Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Мәрлен ҒИЛЫМХАН: «ДАЛА ГҮЛІ» (поэма)

Ойымда – 
«Әлия» әні. 
Ойымда – 
Қобда мен Нева. 
Ойымда – 
майдан, дала.  

           1

Бұлыңғыр бейнелер

Санадағы бейнелер – 
сыбырлайды,
Тыныштығын пенденің мың ұрлайды. 
Санадағы бейнелер – 
сенделеді, 
Тілдеседі бір жұмбақ ғұмыр жайлы. 

Ой кінәлі секілді барлығына,
Шомылады сұлбалар жан нұрына.
Оңашада ашылып сыр айтпайды,
Таңырқайды солардың паңдығына.

Секундтардан табылды, 
сағаттардан, 
Шықпай қойды басынан таң атқаннан. 
Сұлбалардан санада салғыласқан,
Құтқаруын сұрайды Жаратқаннан. 

Көңілсіздік күндерін билегенде,
Ешбір қызық қалмаса кейде жерде,
Асығады ол жалғыз қалуға да, 
Қол созады бұлыңғыр бейнелерге. 

Көз алдында – 
жайқалған дала гүлі, 
Көз алдында – 
анасы, 
балалығы. 
Мидан өшпей ауылдың көшелері,
Тұнжырата береді жаралыны. 

Қиын шығар жол табу жалғанда оңай,
Адастырар адамды арман қалай?!
Ой көгіне қаптатып қара бұлтты,
Талай нөсер жауғызған таңдаулар-ай. 
 
Сірә, таңдау дегенің – 
әрбір қадам,
Сәт бар ма өзі пендені таң қылмаған?!
Бір шешімге бекінген жүрек мықты,
Таңдамайды, 
алайда, 
тағдырды адам.  
    
Таңдамайды аяулы анасын да,
Әкесін де, 
туған жер, 
даласын да. 
Орын алған жағдайлар еркінен тыс – 
Жүрегінде,
ойында,
санасында. 

Мазалаған түн бойы сағыныш бар, 
Өткенді еске алуға жаны құштар.
Жан ішінде – 
жылаған ет жақыны, 
Жан ішінде – 
күйзеліс, 
жарылыстар. 

Мағынасыз сапарлар жалықтырған, 
Жалықтырған жарықтар жанып тұрған. 
Жалғыз жанын емдейтін дала гүлі,
Дала гүлі сағынтқан, 
зарықтырған. 

Балалық па, 
тым қысқа бұл балалық, 
Үлгермеген секілді тұлғаланып.
Әлденеге сәт сайын алаңдайды,
Керуен-уақыт өзендей зырлады ағып. 

Ажал оғын ұшақтар жамыратқан,
Зәулім-зәулім сарайды қаңыратқан.
...Күбір-күбір сөйлейді қаршадай қыз,
Көз алмайды қираған шаңырақтан:

«Қыр гүліндей құлпырған кеше бәрі, 
Қорқып қалды қаланың неше адамы?! 
Кінәсі жоқ кісілер бұл жалғанда, 
Қасіретті қашанғы кеше алады?! 

Бұлбұл-бақыт бүгінде бастан ұшқан,
Қолға суық қаруын қас та қысқан. 
Немістерге неліктен ғашығына
Үшбу хатын ұсынған жас та дұшпан?! 

Немістерге неліктен қария жау,
Не депті оған жазықсыз жанұялар?
Талқандалған мектептер – 
құт-қазына, 
Балдаңдаған балалар... 
сәби олар!

Мына мендей бар ма еді қызда кінә,
Жүрек ине сұққандай сыздады ма?! 
Ауыр ойлар арқалап арулар жүр,
Дақ түсіріп алмайық ізгі арына. 

Бүкшеңдеген айыбы бар ма ананың,
Қабағына қараған әр баланың. 
Әкелердің білемін қан майданда, 
Саусағымен қар-мұзды қарманарын.

Әкелердің білемін кектенерін,
«Оларда да не кінә?!» деп келемін. 
Жалғыз ұлын кемпір-шал күтіп отыр, 
Күні кеше үйіне беттеп едім. 

Ұшақ көктен қашанғы атқылайды, 
Өртенгені шаһардың жатқа ұнайды. 
Анығында ешкімнің кінәсі жоқ,
Отан ортақ болғасын, 
шапқылайды.»
     

2.    Қираған қаладағы өлі бала 

Бұршақ сынды аспаннан оқ бораған,
Кеуделерде көңілді тоқтаған ән. 
Сәті аз шығар қалада... 
оңашада,
Әкесі мен анасын жоқтамаған. 

Осы маңнан, 
әйтеуір, 
дос табылар, 
Мүмкін, 
оның мақсаты, 
жоспары бар. 
Қала жаққа... 
ұшақтар бара жатыр, 
Қала жаққа... 
адамдар босқа ағылар. 

Қай уақытта жетті екен бұл маңайға,
Оңашада жүрегін тыңдамай ма?! 
Атыс-шабыс,
айқай-шу,
тарсыл-гүрсіл, 
Түн ұйқысын пенденің ұрламай ма?!

Жабырқаулы күн кешті жат қалада, 
Жазғыра ма өз-өзін... 
ақтала ма?! 
Сырласады сұрықсыз көшелермен,
Белгісіздеу...
әлдекім тап бола ма?!  

Бұтақтары теректің шашылғанда, 
Ғимараттың әйнегін тас ұрғанда, 
Қабырғаға салынған суреттерді,
Бірте-бірте топырақ жасырғанда, 

Күйінеді Әлия... 
ашынады, 
Тұрған сынды тия алмай жасын әлі:
«Қай уақытта қан майдан аяқталар,
Дабыр-дұбыр қай күні басылады?!

Қай уақытта жапырақ жайқалады,
Маған соны кім анық айта алады?!
Қай уақытта сұм соғыс солдаттарды, 
Елге...
туған жеріне қайтарады?!

Жоқ!
Жетеді! 
Осы да жеткілікті, 
Жігіттерді жалмадың епті, 
мықты. 
Бұзылмайтын қамал ма, 
бекініс пе,
Өздерінше қарсылас шеп құрыпты.»  

Ғимараттың барлығы қирағандай,
Әлия тұр бұған да илана алмай. 
Бір балақай жанына келген шақта, 
Көк жүзінде көк түтін бұйраланды-ай.

– Балақай-ау, 
бұл жерде қайдан жүрсің? 

– Кімді менің жағдайым ойландырсын? 

– Тасты көрдің ерсілі-қарсылы ұшқан, 
Бұны не деп, 
балақай, 
ойлап жүрсің?! 

– Қорқып барам... 
апатай... 
қорқып барам,
Анам да жоқ жұбатқан... 
қолтықтаған. 

– Жә, жылыма, 
балақай, 
қасыңдамын, 
Сен жыласаң... 
құлазып... 
толқып қалам. 

Екі мұңлық аз уақыт тілдесті ме, 
Екеуі де бұйығы күн кешті ме?!
Түсті бомба...
көшеде қос қарайған,
Кемесіне келместің мінгесті ме?! 

Өртенеді аулалар... 
жанады бақ,
Жанып жатқан сияқты дала, 
қырат. 
Жоқ, 
өлмеген! 
Әлия тұрды орнынан,
Қозғалмады қорғансыз бала, бірақ. 

Шер-налаға сол сәтте батты 
Әлия,
Ұмытпады осы бір шақты 
Әлия.
Өлі бала бейнесі – 
көз алдында,
Ыза кернеп кеудесін жатты 
Әлия:

«Түсінуге болады мұны қалай, 
Өз-өзіммен сөйлесіп,
құбылам-ай.
Бұл қайғыны ел қалай көтереді,
Өтеледі баланың құны қалай?! 
 
Ояна ғой...
ояншы... 
тұршы, 
бала,
Тірілтуге жан сені құлшына ма?!
Жоқ! Жетеді! 
Майданға аттанамын, 
Сенің кегің ішімде тұншыға ма?! 

Кім келсе де қырамын... 
жаралаймын, 
Мен қашанғы қаланы аралаймын?
Тарсылдаған бомбаның кесірінен,
Балалардың өлгенін қаламаймын!

Оян, 
бала! 
Көзіңді ашшы, 
бала, 
Осындайда жанардан жас шыға ма?!

Оян, 
бала! 
Көзіңді ашшы, 
бала, 
Тарсылдаған кеудемде тасты қара...» 


  3.          Шешім

Бүгін орманға барып гүл тердім. Орман тура тиіп-ақ тұр, айнала көк орай көк шалғын, әдемі гүлдер көп-ақ! Қызығын бір өзім ғана көрмейін деп саған қалампыр гүлін, ботагөз бен бүлдірген гүлін жіберіп отырмын. 
Лия.
(Әлияның Сапураға жазған хаттарынан...)

Көз алдында үйлерді талқандаған,
Ойдан бала кетпейді жаутаңдаған. 
Он жетіде біреулер сауық құрған,
Он жетіде біреулер жар таңдаған.

Он жетіде біреулер баспана алған,
Он жетіде өз-өзін басқара алған.
...Сәби көрсе,
жазықсыз жапа шеккен, 
Қалай ғана шайқастан жасқанар жан?!  

Өлі бала Лияның құшағында, 
Қос жанары – 
фашистің ұшағында.
Кенет түйіп алды да жұдырығын, 
Берілмеуге бекінді құса-мұңға: 

«Мүмкін, 
мені жұбатар қыр әндері,
Ойға оралта береді гүл әрнені.
Әлімсақта от кешкен баһадүрдей,
Қас дұшпанды қынадай қырар ма еді?!

Бақи жаққа бұл бала ерте кетті, 
Бар болғаны қиялын желкен етті. 
Жылы сөзбен кім оны нұрландырып,
Жылы жүзбен кім оны еркелетті?!

Алда еді ғой өмірдің бар қызығы, 
Жай әлсіреп барады тән қызуы. 
Бір әулеттің бұл, бәлкім, зор сенімі,
Бір әкенің бұл, бәлкім, жалғыз ұлы?!

Мейлі, 
тікен қадалсын табаныма,
Аттанамын мен соғыс алаңына. 
Сонда ғана өкініш сап тыйылып,
Көрде тыныш жатады бала мына...»

Бала-бейне...
белгісіз... 
жылаған ба, 
Жылаған ба...
әлдене сұраған ба?! 
Содан бері бірге екен Лия екеуі,
Лия екеуі айналды бір адамға.

Дәл осылай көз жұмды қанша бала, 
Самсағандай сауалдар әр санада.
Бақытты жан осылай толғанар ма,
Бақытты жан ағысқа қарсы аға ма?! 


            4.         Қоштасу 

Вокзал маңы. 
Қасында жақындары, 
Қимылдайтын секілді батыл бәрі. 
Жанарына Лияның жас кептелді, 
Тыңдап тұрған уақытта Сапураны: 

«Кеттік, 
Лия! 
Кетейік мына жерден, 
Түпсіз уайым жанымды жыра берген. 
Тым көбейіп барады жеткіншектер,
Байқаусызда оқ тиіп... 
жылап өлген.

Кеттік, 
Лия! 
Анық қой бақ табарың,
Алдан ненің күтері Хаққа мәлім. 
Шимайлауға ешқашан асықпайық,
Мына қатал ғұмырдың ақ парағын.

Ере бермей тылсым сөз, 
тылсым үнге,
Кеттік, 
Лия! 
Бізбенен жүрші бірге.
Жеңгеміз де өзіңе жалынуда,
Ал, көкеміз шалғайда күрсінуде.»

Жанарынан Лияның жас парлады,
Басқа мақсат-мұраты, 
басқа арманы.
Ақ тұмадай таудағы ақтарылып,
Ойын ашық айтуға жасқанбады:

«Жоқ, 
Сапура! 
Бармаймын!
Бармаймын мен, 
Арпалысам осында бар қайғыммен.
Қиян-кескі шайқасқа жетпесем де,
Жараланып үлгерген жандаймын мен.  

Әпкең қазір дүрліккен елді ойлауда, 
Асығуда бекініп, 
бел байлауға. 
Сендер жүре беріңдер... 
жақындарым, 
Мен майданға барамын... 
мен майданға!» 

Міне берді пойызға мұңданғандар, 
Әлдеқашан бақыты ұрланғандар. 
Вокзал маңы... 
беймәлім... 
не сезді екен,
Ең соңғы рет тілдесіп тұрған жандар?! 

Пойыз көкке түтінін будақтатты, 
Жүрегі де тұрғандай тулап қатты. 
Тұнжыраған Лияның көз алдында, 
Бұлдыраған бейнелер шулап бақты. 


               5.    Майдан даласында 

Тыным таппай Әлия шыңдалады, 
Алаңына ұрыстың мың қарады. 
Көз алдында дұшпандар сол алаңда, 
Қинап жатқан секілді бір баланы.  

Қоңыр ағаш түбінде ойланды аға,
Оқ атты деп немістер қайдан жаңа.
...Өлі бала бейнесі Әлиямен 
Бірге келген екен ғой майданға да:

«Атшы бәрін... 
апатай... 
атшы бәрін, 
Сосын ұлы жеңістің жақ шырағын.
Ана неміс те өлер деп топшыладым, 
Мына неміс те өлер деп топшыладым. 

Қалың талдың түбіне жат, 
апатай...
Қақ маңдайдан дұшпанды ат, 
апатай!
Мен мұндамын... 
қалада қалған тәнім,
Балалықтың қайда екен шапағаты-ай?!» 

Шүріппені мерген қыз басқылады, 
Қара жерге қарсылас рас... құлады. 
Көрінбеді... 
мойынын қозғамады, 
Төмпешікке тығылған қашқын әлі. 

Әрлі-берлі әскерлер шапқылаған, 
Дүр сілкініп сәт сайын жатты дала. 
Арасында қозғалса шөптің басы,  
Қайта-қайта Әлия атқылаған. 

Өлі бала бейнесі өршеленді, 
Қатуланды дұшпанды көрсе болды. 
Жаралады заулаған оққа айналып,  
Жерден басын көтерген еңселі ерді. 

Жазым қылған сол бала жаудың көбін, 
Сезген шығар дұшпанның әрбір демін.
Қалғандары ұқты ма, 
ұқпады ма,
Сұм соғыста бейкүнә жан жүргенін. 

Сарбаздарды сол бала жаралады, 
Қанша жауызды өлтірді... 
санамады. 
Әлияға 
«Ат!» дейді ауық-ауық,
Ал мергеннің лаулайды жан алауы. 

Жауға қарай Әлия беттеді шын, 
Боратады бұзылған мектебі үшін. 
Естеліктің барлығын өзі жайлы,
Өртеп-өртеп көшеде кеткені үшін,

Атты Лия...
жау шебі талқандалды, 
Алға шықты батырлар бар таңдаулы. 
Атылған оқ Лияның қаруынан, 
Кіл бейкүнә сәбиге қалқан болды! 

Анда-санда сағыныш мазалайды,
Көңіл кірін қалайша тазалайды?!
Қара түнде хат жазып Сапураға, 
Қарсыласын қайтадан жазалайды.

Қозғалғанның бәріне қарағыштап, 
Тағы алыстап кетті ме... тағы алыстап...
Тар окопта тыңдайды жан дауысын,
Қалтыраған қолына қалам ұстап. 

«Майдандамын, 
Сапура, 
майдандамын, 
Ақ параққа жазайын қайдан бәрін. 
Көз алдымнан кетпейді нұрлы жүзің,
Оңашада мұңайып,
ойланғаның... 

Өкінбеймін, 
алайда, 
ештеңеге,
Сапуражан, 
хаттарым кеш келе ме?!
Біраз нәрсе жазуға болар еді,
Бірақ соны дұшпандар ескере ме? 

Өлтіруге жау көрсем, 
асығамын, 
Оны қалай мен сенен жасырамын?
Мен бүгінде ешкімді аямаймын, 
Немістерден айламды асырамын.

Көрмей-ақ қой қиялға батқанымды, 
Көрмей-ақ қой шұңқырда жатқанымды.
Жүрегімде бір мұң бар... 
сағындым-ау, 
Өздеріңмен өткізген шақтарымды. 

Көзімді ілмей атырдым таңды мына, 
Еш алаңсыз бөбектер қалғыды ма?!
Жақындарым аман ба... 
қайдасыңдар,
Сапуражан, 
сәлем айт барлығына!» 

   6.    Соғыстағы соңғы сағат 

...Шабуыл кезінде... қазақ халқының қызы, мерген Молдағұлова Лия өзінің ана тілінде: «Бауырлар, Отан үшін алға!» деп айқайлап, бірінші болып алға ұмтылды. Дұшпан тықсырылды. Теміржол біздің қолға көшті. 
Осы ұрыста Молдағұлова ерлікпен қаза тапты..
(54-атқыштар бригадасының мәліметінен...)

Бірте-бірте үрейден арылғандай,
Граната тағы да жарылғандай.
Жаратылған жан еді сүю үшін, 
Сұм соғыста тынысы тарылғандай.

Көз алдында – 
жайқалған дала гүлі, 
Көз алдында – 
анасы, 
балалығы. 
Өлі бала бейнесі естен кетпей,
Қайта-қайта қинайды жаралыны.

Көз алдында – 
анасы, 
балалығы,
Ауық-ауық аңсатар саналыны. 
Дала гүлі дегенім – мерген Лия,
Мерген Лия дегенім – дала гүлі!

Бір кездері қарауыл атты анасын,
Ажыратар кім мұның ақ-қарасын?!
Шапты Әлия... 
тағы да атты Әлия,
Жұрттың жаны тыныштық таппағасын. 

«Атам, 
бала! 
Дұшпанды атам, 
бала,
Қаруластың бәрі бір қатарда ма?!
Сенің кегіңді алуды ойлаймын мен,
Жарым түнде ұйқыға батарда да. 

Қырам, 
бала!
Барлығын қырам енді,
Көз алдымда кескінің тұра берді. 
Алға қарай шабамын Отан үшін, 
Қорғау керек қалайда мына жерді.»

...Әлияға кенеттен оқ қадалды,
Бүкіл арман-қиялы отқа оранды. 
Қара жерге қисайып бара жатып,
Жырақтағы жақынын жоқтап алды. 

Іштей қатты налыған Әбубәкір,
Қос жанары жәудіреп жанында тұр.
Сынақты еске алады, 
Бұлақты еске,
Естеліктер бытырлап жанып жатыр. 

Өткен шақты ұмыту қиын ба еді,  
Көз алдында – 
дәптері, 
киімдері.
Сыйып кеткен секілді секундтарға,
Сұрқай күндер балалар үйіндегі. 

Естеліктер бермейді жанға тыным.
Ойлап жатыр бауырын, бар жақынын. 
Ленинград шамдары – 
көз алдында,  
Көз алдында – 
көшесі Алматының.  

Кішкентайдан батыр қыз өжет еді,
Бір мейірім, 
бір жылу қажет еді.
Бұл өмірде әкең мен анаңды ойлап,
Қайғы-мұңсыз жүргенге не жетеді?! 

Әкесіне көп айып тағылғандай, 
Сағынғандай...
бір-бірін сағынғандай... 
Өз-өзімен Әлия күбірлейді,  
Сапурасы қасынан табылғандай: 

«Неге осылай өрілді өмір жолы, 
Талай жардан құлатты көңіл мені.
Неге сұлық жатырмын? 
Жаудың маған,
Жеңгені де белгісіз... 
жеңілгені.

Не себепті көкте бұлт бұлдырайды, 
Кіл сұрықсыз сұлбалар жылжымайды. 
Ең аяулы сәттерді осылайша, 
Ойлап жату... 
шынымен... 
кімге ұнайды?! 

Қинағандай тағдырым талай сынап, 
Күн кешкенмін бәріне қалай шыдап?
Қара бұлты қайда екен мына аспанның,
Анау тұста – 
нұр... 
сәуле... 
арай... 
шуақ...

Осыменен барлығы тәмам ба екен, 
Енді жаным тыныштық табар ма екен?!
Анау тұста әлдене ағарады,
Құшағына шақырған анам ба екен?!»

Санадағы бейнелер – 
сыбырлайды,
Тыныштығын пенденің мың ұрлайды. 
Санадағы бейнелер – 
сенделеді, 
Тілдеседі бір жұмбақ ғұмыр жайлы.


      7.        Жауапсыз сұрақтар 

Әлияжан, 
сүйеді далаң сені,
Баһадүрге жұртшылық балар сені.  
Саған мылтық ұстатқан жетімдік қой,
Қан майданға жібермес анаң сені.  

Анаң сені жібермес қан майданға,
Шауып келер еді ғой шалғайдан да. 
Тағдыр жолы өрілді басқашалау, 
Белгісіздеу... 
жолыққан қандай жанға. 

Зар жылатқан заман-ай... 
атым – 
Құрбан,
Ақырды ұлдар...
ақыры атылды ұлдар. 
Он жетіге жетпеген жас қыздарды, 
Жауға қарсы шапқызып, 
батыр қылған.

Қол созатын жалғанда арманға қыз,
Не сезінді соғысқа барғанда қыз?! 
Не сезінді дұшпанды көздеп тұрып,
Бірінші рет атқылап қалғанда қыз?! 

Осындай да күн болған... 
арланбаңыз, 
Жау қыруға келді ме жалғанға қыз?! 
Әлде, 
өлуге келді ме жау қолынан,
Хат жазбаса, 
Сапура, 
таң қалмаңыз!

Қалай ғана қатыгез болмас жүрек,
Жармасты оған ыза,
ашу, 
жармасты кек. 
Қандай күйге түсті екен қаршадай қыз, 
Өлтіргенде адамды алғашқы рет?! 

Осыны ойлап мен бүгін жаралымын,
Майдандағы әрбір күн – қаралы күн...
Соғыс деген – 
қара күш қатуланып,
Әлияның өлтірген балалығын.

Ауыр сынға тап болды қайдан мына,
Ызалы қыз байыппен ойланды ма?! 
...Кегін өлі баланың қайтарам деп,
Өзі «өлі балаға» айналды ма?! 

Сергелдеңге батырып сананы кек,
Талай мәрте тартысып, 
таланып ек. 
Ата-баба ізімен жолға шыққан – 
Бала-сенім, 
бала-үміт,
бала-жүрек...

Ұрыстарда ауыртқан басты күмән,
Жүрегіне өкініш рас тығылар.
Балалығын Лияның аз десеңіз, 
Шайқасқанда жоғалтқан жастығы бар.

Түгендеуге асықты жат есебін,
Қай қалада,
қай тұста қатесі оның?!
Әлиямен қашанда бірге еді ғой,
Әке-жүрек,
әке-үміт, 
әке-сенім...

Сезім оты кеудесін өртегенде, 
Жадырар ма?
Күлер ме?
Еркелер ме?!
Жас бейнесі жоғалып мәңгілікке, 
Тас бейнесі тұрғандай өлкелерде?! 

Лия тірі қалғанда... 
кім біледі, 
Лия тірі қалғанда... 
күн күледі...
Балалардың барлығын жиып алып,
Жүгіреді...
ойнайды...
күлдіреді...

Бірақ, майдан тілгендей жас кеудені, 
Болмаған ба залымның басқа ермегі?! 
...Қалай ғана батыр боп шыға келді,
Бір шұңқырға тасталған әскерлері?! 

Мына жүрек несіне шерленді екен,
Еске түскен ержүрек ерлер ме екен?!
Батыр болған жандар көп өлгеннен соң,
Әлия қыз қай тұста жерленді екен?! 

Самғап ұшып қиялдың құстары жүр,
Жалмады оны қап-қара күш бәрібір. 
Соғыс деген – 
Әлия, 
өлі бала...              
Соғыс деген – 
қысқа өмір, 
қысқа ғұмыр...