңбегінің бақытқа жолы жетті.
Өзіндей «Халық жауының» жалғыз қызын,
Қырық бес жыл аялап, жары етті.

Жетпіс бір ғұмыр кешті, өсіп-өніп,
Шаңырақтың қалмады оты сөніп.
Шілтер берген жанкешті, аяулы ару,
Тұратын Қалдыаянның, түсіне еніп.

Қайран апа, дариға-ай, тіні текті,
Ел бұйырмай, сүйегі жатта кетті.
Өлерінде: «өзіммен жерле», - депті,
Бір уыс топырақ пен иткөйлекті.

Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі - санаға сын,
Әке де, жар да ақталды, бір өкініш...
Содан кейін көрмеді жан-апасын.

Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі - санаға сын,
Арыстардың арманы - Тұғырлы елде,
Сүргін көріп ешкім де жыламасын.

Эпиграф
       О, Жаратқан ... Тоқсан жылға жуықтапты ... Өзгермеген... Сол шиен, шидің түбірі ... Қасиетіне бас идім... Қасіретті қақтаған киеңнен айналайын, Ұлы далам!
       ... Иә, аманат арқаламасам дәл осы күйді кешер ме едім, кешпес пе едім, кім біледі ?!
       2017 жылдың мамыр айында жадыма сіңірілген ізбен, көзі көріп, куә болғандардың айтуымен  төрт облыстың (Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Жезқазған) қиылысқан  тұсындағы қорымға келдім. Құдірет күші жетектеп, сезім берген құбылыс, ой-пайымның қортындысымен жусан жауып, көзім ілінген жерге қада қақтырдым.
       Алты айдан кейін келіп ескерткіш «Қара тақта» орнату үшін іргетас орынын қаздырғанымда, қабырғасы шиенмен өрілген лаһатты таптық. Маған көмекші болып, қызмет көрсеткен зерделі азаматтар – Мақсот Сағидоллаұлы, Асылхан Ақбайұлы, Ұзақбай Молдабайұлы сол маңайдан жұлып әкелген шиенді қолдарына ұстап ағынан жарылды, қуанды, менімен бірге толқыныс күйін кешірді... Оларға Алланың нұры жаусын! 
       Бірнеше күнге созылған жұмысты аяқтап, құран бағыштап, қажетті рәсім жасағаннан кейін, әрқайсымыз жағалай тұрған көліктің дөңгелегіне арқа сүйеп, ой құшағында ұзақ отырдық... Қоңыр күз еді, түс қайтқан... Құдіретке дауа бар ма?!  Жарқыраған күн сәулесін көмескілеп ақша бұлт төбемізде қайырлады... Сәлден соң қоңыр-бұйра бұлтқа айналып орала жылжыды да, біз отырған ауқымды аймалап жұп-жұмсақ тамшыларын баяу бүрікті. Жаңа ғана орнатқан қара гранитке тамған тамшылар бірін-бірі қуалай, тізбектері құлдилап құлап жатты... Үп еткен жел жоқ, үдей берді... үдей берді... Жаңбыр тамшыларымен қосыла кеудемді жуған жанар тамшыларын топырақ та сіңіріп жатты... Қоштасар уақыт та жетті ... Тұсындағы үш жүздің басы қосылып 1710 жылы Қазақтың алғашқы Құрылтайы өткен «Құлжұмыр - Қасқатөбе» де даланың нұрына бөленіп биіктей берді. Абай елді мекеніне бет бұрып жолға түскенде, көз байлар қара нөсерге айналды. Осы жылы шегіртке қаптап, тасаттық жасаса да, бір тамшы жаңбыр тамбаған далада, елді мекендердің аумағында тынбастан үш күн, үш түн жауған нөсер айналаны айдынға айналдырды...
       Сол жауынға малшынған күйімде, кешқұрым қаракөлеңкемен қабаттасып, анасының қабірінен пакетке салып алған азғана шиен пен белдеу ағаштың жұқанасын әке кесенесінің ішіне орналастырдым... Төпеген нөсер мен жан-жүйемнің жаңбырлы сәті де мәңгі есімде қалды. 
       Әкемнің жамбасы жерге тиген күні таңда көрген аянда, анасымен табысқан сәтін анық көрген едім. Табыстыңдар, Алланың қалауы болар. Содан бері, он жеті жыл өтіпті ... Кешіктірсем ғапу етіңіздер, асылдарым?! Ғажайып дүние, бұйырған мезет ... 
        

Шиентүп қасиеті  
    (баллада)

1.    Сөз басы
Сапардамын... 
Құлан иек, құла таңды атырдым,
Құба жоннан ізін кесіп ғасырдың.
Құм жиекті қырқадан шиені1 мен,
Ши шоғырын іздеп келе жатырмын.
Қасіретті қыл үстінен көшірген,
Куәсі еді, қиямет пен ақырдың. 

Оң жақ Торғай - «Қыпшақ мекен, Ұлы арыс»,
Көтеріліп келеді күн патшалықта тым-тырыс.
Маң даланың сексеуілі сыр тартып,
Жан-жүйемді кеулеп алды бір тыныс.
Шиентүпті шиге әкелген аманат,
Жүрегімді жаулап алған жарқын іс.

Батыс - Ырғыз, маңдай алдым Тегене2,
Қолат-қырлар көз тартады елене.
Торғайдың қақпасына иек артып,
Айбаттана көмкерілген  кенере.
Көк аспанды көбесінен көтерген,
Көнсіз көктеу, айқарылған кереге...

2.    Аманат сыры
«Атан басы ақ ирек»3 сайлы қырат,
Жиегінде құнарлы асыл тұраб4,
Шиентүпті көзіммен көру үшін,
Өремді өрдім, елсізден сауға сұрап.
Зейін-жадым, ақылым зерделеді, 
Аманаттың сырынан сан ой құрап.

Тұран жатыр Үстіртпен оймақтасып,
Сарыарқа - Ұлы дала аймақтасып.
Машинаны тоқтатып барлап тұрмын,
Әлденеге алаңдап қаным тасып.
Осы маңда жатыр-ау, әжетайым,
Пәк-періште ұлымен қолтықтасып.

Айдалада күн көзі шуақ шашып,
Сәске түсті аударды манауратып,
Жүйткітті көлігімді жол-мырза да,
Мен іздеген қорымды жақындатып.
Ана жолғы «боз жылан», «мама киік»,
Жолды тосып тұр еді, алаңдатып.

Топырағын таптым-ау, мекен еткен,
Жермен жексен бейітті ай күзеткен.  
Ши қоршауы желге ұшып кетсе-дағы,
Қабірдегі шиентүп кие неткен?!
Алмағайып амалға нұр беріпті,
Түрі, қалпы бұзылмай қасиеттен. 

Ши де таптым желбасы үлпілдеген,
Алақанға ақ қабық іркілмеген,
«Дүниедегі киелі өскін сен»,- деп,
Жанарымнан тамшылар мөлтілдеген.
Қоңыр түбір – шиенін суырғанда,
Сөз төркінін тоғыттым «текті»,- деген. 

Дала жатыр ұрпаққа жөн тілеген,
Қабырғасын қасірет тілгілеген.
Шалықтаса шарана, «Қырық шілтен»,
Тебіреніп, тербетіп, әлдилеген.
Найзағайлы сол түнде, нұрмен жуып,
Кіндігін өзі кескен «Ғайып ерен»...

3.    Толғаныс
Қолыма ұстап толқыдым шиентүпті,
Талай жылғы тарих сырын үкті,
Қабірдегі түр-кескін бұзылмастан,
Көз алдыма әкелді кереметті. 
Қаншама жыл қуаты құрғамаған,
Рухындай даланың мың жүректі.

Бір қолымда шиентүп лаһаттағы,
Бір қолымда жаңасы жол жақтағы.
Айырма жоқ, біп-бірдей, жарықтығым,
Төсегі ме әжемнің жұмақтағы?!
Ғасыр көшті қомына қан теңдеген,
Жай таптырмай жамырап жұмбақтары ... 

Эпилог:                                                                       
         Сәуле салған түйсігіне сананың,                                                                 
          Қыркүйегі қандай ғажап даланың,                                                                                    
          Құба жоны маңғаздана сыр тартса,      
                                                                                       
          Жайсаң жолы - тілеулесі ананың.
           О, Тәңірім, ризамын, көрсеттің -                                                                             
         Табысқанын ана менен баланың...                                                                                   
                

Түсініктеме:

1.    «Шиен» - Шиентүп, ши өсімдігінің түбірі.
2.    «Тегене» - Торғай қақпасының ойпатқа ойысар 
тұсындағы сай.
3.    «Атанбасы ақ ирек» - бір жағы тік жартас, 
екінші жағы иректенген, сайлы, атанның басына 
ұқсайтын, Ырғызға жақын Торғай қақпасында жатқан алып қырат. 
4.    «Тұраб» - Топырақ (араб.)