Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Суретшінің жан айқайы

КЕНДІР Отарбай Қанатұлы - суретші ұстаз,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының,
  Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасы Көркем Академиясының корреспондент- мүшесі,
Х.Досмұхмедов атындағы Ат МУ профессоры

ӨМІРБАЯН БЕТТЕРІНЕН:
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Асан (Таубұйрат) ауылында 1957 жылы туған.
 Балқұдық орта мектебін 1974 жылы,  Жезқазған педагогика институтының көркем-сурет графика факультетін бітірген.
 Х.Досмұхмедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, бейнелеу өнері және дизайн кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, кафедра  меңгерушісі. 
Ғылыми кеңестің шешімімен доцент, профессор  академиялық  атағы берілді. Бір оқу-әдістемелік құралы, он бес ғылыми мақалалары жарық көрген.
 Облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық көрмелердің лауреаты, дипломанты және тұрақты қатысушысы.
  «Менің елім-Қазақстан» (1999 ж.), «Нарында менің ауылым» (2007ж.), «Ақ шақыр» (2013ж.) атты жеке шығармашылық көрмелерін өткізді. 
Картиналары Италия, Англия, Америка, Венгрия, Қытай, Ресей,  мемлекеттерінің жеке тұлғаларының және Қазақстан музейлер қорында сақтаулы.
«Ы.Алтынсарин»  және «ҚР Мәдениет қайраткері»  төсбелгілерімен марапатталған.
 "Дизайнның дамуына қосқан үлесі үшін" медалінің иегері.

Муза
АУЫЛ НЕМЕСЕ БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫ САҒЫНУ
        Суретшінің шағын шеберханасы. Ығы-жығы суреттердің ішінен көзіме „Менің балалық шағым„ тақырыбындағы  картина оттай басылды. Көгілжім аспан, шырқау биікте  кереге қанат дала қыраны маңайын шолып бара жатыр.Төменде - аймүйіз қошқарға мінген кішкене бала. Бір қолымен мүйізге жармасқан, екінші қолын биікке созып, қыранға қарап қалыпты. Жеңіл шыт көйлегі желмен желбіреп, денесіне жабыса қалған. Қой бағып, қозы қайырып өскен қыр тентегі екені  сөзсіз. Бейкүнә сәбидің шатты жүзін көріп, асқақ арманына куә боларымыз анық. Балалық шақтың еш алаңсыз күндеріндей мөлдір де сәулелі сурет екен. Соңда қалған күндерге сағына қарап, бейопа жалғанның күйбеңін кейін қарай ысыра салғың келіп кетеді. 
         Біздің әңгімеміздің кейіпкері-суретші Отарбай Қанатұлы. Өзі де ауылда туып-өскендіктен,  ауыл тақырыбы жанына өте жақын. Қылқаламмен өзін толғандыратын өмір шындығын бейнелеген кезде полотноға көбіне мамыражай тірлік, уыздай ұйып тұрған тыныштықты түсіреді. Бұрынғы ата-бабаларымыз Таубұйрат деп аталған құм тауының ортасында орналасқан шағын ауыл бар. Оның аты картаға түспегенімен, суретші қиялына арқау болыпты. „Ауыл„ деп аталатын картинасы осы кіндігін кесіп, кір жуған мекенге арналған. Үйілген құм таулары... Суретші оны ашық бояумен, құмның түсімен беріпті. Сары күн, сары құм... Қойнауда мүлгіген ауыл. Ауыл болғанда бір ғана үй... Қазіргідей шатырлы, көрсе көз тойғандай емес, кәдімгі саз балшықпен сыланған, аласа, жермен-жексен болып мыжырайған қазақы там. Сол бір жұпыны үйден бойға жылылық тарайтындай. Күз уақыты екенін үй маңында үйілген мая-мая шөптен ұғуға болады. Күзгі салқыннан тоңазыған адамдар от жағуда, өйткені мұржадан түтін шығып жатыр... Түзу ұшқан түтін... Үйдің алдында қаңтарулы арба... Иесі әлгінде ғана шөбін түсіріп, түйесін қаңтарып,  үйге еніп кеткен тәрізді... Мен бұл суретті „Сағыныш„ деп атаған болар едім. Ауылға, туған жерге, ата-бабаның сүйегі жатқан киелі қонысқа деген сағынышты айтам... Бұндағы басым бояу - сары түс... Сары болғанда, еңсені езіп тұратын емес, бетіне мейірім ұялатқан сары күз... Берекелі сары күз...
             Суретші негізінен халықтық ырым-тиымдар мен даналық сөздерді де өз шығармашылығында ұдайы ескеріп отырады. Оның туындылары бейбіт күннің қадірін ұғуға, тіршіліктің сырын түсінуге жетелейді. Мәселен, „Ақ шақыр„ деген картинаны алайық. Тағы да ауыл. Сол баяғы сары құм... Жаздың миды қайнататын аптап күні... Себебі, күн ашық, аспан көгілдір, жайма шуақ. Сары құм мен сары күн өзара үндестік тапқандай. Көз ұшында киіз үй көрінеді. Үй адындағы ошақта қазан қайнап жатыр, өйткені, ошақтан түтін тағы да түзу ұшып жатыр. Үп еткен жел жоқ екенін содан аңғаруға болады. Алдыңғы планда шөгіп жатқан түйе, күйіс қайырып, маңғазданып жатыр. Арба доғарулы тұр.  Талдан жасан ағаш шарбақ, шарбақтың басында - қонақтаған сауысқан. Сауысқан шықылықтағанда қазан-ошақ маңында күйбеңдеген аналарымыз „ақ шақыр, ақ шақыр„ деп жататыны еске түсе кеткені. Ал, шарбаққа қоржын ілініпті. Кәдімгі ауылдың етене суреті жылыұшырап қарайды. Келмеске кеткен, бүгінгі, жиырма бірінші ғасыр баласына бейтаныс көрініс. „Жақсылық жақын болсын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болғай„ дейтін бабалардың ақ батасындай бір көрініс. Суретшінің астарлы ойы, айтқысы келгені -осы. 
               Үнемі ауыл тақырыбын көтеретін суретшінің „Қоңыр Күз„ картинасында да көзімізге жақсы таныс, жүрегімізге ыстық ауыл суреті нақышталыпты. Аспан мен жер бір тыныштық құшағында мұңға бөгіп тұрғандай. Мүмкін, күзгі жауын сілбіреп, еңсені езіп тұрған шығар. Сырты сазбен сыланған қазақы үйлер от жағуға кірісіпті. Айнала тымық, желсіз күн. Үйлердің мұржасынан түзу ұшқан түтін тағы да сүттей ұйыған тыныштық құшағына бөккен ауылдың жанға жайлы кезеңін қылқалам ұшына іліктірген суретші ойынан хабар бергендей... Алдыңғы планда ер-тұрманы үстінде тұрған дөнен бе, тай ма, әйтеуір жылқы салынған. Қазіргі таңда жаһанданудың аранына жұтылып, урбанизацияның ырқында кеткен қазақтың жұмақтай жайлы мекені болған ауылдың сиреп бара жатқанын ұқтыратын суретшінің туындыларына қараған жан бей-жай қала алмайтыны айқын.
АТА – БАБА АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ
             „Көшпенділер„ - ата-баба салтына, дәстүрге адалдықты, ұлттық құндылықтарды жоғалтпауды, ұлтқа тән ерекшліктер мен тыныс-тіршілікті ұрпақ санасынан өшірмеуді ұран етіп тұрғандай. „Елім-ай„-дағы „Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді„,- деген жолдарды лейтмотив етіп көтерген шығармада басты назарда тұрған сары тайлақ, немесе, түйе. Оның өркешіне артылған шаңырақ пен ұлттық ою-өрнек сол бір көшпенді өмір салтына деген ностальгия сияқты. 
               Қобыз үнінен кең сахараға таралған әуенді бейнелейтін „Дала әуезі„ шығармасында қарағайдан шабылған қасиетті қобыз, оның шанағынан шығып жатқан сан түрлі үн өте бір айшықты түрде байнеленіпті. Қорқыт баба қобызы туралы аңызға өң беретін бұл картинада кең даланы емін-еркін  жайлаған көшпенді бабалар рухының мәңгілігі бетке ұрып тұр. Философиялық иірімге құрылған туынды өнердің болашақ ұрпақпен жалғастығына көз жеткізеді. Жас өркеннің ата-бабалар көшін жалғап, жаңа ғасыр, жаңа дәуір өріне туын тігетінін анықтай түсетіндей. Ата-баба салтына адалдық дегеніміз де осы шығар, бәлкім!
БАТЫР ҚЫЗДЫҢ БЕЙНЕСІ
           „Қанатты қыз-Хиуаз„ деп аталған сурет Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған. Бұл суретті салу кезінде суретші қазақтың батыр қызы туралы тарихи деректерді көп оқыпты. Туған жердің басына қауіп төнгенде ерлермен бірге қолына қару алып, қас дұшпанға қарсы шапқан қыран қыз бейбіт кезде де халқына көп жақсылық жасады, елге еңбегі сіңді. Сондықтан, жас кезінде түскен көптеген фотосуреттерді қарай отырып, салыстырмалы түрде апамыздың портретін сомдаған. Әскери киімде тұрған жас қыздың көзінен нәзіктік пен мейірім, қайсарлық пен өжеттік аңғарылатындай. Маңдайы жазық, аясы кең қара көздерін сәл қыса қарап, ойланып тұр. Тосын бір шешім қабылдап тұрған сәті тәрізді. Хиуаздың артындағы фонда майдан даласы, айқұш-ұйқыш ұшқан самолеттер көрінген. Кеудесі толған орден мен медаль. Осының бәрі оның мінезіндегі бірбеткейлікті, өрлікті паш еткендей. Қаншама әскери киім киіп тұрғанымен, гүлдей үлбіреген сұлулықты ел көзінен жасыра алмапты. Мойылдай қара шашы қысқа қиылған, бір шекесінен айырып, артына қарай түйреп, жинап қойған. Алапат майданда жүргеніне қарамастан жүзінде болар – болмас, білінер-білінбес күлкінің табы бар. Батырлық пен нәзіктік, сұлулық пен қайсарлық, мейірім мен өжеттік портретке керемет бір тартымдылық беріп тұрғаны даусыз. Бұл еңбек жас ұрпақты отанды сүюге, намысты, батыр болуға үндейтіндей. 
ӨТТІҢ, ДҮНИЕ!
          Отарбай Кендірдің „Алып бәйтерек„туындысын көргенде еске мынау жалғанның тұрлаусыздығы, фәни дүниенің пенде басынан зыр етіп өте шығатыны еске бірден сап ете түседі. Діңіне үлкен адамның құшағы жетпейтін алып бәйтерек... Әзірге көгеріп, жапырақтары желге сыр айтуда. Бірақ әжеміздің ұршығындай зыр айналған уақыт тегершігі оны да аямапты. Діңі ортасынан қақ бөлінген. Бәйтерекке қарағанда ақсақалды қария көзге елестейді. Бұтақтары да кәрі шөңгенің тамыры  білеу-білеу боп көрініп тұрған қолдарындай тарбиған. „Енді қанша күнім қалды?„ деп уақытты мойындап тұрғанын аңғару қиын емес. Үлкен ойға жетелейді. Сонымен қатар „Жалғыз ағаш„ картинасында қазақтың бағзы замандарданкеле жатқан тәңіріге табыну здері байқалады. Қазақ - негізі ырымшыл халық. Үкінің қауырсынын алып, көз тимеу үшін қыз баланың бөркіне қадаса, бөрінің азуын бесікке іледі. Айдалада тұрған жалғыз ағаш көрсе, киелі санап ақ байлайды. Фетишизм мен анимизмнен қалған киелі ағашқа табыну. Бұнда суретшінің айтқысы келгені — жалғыздықтың дерті. 
АРАША!
        Суретшінің „Азғырдан ауған ақбөкендер„ атты туындысы бүкіл адамзат баласына ескерту жасап тұрғандай әсер қалдырары кәміл. Қызарып батып бара жатқан күннің қызыл жалқын жолағы ақбөкенді де қызылға бояп тұр. Көзінде азап пен қайғы, қорқыныш тұнып тұрған жануар үнсіз, ішінен шыңғырып жатырғандай. Шындығында да, табиғаттың бедерін бүлдіріп, бар байлықтан айырылып қалып жатырғанымыз жасырын емес. Міне, Азғыр даласынан ақбөкен ауып кеткелі, қашан?! Киелі жануарлар ата қонысты бетке алып жортпағалы қанша уақыт болғанын білмейміз. Бір білетініміз — полигон зардаптарының жан-жануар, адамзат баласына әкелген кесапаты. Суретші осыны бейнелеген. 
          „Жалғыз тырна„- суретшінің туған жердегі экологиялық апатты меңзеген полотносы. Сыңары полигон зардабынан өлген жалғыз тырна азалы үнмен сұңқылдап, батысқа бет түзепті. Жалпы, тырна — жұп болып өмір сүретін құс. Олар сыңарсыз жүрмейді. Жазушының айтпақ ойы — туған жердегі экология апатының зардабы тигізген зобалаң. Күнбатыс жақты бетке алған жалғыз тырнаның трагедиясы батуға айналған күннің қанқызыл жолақтары арқылы да берілген. Бейне бір келе жатырған апаттың белгісіндей. Бүкіл әлемдік мәні бар туындыларда суреткердің жан дауысы естіліп, жан азабы сезілгендей. Бұндай абстракциялық ойларды жүктейтін картиналар оның шеберханасында жетерлік. Ол осы арқылы туған жерді қорғап, оған араша түсіп тұрған сыңайлы.         
           Суреткердің шығармаларын халық жылы қабылдап, көрмелеріне қатысып, жақсы пікірлерін де білдіріп жатады.  Оның бар бақыты халықпен өзектес, тарихпен тағдырлас. Өйткені оның жолы — Ұлы Өнер жолы.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Республикалық "Сарайшық" электронды әдеби - мәдени, тарихи - танымдық журналы
       

 

Sarayshyq