«Көркем шығарма – жазушының жан дүниесін жарып шыққан көркемдік шындық. Бұл жөнінде белгілі әдебиет сыншысы С.Әшімбаев: «...көркем шығарма – өмір шындығының көбігі алынбаған көшірме көрінісі емес, қайта көркем шындық – өмір шындығының типтендірілген концептуальдық көрінісі» деген болатын. «Көркем шығармадағы таныс-бейтаныс характерлер өмірдегі беймәлім жағдайлар мен құбылыстар туралы жазушының жауабы. Көркем туынды жазушының көрген-білгенінің, естіген-жиғанының, оқыған-тоқығанының композициялық жүйеге түскен жиынтығы емес, өмір туралы философиялық ойының концепциясы болуы тиіс.» [1,192] Бұл – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Гауһар Балтабаеваның көркем проза туралы өз еңбегінде айтқан айшықты пікірі. Айтса айтқандай-ақ, көркем проза ешқашан да біреудің көрген-білгенін жаза беру емес.
Көркем деп аталған атауының өзі оның көркем әлемге бастап апарар жарық әлем екенін көрсетеді. Біз айтып отырған жазушы Рахымжан Отарбаев, міне, осындай көркем шығармалар арқылы көркем әлем жарата білген тұлғаларымыздың бірі. Рахымжан Отарбаевтың кітаптары отызға жуық шет тілдеріне аударылды. Ол аударылғанда да біреудің ықпалымен, біреудің тартқан тиірменімен емес, нақты мемлекеттік тапсырыспен, екі елдің келісім шартымен аударылып, оқырмандарға жол тартты. Жәй ғана жол тартқан жоқ, оқырмандардың зор алқауына бөленіп, қазақ деген халықтың да әдебиеті әлемдік әдебиеттегі аренадан бой көрсете алатындығын дәлелдеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұңғыш болып Қытай тіліне аударылған қазақстандық автор - осы Рахымжан Отарбаев. Ал, жазушының сол еңбегі бағаланды ма, жоқ па, ол - қазақ әдебиетіне белгілі нәрсе. Қытай алқап, Маскеу төрін беріп, әлемнің Айтматовы (Шыңғыс Айтматов) төбесіне көтерген Рахымжанға Қазақстан мемлекетінің, өз мемлекетінің «мемлекеттік сыйлығы» берілмеуі деген - қазақ әдебиеті тарихы мен қазақ қоғамына кешірілмес сын. Бұл жағынан Рахымжанның әрбір оқырманы мен әдебиеттің әрбір өкілі Рахымжанға қарыз! Барында қолдағы алтынын қадірлей алмайтын ел екеніміз шын болса да, біреудің елеп-ескеріп, ұсыныс бере алмағаны өкінішті-ақ... Ал, шын мәніне келсек, ол сыйлықтың, тіпті сыйлық атаулының Рахымжан Отарбаевқа түкке де керегі жоқ еді. Өзінің ағалап ұмтылмағанын да өзі тірісінде сұхбаттарында айтқан болатын. Өз оқырманын тапқан, тіпті шекара аттап өз оқырмандарымен қауышқан жазушыға оқырман алқауынан зор қандай сыйлық болсын! Енді осындай өнегелі өмір иелерінің көзін көрген, өзін көрген жетелі ұрпақ болашақтың тізгін-шылбырын өз қолына алатын сәт келіп жетті. Ол – мына сіздер мен біздер, қадірлі оқырман қауым. Болашақ ұрпаққа осы ұлағатты кісілердің ұлағатын, өнегесін жеткізу, жеткізгенде де құр мақтай бермей, олардың шығармаларын арқау ете отырып, балалар санасына ізгіліктің дәнегін себу - біздің бұлтартпас борышымыз. Шығармаларын оқытқанда автордың өмірбаянын да, сол шығарманы қашан жазғанын, ол кезде еліміз қандай жағдайда өмір сүргендігін, сол кездегі халық пен тіршілік жағдайын да қатар алып ашып отырғанымыз жөн. Сол кезде оқушыға шығарманың мәні де, мағынасы да көрнекілене түседі.
Қазақ тілтанушысы, көрнекті ғалым, профессор Мәулен Балақаев: «Қазақ тілінің қоғамдық қызметі арта түсіп отырған қазіргі кезде оның үздіксіз даму процесін терең ұғынып, өмірлік проблемаларын жан-жақты зерттеуге ерекше мән беріліп отыр. Солардың қатарында теориялық, практикалық биік талаптар деңгейінен қарайтын сала – тіл мәдениеті мәселелері болмақ. Бұл – қазақ тіл білімінің енді-енді өзінің даму жолына түскен жас саласы. Тіл мәдениеті халқымыздың жалпы мәдениеті мен астарлас дамуға тиісті болатындықтан, бұл ғылым саласы алдымен тіл мәдениетінің дәрежесін арттыруды, тілдің қатынас құралдық қызыметін жетілдіру үшін оның күнделікті өмірлік мәселелерін ғылыми тұрғыдан дұрыс шешіп, жөн сілтеуді көздейді» дейді «Әдеби тілдің мәдениеті» [2,30] атты мақаласында. Әдеби тіл дегеніміз – көркем шығарма тілі. Тілдің көркемдігі мен сұлулығы шығарманың құнарын арттырады. Ұзын сонар езбе тіл, әлсіз, әлжуаз тіл ешқашан оқырманды өзіне тарта да алмайды, тәрбиелей де алмайды. Біздің біреудің қолына қараған жетпіс жылымыз осы мәселелерді ойлауға мұрсат бермеді. Ұзынсонар мәтін жазған автор қаламақыны көп алатын заман болды да, авторларымыз шұбалаңдық пен нәрсіздікке көп ұрынды. Ол шығармалардың соңы әлі күнге дейін оқырмандарға қайта басылып таратылуда, тіпті, мектеп оқулықтарында да қысқартылмай келе жатыр. Бұл мәселе бүгінгі көреген жас ұрпақтардың әдебиетке деген қызығушылыған оятуға кедергі болуы әбден мүмкін. Сол үшін шама келісінше «Кеңес әдебиеті» шығармаларын оқулықтан қысқартып, орнына жаңа дәуір әдебиетінің ойы озық, тілі шымыр, идеологиясы дұрыс шығармаларын қойсақ деген ұсыныс айтқымыз келеді. Онсыз да ол «кеңес жазушыларын» сөзсіз әдебиет хрестомотиясы мен әдебиет тарихында бір шолып, шығармаларымен таныстырады. Ал, нақ шығарма оқытып, талдауға келгенде біз барынша әдебиеттің жаһанданған, әлемдік ой-өремен санасқан жазушылардың шығармаларын алға тартсақ екен. Бұл жағынан Рахымжан Отарбаев шығармалары барлық талаптарға сай келеді деп ойлаймыз. Автор өзінің бір сұхбатында «Мен сөзді өзімнен қызғанатын дәрежеге жеттім...» дейді. Қараңыз, бұл дегеніңіз жаңағы профессор Мәулен Балақаев айтқан тіл мәдениеті деген мәмілеге келіп тіріледі. Әрбір сөздің тірі жаны, өзіндік психологиясы бар. Сөз – құдірет. Сондықтан оны орнымен қолдану, орнымен жұмсай білу дегеніңіздің өзі екінің бірінің басына қонбайтын ұлы ақсүйек өнер. Сөз ұстасы болу - әлемді билегеннен де әлдеқайда қиын мәселе. Рахымжан шығармалары қысқа, түйінді, айтарын жинақы ғана бейнелейтін тілмен беріледі. Көпіріп өтірік сөз бен жылтырақ бояу қоспайды. Шынайы өмірде қалай болса, соны айнытпай қағаз бетіне түсіріп оқырманға ұсынады. Мына қоғамның қазір ұзынсонар, өтірік мақтау мен даттауға толы, жылтырақ бояуы мен көбігі бетін жапқан шығармаларды оқып отыруға шыдамы да жүйкесі де жетпейді. Рахымжан шығармаларының әлемдік аренадан да оқырмандар сұранысына ие болуы автордың қысқа-нұсқа, өткір де тұжырымды тілдік қолданысынан болса керек. Мысалы, «Атамұра» баспасынан 2018 жылы жарық көрген 8-сынып «Қазақ әдебиеті» [3,191] оқулығының «Қиял мен шындық» атты тарауында Тахауи Ахтанов, Жүніс Сахиев, Роза Мұқанова қатарлы авторлардың шығармалары берілген. Дәл осы оқулықтың дәл осы тұсына Рахымжан Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары» [4,177] атты кітабындағы «Соңғы спектакль» деген әңгімесін қоюға болады. Бұл әңгіме - «Қиял мен шындық» деген тараушаның атын жарқырата ашып беретін әңгіме. Жазушының бәрінде қиял бар, бірақ сол қиялды шындыққа жанастырып беру ол жазушының жазушысының ғана қолынан келеді. Аталмыш шығарма - осы айтқан тақырыптар мен талаптардың мүддесінен шығатын шығарма. Әңгіменің бас кейіпкері Тасемен – атының мағанасы айтып тұрғандай осы бүгінгі қоғамның отымен кіріп күлімен шығатын жағымпаз, жылпос кейіпкер. Ал, оның әкесі Дәуіт – «аузына торғай кіріп кетсе де білмес аңқау еді жарықтық...» деп суреттейді. [4,177] Аңқау әкеден арамза ұл тумас болар. Бірақ автордың шығарманы бастар-бастамастан бұлай айтуы, әрине, бір ойдың ұшығын шығарады. Бүгінгі қоғам жалғыз Тасеменді ғана емес, барлық ұрпақтарды сол арнасын таппаған арнаға жетелеуде. Халықтың жағдайы дұрыс болмаса, мемлекетте рухани құндылық нашарласа, тұрмыстық сана буынды алса, онда сол елдің адамдары сақалын сатқан саудагер болып шыға келері хақ. Міне, автор осы мәселені бірден оқырманға аңғартып отыр. Тасеменді: «Жастайынан облыстық театрда әртіс боп бастап, кейін бірер өнер мекемесін дөңгелетіп әкеткен. Орта бойлы, жалпақ бет, жарғанат құлақ, жайдары немені бұл өңірде танымайтын адам кемде-кем» [4,177] деп суреттейді. Кейіпкердің бұндай жазба портретінен-ақ оқырман Тасеменнің түр-тұлғасын, бет пішініне дейін көз алдарына елестете алады. Әрине, бұл жаңа айтқанымыздай жалғаз Тасеменнің ғана портреті емес, бүгінгі қоғамның портреті. Ал, әкесі Дәуітті: «Аузына торғай кіріп кетсе де білмес аңқау еді жарықтық. Шайтантөбеде суға түсіп жатқан бір топ қызды пері қызы деп ойлап, ат бауырлатып сабап, сотталып кете жаздаған.» [4,177] деп суреттейді. Екі кейіпкердің суреттелген портреттері де, ішкі психологиялары да бір-біріне қарама қайшы, парадокс. Шығарманы оқушаларға оқытқанда осы жазу шеберліктерін айтып, түсіндіріп отырған жөн. Оқиға оқырманның ойында ұзақ сақталмайды, ұзақ сақталатын нәрсе - сол шығарманың берер тәлімі мен көрсеткен өнегесі ғана. Сондықтан көбінесе ұстаздар қауымы оқушыларға шығарманың құр оқиғасын баяндай бермей, қайта шығармаға ішкерілей үңіліп, оқушылардың қызығушылығын оятқандары дұрыс болады. Шығарма басталысымен «Алматы мен Астананың аспанында қаптап кеткен жас жұлдыздар алдарын орап, нәпақаларын қағып әкете берді. Жарнамалары мықты. Ылғи дәу бастықтармен, күшті бизнесмендермен көзқыспасы бар олар тұрғанда, жұрт бұларды қайтсін?!» [4,177] деп Тасеменнің тамадалық «биіктен» қалай құлағанын айта кетеді. Жұлдыздар, иә, жұлдыздыр, қазақ аспанын қазір рухтар емес, жұлдыздар жаулап тұр. Көк аспан, ондағы күн нұрының шүлені мен сұлу айдың әппақ сәулесі де көрінбейді. Күн мен айдың сәулесіне шомылмаған ұрпақ, өтірік, жасанды жұлдыздардың жалған жарнама іспеттес қылығын көріп өскен ұрпақ ертеңгі күні елге қалай сәулесін шашпақ?! Міне, бүгінгі қоғамның дерті де, ауыр хал-жайы да осы болып тұрған жоқ па?! Ғылымға, білімге емес, құр иллюзиялық қиял мен утопиялық көзқарастарға сүйеніп өскен ұрпақ ертең ұлт үшін де, ұлт мүддесі үшін де ештеме істей алмақ емес. Автор шығарманың осы тұсында қоғамның осы дертінің тамырын басып тұр. Осыдан тура бір ғасыр бұрын:
«Ер жігіт өнер табар ерте қуса,
Ерініп шаршамастай, белін буса,
Ыртың-жыртың, жоқ-барға көңіл бермей,
Періште боп анадан қайта туса!» [5,18] деп жырлаған Мағжан ақынның ақыл-нақылы бір ғасырдан кейінгі ұрпаққа әлі де жетпей жатқан сияқты. Міне, Рахымжан шығармасындағы ой астары да осы Мағжан өлеңімен, қадірлі Алаш идеясымен үндес жатқан жоқ па?!
Нағыз қызық енді басталады. Астанадағы чиновник Айбар Асқаров өзінің әкесінің қайтыс болғанын айтып, Тасеменге сол әкесін ақтық сапарға шығарып салуға көмектесуін сұрайды. «Атам-ау деп жылайтын үйдегі жалғыз жеңгең – қазақшаға шорқақ. Ұл-қызымызды, немерелерімізді түгелдей орысша, ағылшынша ауыздандырып алдық... Осы күні жұрттың көзінен жас шықпайтын боп барады ғой..» [4,179] дейді Айбар Асқаров Тасеменге. Қараңызшы, төрт ақ жолмен автор бүгінгі қоғамдағы қазақ тағдырын, ұрпақ тағдырын, қастерлі дәстүрдің тағдырын, тіл тағдырын, адамдардың өлмеші болып, адамдықтан алшақтаған жиіркенішті пиғылын суреттеп береді. Көздерінен жас шықпайтын қатігез ұрпақ, жүрегі тастан да қатты опасыз перзент ертең үшін емес, бүгін үшін де қорқынышты емес пе? Тіпті ол қазақ қоғамына ғана емес, бүкіл әлем адамзатының құндылығына жат нәрселер ғой. Міне, оқушылрарға шығарманы осындай қызық тұстан ұстап тұрып, осы мәселелердің астарын аша кету керек. Мына әлемді құтқаратын жалғыз нәрсе болса, оның мейірім, махаббат екенін оқушыларға айту – олардың жүрегіне ізгілік дәнін сепкенмен бірдей! Өлімді жерде жылайтын ұрпағы болмай, жоқтайтын туыс-туғаны болмай, оған адам жалдап әкеліп жоқтату, өтірік мақтату дегеніміз - қандай асқынған ауыр да қасіретті дерт. Өлі әруақ та, тірі пенде де разы болмайтын жат қылық қой... Бұл жерде оқушылар назарында «Айбардың туыстары қайда?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мына әлемде екі түрлі адамдар жалғыз қалады. Бірі – мыңмен жалғыз алысқан ғұлама ғалым, ақын-жазушылар да, екіншісі – ақшаның буына алқымынан асылып, мәртебенің құр мадағына малдасын құрып алғандар. Айбар осының екінші түріне жатады. Билік пен ақшаның түбінен кетіп, ауылдан, туыстан ажыраған тағдырдың соңы не боларын автор осы жерде ащы шындықпен оқырманға жеткізгісі келеді. Тасемен қасына өзінің үш серігін алады. Біріншісі – орталық мешітте біраз жыл кассир болып істеп, ақша жеп, онысы бойына жұқпай түрмеге екі жыл отырып шыққан Қайсар. Ол «Мен түрмеде де мешіт ұстағам» деген желеумен Тасеменнің қасына молда болып қосылады. Қараңызшы, мешіттен ақша жеу, түрмеден шығып «Аңқау елге арамза молда бола салу», өтірік жаназа шығару, дүмшелері мен өтірік ділмарситын діндарлары көбейген мына қоғамның ашық көрінісі емес пе?!
«Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,
Көрмейтін көзді көр ғып артты-алды.
Үйретіп дін деп құлдық, қорқақтықты,
Қандай құл бізге молда бола қалды?!
Ойламай, қорқақ құлдың тіліне еріп,
Жай жатып, тәуекелге тізгін беріп,
Мінеки, айырылдық қой, бақтан, тақтан!
Қайтейін, әсіресе, есіл ерік!» [5,70] деп шерленеді Мағжан шайыр бір ғасыр бұрын. Ал, бүгін, немесе Мағжаннан бір ғасыр кейін: «Орталық мешіттен молда табар-ау, бірақ ол түпкілікті болып жарыта ма? Жұрттың штаттағы молдасын қашаған жылқыдай қашанғы тізгіндеп отырасың? Одан да өзіңнің басыбайлы молдаң болғанға не жетсін?» деп мысқылдайды Рахымжан Отарбаев. Сәйкестік болғанда да, адамның жүрегін жылататын, ғұлама Абайша айтқанда «баяғы жартас бір жартас» деп аталатын сәйкестік! Тасеменнің қасындағы екінші, үшінші серіктері – «талабы байдан қайтпаған, тақымы асаудың өзіндей Бағила» мен «Ұзын сирақ, тырна мойын, тандыр бет, тыраштау Айым» еді. Екеуінің сиқын автор айнытпай суреттеген. Екеуі де өлген адамды жоқтаушы болып өтірік еңіреп, жалған жоқтаушы болып Тасеменге ілеседі. Дәстүрдің өлгені бір қасірет болса, оны жалғандықпен боямалап, ойынға, ойыншыққа айналдыру - екі қасірет емес пе! Тіпті оқып отырып ойлау емес, біреу айтса нанбас, ақылға симайтын оқиға. Автордың тілінің өткірлігі, ойының ұшқырлығы, қандауырдай қызыл тілді ештемеден аямауы қоғамның осындай бассыздыққа бас қойғанын ашып көрсетіп тұр. Шығарманың шындығын ащы бастаған автор енді оқырманды үркітіп, шошытып алмас үшін тілін дереу жеңіл ирония мен мысқылды юморға қарай бұрады. Яғни, бағанадан ашындырып, жылатып отырып жеткізген шындығын, енді күлдіріп, сайқымазақ ете отырып жеткізу түріне көшеді. «Тоқсанбай жарықтық, аяқасты алжып, көктемде үй іргесінде тұрған қораға барып, қозы-лақтармен сүзісіп ойнайтынды шығарыпты. Бала-шағасы көзтаса етпей қашанғы бақсын? Бірінде... қозы деп сүзіскені қошқар боп шығып... Тап сол жерде жантәсілім етіпті» деп оқырманды бір күлдіріп алады. Осындай жеңіл де қазақы әзілдерді сығып беріп, оқырманды алға жетелеп отырады да, тағы өзінің шындығын оқырманға өткізе береді. Тасемен бастаған «төрттік топтың» жұмыстары жаман болмайды. Күндіз өлімді жерден босамай, түнде тойлы ауылдың көркін қыздырып, жемсаулары ақшаға толмай, ындындары одан ары ашылып, дүниеге ашкөздене түседі. Бірде Тасемен Қайсар «молданың» айыбын айта отырып былай дейді: «... Кісі өлімді жерде қолын табаққа сыпайы жүгіртіп, шекіп жеп, көбіне уағыз айтып, бұ дүниенің иттігін, жо-жоқ, баянсыздығын байыптап мүлгіп бақпас па? Сен болсаң, басты кеңсірігіне дейін қопарып, жамбасты жалаңаштап жалаңдайсың да қаласың» [4,188] дейді. Тағы да ындын, ындын болғанда бүгінгі қоғамдағы дүмше молдалардың ындыны. Алланың ризалығы деп аузы айтқанымен, арғы жағы дүние деп айқайлап тұрған бүгінгі дүмше молдалардың жемсауы. «Кісі өлімді жерде қолын табаққа сыпайы жүгіртіп, шекіп жеп...» деген жерінде бүгінгі таңда ұмыт болып бара жатқан қазақ салты бар. Қазақ өлім ғана емес, «тойға барсаң, тойып бар» деп те айтқан. Себебі, көптің алдында түк көрмегендей жапырып жеп-ішу, дастарханға бейберекет қол салу әдепсіздік болып саналады. Дәл осы жерін оқушылардың санасына сіңіріп, дәптерлеріне көшіртіп жазғызып қою керек. «Бизнестері» оңынан жүріп тұрған Тасеменнің «тұтас спектаклі» бір күні жермен-жексен болады. Түнімен той қуалап ұйқы көрмей есі кетіп тұрған Бағила кісіні жоқтар тұста, "қуаныш құтты болсын" деп Шәмшінің махаббат әнін айтып спектакльдің сценарийін бұзады. Оны баса қоям деп жұртты жаназаға ұйытпақ болған Қайсардың дүмшелігін қаладан оқу көрген молда жұртқа әшкере етіп, ауыл жігіттерінің соққысына жығылады. Тасемен де иттің итаяғын басына қаптап қашып, үлкен ұятқа қалады. «Сен сияқты сақаудың шығарған жаназасымен жұрт жұмаққа кіріп жарытпас» [4,190] деп Қайсар «молданың» жалған сақалын жұлып қолына беріп, нағыз спектакль осы жерден басталады. Ащы, қандауырдай қадалар юморлы тіл, қызыққа толы интрига, оқырмандарды қалай әңгіменің соңына жеткізгенін білдірмей кетеді. Ең соңында: «Азалы жерде айқасу салтымызға жат! Тоқтат! Өңшең имансыз!» [4,190] деген ақсақалдың айбынды дауысымен барлығы су сепкендей басылады. Міне, «Соңғы спектакль осылай жабылды. Шымылдық түсірілсін!» [4,190] деп шығарма аяқталады. Ең соңындағы қарияның сөзіне тоқтау да қазақтың ескілікті «сөзге тоқтау» деген салтын еске түсіреді. Шығарма оқылып біткесін, әрине, оқушыға ең бірінші талап етілетін дүние ол – шығарманың концепциясын табу. Шығарманың айтар ойын оқушыға ұғындыру, әрі оқушыны жетелей отырып ұғындыру, ол – оқытушының міндеті. Шығарманың концепциясын айтпасақ та түсінікті болып тұрғандай. Бұл заман – үлкен спектакльге айналып бара жатыр дейді автор. Ал, адамдар сол қойылымның актерлеріне, құлдығына кетіп барады дейді. Бұлай кете берсек, бұлай жалғаса берсе, бір күні ұлттың да масқарасы шығып, қойылымы бітіп, шымылдығы жабылып кетуі мүмкін екенін ескертеді. Автор қорқынышы оқырман қорқынышына айналып, сөз діттеген жеріне жетсе, онда бұл шығарманың оқырман қауымға, оқушыларға дұрыс жеткені. Рахымжан Отарбаев шығармаларының тілінің ащылығы да, тәттілігі де - өз ұлтына деген махаббатың шексіздігі мен өз еліне деген сүйіспеншілігінің тереңдігінде. Бір қарағанда оның жазу тәсілі қазақта жерден алып, жерге салып жамандап жатқан сияқты көрінеді. Бірақ, тілінің астарына бір сәт үңілсеңіз Рахымжандай қазақты сүйген, Рахымжандай қазаққа жаны ашыған жазушы кемде-кем екеніне көзіңіз жетеді. Себебі, «дос жылатып айтады» дегендей, бір ұлттың кемісі мен қатесін сол ұлттың болашағына жаны ашыған адам ғана көріп, сол адам ғана бетіне басып айта алады. Міне, осы тұрғыдан Рахымжанның қазақ халқына деген махаббатына еш шек келтіре алмаймыз. Бұны да оқушылардың назарына іле кетсек, оқушыларды шынайы отансүйгіштікке, жасандылықсыз патриотизмге бір табан жақындатсақ, онда біздің де, шығарманың да, автордың да жеңісі сол болмақ. Сабақ соңында оқушыларға шығармадан алған әсерлерін, түсінбеген тұстарын жазып келуді, және оңаты келгенде театр қойылымдарына баруды тапсыруға болады. Бұл тапсырмалар осы оқыған шығарманың тағы да ішкі құпиялары болса, соны өмірден көріп-біліп, түсініп алуларына өз көмегін тигізеді.
Сөзіміздің соңын профессор Қанипа Бітібаеваның мына бір сөзімен түйіндесек: «Мұғалімдер қауымының көтеріп жүрген, болашақта көтеретін жүгі аса ауқымды. Қай кезең, қай заманда болмасын, оның шамшырағы, жарық жұлдызы ұстаздар болды, солай бола бермек. Өркениетті елдер қатарына жету экономикалық байлықтан ғана емес, ең алдымен, білімге тікелей байланысты. Себебі экономикалық өрлеуінің өзі тікелей ғылым-білімге тәуелді екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймыз» [6,97] деп ой толғапты «Қазіргі сабақ және технология талаптары» атты зерттеу еңбегінде. Айтса айтқандай-ақ, ұстаздар - әр дәуірдің шымшырағы, жарық алып жол нұсқар жолбастаушылары. Сондықтан, бұл міндеттің аса ауыр міндет екенін сезіне білудің өзі арқаға жеңіл жүк жүктемейді. Одан бөлек қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болу дегеніміз - бір ұлттың тағдырын мойынға көтергенмен бірдей нәрсе. Себебі, қазақ әдебиетінде – қазақтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті, барлық ұлттық құндылықтары бар. Ал, бұлар бар жерде - бір этнос, бір ұлт бар. Егер біз осы айтып отырған рухани қазыналарымыздан айырылсақ, Рахымжан Отарбаев айтқандай қойылымымыз бітіп, тарих сахнасынан мәңгіге пердеміз жабылып кетуі мүмкін. Сол үшін де әр оқыған шығарма болсын, жазған дүниеміз болсын, сол нәрсенің ұрпаққа пайдалы жағын көбірек ойласақ, болашақ ұрпаққа әдебиетімізді, төл мәдениетімізді көбірек дәріптесек, міне, осының өзі тым қарапайым істер сияқты көрінгенімен, аса маңызы зор мәселелер болмақ. Ұлт тағдыры – ұрпақтың қолында, ал, ұрпақтың тағдыры – біздің қолымызда, аяулы ұстаздар! Тарих сахнасындағы қазақ деген қойылым мәңгіге жалғаса берсін, шымылдық ешқашан да жабылмасын!
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕP ТІЗІМІ:
1. Балтабаева Г.С. "Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі" – Алматы: «Дәстүр», 2016. – 288 бет.
2. Балақаев М. "Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту" – Алматы: «Мектеп», 1989. – 96 бет.
3. Ақтанова А.С. т.б. Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: «Атамұра», 2018. – 192 бет.
4. Отарбаев Р. "Біздің ауылдың амазонкалары" – Астана: «Фолиант», 2012. – 124 бет.
5. Жұмабаев Мағжан. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: «Жазушы», 2013. – 376 бет.
6. Бітібаева Қ.О. "Қазіргі кезең әдебиетін тереңдетіп оқыту" – Семей: «Үш биік», 2007. – 144 бет.