Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Салтанат БАЙТЕКЕНОВА: "Әділеттің ақ семсері"

Салтанат Байтекенова 2002 жылы Атырау қаласында туған. Атырау қаласындағы №15 Абай атындағы орта мектептің түлегі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының 4-ші курс студенті.

Сатира саласында қалам суытпай ұзақ жылдар еңбек етіп, өткір тілді фельетондарды дүниеге әкелген қаламгерлердің шеберлігін айтпай кету мүмкін емес. «Журналист-әділетті жақтаушы» деген ұғымға кір келтірмей, өзінің тура сөзді, бірбеткей, табандылығымен қоғамдағы арсыздықпен өмір бойы күресіп өткен биік ардың адамы Нури Муфтах (Нүреден Муфтахов) - мықты фельетонист, танымал журналист. Ол - ой-санасын, қаламының қарымын ел- жұртты мазалаған көкейкесті, мән-маңызы зор мәселелерді зерделі ізденіспен жазуға арнаған қаламгер.
       

Нұреден Лұқпанұлы Муфтах 1936 жылы 3 қазанда Атырау облысы Исатай ауданындағы Манаш ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң комсомолдық жолдамамен Қарағандыда алты жыл шахтер болып жұмыс істейді. 1958 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» яғни, қазіргі «Атырау» газетінде журналистік еңбек жолын бастады. Осы басылымда тілші, бөлім меңгерушісі болып он бес жыл жұмыс істеген ол 1978 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа шақырылды. Он жеті жыл бойы осы басылымда фельетон бөлімін басқарды. Ол 1994 - 1995 жылдары Шымкент облыстық сотының «Заң және заман» газетінің бас редакторы, ал 1995 - 1998 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокурорының баспасөз жөніндегі аға көмекшісі болып, осы ұжымнан зейнет демалысына шықты. Одан кейінгі жылдары «Ана тілі», «21- ғасыр» және басқа басылымдарда, ал өмірінің соңғы кездері «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы, «Азат» газетінің бас жазушысы болып жұмыс істейді. Бір мезгілде екі-үш басылымда бірнеше мақаласы қатар шығып үлгеретін журналисттің құнды, әрі татымды дүниелері оның еш уақытты қаза етпейтін ізденімпаз екендігін, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігінің зор екендігін аңғарта түседі. Нұреден екі тілде де жетік жазды. Осынау ұзақ жолда Нұреден өзін қаламын қалт-құлт етіп зорға ұстап жүрген қалбағай журналист емес, азуы алты қарыс, адуынды да айбарлы журналист ретінде таныта білді. Жалтақтыққа жаны қас, жарамсақтану қолынан келмейтін ол жымысқы жылпостар мен алаяқ жемқорлардың, қиянатшыл пайдакүнемдер мен тоңмойын тоғышарлардың талайын тәубеге келтіріп, сабасына түсірген. Әрине, оны журналист ретінде қалыптастырып, түлетіп ұшырған облыстық «Коммунистік еңбек» («Атырау») газетінің редакциясы деп айтқан. Оның аталған басылымның 60-жылдарында жарық көрген «Айғыр атқан Әзербаевтар», «Жоспарды жаңбыр бұзып», «Ағайлар ауылда болмапты» және басқа да көптеген фельетондары мен сын мақалалары оқырмандардың жадында сақтаулы.


Нури Муфтах шығармашылығының ең бір шырайлы кезеңі қазақ баспасөзінің қара шаңырағы - «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында істеген жылдары. Ол редакцияның хат және құқық бөлімдеріне жетекшілік ете жүріп, республикалық газеттің мазмұндылығы мен ықпалдылығын арттыруға лайықты үлес қосты.
Ұзақ жылдар облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде бірге әріптес болған, талантты журналист Құмарғали Ғабдешов өз естелігінде (біз жазып алған) былай дейді: «Нұреден жұмысқа ерте келетін. Жазайын деп жүрген мақаласының ұзын ырғасын жолшыбай ойша таразылап, көкірегінде «пісіріп» әкеледі де, бірден машинкаға отырады. Сөйтіп, оның бұрқырата жазған шығармалары бірінен кейін бірі оқырман қауымға жол тауып жатады. Ол автор материалдарының жоғары деңгейде дайындалуын да естен шығармайтын». Міне, бұдан Н. Муфтахтың тағы бір журналистік қырын аңғарғандай боламыз
Н. Муфтах көбіне-көп заң тақырыбына қалам тартқан журналист. Оның заңды жетік білетіндігін басылым бетінде жарық көрген құнды дүниелері айғақтайды. «Қайсыбір заңгерлер қажетті баптарды кітаптан іздеп жатса, Нұреден оны жатқа соғатын еді» дейді оны білетіндер.
Әлбетте, өркениетті мемлекеттің азаматтарының бағынатын, бас иетін, сыйынатын бір құдіреті бар. Ол - заң. Құқықтық мемлекет құруды мақсат тұтып отырған қазақ елінде де заңымыз қара қылды қақ жарып, іске асып жатса, бәлкім, ешкім де әділетке қиянат жасауға, заңды бұзуға батылы баратын мықтылардың қолтығы астына паналамас еді. Өкінішке орай, кейбір заңдарымыз жарық дүниеге кемтар, шалажансар күйінде туады да, өмірге араласпастан мүгедектер қатарына қосылатыны бекер емес. Екінші бір заңдарымыз жалы күдірейіп туғанымен астанадан ауылға жеткенше арыны басылып, жүні жығылып, сүлдесі ғана қалады. Иә, мұны күнделікті өмірден көріп те жүрміз. Нури Муфтахтың әр кезде «Азғындар», «Аңқау ел мен арамза молда», «Ғалимов не істеп қойыпты?», «Заң және рэкет» және басқа да көптеген фельетондары осындай белден басып, заңды бұзушылықты әшкерелеуге арналған.
«Тек ақиқатқа жүгініп, ақиқатын айту - сөз өнеріне қойылар түйінді талап. Шындыққа неғұрлым жақындай түссең, оқырман жүрегіне де соғұрлым жақындай түсесің. Ақиқаттан алыстау оқырманнан қашықтау деген сөз. Шындық - журналистің басты қаруы. Шындықтың шырағданы өшсе, әділетсіздіктің түні басады» деп аталған естелігінде журналист Құмарғали Ғабдешов көрсеткеніндей Нури Муфтах әділдік пен адалдық мұраты үшін, шындық мәртебесі үшін, тіршілік майданында да, ақпарат майданында да қатыр күресе білген өз кезеңінің айтулы шырағданы іспетті. Ол талай мәрте журналистік іздену, шығармашылық азабына түсіп, соның нәтижесінде дүниеге келген өткір де айбарлы, әрі азулы туындыларымен қоғамның талай көлеңкелі тұстарын жарыққа бөледі.
Н. Муфтахтың ең бағалы қырларының бірі - оның болмысына жасандылық жат. Өмірлік принципі мен өмірдегі мінезі айна-қатесіз айна-қатесіз ұқсайтын журналистердің бірі. Өмірдегі талапшылдығы-шығармада тұтынар берік кредосы. Н. Муфтахтың әрбір фельетоны алдымен сыншылдығымен, талапшылдығымен назар аудартады. Белгілі бір қоғамдағы келеңсіздіктерді нысанаға алғанда оның жетілігіне, аңғарымпаздығына еріксіз тәнті боласың.
Нури Муфтахтың ең көп қалам тербеген жанры — фельетон дедік. Фельетон демекші, ол кез-келген журналистке жалын ұстата бермейтін тентек жанр. Сондай-ақ, өмір тіршілігіміздегі, моральдық - этикалық әдет - дағдымыздағы жағымсыз жайларды уақтылы көретін, жамандыққа бой ұрушыларды көптің алдына жалғаннын жарығына сүйреп шығаратын жанр. осындай күрделі де күрмеуі мол, фельетон жанрын жанына қалап алды. Және жанрдың өзіндік шарттары ерекшеліктерін сақтай отырып, қоғамдағы әділетсіздікке, «оттеген-ай» дегізерлік жағымсыз жайттарға, сондай-ақ алдамшы істерге төзбестікпен қарап, аяусыз сынады. Оның қаламынан шыққан әрбір туындылары, яғни, Фельетондары аса дәлдікпен, нақты цифрлармен өрнектелген. Нұреден шығармасының мықтылығы, ерекшелігі - болмысымен үйлесіп, үндесіп кететіндігі, қиналып қиыстырғандай, жамау жамағандай жасандылығы жок табиғилығы, әрі аса қуаттылығы басым.

 

Sarayshyq