— Қызым, сенің көзің неге суық, — деді әкесі қызының бетінен сипап.
— Білмеймін. Бірақ жүрегім жылы, — деп дірілдей тіл қатты он жасар қаршадай қыз. Дегенмен сөзінен салқын леп сезіліп тұрды.
— Мені кешір. Менің саған айтарым көп, тек сен уақыт бөле алсаң ғой. Сәл де болсын сөзімді тыңдап, зейін қойсаң риза болар едім. Әттең, әттең, бәрі де кеш, тым кеш.
— Олай демеңіз. Мен де уақыт көп, тіпті шексіз. Мен сізді әр қашан тыңдай беремін, әке. Күнде де, түнде де, таңда да, кеште де. Сіз айтудан жалықпаңыз. Мен тыңдаудан жалықпайын.
— Айналайын, қызым, — кемсеңдей сөйлеп, — сен - сондай ақ көңіл жансың. Жүрегің кең. Мейірімділіктің жердегі символы, періште белгісі - сенсің. Мен сені ұмытпаймын… жақсы көремін!
— Әке, сонша таусылғаның не? Мен сізді тыңдаймын. Сіздің сөзіңізді тыңдаймын, әке...
— Әлі есімде сенің кішкене кезің. Тәй-тәй басып жүргенің, былдырлап алғаш тіліңнің шыққаны. Менің жұмыс бөлмеме кіріп заттарымды ақтаратының бәрі-бәрі санамда тұр. Алтынға айырбастауға келмейтін естеліктер. Сен менің көктемде өскен бәйшешегім едің. Есің де болар. Сені «бәйшешек» деп еркелететін едім. Сол сөзіме, солай сені атағаныма өкінемін. Өзімді кешірмеймін, — ол қос қолымен бетін басып отыра кетті. Көзінен еріксіз төгілген өкініш пен қимастықтың жасы еденге тамып жатыр.
— Әке, — деді саңқ еткен қыз үні, — олай кешірім сұрамаңыз. Мен - сіздің қызыңызбын. Менің әкемнің еңсесі биік болуы тиіс. Жұмыр жүрегімді олай ауыртпашы, әке.
— Кешірші, қызым. Саған ауырлық салғым келмеді. Кешір, кешір… Көзімнің ағы менен қарасы, қартайғанда көрген жалғыз қуанышым едің. Анаң екеуміз әр ісіңе сәттілік тілеп, Жаратқанның жар болуын тілеуші едік. Сен үшін барымызды бердік. Сенің бақытты болғаныңды, тезірек есейіп өскеніңді қаладық. Білімді азаматша болып, еліңе қызмет етуіңді ойлайтынбыз. Сенің мектеп бітіріп, үмітіміздің ақтағаныңды қалайтынбыз...
— Әке, қарашы мен ұша аламын. Өте биікке ұшамын. Қарашы, әке, — деп қыз әкесінің жанына келді. Бірде оң, енді бірде сол жағында періштедей қалықтап жүр. Кішкене саусақтарымен әкесінің бетіндегі жасты сүртіп әлек.
— Имам келді, — деген сөзден селк етіп оянды алпыстар шамасындағы ер адам. Көзін ашып қараса, дәл алдында ақ мата астында кішкене ғана дене жатыр. Ол қызы болатын. Мына жарық жалғанмен не бәрі он жасында хош айтысқан бейкүнә «бәйшешегі» еді. Қаскөйдің қолынан қапияда мерт болған періштесі… Кіршіксіз таза періштені қорлап, өлімге қиған қандай әзәзілдің азғыруы болды екен? Мұның жауабын ешкім де дөп басып айта алмас...
P. S: Балауса балғын шағымен ерте қоштасқан «бәйшешек» қызға арнадым. Жаратқан ие рухын шат етсін!




