I эссе
- Жұмбақтың маңызы һәм шығу тегі.
Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінде рухани өрлеудің нақты белгісі – энциклопедиялық дүниелерді тастүйін қалыптастыру ісі табиғи қалпында жүріп жатыр. Әуелден мәдениеті озық, хас мұрагер елдерге тән игі құбылыс.
2004 жылы Алматыдағы «Балауса» баспасынан жарық көрген «Жұмбақтар» атты көлемді кітап (420 бет) – антологиялық жинақ. Бұл кітапта жер жүзінің жүзге жуық жұрттарының жұмбақтары шоғырланған. Жинап, жүйелеп, құрастырған және аударған қазақтың аса көрнекті ақыны, ойшылы Қадыр Мырза Әли.
Төңкерістен бұрынғы баспасөз бетінде жарияланған көркем шығармалардың бір тобы – жұмбақтар. Мысалы, «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» бетіндегі әдеби нұсқалардың бірінде: «Бұрынғы өткен замандарда жұрт ішінде жұмбақ көп болыпты. Жұмбақ айтып таппаған адамдарды өлтіріп жібереді екен. Жұрт ішінде адамның ақылды емес екенін жұмбаққа қарап біледі және біреу қыз алғанда ел бастап, жұмбақ айтып алады екен. Той-жиын болғанда жұмбақ айтып таба алмаған адамға тұзды су ішкізіп айып салатұғын әдет бар екен », – деп басталады.
Газетте Ташкент қаласынан жіберген жұмбақтар мен мақалдар да жарияланған.
Жұмбақ – халық поэзиясының нақты бір затты немесе құбылысты тұспалдап айтатын немесе шешушінің алғырлығын сынайтын қысқа жанр екені белгілі. Жұмбақсыз ел жоқ. Ол жер жүзін мекендеген қанша ұлт пен ұлыс, тайпа мен ру болса, соның бәрінде бар. Жұмбақта зат я құбылыс көбінесе поэтикалық астарлы бейнеде суреттелінеді.
Есте жоқ ескі замандарда жұмбақ дін, ғибадат мағынасында, ырым, жоққа нанушылық пен заттарды өз атауымен атауға тыйым салатын жора, әдет-ғұрыптармен байланысты болған.
Жұмбақтардың ежелгі дүниеде теңдесі жоқ маңызды рөл атқарғанын көне грек мифологиясындағы әйгілі Сфинкс туралы аңыздан білеміз. Сфинкс – кеудесі мен беті әйел, денесі арыстан кейіптегі құс қанатты құбыжық. Құдай әйел Гера оны Фивыға жазалау үшін жібереді. Ол қалаға таяу тауда жатады да, өткен-кеткеннің бәріне былайша жұмбақ қояды: «Жандыдан кім таңертең төрттағандап, күндіз екі аяқтап, ал кешкісін үш аяқтап жүреді?!». Жұмбақтың шешімін таппаған елді Сфинкс өлтіреді. «И в тот миг, как ты с жизненным сфинксом столкнулся, / Жребий брошен был твой: иль умри, иль реши...» (Н.М.Минский. Белые ночи.). Ол осы тәсілмен Креонт патшаның ұлына дейін талай ақсүйекті мерт қылады. Ол жұмбақтың шешуі – адамның өмірі, оның нәресте кезеңі, жастық шағы және таяқ ұстаған кәрілігі екен. Сфинкс Эдиптің аузынан жұмбақтың дұрыс жауабын естіген сәтте ашынғаннан шыңырауға құлап өледі. Солайша Эдип Фивыны қатерден құтқарған.
Жұмбақты тап осы тәрізді үкім ретінде қолдану үнді эпосы «Махабхарата» (қаһарман дұрыс шешу арқылы төрт бауырын тірілтіп алады) және Авеста, Иран мифологиясынан көреміз. Мұнда Йоишта атты дана бозбала 99 жұмбақ жасырып, жауабы терістің бәрін өлтіре берген зұлым сиқыршы Ахтиадан Иранды құтқарады. Кейде тылсым, құпиялы, ишаралы сөз арқылы өлім мен өмірдің арпалысуы, тіршілік философиясы кейбір халықтардың жадында көркем сақталған. Жұмбақ ғадетте зердені сүйетін қиын жанр.
Ал славян мифологиясында пұтқа табынушы дәуірдің кейіпкері Никола, Микола әулие Николайды көрсетеді немесе жын-перінің атауы. Орман перісі қалың жыныста адасқандарды жұмбақ айтып сынайды да, ақылдыларды барар жолына салып жібереді, ал шеше алмағандарды жанын сайтанға сатуға мәжбүр етеді.
Жұмбақтардың қасиетін мегзейтін баяғы өткен салт-дәстүрдегі тағы бір сарын – үйленуге байланысты. Қас сұлу өзіне лайық жар таңдағанда жұмбақ жасыру арқылы таңдайды да, бәрінен тапқырлықты артық санайды.
Еврей тілінде жұмбақ деген өсиет, тәмсілдегі теңеу, аллегория, астарлы сөз мағынасында қолданылады. Қиыстырған, үйлескен даналық пен әулиелік астарлы сөз негізінен жұмбақ түрінде айтылады (Иезек XVII, 2-10). Шығыс тұрғындары арасында жұмбақ айтысу дәстүрі кең тараған. Әсіресе, еврейлер, гректер мен римдіктер салтанатты астар мен тойларда: «Кәне, жұмбағымды шеш!» десіп көңіл көтеруші еді.
«Сабья (Саудтық Арабстан) патша әйелі, Сүлейменнің даңқын естіп, Құдайдың атымен, оны жұмбақтап сөйлеп сынамаққа келді» (III кітап. Патшалықтар. ( X, 1). Мұсылмандар Сабья патша әйелін Билкис деп атайды, Көне Өсиетте ол жұмбақтап болған соң аты аңызға айналған Сүлеймен патшаның данышпандығын мойындайды.
Жаңа дәуірдегі еуропалық прозада романтикалық кейіпкер жұмбақ бейнелі әйелді сүйеді. Дон Жуанның іздеп таппаған ғашық жары да, Александр Блок жырлаған «Прекрасная Дама» атты қиялдағы ару жұмбақ әйел десе болады. «... Решить лазурные загадки, / Твоих неотразимых глаз...». (А.Блок. «Прощай. Последний раз жестоко...»). Өйткені жұмбақ болу – ақыл мен көріктің нышаны, ал жұмбақтықтың адамдардың есіл-дертін жаулауы әсте тегін емес.
Сондай-ақ, ежелгі заманғы мистериялар мен гностицизм, символизм, құпия қоғамдар, масондар, ірі философтар мен оккульттік ілім, ортодоксальды діндердің жаратылысы да тұңғиық, тылсым дүниеге толы жұмбақ емес деп кім айта алар. Суфизм теориясы өне бойы астарлау мен ишаралау, құпияландырып, көлегейлеу, ақыл мен даналықты, Жаратқан Иенің асқақ сұлу бейнесін мейлінше, шегіне жеткізе сүюден тұратыны анық.
Ең алдымен Қадыр аға қазақша тәржімалаған бұл даналық кітабын аяғына дейін зер салып оқыған адам жұмбақтың эстетикалық және танымдық мағынасын оң қабылдайды. Бұл өзі жұмбақ жанрында кейіннен пайда болған қасиеттер, әзелгісі салт-жора, дін, абыздық үшін қолданылған көрінеді.
Жұмбақ сөздің тақырыптарының сан-алуандығы һәм көркемдік тәсілдерінің молдығымен ерешеленетінін осы жинақтан анық көруге бек мүмкін.
Жұмбаққа композициялық айқындық, ұйқас, ырғақ, үнділік, яғни айқын мәнерлілік тән екен. Сонымен қатар ол фольклорлық кең тараған жанр болғандықтан, тақырыпқа шектеу жоқ сияқты. Жұмбақ бір-біріне ұқсамайтын заттарды метафоралық жақындастыруға да негізделетіні мәлім. Сондықтан ол адамдардан зеректілік һәм зейінділікті, ептілікті талап етері даусыз. Жұмбақты дұрыс, дәл шешу – бала түгіл ересек адамның жады мен ақыл-ойының тереңдігіне нұсқайды.
«Жұмбақтар» атты бұл кітаптың танымдық дәрежесі өлшеусіз. Шыны керек, Қадыр ақын жұмбақтарын ана тілімізде сөйлеткен бхиль, вахан, венда, тлоква, виссия, хеке, мурия, мокс, т.б. халықтардың өзі түгілі, атын да бұрын естімеген екенбіз. Еңбекті зерттеу барысында энциклопедиялық сөздіктердің кей біреуінен де әлгі атаулардың біразын іздеу оңайға соқпады. Сөйтсек, бхиль – үнді, вахандар – Памир тауынан, долган сахаларға туыс, кет – енисейліктер, ороч – терістік халқы, кәркүк – ирандықтар, венда африкалық нәсілден болып шықты.Расында бұл танымдық көкжиектің кеңеюі ғой.
Жұмбақтың қара сөз түрінде де, өлең, ақындық айтыс арқылы да бейнелі сурет һәм сауалмен айтылатыны белгілі. Ал исі қазақтың қазыналы ақыны, Алтай мен Атырау, Орал мен Алатау арасына атағы кең тараған Қадыр ағамыз өзінің осы бір тым күрделі, іргелі, үлкен еңбегін тегіс өлеңмен аударған екен. Оқырманын таң қалдырып, поэтикалық білімін молайтатын, көркемдік бастауларын ақ бұлақтарға толтыратын зерде, нағыз шапағатты қасиет бұл кітаптың өн бойында бар.
Жұмбақтың тағы бір қасиеті, ол ең бір үйреншікті де қарапайым заттарды күтпеген әрі тосын поэтикалық көркем жағын көруге мәжбүр етеді. Дағды бойынша, ол өте қысқа, ырғақты, мазмұнға бай, ұйқасты келеді. Кейде жұмбақ бізге оңай әрі баланың ермегі, ойын тәрізді әсер беретіні жалған емес. Негізінде бұл оғаш түсінік.
«Жұмбақ ең алдымен жас бөбектерге үйретілген. Оның өзі көбінесе ұйқасқан өлең түрінде айтылатын болған», – деп жазады Ә.Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы» атты кітабында.
Жер жүзіндегі жүзге жуық жұрттардың жұмбақтары бір-біріне ұқсас, сонымен қатар алшақ болып келетін тұстары баршылық екен.
Жұмбақтың нысандары негізінен табиғат құбылыстары (ғарыш), жер-су, жан-жануарлар, жәндіктер (тотемдік белгілер), адам мүшелері, түрлі өлі, тірі заттар, тұрмысқа қажет бұйымдар, тіршілік құралдары болып келетіні бағзыдан мәлім болса, соның ішінде де ерекше жиі айтыла беретін атаулар бір шоғыр екен. Оларға космогониялық жұмбақтар, жұмыртқа, көз, аңдар, жылан, қораз, қозықұйрық, жаңғақ, ине-жіп, т.б. жатады.
Жұмбақта абстракциялық ұғымдардың молынан ұшырасып, аллегория, алогизм, анафора, аллюзия, каламбурлы ұйқас, стилистикалық тәсілдің түрлері, троптар, оксиморон, параллелизм, перифраз, прозопопея (гр. түр көрсету немесе кейіптеу) яғни жан-жануар мен заттарды адам кейпінде сомдау, рефрен, тавтологиялық сөз (бір ғана сөздің қайталануы), фигура, эвфония, эпифора (гр. қайталану), риторикалық сұрау, романтикалық ирония, литота, гипербола, т.б. қолданылады.
Сондықтан жұмбақ шап-шағын жанр болса да сөзбен салынған суреттің таңғажайып әсері, көркемдік реңінің қанықтығы, қисынға сай, философияға жат еместігімен баурайды. Жұмбақтың өлеңнен еш кемдігі жоқ.
2. Космогония.
Космогониялық жұмбақтар – Ай мен Күн, жұлдызды аспан әлемі. Ең мағыналы әрі сұлу жұмбақтар. Қазақтар тәрізді көшпелі арабтардың жұмбақ жасыруында күнкөрісі түйе жануарды сүйетіні анық: Қара түнге ақ аруана керегі. / Мың ботақан соңына оның ереді. (Ай мен жұлдыздар).
Адамзат астральды әлемге ежелден сұқтана қараған, аспанға телмірген сәтте құдайды іздеген. Жеті қат көк адамға ең қастерлі, жұмбақ дүние болып, қол жетпес асыл арман күйінде елестеген.
Бір ошақтың оты / Бүкіл әлемге ортақ. (Болгар халық жұмбағы, күн бейнесі). Дүние оянған /Бір тостақ бояудан. (Армян халық жұмбағы, күн). Кетік аяққа қатық ұйыттым. Толған айдың кемуін лобнор халқы осылай жұмбақтайды. Ұқсас суретті ұйғыр халық жұмбағындағы айды бейнелеуі береді: Жар басында жарты көмеш. Бір көзі күндіз, / Бір көзі түнде көреді. (Күн мен Ай, корей халық жұмбағы). Ақ аттылы қашады, / Қара аттылы қуады. (Күн мен Түн, түркмен).
Бірі ысып, біреуі суып жүр. / Қайсысы қайсысын қуып жүр? Армян жұмбағында әлемдік ырғақ, өмір қозғалыс екенін қарапайым бере алған, шешуі – Күн мен Ай. Күміс мүйіз бір ғана / Су астында сырғанар. (Беларусь халық жұмбағындағы – Ай). Мұз үстінде бұланның жағы. (Ай). Алтайлықтардың жұмбағы өте көркем. Шатыр толы алтын шыбық. Күн сәулесі, осетиндердің көзімен. Ақ сандығым ашылды, / Ішінен жібек шашылды. Қазақ зердесіндегі Күн символы. Тұрған жері мұздай, / Өзі әдемі қыздай. (Ай, қырғыз). Ыстық айна алтын, / Күміс айна салқын. Монғол жұмбағында Күн мен Ай антонимдік ойға құрылып тұр. Күндіз салғырт, / Түнде албырт. Словен халық жұмбағындағы Ай бейнесі мәңгі жас, уыздай көркем бейне, дүниенің шексіздігін білдіреді. Алдымен дүмше, / Бірте-бірте күлше. Шешен халық метафорасындағы толған ай. Мың мұнара / Түбі қара. / жүз мың шешек, / Бір жапырақ. Әзербайжанның жұлдыздар мен айды суреттеуі нанымды. Айлы түнде оқ аттым, / Атқан оғым жоғалттым. Татар жұртының аққан жұлдызға зер салуы түркілік эпостық жадымызды жаңғыртады. Бұл жұмбақ қарақалпақта тау асырып оқ аттым деп басы ғана өзгереді. Жасыл жайлауға қозы жайдым. (Өзбекше жұлдыз). Қазақ: «Тақия толы сөк, / Таң атқанда жоқ» дейді. Түнде шоқтанады, /Күндіз жоқ болады. (Жұлдыздар, армян жұмбағы).
Космостың адами кейпін, аспан күмбезін халқымыз ойнақы да әсем бере білген. Түркі халықтарының дүниетанымы шетсіз де шексіз, көшпелілер көкке ынтығып, ашық аспанға құмартқан. Сондықтан олардың көбі бағзыдан жұлдызды алмаз деп таниды, ал дәл осы ұғым өте жаңа заманғы геофизикада шындық ретінде танылғаны ғажап. Бір табақ алмаз / Бір түннен қалмас. Өмірдің таусылмас кереметтігін әзербайжандардың мына жұмбағы мегзейді.
Ал ғарыштағы ақсүттенген Құс жолының тұспалы кет халық жұмбағында өзгеше соны көрінеді: Қыз ағысқа қарсы шашын жаяды. / Сосын кері қайтып құшағын жаяды. Жыл құстарының белгісі, яғни, жыл мезгілінің ауысуындағы маусымдық көрініс. Жаңбырлы жаздың өзінде / Арнасында суы жоқ. Корей халық жұмбағындағы құс жолы.
Қадыр ақын әр бір халықтың ат басындай алтынға тең көркем жұмбағын қазақша сөйлеткенде жерден жеті қоян тапты деу бер жағы, алтын қазғандай ағартушылық-оқымыстылық болмысымен, жан-тәнімен беріледі. «Мың бір түн» атты классикалық прозадағы Әли баба мен жеті қарақшы күзететін қазына толы үңгір «Сезам, ашыл!» десе ашылатын. Қадыр ағамыз рухани халық қазынасы – әлемдік фольклордан жоғын тауып, алтын шыққан жерді белден қазуға сүйінішпен кіріседі. Бұл-дағы ғылым мен қалам адамдарының екінің бірі жүрегі дауаламас, атан белі қайысар ауыр жүк, тұлғаның таңдауы, жұмбақтарды ақын өзі тауып, өзі қаузауы қандай мадаққа болсын лайық.
Еуразияның кең жазығын мекендеген түркі халықтарының төл сөзінің құдіретіндей мынау жұмбақ башқұрт ағайынның найзағайды ишаралауы: Жалт-жұлт етер, / Жер түбіне жетер. Құранда айтылатын, «Көздерді суырып әкете жаздайтын» сұрапыл құбылысты қалайша дәл берген! Мал баққан халық буряттар найзағайды былай жұмбақтайды: Көк мұхиттың ар жағынан / Құлынның құйрығы көрінеді. Мифтік санадан, уызынан арылмаған қазақ ертегілерінде дәу пері ұрлап әкете беретін алтын құйрықты құлындар батырды ерлікке бастайды.
Әлем әдебиетінің бұл кітабында екінші бір жиі кездесетін ұғым – жұмыртқа. Дүниежүзілік мифологияда, көптеген поэтикалық дәстүрлерде космогониялық, яғни әлемнің жаралу процесіне жататын аңыздардың бірегей бейнесі – әлемдік жұмыртқа. Дүние жұмыртқаның шайқауынан пайда болуы туралы мифтер. Мұнда Жердің пайда болуы хаостың ыдырап, бөлініп шығуынан, жоғары мен төмен айрылуы, жер мен көктің қасиетті некелесуі ретінде суреттелінеді. Көне мифтерде жаңбыр жер мен көктің заттық, материялық айғақты символы болып табылады, ол өсімдіктер мен жануарларға өмір береді. Сондай-ақ, найзағай да осы символға жатады. (Е.М.Мелетинский. Мифологиялық сөздік).
Жер – әлемнің бір зор стихиясы. Ал хаос мифологиясында дүние жаралардан бұрын бұлдыр тұман, түпсіз тұңғиық болған деген ұғымды білдіреді. Көз жетпейді басына, / Жыл жетпейді жасына. / Тірілерді бағады, / Өлгендерді жабады. (Жер). Қарайым халық жұмбағы.
Қадыр ақын қазақ балаларына арнап, инемен құдық қазғандай қылып, жоқ іздейді, асыл кенді темір етігі тебендей болып жұқарғанша, дүниенің төрт бұрышын шарлап, тауып әкеледі, қазақ ақыл-зерде қазынасына әкеп, үкілеп қосады. Биік парасаттың рухани тірлігін Қадыр Мырза Алиден асып кім істеп отыр?
Алтын жұмыртқа, оны алтын ұрық деп те атайды, Күнді персонификациялау, кейіптеу, оның атрибуттарын бейнелеу.
Сондықтан жұмыртқаның әлем халықтарының салт-сана, қиял-ойы мен зерде түпкірінде, өмір туралы түсінігнде орын алуы заңды құбылыс.
Жұмыртқа – «Бәрі, бәрі тұйық, / Іші толы сұйық» (авар), «Су болмаса да сұйық. / өзі бітеу, / Тұйық» (тәжік), «Сүтпен жуған, / Пышақпен жонған» (алтай), «Кіре алсаңыз, барыңыз: / Ақ отауда сары қыз» (армян), «Құрсауы жоқ күбі. / Қайда екен түбі? / Онда сусын түнеді, / Жоқ бірақ та шүмегі» (украин), «Бауыздап соя алмайсың, / Іремей жей алмайсың» (бразилия), «Бір ыдыстың ішінде / Екі түсті тағам» ( корей), «Ғарыштан түскендей, / Қалыптан шыққандай» (алтай) – мұнда ғаламды әлемдік жұмыртқадан жаралды деген мифтік таным ерекше.
Тұрмыс салты мен дүниетанымы мүлдем алшақ халықтардың дерлік сөз өнерінде ортақ ұғымдар орын алуы заңдылық. «Қаймағын алдым, / Ауызға салдым. / Сары ала қақ тұрды, / Торсығын лақтырдым» (монғол). Ал эвенкілер ежелден балықшы қауым, жұмыртқаны былай жасырады: «Қалтаға оны салмайсың, / Қармаққа іле алмайсың».
Жұмыртқаның ұрық тұқым екенін, одан ұрпақ тарайтынын түркі текті удмурттар дөп байқайды: «Бір үйде екі халық, / Бір елдің өкілі анық». «Шүмегі жоқ кеспек, / Бітеуді кім кеспек?!» (поляк), «Іште де доп, / Сыртта да доп» (саха), «Ұстайтұғын түгі жоқ, / Қоятұғын түбі жоқ» (шешен), жұмыртқа қабығының жып-жылмағай, бүдірсіздігіне назар аударған. «Бір ыдыста екі су, / Суға салсаң – су болар, / Отқа салсаң мұз болар» (ұйғыр), бұл жұмбақтан оның физикалық табиғаты, сыртқы әсерден өзгеруі һәм қос стихиялы жаратылысы шығады.
Жұмыртқаның ай мен күн атрибуттарын тұспалдап, оны қымбат металдарға теңеушілік бірнеше халықтың жұмбағында бар. «Тас қабырға ішінде / Күміс қабырға. / Күміс қабырға ішінде / Толған алтын» (латыш). Бұл жұмбақта ертегілік элементтер көркем түйінделген. Ал қырғыз оны күмбезде, қытай бөшкеде, ұйғыр сүйекті жарса шығатын алтын мен күміс дейді, бұдан да ұлттық мінез, идеологизм мен материализм табылады.
«Іші-сыртын ақтады, / Мақтаудайын мақтады. / Қарар әйнек көрмеді, / Кірер есік таппады». Қалың ормандай теріскейдегі орыс көршіміздің мынау жұмбағы қазаққа образ жағынан өте ұқсас, алайда біздікі оймақтай жұмыртқаның өзіндей жұмыр, әсем, таңғажайып: «Айдалада ақ отау, / Аузы мұрны жоқ отау». Балалық бал дәурен шағымда оның құпиясы менің жанымды керемет баурайтын. Ойын баласы бола тұра, осы қандай отау екен, ішіне кірсе не болады? Онда кімдер тұрады? Ізгілік иелері ме, әлде дию, құбыжықтар ма? деп жиі ойға шомдым. Бала қиялымды соншалық романтикалық әсерге бөлейтін осынау жұмбақ мен үшін жұмбақ атаулының көкесі еді. Онда еш саңылау болмаса да әлгі керемет отау нағыз сырлы дүниеге бастардай елегзуші едім. Енді ойласам, ол әдебиет деген алтын қазынаның отауы екен. Басқа ешбір жұмбақ мені дәл осы иен даладағы ақ отаудай баураған емес. Расында бұл далалықтардың көшпелі өркениетінің нағыз поэтикалық архитипті көркем образы. Мистика, готикалық һәм реальды ақиақат, мифтік символ ерекше сұлу құйылған. Пушкин ертегісінде Лукоморье деген поэзиялық мекен бар, ақын оны өзі ойлап тапқан, нағыз өлең-жырдың ордасы, эллиндік сөз бұлағы – Иппокрена тәрізді. Халқымыздың эстеттік ұлы жаратылысын осы бір кіршіксіз пәк, лотос гүліндей әппақ, сұмдық тылсымдықты кейіптейтін ақ томпақ жұмбағы көрсетеді! Тегінде ұстаса алақанда әппақ болып толған айдай жарқырап жататын жұмыртқа образының Қадыр ақынның кітабында философиялық болмысы тереңдей береді.
«Ғажаптың бірі ме еді / Өліп тіріледі» (армян), бұл оның тұқым екенін ашады әрі інжілдік сарын. Ал сол шайқалған жұмыртқадан шығатын балапанды бурят халқы өте қызық берген: «Дүңгіршектің ішінде тірі шайтан».
Бағзы дүниенің адамдары көркемдеп, кескіндеп, сұлу сөйлеуді ұнатқан, афоризмдерге тым бейім болған. Мақал-мәтелдерге, қанатты сөздерге жұмбақ құрылысы, шеберлігі, ықшам тұрқы жағынан ұқсас. Орыстың қиял-ғажайып, сиқырлы ертегілерінің мифтік кейіпкері Иванушка Дурачокты алайық, Әумесер. Иван ақымақ көрінсе де, ғадетте жұмбақ жасырып, өзіне сұраса оның жауабын шешеді. Яғни көптеген көне дәстүрлерге тән ертедегі мерекеге ұштастырылған салт жорасы кезіндегі абыздың істегенін істейді, өйткені жұмбақ ерте заманда абыздың сөзі болып табылған. Абыз – салт-жоралардың орындаушысы, қасиетті білімді, киелі идеяларды сақтаушы, қорғаушы. Иванды жұрт есуас, жарымес атаса да, ол поэтикалық таланты, жұмбақты тануы арқасында байлыққа кенеліп, сұлу қалыңдыққа үйленіп, бақытты болады. Оның тілі – ерекше тіл, онда жұмбақтар, әзіл-қалжыңнан өзге ақылға сыймайтын алогизмдік сөздер көп. Алогизм (қисынға қайшылық ) ертегі кейіпкерлерінің сауыты, қорғаны, ал жұмбақты сөздің мағынасын бұзу арқылы да шебер жасыруға мүмкін. Мифологиядағы негізгі ұғымның бірі – трикстер, жарық дүниеге құдайлардан от ұрлап әкелген Прометей сынды мәдени қаһарманның жын-перілік комиктік көмекшісін солай деп атайды. Оның зиянды, сайтани алдамшы, қу, мүттәйім, сотқар мінездері бар. ( Е.М. Мелетинскийден).
Ал сайтанның ел арасында тіке, тура айтуға болмайтын, эвфемистік бір аты – сайқымазақ, қуақы, әзілкеш екені мәлім. Қазақ сондықтан «Әзіл түбі – зіл» дейді. Қазақ ертегілеріндегі Алдар Көсенің қыр соңынан қалмайтын қос серігі – Түлен мен Құлан атты екі сайтан, ал Алдардың өзі өмірсүйгіш күлкінің кеніші. Сонысымен ол да Иванушка Ақымаққа рухани туыс жан екені айқын.
Иванушканың есуас емес екенін, жұмбақтың табиғатын терең түсінетінін патшаның қызы шешіп қоятын болған соң үшінші жұмбақты оған айтпайды. Ол «жұмбақ туралы жұмбақ» жасырып еді, ханша оны шеше алмай жеңілді. Содан келіп жұмбақтың ақымақ, кещеліктің емес, ерен ақылдылықтың белгісі екені шығады. «Загадку жизни разгадал, / И осушил источник наслаждений – / Завесу тайны разорвал!». (П.А.Вяземский. К воспоминанию).
«Жүз жұрттың жұмбағы» – Қадыр аға қазақ балаларына өзі талмай, жаңылмай, сан алуан кітаптардан инемен құдық қазғандай, тірнектеп жинап, құрастырған кітап. Жанкештілік һәм ғұламалық, ел сүйерліктің құдіретінен туындайды. Қадыр Мырза Әли өзі табаны тиген шет елдерден жыр кітаптары мен жұмбақтарды алтын іздегендей іздейді. Оған оның өзі жазған, исламға дейінгі араб жұмбақтары жоқ, құрып кеткеніне қынжылыс білдіретін сәті айғақ.
Кітаптағы жұмбақтың бір жүйесі – көз. Көз – әлемнің мифологиялық моделінде жиі кездесетін, маңызы зор, тұспалы терең көрнекті ұғым. Көз пішіні – шеңбер, дөңгелек. Ал шеңбер – ғарыштық кеңістікті белгілеу, оның шекаралары космосты хаостан бөледі, сонымен қатар шеңбер шексіздікті белгілейді. Дүниежүзілік өнердің бейнелеу символдарында шеңбер – космостық өрістің түзуге я жазықтыққа түсірілген кескіні.
Көз – «Қатуды білмейтін қос қайнар», «Қыл шарбақта жүзген ала бұзау» (алтай), шарбақтағы мойыл (армян), қалың қамыс ішінде қараша қаз (әзербайжан), екі қарақат, тұзды тегеш ішіндегі тынымсыз қара доп (башқұрт), «Жарқабақтан құлағалы даяр тұрған мөлдіреген екі бірдей безгелдек» (дарғын), суатсыз қара су (қарақалпақ), жетпейтін жерге жетер ала жіп (қырғыз, фарсы), қосылмас қос көл (қырғыз), жүзіп өте алмас оймақтай көл (мадагас), күміс қасықтағы қара су (монгол), суын ешкім татпайтын егіз көл (мордва) т.б. суреттеулерден поэтикалық образ сомдалған.
Көздің маңызы, қасиеті, қызметі, сырт пішіні метафора арқылы беріліп тұр. Қазақ көзді «Өңменнен кейде өтерім, / Көкжиекке жетерім» деп тұспалдайды. Ал көздің ағы мен қарасы: «Ортасында ақ көлдің, / Қара көлге тап болдым». Абай махаббат лирикасында ғашығын: «Көзімнің қарасы» деп жырлайды.
Өлім туралы жұмбақтар философиялық тереңдігімен көрініс тапқан. «Данышпанның наданның – / Бәріне керек адамның». Ажалсыз пенде жаралмасын фарсы жұмбағы айғақтайды. «Білемін де білмеймін. / Бүгін біздің қонақ, / Ертең сіздікі». Фарсы жұрты ажалды айтқаны. Олар өлімді көп айтады. «Сен оны жемейсің, / Ол сені жейді» (жер). Ал беларусь халық жұмбағында фәни мен бақидың арасын құдықтағы қауға арқылы әсерлі берген: «О дүниеге құлайды. / Шығарында жылайды».
Өмір болса бесіктен басталады. «Босамайды алты айда, / Мінбеген жоқ ол тайға» (қарашай, бесік). Орыстың үйінде жарты қасық жатыр, бұл кет халқындағы бесіктің ишарасы. Түркі тектес халықтардың санасында қорқытшылдық ұялап қалған: «Өз көрін өзі қазады» – қырым татар жұмбағында тамшы. «Өзі қазған моласын, / Әпендеге кез боласың». (Тамшы, әзербайжан). Әзербайжанның тағы бір жұмбағы Көроғлының философиясын қызылша образы арқылы ашады: «Шашы жерде, / Басы көрде».
Кебінді қарашайлар қашып құтыла алмас үкім ретінде ұғынса керек: «Жыртылмаған, / Тесілмеген, / Бір киілсе / Шешілмеген». Құдіреті зор жұмбақ деп осыны айт. Ажалдың хақтығын мойнсұндыратын жұмбақ жаршының көктен естілген өктем үні тәрізді.
Түркілер, кең, жомарт табиғат аясында аунап-қунап өскен көшпелі жұрттың айнала қоршаған жарық дүниені адамша кейіптеуі жұмбақтардан білінеді. Олардың дүниетанымы бойынша адам космостың бір бөлшегі ғана. Жер анаға сүйіспеншілік айқын. «Өсімдіктің анасы, / Анасы һәм панасы». Әзірбайжан халық жұмбағында – топырақ.
«Ақ бабай, ақ бабай, / Ақ тоныңды қақ, бабай». Бұл башқұрттың қыс образы. Абайдың «кәрі құдаң» – қысты кейіптеуіне ұқсайды:
Ақ киімді денелі, ақ сақалды
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Абай боранды бураға балайды:
Бурадай бұрқ-сарқ етіп долоданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Абай поэзиясындағы қыс мезгілінің кейіптелуі башқұрт ағайынның суықты бейнелейтін жұмбағынан ұшырасып қалады: «Буырқанған буыршын / Борбайыңнан алады». Қазақ пен башқұрт қаһарлы қыс бейнесін кейіптеуде түйе малын қолдануы қандас туыстығын көрсетеді.
«Аспан асты бу, / Шөптің басы су». Башқұрт халық жұмбағында тұман реальды сипатауға жақын.
«Күндіз сынған пияла / Келер күні қалпына» (мұз). Ойықтан мал суарған көшпелі тұрмысымыз башқұрт жұмбағынан соң көз алдымызға елестей кетеді. Бұрын тұрмыс-салтымыз айырмасы жоқ бауырлас ел едік. «Жетпіс жігіт жер тескен». Шешуі – керегенің түбі. «Көгала көлдің бетінен / Екі айырық жол шығады». Башқұрттың халық поэзиясындағы үйрек-қаздың жүзгенін суреттегені үлкен прозаға лайық бейне десе артық емес.
Ата-бабамыз үш жүз жылдай алысып өткен жоңғарлардың жұртында қалған алтайлықтар бар. Олармен де қанымыз араласқаны шындық. Классик Қадыр Мырза Әлидің тәржімәсі арқылы сол бір ата жаулық – өшпенділіктің келмеске кеткенін бір ұғындым. Тарихты, әрине, кәрі кеще деп қоя салуға болмас, дегенмен ата-бабаңмен өлгенше соғысып өтсе де өзге жұрттың поэтикалық сұлу зердесін бағалай білу қажет. Алтайлықтардың жұмбақтарында түйілген осыншалық көркем һәм керемет бейнелер айлы-күнді Алтай тауының құдіретінен-ау деп бір сұқтанасыз. «Көлеңкесі жоқ қара бие» – көктің түнерген бір сәті, аспан. Олар да қазақ сияқты ежелден мал баққан халық, сөздерінен біздегі кеңдік, шексіздікті жазбай танимыз.
«Кісені жоқ көк жорға» (өзен). Мынау көк жорға біздің Сарыарқадан шабындыға арқырап түскен көкмойынның тұқымындай көңіл шіркін бір арқырап тынар. Жылқы культы халқымызда шоқтықты ұғым, содан да жылқы аты аталса-ақ қазақ баласы кең дүниені аңсап тұрады.
Бұғау салса бұлқынар,
Тұяқсыз да жылқы бар.
Міне сондай пырақтар,
Қанаты көп бірақ та.
Пырақ – поэзия символы, ал алтайлықтардың судағы балықтың өзін жылқыға теңеуі теңдесі жоқ көркем метафора.
Жұмбақтар жанрын ғылыми тұрғыдан зерттеген Мұхтар Әуезов: «Сөздегі теңеулер стильдік бейнелер системасын құрайды» деп жазады.
Қадыр ақынның қазақ балаларына, бауырларына байғазы қылып еншілеткен, ұзақ уақытын сарп етіп тарту қылған зор еңбегінен әліппедей көп сырды түйсінеміз. Ағартушылық һәм данышпандық іс. Жұмбақта заттың физикалық қасиеті оның көлеміне дөп, сай сипаттама арқылы беріледі және өлі затқа жан бітіріп, іс-қимыл үстінде көрсетуге шебер.
3. Табиғат құбылыстары. «Бармақтай боп бөртеді, / Терезені шертеді». Украин халық жұмбағы, шешуі – бұршақ. Армян халқының жұмбағында поэтикалық реңк өзгеше көрінген: «Дүркіреп келеді, / Төбеңнен тебеді» (бұршақ). Дүнгендер бұршақты «Кішісі жерге аунап лепіреді» деп суреттейді. Құбылыстың сырт бейнесін қаузау удмурд халқының жұмбағында дөп: «Жауып еді моншақ, / Қызықпады ел сонша» (бұршақ). Аспаннан жауатын бұршақтан басқа ас бұршақ: «Қара тұмсық ақ бала» (эстон).
Аң мен құстың қимылын нақты әрекет күйінде суреттеу де бұл шағын болса да керемет өткір һәм өзекті жанрдың нардай белі бүгілмей талмай көтерер ауыр жүгі.
«Сүңгіді, бұқты, / Құп-құрғақ шықты» – украиндықтардың жадындағы қасқалдақ бейнесі жарқын. Украин поэзиясындағы тұманды бейнелеуі баланың қиял-ойын жетілдіреді: «Көз алдымда жоқ далам: / Басып жатыр көк қабан».
Қозықұйрық – «Туа салған шала, / Сыңар аяқты бала» (эстон), «Жер астынан балпағым, / Киіп шығар қалпағын» (мордва), «Қызыл бөрікті қызды, / Ұясынан үздім» (алтай), «Бұта түбіне бұғады, / Жаңбырдан соң шығады» ( беларусь).
Әлем әдебиетінен алынған осынау жұмбақтарда жеміс-жидектер жиі көрініс табады. Көкейге ұялаған жемістің бірі – анар.
Анар – «Бермегін сен бұлдана! / Бір данасы – мың дана» (әзербайжан), «Тысы – қатыбас, іші атлас», «Базардан біреуін алдым, / Үйге мыңын әкелдім» (түрік), «Еті кәуәп болмайды, / Қаны кесе толмайды» (түркмен), «Іші тола қызыл моншақ, / Соған құмар қызың қанша!» ( армян), «Құдайдың тұрғызған үйін / Адам қиратады» (мокс).
Балалар түгілі ересектердің поэтикалық қиял-ойына ұялап қалатын жұмбақтардың бір тобы – жаңғаққа байланысты екен. Бұдан жер шарының тұрғындарының тәтті жаңғақ сүйікті дәмі екенін аңдауға болады. Тіпті жаңғақ туралы жұмбақтардың баршасы кәдімгі детектив жанрындағы әңгімелердей өте құпиялы, көркем құрылады екен.
Жаңғақ – «Ағаш басында құлыптаулы сандық» (түрік), «Тал басында тас ұя» (құмық), «Жүнін жұлған, үйіткен / Жұмыр түсті биіктен» (бхиль), «Жабық қазанның / Асы дәмді» (татар), «Төрт бауыр жиденің ішінде» (фарсы), «Айналасы тұрған тас, / Ортасында милы бас» (қырғыз), «Төрт кіндіктес / Бір кебенек ішінде» (ғағауыз), «Құрсаудай-ақ құрсауы, / Төрт суырға бір сауыт» (армян), «Тоны сүйектен, / Соны үй еткен» (латыш), осылай түрленіп келе береді.
Негізінен заттық кескіні жағынан жаңғақтың өзі геометриялық символ, жүйелі түрдегі ғарышты, әлемнің моделін нақтылы түрде көрсететін мифтік-поэтикалық белгілер тобындағы шеңберге үйлеседі.
Қалмақтар мен алтайлықтардың дүниетанымы аса ұқсай бермейтіні қайран қалдырады. Ал қазақ пен қарақалпақтың көп жұмбағы айна-қатесіз бірдей, әсіресе, астральды жұмбақтары.
Қазақтың көшпеліліктің әр құбылысын аңдап қалып, одан өлең түйген зердесі: «Тау бауырын сағалап, / Киік кетіп барады. / Қол-аяғын бауырына / Жиып кетіп барады», – деп дүние – көштің бір құбылысы тұманды эпикалық құдіретпен бейнелесе, қарақалпақ бауырлар жұмбағында: «Бір суаттан қырық құлан / Су ішеді» болып келеді, онысы – шаңырақ, уақ. Заттық, материялық әлем де, абстракциялы дерексіз әлем де екеуінде бірдей аң бейнесінде суреттеліп тұр.
«Қырық құлан бір құдықтан / Су ішер» – түркменде уақ, шаңырақ. «Өзі судың астында / Көзі судың үстінде» (балық). Расы керек, қарақалпақтың жұмбағы Махмұт Қашқаридың түркі сөздігінен бермен таныс образ, әрі дөңгеленген дүниенің пішіні мен жаратылысы айқын. Дәл осындай анологиялық бейне құмық халық жұмбағында да бар: «Өзі де моншақ, / Көзі де моншақ. / Айдынның астын / Сүйеді сонша» (балық).
Түркілерде бар мен жоқты қатар қойып салыстыру тәсілі етек алған. Асанқайғының философиясындағы «бар» мен «жоқ» – дүниенің құпия жаратылысын мегзейді. «Сұйығы бар, топырағы жоқ/ Бұтағы бар, жапырағы жоқ» ( маралдың мүйізі), бұл әзербайжан халық жұмбағы. Қадыр Мырза Әли жұмбақтың поэзиялығын дәл таңдап аударғаны көекейге ұялайды.
Өсімдік пен жануардың шебер астасуын эвенкі жұмбағынан көреміз: «Бұтақтар жолға ұмтылады» ( бұғының мүйізі). «Шыбық хайуанды шыңғыртты» (жебе). Қиыр Шығысты мекендейтін эвенкілер аңшы халық. Мынау жұмбағында әлеуметтік-қоғамдық образкөрініс тапқан. Қанды жебе. Адамзаттың аңшылығы, өмір салты. Терістік халықтарының мифопоэтикалық жұмбақтары осы тектес келеді.
Жұмбақта жануарлар дүниесі өз алдына бір әлем. «Иір бұтаққа су тұрмас» (шор), «Садақ тартқан екеу» (кашмир) – екі халықтың жұмбағы сиырдың мүйізін ишаралап тұр. «Екеуі кебу, төртеуі дымқыл» (мурия, сиырдың мүйізі мен желіні). «Мүйіз аяқты ағаш аяқ өкшелейді» (удмурд, ат-арба). Мұнда ортақ еуразиялық тұрмыс бейнесі бар.
Әлемге ислам дінінің нұрын шашқан араб халқының жұмбақтарында дін, өсиет, тәмсіл баршылық. «Басы - алау, /Аяғы – шыбық. / Ораза ұстамайды, / Азан шақырады, / Биікке шығып» (қораз).
Француздардың жұмбақтары көбіне юмормен, сауал түрінде келеді екен. «Құстар неге ұшады?» (жаяу жүрсе, көп жүреді). Немесе: «Есек пен қораздың айырмашылығы қандай?» (Ешқандай. Екеуі де жұмыртқа таппайды). «Қырықаяқ неге футбол ойнамайды?» ( Өйткені ол бутсыйларын киіп болғанша матч тарап кетеді).
Орыс жұмбақтарында орыс поэзиясының кестелі тілі бар, мұнда жаңбыр – күміс жіп, кемпірқосақ салмақсыз, ал қайық – қалыңдық, шық – қыздың моншағы, оны ай көрсе құлпырып, күн қымқырады. Ғажап дүние!
Итальяндардың жұмбағы түгелімен жәндік, аң-құстың суреттемелерінен түзілген, төрт жол шумақ болып құйылады.
«Үлпершікке қан құйып, / Үрлеп талға байладым», – дегенде қазақ бүлдіргенді айтады. Дәл осы сурет құмықта бар: «Жол бойында жосылған қан» (бүлдірген, құлпынай). Жұмбақта өте қызық, өрнегі керемет, тосын көрінсе де кәдімгі үйреншікті ұғымдарды өрнектей, мипаздай біледі.
«Алтынын алдық, / Әбдірасын лақтырдық» (тыва халық жұмбағы, жіліктің майы). «Тойып алған төрт бала / Бір қуысқа шаптырады» (желін, тыва халық жұмбағы).
Жұмбақ – тіл мен ойдың құдіреті. Тілдің жойқын қуатын болмысы далалықтар күшті сезінген. «Қараңғы үйде / Қанды балта». Тілді қарашайлар мен ноғайлар осылай бейнелейді. Өйткені ол «Құдайдың қамалы» (фарсыша – тіл). Сондықтан буряттардың тілді бақсыға теңеуі тіптен орынды:
«Ет есік, / Ет есіктің ар жағында сүйек есік, / Сүйек есіктің ар жағында бақсы». Бұл шаманизм.
Жұмбақтардың мифологиямен туыстығы, байланысы анық. Бақсы, құшнаш – бұлар адамдар мен рухтардың арасындағы делдалдықты, елшілікті жүзеге асырады. «Бақсының аузына тыным жоқ» – жапырақтардың сыбдырын эвенкілер бақсыға теңейді. «Бір дауыл байқалды, / Тал басы шайқалды» ( бақсы). «Орман киген жалбыр тау / Селкілдейді, билейді» (алтай, бақсы). Тывалықтарда бақсы – мына фәнидің ең қажетті тұлғасы, табиғаттың өзіндей.
Жұмбақ ең әуелі тылсым дүниені көзбен көрмей тұрып, көңіл елегзитін құпия, тірі құбылыс, жаңғырық тәрізді
«Дауыстасаң жауап береді, / Кездесуді қауіп көреді» – беларусь халық жұмбағы жаңғырықты өстіп жасырады, жұмбақтың да табиғатында ақылдың байыз таппауынан үдере қашатын жабайылық жоқ емес. Ол адамның көрегендігін, сәуегейлігін қалайды.
«Би болып өседі, / Татарша бөседі» – мордвалар қазды осылай көретін сыңайлы. Ал, қаздың фонетикалық дыбысталуы мен символдық бейнесі һәм көшпелі жыл құсы екені бойынша қазаққа жақындығы тағы рас.
Жұмбақтардағы қаздың қаңқылындай әсем поэтика ешқашан ескірмейді.
Жарияланған басылымдар:
1.Жүз жұрттың жұмбағы. Қадыр Мырза Әлидің жұмбақтар әлемі хақында. “Абай” журналы. № 3. 2005. / «Әлем әдебиеті» журналы, №1.2013.
2. «Мәжнүн жүрек». Эссе, интервью, әдебиеттану кітабы. «Алаш» баспасы, 2013.